Ықтияр Палтөре. АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ АЛЛАНЫҢ КӨРКЕМ ЕСІМДЕРІНІҢ КЕЙБІРІНЕ ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ

Құран аяттарында: «Алла Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ең көркем есімдер Оған тән» [13, Таһа, 8-аят], «Ол сондай Алла, одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол – Патша; өте пәк, есен-амандық беруші. Қорғаушы тым үстем. Аса өктем, өте зор. Алла олардың (серік қосушылардың) қосқан серiктерiнен пәк. Ол Алла – жаратушы, жоқтан бар етуші, бейнелеуші. Оның көркем есiмдерi бар» [13, Хашыр, 23-24-аяттар], –делінген. Сондай-ақ: (Уа, Мұхаммед! Сен) Оларға: «Алла» деп дұға жасаңдар яки «Рахман» деп дұға жасаңдар. Қайсысымен атасаңдар да ең көркем есімдер Оған тән» деп айт» [13, Исра, 110-аят], «Ең көркем есімдер Аллаға тән. Оған сол атаулармен (көркем есімдермен) жалбарыныңдар», [13, Ағраф, 180-аят] – деген мағынада аяттар бар. Жалпы осы көркем есімдердің саны туралы Мұхаммед пайғамбардың хадистерінің бірінде: «Алланың тоқсан тоғыз, бірі кем жүз есімі бар…» [Хадис: Бұхари, Дағуат-6047], – деп айтылған. Мұхаммед пайғамбар көзі тірісінде Құранда айтылған аяттарға сай Алланың көркем есімдері мен сипаттарын атай отырып, оған дұға-тілек жасаудың үлгілерін күллі мұсылман жамағатына үлгі-өнеге еткен. Осы үрдіс бойынша қазіргі кезде еліміздегі мешіт имамдары, діни қызметкерлер түрлі құлшылық рәсімдері орындалған соң немесе орындау кезінде пайғамбар үйреткендей етіп, Алланың көркем есімдерін атап, оған дұға-тілек жасауды әдетке айналдырған.

Хакім Абай да өз заманында: «…Рахман, Рахим, Ғафур, Уадуд, Хафиз, Сәттар, Раззақ, Нафиғ, Уәкил, Латиф…» [1,192], – деп  Алла тағаланың көркем есімдерінің кейбірін атап, олардың мән-мағынасын біліп, кәміл үйренуді өз шығармаларының бірінде (отыз сегізінші қара сөзінде) өсиет етеді. Осы көркем есімдердің ең басында Алла  арабша [ اَللهُ ] (Аллаһ) атауы тұрады. Бұл атау – Құдай тағаланың жеке (жалқы) есімі. Құлшылық етуге лайық, ғибадат етілуші Ие, Тек, Бір Тәңір мағынасында. Құран дүниетанымы бойынша бұл есім бір жаратушыдан басқа ешкімге айтылмайды. Алла сөзінің араб тіліндегі шығу этимологиясы жайлы араб тіл білімі ғалымдары бірнеше пікірді алға тартады. Олардың ішінде ең көп мақұлданғаны Алла атауының араб тіліндегі «әләһә – яләһу – иләһәтән» ( اَلَهَ — يَأْلَهُ — اِلاَهَةً ) деген «құлшылық ету» мағынасындағы етістіктің түбірінен «әл-Иләһу» ( اَلاِلَهُ) үлгісінде жасалып, жиі қолданылғандықтан «әл» артиклінен кейін келген кәсралы әлиф (транскрипциядағы «и» әрпі) түсіп қалу арқылы ләм әрпі ләмге қосып, бір рет жазылып үстіне тәшдид (шәдда) белгісі қойылу арқылы оқылады. Сондай-ақ жаратқанды ұлықтау мақсатында ләм әрпі жуан оқылып, нәтижесінде «Аллаһ» [ اَللهُ ] үлгісіндегі сөз шыққан  делінеді [2,32]. (Сөз соңындағы «һ» әрпі қазақ тілінің орфографиялық ережелері бойынша хатқа түскенде жазылмай «Алла» үлгісінде қолданылып жүр…). Бұл сөздің қазақша мағынасы «бүкіл әлемді жаратушы, құлшылық етуге ең лайықты ие» дегенді білдіреді. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде Алла сөзіне: «18 мың Ғаламды, Қиямет-Қайымды жаратушы Құдай, асқан құдірет иесі» [3,424], – деген анықтама берілген. Бұл сөз Құранда сөйлем ішіндегі орнына қарай әртүрлі (мысалы, атау, ілік, табыс септіктерінде) кездесіп, жалпы саны бір дерек бойынша 2697 рет, [4,47] ал екінші бір дерек бойынша 2724 рет кездеседі делінеді [14].

Осы Алла атауы Абай шығармаларында да жиі қолданыс тапқан. Ақынның: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас…», «Алла деген сөз жеңіл, // Аллаға ауыз қол емес…», «Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ, // Мүмин болсаң үйреніп,, сен де ұқсап бақ. // Құран рас, Алланың сөзідүр ол, // Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ.// Алланың, пайғамбардың жолындамыз,… Алла ішімді айтқызбай біледі ойла,..», «Алланың рахматын, // Жар тұтып әрнеге…» деген сияқты тағы басқа көптеген өлең жолдарында, қара сөздерінде тіпті, орыс тілінен аударған аудармаларында да көрініс тапқан. Абай тілі сөздігіне жүгінсек, Алла сөзі Абай шығармасында 133 рет кездеседі [5,40]. Бір ескеретін жайт Құранда Алла есімі Құдай тағаланың барлық көркем есімдерін қамтиды. Ешбір атауға синоним ретінде қолданылмайды. Көптік жалғауын қабыл етпейтін жеке, дара есім ретінде қарастырылады. Ал Абай шығармаларында: «Патша құдай, сыйындым, // Тура баста өзіңе…», «О да құдай пендесі, // Түспей кетер деймісің. Тәңірінің құрған тезіне?!», «Я, Құдай, бере гөр // Тілеген тілекті…», «Шын жүрек елжіреп, // Алладан тілеймін…», – деген сияқты үлгілерде Алла атауы «Тәңір», «Құдай» сөздерімен синоним ретінде қолданылуымен ерекшеленеді. Абай тілін зерттеген ғалым Р.Сыздықова: «…қазақтың исламға дейінгі жалпы түріктік тәңрі-сі бар ма, парсының құдай-ы, арабтың алла-сы, … бар ма – барлығы да бұл кезде актив сөздер. Абай да оларды жатсынбай синонимдік қатар түзіп пайдаланады…» [6,72], – деген. Негізі Құран дүниетанымында жаратқанның Алла деген есіміне «Тәңір», «Құдай» сөздері синоним бола алмайды. Себебі, бұлар Алла атауының семантикасын, мән-мағынасын толық қамти алмайды. Бұл туралы Құран аяттарына қазақша мағына мен түсінік беріп аударған Халифа Алтай да өзінің «Хұтпалар» атты еңбегінде: «…Жаратқан, жасаған «Алла»: түрікше «Тәңір», парсыша «Худа», қазақша «Құдай» деп аталады. Бірақ – тәңір, худа, құдай деген сөздер «Алла» деген атаудың орнын толтырмайды. Жетпей қалады…» [7,9], – деген. Дегенмен қазіргі ауызекі сөйлеу тілінде, тіпті, қазақ әдеби тілінде «Тәңір – Құдай – Алла» сөздері бірінің орнына бірі қолданыла беретіні белгілі. Мысалы, Бұхар жыраудың: «Ей, айтшы, Алланы айт, Аты жақсы Құдайды айт. Төрт шадияр Мұстафа, Мұсқап ашқан ғалымды айт. Тәңірім сөзі бұрқанды айт. Кәлім Алла Құранды айт, Тәңірім салса аузыңа, Жан жолдасың иманды айт», «Құдайды білмес бинамаз», «Қарсы болма Аллаға», «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа…» [8,10-15], – сондай-ақ Шал ақынның: «Жігіттер, ғибадат қыл, маған нансаң, Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң, Жарлығы екі болмас хақ Құдайым, жанында серігі жоқ тақ Құдайым, Жанымды алсаң, Құдая, иманмен ал, Шайтанның қазасынан қақ, Құдайым…» [9,155], – деп толғанғаны сияқты, т.б. Негізі осы сияқты мысалдарды қазақтың көптеген ақын-жазушыларының шығармаларынан кездестіруге болады. Бұл дегеніміз Құрандағы Алла сөзінің «тәңір – құдай» сөздерімен семантикалық байланысқа түсіп, қазақ тілі ұғымында құрылысы әртүрлі болғанымен мән-мағынасы бір болып кеткен сөздер деуге болады.

Мұнан басқа айтарлықтай жаңалық Абай тілінде кездесетін Алла атауына көптік жалғауының жалғануы. Нақтырақ айтқанда, Абайдың отыз сегізінші қара сөзі деп аталып жүрген шығармасында Абай Алла тағаланы танымақтық оның көркем есімдері мен сипаттары арқылы болатындығын аңғарта келе араб тіліндегі «Әмәнту биллаһи кәма һуә би әсмәәиһи уа сифатиһи» яғни, «Мен Аллаға оның көркем есімдері мен сипаттарында баян етілгендей етіп оны танып, оған иман келтірдім», – дегенді түсіндіргенде «…Ол есім Аллалар һәмма ол Алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары не деген сөз, кәміл үйрен» [1,187], – дейді. Осында «…Ол есім Аллалар…» – деп, Алла сөзіне көптік жалғауын жалғайды. Әрине бұл Құран дүниетанымы бойынша мүлде қабылданбайтын мәселе. Араб әріптерімен жазылған Мүрсейіт қолжазбасында да: «اول اسم الله لار», яғни «Ол есім Аллалар» үлгісінде кездеседі екен. Сондықтан мұны баспа тарапынан жіберілген яки текстологиялық кемшілік дей алмадық.

Егер біз Абай сөз етіп отырған имандылыққа қатысты айтқан мәселесіне үңілсек, ақынның араб тіліндегі «Әмәнту биллаһи кәма һуә би әсмәәиһи уа сифатиһи» тіркесінің қазақша баламасын айтып жатпай-ақ, «…би әсмәәиһи яғни, есімдерімен» дегенді «…Ол есім Аллалар…» деп түсіндіріп, яғни, «ол есім Алланың аттары, көркем есімдері» деген мағынаны бір ауыз сөзбен жеткізіп, Алланың көркем есімдерінің қайсысын айтсаң да бір Алланы меңзеген боласың дегенін аңғарамыз. Абай «…Ол есім Аллалар…» деуі арқылы бұрын-соңды болмаған тіркесті қолданады. Ақынның Құран дүниетанымына жат мұндай үлгіні қолдануы сол кездегі қарапайым халыққа түсінікті болсын деген мақсатта айтқан болу керек деген жорамал жасаймыз. Бұған ақынның өз шығармаларында имандылық жайын сөз еткенде ең алдымен, Алла тағаланы дұрыс танып-білуге, оған жасалатын тағат-құлшылықтың дұрыс болуын, сөз бен іс арасында алшақтықтың болмауын басты тақырып етіп көтеретіндігі дәлел. Абай өз өлеңдерінің бірінде: «Алла деген сөз жеңіл, // Аллаға ауыз қол емес // Ынталы жүрек, шын көңіл, // Өзгесі хаққа жол емес…», – деуі де осының бір айғағы болса керек. Қорыта айтқанда, Абай тілінде Алла сөзі «Тәңір», «Құдай» сөздерімен синонимдік қатар түзіп қолданылса, екіншіден, оған көптік жалғауы жалғану арқылы да бір рет қолданыс тапқан. Мұның алғашқысын яғни, Алла сөзін «Тәңір», «Құдай» сөздерімен синоним ретінде қолдануды Абай өзіне дейінгілерден алған деген пікірді қолдасақ, екінші Алла сөзіне көптік жалғауын жалғап «Алла + лар» деп қолдануы ақынның өзі тапқан тәсіл. Негізі бұл тәсіл Құран тіліне түбегейлі жат. Бұл тәсіл Құран тілінің, қазіргі классикалық араб тілінің грамматикалық ереже-қағидаларына қайшы болғанымен, Абай айтқан ойдың Құран дүниетанымына еш қайшылығы жоқ. Себебі, Абай Алла сөзіне көптік жалғауын жалғау арқылы жаратқанды бірден көп деп тануға емес, керісінше «…Ол есім Аллалар…» деп ең көркем есімдер тек Аллаға тән дегенді ұқтырады. Сондықтан мұсылман адам дұға-тілек жасағанда сол есімдердің қай қайсысын атаса да бір Алланы меңзеген болады. Бірақ бұл атаулардың мән-мағынасын біл, Алланың сегіз затия сипатының не екендігін кәміл үйрен дейді. Осылайша Абай Алланы оның көркем есімдері мен сипаттары арқылы саналы түрде дұрыс тануға шақырады. Бұл айтылғандар Құран ұстанымдарына еш қайшы келмейді, керісінше құпталады.

Орайы келгенде айта кететін жайттың тағы бірі, Абай Алла сөзін Алла тағала, Алла табарака уа тағала үлгісінде сондай-ақ кейде осы сөзге синоним ретінде құдай сөзін пайдаланып: Құдай тағала, Құдай табарака уа тағала деген тіркестерді құрап пайдаланған. Осындағы тағала сөзі арабша таъала [ تعالى ] сөзі екені анық. Бұл сөздің қазақша ұғымы аса жоғары, ұлы мәртебелі дегенді білдіреді. Біз Абай тілі сөздігіне үңілгенде: «Тағала: алла тағала (63)…», ал «құдай тағала – жаратушы құдірет (33)» [5,479], деп Абай шығармаларындағы саны көрсетілген екен. Дегенмен, өз бетімізше қайта санақ жүргізіп, қарағанымызда Абай қара сөздерінде Алла тағала үлгісіндегі тіркес 33 рет, ал Құдай тағала үлгісінде 36 рет, сондай-ақ Алла табарака уа тағала үлгісінде 3 рет, Құдай табарака уа тағала үлгісінде де 3 рет кездесетіндігін анықтадық. Қалай десек те, Абай тілінде Алла сөзі жай ғана айтылып қоймай, жаратқанға ізеттілік пен оған деген құрметті аңғартатын тағала сөзімен қоса берілгені дау туғызбайды. Бұл сөз жоғарыда саны көрсетілгендей құдай тағала үлгісінде де аз қолданылмаған. Осы тіркестерді қазақшалағанда аса жоғары, ұлы мәртебелі Алла деген мағынадағы сөз тіркесі шығады. Жалпы мұсылман жұртшылығы Алланы осылай дәріптеуді Құран аяттарына негіздейді. Құранда тағала сөзі 14 рет қайталанады екен [16].  Жаратқанның осы Алла атауынан кейінгі кезекті алатын Рахман арабша [ اَلرَّحْمَنُ ] «әр-Рахман» және Рахим арабша [ اَلرَّحِيمُ ] «әр-Рахим» деген есімдер. Бұл екі есім де араб тіліндегі  « رحِمهُ – يرْحَمهُ  رَحْماً وَرُحْماً وَرَحْمَةً وَمَرْحَمةً » (мейірімділік, қамқорлық етті) деген мағынаны білдіретін етістіктен өрбиді. Нақтырақ айтқанда, «әр-Рахман» [ اَلرَّحْمَنُ ] (аса қамқор, өте мейірімді) және «әр-Рахим» [ اَلرَّحِيمُ ] (ерекше Мейірімді, Рақымды) сөздері рақымшылық, мейірімділік, қамқорлық ету мағынасындағы «әр-Рахмәту» [ اَلرَّحْمَةُ ] сөзінен туындаған араб тіліндегі асыртпалы, күшейтпелі шырай болатын сөздер. Рахман сөзі Рахим сөзінен күштірек әрі мағынасы ауқымды атау. Бұл атау Құран дүниетанымы бойынша Алланың осы дүниедегі мейірімі мен қамқорлығының жалпылығын аңғартады. Құранда: (Уа, Мұхаммед! Сен) Оларға: «Алла» деп дұға жасаңдар, яки «Рахман» деп дұға жасаңдар…» деп айт» [13, Исра, 110-аят], – деп бұйыруы да Рахман сөзінің мағынасының жалпылығының дәлелі. Бұл есім тек Аллаға ғана лайық ат екендігі айтылады. Ал Рахим сөзінің ауқымы тар, мағынасы шектеулі, сондықтан бұл сөз қазақ тіліне ерекше мейірімді деп аударылады. Түйіндеп айтқанда, Алланың «Рахман» есімі барша жаратылыс атаулыға бiрдей рақым етудi аңғартса, «Рахим» атауы тек мүмiн-мұсылмандарға ғана мейiрiм ететiнiн бiлдiредi. Бұл айтылғанға Құрандағы: «Ол мүмiндерге мейiрiмдi» [13, Ахзаб, 43-аят], – деген аят дәлел бола алады.

Алланың өте мейірімді, аса қамқор деген мағынадағы «әр-Рахман» есімі Құран аяттарында 57 рет қайталады [4,466]. Тіпті, Құранда «Əр-Рахман» деп аталатын 78 аяттан тұратын сүре де бар. Ал енді өте рақымды, ерекше мейірімді деген мағынадағы «әр-Рахим» атауы Құранда әл артиклімен 34 рет, әл артиклінсіз 61 рет, сондай-ақ табыс септігінде «Рахиимән» [رحيماً  ] үлгісінде 20 рет, жалпы бәрін қоса санағанда 115 рет қайталанады екен [4,465]. Бұл екі есім де Құран дүниетанымында Алланың ең негізгі көркем есімдері саналады. Алланың осы Рахман және Рахим атты көркем есімдері Абай шығармаларында бір-екі жерде сол Құрандағыдай арабша қалпында кездессе, енді бірде сөздің түбірі саналатын «әр-Рахмәту» [ اَلرَّحْمَةُ ] (Рахмат, рахмет яғни, рақмет), сондай-ақ Рақым, рақымдылық үлгісінде көрініс табады.  Мысалы, Абай: «Алланың рахматын // Жар тұтып әрнеге, // Әр Рахман ол атын Үйреткен жүмлеге» –десе, енді бірде: «…Зар қылып тілеймін // Рахметін Алланың, // Елжіреп жылаймын, // Көңілін аш пенденің // Сыйхатын қалқама, // Бере гөр, я, Рахим! // Тілегім – бұл ғана, Қайғымды қыл шағын…», – дейді. Міне, осы өлең жолдарында Алланың Рахман және Рахим есімдері арабша аталады. Абайдың: «Әр Рахман ол атын Үйреткен жүмлеге» деген өлең жолдарының діни астары бар. Себебі, Мұхаммед пайғамбардың хадистердің бірінде: «Алла тағала мейірімділікті жүз бөлікке бөлді. Сөйтіп, оның тоқсан тоғыз бөлігін өзінде ұстап қалып, тек бір бөлігін ғана жер бетіне түсірді. Осы жер бетіне түсірілген бөліктің шарапатынан барша жаратылыс иесі бірі-біріне мейірімділік етеді. Тіпті, жануар да өз төліне зияны тимесін деп тұяғын мұқияттап көтереді» [Хадис: Муслим], – деп баяндайды. Дәл осы мәтінге жақын тағы бір хадис нұсқасында: «Расында Алла тағала жүз мейірімділікке ие. Оның бір бөлігін ғана жындар мен адамзатқа, жан-жануарлар мен шыбын-шіркейлерге түсірді. Міне, сондықтан олар осы бір бөлік бойынша бірі-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік танытады. Бірі-біріне рақымшылдық, жанашырлық етеді. Осы (жерге түсірілген) бір ғана бөлік бойынша жыртқыштың өзі баласына мейірімін төгіп, сүйіспеншілікпен қарайды. Ал мейірімділіктің, рақымдылықтың тоқсан тоғыз бөлігін Алла өзінде алып қалған. Онымен Қиямет күні пенделеріне рақымшылық етеді» [Хадис: Муслим], – деп түсіндіреді. Абай ақынның «Әр Рахман ол атын // Үйреткен жүмлеге» деген өлең жолдары осы пайғамбар хадистеріне негізделсе керек. Себебі, осындағы «жүмлеге» деген сөз араб сөзі қазақша аударғанда «баршаға, бүкіл жаратылыс атаулыға» деген мағынаны білдіреді. Осылайша Абай жоғарыда айтылған хадистің мән-мағынасын, түпкі өзегін бір тармақ өлеңмен керемет жеткізе білген. Осы сияқты «…Сыйхатын қалқама, // Бере гөр, я, Рахим!» деп, енді бірде Алланың Рахим есімін атайды. Мұнда да діни астар жатыр. Негізі бұл өлең жолдары ақынның «…Болашағынан үлкен үміт күткен ұлы Әбдірахман науқастанып жатқанда бір құдайға жалбарыну, ұлының дертіне шипа, жанына саулық тілеу мазмұнына құрылған» [10, 81]. Осы өлең жолындағы «сыйхат» сөзі арабтың денсаулық деген мағынаны білдіретін – «әс-сыххату» [ الصِحَّةُ ] сөзі. Абай осы өлең жолында: «Уа, ерекше мейірімді Алла! Ұлымның денсаулығын бере гөр» дегенді айтқан. Енді неліктен Абай Рахман сөзін емес, Рахим сөзін айтып, Аллаға жалбарынды десек, мұның жауабын осы Рахим сөзінің мағынасынан табамыз. Себебі, жоғарыда айтып өткендей, Рахим сөзінің мағынасы тар, мұсылмандарға ғана ерекше, аса мейірімді деген мағынада қолданылады. Бұған дәлел ретінде Құрандағы «Ол мүмiндерге мейiрiмдi» [13, Ахзаб сүресі, 43-аят], – деген аятты келтірген едік. Тағы бір айта кететін жайт пендеге денсаулық беретін, дертіне шипа дарытатын да бір Алла деген ұғым Құран дүниетанымына саяды. Құранда Ибраһим пайғамбар: «Ол, қашан ауырсам, маған шипа береді» [13, Шұғара, 80-аят], – дейді. Мұнан басқа: «Құраннан біз мүміндерге шипа әрі рахмет түсіреміз» [13, Исра, 82-аят], «Ол Құран иман келтіргендерге бір тура жол әрі шипа де», деген мағынадағы аяттар да кездеседі. Сондай-ақ Абайдың: «…Көңілін аш пенденің…» деген өлең жолдары Құрандағы «иман келтірген қауымның көңілдерін ашсын» [13, Тәубе, 14-аят] деген аяттың мән-мағынасымен астарласып жатыр. Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде де науқастанып қалған кісінің көңілін сұрап барып, оған: أَسْأَلُ اللهَ الْعَظِيمَ رَبَّ الْعَرْشِ الْعَظِيمِ أَنْ يَشْفِيكَ «Саған ұлы Аршының Раббысы аса ұлы Алладан шипа тілеймін» деп айтуға бұйырған. Сондай-ақ пайғамбардың: Егер отбасы мүшелерінің бірі науқастанып қалған болса, оның хал-жағдайын сұрап, «Уа, адамдардың раббысы – Алла! Мына дертті кетіре гөр. Сен шипа берушісің шипа бере гөр. Тек сенің шипаңнан басқа ешбір шипа жоқ. Толық еміңді бере гөр» [Хадис: Муслим], – деп жаратқанға жалбарынғаны бізге жеткен. Бұл да Абай дүниетанымынына әсер еткен болуы мүмкін. Дегенмен, Абай Алланың Рахман және Рахим есімдерін айтып, дұға-тілекті өлең жолына төгіп, өз бетінше Жаратқанға жалбарынады. Молдалар мен қожа-ишандар тіліндегі жаттандыны айтпайды.

Мұнан басқа осы екі сөздің түбірінен өрбитін қайырым, мейірім, шапағат мағынасындағы «Рақым, Рахым», «Рахмат, Рахмет» сөздері де Абай шығармаларында «Алланың рахматын // Жар тұтып әрнеге…», «…Рахметіне Алланың көңіл сенер…», «Тәңрім рақым еткені-ай!…», «Көкке бақтым «Алла» деп, // Тамаша етіп құдіретін. Рахматы оның онда көп…» деген сияқты үлгілерде тіркес құрап, Алланың Рахман және Рахим есімдерінің мән-мағынасын береді.

Тағы бір атап өтетін мәселе ол Абайдың 1869 жылы Ділдәдан туған ұлы Әбдірахман есімімен байланысты болмақ. Себебі, осы атау Алланың біз сөз етіп отырған Рахман есімімен аталған. Нақтырақ айтқанда, Әбдірахман арабтың абд [عبد] (құл) әр-Рахман [الرَّحْمن  ] (аса мейірімді, қамқор Ие) деген сөздерінен тіркесіп жасалған. Араб тіліндегі абд [ عبد] сөзінің алғашқы әрпі  «айн»  [ع  ] атты дауыссыз дыбыс қазақ тілінде болмағандықтан бұл әріп қазақ тіліне кейде «ғ» кейде «ә» дыбыстарымен алмастыралады.  Арабтың Абдурахман [ عبد الرَّحْمن  ] дегенін қазақтың Ғабдурахман, Әбдірахман дейтіні сондықтан. Бұл атаудың қазақшасы «Аса мейірімді иенің құлы» дегенді білдіреді. Ал енді Абай неге ұлының атын Әбдірахман деп қойған дегенге келсек, мұның да өзіндік діни астары бар деуге болады. Себебі, ислам дүниетанымы бойынша балаға қойылатын аттардың ең абзалы Алланың құлы дегенді білдіретін құрамында абд [عبد] (құл) сөзі бар Мұхаммед пайғамбардың сүннетімен дәлелденген игі-көркем есімдердің бірі болғаны құпталады. Осындай құпталған есімдердің ішіндегі ең абзалы Абдулла [عبد الله] (Алланың құлы, пендесі) мен Абдурахман [عبد الرَّحْمن] (Раханның, аса мейірімді иенің құлы) деген есімдер. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбардың хадистерінің бірінде: «Расында сендердің аттарыңның ішіндегі Аллаға ең қатты ұнайтыны – Абдуллаһ мен Абдур-Рахман» [Хадис: Муслим және Дауд], – деген. Осы сияқты тағы бір хадисте: «Ұлыңды Әбдірахман деп ата!» [ سم ابنك : عبد الرحمن ] деп пайғамбардың бір кісіге кеңес бергені айтылады. Міне, осы хадистерден хабардан болғандықтан Абай да ұлын Әбдірахман деп атаған болса керек деген ой түйеміз. Абай осы ұлынан көп үміт күткен, бірақ ол науқастанып жүріп 1895 жылы ажалы жетіп дүниеден озады. Бұл қаза Абайды қатты есеңгіретеді. Бұл туралы М.Әуезов та: «…Оспанның өлімінен соң Абайды қатты күйіндірген өлімнің бірі осы болады. Бұл баласы Абайдай әке өмірінің жалғыз бір үлкен жұбанышы еді. Соның мұратына жете алмай, ерте өлгені артында қалған әкесін қатты қайғыға салған» [11, 302], – дейді. Абай ұлы Әбдірахман науқастанып жатқанда оған: «Я, құдай бере гөр // Тілеген тілекті…», «Алланың рахматын // Жар тұтып әрнеге…» деп хат жолдаса, Кәкітай атынан: «Тілім, саған айтайын…», «Көзімнің нұрысың…» деп басталатын хат-өлеңдер жазған. Ал дүние салғанда: «Арғы атасы қажы еді…», «Кешегі өткен ер Әбіш…», «Тұла бойың ұят, ар едің…», «Жиырма жеті жасында…», «Талаптың мініп тұлтарын…», «Орынсызды айтпаған…» деп жоқтаса, Әбірахманның әйелі Мағышқа:  «Жылағанды тоқтатып…» деп басталатын жұбату өлеңін айтты. Сондай-ақ: «Бермеген құлға қайтесің…» деген өлеңінде: «…Өмірін берген құдайым // Ажалын да беріпті… // Оспанды алған бұл өлім, // Тәубе қылсақ керек-ті…» деп Алланың ісіне пенделікпен қарсы келсек, тәубе етейік, жаратқаннан кешірім сұрайық дей отырып, «…Қажыны алған бұл өлім // Сабыр қылсақ керек-ті» деп өз әкесі Құнанбай қажының да дүние салғанын есіне алып, өзін де, өзгені де сабырға шақыра білді. Пенделікке салынып, мұсылманшылыққа қайшы келетінді мүлде айтпайды. Түйіндеп айтқанда, Абайдың Алла туралы, өмір мен өлім жайындағы дүниетанымы, діни көзқарасының біразы осы Әбдірахманға арнаған хат-өлең, жоқтауларынан көрініс табады деуге болады. Біз сөз етіп отырған Алланың Рахман және Рахим есімдері де ақынның Әбірахман науқастанып жатқанда оның дертіне шипа, деніне саулық тілеп, жаратқанға жалбарынып айтқандары. Бұл – ақынның жастық шағындағы шығысқа еліктеулері іспетті емес, өзіндік дүниетанымы қалыптасқан, айтқан сөздерінің тамыры тереңнен тартқан, даналық деңгейге жеткен шағы. М.Әуезов ақынның осы кездерін: «…әрине, бұл уақыттарда Абай терең, даналықпен толғайтын ақынның өзі болған…» [11, 302], – деп баға бере білген. Негізінде ақынның Оспанның, Әбдірахманның өліміне арнап айтқандары Абайдың ішкі жан дүниесінен сыр шертетін, Құран дүниетаны мен қарым-қатынасын айқындай түсетін, сәуле-жарық беретін тұстар.

Міне, осылайша қорыта келгенде, өз тарапымыздан Абай шығармаларында ең жиі қолданыс тапқан Жаратқан Иенің Алла, Рахман және Рахим есімдеріне лексика-семантикалық талдау жасауға тырыстық. Талдау барысында Абай дүниетанымы қасиетті Құран, ислам дүниетанымымен астарласып, біте-қайнасып жатқандығына тағы да көз жеткіздік.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. ІІ том. Алматы, «Ғылым» баспасы, 1977. 321 б.

Тәфсирул-Қуран әл-Азим ли-Ибн Кәсир. І-том.

Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. І-том. / Құраст.: Т.Жанұзақов, С.Омарбеков, Ә.Жүнісбек және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. І-том.- 752 б.

Муғжам әлфаз әл-Қуран әл-Кәрим. І-том. 619 бет.

Абай тілі сөздігі. Алматы, «Өнер» 2011. – 616 бет. (2-қайта басылымы)

Сыздықова Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2004. – 616 бет.

Халифа Алтай Хұтпалар. Алматы, 2001. – 192 бет.

Бұхар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары. – Алматы, 1992. — 240 б.

Бес ғасыр жырлайды. – Алматы: Жазушы, 1989. – ІІ том. 280 б.

Абай. Энциклопедия. (Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев). – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995.-720 бет.

М. Әуезов. Шығармалар. Он екі томдық. Он екінші том. Мақалалар, зерттеулер. «Жазушы» баспасы, Алматы – 1969. 536 бет.

Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. І-том. / Құраст.: Т.Жанұзақов, С.Омарбеков, Ә.Жүнісбек және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. 1-том. – А – А. -752 б.

Халифа Алтай. Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі. Алматы, 2000. – 476 бет.