1889 жылы жарқ етіп, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы - «Сегіз аяқ» атты жыр туылды. Абайдың оның мазмұны мен мақсатына ерекше зер салғаны - мінсіз мүсінделген қиын ұйқасынан да, әдейі арнап ән шығаруынан да айқын еді. Мұнан бөлек, тағы бір әйдік белгі бар. Ол - ақынның атақты өлеңнің басын, яғни арнау сөзін қайта түзеп жазғандығы. Төмендегі мақсат - осы арнаудың көпшілікке беймәлім нұсқасын сараптап, тексеруге саяды.
Алдымен бас абайтанушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің пікіріне көз тігейік: «Сегіз аяқ» - ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан, зор шығарманың бірі» (Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. – 137 бет), - дей келе, Мұхаң терең ой-пайымдарын былайша тиянақтаған: «Абайдың кейінгі жырларынан осы «Сегіз аяқтан» басталған көп мұңды көреміз» (сонда, 139 бет). Соңғы сөзде «Шүбәсіз, ұлы ақынды қайғы-шерге қамаған - қалың елі қазағының тағдыры, ал сол «мамықтан төсек, тастай боп кесек» ұйқысын шайдай ашқан кезең қайсы?» деген сұрақтың жауабы тұр. Демек, «Сегіз аяқ» - Абай қайран жұртының мұңын мұңдаушы, жоғын жоқтаушы халық ақыны боп толықтай қалыптасқанының куәсі. Жырдың алғашқы ойшылдық үлгідегі толғау болуы осыны растай түседі.
Абай - халық ақыны дегеннен шығады, бұрын ешкім таппаған шебер түрмен жазылған «Сегіз аяқ»-тың сырлы сөздері сол кездің өзінде-ақ ешбір адамды бей-жай қалдырмаған. Айталық, жас ақын Шәкәрім осы жырдың ұйқасына айнытпай салып, өзінің «Жастық пен кәрілік» деген жырын жазған (бұл шығарма 1879 жылғы деп білетіндер қатты қателеседі). Жастық арыны басылмаған Шәкәрімнің қылығына, ермек үшін жазған жырына Абай қатты қапа болып, осы 1889 жылы «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген жауап өлеңін жазғаны хақ. Онда Абай:
Өлеңі бар өнерлі інім, сізге
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге, -
дегенді өлеңі бар жалпыға емес, нақтылы інісі Шәкәрімге айтқан. Оған қылаудай күмәніміз жоқ. «Арсыз» деген есеңгіреткен соққыдан есін жиған соң Шәкәрім «Жастарға» атты жүрекжарды толғауын жазып, ағасынан кешу алады. «Сегіз аяқтан» басталған қос ақын диалогы осылай аяқталған-ды.
Маңызы терең мәселе сол, атақты жыр қазақ деген жұрттың сөз өнерін ғана емес, санасы һәм ойлау деңгейін де бір саты көтерді. «Сегіз аяқ» бүккен сырларға шолуымды осы пайыммен сабақтағым келеді.
Енді келелі шығарманың арнау сөзіне қайтып оралайық.
Жаңа аталған еңбегінде Мұхаң: «Үлкен өлең ...аса шебер арнаудан басталады» деп көрсеткен. Бұл жерде «арнау» деп сегіз жолдан қайырылған алдыңғы үш шумақ, жиыны - 24 жол меңзелген (бұл «Сегіз аяқтың» негізгі мазмұны:
...Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде, -
деген жолдардан басталады деген сөз). Абай осы арнауды (24 жол) қайта қарастырып, жақсартып жазған дегенге нанымды дәлелдеріміз кәне.
Абай өлеңге арнауды кемінде екі мәрте жазған дегенді Мұхаң естіген, білген, бірақ әуелгі нұсқа қолына түспегенін былайша аңдатқан: «Абайдың әдетінде бір жазған өлеңін қайта түзеп жазып, қайтадан қарастыру машығы жоқ. Жалғыз ғана «Сегіз аяқ» деген өлеңнің басын қайта бір түрлі қылып айтып еді» деген сөз бар» (Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. Қызылорда, 1933 жыл. -382 бет).
«Қолжазба жанбайды» демекші, сөз болып отырған әуелгі үлгі-нұсқа абайтанушы Қайым Мұхаметхановқа тап болғанын қараңыз. 1951 жылы Шыңғыс болысының азаматы, Оразке Уақбай баласының қолжазба дәптері Абай музейіне түскен екен. «Жаңадан табылған сегіз өлең жайында» деген зерттеу мақаласында ғалым осы оқиғаны айта келе, былай деп жазады: «Оразке қолжазбасының тарихи құндылығы – Мұхтардың «Сегіз аяқ» өлеңі туралы естіген сөзін расқа шығарып отырғандығы» («Абай» журналы. – 1992. №2. -50 бет).
Бәрекелді деп, «Сегіз аяқ» арнауын бастапқы түрінде оқып көрейік:
Тереңнен қозғап,
Жүректен толғап,
Буынды, бойды босатқан.
Көргіштің көңілін,
Білгіштің өмірін,
Жаңартып, жайып жасартқан.
Жалынды, нұрлы күшті тіл,
Сайраймын десең өзің біл.
Сөзіңнің гүлін,
Шеберлік түрін,
Салуға деймін мінің бар.
Дарияны түптеп,
Меруерттей үптеп,
Өткізе берер кімің бар.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ ойға олақ.
Басында мый жоқ,
Қорықпаса сый жоқ,
Екі жүзді қайда жоқ.
Тасдиқсыз иман,
Тағылымсыз қылған,
Тағатында пайда жоқ.
Мұнафиқ мінез шыны жоқ,
Пайдадан басқа мұңы жоқ.
Оразке қолжазбасы арқылы бүгінгі күнге жеткен үш шумақ міне осы.
Мына қызыққа қараңыз, ортаңғы сегіз жолдың үшінші түрі де бар екен. Ол Оразке қолжазбасынан да, қазіргі жинақтардан да бөлек. Оны, сенсеңіз, алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Қалқаман-Мамыр (Шәкәрім)» атты мақаласынан кездестіріп отырмыз. Әлекең келтірген сегіз жол мынау:
Оюын ойып,
Орындап қойып,
Түр салғандай өрнекке.
Қиыннан қиып,
Қиырдан жиып,
Құрап сөзді термекке.
Еңбекке егіз тіл мен жақ.
Ерінбесең сөйлеп бақ!
Өзіңіз де байыппен оқып, салыстырып көріңіз, Оразке қолжазбасынан да, сондай-ақ, қазіргі жинақтардағы:
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас, -
деп басталатын сегіз жолдан да мүлде бөлек дүние емес пе.
Кәкітай 1905 жылы Абай мұрасын шығару қамында Омбыға барып, Әлиханға жолыққаны, екі дос талай күндер бірге болғаны аян. Сондықтан Әлекең жаңағы шумақты Кәкітай өзімен ала барған Абай шығармалары көшірмесінің бірінен алған шығар-ау деген жорамал туады.
Қазіргі «Алыстан сермеп, жүректен тербеп» деп басталатын арнау, иә, Абайдың иін қандыра жақсартып жазғаны. Олай болса, біз сөз етіп отырған алғашқы үлгісі керек пе? Әрине, керек, ол өзіндік сөз өрнегі, мейлі, мән-мазмұны десең де құнды олжамыз деген ойдамын. «Тасдиқсыз иман, тағылымсыз қылған, Тағатында пайда жоқ» немесе «Пайдадан басқа мұңы жоқ» сияқты сөздер ескірді, пайдасыз деп ешбір адам айта алмас.
Негізі, жарияланбай, тасада қалып келе жатқан Абай өлеңдері көп. Соның бірі – «Ақылды әдет жеңбегі» деген үш шумақ өлеңге 1995 жылғы Толық жинақта тек «Түсініктер» бөлімінен орын тиген. Оның Абайдікі және «Сегіз аяқ» өлеңімен мерзімдес жазылған туынды екені күмәнсіз.
Діни ұғымда жақсы да, жаман істерің жазылып отырады һәм махшарда (қабірден әрі өткенде) жақсылық іс – жолдасың, қиянатың – сорың болмақ.
«Көк тұман – алдыңдағы келер заман» (1897) өлеңі төртінші шумағы:
Әділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде, -
дейтіні сол. Соңғы жол күдікті көрініп, ол «Үш жолдасың...» деп түзетілсе делінген (Абай. Екі томдық жинағы. Алматы, 1995. -248 бет). Жоқ, келісе алмаймыз. Өйткені, «шын үй» («бақилық үй») деп қазақ о дүниені айтқан. «Үй (о дүниеде) жолдасың...» деп, Абай да осы мағынада қолданған дейміз.
Соңғы 1995 жылғы жинақта, әсіресе, қара сөздерге қатысты олқылық көп-ақ. Мәселен, 45-сөздегі «Айғыр биеге ие болмақта да махаббат сезім бар» деген дұрыс сөйлемнің соңы «...махаббат пен сезім бар» деп бұрмаланып басылған. Яғни бір нәрсе екі нәрсе боп, мағынасы бүлінген.
Қорытынды: Абай шығармаларын танып болдық, түгендедік, түзеттік, болды, бітті деп тоқмейілсуге әлі ертерек. Абайдан шыққан әр сөз – киелі, баға жетпес асыл қазына. Осыны ұмытпайық, ағайын.
Асан Омаров,
зерттеуші, филос.ғыл.кандидаты.