АБАЙ ТАҒЫЛЫМЫ – МӘҢГІЛІК АЗЫҚ

Абайдың атын иеленген Қазақ Ұлттық педа­го­гикалық университеті – қазақтың тұңғыш жо­ғары оқу орны. Оқу ордасының негізі Ташкент қа­ласында қаланса да, Алматыда 1928 жылдан бе­рі жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие бе­ріп келеді. Қазақ халқының болашағы болар өсер ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін ұстаздар қауы­мы осы университеттен тәлім-тәрбие алып, жол­дама арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріне та­рап жатады. Тұңғыш жоғары оқу орнының жаз­ба әдебиеттің алыбы, ойшыл, философ Абай аты­мен аталуы дер уағында қолға алынған іс. Абай әдебиеттің ғана емес, жалпы қазақ ру­ха­ния­тының қайнар көзі. Нағыз алашшыл, адамзатшыл ар­дақты ағаларымыз оны пір тұтып, өмір бойы на­сихаттап өткен. Алаш жұртының басы Ә.Бө­кей­ханов та, қазақ халқының рухани көсемі А.Бай­тұрсынов та, қазақты әлемге танытқан М.Әуезов те Абай мұрасын игеру бірінші кезектегі міндет санаған. Сонау ХХ ғасыр басында-ақ Ә.Бөкейханов Абайдың үлкен поэтикалық қуаттың иесі екенін елден ерек құрметтесе, А.Байтұрсынов «Абайды күллі қазақ танып білуге тиіс» деді. Абай­ды «Қазақтың бас ақыны» дегені ақи­қатқа айналған қанатты сөз. Ал  М.Әуезов ақын жай­лы ізденісін ұзақ жыл үзбей жалғастыра ке­ліп, төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» роман-эпо­пеясы мен ақын жайлы ғылыми монография­сын жарияласа да, «Абай түбі терең мұхит қой, мен одан қасықтап қана алдым» деп мойындауы таң қаларлық. Халыққа бергенінің өзіне қом­сы­нып отыр. Қазақ халқы өз Абайын осы алаш аза­маттарындай танып-біліп, ардақтай алса, бү­гінде қазақтың әр баласы рухы мен ақыл-ойы то­лысып, өркениеттің төрінде жүретіндігіне сенім мол. Абайдың өзі жазғандай, адамда жан құмар­лығы, тән құмарлығы дегендей екі түрлі қалау бо­лады. Тән құмарлығы адаммен бірге айуанға да ортақ, ал жан құмарлығы тек адамда ғана бар. Абай біздің осы жанымыз бен рухымызға азық болған зор тұлғамыз.    

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиевтің ті­келей бастамасымен 2008 жылы «Абайтану» ғы­лыми-зерттеу орталығы ашылған. Ғылыми-зерт­теу орталығының ашылуы таң қаларлық жай бол­мағанымен өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда ғы­лыми-зерттеу жұмысы жүргізіліп қана қоймай, Қа­зақстан бойынша алғаш рет қолға алынған игі іс­тің бастауы болды. Сол 2008 жылдан бері оқу ор­дасы барлық мамандықтары бойынша сту­дент­тер­ге алғашқы дәрісін «Абайтану» саба­ғымен бастап келеді. Орталықты басқаруға қоғамдық ой-санаға мол үлес қосып жүрген көрнекті қай­рат­кер, бірегей абайтанушы ғалым М.Мыр­зах­метұлы шақырылған. Ұлы ойшылдың өмірі мен мұрасы бүгінге дейін мүмкіндігінше зерттелді, әйт­се де ой әлемінде Абай айтқан жан сыры жайлы танымдар көпшілік қауым түгілі, ғылыми ор­таға да етене сіңісіп кете қойған жоқ. Яғни көп­шілік қауым ақын Абайды біршама жақсы біл­генімен, хакім, ойшыл Абайды толық игере ал­май жатыр. Өз заманында М.Әуезов, А.Бай­тұрсынов, Қ.Жұбанов, Т.Тәжібаев бастап, беріде Қ.Мұқаметқанұлы, М.Мырзахметұлы тереңдей зерттеп, ғылыми айналымға алып келген Абай­дың адамгершілік ілімін бүгінде университет шә­кірттері «Абайтану» сабағы арқылы үйренуде. «Абайтану» пәнін сабақ ретінде енгізіп, оны бар­лық факультеттің қазақ, орыс топтарындағы сту­­­денттерге бір семестр бойы өту – Абай уни­вер­ситетінде жүзеге асып отырған игілікті бастама. Шәкірттерімізді түрлі ғылым негіздерін мең­гертіп, мықты маман дайындау басты мін­де­тіміз. «Абайтану» дәрісінің толық курсын қа­был­да­ған студенттердің адам, өмір, заман, иман жай­лы түсініктері бүтіндей басқаша. Ақын шә­кірттеріне Абай алды медресе болғанындай, ең алғаш 1942 жылы ҚазМУ-де М.Әуезов оқыт­қа­н а­бай­тану курсы мен бүгінгі Абай атындағы у­ни­вер­ситетінде жүріп жатқан «Абайтану» пәні Қа­зақстандағы барлық жоғары оқу орын­да­рын­дағы жастарымызға жеткені ләзім. Абайтану пә­ні шәкірттерді жоғары, ой-саналы мәңгілік, құн­дылықтарға қарай бет бұрғызары сөзсіз. Уни­верситетіміздегі шәкірттерімізге үйретіліп жүр­ген «Абайтану» дәрістерінің басты мақсаты – ақи­қатты танытып, адамгершілікті арттыру. Ке­зін­де Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Әуе­зовтер бастаған Абай тағылымы дәстүр жалғасын тауып, Абай атындағы оқу ордасымен қоса Оң­түстік Қазақстан, Қарағанды, Өскемен мем­ле­кеттік университеттерінде оқытылып жатса, Қ.А.Иассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік уни­вер­ситеті мен Қыздар мемлекеттік педа­го­гика­лық университетінде де қолдау тауып отыр­ғаны қуантады.

Университетіміздің ұсыныс жасап, бастама кө­теріп оны Ғылым және білім министрлігінің қол­дауымен әр екі жылда оқу ордамызда «Абай әле­мі» атты республикалық конкурс өткізу дәс­түрге айналған. Конкурсқа республикамыздағы отыздан  аса жоғары оқу орындарының студент­тері қатысып, Абайдың өлеңдері, қарасөздері мен ән­дері бойынша өнер, білім сайысына түсіп, өз бақ­тарын сынайды. Байқау екі-үш күнге созылып, жеңімпаздар анықталады. Сол сайыс ая­сын­да Абай рухын асқақтататын іс-шаралар өте­ді. Байқауға М.Мырзахметұлы, С.Қалиев, І.Халитова, А.Ісмақова, Ж.Шаштайұлы, И.Са­пар­бай, Т.Шапай, Ж.Шойынбет, М.Бекбосын, М.Әліпхан секілді ғалым, ақын-жазушылар қа­зы­лық етіп келді. Кезекті төртінші «Абай әлемі» рес­публикалық сайысын өткізуге дайындық үс­тіндеміз.

«Абай» ғылыми-зерттеу институты (биылдан бас­тап институт) профессор, белгілі абайтанушы ға­лым М.Мырзахметұлының Абай іліміне қа­тыс­ты зерттеулерін негізге алумен сегізінші жыл жұ­мыс жасап келеді. Осы жылдар ішінде институт ғалымдары тарапынан қомақты ғылыми нә­­­тижелер дүниеге келді. М.Мырзахметұлының Ал­маты, Астана, Түркия, Жапониядан Абай ту­ра­лы терең танымды зерттеулері мен кітаптары жа­рық көрді. Институттың қазіргі директоры Ж.Шойынбеттің «Абайдың қарасөздерінің ерек­шеліктері», аға  ғылыми қызметкер М.Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» атты монографиялары және көптеген ғылыми ма­қа­лалары жарияланды.

«Абайтану» дәрісінің студенттерге оң әсер етіп, қызығушылықтарын оятқандығы сонша­лық, олар осы пән аясында түрлі тақырыптарды қам­туды талап ете бастады. Тәрбие жұмысы, жас­тар саясаты және мемлекеттік тілді дамыту жө­ніндегі басқарма сол ұсыныс-тілектерді ескере отырып, пәнді әр жыл сайын уақыт сұра­ны­мына сай тереңдете оқытуды жоспарлап отыр. Хакім Абайдың туғанына 150 жыл толу мерей­тойын­да Елбасымыз Н.Назарбаев: «Абайдың әуелден-ақ әкенің баласы болмай, адамның баласы болуды армандағаны белгілі. Бұл жолғы той­дың төріне сол көксеген мұратына жетіп, бар­ша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат Адамзат Ардағы, Адамзат Ақыны, Адамзат Ақыл­маны болып көтеріліп отыр. Бұл жолғы сал­танаттың Алматы мен Семейден, Қарауыл мен Жидебайдан басталмай, Батыс пен Шы­ғыстың іргелі елдерінен, Еуропа мен Азияның ең бе­делді мемлекеттерінен, Мәскеу мен Стамбул, Париж бен Пекин сынды әлеуметтік астаналардан басталғаны да – соның айғағы», – деген бо­ла­тын. Біздің Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Президентіміз бас­тап берген игі істе хакім Абай даналығын наси­хаттауда, оны әуелі қазаққа, одан әлемге танытуда өзіндік үлесін қоса беретін болады.

 Жанатбек ІШПЕКБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық

университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры,

саяси ғылымдарының кандидаты, профессор

 

ДЕРЕККӨЗ: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ГАЗЕТІ

18.03.2016