АБАЙҒА ӨРМЕЛЕУ
Көмейімде, құйқылжыр таңдайымда,
Шырқар биік бір әнге салмайын ба.
Бақыттымын, балағым балқаш кесіп,
Абай атам тұр қасқа маңдайымда.
Мына заман, қай заман – күнде нарық,
Кімге семіз келеді, кімге арық.
Ілімімен жауанмәрт хакім Абай
Таңшолпандай сәулесі – түнде жарық.
Кейде байып, кейбірде кемір азық,
Өз-өзімнен өлеңмен өмір жазып
жүргенімде жүлдемен,
бүлдеменен
Аспанымда Абайым – Темірқазық.
Бірде жүйрік, бір кезде жадау атпен
шапсақ-тағы деміктік салауатпен.
Абай әлі жұмбақ жан саналыға,
Мыңмен жалғыз алысқан, ғадауатпен.
Бүгін ұрпақ ұлықты, ұл-қыз қандай,
Ынтаменен ырғынды, ындыздардай.
Абай Хакім ғақлия-ғажабымен
Күнде жетпес зау биік шың-құздардай.
Күн батқанмен азанмен атар арай,
Жалпақ елге жазындай жатар Абай.
Шартарапқа шаңытқан шандоз ерім,
Сахи әлем, сар дала, сахарадай.
Жаһандану жар болса, жатса қырат,
Жол жоқ сынды осынау, басқа мұрат.
Бір аунайды бүгінде Абай атам,
Күн аунайды жерінде Қасқабұлақ.
Алабөтен едік қой жаңсақ шудан,
Арда емген азбаным аңсап туған.
Сол баяғы кезіндей жемқор жайлап,
Сол баяғы мұнда да мансап қуған.
Арылармай жүрміз ғой әрі бармай,
Өрекпиді өттері жарылардай.
Тосқауыл жоқ осындай топан суға,
Өзі сынды абызым – ары нардай.
Ерме деймін жәреуке, жат-аласпен,
Өрмелеймін Ойшылға саты ағашпен.
Абай ойы ғарышқа самғап кетті,
Абыройы асқақтап алты алашпен.
Нарық намы... Бүгін жұрт ала қаптап,
Дала шаппақ,
Базарлап қала шаппақ.
Баһадүрдей алыбым баян тапқан,
Тебіреніп жатыр ма Балашақпақ.
...Абай ата тәлімін ал, сарапта,
Қаныққандай боламыз бал-шарапқа.
Шаһбаздардай шаңқылдаған шах-ақын,
Дабысы дара даңғыл, шартарапта!
АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДАҒЫ ОЙ
Жазар шайыр небір ғажап өлеңдер,
Ағыл-тегіл жыр шашуы дегендер.
Бүгін бізбен жүздескендей бабамыз,
Бүгін бізбен тілдескендей кемеңгер.
Заман жүгін көтергендей тұрқы нар,
Өзі сүйген,
Өзі күйген ұлты бар.
Мыңжылдықта бір-ақ рет туатын
Абай біздің бірегей ғой біртуар.
Қай дүниеде, қай мекенде қайран бар,
Ойсыз адам аз ғұмырын сайрандар.
Ұлағатын шәкірттері ұғатын
Абай біздің ұлы ұстаз, пайғамбар.
Ар мен ақыл даналығын құйып шын,
Өлеңдері талай ұрпақ ұйытсын.
Күнде талмай өрмелесең жеткізбес
Абай біздің жетуге зар биік шың!
Жерге түсіп шексіз әлем ғарыштан,
Надандықпен, мыңмен жалғыз алысқан.
Ойдың нұры, жүрегіңнің сәулесі,
Абай біздің
Арай ізгі данышпан!
Ілім-ғылым ғажабынан сыр құйып,
Алғың келсе тереңдерге сүңгиік.
Інжу-маржан, меруерттері жарқылдар
Абай біздің айдын мұхит-тұңғиық!
Қанбай ішер шөліркесең қаталап,
Абай-кәусар,
Абай аңсар шапағат.
Күллі әлемді жалынымен билейтін
Абай біздің мәңгі өшпейтін махаббат!
АСТАНАДА БОЙ КӨТЕРДІ АБАЙЫМ
Астананың қонды Абай төріне,
Бас қаланы бастағандай өріне,
Ескерткіші ерен бөлек ентұмар,
Айналғандай еркін елдің мөріне.
Толысқандай бүгін Ай да молынан,
Өріс таңдай Күн туған ба оңынан.
Сән-сәулеті шыққан екен Хакімнің
Досжановтай мүсіншінің қолынан.
Қандай ғажап Абай ата мүсіні,
Ойлы көзі тебірентеді кісіні.
Жанарымен жадыратып әлемді,
Толқытқандай үлкен менен кішіні.
Сүйсінесің тұрпатына, тұрқына,
Өсиетін айтқандайын жұртына.
Келешектің кемелінен кен іздеп,
Тапқандай бір ұлы жолды ұлтына.
Абай жолы – ғарыш жолы ғаламат,
Адамзатқа тапсырғандай аманат.
Төтеп берер қиындыққа, мойымас
Ұрпағы бар сай тасындай саламат.
Абай жолы - әділ жолы Алланың,
Үйренуден ізгі ісінен талмадым.
Ойларынан бүкіл нәрді сіңіріп,
Бұл фәнидің білдік бір сәт жалғанын.
...Абай – Абыз,
Абай нағыз нартұлға,
Өшпес ізі қалды оның артында.
Зәу биікке шыққың келсе ағайын,
Абай-көзбен,
Абай-сөзбен жарқылда!
ӘУЕЗОВ ӘЛЕМІ
Көңіл қандай – көк дөнендей! Алаң тар,
Сәйгүлікті сондадағы салам пар.
Әуезов - әдебиетте әлемиет,
Ғарыш төсін айналатын ғаламшар.
Әлі талай жазар шайыр, ақындар,
Бір өзінде мың кісілік ақыл бар.
Сөйлеп кетсе таудан аққан тасқындай,
Көмейінен төгілгендей нақылдар.
Кең маңдайы кереқарыс келіскен,
Жүзген өрге,
Жүрмеген ол еңіспен.
Мәдениет алпауыттарымен мәреде
Көрінген ғой даналығы тең істен.
Қандай өре,
Сондай сере ойлары,
Бұлқынғанда бұла күші бойдағы.
Мойындаған сахараның сардарын
Әлемдегі әдебиеттің сойлары.
Қандай шабыс,
Сондай намыс тұла бой,
Тумысынан билегендей Тұран-ой.
Әуез ата тағлымынан сіңірген
Әптиек пен терең сырлы Құран ғой.
О, данышпан,
Кемеңгерім, кемелім,
Кермиығым, кең даламда кеме едің.
Сенің салған ізіңменен шиырлап
Зау биікке өрмелеп мен келемін.
...Қайран Мұқаң, мұқалмасым - құт қандай,
Ұлылығын ұрпақтары ұққандай.
Бір ғасырда бір-ақ рет туатын
Бар ма екен шандоздарым Мұқтардай!