Болат ЖҮНІСБЕКОВ: БАС

(э с с е) 

Туған  Семейіме ширек ғасырдан соң қайтып оралған алғашқы күндері-ақ оны іздегенмін.

Ұстазды...

Қайым ағаны.

Көзкөргендер «елге келулеріңмен» деп құттықтап, тілекке тілек қосады, жігерге қанат байлайды. Рас, атамекенге не жетсін, бірақ алаш азаматы үшін қазақтың барша жері бірдей қымбат. Ұлы Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде-ақ  «Адамзаттың бәрін сүй бауырым», бірақ «Біріңді, қазақ, бірің дос,/ Көрмесең істің бәрі бос» деп ұлағат айтады.

Сондықтан «бүкіл Ұлы даланы жерім» деп білетін, ал Семейіме оралғанда ең алдымен Абай рухын  іздеген мен үшін Ұлы ақынның, оның немере інісі, кемеңгер Шәкәрім мен ғұлама Мұхтар Әуезовтің ескерткіштеріне тағзым жасаған соң, абайтанудың алыбы – Қайым Мұхамедхановқа  «жолығып, батасын алу» парызым еді.

Алғаш, жиырма жасымда марқұм досым Асқар Қайыртайұлы екеуіміздің арнайы сәлемдесіп, ақыл-кеңес сұрай барғанымыз күні бүгінгідей есімде. Ол – 1980 жылдың ақпан айы еді.

Ұстазды біз лекциясын аяқтағанын күтіп тұрып, аудиториядан шықпай жатып орнынан басқанбыз. Жарыса амандасып, өз жөнімізді айтқан соң, ол үстеліне қайта жайғасты. Жолынан бөгегенімізге қабақ шытпаған қалпы әңгімеге ықылас танытты. Өзімнің ҚазМу-дің журналистика факультетінің соңғы курсында оқитынымды, диплом жұмысымның тақырыбы «Мұхтар Әуезовтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы публицистикасы» екенін тезбе-тез айтып шығып, негізгі өтінішімді білдірдім:

-  Аға, ұлы Мұхтардың сарқытын ішкен шәкірттерінің бірі ретінде диплом жұмысыма қажетті материалдарды қайдан іздеуіме ақыл қоссаңыз екен?

Әдебиетші ғалымға әдеби тілмен жеткізгім келген сыйқым ғой, «сарқытын ішкен» сөздеріне екпін бере айттым. Ұстаз аузымды ашқаннан-ақ жымия бастаған. Бірден жауап қатпай, бөгеле берді. Мен болсам, «бүлдірдім-ау», «шаруам енді бітпейтін болды» деген өкініште отырмын. «Әлде сарқытын текке ішкіздім бе, қанша ұлы болса да басқаның қалдығын қаужағанның несі жақсы» деп іштей қипақтай бастадым.

Бірақ, зиялы азаматтың жымиысында кекесін де, зіл де жоқ екен. Сырттай қатал көрінетін, тіпті «Абай мен Әуезовтің асыл мұраларына ешкімді де жолатпайды» деп еститін ғалым аға жомарттық көрсетті. Алдымен Әуезовтің сол тұстағы жиырма томдық таңдамалысын, сосын соғыс жылдарындағы республикалық, жергілікті«Екпінді» (қазіргі «Семей таңы»), тіпті сол кездегі Жаңсемей аудандық «Ертіс оттарын» қарайтын болдым. Үмітпен барғанда, еңсең басылып, бетің қайтпағаны ләзім. Мен де, серігім Асқар да разы едік.

Сонымен М.Әуезовтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы публицистикалық мақалаларын  майдан және тыл тақырыптарына жіктей отырып, оларды «Қаһарлы сөз қамал бұзар...» (майдан тақырыбы) және «Бәрі де майдан үшін...» (тыл тақырыбы) деген айдарлармен үкілеген едім. Университетте үздік қорғаған диплом жұмысы кандидаттық диссертацияның тақырыбы ретінде бекітіліп, қазақ білімінің қара шаңырағына ассистенттік жұмысқа конкурс арқылы өттім... бұл енді өз алдына жеке әңгіме.

Қайым ағаның қамқорлығын өз басым алғаш осылай сезінген едім. Бір ауыз жылы сөзі мен бағыт-бағдары жастық жігеріме қанат байлаған. Енді, міне туған Семейіме қайта оралғанда тым құрыса хакім Абай мұрасының асқан білгірінің рухына тағзым жасау інілік борыш екені түсінікті. Қайым ағаның зиратын оңай таптық, ал ескерткішіне жалғыз келгендіктен алғашқыда бірден таба алмадым. Бір қызығы, айтқан жерге келгеніммен, ескерткіштің өзін көре алмай дал болдым.

Иә, әуелгіде Достық үйі жағынан келген бетте ескі ғимараттың іргесін айнала бере Абай кітапханасының алдынан бір-ақ шыққанмын. Кері айналғанда ғана барып аңғардым. Бірден байқамауым заңды екен. Сөйтсем... мен ұстазды жерден, кәдімгі пенделердің арасынан іздеп жүр екенмін. Мұхамедхановтың сом тұлғасын үйреншікті ескерткіш ауқымына сыйғызу екіталай болса керек. Оның үстіне, ескерткіш атаулының сом тұғыры болушы еді, ал мұның көпшіліктің көзі үйренген тас тұғыры да жоқ.

Бас... көкке шаншыла көтеріліпті.

Аспанда тұр.

Алғашқы әсерден жүрегім шым ете түскен. Найзаға, оның бірнешеуін қабаттай жалғаған найзаға шаншылған бас. Бұл ескерткіш туралы пікірлердің де біржақты емесін білемін. Оларға төрелік айтудан да аулақпын. Бірақ,  жаңағы сәтте санамдағы тұман бірден сейіліп  қоя берді. Асылы, өнер деген басқа ештеңеге ұқсамауымен, яғни қайталанбас қасиетімен дараланса керек. Көшірменің несі өнер!? Ал, ешкімге ұқсамайтын тағдыр иесінің ескерткіші де өзгеше болса керек.

Бас...

Ол шын мәнінде нағыз ғалым емес пе?! Абайтануда Әуезовтен соңғы тұлға Қайым екені аян. Мұхтар Омарханұлы айтпақшы, «адам мен адамды теңестіретін нәрсе–білім». Ал, адам баласының тәжірибесі арқылы жинақталған мол білімнің мекені Бас пен адам ағзасы.

Өзгеше шешім... авторы кім болды екен?

Қызыл диктатура талай мәрте найза кезеген бас. Әйтеуір, Алланың әмірімен жалғанға жарық түсірген  Бас. Ол не көрмеді. Туғанынан бастап, алдымен алаш арыстарына тілектес әкесі.... «қызыл қасаптың» құрбаны болды. Ұстазы Мұхтардың ақылымен Абайдың ақындық айналасын, сөз зергері шәкірттерін түгендеймін деп жүріп, өзі де сол «қызыл найзаның» нысанасына айналған. Ердің еңсесін басып, жыға алмаған тоталитарлық тажал Қайымды жиырма бес жылға темір торға тоғытқанын білеміз.

Қайыспады Ол.

Еңкеймеді Бас.

Ұстазына да, өзгеге де кір жуытпады. Тергеу үстінде алды-артын орағытып, майлы қасықтай жылмаң қаққан тергеушінің қақпанына түспей, діңкесін құртқаны анық. Алайда, азаптың аты – азап. Жарым Тоғжан ардақты Баян әкемізден қалған қағаздардың арасынан тауып алған Қайым ағаның хаты соған айғақ. Онда ғалым аға күркедей ғана «Ан-2» самолетінің ішін түрме тозағымен салыстырғанда ұжмаққа теңейді. Осыдан-ақ абайтанушы ғалымның тартқан тақсыретін сезінуге болады. Сол сияқты маған қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығының академигі Мұқатаев Амантай аға әкеп тапсырған Қайымның хатынан да ғалымның отқа жанған еңбегінен хабардар боламыз. Қамауға алған кезде «халық жауының» қағаздарын НКВД жалдаптары түгел сыпырып алып, ұшты-күйлі жоғалған екен.

Қарлагтан оралған соң, Қайым аға заманның түзелгенін күтпестен қайта майданға түсті. Мақсатына жетті: Абайдың ақын шәкірттері өмірге оралып, елімен қуана қауышты. Шәкәрім Құдайбердіұлы боп, Көкбай Жанатайұлы боп және Ақылбай мен Мағауия боп.... 

Ғалым аға рухымен алғашқы жүздесуден соң, ескерткіштің авторы Оразанбаймен өзімнің алғашқы әсерім, ескерткішті көргенде жанымның қалай түршіккені туралы ой бөліскенмін. Әрине, авторды ренжітіп алмауға тырыстым «найзаға шаншылған бас» деген ұнай қояр ма екен?

Баяғы сол Қайым ағаның жымиысын көрдім. Бұл да жауап қайтаруға асықпады. Образға кірігіп кеткен бе дерсің, тіпті. Бірақ, оның өзі де ескерткіштен тап осындай әсерді күткендей.

Енді екеуіміз де ағымыздан жарылғанбыз.

Әй, Оразанбай-ай, бүйтпесең «шайқы» болармысың. Жүрегің қандай сезімтал еді! Қайталанбайтын тұлға келбетін осындай өзгеше  тұрпатты... неге бөгелдім, әлде мен осы мен «қайталанбайтын» теңеуін Оразанбай шайқыға қимай отырғаннан саумын ба?

Тап солай.

Бірақ, шындығына келсек, қайталанбайтын тұлғаны, құрышқа көшіру үшін де шебер өзгеше мінездің, яғни қайталанбайтын мінездің иесі болуы керек секілді. Әрине, ондай мінезбен елге жаға беру қиын, тіпті мүмкін емес. Мәселе, сонда, жаңағыдай қисық мінезді өнер иелері өтірік жалбақтауды білмейді. Көргенін ашық айтады және өзгеше көру мен тану тән оларға. Ал, баршаға жағу мүмкін де емес, қажет те емес.

Өзгеше мінезден ғана өзгеше өнер туады. Олар қоғамға да, айналасына да жайсыз. Бұл үшін, бірақ, жаралғанда жабысқан мінезді қалайша жазғырарсың. Ол табиғи мінез өтірік жалбақтауды білмейді, ал дұрыс арнаға бағыттай білсе, бір-бірінен аумайтын пенделерден әлдеқайда пайдалы.

Ескерткіш Қайым ағаны аспандатып, оның авторымен тағы бір жолыққанша асықтыра түскен.

 

Болат Жүнісбеков,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік қорық-музейінің

директоры