Әкесі Абайдың жолын қуған, көзі тірісінде шығармашылықпен үздіксіз айналысқан, онан қалған рухани мұраны қастерлеп, алға апарысқан, ел ағасының орнын басқан тұлға – Турағұл Ибрагимов. Ол қазақ зиялылары ғасырдың басында ұлттық азаттықты аңсап, егеменді ел боламыз деп құрған «Алаш» партиясының мүшесі, кейінгі өмірі қуғын-сүргінмен өткен ауыр тағдыр иесі.
Абайтануда Турағұлдың туған жылы туралы екі түрлі даталар көрсетіледі. Қайым Мұхамедханов «Абайдың ақын шәкірттері» деген еңбегінде Турағұлдың туған жылын 1875 жыл десе, Бейсенбай Байғалиев «Абай» энциклопедиясында – 1876 жыл деп көрсетеді.
Турағұл «Әкем Абай туралы» деген естелігінде «Мен әкемнің отыз екі жасында, жастықтың алғашқы арыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде тудым», - дейді. Олай болса 1877 жылы туған болады. Ал естелігінің екінші бір жерінде: «1899 жылы менің он төрт жасымда...» деп жазады. Турағұлдың қызы Мәкен: «Әкем 59 жасында қайтыс болды»,- дейді естелігінде. Сонда Турағұлдың туған жылы 1875 жыл болады. Алайда біз Турағұлдың туған жылын Бейсенбай Байғалиев көрсеткен 1876 жылға жүгініп отырмыз.
Турағұл 1876 жылы Абайдың сүйікті жары Әйгерімнен туған баласы. Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақовтың айтуынша «Турағұл жас күндерінде ескіше ауыл молдасынан оқып, арабша хат таныған, Мағауияның қасында болып, одан тәрбие алып, орысша тіл үйреніп, орыс кітаптарын оқып, ұғарлық білім алған». Кейіннен өздігінен ізденіп орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген. Турағұл бала жасынан зерек, ұғымтал, зерделі болған.
«Әке балаға сыншы» дейді халық даналығы. Оның үстіне Абайдай сыншы, данышпан әке Турағұлдай талантты, қабілетті, ақылды баласының мінезін тамыршыдай танып, оның адамгершілік қасиетіне әкелік көңілмен сүйініп, мақтан еткен. Турағұл естелігінде былай дейді : «1889 жылы менің он төрт жасымда үлкен шешемнен (Ділдәдан) Райхан деген апамды Найман Серікбай баласы Құдайбергенге беріп ұзатып, үйдің іші бәрі жолаушылап кеткенде, әкем екеуіміз үйде қалдық. Мен сол жарты айдың шамасындай уақытта жазған өлеңдерін жаттап, айтқан сөзін жалықпай тыңдап отырсам керек. Менің соныма қуанып, риза болып, жолаушылар келгенде соларға мені: «Мынау адам болады екен, менің сөзімді ұғып, жалықпай тыңдады – деп мақтанатын».
Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, талапты жас шәкірттерінің сезім тәрбиесін толтырмақ болып, 1889 жылы музыка үйретпекші болған, сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны ауылына алдырған. Абайдың осындай тәрбиесінің арқасында бала жасынан өнерге бейім Турағұл домбыра, скрипка сияқты музыка аспаптарын еркін менгерген, өз шешесі Әйгерімге тартқан әнші де болған.
Жас Турағұлдың бойында ақындық қуатын барын сезген әкесі: «Тураш, үш ауыз өлең жазып әкелші»,- деп баласының ақындық өнерін байқап көрмек болса керек. Сондағы Турағұлдың жазған өлеңі:
Алладан мен қапа боп тілеген күн,
Жым-жырт болып салбырап кетеді түн.
Жұлдыздар жыпылықтап, ай сұп-сұр боп,
Бәрі де тыңдап қапты шығармай үн.
Мұнымды айтып едім сөзбен сындап,
Дүние жым-жырт болып тұрды тыңдап.
Жел күрсініп сөйлесе сусыл қағып,
Шөптер басын изейді шын-шын тыңдап.
Қалғандар желден сұрар сөзімді ұқпай,
Бұлт қасын түйеді жылай-сықтай.
Тік қарауға мені аяп шыдай алмай
Күн бұлтқа тығылды қайта шықпай.
Бұл әкесі Абай бастаған жаңа жазба әдебиеті үлгісінде жазылған жас ақынның қаламынан туған терең мағыналы өлеңі. Ақын табиғатты жанды бейне түрінде алып, оның түрлі көріністерімен мұңдасып, сырласады.
Турағұлдың жастық, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінен сақталып бізге жеткені екі үш-ақ өлең. Ағасы Әбдірахман Алматыда науқастанып жатқанда, 1895 жылы жазған екі өлеңі бар. Бірінші өлеңі:
Рахаты көңілімнің, Әбіш ағайтай,
Аллаға мәлім шығар біздің де жай.
Күнде алладан тілеймін жанын сұрап,
Бізді душар қылдың деп күнге осындай, -
деп басталатын хат түрінде жазылған тілек өлеңі.
Екіншісі, Әбіштен келген хаттарды оқыған кездегі көңіл күйін, жан тебіренісін суреттейтін өлең. Әбіштің хатын оқыған сәттегі әкесі Абайдың бейнесін Турағұл өлеңі көз алдына әкелгендей болады.
Бастапқы хатты көріп қалдық шошып,
Соңғы хаттан жақсылық тұрдық тосып,
Жүректің шошынғанын, лүп еткенін,
Қайта оңалған қызыққа кеттік қосып.
Өнге үн жоқ, тыңдап қаппын хаттың сөзін,
Хат оқыған ағамда екі көзім.
Хат біткен соң, ағамды абайласам,
Көз жасаурап, сұрланған көрдім жүзін.
Турағұл ойға да, ғылымға да жүйрік, ақылға бай азамат еді. Халқының алдында берері көп дара тұлға болып өсті. Жастайынан Абай соңында қалған мұраға, қасиетті сөзге ерте ие боп, сол сөздің құны түсіп кетпеуін, қасиетінен айрылмауын көп қадағалады. Қадір тұта білді. «Әкеңді білем»
деген кісінің алдында өзін әманда кішік сезінді, кең төрінен орын ұсынды. «Әкең былай деп еді» деген сөзді дәптеріне теріп түсіре жүрді.
Жиырма тоғыз жасқа аяқ басқан шағында, Турағұл ауыр қайғыға душар болады. 1904 жылы мамыр айында аяулы ағасы Мағауия отыз төрт жасында қайтыс болады. Мағауияның қырқынан кейін 23 маусымда Абай дүниеден өтеді. Әкесінің қырқын беру үшін ағасы Ақылбаймен бірге Турағұл Семейге барады. Абайдың қырқын берген күні Ақылбай 43 жасында кенеттен қайтыс болады.
Абай қайтыс болған соң немере інісі Кәкітаймен бірге әкесінің мұрасын жедел жинап, баспаға әзірлеуге кіріседі. Ең алдымен Абайдың өлеңдерін, өмірбаяны туралы мағлуматтарды өздеріне бұрыннан таныс Әлихан Бөкейхановқа тапсырады.
Кәкітай Ысқақұлымен бірге 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын Петерборда бастырып шығарады.
Турағұл ел басқару жұмысына да атсалысқан. 1904 жылы Турағұл Кішік-Тобықты еліне болыс болып сайланып, 1905 жылы өз арызы бойынша болыстықтан босатылған. 1916 жылы болыс айлауында Шыңғыс елінің болысы Біләл Құнанбаевқа кандидат болып сайланған.
Турағұлдың өскен ортасы бас араздық, күншілдік, бақталастық мінезден арылып болмаған заман еді. Заман туғызған қылық Турағұлды да сау қалдырмады. «Абай, Мағауия, Ақылбайдың қазасынан кейін Ақшоқыда отырған Ділдәні Турағұл: «Менің шешемнен артық емессіз», -деп Аралтөбеге көшіреді. Әйгерім Ділдәні қозы көштен қарсы алып: «Сізді арқалап апарайын, қалған өмірімде Сізді күтіп өтемін» деген екен. Баласының бұл қылығына налыған Әйгерім Турағұлға: «Шыңғыстаудан саған ұлтарақтай да жер бұйырмас», - деген деп айтушы еді бізге естелік әңгімелерінде Кәкітайдың немересі Мінәш Әрхамқызы.
Қазан төңкерісінен кейін 1917 жылы, желтоқсанда «Алаш партиясы құрылғанда, Турағұл Алаш партиясының Семей облыстық комитетінің басқарма мүшесі болған.
Ол туралы «Қазақ» газетінің 1917 жылы 2 декабрьде шыққан 253 нөмірінде былай дейді:
«АЛАШ ПАРТИЯСЫ»
Семейде обласной «Алаш партиясының комитеті ашылған хабарын жазып едік. «Сарыарқаның» соңғы нөмірінде мынадай мақала басылды:
«Алаш» партиясының Семейде уақытша комитеті ашылды. Комитетке кірген кісілер:
Әлімхан Ермекұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Имам Әлімбекұлы, Ақыметжан Қозбағарұлы, Турағұл Құнанбайұлы, Қалел Ғаппасұлы, Сыдық
Дүйсенбіұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Әнияр Молдабайұлы, Биахмет Сәрсенұлы, бұлардан басқа уез басы бір кісіге кіруге орын қалдырылды...Комитеттің бастығы Қалел Ғаппасұлы, жолдасы Ақыметжан Қозбағарұлы, секретары Сыдық Дүйсенбіұлы, қазынашы Әнияр Молдабайұлы, құрметті председателі Әлихан Бөкейханұлы...
Турағұл Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков сияқты ұлт зиялыларымен қоян-қолтық араласып, әртүрлі жауапты қызметтер атқарған. Семей мұрағатында Алаштың атты әскери полкін құруға қатысқан ұйымдастырушылардың тізімі бар. Оның ішінде біз Турағұлдың да есімін кездестіреміз.
1919-1920 жылдары кеңес үкіметі алаштықтарға кешірім жариялаған соң, Міржақып Дулатов іспетті мемлекет қайраткерлері Турағұл Абайұлының ауылынан баспана тапты.
«1920 жылы Торғай қаласынан түп көтеріле қашып, көшіп жөнелген Міржақып Дулатов бастаған алаш азаматтарын паналатып, арнайы үш үй бөліп тіккізіп, сойысын, сауынын беріп бір қыс паналатып асырағанын кейінше ағам көп айтатын», - дейтін Мәкен Турағұлқызы. Бұл оқиға туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауыпсыздық комитетінің архивінде, № 78754 істің 4-ші томында М.Дулатовтың қолымен жазылған ұзақ мәлімдемесі бар, онда былай делінген: «Алашордашылар бөлігі (Есболов, Сейдалин, Бірімжанов, Тоқтабаев, Қадырбаев, Шонанов және мен) Торғай мен Атбасар уезінде біраз күн кешкен соң, қаңтар айында Семей уезіне ойыстық, қысты сонда өткіздік».
Торғайдан қашып барып Шыңғыстаудағы Турағұлды паналаған Міржақып Дулатов: «1920-шы жылдың қысы қандай аязды, қиын болса – алаш азаматтарын паналатып, жылы ығына ала білген Турағұлдың жақсылығын біздерге өле-өлгенше ұмыту қиын» дейтін.
1922 жылы Семейде Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов тұтқынға алынады. Сол саяси науқанда Турағұл да түрмеге жабылып, төрт айдай қамауда болады.
Бірінші қатарда: үшінші – Т.Құнанбаев, төртінші – Ә.Бөкейханов, |
Ақшоқыда жатып, жазумен шұғылданады. Аударма жұмысымен айналысады. Бірақ жала тағушылар Құнанбайдың ұрпағына елсіздікте де тыныштық бермейді. Ең аяғы аудармасының өзіне секем қарайды.
Бірінші қатар: А.Байтұрсынов, М.Жакежанов, К.Жанатаев,Т.Құнанбаев, Ж.Әйтіков |
Семей қаласындағы мұрағатта Алаш Ордаға қатысты, оның ішінде Турағұл Абайұлы туралы біршама құнды деректер бар. Турағұлдың үстінен жазылған арыз-шағымдардың ішінде «Кеңес өкіметіне жағымсып, ел арасындағы беделін көтеру үшін орыс тілінен кітаптар аударып, өкіметті өзіне қаратпақ болды», - деген сияқты азғындық күйде түскен жалаларды да кездестіруге болады.
Турағұл орысша да, қазақша да бірдей сауатты болған. Ол М.Горькийдің «Челкаш» әңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып 1925 жылы «Таң» журналының №3, 4 сандарында бастырған. Турағұл «Челкашты» сөзбе-сөз аударған және тілі ауыр орыс жазушысының ойын дәлме-дәл жеткізе білген.
Сөзбе-сөз аудармаға біржола көңілі ауған Турағұл А.Неверовтың «Я хочу жить» әңгімесін «Мен өмірге жерікпін» деп аударды. Турағұл бұл шығарманың ішкі рухы мен сыртқы бітім болмысын бірдей меңгеріп аударған да Неверовтың идеясын дәлме-дәл жеткізе білген. Аудармашы қолына алған әңгіме-повесті тәржімалау барысында бір ғана мақсат ұстанады, ол мақсаты – қазақ оқушысының ойынан, таным білігінен алшақ кетпеу, керісінше жалпыға бірдей ұғынықты көркем, кестелі тілмен сөйлетіп шығу. Оқушы көкейіне қона білген шығарма ғана кәдеге асады деген Абай ұстанған мақсатты пір тұтып, соны темірқазық жұлдызындай, меже етіп, алға ұстап аударғаны анық байқалады.
Турағұл тынысы А.Неверовтың келесі туындысы «Мария – большевичканы» аударғанда ашылады (Москва, 1927). Алдыңғы аудармаларда сөзбе-сөз кібіртіктеп отырған аудармашы «Ортақшыл Мария» шығармасында қазақы жатық тілге салып, еркін көсіледі. Төңкеріспен бірге келген шолақ белсенді қатынының бейнесін сайқымазақ еткен А.Неверовтың астарлы идеясын тап басқан Турағұл туындының ішкі рухына да бойлай алған.
Турағұл «Балалы әйел не білу керек» (Москва, 1927) деген ғылыми-медициналық кітапшаны аударып, бастырып оқырмандарға ұсынған.
Турағұлдың келесі аудармалары «Антек» (Б.Прустан), Джек Лондонның «Баланың ерлігі» («Сказка об эскимосе Кише») 1927 жылы «Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасынан» төрт мың данамен жарық көрген. Бұл аудармаларында да Турағұл жолма-жол аударудан бойын аулақ ұстаған.
Джек Лондонның әйгілі «Сказка об эскимосе Кише» жастайынан ауыр тағдырға мойынсұнған, ортасы қандай суық болса – тіршілігі де сондай үскірік аяз, әйтсе де жүрегінің, жанының жылуын сақтай білген балдай тәтті балалық шақ туралы романтикалық әңгіме. Орыс тіліндегі нақышы реалистік суреттемеге келеді. Турағұл аударған шығарма төрт бөлімнен турады: «Киштің долданғаны», «Киштың сыры», «Киштың аңшылығы, «Киштың абұйыры». Аудармаға Турағұл беташар сөз жазады. Онда ол: «Бұл кітапшаны оқушы алаштың баласы, жалпы қазақ баласына Эскимос деген елдің жайы мәлім емес шығар, қысқаша сезім бергенім артық болмас, деп мына төмендегі сөзді жаздым...Эскимос бұрынғы заманда аңшылықпен барып қалған сары тұқымнан таралған ел; бүгін сол Темірқазықтың астында – әмісе қыс болып, қар басып жатқан жерде. Үйі қардан болады, терезесі мұздан, дәулеті аңдардың еті, қайғысы қарны болып жүрген ел».
Турағұл бұл шығарманы бояуы бай тілмен, теңеу, метафораға жүгінген жіліктің майындай дәмді суреттемемен нәшіне келтіріп аударған. Әкесі Абайдың аудармашылық үлгісі анық сезіледі. Сөйлем, абзацтың жалпы нобай нұсқасын сақтағанымен өзінше еркін, түп нұсқаға бас имей аударған. Қазақ тұрмысына, салт-тіршілігіне барынша жақын, эскимос баланың басынан кешкен оқиғалары бейне қазақ баласының басына көшіп келіп, соның тынысына, ұғымына, ойына үйлесімді, қазақ баласының оқиғасы сияқты елестейді.
Баланың ерлігі туралы баяндайтын әңгімені Турағұл былай аяқтайды: «Киштың артында қалған даңқы осы. Темірқазықтың астындағы, теңіздің жағасындағы елден Киштың өткеніне көп-көп заман болды. Ол сиқыршы емес, қырағы, тапқышылығының арқасында бұрын ең жаман іигілода болса, бүгін көптің көсемі болыпты.
Жұрттың бірден бір қалдырып келе жатқан хабарынша, өз басына жолды алмай, халқымен бірдей, қарны тойса қанағат қылып, елдің алдымен қайдағы жетім-жесір, кем-кетік, кемпір-шалдың қайғысын қатты ойлағандығынан – қара басы қара жерге кіргенше – бірде аштықтан жылаған емес».
Прус ұлы Болеслаптан деп Турағұл аударған «Антек қыран» әңгімесі алты бөлімнен турады: «Диірмен», «Үйші Антек», «Розалияның өлімі», «Мектепте тартқан қасіреті», «Антек ұста», «Белгісіз қиырға».
«Антектің» идеясы – қаранғы қоғамда қатал тағдырдың тәлкегіне түсіп, баянсыз ғұмыр кешкен жігіттің аянышты өмірі десек, бұл тақырыпты өмірден баз кешіп, тағдырдың салған ауыртпалығынан қажыған Турағұлдың таңдауында бір заңдылық бар сияқты. Жаңа үкіметке жақпаған аудармашы жанына жақын тұтқан «Антекті» де тұтас аударуға мұршасы болмаған. Мәселен, Антектің махаббаты аударылмаған. Себебі махаббатын шіркеуіде кездестірген Антек ғашығына арнап Иса пайғамбардың креске тағылған бейнесін ойып жасайды. Бұл тұстар кеңестік саясатқа қайшы болғандықтан, аудармашы тарапынан саналы түрде сылынып тасталған. Шығарманың идеясы туралы Турағұл өз жанынан қосқан «Шығарып сал» деген эпилог іспеттес сөзінде былай дейді: «Біздің алаштың баласы жалпы бағаламайтын қысқаша «Антек» баланың әңгімесі бітті. Бұл әңгімеде не сыр бар? Пайдасы не? Деген сұраққа қысқаша жауап беріп өтсек артық болмас. Адам баласы жеке туыспен де, тағылыммен де болмайды. Екеуі біріңғай келсе жақсы болады. Антек өзгеше туған жан, өз жолына салып, жақсы оқытушыға кездессе – адам баласынының тар сарайын кеңітіп кетерлік адам. Міне көрдіңіз, қолайсыз жерге кездесіп жарымес атанып, арамтамақ болып, шешесіне масыл болғанын. Мұндайға мысал адамдар толып жатыр. Жиып жазса бір үлкен кітап болар еді. Балаң оқуға жарарлық болғанда, оқып жүргенде абайлап қараңыз. Дүниедегі адам ұлына пайдалы сан-саналы өнердің қайсысына икемді екен. Ыңғайын біліп, сол ынталы жолына салсаңыз, сонда жақсы адам болады». Баланы тәрбиелеу, оған дұрыс бағытта білім беру мәселесіне қатысты Турағұлдың ойлары Абай қарасөзінің жаңғырығы іспеттес. Жиырма бесінші, отыз екінші, отыз сегізінші сөздердегі оқу, білім-ғылым шарттары туралы хакім сөздерінен табамыз Турағұл аудармасының жылымдарын. «Адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват» дейтін Абай сөзі тағдырдың тәлкегіне түсіп, адасқан Антекті сұқ саусағымен нұсқап тұрғандай. Демек, Турағұлдың қолына аударманы алғаны Абайдың көзі кеткеннен көп кейін болса да, ұстаз ғибратын жадында сақтап, Абайдың ғибратшылдық, тағылымдық идеяларын жалғастырудан танбаған. Турағұлдың қашанда артқыға қалдырар ғибраты мол, тәлімі түзу шығармаларды сұрыптап аударуының артында адам тәрбиесіне аса қатты назар салған Абайдың тағылымдық мектебінің ұстаным-қағидасы тұр.
Турағұл – Шәкәрім бастаған проза үлгісіндегі аударма жанрын ары қарай дамытқан. Абай шәкірттерінің ішіндегі нағыз аудармашылық биікке көтерілген адам.
Оның бұл жылдары жазған ең басты еңбегі «Әкем Абай туралы» естелігі. Абайтану мәселесінде Турағұлдың бұл еңбегінің тарихи маңызы зор. Турағұл бала жасынан әкесінің өз қолында тәрбиеленіп өскен. Сондықтан Абайдың бойындағы бар қасиетін, өзіне ғана тән мінезін, әдет-салтын, әр кездегі көңіл-күйін, сезім-сырын айнытпай танып, дұрыс ұға білген, ақын шығармаларының шығу тарихын, себебін, сөз қолдану тәсіліне дейін жақсы білген және әкесі туралы көрген-білгенін асырмай да жасырмай шындықтың шегінен шықпай жазған. Сондықтан бұл еңбегі ешқашан маңызын жоймайтын тарихтық еңбек. Турағұлдың Абай туралы естеліктерінің қысқаша нұсқасы 1933, 1940 жылдары Абай шығармалар жинағында жарияланған. Сондай-ақ, 1927 жылы Қазақ АССР білім комиссариатына тапсырған толық қолжазба жинақтың ғылыми құндылығы аса жоғары дерек көздері болып табылады. Турағұлдың соңғы аталған еңбегі бүгінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік Орталық музейінде сақтаулы.
1927 жылы Турағұлды қайтадан тұтқынға алып, 1928 жылдың көктеміне дейін түрмеде жатады. Түрмеден шыққан соң меншік малы кәмпескеге жетпесе де, саяси сенімсіз адам, бай, феодалдың баласы есебінде қырғыз жаққа жаяу жер аударылады.
Қырғыздың Тоқмақ деген жеріне барған Турағұл түңгі күзетші болады. Бай баласы екенін біліп қойып, бұл жұмыстан де қуылады. Ақыры ол Шымкентке қоныс аударады.
Мәкен Турағұлқызының айтуынша Турағұл айдауда жүргенде Джек Лондонның «Мартин Иден» деген романын аударған екен. Өкініштісі, ол шығарма бізге жетпеген. Тіпті күнкөрістің қамымен Турағұл өз аудармаларын басқаның атымен де жариялап тұрған. «Мұхтар Әуезов әкем
туралы әңгімелеген кезде, Мәкен, Турағұл орыс тілінен көптеген көркем шығармалар аударып, басқа кісілердің атымен шығып тұрды. Қаламақысын өзіне жіберіп тұрдық. Амандық болса бәрін де кейін айтып беремін дейтін. Бірақ тағдыр оны бізге жазбады. Мұқаң кенеттен қайтыс болып кетіп, ол сырдың шындығы ашылмай қалды», -дейтін Мәкен Турағұлқызы.
Турағұлдың үлкен баласы Ақыштың (Ақылия) естелігінде: «Мұқаң мен Тураш ағамның ақырғы кездесуі 1933 жылы болатын. Сол жолы Мұқаңның үйіне түскен. Алматыға келген соң Исаевқа (Ораз Исаев, Совнарком бастығы) арыз жазып: балаларым жоқ, өзіме жұмыс бермейді, руқсат жоқ дейді. Аудармаларым басылмайды. Қалай күн көрем, не істеуім керек? десе Исаев: Әзір ештеңе дей алмаймын. Кейін көрерміз деп қайтарған» делінеді.
Өмірден өгей күй кешкен, тар заманнан тарыққан Турағұл 1934 жылы Шымкентте қайтыс болады.
Турағұлдың зираты жайында Мәкен Турағұлқызы: «Тураш ағам 1934 жылы 6 наурыз күні, 59 жасында қайтыс болды. Шымкент қаласының орталығындағы мұсылман зиратына жерленді. Кейін сол зираттың үстінен химзавод салыныпты. Завод салынар алдында Тураш ағаның сүйегін алатын жанашыр жақыны болмай, завод астында қалды. Ол кезде біз Шымкенттен ауысып басқа жаққа кеткен болатынбыз»,- дейтін.
Майкен Жүнісова
Абай қорық-музейінің ардагері