(Сәбит Мұқановтың Әуелбек Қоңыратпаевқа жазған хаты)
«Қазақта бірінші орын Абайға тиемел» дейді Тәкен Әлімқұлов.
Иә, бірінші орын - аманда Абайдікі. Қай заманда да, қай кезеңде де. Сондықтан да Абай туралы абайламай айтып қалуға, асығыс пікір өрбітуге ешкімге де жол жоқ.
Біз бүгін Сәбит Мұқановтың Абай туралы асығыс атүсті айтқан бір пікірін «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік. (Бір таң қалғанымыз, С.Мұқанов мұны 30-шы, я болмаса 50-ші жылдары емес, тіпті бертінде айтқан!). Баршамызға сабақ болу үшін.
Құрметті Әуелбек!
Июль-август айларында демалыста болып, Алматыға августың аяғында оралсам, үйде жиналған корреспонденциялардың ішінде «Жұлдыз» журналының сегізінші саны жатыр екен. Соның мазмұнын қарасам, сенің «Романдағы шеберлік туралы» мақалаң жүр. Мен сенің қаламыңнан туған еңбектердің бәрін қадағалап оқитын адамның біреуімін, - өйткені, сен әдебиеттік мәселелердің әрбіріне толғаулы пікірлер айтасың. Мына мақалаңа да сол сөзбен қарап оқып шыққанда байқасам, бас жағы жалпы теориялық жайларды баяндағанмен, көпшілігі «Аққан жұлдызға» арналған екен. Бұл роман туралы айтқан пікірлеріңе қосарым да, аларым да жоқ. Өйткені, баспада көрінген әрбір шығарма туралы әрбір оқырман қандай пікір айтса да ерікті. Тек қана айтарым, мақалаң жолдастық көңілден объективтік түрде жазылған. Оныңа сансыз рахмет.
Дегенмен, кейбір мәселелер туралы аздаған пікір де айтқым келеді. Ең алдымен, мақалада өзің айтқандай, бұл кітап романның бәрі емес, бір бөлшегі ғана. Бұл кітапта Шоқанның туған-өскен жері, ата-бабасы, ата-анасы, балалық шағын өткізген ортасы, Омбыға оқуға бару себебі, ол оқуды қалай бітіруі, сөйтеп қызметке тағайындалу жәйлары ғана сөз болады. Оқырман жұртқа ең қажеттісі: Шоқанның өз қара басының қылықтары мен мінездері, атқарған істері. Бұлар романның екінші және үшінші кітаптарының сыбағасына жататындар. Екінші кітап біраз денделіп қалғанда, жазғытұрым аздап сырқаттандым да, дәрігерлер жазу жұмысынан тиып қойды. Жаздай біраз жал алғаннан кейін екінші кітапты да аяқтау жұмысының үстіндемін. Сәті түссе алдағы қыстың аяғына дейін типографияға тапсырмақпын. Үшінші кітапты 70-71-жылдардың ішінде жазып бітіру дәмесіндемін. Оны тіршілік, саулық, тиыштық білер. Екінші айтайын дегенім, «Абай» романы мен «Аққан жұлдызды» салыстыру жайында. Орыста «Всякая анология относительно» деген сөйлем барын білесің. Бұл рас қағида. Әрбір жеке адамдардың біріне-бірі қандай ұқсас болғанымен дәл келмейтіні мәлім. Сол сияқты, басқа шығармаларға ұқсамаған шығарма ғана оригиналдық бола алады. Аталған романдарға да осы көзбен қарау қажет.
Жалпы, идеялық жағынан Шоқан мен Абайдың арасында ұқсастықтар болғанмен, индивидтік көзбен қарағанда екеуі екі басқа адам.
Ең алдымен ол екеуінің өскен ортасы, алған білімі және ой-өрістерінің кеңдігі мен биіктігі екі басқа. Абай көшпелі қазақ ауылдарының ішінен ұзап шықпаған, ең алдымен - Семейден әрі бармаған кісі. Оның ой-санасы да осы аумақтың төңірегінде. Ал Шоқанды алсақ, қазақ даласының Абай аяқ баспаған көп өлкесін қыдырған, Сібірді түгел аралаған, Орта Азияны түгелге жақын кезген, Орталық Россияны жақсы білетін адам. Сондықтан оның көрген-білгені де Абайдан әлдеқайда кең. Оқу білімінің мөлшерін алсақ, соған байланысты дүние тануын алсақ, Абайды Шоқанмен өлшеуге болмайды. «Орыс мәдениетімен байланысты» дегенде, Абайдың қолы жеткен адамы - Долгополов пен Михаэлис қана. Олар сол кездегі орыстың мәдениетінде де, қоғамдық пікірінде де кішкентай кісілер. Шоқанның араласқандары орыстың және дүниежүзілік ғылымның ең биігіне көтерілген адамдар. Әлеуметтік және таптық мәселелерге келгенде, Абайдың жеткен өресі - гуманизм ғана, оның да абстрактный түрі. Ал Шоқанды алсақ, социалистік идеяға жете алмағанымен сол уақыттағы демократиялық идеяның ең бигіне көтерілген және саналы түрде көтерілген адам. Ендеше, бұл екеудің ой-санасының өрелерін теңестіріп, екеуінің арасынан анология табу қиын. Олардың ұқсастығы көп жағдайда ішкі емес, сыртқы ұқсастық. Сондықтан әрқайсысына әдебиеттік образдары да өз бойларына сәйкес болу керек.
Абайды өз мөлшерінде Мұхтардың жақсы көрсеткені рас. Онда да - бірінші және екінші кітапта ғана. Үшінші, төртінші кітаптағы Абайды, мен өзім, Абайды өсіру жолында алғашқы екі кітаптың жалғасы дей алмаймын.
Ендігі мәселе - Шоқанның әдебиеттік бейнесін, халық тілеп отырған мөлшерде көрсете алу. Жұрттың, олардың ішінде - сенің әзірге оқығандарың «Аққан жұлдыздың» бірінші кітабы ғана. Бұл кітаптар жоғарыда айтқандай, Шоқанның ата тегі, туған жері, балалық шағы, Омбыға оқуға кету себебі, қалай оқығандығы ғана әңгіме етіледі. «Ал, енді Шоқанның өзі қандай дәрежеде өсті және не істеді?» деген сұрауларға жауапты кейінгі екі кітап (мүмкін үшеу болады) баяндап беруге тиісті. Екінші кітап жазылу жағынан еңсеріле бастаған кезде науқастанып қалдым да, дәрігерлердің ұсынысымен жазуды біраз уақытқа доғаруға тура келді. Төрт-бес айдай дем алған уақытта біраз тыныққан, ой жағынан да, бой жағынан да қуат жинаған сияқтымын. Сол қарқынмен тағы да қағазға отыра бастадым. Сәті қаншалық боларын алдағы күндер көрсетуге тиісті. Өз бойымда халықтың бұл шығармаға артар үмітін түсінетін сияқтымын. Сол үмітті ақтауға тырысам.
Екінші кітаптың үлкен бір кесегі «Жұлдыздың» биылғы октябрь, ноябрь сандарында басылып жатыр. Оны оқығаннан кейін, пікіріңді хатпен болса да білдірсең, алдын ала көп рахмет айтам.
Қаламдастық сәлеммен, Сәбит Мұқанов.
ДЕРЕККӨЗ: "ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ" ГАЗЕТІ