АХМЕТ ЖҰБАНОВ: АБАЙ

Абай Құнанбаев Тобықты руынан – қазақ ақындарының ірісі, қазақтың жазба әдебиетінің ірге тасын қалаушы, 1845 жылы туып, 1904 жылы 59 жасында қайтыс болған. Білімі, шынында, өз бетімен ғана алынған, қазақ мектебінде төрт-ақ ай оқыған (орысша оқытатын мектеп.А.Ж.), ал орысша түсінуді, сөйлеуді ол Семей губерниясына ауып келіп, қазақтың аса дарынды далада жатқан сом алтындай, адамды өзіне еріксіз тартатын адамын біліп, сүйіп кеткен өзінің народовольцтері – достары арқылы үйренді. Құнанбаевтің өзі олардың ішінде әсіресе геолог Михаэлисті (Чернышевскийдің досы) жақсы көріп, оны өзінің бас ұстазым деп түсінді. Осы орыс достарының жәрдемімен Абай Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың творчествосымен танысты, олардың шығармаларынан тілі аса көркем қазақ өлеңдерімен көптеген үзінділерін аударды. Ол соларға музыкалық әуен шығаруды да жақсы көрді, бірақ ондай істе керекті дарын мен талғамы жетпеді. Шынын айтсақ оның шығарған мелодияларының көпшілігі қазақ музыкасының стилімен, характерімен жанаспайды, оның үстіне, топас маршпен жылайман романстан бастап, төмен сапалы орыстың диллетанттық музыкасымен таныстығы (кейде тура ұсап та кететін уақыттарын есептемегенде) сезіледі. Алайда, осында келтірілген «Татьянаның хаты» («Евгений Онегиннен») музыкасы жағынан қазақ авторының сәтті шығармаларының біріне     жатады» — дейді «1000 әнге» жазған түсінік сөзінде А.Затаевич.

А.Затаевичтің бұл жазғанын әңгіменің басына келтіріп отырғанымыз, бұл баспасөз жүзінде бірінші рет Абайдың музыкалық қимылы туралы маманның аузынан шыққан баға. А.Затаевич Абайдың әдебиеттегі үлкен орнын дұрыс бағалай келе, оның музыкадағы орнына тиісті әділ сын айта алмайды. Әрине, оның да түрлі себептері бар. Оған кейінірек тоқтаймыз.

Біз Абайды бұл «Замана бұлбұлдары» болып аталатын кітабымызға енгізіп отырғанымыз – Абай да басқа әншілердей қолына домбыра ұстап, ел аралап, ән салып жүрді деп емес, Абайдың қазақтың ән қазынасына қосып кеткен үлкен үлесі жәйлі айта кету.

Абай қазақ музыкасынан ерекше орын алады. Оның бізге әр қилы болып жеткен әндерінің сан жағын алғанның өзінде белгілі қортынды шығаруға жететін маңызы бар. Оны айтып отырғанымыз – ауыздәстүрлікке байланысты (нота жазуы жоқ кез деген мәнде) басқа қазақ әншілерінің шығармалары сияқты Абай әндері де көптеген варианттармен, өзгерулермен бізге жетті. Сол варианттардың бәрін салыстырып, ғылым тұрғысынан аудара қарап, ақтара тексерсе, көптеген көркем сырлары ашылады. Бұл жөнде істелген, істеліп жатқан істер бар.

Өз заманындағы ән, күй шығарған халық композиторлары сияқты, Абай да нота сауатын аша алмады. Сондықтан музыка шығару жөніндегі қолында болған құралы Біржан, Ақан, Жаяу Мұсадан артық болған жоқ. Бұ да тек өзінің музыкалық қабілетіне, бар даусына, домбыраға сүйенді. Бірақ Абайдың музыка шығаруға келу жолы ерекше болды. Ұлы орыс халқының мәдениетімен таныс, оның демократ ақын-жазушыларының шығармаларын оқығандығы арқасында ол қазақтың әдебиетінде бұрын-соңды болмаған жаңалықтар тудырды, өлеңдеріне жаңа өлшеу, ырғақ енгізді. Оның бәрі де қырдағы адамның жаңа заман желін, оның баяғы ырғақ, жүріске өлеңдері Абайдың музыкалық творчествосына тікелей әсер етті. Абай әндерінің методикасы, ырғағы, формасы өзіне дейінгі келген қазақ әндеріне ұқсамады. Бірінші жағдай – Абай әндерінің әрқайсысының өзіне меншікті өлеңі болды. Қазақтың халықтық дәстүріндегі он бір буынды өлеңге келетін болса, әннің сөзін білмейтін не ұмытқан адамның: «Қарағым айналайын келдің қайдан» деп айта беретініндей «еркіндік» мұнда жоқ. «Сегіз аяқты» «Көзімнің қарасының» сөзімен айта алмайсың. Міне, бұл жәй – музыка мен сөздің профессионалдық дәрежеде қосылуы болды. Осының өзі айта қалғандй жаңалық болды. Сөйтіп, Абай музыка шығаруға сөз (текст) арқылы келді.

Абай бүкіл шығыстың, орыстың, қазақтың халықтық, профессионалдық әдебиетін терең зерттегеніндей, музыкада да алдымен қазақтың халық әндерін, күйлерін жақсы білді. Ол Біржанның, Ақанның, Жаяудың әндерін жоғары бағалады. Сонымен қатар қазақтың асбапты музыкасын жете білді. Осылардың нәтижесінде Абай қазақтың халықтық музыкалық интонациясы шеңберінде үлкен, терең тамырланған ортада болды. Поэзисы халықтық демде суарылған болса, музыка дүниесінде де Абай қазақтың халық музыкасының мұхитында тәрбиеленді. Абайдың ән шығарудағы қадамдарының кейбіреулері осы бағытта, алғашқыда форма жағынан да халықтық негізде басталды. Мысалы «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген әнінде, сөзсіз, арқаның ән дәстүрі көрінеді. Ол әннің формасында да, интервалдық секірулерінен де,сөздің буындарына сай келетін белгілі созатын, көтеретін жерлерінен де көрінеді. Сол сияқты «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнінде де халықтық ән формасы басым. Әрине, бұл әннің мелодиялық дамуында бірқатар жаңалықтар бар. Әсіресе Абай музыка сөйлемінің ортасында бір дыбысты созып, шырқатып тұрмайды. Ол сөзге көбірек мән беруден, бірінші планға кейбір әндерінде сөзін қоюдан болуы да мүмкін. Соның өзінде де ол қазақ интонациясынан кетпейді. Ал сөзді бөлу – речитативті түйін қазақ музыкасында тағы бар қасиет. Ондай әндер де аз емес. Айтарымыз – Абай ән шығаруға қазақтың халықтық бай музыка интонациясын жақсы – біліп, сол бір ән мұхитын аралап, жүзіп келді.

Үшінші, Абайдың басқа әншілерден айырмасы, ол қазақ әндерімен қатар, орыстың халық музыкасын, қаланың демократиялық әндерін және романстарды есітті. Ол Семейде бола жүре орыстың Глинка, Рубинштейн сияқты музыка шеберлерінің романстарын есітті. Абайдың жоғарыда айтылған орыс достары да оған музыка жағынан әсер етпей қойған жоқ. Демократиялық ән-романс лирикасы ол кезде Россияның прогрессивтік интеллигенцияның бір тобымен үнемі кездесіп жүрген Абай олардан, сөзсіз музыкадағы демократиялық ағымды түсінуге де жәрдем алды. Оның үстіне Абай аулына келген орыс достары, орыс қонақтары көңіл көтеретін кездерде ыңылдап ән салмауы, музыканың төңірегінде Абаймен әңгіме-дүкен құрмауы мүмкін емес. Бұларға қосымша Абайдың Петербургта оқып жүрген баласы Әбдірахман профессионалдық асбапты музыка үлгілерін, батыстың музыкалық шығармаларын  жаз айларында каникулға келгенде алып келіп жүрген. Абай ауылында солдаттықтан қашқан татарлардың сол арада қалып, қоныстанып, үйленіп, сіңіп кеткендері аз болмаған. Олар да өздерінің «тальянкалары», скрипкалары, мандолиналары арқылы татар, орыс халық әндерін, орыстық қалалық әндерін орындаған. Абай аулында домбыраға үш сым шек тағып тарту дәстүрі осылардың – мандолина үлгісінен болу керек. Біздіңше Абайдың әндерінде орыстың, украинаның халық әндеріне еліктеу, ән, романстық лирикалардың үлгісін алу, қаланың демократиялық музыка дәстүрінің ізінде болу – осылардың негізінде жаңа түрлі, жаңа ырғақты, жаңа мелодиялық құрылысты ән шығару Абайдың музыкаға келген жолының бір тарауы. Үлкен музыкалық арнаға құятын бүйірдегі сайлардың, жылғалардың ішіндегі әлпетті, әсерлі, Абай творчествосында жаңа жол ашқан ағыстың бір тарамы.

Абайдың тағы бір музыкалық ерекшелігі, оның музыкалық қамашауы болды. Абайдың асқан музыкалық қабілеті, қазақтың халық музыкасын терең білетіні, орындаушылықтың не бір түрінен хабары барлығының үстіне оның айналасында Мұқа сияқты скрипкашы, өзінің баласы Әбдірахман, Ақылбай, әнші Әлмағамбет, әйелі Әйгерім болды. Бұлардың алдыңғылары орыс, европа музыка үлгілерін орындаушы болса, кейінгілері қазақтың халықтық ән дәстүрінің белгілі адамдары болды. Бұлардың қолдарында тек домбыра емес, скрипка, мандолина, гармонь болды. Олар Абай шығарған әндердің тек тыңдаушысы, қошаметшісі емес, ол әндерді бабына келтіріп орындаушы және Абай тәрбиесі арқылы әдебиетте, музыкада әрбір жаңалықтың басы қылт ете қалса, өңмеңдерін созып, түсінуге, баурауға, айналаға үгіттеуге, соны өткізу жолында қолдарындағы бар рухани қаруларын жұмсауға даяр кісілер еді. Абай «ұйымдастырған» поэзияда, музыкада жаңа, өткір тіл, ұнамды үн, қолайлы ырғақ іздеу, тәжірибе жүргізу «лабораториясының» тілектес, мақсаттас, белсенді «мүшелері» еді. Бұлардың «программаларында» Абайдың күшті жақтарын алып, дамытып, әлсіз соққан жерлері болса оған шылбырдың  ұшын беріп, көтермелеп, көтеріп кету бар еді. Міне, сол мақсатта бұлар Абайдың жаратылыс берген қасиеттерінің кейбір шек қойылған кезеңдерін кеңейтіп алып кетіп те жүрді. Ол айтып отырғанымыз – Абайдың дауыстық шегі. Сөз жоқ, Абай Біржандай, Мұхиттай, Жарылғаптай алты қырдан асатын дауысқа қожа болған жоқ. Асбап үстінде отырып осы кездегі композиторлар сияқты дауыс жетпеген жерін жалғастыратын фортопианода ойнаған жоқ. Сондықтан, шағын да болса Абай да өзінің бар даусымен ән шығарды. Әдетте, ол заманда ақын, композитор, орындаушы –үшеуі бір кісі болатын. Әнді шығаратын да, бірінші рет орындайтын да сол маманның ролін атқаратын бір кісі болатын. Абай да сол рольден құтыла алған жоқ. Солай да болса, бұл арада да Абайдың басқа халық композиторларынан айырмасы болды. Жоғарыда аттары аталған Ақылбай, Әлмағамбет, Айгерім Абайдың «жәй даусы» мен айтып шығарып берген әндерін аузынан қағып алып, шырқата, үдете, құйқылжыта орындап кетті. Абайдың ролі –бірінші рет «автор даусы» мен орындап беру болды. Әрине, одан әрі Абай өз әндерін орындамады деген сөзден біз аулақпыз. Міне, осылай, Абай әндері аулынан шықпай жатып жоғарыда ескертілген «лабораториядан» өтіп, шыңдалып, біздің тілімізбен айтқанда Абай айналасының «литосынан» өтіп барып, халық алдына тарады. Оның үстіне жаңағы Абайдың музыкалық, әдебиеттік, әлеуметтік «антураждары» бір жағынан асқан «сыншылар» да болды.Олар табанда оздерінің пікірлерін айтып, әннің қасиеттерін санап, ұнамай тұрған жерін болса көрсетіп,біздіңше айтқанда музыкалық өзара сынды дамытып, Абайдың әндерінің анатомиялық,физиологиялық жақтарының бәрін тексеріп отырды. Мұндай жағдай қазақтың халық композиторларының көпшілігінде болған жоқ (Мұхит, Дәулеткерейді былай қойғанда).

Осы бір қысқаша баяндалған бірнеше түйіндер, жағдайлар,жаңалықтар Абайдың музыкаға келуін, музыкадағы іздену жолдарының өзгешелігін көрсетеді. Өйткені,бұл жолдың өзі де уақыт тудырған,заман сазына ере бермейтін,мыңмен болса да,өзінің жаңашыл мақсатын орындауда жалғыз да болса белсеніп күреске шығатын адамға,оның айналасындағы жас талапкерлердің білгенінше,өздері шәкірт бола жүре,бойындағы табиғи қасиеттерімен Абаймен бөлісуі,оның үстіне ән дегенде арқасы қозатын халықтың Абайдың музыкалық творчествосындағы ерекшелікті бірден көруі үшін,осындай Абай аулында болған ән шыңдаудағы алдын ала жүргізілген дайындық,аз мүшелі топтың еңбегі болғанмен көптің ісіндей нәтиже берді. Тарихта ондай аз топ болып басталып, кейін оның ісі прогрессивтік түйінде болса көбейіп кеткен жәй аз емес. Орыстың «Могучая кучкасындағы» 5-6 кісі тарих таңқаларлық істер істеп, музыканың халықтық негізде болуында осы күнге шейін үлгі аларлық жол тартып кетті. Біз бұл арада «Могучая кучка» мен Абай тобын салыстырғалы отырғанымыз жоқ. Оның бірі шын мәнісінде профессионалдық қалыпта болған топ, екіншісі поэзия мен музыкада жаңалық іздеген тек талапкерлік дәрежесінде ғана болған, бірақ құбылысы   ілгері кеткен орыс мәдениеті болған себепті тарихта елеулі орын алған, баста бір ауылдың «даурықпалары» болып, кейін рухани үлкен із қалдырған топ. Бұл топтың Абай әндерін орындау дәрежесінің жоғарғы сатысына жеткізуде, «ауылдан шықпай тұрып» шынықтыруда үлкен қимылы болса, енді сол шығармаларды халық арасына жаюды да олар үлкен роль ойнады.

Абай әндерін халық бірден түсініп кетті, бірден ауыздан ауызға қағып алып кетті десек, ол үстірт пікір болар еді. Абай әндерін түсінбегендер де аз болған жоқ. Бірақ ондайлардың қарасы түсінгендерден арығырақ болды. Әр кезде де жаңалыққа жаны жақын жастар жағы Абай әндерін бірден алып кетті. Одан кейін әншілер, өлеңшілер өздерінің репертуарларын байыту, жаңаландыру мақсатында Абай әндерін орындап кетті. Біреулері Абайдың асыл сөздерін сүйіп, халыққа жаю үшін айтып бергенде, кеткізе алмай жатса да, Абайдың әндерін сол сөздермен қоса орындауға мәжбүр болды. Ал Абай айналасындағы әншілер Абай әндерін жақсы орындау қалпына келтіріп алып ауыздары, аяқтары жеткен жерге жалғастырып жүрді. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жайылады» дегендей, баста бірен-саран талапкердің аузынан шыққан Абай әндері көп ұзамай Арқаны аралап, Ертіс, Есіл, Нұраны бойлап кетті. Бұл жөнінде өткен ғасырдың өзінде қазақ ауылдарына келген орыстың жолаушылары, оқымыстылары, офицерлері Абай әндерін есіткендерін жазып кетті. Бұл осы кезде библиографиялық сирек кездесетін көрініс емес.

Абай әндерінің, өлеңдерінің заман алдын орағытқан «қырағы тілі» ғасырлар бойы он бір және жеті-сегіз буын өлшеуі, соған сәйкес әнмен тәрбиеленіп қалған адамдарға түсінікті болып жету үшін феодализмнің кертартпа дәстүрі, әрине, қолайлы жағдай бола алмады. Абайдың:

Адам аз мұны біліп ән саларлық.

Тыңдаушы да аз ол әннен баһра аларлық.-

дегені осы баяндалған жаймен байланысты. Екінші жағынан осы бір екі жол өлеңнің өзі, ән орындауда Абайдың қатты және жаңа талап қоятынын сездіреді: бұрынғы «бойдай-талаймен» күрес ашады. Өйткені Абай әндерін орындауда бұрынғы өлшеуіш-қалып енді тура келе бермейді. Бұл Абайға дейінгі қазақтың ән қорын кемітейін деп айтылған сөз емес,орындаудағы белгілі стильді меңгермей, әннің көркемдік-идеялық мазмұны ашылмайды дегіміз келеді. Қайта әрбір әнінде осы бір негізді үнемі үдетіп отыр. Түптің түбі «поэзия тілінің жетпеген жерін музыканың сиқырлы үнімен жалғастыруын» ұрпақ түсінер деп, алдыңғы жағына сенім көзімен қарады. Абайдың ол сенімі ақталды: өзінің көзі тірісінде-ақ оның әндері көпшіліктің аузына түсе бастады. Әрине ол кезде Абай өзінің әндерінің бір күндерде орыс пен қазақ халқының достық жыры болып кететінін болжай алған жоқ. Қоғам дамуының қозғалысы қырағы ойдан озып кетті.

Абайдың ән шығаруға келу жолы, әндерінің алғашқы «редакциясы», орындау түйіндері, халыққа жайылу топтары осылай болды. Абай әндерінің осы кезде кең жайылумен байланысты біз оның әрбір туындысына музыкалық баға беріп жатпаймыз. Ондай бағаны халық беріп келеді. Тіпті радио, концерт сахнасын, өнерпаздар үйірмелерін былай қойғанда, Абай әндері бұл күнде жай үйлердің бас қосқан кештерінің «көркемдік бөлімдерінде»,көшеде келе жатқан жастар тобының аузында, жолаушылардың шығарып салуға тұрған поезд басындағы топта, студенттердің, оқушыларының жатақханаларының терезе алдарынан өткенде орындауларын есітесін. Осының бәрі де Абай әндерінің басқа бір халықтың музыкасына соқыр сезім арқылы еліктеуден тумай, шын мәнісінде қазақ халқының бай музыка дәстүрімен суарылып, халқымен қаны-жаны бір жайда дүниеге келуінің нәтижесі деп қарау керек.

Абай әндерінің нота үлгілері революциядан бұрынғы баспаларда біртіндеп қана, некен-саяқ кездеседі. Қомақты түрде тек біздің заманымызда ғана жиналып, қағазға түсіп отыр. Осы уақытта Абай әндерініңжарияланғаны бар, жарияланбағаны бар варианттарын қосқанда алпыс-жетпіске барады. Жиырмасыншы жылдардың басындағы А.Затаевич, А.Бимбоэстің жазған әндерінен кейін Қазақстан композиторлары Б.Ерзакович, Л.Хамиди Абайдың көптеген әндерін нотаға түсірді. 1939 жылы ол кездегі Қазақстанды Зерттеу Қоғамы Абай әндерін сақтап қалу, дамыту мақсатында бұл мәселегеқайта оралды. Абайдың ұрпағының бірі, Абай әндерін орындаудағы беделді әншілердің бірі Мұхаметжанова Мәкеиді Алматыға шақыртып, одан Абайдың 16 әнін нотаға жаздырды. Музыка білімпаздарының бағалауына қарағанда Мәкеңнің орындауындағы Абай әндерінің варианттары оригиналына ең жақыны дейді. (проф. В.М.Беляев т.б) Абайдың : «Сегізаяқ», «Бойы былғаң», «Сен мені не етесін», «Қор болды жаным», «Біреуден біреу артылса», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем қаламқас», «Ата-анаға көз қуаныш», «Сүйсіне алмадым, сүйіндім», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Сұрғылт тұман», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Татьянаның әні», «Онегиннің өлердегісі», «Көңіл құсы құйқылжыр», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қарашада өмір тұр», «Желсіз түнде жарық ай», «Өлеңді қайтып қоярсың», «Онегиннің хаты» тағы басқа әндері бар.

Абай әндері фортепиано сүйемелімен концерттерде орындалады. Сонымен қатар Қазақстан композиторларының творчествосында кеңінен орын алды: хорда, оркестрде, шағын ансамбльдерде, операларда енгізіліп жүр. Пайдаланудың саналуан формалары бар. Оның бәрі де композитордың қабілетіне, халық әндерін түсінудегі қауқарына байланысты. Біреулер жанын көп қинамай, тек цитата түрінде түгелдей қолданып жүр, екіншілері творчестволық тұрғыдан келіп Абай әндерін дамытып, «өзгертіп» пайдаланып жүр. Қалай болғанда да Абай шығармалары осы кезде советтік қазақ музыкасының төрінен орын алды деуге болады.

          Көргені, білгені көп, рухани жағынан аса бай Абай тек ән шығарып қойған жоқ. Ол сол мезгілге қарай үлкен сыншы, біліп баға беретін адал төреші болды. Ол тек өз әндері туралы емес, жалпы музыка жайлы, ән, күй айналасында орындаушылық мәселесінде терең, философиялық пікірлер айтып кетті. Ол өмір шымылдығының музыкамен ашылып, музыкамен жабылатынын, дүниеде музыкасыз ешбір кезең жоғын айтып кетті:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең, -

(бұл арада «өлең» «музыка» деген мағынада болуы керек) деп, бесіктен көрге шейін музыканың жолдас болып жүретінін дәл көрсетті.

Бала туса күзетер шілдеқана,

Олар да өлең айтар шулап және, -

деп, дүниеге шырылдай, әндете келген нәрестені түні бойы сол әнмен, сол музыкамен күзетіп отыратынын айтады.

Біреудің кісісі өлсе қаралы ол,

Қаза көрген жүрегі жаралы ол.

Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,

Зорланып неге әнге салады ол, -

деп, музыканың өмірдің ең ақырғы кезеңіне шейін шығарып салатынын, әкесі өлген қыздың, күйеуі өлген әйелдің қара жамылып, бірнеше жыл қақсап жоқтау айтатынын, музыкада көздің жасы да, езу тартқан күлкі де аралас жүретінін, — соның бәрінің де ән екенін айтады.

Қынаменде, «Жар-жар» мен «Беташар» бар

Өлеңсіз олар қызық бола ма гүл, -

деп, қайғыны суреттеген әннің, қызықты бұрынғыдан көтере түсетін сиқырлы күші барын келтіреді. өмірдің түрлі көріністеріндегі музыканың алатын орындарын тап басып айтып береді.

Абай мұнымен қатар музыка жайлы өткір, философиялық пікірлер қалдырды. Өзінің: «Алты өлеңмен білдірдім әнің жайлы» дегенінде:

Салған ән көлеңкесі сол көңілдің, -

деуі, музыканың объективтік өмірдің сәулесі екендігін, сол шындықты біздің көңіліміз (санамыз деген мәнде айтылып отыр. А.Ж.) арқылы сәулеленіп көрінетінін топшылайды. Философияның, эстетиканың кітап тілімен айтпаса да, жабайы тілмен-ақ шындықтың үстінен түседі. Ал:

Жүрек тербеп, оятар баста миды, -

деуі, музыка сезім, есіту арқылы барып басқа (миға) жетеді. Ол бірден басқа төтелей алмайды, сезім арқылы барып, санаға әчер етеді де, төреші – ми болып оның нәтижесін қорытады дейді. Сонымен қатар творчествосының, оның ішінде музыка – тек сана, ми арқылы емес, жүректі тербету, жүрек қылын шерту арқылы адамды қозғайтынын айтады. Шынында да тек бастан, ақылдан шыққан музыка тыңдаушыға жете бермейді. Музыка аса «ақылды» болса да көздеген мақсаттың қарасы алыстайды. Сондықтан жүректен шыққан музыка жүректі тербетеді, толғайды, содан кейін ғана басқа барады.

Жақсы әнді тыңдасаң ой көзімен,

Өмір сәуле көрсетер судай тұнық

деп, тағы әннің-музыканың, көңілдің, сырт дүниенің сәулесі, образы екенін көрсетеді. Бірақ әнді жай тыңдамай «ой көз» бен тыңдай керегін айтады. Академик Б. Асафьевтің «Музыканы тыңдау бар да, есту бар» дегені осы араға келеді. Жәй ғана көңіл көтеру үшін ғана тыңдап (о да аз емес), музыканың парқына түсінбейтіндер де аз емес. «Тыңдаушы да аз бұл сөзден баһра аларлық» деп, жоғарыда Абайдың айтқанындай, әрине, түсінбейтіндер аз емес. Ал Абай, музыканы есіте білесің, онда тынық судың түбіндегідей өмір ап-анық көрініп тұрады дейді. Ал, музыка өмірдің сәулесін, шындығын суреттемеген жерде оның қоғамдық, эстетикалық, идеялық мәні қандай болады? Абай осы бір жерінде екі жол өлеңмен анықтайды. Оның:

Ойсыз құлақ ала-алмас оныдай сыйды, -

деуі осы. Б.Асафьев айтқан «тыңдау» мен «естуді» айтады. Жоғарыда көрсетілгендей музыканың профессионалдық тілімен айтпағанымен Абай музыка өнеріндегі төрге жиналған жүктей «есітудің» шешуші мәнін, қадірін түсіндіреді. Бәрімізге белгілі:

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы әнменен тәтті күй,-

дегенінде музыка сол есіту арқылы біздің бойымызды алады дейді. әннің құрылыс материалы – дыбыс, ол физикалық құбылыс, адамның есіту мүшесі  арқылы сезімге, санаға жетеді. «Бойды алады» деуі осы.

Музыканың теориясын оқымаған Абай, өзінің өткір ойы арқылы бұл өнердің тағы бір жақтарын әңгіме етеді.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Оның тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар,-

дейді. әнде кейде зауық, кейде мұң суреті келетін мажор, минор құрылыстарын айтқысы келеді. Ата-анасының қайғысын, ренішін былдырлаған тәтті тілімен, балдырған денесімен, кіршіксіз таза күлкісімен әп-сәтте кетіретін жас баланың жұбанышындай музыканың өткір әсерін, ұйқтап жатқан жүректі оятатын күшін айтқанда сол күштердің музыканың түрлі кескінімен, түрлі жағымен келетінін айтады.

Абай әнмен қатар қазақтың күйлері жөнінде де бағалы пікірлер айтты. Күйдің «сөзі жоқ ән» екенін бәлген Абай, оның адамға деген әсерінің әнмен барабар екенін келтіреді.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,

Тыңдағанда көңілдің өсері бар, -

дейді. Қазақтың бай аспапты мұрасында көптеген программалы күйлер бар, тарихи, аңыздық күйлер. Осының бәрін де жақсы білген Абай, ішінде тіс жарып айтып тұрған тілі жоқ болғанымен күйді «ақылдының сөзіндей ойлы» деп, оның ішінде белгілі идеялық мазмұн бар екенін, Динаша айтқанда «әңгімесі бар» екенін айтады.

Мұңмен шыққан оралған тәтті күйге

Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық,-

деп, өз тұсында кездескен «сөзсіз әнге» түсіне қоймаған адамдарға ренжиді. Ал күйдің музыкалық көркемдік мәнін түсінбеу кездесіп тұрған жағдай. Біздіңше Абай тек ән емес, күй де тартқан, өз қолынан бұл бір музыкалық үлгілерді де өткізген, күйдің егжей-тегжейін жете айыра білген адам.

Абай ән-күйдің өзіне ғана баға беріп қоймай, оның орындалуы жайлы өткір пікір айтқан. Ол әннің басқа жағын қоя тұрып, басталу кезінің өзін суреттейді, неге олай екенін түсіндіреді:

Көбінесе ән басы келер ащы,

«Кел, тыңда!» деп, өзгеге болар басшы,-

дейді. Бұл кездегі концерт залы, клубы бар жердегі тыңдаушы көпшілігі қоңырау немесе шам сөндіріп-жағу арқылы тәртіпке шақырып, тыныштандырып барып ән бастайтын жағдай жоқта, «тәртіпсіз», шулап отырған халықты, әнші алғашқы айқай арқылы «Тынышталыңыздар!» Тыңдаңыздар! Бастаймын! – деген сияқты ескертіп алады. Екінші жағынан бұл «айқай» күні бұрын афиша жайып, радио арқылы хабарлайтын жағдай жоқта, дауыс жететін жердегілерге «кел мұндалап» құлақтандыру ролін атқарады. Ал күйшілердің бас пернелерде көр тұрып қалатыны да, тыңдаушыны өзіне қаратып, біраз тыныштандырып алып барып, бастауды күтуі болу керек. Оның үстіне домбыраның дауысы нашар, алқақотан отырған алтықанат киіз үй ішінен аспайды. Сондықтан олардың бастауы әншінің бастауынан да ерекше. Абайдың:

Қаңқылдап біреу ән салса,

Біріне бірі жуықтап,

Тебінісіп, қамалар,

Тоқтатып болмас сырықтап, -

деп, осы жайды, халықтың музыканы аса жақсы көретінін, әлгі әншінің даусына жиналып қалатынын айтқан болу керек.

Әннің тек басталуы емес, оның орындау белестеріндегі неше алуан кездесетін нақыстарына да тоқтайды:

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,

деген төрт ауыз сөзінде көп нәрсе жатыр-ау! Шынында да кейбір әндерде әнші шырқап, көтеріп, жоғары дыбыстарға барып алып, шығарманың мазмұнына байланысты, төмен түспей, қалықтап тұрып алады. Міне, біртіндеп, сорғалап, баспалдақтай түсіп алдыңғы кейпін өзгерте, тамылжыта келіп, «керім толғап» ақырын «қоңыр-күңгір» етіп барып бітіреді. Осымен қабат қай шығарманың болса да аяқбітісінің үлкен мәні барын білген Абай:

Сол жеріңе ойыңмен араласшы,-

деп, әдеби шығарманың да, музыкалық шығарманың да аяққы қорытуы жазушы, ақын, комрозитордан шеберліктің биік дәрежесін тілейтінін ескертеді. Бұл сияқты орындаудағы көзге бірінші түсетін басты кезеңдерді айта отыра, Абай ұсақ кезеңдерді де байқап, олардың да «үлкен іске» қатысы барын көрсетеді:

Домбыраға қол соқпа,

Шымырлатып бір-бірлеп,-

деп, тақтай сабалап, көркем шығарманың көркін көтеретіндерді де көш жөнекей шалып өтеді.

Әнді, күйді шығару бар да, орындау бар. Жақсы шыққан ән жаман орындаушыға кездессе «арықтап» қалады. Кейде «ауыздан шыққанда өңі қашатын көңілдегі көрікті ой» сияқты болады. Абайдың заман қойған шегінің нәтижесінде болған шығарушы мен орындаушы арасындағы еңбек бөлісу жоқ кездің өзінде-ақ, сол екеуінің екі түрлі мамандық, шеберлік екенін түсінгенін көреміз. Ол өзінің «кішкене» даусымен ән шығарып беріп қана қоймай, жоғарыда айтылғандай, айналасындағы орындаушыларын да, сыны, ақылымен, өзі тәрбиеледі, баулыды, олардың орындау әдісіне өзі араласты, белгілі орындаушылық дәстүр құрды. Қысқасы Абайдың творчестволық – шығармашылық жағымен қатар оның орындау жөніндегі айтқандарының әлі күнге үлкен мәні бар.

Осы әңгіменің басында айтылғандай, Абай поэзияда орыстың алдыңғы қатарлы әдебиеттік көріністерінен үйреніп, өзінің өлең түріне жаңа өң ендіріп, дүниеге көзқарасында прогрессивтік түйінде болып, өнердің қоғамдағы орнынығ жаңа адам тәрбиелеудің күші екенін сезіп, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» дегені сияқты, әнді тек еріккеннен жазған жоқ. әннің қазақ халқының рухани байлығының ішіндегі өткір қаруының бірі екенін білді. Ол ән шығару әдісінде жаңа интонациялық көріністермен танысты. Бұрынғы қазақтың әндерінің дәстүрін меңгерді. Сол дәстүрле де ән шығарды. Ол осы кездегі қайсы бір әдебиеттегі қазан бұзарлар сияқты «он бір буынды өлеңнің омыртқасын» сындыру арқылы жаңалық табамын деген жоқ. Керісінше жаңа өлең формаларына сол он бір буын арқылы келді. Ал музыкада да Абай Біржанның, Ақанның салып кеткен музыкалық ізін, дәстүрін қирату керек демей, қайта Арқа әндерінің асқақ үндерін өзі есіткен орыс, украин халық әндерінің, қаланың демократиялық ән үлгілерінің, орыстың романстық лирикасының үлгілерімен қабыстырып, түрлі бояудан келіп, жаңа бір сапалы түр тапты. Әрине, ондай қосында тек химиялық қосында емес, үлкен творчестволық  талантпен шеберліктен туған қосынды болды. Абайдың кейбір әндері орыстың белгілі композиторларының шығармаларымен тікелей таныстықтан туып жүрді. «Мен көрдім ұзын қайың құлағынан» атты әні сол аттас Рубинштейннің романсын есітіп барып шығарылуы мүмкін деген жайлар бар. Қалай болғанда да Абайдың орыс интеллигенциясының арасында болып, олар арқылы он тоғызыншы ғасырдың аяқ жағындағы орыс мәдениетінің тигізген үлкен әсерін орынды, сәтті пайдалануы музыка шығаруында да прогрессивтік роль ойнайды. Он тоғызыншы ғасырдағы орыстың тұрмыс салтын сәулелейтін романстары сол кездің демократиялық идеясын үгіттейтін күштің бірі болды. Оның үстіне сол ғасырдағы орыстың ән, романстағы лирикасы да түптің түбінде алдыңғы жылғаның бірі болып, халыққа жақын, бұқарашыл интоннациялық үлкен саланың өзіне келіп құйған жылғаның бірі болды. Осы бір интонациялық үлкен сарын Абайдың өткір құлағынан орын алып, Шыңғыстың даласында Татьянаның әні туып, одан әрі жаңа дәмді, жаңа формалы, құлаққа жетімді мелодиялы, орындауға ыңғайлы әндер дүниеге келді. Жақсылығы бар жаңалық баста ұяла, бойын тежей, сыпайы келгенмен, тез-ақ халықтың санасын баурап алып кетті. әрине, оның бәрі өзінен өзі емес, ол үшін Абай және оның жаңашыл шәкірттері, жаңашыл мыңдаған адам көтеріп алып кетті. Сондықтан А. Затаевичтің Абай творчествосына берген бағасы үстірт, жиырмасыншы жылдардың басында қазақта әлі есіктің етек тартпасы қалмай тұрған кезінде, Абай айналасында болған кейбір шолақ пікірдің нәтижесі болды. Жиырмасыншы жылдардың басын былай қойғанда отызыншы жылдардың  бас кезінде де біздің республикалық газеттеріміздің  бетінде Абай туралы болған айтыстардың Абай творчествосын зерттеп, меңгеруге пайдасы болды деп айту қиын. Абай кедей болған жоқ, сондықтан оның өзінде де, творчествосында да сын көзімен қарау керек деген тұрпайы социология біздің социалистік мәдениетіміздің өсуіне біраз кеселін келтірді. Қысқасы Абай әндерін орыс музыкасының көлеңкесі деп қараушылардың қолында оны дәлелдейтін ешбір айғағы жоқ. Абай әндері басынан аяғына дейін қазақ музыкасының халықтың интонациясында құрылған, бірақ басқа интонациялық демдердің араласуы арқылы жаңа заман тілі, «сөздігі» бар шығарма болып қалыптасқан. Абай әндерінің әсіресе біздің тұсымызда, советтік жастар арасында үлкен құрметпен орындалуы, кез келген жерде айтылуы, совет композиторларының шығармаларынан кеңінен орын алуының өзі оның тілінің байлығын, оның достық жыры болып кетуін дәлелдейді.

Абай аулына Біржанның келуі, Абайдың ардагер әншіні жоғары бағалауы оның қазақтың халықтың ән қорының, ән құрылысының байлығын сезінуі туралы, біздің қолымызда әзір тұжырымды дерек жоқ. Бірақ Абай қазақтың Біржаннан басқа да халық композиторларымен кездесуі мүмкін нәрсе. Оны болашақ зерттеулер ашар. Өйткені бұл мәселенің Абайдың музыкалық творчествосы үшін де, басқа халық композиторларының шығармалары үшін де үлкен ғылымдық мәні бар.

Бір ауыз сөз Абайдың кейбір әндерінің диапазондары (дыбыс көлемі) жайында. Абайдың кейбір әндерінің дыбыс көлемі адамның табиғи дыбыс көлемі шеңберінде сыймайды. Қандай диапазоны кең әнші болса да бас-аяғындағы дыбыстарын бірдей сапада ала алмайды. Ал Абай болса ондай даусы болған адам емес.  Сондықтан оның кейбір әндері аспап сүйемелімен шыққан кезде, аспап жеңіп кетіп, жәй дауыспен алуға бәрі бір бола беретін болғансын, сол айтқандай дыбыс көлемінде шығарыла берген болуы керек. өйткені, осы кезде кейбір композиторлардың дауысқа арнаған шығармаларында диапазон жағынан тек асбаптар ғана ала алатын ноталар болады. Ал, өзінің әннен хабары бар, аз да болса «әншілік» дауысы бар композиторларда ондай жәй кездесе бермейді. Абайдың заманында домбыра ма, мандолина ма, скрипка ма, гармонь ба — әйтеуір сондай асбаптар болды. әуелі соларда ойнап щығарылған болуы мүмкін. Кейде бізге орындап берушілер осындай халге жеткізіп алған шығар, баста олай емес шығар деп те ойлайсың. Бірақ ән құрылыстары алдыңғы пікір жағын қуаттайды.

Біреулер Абай ән шығарғанда өлеңдерін сол әндері арқылы халыққа тез жаю үшін шығарған деген пікір айтады. Біздіңше Абайдың өлеңдеріне ешбір үгіттің, шыбыртқының, айдаушының, қосымша жағдайдың қажеті жоқ сияқты. Ал Абай әндері ән шығару мақсатында, туған, өлеңнен сырттай да ғылыми тұрғыдан зерттейтін музыкалық қасиеттері жоғары. Тіпті қазақтың музыка мәдениетінің өсу, дамуына үлкен, күрделі орын алады дейміз.

Идеялық көзқарасында еңбекші шаруаның мұңын жоқтауға көшкен Абай ән, өлеңдерінде осы идеяны сәулеледі. Қазақ аулының болашағы еңбекші-шаруа қолында екенін сезді. Сондықтан, еңбек – ар, еңбек – салтанат болып отырған біздің советтік қоғамда  Абай әндерінің қайта туып, еңбек жыры, коммунизмге бара жатқан керуеннің «көш жыры» болып кетуі — әндерінің халықтығы.

Ахмет Жұбанов. Замана бұлбұлдары (Қазақтың әнші-композиторлары, әнші-орындаушылары туралы әңгіме-очерктер). – Алматы: Жазушы, 1975. – 114-131-беттер.