Балтатарақ. Семейден Жидебайға қарай 20-25 шақырым шыққанда жолдың сол жағында көрінетін шағын ауыл. Жиырма-отыз үйден құралған бұл ауыл Абай елінің Семейге кіреберіс қақпасы, шыға берісте алды-артын жинайтын көмбесі болған. Ертеректегі аты Балта-Орақ.
Ел аузындағы аңызға қарасақ Балта-Орақ ағайынды екі батыр деседі. Әке-шешеден ерте айрылған қос жігіттің бірі – Балта. Ол Торан деген байдың қырсығынан өліпті. Бай «Орақ менен кегін алады-ау» деген қорқынышпен оны кісен салып ұстаған. Байдың қызы Толқынмен көңіл қосқан Орақ қыздың көмегімен қашып шығады. Олар тасып жатқан Ертістің сеңіне отырып, құтылмақшы болғанда мұз жарылып кетіп, опат болған.
Ел қамын ойлап өмірлерін қиған батырлардың кейінгі ұрпақтары бабаларына бас иіп, олар жерленген жердің жанына осы қыстақты салып, оны Балта-Орақ деп атап кетіпті-міс.
М.Әуезов: «Семейден шығып Балта-Ораққа келгенде алдымнан Шыңғыстан аса соққан қоңыр самал жел есіп қоя беруші еді», - деп қалада оқуда жүрген жылдарын еске жиі алып, әңгіме етеді екен.
Балтатарақтың тұрғындарының көбі-ақ Абаймен ниеттес болған. «Абай жолы» эпопеясында суреттелетін сыбызғышы Мұқа мен Салтанат қыз осы арадан шыққан. Абайды ұлықтардың қамауынан босатқан Салтанаттың адамшылығы романның әсерлі оқиғасының бірі.
Мұнда Көкбай Жанатайұлының қызы Қалыштан туған екі немере қыздары тұрған. Көкбай Абайдың шәкірті, кейіннен жақын жолдасы болған. Абайдың өзі алғашқы өлеңдерін осы Көкбай атынан жариялап тұрғаны мәлім. Өзінің ұстазы туралы Көкбай көп естеліктер жазып қалдырған.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-музейінің баспасөз қызметі