Абай мұрасы АЛМАТЫДА

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі қазақтың көрнекті ақыны, философ, аудармашы, хәкім Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына орай Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде «Әрқашан ұмытылмасқа...» көрмесін ұйымдастырды. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Абай жолы»: алашты паш еткен әлемге» атты жылжымалы көрме өткізілді.

Қос көрменің мақсаты – жазушы мен кемеңгер ақынның асыл мұрасын кеңінен насихаттау, олардың сан соқпақты өмір жолын жас ұрпаққа дәріптеу, сол арқылы даналықтың мәйегін түсіндіру.

«Әрқашан ұмытылмасқа» көрмесінің ашылу салтанатында сөз алған Абай музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева жылжымалы көрменің маңыздылығына тоқталып, колледж директоры Т.Мұхамеджанұлына Абайдың үш тілде шыққан өлеңдер жинағын табыс етті.

Адамзатты білім мен өнерге шақырып, ұмытылмас өнеге қалдырған қос алыптың шығармашылығы – Алаш баласының рухани дамуының негізгі темірқазығына айналды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттердің орындалуында аталған көрменің орны бөлек.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі