Біржан АХМЕР: СӨЗСТАН НЕМЕСЕ МҰХТАРДЫҢ "МАУСЫМЫ"

(эссе)

Адам баласының өмірінде ақ пен қара жолақтардың кезек-кезегімен ауысуы заңдылық. Өткен өшеді, жаңа дүние жаңғырады. Бірақ көз алдыңнан кетпейтін сәттер болатыны шындық. Ол сәттерді жаңағы ақ жолақтарға жатқызсақ қайтер екен? Көзіңнің ішінде, көңіліңнің көкжиегінде сайраған беймәлім бұлбұл-сағыныш бар, аңсар бар. Мұны ойлаудың өзі бір ғанибет. Пенденің құлақпен естігені емес, көзімен көрген заты ыстық болып келеді. Мейлі ол жансыз болсын. Бірақ бұл ғаламда жансыз дүние бар ма екен?..

2011 жылдың қоңыр күзінде қоңырайып, Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжге қадам басыппыз. «Қоңыр» дегенім бекер емес. «Қоңыр – қазақтың өзі» дейді білім шаңырағының басшысы, біздің ұлағатты ұстазымыз Шағангүл Алдамжарқызы. Бұл кісіден шыққан сөздің самалы – байырғы асыл аналардың кие тұнған толғауларымен, жұпарлы даланың жансусар құндылығымен пара-пар. Сондықтан болар, білім ордасының қадірі күннен күнге артып, беделі биіктей түсті. Мен оны «Қара шаңырақ» деймін. Кейде ой пен парасаттың тоғысқан ғаламы – Сөзстандай көрінеді.

Кемеңгер жазушы, Абайтанудың білгірі Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтің, Жүсіпбек Аймауытовтың, көрнекті Алаш қайраткері Халел Ғаббасовтардың табаны тиген білім шаңырағы – алтын тамырлы тарихтан сыр шертеді. Алаштың арда рухы қонған асыл мекеннің ауласынан-ақ ақуыз нұр шалқиды... Көнерген жұрттың көшпелі ғұрпы мен көсемсөздің киесі тоғысқан бағаналы орданың басты бағдары да – кемеңгерлерді ұлықтау. Себебі мұндағы ізгілік тұнған «іздер» – көзіміздің қарашығындай көне дәуірден жәудіреп тұрғаны шындық емес пе?

Бірінші қатарда (солдан оңға қарай): 1) белгісіз; 2) Ахметжан Қозыбағаров; 3) Әлімхан Ермеков. Екінші қатарда: 1) белгісіз; 2) Халел Ғаббасов; 3) белгісіз; 4) Көлбай Төгісов; 5) Нұрғали Құлжанов; 6) Аманбай (Жаманбай) Шегіров; 7) белгісіз; белгісіз. Үшінші қатарда: 1) белгісіз; 2) Ахметолла Барлыбаев; 3) белгісіз; 4) белгісіз; 5) Сұлтан Махмұт Торайғыров; 6) Мекаил Абайұлы; 7) белгісіз; белгісіз. Төртінші қатарда: 1) Жүсіпбек Аймауытов; 2) белгісіз.

(Сурет Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен алынды)

Мұхтар Әуезов. Бұл есімнің салмағын елестетсем, қазақ әдебиетінің таразысына салынған қасиетті қазынаның өзін көргендей күй кешемін. Тірі сөз бен ірі сөздің зергері туралы бізден бұрын пікір білдірген, естелік сөз қалдырған педагогика ғылымының кандидаты, ғалым Әміржан Сытдықов: «Мен Мұхтармен қатар өстім. Бірге оқыдық. Балалық шақтың қызық та қиын кезеңдерін бірге кешірдік. Біздің Семейде оқыған кездеріміз 1905–1907 жылдар арасы еді. Ол кез халықтың, әсіресе, оқыған қазақ жастарының серпіле, ояна бастаған тұсы болатын. Бостандыққа ұмтылу, өнер–білімге талпыну, алдыңғы қатарлы ел қатарына жетуді аңсау, адамгершілікке, арлылыққа, туған халқына адал қызмет етуге пейіл қою – ол кездегі арманшыл, ілгерішіл жастардың мұрат–мақсаты еді. Осындай үлкен арман иесі, көбімізге өнеге болған жастардың бірі – Мұхтар», – деп кемеңгер жазушының шәкірт кезінен бастап халқына пайдалы адам болуды мұрат тұтқанын айтады. Қаршадайынан хәкім Абайдың қара өлеңін жаттап өскен, елім деп еміренген қаламгерді шын түсінген санаулы жандардың қатарында осы Әміржан Сытдықов болды.

Әлбетте, осы тұста Мұхтар Әуезовтің ұлттың дүниетанымы мен тағдырына алаңдаушылық білдіріп, әз басын қатерге тігіп, іштей егіле сезінген «бостандық» құндылығын сөз етпей кету мүмкін емес. Бостандыққа ұмтылу идеясы – көкірек көздегі шелді ысырып, сананың қараңғылығынан құтылуға жол ашары анық. Міне, сол уақытта жан-жақты біліммен қаруланған Алашшыл азаматтардың қарасы көбейе түсіп, Әуезовтің қасынан табылып жатты. Мұқаңның өзі: «Біз бұратана халықпыз деп еңсемізді түсірмей, өзімізді қорсынбай, кем тұтпай, әрқашан да тәкаппар ұстауымыз керек. Ол үшін оқу да болсын, ойын сауық та болсын, артпасақ, кем түспейік», – деп толғанған еді. Ұлтты ұйыстыру жолында басталған кішігірім қадамдар – Ұлы жарыққа шығарар үлкен бастамаға айналдыі. Бірақ бұл жол – қанды жол екенін біреу білсе, біреу білмеген болар...

Сол жақта М. Хабибуллин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан. 1926 жыл

Семейде оқыған кездер – заңғар жазушы үшін шыңдалудың, тынбай ізденудің, әдебиетке шын мәнісінде ден қоюдың алғашқы баспалдақтары секілденді. Байыптап қарасақ, Әуезовтің әрбір сәті тегін өтпегенін аңғарамыз. Мәселен, 1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына он жыл толған күнге арнап, Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар ұйымдастырған әдеби кешке және 1915 жылы «Біржан – Сара» айтысы көрсетілген ойын-сауық көрмесіне қатысады. Бұл – қазақтың бас ақынын ел арасында дәріптеуге арналған тұңғыш шаралардың бірі еді. Қылышынан қан тамған қағілез дәуірде мұндай бастама көтеру – бәзбіреулер үшін қызық болса, оқыған азаматтарға аталған іс – аманатқа қиянат жасамай, ақын мұрасының сөнбеуіне өзіндік үлес болғаны даусыз.  

Сол мезгілде қазақ сахарасына таңсық ерекше өнер – драматургияны да елден бұрын қолға алған Мұхтар екенін білеміз. 1917 жылы маусым айында Ойқұдық жайлауында данышпан Абайдың қызы Кенже мен Әйгерімнің тіркестіріп тіккен киіз үйінде «Еңлік-Кебек» пьесасын сахнаға шығарды. Мұхтардың өзі режиссер әрі суфлердің міндетін атқарды. Осылайша, дала дәстүріне жатпайтын, бірақ қалың қазақтың көңілінен шыққан жаңа өнердің шымылдығы түрілді. Тарих кітабына алтын әріппен жазылған бұл жылдар –  ұмытылмас кезеңдердің тізбегіне емін-еркін еніп кеткенін көрдік, жадымызға өшпестей етіп қабылдадық. Мұны – қазақ драматургиясының мөлдір қайнарына, тылсымы көп тұнық бастауына телуге болады.

Әлқисса, әйгілі ғалым, әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаева «Ілиястың «Құлагері» атты мақаласында: «Сөз түбі қайыр екенін ақын білмегенде кім білсін. Қисса, дастанды бала шақтан жаттап өскен зердесі күшті ақын аңыз-ертегінің, тегі мінсіз шынайы сөздің соңы жарық, нұрлы боларына нанды. Іңкәр дүниенің жалғандығын мойындаса да, рухы жасымады», – деп сол ғасырдың трагедиясын тайға таңба басқандай анық һәм ашық жазғаны бар. Ілияс Жансүргіровке бағытталған сөз төркіні – сол заматтағы Алаш азаматтарының барлығына бағышталғандай. Ілиястың ішкі толғанысы әрі асау бұлқынысы – Мұхтардың да көкірегінде шерменде болып маздағаны шындық емес пе? 

Мұхтар Әуезовтен бөлек, бұл шаңырақта қазақ әдебиетінің марқасқа қаламгерлері, байырғы сөзтанымнан нәр алған көрнекті Алаш қайраткері Халел Ғаббасов, журналист Сейітбаттал Мұстафин, жазушы, драматург Тайыр Жомартбаев, театр қайраткері Ғалиақпар Төребаев, ағартушы-журналист, педагог Мәннан Тұрғанбаев, білікті ұстаздар И.Ф.Виноходов, Е.И.Мертвецов т.б. жемісті еңбек етті.

Семей қазақ педтехникумынан оқып, тәлім–тәрбие алған көрнекті қайраткерлерден: академик Әлкей Марғұлан, тарих ғылымының докторы, профессор Мұсатай Ақынжанов, педагогика ғылымдарының докторы Әбдіхамит Сембаев, Шырақбек Қабылбаев, белгілі журналист Ғайса Сармұрзин, талантты ақын, журналист, педагог Тұрлыхан Қасенұлы, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісов, көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықов т.б. есімдерін елемей кетуге болмас.

Бұл – өткен заманның өшпес ізі болса, Тәуелсіздік ұғымын жаңғырта келген жаңа ғасырда білім ордасынан тағылым алған шәкірттер дені неше толқынға ұласты десеңізші. Табалдырығын киедей көріп, қабырғасынан қайраткерліктің жұпарын жұтатын шақтар аз кездесті ме? Ал есігінде естілердің аяулы алақандарының табы тұрған жоқ па? Мұны сезбей, іштей қайран қалмай жүру – аманатқа қиянат жасағандай жаманатты іс екенін біреу білген жөн.

Бұл шаңырақта арыс тұлғаларды жан-жақты насихаттайтын әдеби кештердің мәнері де бөлек еді. Қателеспесем, 2012 жылы қазіргі қазақ әдебиетінің құбылысы, ақын «Ақшам хаттары», «Ырауан», «Алқоңыр дүние»  кейінгі жылдары шыққан «Бесінші маусымның жұпары» жыр жинақтарының авторы Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылық кеші өткен болатын. Студенттер ақынның өзгеше өлеңдерін жарқын дауыспен бірінен соң бірі оқығаны есімде. Біз болсақ, Тыныштықбек шайырға арнау оқыдық.

Қағазым өлсе өлер, сүйегі әбден сарғайып. 
Қаламым өлсе өлер қансыраумен. Ол – ғайып.
Көкірегінде көзі барларға оқылады
Шер жұпарына шылқыған өлең-маңдайым.

Не буынға, не бунаққа бағынбайтын ақ өлеңнің айбозы Тыныштықбек стихиясын тану үшін атүсті көз жүгіртіп немесе көңілге тоқымай оқу мүмкін емес. Бұл ақын да Абай секілді екінің біріне оңайшылықпен алдырмайтын қаламгер. Бір жолға біршама ой салмағын сыйдыру – Тыныш ақынның тылсымы болса керек-ті. Сөз жұпар, ой жұпар, өлең жұпар... Жұпарланған әлемнің жұмбақ ақыны ғаламның ғажап бояуымен – сыйқырлы қаламымен қиял бұлтына мініп алып, ара-тұра түйсігімізді түртіп отыратындай. Ал ұғып, сезініп, тұщынып болсақ, бұған мастанбағанда қайтеміз?! Шын туынды солай әсер етпей ме?

Хош, алыптар білім алған қастерлі орда туралы бірер сөз жазсақ, сол шаңыраққа деген ізгі ниеттің әрі сарғайған сағыныштың бір парағы деп түсінген ләзім. Ғажайып сөздің ғазиз сәулесі жарқырай төгілген бұл шаңырақтан әлі де талай сайыпқырандар түлеп ұшары анық.

Біржан АХМЕР