Б.ЖҮНІСБЕКОВ: АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ БАС ШЫРАҚШЫСЫ

5 қаңтар – Қайым Мұхамедхановтың туған күні

Ертістің Семей өңірінің жұртшылығы, әсіресе әдебиет пен өнер жанашырлары үшін көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың қадір-қасиеті әуелден ерекше. Жерлестерінің ғалым ағаға деген сол құрмет сезімінің 2016-шы жылы Абай елінің ауқымынан аса ақтарылып, көрнекті ғалым Қайым рухына күллі қазақ жері тағзым етіп, қошемет көрсеткені есімізде. Бұлай болуы да табиғи нәрсе: осыдан тура үш жыл бұрын Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толған еді. Соған орай ғалымның туған күні – 5-қаңтарда оның өзі туып, өскен Семейінде тұсауы кесілген мерейтойлық шаралар Астана мен Алматыда салтанатты жиындар және салиқалы бас қосулармен атап өтіліп, еліміз бойынша кең қанат жайған болатын.


Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұжымы, киелі шаңырақтың негізін қалаушы әрі алғашқы директорларының бірі болған қайраткер ағаға өздерінің қарыздар екенін түсінеді. Мұражайда көрме ашып, еске алу кешін өткізумен басталған шаралар Ұлы ақын музейіндегі республикалық «Қайым Мұхамедханов және абайтану мәселелері» ғылыми-тәжірибелік конференциясында тағы бір сараланған.

Сонымен 2016 жылғы мамыр айында Қайымға арналған көрмелер керуені Астанадағы С.Сейфуллин мұражайында Елорда жұртшылығымен қуана қауышты. Тәуелсіз еліміздің Астанасында Қайым аға көрмесі қазан айына шейін аялдап, ғалым тұлғасымен Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасының, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» музейінің келушілері мен Ә.Марғұлан атындағы №40-орта мектептің ұжымы танысқан болатын. Ғалым аға есімінің оның өзі туып, өскен Семей қаласының тап орталығындағы Абай музейі тұрған көшеге берілуін жұртшылық елі ерекше ардақ тұтқан, халқының тәуелсіздігі жолында аянбай күрескен қайраткер Қайым Мұхамедхановқа көрсетілген лайықты құрмет деп қабыл алды.

Ұлы Абай өнеге еткен «жүрегі – айна, көңілі ояу» біртуар тұлға Қайым  Мұхамедханов туралы жазуға оқталғанда  кемеңгер ақын сақтандырған «көк тұман заман» ызғары жанымызды еріксіз түршіктірген. Көз алдымда қоғамды тапқа бөлген тұрпайы социологизмнің құрбанына айналған алаш қайраткері тұрды. Замана запыраны ғалымның 100 жылдық мерейтой жылы Абай мұражайына тапсырылған екі хатынан-ақ айқын сезіледі. Соның бірінде (КП-7284) Қайым аға күркедей ғана «АН-2» самолетінің ішін өзі қамалған лагер тозағының жанында «жұмақ сияқты көрінді» деп жүректі бір шым еткізсе, Мұхтар Омарханұлының ата-анасы зиратының орнын анықтауға қатысты Амантай Мұқатаевқа жазылған екінші хат та (КП-7285) саясат сойқанының бұлтартпас айғағындай.

Сондықтан туған еліміздің тәуелсіздігіне 27 жыл толып отырғанда бізге өткеннің ащы ақиқатын ашып айтқанымыз абзал. Тұрмыс билеген сана халқымызды тілден, дін мен ділден және ел бастар дарабоз тұлғалардан айырды. Сол 2016-жылы бір ғана Семей емес, барша қазақстандықтар асыл рухына тағзым етіп, еске алу шараларын өткізіп жатқан Мұхамедханов Қайым ағаның өмірі мен диктатурадан тартқан азабы соның бұлтартпас дәлелі.

Ұлы дала тарлан тарихы мен қайталанбас өнерін, айбынды да айшықты ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлерін ел зердесінен зорлықпен өшіру кесапатын бастан кешті. Халық диктатураға қару алып, ашық қарсы шықпағанымен, күрес іс жүзінде ешқашан тоқтамады. Қазақтың Қайым сияқты арыстан ұлдары сөз өнері арқылы өнегелі өткенімізді зерделетіп, ұрпақ бойында еркіндік пен теңдік, егемендік пен тәуелсіздік рухын ұдайы сіңірумен болды. Жаһандық әдебиеттің жауһары «Абай жолы» Ұлы даланың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өмірі мен мәңгілік өнерін паш етіп,  «өз қолынан ырқы кеткен» (Абай) халықтың көзін ашып, көкірегін оятты.

Осы орайда, «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» (Абай) деп, елдіктің сөзін ұстаған Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығы Ұлы ақынның асыл мұрасына, хәкім Абайды дүние жүзіне танытқан Мұхтар Әуезовке деген адалдықтың тамаша үлгісі. «Мұхтарды сат, ол саған диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт» - деген тергеушілер. – Одан да өлгенім жақсы емес пе, жалған айтып, қайтіп жер басып жүремін», – деп жазады мұражай қорындағы естелігінде Қайым аға.

Мұхтар Әуезовтің бастамасымен 1940-шы жылы ашылған республикадағы тұңғыш әдеби-мемориалдық мұражайда Әрхам Ысқақұлы, Қайым Мұхамедханов пен Борис Аккермандардың музей ісін жүргізуі шырғалаңы көп кеңестік тоталитарлық жүйе құрсауында зиялы қауымның ұлт мүддесін қорғауға бел буған кезең еді. Олар ғылыми қордағы қолжазбалар мен естеліктерді, сирек кітаптарды зерттеу мен жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу бағытында қыруар жұмыс атқарды. Музейдің негізін қалап, бағыт-бағдарын айқындауда Абай шығармаларының текстологы, ұстаз, драматург, аудармашы Қайым Мұхамедхановтың еңбегі зор.

Музейдің іргесі қаланған күннен аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, Абай мерейтойын өткізу комитетінің ғылыми хатшысы, 1947-1951 жылдар аралығында музей директоры лауазымын атқарған Қайым Мұхамедхановтың  қызметтік есебі (Абай музейі архиві №18к) ғалымның кандидаттық минимум тапсырғанына, «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізгеніне, Әрхам Ысқақовпен бірге Абайдың шежіресін аяқтағанына және 1949 жылы Абайдың ақындық мектебінің шығармаларын алғысөзімен, өмірбаяндарымен баспаға дайындағанына куәлік етеді.

Қазір музей қызметкерлерінің бірнеше буын өкілдерінің үлкен ізденіс, қажырлы еңбегінің нәтижесінде жинақталған қор жәдігерлерінің саны – 22 мыңға жуық, оның 12 мыңға жуығы-негізгі, 9 мыңнан астамы-қосалқы қор құрамына кіреді. Ғылыми кітапхана қорын 14 мың кітап құрайды. Солардың арасынан Абай Құнанбайұлына тікелей қатысты жәдігерлерді екшеп алар болсақ, олар: Абайдың бейнесі бар екі түпнұсқа фотосуреттің бірі – 1896 жылы балалары Ақылбай және Турағұлмен түскен, екіншісі – 1903 жылы отбасымен түскен фотосуреттер. Семей қаласындағы М.Кузнецовтің фотоательесінде 1896 жылы Абай ұлдары Ақылбай және Турағұлмен түскен фотосуретті музей қорына Қ.Мұхамедханов 1941 жылы 6 ақпанда қабылдаған екен; түпнұсқа жәдігерлердің енді бір тобы: ақынның көзі тірісінде П.Д.Лобановский қарындашпен салған портрет; Абайдың 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған хаты; 1885 жылы Н.И.Долгополов арқылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған заттар (жалпы саны-22); Мәскеу, Ленинград, Омбы, Том, Қазан қалаларының және Қазақстанның мұрағаттарынан табылған Абайдың өмірі, атқарған қызметі, туыстық және өнер айналасына қатысты архив деректері; Абай оқыған медресенің араб, түрік,шағатай тілдеріндегі кітаптары (барлығы – 252).

Мұрағат көздеріне үңілгенде Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойын өткізуге Қайым Мұхамедхановтың тікелей араласып, барлық ұйымдастыру жұмыстарының ұйтқысы болғанына қаныға түсеміз. Ғалым ағаның алақанының табы қалған музей жәдігерлері әдеби мұражайды Абайтанудың ғылыми орталығына айналдыруға ол кісінің көп күш-жігер жұмсағанының айғағы. Ғалым Абай заманындағы жәдігерлер мен естеліктердің ақынға қатысы барын жан-жақты тиянақтап, қор каталогын жасайды. Сонымен қатар Әрхам Ысқақұлымен бірге Ахат Шәкәрімұлымен үзбей хат алысып, Шәкәрім ақынды ақтау ісіне де аянбай атсалысады.

Қайым Мұхамедханов зерттеген көптеген қолжазбалар том-том кітап болып шығып, Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың рухымен халықтың намыс отын жаныды, Абайдың ақындық мектебін алдымызға жайып салып, ұлттық мақтаныш сезімін оятты. Ол мұражай директоры ретінде қол қойған мұрағат деректері әрбір жәдігердің іздеп, табылуынан бастап, Абай туралы естеліктерді халық арасынан жинақтау мен қорға тапсырудың оңайға түспейтінін білсе де оның сабырлылық пен табандылық танытқанының куәсі. Мәселен, «План работы музея Абая на 1940 год» (Абай музейі архиві №31-іс), - деп аталатын құжатты алайық: 1.Подбор и приобретение книг К.Исхакова, в областном музее – К.Мухамедханов 15.08.1940 г.;2. Приобретение у старожилов ценных книг - К.Мухамедханов 20.08.1940 г.;3. Научная командировка в целях ознакомления с работой других музеев в г. Ташкенте, Тбилиси – К.Мухамедханов; 4. Показ жизни Абая в социально-бытовом, культурном отношении – К.Мухамедханов 1.10.1940 г.

Қайым аға Абайдың 100 жылдық мерейтойына орай «Абайдың қазақ үйі» деген ұсынысында: «Абайдың қазақ үйі ақ киізбен жабылған, іші-тысы оюлы, әшекейлі жасау жабдығы Абай заманына сай 8 қанат үй болуға тиіс. Бұл облыс және Абай ауданының күшімен осы жазда аяқталуы қажет. Абай үйін қалпына келтіріп жасау үшін облыс тарапынан төмендегі нәрселер керек...», - деп барлық қажетті жабдықтарын тізіп, әрбір заттың орнын көрсеткен.

Сонымен қатар ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстарының есебінде мұражайдың 1949 жылға мемлекеттік баспаға шығаратын өнімдері көрсетіліпті: мәселен, Қ.Мұхамедханов – Абайдың ақындық мектебінің /Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп/ таңдамалы шығармаларын алғысөзімен, өмірбаяндарымен, шығару, барлығы - 25 баспа табақ; Б.Аккерман – Абайдың досы - Е.П.Михаэлис, 8 баспа табақ; С.Дөнентаева – С.Дөнентаевтың толық шығармалар жинағы, 5 баспа табақ; Рахымжанов - Абай туралы естеліктер, 10 баспа табақ. Барлығы−51 баспа табақ кітап шығару жоспарланған көрінеді. Сондай-ақ, аталмыш есебінде «Абайдың орыс достары» бөлімі Н.И.Долгополовтың, оның зайыбы Хася Шурдың жаңа портреттерімен, сондай-ақ Н.И.Долгополовтың Толстой және Хася Шур туралы жазған естеліктерімен және кітаптармен, Е.П.Михаэлистің жеке архивінде сақталған өзінің және оның отбасының, Герцен, Чернышевский, Шелгуновтардың суреттерімен толығып, Абайдың шөбересі Базила Омаровадан (Ақылбайдың немересі, Бакизаттың қызы) сүйектелген кебеже, кіршомбал, Еркежанға тиесілі жез леген және салпыншақтар алынғаны жайлы да баяндалады.

Музейге Қ.Мұхамедханов басшылық жасаған кезең шын мәнінде ғылыми ізденістер қарқынды жүргізілген жемісті жылдар еді. Ғылым Академиясының қарамағында жұмыс істеген музей қызметкерлерінің зерттеу тақырыптары бекітіледі, соның бірі - «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбы Қ.Мұхамедхановтың еншісіне тиеді. Аталған тақырып бойынша деректер алу мақсатында Абай ауданына ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, Абай және оның туыстық, өнер айналасына қатысты, заманы мен замандастары туралы естеліктер жазып алынып, қолжазбалар мен жәдігерлер жиналады. Осы материалдардың негізінде 1951 жылы 7 сәуірде Қ.Мұхамедханов өзінің кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққан.

Алайда, Абай музейінің сол жылдардағы бұйрықтар кітабында, өкінішке қарай 1951 жылғы 2 желтоқсан күнгі жасалған жазбаны оқысақ: «1951 ж. 13 желтоқсан, №47 бұйрық. Бұрынғы директор Мұхамедханов 2 желтоқсаннан бастап тұтқындалуына байланысты жұмыстан босатылған болып саналсын (бывшего директора Мухамедханова полагать уволенным со службы со 2 декабря 1951 года в связи с арестом)». «Халық жауы» ретінде 25 жылға бостандығынан айыру жазасына бұйырылған Қ.Мұхамедханов Карлагта өткізген 4 жылдың ішінде еңсесін түсірмей, ерекше қайсар мінез танытқаны мәлім.

Ақталып шыққан ғалым өзінің бастаған тақырыбын зерттеуді одан әрі жалғастырып, оған бар ғұмырын арнайды. Өмір жолында ол ұлы ақын мұражайымен байланысын ешқашан үзбей, қорды бірегей жәдігерлермен толықтыру ісіне зор үлес қосты. 1963 жылы 8 қыркүйекте «Ертіс» (қазіргі «Семей таңы») газетінде Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласы басылған екен. Бұл мақалада Абайдың 1885 жылы Семей қаласындағы өлкетану музейіне өзінің орыс достарының бірі – Н.И.Долгополов арқылы экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған.  Қазақтың көшпелі ауылының тұрмыс-тіршілігін көрсететін бұл қолөнер бұйымдары, үй-ішінің жабдықтары (кебеже, саба, сүйретпе, жезмойнақты торсық, піспек, табақ, шыныаяққап, әшекейлі құтылар, бесік, ұршық, тоғызқұмалақ), қару-жарақтар (айбалта, найза, шоқпар), ұста саймандары (көрік, тас, қысқаш), музыка аспаптары (қобыз, сыбызғы, асатаяқ, домбыра) болатын. Абай тапсырған заттардың ішінде қазақ ауылында сүттен даярланатын тағам түрлері, тіпті қара сабынға шейін болған. Бұлардың барлығы қазақ халқының этнографиялық болмыс-бейнесін көрсетуді мақсат етіп, ғылыми тұрғыда, жүйелі түрде жинақталған экспонаттар еді.

Қайым Мұхамедханов Абай мен Долгополов тапсырған заттарды арнайы өлкетану музейінің экспозициясынан, қоймасынан музей қызметкерлерінің көмегімен іздеп, анықтау жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде ұлы ақын тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан екен, олардың «...кейбіреуі жақсы сақталған, кейбіреуі күтімсіздіктен тозған» - деп қынжыла жазады ол.

Ғалымның тікелей араласуымен келесі, 1964 жылы, Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Абай тапсырған заттар ақын музейіне беріледі. Қазіргі күні бұл жәдігерлер Абай музейінің баға жетпес асылдары қатарында Семейдегі Бас мұражай және Жидебайдағы ақынның мұражай-үйі экспозиция залдарында көрермендер көзайымына айналып отыр. Ал, оның біреуін – Абайдың құтысын Астанадағы Ұлттық музейдің төрінен көре аласыздар.

Музей қорында бүгінгі күні Абай Құнанбайұлына, оның туыстары мен шәкірттері және орыс достарына қатысты көптеген архивтік құжаттар сақтаулы. Музейдің жәдігерлер түсімін тіркейтін кітапта 1977 жылы маусым айында жасалған жазбаға сәйкес Қ.Мұхамедханов өзінің қолында сақталған сирек кездесетін ХІХ ғасырда жарық көрген қазақ басылымдарын музей қорына тапсырған екен. Атап өтетін болсақ, олар: «Тәржімән» газетінің 1898-1899, 1900-1901 жылдардағы нөмірлерінің түптемелері, Қазан қаласында басылып шыққан «Қисса-сул Әнбия», «Қисса Таһир-Зуһра», Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмат» және «Адабият Қазақия» сынды бірегей басылымдардан тұратын 30 сақталым. Абайтанушы ғалымның сол кездің өзінде библиографиялық құндылықтар қатарындағы өз еңбектері: «Поэты Абаевской поры» (ғылыми дәреже алу үшін диссертация авторефераты, 1959 ж. (КП-1846), «Мағауия Құнанбаев» (КП-1847) атты басылымдар бар.

Осындай құнды жәдігерлермен бірге Қ.Мұхамедханов өзінің мақалаларының, ғылыми еңбектерінің қолжазбаларын да музей қорына әр жылдары тапсырған. Қазіргі күні бұл жазбалар да құнды дерек көздері қатарында. Мұражай қорында сақталған осындай бір қолжазба ғалымның қайтпас қайсар мінезінің куәсіндей. Бұл - 1987 жылы 5 тамызда музей қорына өткізілген Қ.Мұхамедхановтың 1987 жылы 6 шілдеде сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин мен КСРО жазушылар Одағының бірінші хатшысы В.Карповқа жазған хатының көшірмесі. Хат мәтіні орыс тілінде машинкамен 29 бетке басылып, түптелген. Бұл хатты ғалымның Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына қатысты отыз жылдық зерттеулерінің нәтижесінде жасалған ой-толғамдарын дәйекті келтіре отырып, кемеңгер ақынның есімін қазақ әдебиетіне қайтаруды талап еткен жанайқайы деген лайық.

Саяси өмірдегі қолайлы сәтті пайдалана отырып автор Шәкәрім туралы «...восстановление имени которого является важнейшей животрепещущей проблемой истории литературы и всея культуры Казахстана» - деп бастай келе: «Вот уже более шести месяцев лежит в редакции газеты «Казах адебиети» моя научно-популярная статья о биографии и творчестве Шакарима Кудайбердиева. Однако до сих пор конкретного, понятного ответа нет. Полагаю, что воздерживаются от публикации из-за пресловутой осторожности: «как бы чего не вышло». Всесилие этой гнетущей методы длится уже тридцать лет. Иначе чем, как объяснить, что с 1958 года, когда Шакарим Кудайбердиев был полностью реабилитирован, до сих пор не осуществлен выпуск подготовленного Академией наук к печати в середине 60-х годов двухтомного собрания его произведений» - деп ақиқатты ашына жазады.

Осы мақаланы жазу үшін қолыма қалам алмас бұрын Абай мұражайының Қайым Мұхамедхановты білетін ардагерлерінің және ғалым ағаның замандастарының пікірлерін тыңдағанда тағы да көз алдымда Абай тақырыбын бүге-шігесіне шейін білетін, бұл арада ешқандай «ағайыншылыққа» жол бермейтін, тіпті ешкімнің атақ-дәрежесіне қарамайтын біртуар тұлға тұрды. Ешқашан дауысын көтеріп сөйлемейтін, нендей пікір айтса да  өз ойын нақты дәлелмен негіздеп отыратын ғалым ағаның кең жүрегін, табанды да сабырлы мінезі мен қажырлы қызметін, жанының тазалығын, тіпті балалыққа жақын ақжарқын мінезін   сүйсіне еске алады барша қауым.

Абайтанудың асқан білгірі Қайым Мұхамедхановқа деген құрмет қызыл диктатураға қарсы әдебиет майданында аянбай күрескен «Өзіне ғана сенген, өзін екі жақтап алып шығар еңбегіне сенген» (Абай) қайраткер ғалымға деген құрметтің айғағы екені анық.

«Өлеңің, асыл сөзің кеткен жазып,

Бойға қуат, жаныма болған азық.

Қолыма қалам алсам, өлең жазсам

Алдымда ақын Абай – Темірқазық, - деп, Қайым ағаның өзі жазғанындай, біз үшін ол Абайтану саласы мен музей ісінде қайталанбас тұлға. Ғылым мен ғалым мәртебесін асыратындар да Қайым Мұхамедханов секілді нағыз қайраткер ғалымдар болса керек.

Болат Жүнісбеков,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің директоры.