Халқымыздың бүгінгі тарихында, мәдениеті мен әдебиетінде Абай мұрасының алатын орны ерекше, оны бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Абайды тану – адамзатты тану. Абайды тану арқылы біз өткен мен бүгіннің парқын білеміз, болашағымызға сенеміз.
«Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ», - деп Алаш көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Абайдың артынан қалған мұрасы сан ұрпаққа рухани қазына болып қалды. Бұл қазынаны ақтарған сайын тың жаңалықтар көзін тауып, сонау бағзы замандағы қазақ халқын әлемдік мәдениетке жеткізу жолындағы рухани бастаушыны танитынымыз анық. Абай шығармашылығы – адамзат даналығының таусылмас қазынасы. Оның даналығы мен парасаттылығы, озық идеялары – Қазақстанды әлемдегі дамыған елдер кеңістігіне апарар лайықты жолға жөн сілтейді.
Алғаш Абайды бүкіл дүниежүзіне таныту арқылы қазақ халқын әлемге паш еткен дана М.Әуезов болса, ендігі уақытта дүниежүзілік білім кеңістігіндегі тәуелсіз Қазақстанның рухани көшбасшысы – Абайды «қазақ халқының символы» ретінде биікке көтеруіміз қажет.
Абай арқылы қазақ халқын әлем таныды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс», - деген сөзі бізге үлкен міндеттер жүктейді.
Абай есімі бүгінде әлемді шарлады. Әлемнің 20-ға таяу мемлекетіне Абай бабамызға арналған ескерткіш, мүсіндер, Абай үйі мен көше есімдері бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміз», - деп атап көрсеткен бағдарламасының тағы бір көрінісі – таяуда ғана Абай есімінің Польша мемлекетінде аталып, ұлы ақынға деген құрмет көрсетілуі еді.
Елбасы жариялаған Жастар жылында 7 ақпан күні С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті облыс әкімдігінің қолдауымен Польшаның Свече қаласындағы лингвистикалық-техникалық университеті базасында «Абай» жастардың мәдени-білім беру орталығын ашты. Бұл күнді Қазақстанның рухани және мәдени өміріндегі айтулы күн деуге болады. Абай орталығын шетелде ашу туралы бастаманы қолға алып, сол елдің Елшілігімен, Свече университетінің келісімімен ынтымақтастық орнатқан ШҚМУ ректоры, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлының еңбегін ерекше атап айту қажет. Ректор Мұхтар Әділбекұлының айтуынша, «Абай» жастардың мәдени-білім орталығын ашудағы басты мақсат – отандастарымыздың мәдени жетістіктерін әлемге насихаттау. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес ашылған аталмыш орталық – Польшада оқып жатқан жастарымыз үшін қазақстандық мәдени-білім орталығы болса, Польша жастары үшін Қазақстанның туристік мекендерін, тарихы мен мәдениетін, ғалымдар еңбектері мен ақын-жазушыларын таныстыру болмақ.
Орталықты ашуға екі университет үлкен дайындықпен кірісті. Біршама уақыт екі тарап қызу жұмыстар жүргізді. Польша тарапы жеке ғимарат бөлді. Оның ішін рәсімдеу ШҚМУ ұжымының үлесіне тиді. Университет ректорынан бастап профессор-оқытушы ғалымдар Абай, Шәкәрім, М.Әуезов шығармаларын және Қазақстан туралы қазақ, поляк, ағылшын, орыс тіліндегі кітаптарды, мәдени жәдігерлерді сыйлыққа тапсырды. Сондай-ақ, керекулік мүсінші Дәурен Доcжановтың Абай мүсіні мен суретші Әлібек Шоқановтың «Абай» картинасын сыйға берді.
Абай мұрасын және Шығыс Қазақстан жерін таныстыратын латын қарпімен жазылған қазақ және ағылшын тілінде үш үлкен стенд жасалып, орталықтың қабырғаларына ілінді. Қазақтың қасиетті домбырасы мен Абайдың суреті бар кілем орталықтың төрінен орын алды. Іші кітаптар мен ұлттық жәдігерлерге толған орталық ұлттық мұражай үйіне айналғандай болды. Университеттен арнайы дайындықпен шыққан делегация мүшелері: ректор М.Төлеген, ШҚМУ профессоры С.К.Оразалин, абайтанушы ғалым А.Картаева, халықаралық бөлім бастығы М.Серіков осы заттарды қаншама шақырымды артқа тастап Қазақстаннан сонау Польшаға апарып, ғимараттың ішіне орналастырды.
«Абай» орталығының ашылу салтанаты өте әсерлі болды. Лингвистикалық-техникалық университеттің ректоры Эльжбетте Штерналь, Опиногура округінің мэрі Пиотр Чижик пен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Әділбекұлы орталықтың лентасын салтанатты түрде қиды. Қазақстаннан келген делегацияны славян халықтарының дәстүрі бойынша нан және тұзбен қарсы алды. Жиналған поляк жұртшылығына «Абай» орталығын таныстыру жұмыстары жүргізілді. Алғашқы сөзді ректор Мұхтар Әділбекұлы бастап, орталықты ашудағы мақсатын түсіндірді. Абайдың барша халықты достық пен бауырмалдыққа шақырған сөзін: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», - деген сөзін мысалға келтірді.
Екінші сөзді ф.ғ.к., ШҚМУ профессоры Сләмбек Қалибекұлы алып, жиналған жұртшылықты «Абай» орталығының ашылуымен құттықтап, өзінің жүрекжарды өлеңін арнады.
Келесі сөз ретін алған мен: Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы, Абайдың әлемдік әдебиет пен мәдениетке қатысын таныстырдым. Қазақ пен поляк халқының байланысына тоқталып, Құнанбай жайлы алғаш құнды пікір айтқан поляк саяхатшысы А.Янушкевич туралы айттым. А.Янушкевич Құнанбайдың замандасы болса, Абай Құнанбайұлымен де поляк халқының саяси айдаудағы біртуар перзенттері тығыз қарым-қатынаста болғанын атап өттім. Саяси жер аударылған поляк зиялыларының ішінде Абай Құнанбаевпен жақын достық байланыс орнатқан Северин Гросс туралы, оның «Абай жолы» эпопеясында бейнеленгенін әңгімеледім.
Поляктың белгілі ақыны Мицкевичтен Абай 2 өлең аударғанына тоқталдым. Абайдың композитор екенін атап, «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін орындадық.
Бұл шара ары қарай салтанатты рәсіммен жалғасты. Польшаның лингвистикалық-техникалық университетінің (Свече қ.) ректоры Эльжбетте Штерналь Қазақстаннан келген делегацияны таныстырып, «Абай» орталығының ашылуымен құттықтады. Екі елдің ЖОО-лары арасында бірлескен ғылыми-шығармашылық, білім беру, әдеби-мәдени шараларды іске асыру жоспары аталып, екі оқу орнының ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Эльжбетте Штерналь келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, поляк тіліндегі кітаптарды сыйлыққа тарту етті. Қазақстаннан барған делегация халқымыздың дәстүрі бойынша Эльжбетте Штернальға камзол жауып қошаметтеп, университетіміздің ең үлкен марапаты - «Абай» медалін табыс етті.
Аталмыш шара қазақтың, поляктың әндерін айтумен, өлең поэзия оқумен әсерлене түсті. Польшаның универсиеттерінде академиялық ұтқырлықпен оқып жатқан С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері арнайы келіп, ақжарма құттықтауларын білдірді. Олар С.Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін орындады. Поляк жұртшылығы Абайдың өлеңдері мен әндерін, қазақтың күйлерін ынтызарлықпен тыңдады. Көпшілікке үлкен әсер қалдырды. Екі халықтың тереңде жатқан тарихы тағдырлас екеніне көздері жетті.
Сапар барысында Польшадағы Қазақстан Республикасының елшісі М.Б.Баймұханға алғысымыз ерекше.
Екі ел арасындағы білім беру және мәдени қарым-қатынастардың бастамасы ретінде Польшадағы «Абай» жастар орталығында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті Ерасыл Мұхаметқалиевтың «50+50=100» атты Қазақстан-Польша тәуелсіздігінің тарихына арналған кітабы қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарық көрді. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Иоанн Павел ІІ Люблин католиктік университетінде аталмыш кітаптың тұсаукесері өтті.
Университет басшысы М.Ә.Төлегеннің ұсынысына сәйкес, жыл аяғына дейін университет қабырғасында Польша тәуелсіздігі жолында ерекше еңбек атқарған дарынды поляк жазушысы Зигмунд Красинский атындағы қазақ-поляк орталығы ашылады деп жоспарлануда.
Қазақстан мен Польша мемлекетінің арасындағы өзара достық, рухани байланыс, жақсы қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған үлкен істің бірі «Абай» жастардың мәдени-білім беру орталығының ашылуы. Абай әдеби-мәдени, ғылыми орталығын ашу және оны жүзеге асыру халықаралық деңгейіндегі ең маңызды білім беру және мәдени-ағарту жобалардың бірі болмақ. «Абай» орталығы дүние жүзімен кемел достық көпіріне айналатын, білім кеңістігінде өзара тұрақты байланыс орнататын рухани орта болатыны сөзсіз.
Картаева Айжан Маратбекқызы
филология ғылымдарының докторы,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры