АБАЙ МУЗЕЙІНДЕ ҮШ ЖАҢА ЗАЛ АШЫЛДЫ

2018 жылдың 18 мамыр күні сағат 11.00-де Халықаралық музей күніне байланысты Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Үш қайнар»: Абай шығармашылығы», «Абай жолы» – әлем әдебиетінің жауһары», «Қ.Мұхамедханов – абайтанушы» атты үш экспозиция залының және «Абайдың туыстық айналасы» суреттер галереясының ашылу рәсімі өтті.

Залдардың ашылу салтанаты Абай қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаеваның алғысөзімен ашылып, Достық үйінің директоры Б.Көпбаев Халықаралық музейлер күнімен құттықтап, Абай музейіне өз алғысын білдірді .

Мерекелік шара Абай өнер мектебінің оқушыларының арнау өлеңдерімен және Семей қалалық мәдениет сарайының әншісі Ж.Шариповтың әнімен жалғасын тапты.

Жаңа ашылған залдарда келген қонақтарға ғалым гидтер экскурсия жүргізді.


«Үш қайнар»: Абай шығармашылығы» бойынша – филология ғылымдарының докторы, профессор, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті ректорының кеңесшісі Арап Слямұлы Еспенбетов көрермен қауымды данышпан ақын Абай Құнанбайұлы нәр алған – қазақтың халық ауыз әдебиеті, шығыс халықтарының поэзиясы, орыс және батыс әдебиетінің озық туындылары сынды үш қайнар бұлақпен, Абай шығармаларымен кеңінен таныстырып, Абай кітапханасы, ұлы ақын өлеңдері мен қарасөздері, аудармалары жөнінде қызықты деректермен көрермен қауымды баурап алды.   

 «Абай жолы» - әлем әдебиетінің жауһары» залында ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Ұлттық жаратылыстану ғылымдарының академигі Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаев келушілерге Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеу кезеңдері, ғұламаның абайтану саласындағы тұңғыш ғылыми-зерттеулері, мақалалары және әлем халықтары тілдеріне аударылған еңбектері жайлы айтып өтті. Сонымен бірге әйгілі роман-эпопея туралы шетел жазушыларының пікірлері туралы баяндады.

«Қ.Мұхамедханов – абайтанушы» экспозициялық залында филология ғылымдарының кандидаты, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің «Абай» институтының директоры Ақмарал Төлеуғазықызы Смағұлова экскурсия жүргізеді.

А.Смағұлова көрмедегі аса көрнекті абайтанушы ғалым, Қайым Мұхамедхановтың әдеби-ғылыми еңбектеріне, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер Төкен Ибрагимов, Кәмен Оразалин, Мұздыбай Бейсенбаевтың еңбектеріне тоқтала отырып, Қ.Мұхамедханов пен Т.Ибрагимовтың қолжазбалары, жеке заттары жайлы мәліметтермен көрерменді қызықтыра түсті.

Сонымен қатар, жұртшылық алғаш рет Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, профессор Н.Өтепбаевтың «Абайдың туыстық айналасы» атты портреттер галереясымен танысты.

Залдардың ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, зерттеуші-ғалымдар, ЖОО, колледж студенттері мен музей қызметкерлері қатысты. 

Ашылу салтанаты Достық үйі ұйымдастырған Астана қаласының 20-жылдығына арналған «Ұлы дала рухы» фольклорлық-этнографиялық фестивалімен жалғасты.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі.