Заманында Семей өңірі Патша үкіметінің колониялық өлкелерінің бірі болғаны баршаға аян. Бұл қалаға Ресейдің түкпір-түкпірінен «саяси қылмысы» үшін айыпталғандар жер аударылды. Олардың Семейге келуі бір жағынан жұғымды болды. Қуғындалған қайраткерлер қол қусырып қарап отырмай, аймақтағы мәдени һәм ғылыми орталықтардың, түрлі ұйымдар мен мекемелердің құрылуына атсалысты. Сондай мекемелердің бірі 1878 жылы іргесі қаланған Семей облыстық Статистикалық комитеті болатын. Статистикалық комитет не үшін құрылды? Ол қандай қызмет атқарды? Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы бұл комитетте не істеді?
Статистикалық комитет хатшысы В.Никитиннің құрастыруымен шыққан «Памятная книжка Семипалатинской области на 1897 год с картою области» деген жинақта осы ұйымның бүкіл мүшесінің тізімі жарияланған. Сондағы мәліметке сүйенсек, комитетті қалалық әскери губернатор (ол кезде Чернавин) басқарыпты. Хатшысы жоғарыдағы В.Никитиннің өзі, құрметті мүшелері қатарында В.Ильинский, П.Маковецскийдің аты көрсетілген. Ал комитеттің мүшелері С.Мирошниченко (1878 жылдың
18 желтоқсанында қабылданған), М.Суворцев, Е.Михаэлись (1883 жылдың 18 шілдесінде), А.Деров, Ибрагим (Абай) Құнанбаев (1886 жылдың 4 мамырында), Ф.Плещеев, А.Москвин, М.Степанов, С.Хабаров, С.Никитин, Н.Новопашин, П.Новопашин (1887 жылдың 7 қарашасында), А.Хахлов, В.Проскуряков, В.Маевский, А.Первушин (1887 жылдың 28 желтоқсаны), М.Федоров,
М.Казанцев, Г.Гизлер, Д.Хлопин (1889 жылдың 10 мамыры), В.Пудовиков (1890 жылдың 20 желтоқсаны), К.Миролюбов, К.Рябинин, П.Шмейссер (1895 жылдың 6 ақпаны) болған.
Зерттеушілер комитетті құрушылардың бірі орыс оқымыстысы Е.Михаэлис екенін жазады. Тіпті Абайды комитетке мүшелікке тартқан да осы Е.Михаэлис көрінеді. Бұл жайында Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының анықтамалығында былай делінген: «Евгений Михаэлис – облыстық Статистикалық комитетті құрушылардың бірі болды және оның хатшысы қызметін атқарды. ...Семейде 1869 жылдан бастап ұзақ уақыт тұрып, қызмет істеді. Оның Ертіс өңірі қазақтарының өмірі жайлы зерттеу еңбектерін жазатыны да, оның ұсынысымен Абайдың облыстық Статистикалық комитетке құрметті мүше болатыны да осы жылдар. Ал кейін комитеттің тапсыруымен Абай қазіргі «Қара сөздерінің» ішіндегі ең бір ерекшесі «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» зерттеу еңбегін жазады». Соған қарағанда, Абайдың «Қара сөздерін» жаза бастауы оның комитет мүшелігіне қабылданған шағымен тікелей байланысты секілді.
Абай Статистикалық комитетке қандай үлес қосты? Семей облысында және Семей қаласында санақ жүргізген адамның бірі Абай болатын. Бұл жайлы публист, профессор Кәкен Хамзин: «Абай мен Михаэлистің тізе қоса жұмыс атқарған жері – Семей облыстық Статистикалық комитеті. Облыстық әкімшілік шенеунігі әрі Статистикалық комитет мүшесі ретінде Е.Михаэлис бас болып 1876 жылы бүкіл Семей облысы бойынша мал мен жанның, алынған өнімнің санағы өткізіледі. 1882 жылы 15 наурызда Семей қаласының өзінде бір күндік санақ жүреді. Облыстық санақ жұмысына ел басында болған Ибрагим Құнанбаев, хорунжий Арын Қазанғапов, Ысқақ Құнанбаев, Чернояр поселкесінің атаманы Потанин мықты бейіл береді. Сол кезде Қоңыркөкше болысының қызметінде жүрген Абайдың кирилицамен өз қолы қойылған статистикалық құжат бар», – деп жазады.
Семейдегі Абай кітапханасының сирек жазбалар қорында 1915 жылы көпес Плещеевтің баспасынан шыққан «Сельско-хозяйственный обзор Семипалатинской области за 1914 год» деген кітапша бар. Осы жинақта Абайдың, оның ұлдары Ақылбай, Мағауия, Тұрағұлдың, інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының жеке шаруашылығына қатысты статистикалық мәліметтер келтірілген. Жинақта Абайдың 7 жеке шаруашылығы, 13 киіз үйі, 50 түйесі, 593 жылқысы, 51 ірі қара малы, 1417 қойы, 19 ешкісі бар деген мәлімет келтірілген. Ал Шәкәрімнің 2 шаруашылығы, 2 киіз үйі, 8 түйесі, 106 жылқысы, 6 ірі қара малы, 385 қойы, 33 ешкісі бар екені көрсетілген. Құжатта бұл деректердің 1900 жылғы есеп бойынша көрсетілгеніне түсініктеме берілген. Мұндағы статистикалық деректер айна-қатесіз ақиқат болмауы да мүмкін. Алайда, Құнанбай ұрпақтары дәулетті болғанын тағы жоққа шығара алмаймыз.
Статистикалық комитет Семей өңірінің тарихы мен географиясы, этнографиясы, қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне қатысты да тың деректер жинады. Комитет мүшелерінің бәрі дерлік осындай тың тақырыптарды індете зерттеп, ол еңбектерін ай сайын шығатын Семей облысының «Памятная книжка» үнпарағына жариялап отырды. Абай да осы «Памятная книжкаға» арнап бірқатар мақала дайындады. Олай деуіміздің себебі, 1900 жылы жарық көрген «Памятная книжкадағы» Н.Коншиннің «Заметки о происхождении родов Средней Киргизской Орды» деген мақаласының авторы анығында Абай болатын. Бұл жайлы автордың өзі «Настоящая заметка, с подстрочными к ним объяснениями, составлена исключительно на основании слов одного очень известного в Семипалатинской области киргиза (қазақ), не пожелавшего, чтобы его фамилия была напечатана. Киргиз этот (из рода Тобыкты, племени Аргын) выразил опасение, как бы сообщаемые им сведения не показались обидными для некоторых родов, любящих окружить свое происхождение вымыслами» деп жазып көрсеткен. Абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедханов та бұл мақаланың Абайдікі екенін дәлелдеген болатын. Кім біледі, Н.Коншин, басқа да авторлардың атымен «Памятная книжкада» жарияланған Қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты мақалалардың біразының авторы Абай болуы да ғажап емес.
Статистикалық комитет деректер жинап-жазумен ғана емес, жергілікті тұрғындардың мәдени өміріне қатысты тұрмыстық заттар жиюды жолға қойды. Осылайша, Статистикалық комитет жанынан 1883 жылы музей мен кітапхана ашылды. Қайым Мұхамедханов бұл кітапхананы «Ол замандағы Сібір қалаларындағы кітапханалардың ішіндегі ең байы» деп бағалаған болатын. Шынында, бұл жерден Батыстың атақты авторларымен қатар орыс қаламгерлерінің де еңбектерін табуға болатын. Одан бөлек 200-ге жуық мерзімді басылымды жаздыртып алып тұрды. Статкомитеттің бастамасымен ашылған бұл кітапхана (қазіргі уақытта Абайдың есімімен аталады) бастапқыда ақылы түрде жұмыс істеді. Яғни, пайдалану ережесіне сай оқырмандар абоненттік төлем төлеуге міндеттелді. Кітапхананың алғашқы оқырмандары қатарында Абай да болды. Ал музей ашылған кезде, Абай оның басы-қасынан табылып, қажетті экспонаттармен толықтырды.
1887 жылы Семейде Бастауыш білім беру қоғамы құрылды. Абай осы қоғамның да мүшесі болды. Статистикалық комитетке қарап келген кітапхана мен музей 1893 жылдың 1 тамызынан бастап осы Бастауыш білім беру қоғамының меншігіне өтті.
Бастауыш білім беру қоғамы Омбы фельдшердік мектебі, Томск техникалық теміржол училищесі, Семей мұғалімдер семинариясы, басқа да оқу орындарындағы жастарға демеушілік жасап тұрды. Абай да бұл қоғамға өз үлесін қосты. Атап айтсақ, осы қоғамның есебі жарияланған «Отчет Совета общества попечения о начальном образовании в г.Семипалатинск за 1893 г» деген жинақтың 43-бетінде Абай және оның ұлдары Ақылбай мен Мағауияның 7 рубль көлемінде қаржылай қолдау көрсеткені жазылған. Сондай-ақ Абай мен оның ұлдары Бастауыш білім беру қоғамы ұйымдастырған мәдени шараларға да қаржылай үлес қосып отырған.
Дереккөз: aikyn.kz