3. БІР
... Екі, іш, төрт... он. Осылай көбейе береді. Он бір, он екі... жиырма бір. Әлі де аз. Бірте-бірте көбейіп, салмақтала береді. Онда да салыстырмалы түрде ғана. Не көп, не аз болады. Бірақ, әңгіме сандар мен салмақ туралы емес. Сәл басқашарақ.
Бір...
Біздіңше, Бір – Тұлға.
Демек...
Әңгіме жеке адам жайында.
«Бір» хақында.
Дәлірегі, бірдің үлгі үрдісі. Бірдің айналасына оң әсері.
Жасампаз үлгі
Әңгіме өзегі – Бір.
Бірақ...
Оған топ бастап бірінші тұрған соң, сөз «сауып» отырған жоқпыз. Бойына сеніп, түйе де жылдан құр қалған.
Ол да – Бір.
Сапта бірінші жүретін ұзынтұралар қаншама?!
Сосын тағы...
Кимелегіштер көп. Кілтипанын тапқыштар. «Кірден» қашпайтын «күреңдер».
Айлакерлер.
Табан жалағыштар.
Жолы болғыштар.
Бірақ, жаңағылар бағы шапқандар емес.
Рас.
Жалғыз “1” саны жұтаңдау. Жоққа тән. Тым аз өлшем.
«Жалғыз ағаш – орман емес».
Тоғай қайда?!
Адам ше? Ол, әрине ағаш емес. Оның еңбегі, табандылығы, мейірімі... Ол- Бір «орманды» ойландыра, «тоғайды», яғни жұртты толғандыра алады.
Бірдің шуағын сезінеді айналасы.
Жұғысқысы келеді.
Ығына жығылады. “Өзі зордың болады ығы да зор” (Абай).
Бір.
Ол үшін, тіпті жақын жүру міндет емес. Бірдің сені тануы да қажетсіз.
Сыртай сүйсінесің.
Тілектессің.
Еңбегіне қарап елжірейсің. Жүрегің шаттанады. Жүзің шуаққа толады. Сосын, әрине барына қуанасың.
Ол сенің бар-жоғыңнан бейхабар. Саған да Бірдің сені білгені мақсат емес.
Оның да, сенің де бір-біріңе еш қарызың жоқ.
Ерекше әсер.
Сырттай «ғашықсың».
Қастер тұтасың.
Сен өзің де Бірге ұқсап бара жатасың.
Жақында сондай бір шуақты сезіндім.
Біркөрер... – бұл сәулелі ұрпақ.
«Ата-анаға көз қуаныш...» (Абай).
Қуанамын.
Сенемін.
Бірақ, тап осылай «кілт бұрылар» деп ешкім күтпеген.
Ол шынымен шұғыл өзгерді.
Жолсеріктері ілесе алмай қалды. Олар да тап осылай боларын мүлде күтпеген. Дағдарған, тіпті қызғанған жайлары бар.
- Қой, қатты кетпе, - десті әуелгіде олар онша сеніңкіремей.
- Тым құрыса, сыраға сыртыңды берме,- десті әлі де сеніңкіремей.
“Бірдің” айныр түрі көрінбеді. Алаңсыз тартып барады.
Кешегі жолдастарын жаңағылар сонда да босатқылары келмейді. Сосын оның электронды поштасына хатты боратты дерсің. «Бірден ат құйрығын кесісуге болмайды», «сауыттастарыңды» естен шығарма...”, тағысын тағылар.
Толып жатыр.
«Тоғайдың» тосылғысы жоқ. Көптігін жасағысы, тізесін батырғысы келеді. Мысын басудан дәмелі. Шәкәрім қажы өмір жолында өзі оқып, тоқыған ойларын туған халқына жеткізгенше асығады. Данышпан мәңгі тірі өлеңдерімен және сөздерімен, яғни «Ажалсыз әскерімен» ел-жұртының қараңғылығынан улана отырып, надандыққа қарсы бітіспес майдан ашады. Тіпті, тірлік шырғалаңынан аулақ шығып, саят қорада біраз жыл саяқ өмір кешеді.
Біртуар.
Сонда да айналасындағылар кемеңгер ақынға маза бермейді: «Тек отырсам, тепкілеп шыдатпайды,/ Енді қайтіп бұл елмен жарасамын», «Мен жалғыз, сендер елде қалдың қойып,/ Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып» немесе «Елсізде неге жалғыз қалғанымды,/ Қырық жыл нені жинап алғанымды/ Сезбейсің тартпаған соң ел қайғысын,/ Сен емес ұғатұғын арманымды» (Шәкәрім Құдайбердиев, Шығармалары, «Жазушы», 1988 ж., 68, 172, 173-бб).
Біркөрер.
Тұлға.
Дара әрі жалғыз.
Ал, айналасы орман ғой.
Ойлағандарына жетпей қойғылары жоқ.
Ықтырып алғылары келеді.
Қолдарынан келмейді.
Бірдің аты – Бір.
Олар “Бірдің” орынын түсінбеген. “
“Сен емес ұғатұғын арманымды” (Шәкәрім)
Біркөрер бүгін де спортзалға жеке барған. Алдынан бір топ жолдасы шыққанда жүзі жадырап сала берді. Бұл тек бастамасы ғана.
Екі, үш... он. Осылай көбейе береді. Ең бастысы ...
Бір!
Ұлы Абай айтқандай: «Единица – жақсысы,/ Ерген елі бейне нөл./ Единица нөлсіз-ақ, Өз басындық болар сол./ Единица кеткенде/ Не болады өңкей нөл?» (Шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы», 2005 ж., 1-том, 93-бет).
Абайдың ұлы Мағауияға жазған хатында осы ой одан әрі дамытылады:
«Ой жүгіртіп қарашы Мағаш бала,
Сан дегенің тоғыз-ақ, бірден сана.
Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды,
Единица сыфат деп біл тек қана.
Көп білгенге көп надан болады қас,
Маужуд пенен мансухты ол айырмас.
Бәйтерек те күндейді көлеңкесін,
Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас» (Абай музейінің қоры, КП-6413).
Рас екен.
«Жарқырап нұрын шашып, жанады шам,/ Талайлар пайда алады жарығынан» (Шәкәрім) немесе «Көпшуылдақ не табар,/ Билемесе біркемел?» (Абай).
Әрбір елдің, әр ортаның өз біріншісі бар. Топ бастар серкесі де солар. Міне, соларға сенім артса, Единица соңынан ерген елі мен кемелдене түспек.
Шіркін, біздің ұрпақ «ел жақтаған» азамат болса…
Біркөрер.
Болат Жүнісбеков,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
Мемлекеттік қорық-музейінің
директоры