(Хакім Абайдың «Қарасөздеріндегі» ұлттық мұрат пен руханият арналары хақында )
Хакім Абай бастапқы тұстан-ақ: «…өз сөзім- өзімдікі», — дегенді анық айтып, келесі кезектегі мақсат-мұраттарын айқындап, осы бағыттағы ұстаным-көзқарастарына мықтап табан тірейді. Көрген-білгенін, танып-түстегенін ақыл-көрігінде қорытып, таразыға салады [1, 270]. Әсіресе, адам-пенденің жаратылысына, табиғатына таңданысын жасыра алмайды. Өмірін, уақытын босқа өткізу, еңбегін-кәсібін бағаламау, білім-ғылым, тәлім-тәрбие ісіне мән бермеу, т.с.с. ақиқатын айтып, бағасын беріп, маңызын ашады. Қысқа ғұмырдың алдамшы, өткіншілігіне де қапа болады. Баянсыз, тұрлаусыз сиқына бас шайқап, іштен тынады. Оның мән-мәнісін былай білдіреді: «…бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айқастық, тартыстық-әурешілдікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық: қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік…» Бұған қоғам, өмір, тұрмыс-тірліктен мың сан дәлел-деректерді тілге тиек етеді. Адам мен оның өміріне, еңбек мұраттарына терең мән береді. Келер күнге — келелі келешекке үміт көзімен қарайды.
Алдағы өмірге барлау, талдау жасайды. Адам мұраты, өмірі мен еңбегіне еркін енеді. Өмірдің бұралаң жолдарына, кәсіп-дағдыларға, тұрмыс-тірліктің мың сан арналы, тараулы жолдарына көңіл тоқтатып, көз жібереді. Әсіресе, ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып, дін бағу, балаларды бағу сынды сан салалы, алуан арналы бағыт-бағдарларға, өмір-тұрмыстың, уақыт-сынаптың сырлы сипаттарына ден қояды. Оның арасында білім-ғылым, кәсіп-қызмет, дәстүр-дін, тәлім-тәрбие иірімдеріне де көңіл бөліп,жіті назар аударады. Бәріне де мән-маңыз береді. Басым бағыттарына еркін енеді. Сыр-сипаттарын ашады. Нәтижесінде, сөз жоқ, «өз сөзім — өзімдікі» деген қағидалы көзқарастарын алға шығарады. Өмір мұратына ден қойып, тәлім-тәжірибесіне тоқтайды. Мұның өзі: «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді» деген өмір философиясынан алынған толғам-толғаныстарымен табиғи үндесіп, сабақтасып-ақ тұр. Шындық шырағы да танылады. Бастысы, әрине, өзі өмір сүрген қоғамдық құбылыстарға, кезеңдік көріністерге, уақыт тынысына жіті көз, сергек көңілмен қарайды. Көбінде көңілге кірбің ұялатқан келеңсіз, көлеңкелі көріністерді қалт жібермейді. Соның себеп-сырларына үңіледі. Мән-мәнісін анықтайды. Әуелгі бастау, арнасына мән береді. Маңызды тұстарын ашады. Соған ден қояды. Көпке ортақ тұстарына назар аударады. Оның маңыздысы, сөз жоқ адам әлемі мен өмірлік мұраттары, еңбекке көзқарасы, тұрмыс-тірліктегі орын-үлесі,адамшылық жол мен жасампаздық қадамдар хақындағы ойлар мен толғаныстарға келіп саяды.
Демек, Хакім Абайдың — «Бірінші сөзі» өмірден алынған, тәжірибеден өткен маңызды мәселелерді қозғайды. Өз өмірі мен уақтысындағы басты бағыттарды тап басып, соған қатысы мен көзқарастарын, мүмкіндіктерін кең көлемде айқындайды. Бастысы, әрине, өмір өрнектерін, білім-білігін, тәлім-тәжірибесін «ақ қағаз бен қара сияға» сыйғызып, «өз сөзім өзімдікі» екенін байыпты баяндайды. Бұдан байқалатыны: Хакім Абай өмірдің бұралаң жолдарынан өтіп, қоғамның кедергі-қайшылықтарын көріп, адам мен оның еңбегінің ұнамды Һәм ұсқынсыз сиқын да танып-түстейді. Көңілді кеңге салған сәттері де бар. Жүрекке салмақ түскен тұстарын да бүкпесіз баяндайды. Өлшеніп берген өмірдің мағынасыз, мәнсіз қалпына кейіс те білдіреді. «Адамзат-бүгін адам, ертең топырақ» екенін де еске салады. Орайлы тұста:
Қадірлі басым,
Қайратты жасым
Айғаймен кетті амал жоқ.
Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен қу өмір,-
дегенді де жасыра алмайды. «Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым» дейтіні де осы кезеңге дөп келіп тұр. Өмір мұраты мен маңызын да осы тұстан бағамдайды. Сайып келгенде, мұның бәрі-баршасынан – Абай әлемін, сол кезең-уақыттың бедер-белгілерін, қоғамдық құбылыстар мен өмірдің бел-белестерінің бұралаң-бұлтарыстарын, оның адам мен еңбегіндегі келеңсіз көріністерінің орын алу себеп-сырлары жан-жақты ашылады. Көзқарас білдіріліп, дәлел-деректер келтіріледі. Одан арылу жолдары көрсетіледі. Адам мұраты, адамшылық жолы үлгі етіледі.
Біздіңше, Хакім Абайдың: «Өз мінімді қолға алдым» деген қалпы мен қауіпін, ауыр халін арғы-бергі кезеңнің бетбұрысты Һәм белесті тұстарынан көптеп кездестіреміз. Бұған Хакім Абайдың «Қарасөздерін» қайта оқығанда, үміт ұлғайып, арман-аңсарларына қарышты қадаммен ілгерілейтініміз анық. Өмірдің қыр-сырына қаныға түсеміз. Уақыт тынысына еркін еніп, қоғамдық Һәм кезеңдік көріністерге, адам өмірінің бұралаң жолдары мен тағдыр-талайына көңіл көзімен үңіліп, «мыңмен жалғыз алысудың» мән-жайын сергек сезінеміз. Мезгілдің салмақ-сырына ден қоямыз. Қоғам, адам, өмір, уақыт бедерін терең тани түсеміз. «Сезімпаз көңіл, Жылы жүрек» те, «Улы сия, ащы тіл» де танылады. Нәтижесінде:
Өмір,дүние дегенің,
Ағып жатқан су екен.
Жақсы-жаман көргенің,
Ойлай берсең, у екен,-
деген қорытындыға келеді. Адам мұраты айқындалады. Өмір-уақыттың бағасы көрсетіліп, оған деген құрмет арта түседі.
Шындық жүзіне тура қарасақ, «Қарасөздердегі» ұлт мұратынан бастау алған, қоғамдық құбылыстар арқау етілген, өмір өрнектері мен уақыт бедері кең көлемде көрініс беретін тағылымды тұстар – кеше мен бүгіннің байланыс-бірлігін, дәстүрлер құндылығы мен ұрпақтар сабақтастығын табиғи жалғап, тығыз ұштастырып келеді. Қоғамдық мүдде алға шығады. Көптің мұрат-мүддесі көзделеді. Қайсібір мәселе де қоғамдық ортадағы ахуал-жайттардан хабардар етіп, оның мән-жайы, сыр-себептері ашылады. Уақыт бедері байыпты бағаланады.
Ақиқатында, «Қарасөздердің» тұтас табиғатынан:
- ұлт мұратының өзекті тұстары танылып,оның өзі арғы-бергі кезеңдердің артық-кем жайттарымен қатар, салыстырыла беріледі;
- арғы тарихтың тағылымды тұстары да,кешегі кезең көріністері де өмір өрнектерімен өріліп, тәлімді тәжірибе тағылымдарымен байланыс-бірлікте баяндалады;
- ақиқаттың аты — хақ, хақтың бір аты — Алла екендігі басты мұраттарға арқау етіледі. Алла тағала – өлшеусіз, ал ақыл өлшеулі болатындығы, әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім ғалым аталатыны өмір өрнектерімен, тәжірибемен сабақтастығы да айқын аңғарылады;
- ұлт пен ұрпақ қамы, адамшылық әлемі, жасампаздық жолы, ізгілік пен игілік иірімдері, білім-ғылым жүйесі, тәлім-тәрбие жайы, махаббат пен ғаделет сипаттары кәделі, сауапты істер арқылы жүйелі жеткізіледі;
- адамзатқа ортақ — жан мен тән, адамшылыққа жат: надандық, еріншектік, залымдық, арамдық, жамандық (жемек, кимек, күлмек, ішпек, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, т.с.с.) қырлары кеңінен көрсетіледі;
- ең негізгісі, Хакім Абай адамға ортақ асқақ мұраттар мен адамшылыққа жат келеңсіз көріністерді кезең шындықтарымен сәйкестікте сабақтап, уақыт бедерімен бейнелі безбендеп, өмір-тұрмыстың мысал-деректерімен нанымды сөз етеді. Нәтижесінде, кезең-уақыттың өзекті мәселелерін қоғам, замана шындықтарымен байланыста баяндайды. Келеңсіз Һәм өрескел оралымсыздықтар, оның өмірдегі көріністерін, адам-пенде бойындағы кереғар сипаттардың күйініш-сүйінішті жайттарымен қоса қабат көрсетіп, нанымды ашады. «Сұм-сұрқия, қу заман» шындығы ашылады. «Құйрығы шаян, беті адам» кейпіндегі — «толық адамның» жұғымсыз, ұсқынсыз сиқы әшкереленеді.
«Қарасөздер» табиғаты мен тағылымына еркін енсек, «Хакім Абай ұлт мұраты, елдік мүдде мәселесін – еңбек, білім, ғылым, өнер төңірегінде кеңінен өрбітеді. Алыс-жақын елдердің (мысалы, орыс, ноғай, сарт, т.с.с.) өмір-тұрмыс, кәсіп-дағдыларына, дәстүрлеріне ден қояды. Олардың білім-ғылымға, еңбекке, өнерге, саудаға бейімділігі, оны өмір-тұрмыстың өзекті арнасы санап, содан алға озғаны үлгі етіледі: «…сарттың екпеген егіні жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзімен өзі әуре болып, бірімен-бірі ешбір шаҺари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық — бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда.
…Оның бәрі бірін-бірі қуып, қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болғандық әсері».
Ал, надандық пен жалқаулық, еңбексіз бен жылпостық, залымдық пен зұлымдық, ұрлық пен бұзақылық сыры былай беріледі: «…ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі-қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз-қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір мақтаншақ-қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз-надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Бұл тұстардан, сөз жоқ өмір-тұрмыстағы кәсіп-дағды, дәстүрден өзге, еңбек мұраты басым бағыттарға ие болады. Әр елдің өзіндік өзгешелігі, қалыпты жайттары еске алынып, «еңбек етуге, мал табуға» арналатындығы үлгі-үрдіс ретінде көрсетіледі. Өмір-тұрмысқа қажетті іске еңбек ететіні, «өнер тауып,дін күтуге» де бейім болатыны негізгі назарға алынады.
«Қарасөздердің» асыл арқауы мен басты бағыттары – Адам әлемін ашуға арналады. Осы реттен келгенде, адам мұраты мен адамшылық жолы, ар мен ұяттың маңыз-мәні мынаған келіп саяды: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуел құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды».
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады». Біздіңше, бұл жерде өмір мұраты алдыға шығып, елдік мүдде, адам еңбегі, дос-дұшпан, жақсы-жаман қасиеттер, бос уақыт мәні, мал-жан сыры айқындала түседі. Оның қадір-қасиеті, белгі-ерекшеліктері жан-жақты ашылады. Соны оқып-біліп, танып-таразылаудың қажеттілігі көрсетіледі. Мұның қазіргі кезеңде де өзектілігі төмендеп, мән-маңызы жоғалған жоқ.
Хакім Абай білім-ғылымға, өнерге өзгеше қарайды. Оны оқып-білу, үйрену керектігіне көп көңіл бөледі. Оған қатысты: «Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі», — дейді. Одан кейінгі жерде: «…ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Одан соң оқып-үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды ақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын!», — дегенді анық айтады.
Хакім Абай ақиқат хақында айтқанда: «Хақтың бір аты — Алла, ғылым -Алланың бір сипаты», — дегенді баса көрсетеді. Иман ісін алға шығарады. Әсіресе: « …иман келтірген нәрсесіне соншалық беріктік керек… иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек», — екеніне зор мән береді. Керісінше, атап айтқанда: «…адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші-еріншектік, үшінші-залымдық деп білесің.
Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсе оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» дегенді бүкпесіз білдіреді.
Бұдан байқалатыны: Хакім Абай өмір мұратын өзіндік тәжірибелермен байытып, келеңсіз көрініс, кедергі-кемшіліктерді анық көрсетеді. Ел әңгімелерін, халық даналықтарын назарда ұстап,адам мұратын, өмір сырын, еңбек сипатын кең көлемде ашады. Ақыл-парасат, білім-ғылым, тәлім-тәрбие мәнін айқындап, олардың басты нысаны, түпкі нәтижесі адамгершілік жолына апаратын адастырмас компос екенін баса көрсетеді. Өмір-уақыттың бедерлі өлшемі, тұрмыс-тірліктің басты тірегі санайды. Қысқасы, ақын қайсыбір мәселе-тақырыптарды қозғаса да, «өз сөзім өзімдікі» десе де, елшіл-қоғамшыл Һәм патриоттық қырларын көрсетіп, әлеуметшіл-фәлсафашы сипаттарын да айқындап, оның өзі туған халқына, қалың көпшілікке арнағаны аңғарылып тұрады. Ағартушылық мұрат,адамгершілік жол, әлеуметтік сипаттар, философиялық астарлар, моральдық мәселелер алғашқы кезекте орын алады. Бәрі-баршасында да көз көріп, көңіл сезінген жайттар қозғалып, қысқа-нұсқа қалыпта жеткізіледі.
Абайтанушылар әр қалай қабылдап,бағалаған (мысалы, М.Әуезов-сюжетті шығармалар емес десе, Б.Кенжебаев оны Салтыков-Щедриннің шығармаларына ұқсатады. Х.Сүйіншәлиев жай проза үлгісінде таныса, М.С.Сильченко «қойын дәптер» қатарына қосады, т.с.с.) «Қарасөздер» кезең көріністерінің жиынтық сипаттамасы емес, керісінше қазақ қоғамына тән, адам өмірі мен еңбегінен, қарым-қатнасы мен тұрмыс–тіршілігінен орын алған ақиқат жайттардың шындығы, қадір-қасиеті жоғары, тағылымы мол қымбат қазыналар қатарына жатады.
Ақынның бұл бағыттағы ой-сөз жүйесі қоғамның барша саласын қамтып, оның өзі көбінде ел өмірі, дәстүр мен дін, тәлім-тәрбие, тұрмыс-тіршілік баянын айқындай түседі.Айталық, оның қайсыбір тұстары – жалығу (20-сөз), мақтан (21-сөз) төңірегінде өріс алады.
Алдымен – жалығуға қатысты: «Ол -тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі жора тапқан емес. Оған егер бір еліксе, оны адам баласының құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де ақырында тағы келіп жеңеді.
…Бірақ осы жалығу деген әр нені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын — бәрінің баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады». Оған өмірдің өткінші, баянсызын, дүниенің қысқа, тұрлаусызын жатқызады. Ақылды, көреген, ойшыл адамның жалығуы өмір-тұрмыстан туатынына басымдық береді.
Абайдың мақтан төңірегінде де өзіндік өзгешелігі байқалады. Оған қатысты: «Екінші, мақтаншақ деген біреуі: «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрнешік не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді» дейді. Сонан соң мақтаншақтықтың өзінің үш түрі болатынын, оның өн бойында «адамдығы әбден толық емес», надандық белгілері көрініс беретінін баса көрсетеді. Оның өзі: «қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып» әрекет ету болса, келесі кезекте : «өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау» сынды тәлімді ғибрат төңірегінде өріс алады. Өмір тағылымдарының бірі осы.
Ақынның жалығу мен мақтанға қатысты көзқарастары – «бір қуаныш,бір жұбаныш» төңірегінде кең өріс алады (23-сөз). Халқымызда, өмір-тұрмыста жиі ұшырасатын жақсы-жаман, дос-дұшпан, надан-залымның әрекет-қимылдары, «көппен көрген-ұлы той» дегенге табан тіреу сынды ерекшеліктердің қыр-сыры ашылады. Өмір-тұрмыстың мысал-дерегі де, түйіткілді тұстары да сұрақ-жауап үлгісінде алға шығады. Қисынды тұстары, күдікті мезеттері де көрсетіледі. Сайып келгенде, ақын оны әуел баста-ақ: «…қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар», — деп түйін жасайды.
Ақынның осы бағыттағы ойлар мен толғаныстары 26-сөзде жалғасын табады. Ол туралы: «…надан ел қуанбас нәрсеге қуанады.Һәм қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмейді, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды.
Мұның бәрі – надандық,ақымақтықтың әсері».
Абай әлемінде – жүрек ісі, ақыл мен тіл мұраты терең көрініс табады. Ақын адам әлемін айқара ашып, ондағы қозғалыс-тіршіліктің басты факторы, өмірдің өзекті Һәм өшпес қуатты қайнар көзі – жүрек шындығын, ақыл-парасат нұрын, дін-дәстүр әсерін, рух пен тіл мүмкіндіктерін кең көлемде ашады. Адам мұратын, өмір мәнін, тіршілік нәрін – жүрек ісімен сабақтастықта сөз етеді. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма?» деп өмір-тірліктегі жүрек ісі арқылы жүзеге асатын жағдаяттарға айрықша мән береді. Ақын айтқан: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» мәселесін, «Жүрек – теңіз,қызықтың бәрі – асыл тас», «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі», «Күйесің, жүрек, күйесің» сынды ар-ұяттың маңыз-мәнін елдік мүдде тұрғысынан, парасат биігінен қозғайды. Өмір мұраттарына ден қояды. Тұрмыс-тіршілік тынысына назар аударады. Нәтижесінде: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір ілігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» дегенді анық айтады (14-сөз). Ал: «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» дегенінен «жүрек таразы» екенін, алға тартады (14-сөз). Мұның өзі- қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнер айтысындағы – «жүректі жақтадым» деуі (17-сөз), сосын: «адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озық» екенін тап басып көрсетуі өмір шындығы, тәжірибе тәлімі еді (18-сөз).
Тегінде, ақыл-парасат, жүрек ісі, тіл қуаты – адам-пендеге берілген артықшылық, мол мүмкіндік болса, оның қоғамдағы, өмір-тұрмыстағы көлеңкелі көріністері кім-кімге де ой саларлық. Абай айтқан: «ақылды кісі мен ақылсыз кісінің» (15-сөз) әрекет-қимылдары осыған келіп саяды. Оқып көрелік: «…есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып, іздейді екен-дағы, күнінде айтса — құлақ, ойласа, көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.
Егер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.
Үшінші — әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір түрлі дерт болады екен, уа әрбір құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен…
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» (15-сөз).
Бұдан, сөз жоқ, Абай әлемінің шексіз-шетсіз кеңістігін көріп қана емес, сонымен бірге ақылды Һәм ақылсыз әрекеттерді, өмірдің өткінші-өкінішті тұстарын, уақыттың бағалы-қызықты сәттерін, жастық пен мастық сырларын, т.с.с. қоғам, адам, өмір шындықтарымен байланыста көрсетіп, оның әлеуметтік мәнін, адамшылық жолын, фәлсафалық факторларын тәлімді тәжірибе тағылымдарымен өзектес өрбітіп, сыр-сипаттарын сенімді сөз етеді. Демек, Абай әлемі қоғамның иірім-сырларын, өмір тағылымдарының тәлімді тұстарын артық-кем сипаттарымен қатар көрсетеді. Басты байлық – Адам факторын бар қырынан ашып, оның ішінде қоғамның қозғаушы күші, айрықша ақыл-парасат иесі екендігін тап басып, қадап айтады. Назар аударарлығы, Абай әлемінің қайсібір тұстарынан-ақ қоғамдық-кезеңдік көріністерге сергек қарап, өмір-уақыт сырларына еркін еніп, осының негізінде замана шындықтарына айрықша мән беретіні көрінеді. Ол поэтикалық мұрасынан да танылады:
Адамзатқа не керек:
Сүймек,сезбек,кейімек.
Харакет қылмақ,жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек.
Заманға заман күйлемек,
Замана оны илемек.
Бұл — заман шындығы. Өмір сыры. Уақыт тынысы.
Мұны білген жөн. Әрі қазіргі кезеңмен үндес, сабақтас сырлары да мол.
Абай мұрасында адам өмірінде кездесетін пайдалы һәм зиянды әдет-дағдыларға, келеңсіз көрініс-құбылыстарға кең орын беріледі. Оның қоғамға, адам өмірі мен еңбегіне, ақыл-парасатқа, білім-ғылымға кері әсері кеңінен көрсетіледі. Оның бір алуаны жан-жүрек, көңіл толқыны төңірегінде өріс алса, келесі бір сарасы байлық-мақтан (42-сөз), «ой кеселдері» әсерінен туындайды:
«Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар: әуелі-көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші — ой-кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой-кеселдері: уайымсыз, салғыртық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нәрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер».
«Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, абырой да мақтан емес, арыз бере білу, алдай білу — мақтан. Бұл екеуі қолынан келген кісі салт атты, сабау қамшылы кедей де болса, аз да болса орны төрде, майлы атқа, майлы етке қолы жетеді. Желөкпелеу, мақтаншақ байларды: «сіз айтсаңыз, отқа түсуге бармын» деп желдендіріп алып, шаруасын қылмай-ақ, малын бақпай-ақ содан алып киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді».
Жинақтап айтқанда, мұның бәрі-баршасы – адамшылық жол, әділетті іс, ғибратты тәлімге кері әсері көп-ақ. Кереғар, көлеңкелі тұстары да мол. Орайлы тұста, Абай «ой кеселдерінен» арылу-тазару Һәм сақтануды алға тартады. Оның қоғамға жат, адам мен оның еңбегіне кері әсері барын – ақыл-парасат, білім-ғылым, игілік-ізгілік, жасампаздық жолы арқылы жүйелі жеткізеді.
Осы тұста Хакім Абайдың ақыл-парасат, білім-ғылым, атақ-абырой, байлық-мақтан, дәстүр, дін, уақыт пен кеңістік хақындағы көзқарастары өмір жүзіндегі, тәжірибеден түйгендері турасында өріс алғанмен, күнделікті кездесетін, тұрмыс-тіршілікте орын алған көріністер ретінде беріледі. Ол, көбінде қоғамдық құбылыстардан, кезең көріністерінен танылғанымен, «ой кеселдері» ретінде терең тамыр тартқан. Одан арылу, тазару жолы көрсетіледі. Ел мұраты, дәстүрі үлгі етіледі. Халық дүниетанымы, тарих тағылымы басты назарға алынады.
Дәстүр мен дін төңірегіндегі Абай ұстанымы кезең, уақыт шындықтарымен сейкес келеді:
«Қазақ құлшылығым құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны. Саудагер несиесін жия келгенде, «тапқаным осы, біттім деп, алсаң-ал әйтпесе саған бола жерден мал қазамын ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болад тағы, тілімінің келмегенін қайтушы ед» дейді.
Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?» (16-сөз).
Абайдың-«кербездің ісі» (18-сөз), бай-болыс, би-мырза туралы талғамдарынан (22-сөз) адам әлемінің қыр-сыры, өмір-дүние дидары, уақыт бедері нанымды ашылады. Ал, қазақ мақалдарына қатысты көзқарастардан өмір өрнектері, тәжірибе тәлімі, уақыт бедері, шындық шырағы терең танылады:
«Қалауын тапса қар жанады», «Сұрауын тапса адам баласының бермесі жоқ» деген ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпенен өмір өткізгенше малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.
«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып мінбей-түспей, арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды.
«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны.
«Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын анатұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың қылығы емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-анасын сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек» (29-сөз ).
Ақын мұратынан айқын аңғарылатын басым бағыттардың бірі — білім-ғылым жүйесі. Ақын бастапқы тұста білім-ғылым ісіне қадам басу үшін талаптың керегін, оның «біраз шарттары» барын еске салады. Білім-ғылымға құштарлық арман-аңсарлармен шектелмейді. Оның үстіне біліп-көріп, көңілге тоқығанның мәні зор. Мақсат айқын, бағыт белгілі болу керектігі көрсетіледі. Ар ілімі үлгі етіледі. «… ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез» жөнінде де байыпты байламдар жасалады. «Мінездің беріктігі» ақылға, арға қызмет ету керектігі назарға алынады (32- сөз).
Басты аңғарылатын жайт: Хакім Абай ақыл-парасат, білім-ғылым жүйесін бар асылдан да жоғары қояды. Жер-жаҺандағы жақсылық Һәм жасампаздық жолы, игілікті іс пен ізгілікті қадамдар – адам ақыл-ойының, білім-ғылым жетістіктерінің жемісі екенін мың сан мысал-дерекпен де, өмір тәжірибесімен де, тәлім-тәрбие тағылымдары арқылы да жүйелі жеткізеді. Өмір тағылымдарын үлгі, үрдіс ретінде еске алып отырады.
Абай осы бағыттаған ой-сөз желісін жан мен тән қуаттары төңірегінде тереңдете түседі (41- сөз). Адам мұраты, өмірі мен еңбегі жан әлемі арқылы өріс алса, тән қуаты байлық, дәулет арқылы көрініс береді. Адамшылық жолы, талапсыздық әрекеті — жан һәм тән қуаттарының артық-кем тұстарын-ақыл, қайратты тең ұстап, өмір-уақыттың өлшемі етіледі (43- сөз).
Абайдың талап пен талапсыздық төңірегіндегі көзқарас, ұстанымы (44- сөз) қазақ қауымының дүниетанымымен сәйкес келеді:
«Адам баласының ең жаманы — талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен-бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады…
Мұнысы қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды-дағы, «мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен» деп, қазақтың бетінен оқып іздеген талап емес.
Анық үшін кітап сөзіменен іздеген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, онан соң ғибадат қыл дейді.
Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабыңды қыла бер, көкіректі дым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса, құт-берекеге жағымды болмайды дейді. Енді осыған қарап қайдан оқып, ұмтылған талап екенін білерсің» (44- сөз).
«Қарасөздердің» үздік үлгісі, өрнекті өнегесі 37- сөзде жинақы, жүйелі беріледі. Хакім Абай мұнда өмірдің өрнекті тағылымдарын, тәлімді тәжірибелерін барынша қонымды, қысқа-нұсқа үлгіде жеткізеді. Хакім Абайдың даналық мәйегіне айналған, ақыл-нақыл, өсиет сөздері ағартушылық һәм дииактикалық сипаттарымен де мәнді. Ғибраттық-танымдық қуаты мол. Өміртанытқыштық-тағылымдық қырлары да маңызды болып табылады. Әсіресе, адам әлемін, оның өмірі мен еңбегін, кәсіп-дағдысын, тұрмыс-тіршілігін, жақсы-жаман жағдаяаттарды, дос-дұшпан әрекеттерін, отбасылық тірлікті, әке мен бала, ер-әйел қарым-қатынасын, байлық пен билік, бақ пен тақ, т.с.с. белгі-ерекшеліктерін, сыр-сипаттарын нақты әрі нанымды ашады:
- Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.
- Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.
- Әкесінің баласы-адамның дұспаны. Адамның баласы-баурың.
- Өзің үшін еңбек қылсаң өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың.
- Мен егер закон қуаты қолымда бар кіс болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім.
- Егер ісім өнсін десең, ретін тап.
- Биік мансап-биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады. Жікшіл ел жетпей мақтайды, желөкпелер шын деп ойлайды.
- Дүние-үлкен көл, заман-соққан жел, алдыңғы толқын-ағалар, артқы толқын-інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер.
- Жаман дос-көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың; басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың.
- Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас. Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол.
- Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң-өзің ғана тілейсің» (37-сөз).
Демек, Абайдың даналық мәйегі – ақыл-нақыл, өсиет сөздері адам мұратын, өмір сырын, уақыт тынысын тап басып, тәжірибе тәлімі мен тағылымын, ой-сөз жүйесін қысқа-нұсқа үлгіде беруімен мәнді болып табылады.
Жинақтап айтқанда, Хакім Абайдың «Қарасөздері» поэзиялық туындыларынан өзіндік өзгешелігі бар, өмір тағылымы мен тәлімдік қырлары басым еңбектер қатарына жатады. Оның көпке ортақ ұнамды тұстары әркез-ақ зиялы қауым мен зерттеушілер назарын аударғаны анық. Айталық, алғашқы абайтанушы Ә. Бөкейхан Абай әлемінің қыр-сырына еркін енеді: «Абай он-он екі жастар аралығында қазақ даласында жүріп хат таныды. Ал он екі жасында Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түседі. Абай он төрт жасында сонда жүріп үш ай орыс мектебінен дәріс алады. Осы төрт жылдық медреседегі және үш айлық орыс мектебіндегі дәріспен Абайдың мектептік оқуы аяқталады. ..
Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары оны Европаның атақты ақындарының қатарына қосар еді» [2, 310].
Ал, М.Әуезов пен Ж.Аймауытұлы «Абайдың өмірі һәм қызметі» атты мақалада («Екеу» бүркеншік есімді қолданған) Абайтанудың өзекті мәселелеріне ден қояды:
«Абайдың ең бір артық өзгешелігі заманның ыңғайына жүрмей өзінің «өздік» бетін мықтап ұстап, ақылға, ақиқатқа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұнжырарлық кемшілік, міннің ортасында туып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі жырақта жүріп қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы.
… Абайдың пайдасыз сөзі жоқ. Ахлақ, адамшылық туралы айтқан терең мағыналы, үлгілі сөздері кемшіліктің мінезін тәрбиелеп, ақыл көзінің ауданын кеңейтпек. Жүректен толғанып, ыза мен қайрат айдап шыққан қайғылы, хафалы, зарлы сөздері адамның ақылын өз ішіне үңілтіп, жанымен сыр таластырып ұғып, оқып түсіндіргендердің сезімін тәрбиелемек» [3, 1-3].
Академик М. Әуезов Абайдың ақындық мұрасы мен «Қарасөздері» хақында былай ден жазады: «… Абайға ақындық үлкен қадірлі мағынасы бар әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбек боп танылады. Ол — надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлық сияқты атқамінерлер мінезімен мықты тұрып алысуға кіріскен еңбегі. Абайды кейінгі буынға және сол кездегі қалың елге, көпшілікке, саналы жастарға нағыз қадірлі Абай етіп көрсететін еңбегі. Ақындықты сыншы, тәрбиеші, қасиетті дос етіп ұсынады. Зұлымдық надандықпен кектене алысады. Мін атаулыны көзге шұқып, басқа сабап айтады» [4, 166].
«Қарасөздер» көркем прозаның өзіне бөлек, Абайдың өзі тапқан бір алуаны болып қалыптанады. Бұл сыншылық, ойшылдық және көбіне адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді» [5, 168].
Абайдың «Қарасөздеріне» қатысты ғалым-тілші Р.Сыздықова төмендегіше ой қорытады:
«Қарасөздерді» көлемі жағынан шағын-шағын 46 бөлек шығарма құрайды. Олардың жанрлық сипаты да әр түрлі: көбі публицистикалық туындылар, 46-сөз деп берілгені — білім-таным үлгісіндегі тарихи очерк, 25-сөз — Сократ пен Аристотельдің әңгімесі деп берілген мысал, өсиет, 5-сөз -мақал-мәтелдерді талдаған филологиялық этюд, 37-сөз — афоризмдер жиынтығы, 7-сөз — психологиялық тақырыпты қозғаған этюд, 43-сөз — философиялық толғаныс, 38-сөзді — мораль мәселелері жайындағы ой-пікірлері болып келетін ғылыми-публицистикалық еңбек деп ажыратуға болады.
… Абай прозасы тілі мен стилі жағынан толық қанды шығармалар екенін баса айтамыз. Бұл туындылардың басымы дидактикалық әңгіме философиялық этюдтер, тарихи очеректердің алғашқы үлгілері, қазақ жазба дүниесіндегі таза ұлттық тілдегі соны бастамалар деп танимыз. Ұлы Абайдың сан қилы еңбегінің бір қыры да осы жерде» [6, 108; 110]. Жоғарыда айтылып-жазылған ой-пікірлердің жарасымды жалғасы, танып-талданған түйінді тұстары «Абай» энциклопедиясынан кең орын алды.
Тұтастай алғанда, Абайдың «Қарасөздері» ондағы кеңінен айтылып, терең қозғалған мәселелер «ел мінезінен» өзге: адам әлемі, қоғам, өмір, тұрмыс-тіршілік түйіткілдері, даңқ пен даңқпырт, жалқаулық пен талапсыздық, салғырттық пен немқұрайдылық, жамандық пен зұлымдық, «дүние рахаты», ағартушылық һәм адамгершілік мұраттары, білім-ғылым, дәстүр мен дін, әдет-дағды, мінез-құлық, ақыл-парасат, намыс пен сенім, тәлім-тәрбие, т.т. болып табылады.
«Қарасөздер», яки Абай атап көрсеткендей, «өз сөзім-өзімдікі» шеңберінен шығып, «қойын дәптері» міндетін ғана атқармай, керісінше қалың көптің өмір тағылымдарын кең көлемде танып-түстеп, одан халқымыздың тағдыр, тұрмысынан жан-жақты орын алған әр алуан құбылыстар мен көріністерді, қилы кезең шындықтарын, ел-жерге қатысты қағидалы қисындарды, адам мұраты мен ортақ мүдделердің сыр-сипаттарын кең көлемде көрсетеді. Оның бәрі-баршасынан: Абай мұраты, арман-аңсарлары, көзқарас эволюциясы, елдік мүдде, адам әлеміне байланысты айтылған ақыл-кеңес, нақыл-өсиет, тәжірибе тәлімі, т.т. өмір тағылымынан нәр алып, тағдыр талқысы тұрғысынан кім-кімге де ой салады. Кезең-уақыт шындықтары айқын. Адам мұраты мен ұстанымы маңызды мәнге ие болады.
Абайдың «Қарасөздер» атты прозалық мұрасы жанрлық жағынан дәстүрлі әдеби туынды, немесе әңгіме, естелік, мемуар үлгісі емес. Сондай-ақ, оқиғалы-сюжетті, толғам-толғаныс, нақыл-өсиет сөздер жиынтығына да жатпайды. Біздіңше, Абай әлемінің өн бойынан берік орын алған арғы-бергі кезең шындықтары, өз дәуірінің көріністері, ақиқат жайттардың жиынтығы басым бағыттарға ие болады. Осы реттен келгенде, Хакім Абайдың «Қарасөздер» атты туындысы — қоғам мен адам қарым-қатнасының берік байланысын, уақыт тынысының белгі-ерекшеліктерін бедерлі бейнелеген жан-жүрек пен көңіл толқынының көркем шежіресі. Тақырыптық-жанрлық ерекшелігі бар, болмысы бөлек, мазмұны ерек, тілдік мәнері, стильдік құбылысы өзгеше қазыналы биік. Өмір тағылымдарының өрнекті өнегесі, үздік үлгісі.
Хакім Абайдың «өз сөзім — өзімдікі» екенін анық аңғартар «Қарасөздердің» тұтас табиғаты мен тағылымынан: өмір тәжірибесі мен өнер өлкесіндегі көрген-білген, танып-түйген жайттары ұлттық тұрғыдан байыпты сараланып, ақыл-парасат арнасы, білім-білік көрінісі, талғам таразысы уақыт бедерімен байланыс-сабақтастықта өріс алып, одан елдік-қоғамшыл қасиеттері кең көлемде танылатындықтан, ұлт мұраты мен руханиятының арналы бастаулары мен қазыналы қайнарлары, көркемдік-эстетикалық құндылықтары, ой-сөз жүйесі, сыр-сипаттары айқын аңғарылады.
Демек, Хакім Абайдың «Қарасөздер» атты қазыналы кеңістігі – халқымыздың арғы-бергі кезеңдердегі жемісті жетістіктері, келеңсіз кемшіліктері қатар көрсетілген, сондай-ақ адам мұраты, өмірі мен еңбегі, ақыл-парасат нұры, білім-ғылым жүйесі, дін мен дәстүрі, тарихы мен танымы, мәдениеті мен тілі, т.с.с. жүрек әмірі мен көңіл таразысына тартылып, тәжірибе тәлімімен байланыста баяндалатын парасатты туынды.
Хакім Абайдың «Қарасөздері» — поэтикалық мұрасының көркем шежіресі, халық тағылымының өрнекті өлкесі, адам әлемі мен өмір мұратының тәлімді тәжірибесі, ұлттық сөз өнерінің жаңа көкжиегі, кең өрісі.
«Қарасөздердегі» елдік мұрат, адамгершілік жолы, ақыл-парасат өнегесі, өмір тағылымдары – жаңа бағыт, іргелі ізденіс, айқын мұрат, терең дүниетаным, шынайы шындық, өзгеше амал-тәсіл, тың ой, сарабдал сөз жүйелерімен сенімді өріс алатындықтан, қай кезең, уақытта да тарихи негізін, көркемдік мәнін, мәдени-рухани нәрін жоғалтпайтындықтан, жаңашылдық һәм сабақтастық сыр-сипаттарымен қалың көпшілік жадына берік ұялары хақ.
Қысқасы, Хакім Абайдың «Қарасөздеріндегі» ұлттық мұрат пен руханият арналарының басым бағыттары, кешеден бүгінге ұласқан өрнекті өнегесі, үлгілі үрдістерінің маңызды қырлары мен тағылымды тұстары адам әлемінің алуан қырларын, өмірдің өшпес өрнегін кеңінен көрсетеді.
«Қарасөздер» — Абай әлемінің айнасы, ұлт руханиятының көркем шежіресі. Елдік мұрат-мүдденің, дін мен дәстүрдің, халықтық дүниетанымның, тарих пен танымның қазыналы қайнары. Өмірдің өрнекті көркем көкжиегі. Уақыт бедерінің шынайы сырлары.
Хакім Абайдың жүрек сәулесі мен көңіл айнасын, ақыл-парасат нұрын кеңінен көрсететін «Қарасөздері» — адам мұраты мен өмір өнегесінің, халықтық дәстүр мен руханият қайнарларының мәңгілік сипаты. Дүбірлі дәуір мен күрделі уақыттың бедерлі көрінісі. Кезеңнің шындық шежіресі. Болмыстың бүтін бедері.
«Қарасөздер» — Абай әлемі, халық мұрасының қайнары, замана шындығы мен тағылымының сырлы шежіресі.
ӘДЕБИЕТ
1. Абай. Қара сөз. Поэмалар. — Алматы: Ел, 1993.
2. Бөкейхан Ә. Абай (Ибрагим) Құнанбаев (Мүнәһиб-Некролог) //
Таңдамалы (Избранное). — Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995.
3. Екеу. Абайдың өмірі һәм қызметі // Абай. – 1918. — №2.
4. Әуезов М. Абай (Ибараһим) Құнанбайұлы // Жиырма томдық шығармалар жинағы.
ХХ том. — Алматы, 1985.
5. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. — Алматы, 1959.
6. Cыздықова Р. «Қарасөздер» қазынасы // Абай. – 1993. — №1-2.