Жолжазба
Осыдан бір ай бұрын Семейдегі Абай музейінің директоры Болат Жүнісбекұлы: «Асеке, қазақ жерінің қиыр шеті – Маңғыстауда 13-14 наурызда «Амал» немесе «Көрісу» деп аталатын айтулы мереке өтпекші. Соған қатысып қайтуға – ел танып, жер көріп келуге қарсы емессіз бе?», - дегенінде, ұсынысты мен пақыр бірден қабыл алғам. Өйткені, жол шығынын өздері көтеретін болса неге бармасқа? Каспийді көрудің өзі неге тұрады. Төменде сол алыс сапардан алған әсерлерімді қағаз бетіне түсіріп, назарларыңызға ұсынып отырмын.
Сәлем саған, қарт Каспий!
Бүгінгі күнгі өркениет шіркін жол азабын тарттырмайды-ақ, жүрдек Талго пойызымен 11 наурызда Астанаға жетіп, ертеңінде екі жүз кісілік күміс қанат әуе кемесі 2,5 сағатта Ақтау әуежайына қалықтап қонды. Байқаймын, мен сияқты қонақтар аз емес, бәрімізді арнайы бекітілген адамдар құшақ жая қарсы алып жатты. Ұлытаулық қонақ - Бақтияр деген азамат екеуміз бір мәшинеге жайғастық.
Әуежайдан 40 шақырым Ақтау қаласы қайдасың деп тартып келеміз. Тақтайдай жол. Айнала алыс көкжиекке дейін қоңыр жазық. Қоңыр дегеннен шығады, Мұхтар Әуезов: «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі», - деген еді-ау (бұл Бөріліде тасқа қашалғансөздер). Бірақ тобылғы, қарағаны қалың Бөрілі мына тақыр қоңыр жазыққа қарағанда оазис сияқты. Жусаннан өзге ешбір өсімдік тамыр жаймаған сортаң, шөлейт аумақ екен-ау деген ой жетегінде келе жатып:
- Бұл жақ қарсыз екен, - деп қалып едім, жүргізуші жас жігіт: - Ағасы, бізде қар жатпайды, көбіне жауа бастағанда-ақ еріп кетеді, - деп іле жауап берді.
Облыс орталығы - Ақтау қаласы |
Әне-міне дегенше облыс орталығы - Ақтау қаласы төбе көрсетті. 200 мың тұрғыны бар ірі қала – еліміздің теңіз қақпасы. Алыстаншап-шақ, оймақтай ғана кент. Оған теңіз жағалауына дөңгелене орналасқаны һәмжер үйлерсіз, шіли көкке шаншылған көпқабатты үйлі ықшам ауданнан тұруы себепкер болса керек. Қала іші мұнтаздай таза, соған таң қалдық. Көшеде көк желек сирек, мәуелі ағаш аз (оған кінәлі тек топырақ құнарсыздығы, әрине). Жырау Қашағанға, күй атасы Құрманғазыға қойылған еңселі ескерткіштерді байқап үлгердік.Орталық көшеде, биік ғимарат үстінде «АБАЙ» деген аршын жазу жүрекке жылы тиді, ол Абай атындағы қалалық мәдениет сарайы екен.
«Ақтау» атты қонақүйдің люкс нөмірінеенді орналасқанда түстік ас ішуге шақырған хабар да жетті. Даяр тұрған микроавтобус «Айдын» атты дәмханаға алып келген. Ол атына сай айдынды теңізде орналасқан. Есік алдында бізді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Жаңабайқызы: «Қош келдіңіздер!», - деп қарсы алды. Каспий теңізіне тек көз қиығын тастап үлгеріп, ішке дастархан басына жайғастық. Гүлнар ханым:«Мереке қаладан 140 шақырым жердегі Отпан тауында өтеді, жолға шығамыз қазір. Тарихы терең Амал мерекесі келешекте республикалық деңгейде өтсе, кеңінен насихатталса. Осындай арман, мақсат біздікі. Сіздерді шақырған жайымыз да сол», - деп мерекенің маңызын айшықтап, біздің сапарымыздың мән-жайын баяндап өтті.
Сен ғажапсың, қарт Каспий! Иә, айдындытеңіз сыртқа шыққан бізді арбап алды. Жарты шақырым жердегі еңіске түсіп, теңіз суына қолды малып, шат-шадыманбыз. Өз басым көңілім шалқып: «Сәлем, Каспий! Шығыстан, ерке Ертістен сәлем!», - деп айғай салуға даяр едім, сезімімді әрең жасырдым...Уақыт тығыз, сегіз қонақ Отпантау атты бейтаныс бағытқа бет алдық.
Шырақшы топты құрадық...
Қонақтарды бірін әуежайдан, бірін теміржол бекетінен күтіп алған жергілікті мәдениет қызметкері Нұрдәулет деген азамат: «Сіздер республикамыздың әр киелі мекеннен арнайы шақырылған «шырақшы» қонақсыздар», - деп бірден статусымызды белгілеп берді («шырақ», «шырақшы» деген бұл елге етене ұғымдар, мұны кейініректеу түсіндік). Әсет Пазылов (Павлодар, Мәшһүр-Жүсіп мұражайының өкілі), Үсен Бегалиев (Қызылорда облысы, «Қорқыт Ата» музейінің өкілі), Ислам Мырзабекұлы (Ақтөбе облысы, «Ақмешіт» кесенесінің өкілі), Асан Мырзабеков (Түркістан, «Әзірет-Сұлтан» музейінің өкілі), Бақтияр Қожахметов (Қарағанды облысы, «Ұлытау» музейінің өкілі), Жанұзақ Ғизатов (Атырау облысы, «Хан ордалы Сарайшық» музейінің өкілі) және мен, Асан Омаров (Семей, Абай музейінің өкілі) – міне осы жеті қонақ - шырақшы топты құрап, жұбымыз жазылмай бірге жүріп тұрдық.
Алматылық ғалым Ислам Жеменей бізге сегізінші болып қосылған. Оның тағдыры өнегелі де қызғылықты. Пай-пай-ай, сталиндік қуғын-сүргін меңіреу дала - Маңғыстау түбегін де айналып өтпепті. Адайлар Түркменге, онан Ауған, Иран жеріне асып, бас сауғалағанда Исламның әкесі небары алты жаста екен. Бірақ қайсар қазақ өле-өлгенше туған жерін ұмытпай, сағыныш күйігінен өртеніп өткен екен. «Қайтсең де туған жерге жет!» деп маған аманат етті дегенді Исекең жанарына жас тола айтты.
Шырақшы топ: Асан Омаров, Ислам Жемеией, Жанұзақ Ғизатов, Бақтияр Қожахметов, Асан Мырзабеков, Әсет Пазылов, Үсен Бегалиев Сөйтіп, осыдан отыз жыл бұрын Ираннан еліне оралған репатриант азамат қазір исі қазаққа танымал тұлға. Олай болатыны, оған ежелгі Иран-Тұран жазба мұраларын тірілту бақыты бұйырды. Сіз бен біздей пақырға бұрын Иран мәдени мұрасы тек орыс тілі арқылы жетсе, И.Жеменейдің «бұл жарамсыз, бауырлар» деп түпнұсқадан тікелей аударуға бар күшін сарқа жұмсағаны, докторлық диссертация қорғағаны көзі қарақты оқырманға аян. Ғалым Абайды алғаш рет парсы тілінде сөйлеткен қалың кітабын ала келіпті. Сүйінші данасын көрсетіп тұрып ол: «Абайды аударсам деген ой жоқ еді менде. Бірақ иран ғалымдары біз Абай шығармаларын танып-білуге зәруміз, аударыңызшы деп қыр соңымнан қалмады», - деп үлкен істің ұшығын шығарды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» аманат еткен қазақ данасы, ой алыбы Абай сөзінкүллі планета халқы іздей бастаса, онан асқан хикмет, онан артық қуаныш бола ма, бауырлар! Міне, Ислам Жеменей осындай адам. |
Маңғыстау – әулиелі мекен
Барған елін, жерін танып білу –қонақ де, мейлі, турист де арман екені түсінікті. Қазақстанның әр жерінің өзіне тән табиғаты бар, бұл, әсіресе, Маңғыстау (жазылуы – Маңқыстау) түбегіне әділетті пікір. Маңғыстау және Маңғышлақ бір сөз, негізі. Өйткені, қыстау да, қышлақ та бірі қазақ тілінде, екіншісі көне түркі тілінде демесеңіз, бір мағына береді. Ал «маң» сөзін «мың» деп те, көне оғыз тіліне сәйкес «саулық қой» деп те қабылдауға болады. Мәселен, Махмұд Қашқари сөздігінде «Маң қышлағ» делінген.
Сөйтіп, түбектің Маңғыстау және Маңғышлақ аттары әлі күнге шекті қатар қолданылады. Түбек ежелден оғыз-қыпшаққа ортақ көшпенді және жартылай көшпенді малшылардың тұрағы.Этнограф ғалымдар жайылым ерекшелігіне, шөптің шығуына қарай түбектің «Мың қыстау» (мың мекен-қыстау), екінші түрде «Маң қыстау» - жаппай «қой қыстататын» аумақ болғанын бірауыздан бекітеді. Батыс Қазақстан малшылары ондаған ғасырлар бойы қыс түсе Маңқыстау ойпаңына бет түзеп отырған ғой.
Орта ғасырлық зират – қорымның көрінісі |
Желмаясын мініп Жерұйық іздеген Асан Қайғы жарықтық Маңқыстаудың Үстірт жақ жазығына (қазіргі Бейнеу ауданы) келгенде: «Пір Шопан малы – қойға жайлы жер екен» депті. Бірақ аққан бұлақ та, өзен де жоқ. Мал тек тереңдігі 30-40 метрге жететін шыңырау құдықтар арқылы ғана суарылады екен.
Әзәлде түбек - шөл дала дей тұрсақ та, мұнда әулиелердің бейіт-қорымдары көп. Дәлдісі, Маңқыстауда (немесе Маңғышлақта) 362 әулие дүниеден өткен. Ғажап, бұл жағынан өзге ешбір облыстың жарыса алмасы анық. Маңқыстау ескерткіштері – қорым-зираттары көптігіне азбайтын-тозбайтын құрылыс материалы – ақ тас (әк тас) кез келген жерден табылуы себепкер ме, кім білсін. «Ердің соңы – Есет, пірдің соңы – Бекет» демекші, Адай елі Бекет әулиені ерекше қастер тұтады. Әулие өзі жасаған әйгілі жер асты мешіті Ақтаудан 300 шақырым жерде екен, оған барудың сәті келмеді. Енді Отпан тауына шекті 140 шақырым аумақтан көргендерімді баяндауға ойысайын.
Жол көріністерінен
Ақтаудан шығып, Каспий теңізімен қатарлас жолда жүйткіп келеміз. Жаңадан бой көтерген ауыл-кенттер көз қуантады. Қошқар Ата, Шақпақ Ата, Жамбаул сияқты көне зират-қорымдар жол бойы кездесіп отырды. Бұл жақта үйреншікті кірпішің жоқ, құрылыстың көнесі де, жаңасы да ақ тастан қаланған. Ертістен сияқты Каспийден де самал соғып тұрар деп ойлағам. Бірақ теңіз «тынысы» сезілмейді. Каспий – ең үлкен көл әлемдегі, демін сыртқа шығармай, дәйім ішіне тартатыны содан-ау, тегі.
Сонымен, 50 шақырымдай ұзағанда тас жол кілт бұрылды. Түбектің тереңіне – тау-қыраттарға қарай. Ауыл, мекендер сиреп, есесіне келіннің сәлем салғаны сияқты иіліп-көтерілген мұнай сорғыш қондырғылар жиіледі. Әр тұстан-ақ жайылған маңқиған түйе, үйірлі жылқыны көріп қаласың. Біз бара жатқан аумақты географ ғалымның бірі «Кратер елі» деген екен. Десе дегендей, Каспий жағалауынан аулақтағанда ғажайыпқатап бола бастадық. Ана жер, мына жерде сопайған тау қалдығы (ақ тасты кесіп ал да, ала бер), теңкиген тасбақа тастар, ол ол ма, анадайда Ай ландшафты сияқты қуысты, үңгірлі, түрлі-түсті жарқабақ қабырға қалқаяды. Қабат-қабат жардың қалыптасуы - Жер Ана тарихының кітабы есепті. Ашық аспан астындағы музей десе де орынды. Бір сөзбен айтқанда, Маңғыстау түбегі осыдан миллион жылдар бұрын теңіз табаны болғанының куәсі көп-ақ.
Бір түрлі өлкені көргенде Асан Қайғы: «Қайырсыздау жер екен» депті.Абыз Ата нені болжай алмаған? Әрине, бір Құдайға ғана аян жер асты кенішін.Бүгінгі таңда газ бен мұнай бүкіл қазақ елінің ырыс-ырзығына айналып, Жаңаөзен сияқты жаңа қалалар бой көтерді. Осылайша сұсты да сортаң, ағыс суы жоқ жердің астын бір Тәңірім құдіреті қайырлы етті.
Айтылған көріністерді тамашалап келе жатқанүнсіздіктіжолбасшымыз Нұрдәулет мырза бұзды. «Әне, қараңыздар, Отпан тауы. Әлі 40 шақырымдай болса да Адай Ата кесенесі де көріне бастады», - депол біздің назарымызды өзіне аударып алды. Иә, тау-қыраттардың ең биік шыңына (400 метр биіктікте) салынған аппақ асқақ кесене-кешен көзге іліне бастады.
«Отпан» тарихи-мәдени кешенінде
«Отпан» - үш деңгейлі кешен екен. Бірінші деңгей - үлкен алаңқай, онда әр аудан, ауылдар өз үйлерін тігіпті. Автокөліктің үлкен тұрағы бар. Екінші деңгей - «Қара шаңырақ» атты музей үйі және қонақтарды күтіп алатын қазақ үйіне ұқсаған ғимараттар алаңы. Үшінші деңгейде – Адай Атаға, оның екі ұлына кесене және Отшырақ-факел тұрғызылған, бұл биіккеадамдар иректелген баспалдақпен жаяу көтеріледі. Айтпақшы, тау етегі, серпантин жолдың басында бізді өнерпаз қыз-жігіттер қарсы алып, бір-бір тостаған шұбат ұсынды. Биі, әнімен сергітіп, әрі қарай шығарып салған.
Ақтаудан ағылған автокөліктер саны кемінде жүзден асар-ау.
Үш деңгейлі «Отпан» тарихи кешенінің көрінісі |
Негізгі шаралар өтетін жаңа айтқан екінші деңгейдегі алаңға жол талғамайтын джип машинелер ғана көтеріле алады екен. Түске шейін бәйге, күрес сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылған. Музыка ойнап жатыр, халық қарақұрым. Бірақ тәртіп бұзған жанды көре алмадық. Жол патрулдік полициясынан өзге форма киген кісіні көрсек бұйырмасын. Қай үйге кіріп ас ішесің бе, қол өнер туындыларын тамашалайсың ба, жоқ, концерт көресің бе, еркің, күзет қойған, алдыңды бөгеген ешкім, ештеңе жоқ. Шырақшы топ осығанда сүйсіндік.
Зор кешен осыдан он жылдай бұрын салынған. Неге? Оның тарихи екі тереңгі себебі бар. Біріншісі, есте жоқ ескі заманнан Отпан тау биігінде от лауласа, бұл «Жау шапты! Жиналыңдар!» деген хабар-белгі екен. Түнгі отшырақ алауы айнала 100 шақырымға дейін көрінген деседі. Өстіп, қазақтың отпен қол жинау тәсілі түрікмен, қалмақ жаугершілігі кезіне шекті жалғасқан. Міне, таудың «Отпан» аталуы осымен өз түсінігін табады.
Кешен салудың келесі себебі киелі жер иесі – адай жұртының терең тамырлы тарихына тіреледі. Тарих атасы Геродот жазбасында скиф, массагеттер мекені деген Солтүстік Каспий жағалауында сан алуан тайпалар конфедерациясы ту тіккен ғой. Алан, ауар, сармат, хазар, оғыз, печенег дейсіз бе, осы аумақтан таралған жұрт көп.Сол ескі жұрттың бірі – дахтар-дайлар. «Маңқыстау мен Үстірт ескерткіштері» (Алматы, 2014) атты суретті кітаптың авторы, археолог ғалым Серік Әжіғали Геродот айтқан «дай» атауы «қазақтың ірі руы «адай» атауында көрініс табуы ғажап емес» дей келе, бұл пайымын: «Қазақтың Кіші жүзінің шығу тегін ғалымдар массагет тайпаларының бірлестігінен пайда болған дегені де негізсіз емес», - деп тиянақтай түседі (аталған кітап, 52-53 бб.).
Қазақ хандығы құрылған ХУ-ғас. қалыптасқан дәстүрлі шежіреде тұтастай Кіші жүзді қазақ билері «Алшын» деп біріктірген.Алшын ішінде Адай Атадан екі ұл: Келімберді, Құдайке. Осынау екі атаның сегіз ұлынан тараған «сегіз арыс Адай елі» Маңқыстау түбегін тұтас жайлап отыр. Айтып-айтпа, түбектегі оқшау өмір, өзгеше табиғи орта өз күшіне сенімді, дәстүріне берік халықты қалыптастырған, тегі. Бір білімпаз: «Үнсіз кетіп барады, бірақ ...айғайменен» депті. Айтайын дегенім,Отпан кешені мемлекеттің емес, осы сегіз арыс халықтың күші, жинаған қаржысына салынған. Өтіп жатқан Амал мерекесі жайлы да осыны айтамыз. Бірлік пен ынтымақтың, ерлік пен өрліліктің ерен үлгісіне таң қалмасқа шараң жоқ! Жеріне еміренген, елін де сүйеді.
Сөйтіп, таудың ең биік шыңына соғылған зор кешен - көне тарих талабы әрі жергілікті бұқараның жүрек қалауының арқасы. Амал мерекесі жайлы жер - Ақтау қаласында емес, айдала ақ отау – Отпанда өткені қалай? Онда жұрттың ағылу сыры неде? деген сауалдарға берер жауабым да әзірге осы. Аңыз өлкенің айтулы мерекесі, оның өткені мен келешегі дөңгелек үстелде талқыға түсті. Енді соған келейін.
Амал – жалпыұлттық мерекеге айналса игі
Жоғарыда Отпан тауына ызғандай халық жиналды дедік. Әсіресе, Ақтөбе, Астана мен Алматыдан ат арылтып жеткен адайлықтар қалың. Соның бірі, егде жастағы адамның: «Отпанға келмей, тәу етпей жүре берсем ше, онда киеден мақұрым, сыбағадан құр қалғандай жаным жай таппай қиналам. Кәне, жылда келмеуге лажым қайсы?!», - деп ағынан жарылғанын естіп қалдым.
Бесін шамасында біз, шырақшы топ, «Қара шаңырақ» музейінің залына дөңгелек үстелге шақырылдық. Кемі екі сағатқа созылған мәжіліс дөңгелек үстелден гөрі ғылыми конференцияға парапар өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар |
Алдымен сөз алған профессор Ислам Жеменей Арал-Капийдің аймақтық этносаяси тарихы мен салт-дәстүрін әдемі пәлсапалық ойларымен өріп жеткізді. «Амал келді, жыл келді» дейміз. Бірақ Амал мен Наурызды шатастырмайық, біріншісі жан дүние азығы. Ежелден ата-бабаларымыз табиғатпен жарыса ішкі сараймыздың жаңаруы мен түлеуін қалаған. Амал – тазару мен бірігудің философиясы дей келе, сөзінің соңын ғалым: «Тап осындай амал-қарекетке бүгінгі қазақ қоғамы да зәру екені хақ. Олай болса, бармақтан сорған емес, ежелгі тамыры терең мереке бүкіл елге қанат жаятын болса, ұтпасақ, ұтылмаспыз», - деген түйінмен сабақтады.
Келесі шешен Қарашаңырақ музейінің шырақшысы, этнограф Отыншы Көшбайұлы деген ақсақал аймақтық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға, оның ішінде Амал мерекесінің ерекшелігіне тоқталды. Бұл жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін уақыт. Мұны исі қазақ біледі. Бірақ Амал жан өсіретін күн дегенкөп жерде ұмытылған. Сондықтан оның әу бастан қазаққа ортақ құндылық болғанына дәлел-дәйектерін алға тартты.Амал - көрісу мен қауышу, кешіру мен тазару тойы. Демек, оның Батыс Қазақстан аумағымен шектеліп қалуы жарамас, - деді көкірегі даңғыл қария. Ақтөбелік профессор, эксдепутат Ізімғали Көбенов салт-дәстүр мен ұлттық тәрбие егіздігі жайлы ойын ортаға салды.
Каспий-Арал арасы далиған аумақ. Қазақ халқы оны Үстірт (көтеріңкі жазық) және Астырт (астыңғы, яғни ойпаң аумақ) деп екі бөлек атаған. Осы ареалдың этномәдени мұрасы төңірегінде дөңгелек үстелге қатысып отырған Шахмардан Есенов атындағы университеттің Ақмарал Отарова, Орынгүл Дүйсенова және басқа да ғалымдары ізденістерін баян етіп, ойларын ортаға салды. Соның бірі – он екі айдың қазақша аталуының астары. Мысалға мал көкке, яғни отқа бас қоятын – май айы, ескіше – отамалы. Қысқа айтқанда, Амал мерекесінің мазмұны мен тарихы жан-жақты қарастырылды.
Бірақ осы мерекенің түп-тамыры қандай оқиға? Яғни оның пайда болу уақыты қайсы? Осы мәселенің басын ашып алу маңызды көрінді маған. Сөз алдым да, Шәкәрімге сілтеме жасай отырып, Амал мерекесі – 6-шы ғасырда Көк Түріктердің Алтай қойнауы Ергенеқонды бұзып-жарып шыққан оқиғадан бастау алады деп дәйектедім. Шыңғысханға дейін де, онан соң да атам қазақ наурыз айының басын дербес ел болған күн - «Ұлыстың ұлы күні» деп тойлап келген. Мұны әйгілі Рашид ад-дин де, Абай мен Шәкәрім де өз еңбектерінде атап көрсетеді. Мысалы Шәкәрім баласы Ахатқа айтқан әңгімесінде: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген тіпті ескі мақал», - дейді.
Ой-пікірімді «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» дегенді қазақтан өзге халық айта ма, мен білсем, айтпайды. Демек, Амал мерекесінің 1,5 мыңжылдық тарихы бар деп тәмамдадым.
Сонымен, Амал аймақтық па, әлде исі қазаққа тән мереке ме?
Осы сауалға қатысты кесімді пікірін Ұлытау аудандық музейінің директоры, көптеген халықаралық экспедицияға қатысқан білімдар азамат Бақтияр Қожахметов былай деп шегендеді: «Орта ғасырларда Монғолиядан Венгрияға дейін жайлаған халықтарға ата кәсіп те, этномәдени ареал да ортақ. Яғни далалық еуразияның барлық заттық ескерткіштері сияқты салт-дәстүрлік құндылықтары да бір. Сондықтан Амал аумақтық мереке десек, қатты жаңылысқа ұрынамыз».
Сыртқа шыққанда ымырт әбден қоюланып, таудың суық желі күшейе түскенібайқалды. Кешкі аста үлкен киіз үйдің біріне жайғастық. Бұл жақта алдыңа ет пен қуырдақ қатар қойылады екен, ұлттық дәмдердің түр-түрі бар.
Сағат кешкі 20-00. Енді Отпан тауы басы, Адай Ата кесенесі қасындағы арнайы қондырғыда «Бірлік отын» жағу рәсімі өтпекші.
Отпан биігіне шығып «Бірлік отын» жақтық
Екінші деңгей алаңы адамғатолы. Жиылған халық, әсіресе, жұқа киінген өнерпаз қыз-жігіттер жаурай бастағанда облыс әкімі Ералы Тоғжанов та келіп жетті. Әкім көтерілген әйгілі Үш би монументі жанына шырақшы топ бізді де атап-атап шақырды. Амал мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, - деді облыс басшысы. - Кешіккен жайым, облыс делегациясы жаңа ғана Біріккен Араб Әмірлігінен ұшып келдік. Біздің өңірге арабтар қызығушылық танытуда. Құдай қаласа, жаңа өндіріс орындарын ашамыз.
Құттықтау сөз тыңдалып, бірер концерттік номер орындалған соң қолына отшырақ ұстаған Е.Тоғжанов бас болып, біз соңынан еріп, біздің соңымыздан шамасы 500-дей үлкенді-кішілі қауым тау басына беттедік. Түн ызғарынан тұла бойың қалтыраған хәлде тауға көтерілу қайдан оңай болсын. Ақыры жеттік-ау. 400 метр биіктікте алып Шырақ алауласын!Көптің қуанышында шек жоқ, құшақ жаю, төс түйістіру кәнігі салт бұл жақта. Етекке түскенде әкімнің дастарханы жайылды. Қонақтар атынан сөз айту маған бұйырды. Алыстан, Абай елінен келген деп.
Күтуші қыз-жігіттерге бата берген сәтім |
Той иесі жергілікті халыққа, оған қолдау көрсеткен облыс әкіміне ризамыз. Шүкір, тәубесі бар, азды қанағат тұтқан, барға – риза, жоққа – салауат дегенге не жетсін. Сол ұлттық рухты сезіндік дедім. «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең, істің - бәрі бос» сияқты Абай өсиетіне адалдықты көріп қуандық дедім. Облыс басшысы орнынан тұрып, біз қазақ деген халық ұлы Абайға мәңгі қарыздармыз деп қолымды алды. Мұны жиылған жұрттың көзі көрді. Әкім дастарханынан соң, микроавтобуспен Ақтауға жеткенде түн ортасынан ауды. Шаршаған хәлде бірден жастыққа бас қойдық.
Отпан тауында өткен екінші күн
14-наурыз. Таңғы сағат 9-00. Отпанға, Амал мерекесіне қайыра аттандық. Түс әлетінде жеткенбіз. Ду-думан көрігі қыза түскен екен. Сахнада аудан өнерпаздары бірінен кейін бірі шығып, концерт қойып жатыр. Кеше шаршаған, жаураған халықтың көбі бүгін мерекені қызықтай алмас, сірә, деген қаупім бекер екен. Киелі жердің қасиет-кепиеті ме, түшкірген, тымауратқан жан жоқ. Бәрі де емен-жарқын, ескілікті киім киген, қолына бүркіт ұстаған, бес қаруын асынған жастар көп. Бұл жақта ән мен терме қатар қадірлі. Той ауылын тамашалап болғанда, Бейнеу ауданының дастарханына шақырылдық. Тоғыз адам біздермен ауданның жақсы-жайсаңдары тізе қосып отырды. Кезек-кезек сөз сөйленіп, арасында әнші, күйшілер өнер көрсетті.Айгүл Қосанова бастаған облыстың жұлдыз әншілері қатысып отырды.
Екінші деңгейдегі Қарашаңырақ ауылында той көрінісі |
Ұлан-асыр той өз мәресіне жеткен мезет – марапаттау шарасы басталып, сыйлы қонақтар тойды атқарған Құнанорыс ата ұрпақтарымен бірге сахнаға көтерілдік. Иығымызға шапан жауып, бөрік кидік. Салтанатты жиынды Маңқыстау облысы әкімінің орынбасары М.Сқақов ашты, ол тебірене ой толғап, баршаға береке, сәттілік тіледі. Онан соң осы елдің сөзін ұстаған Өмірзақ Озғанбай, Сабыр Адай, Ислам Жеменей сияқты шешендері мен саңлақтары жұртты ұйытты. Жүргізуші жігіт осымен жиын аяқталды деген сыңай танытып, пәленше ақсақал батасын берсін деп қалды.
Қызықтың көкесі, сол сәтте меніәлдебір күш,апыр-ай, сен неғыптұрсың, ит арқасы қияннан не үшін келдің дегендей микрофонға ентелете жөнелгені. Мен Абай елінен ем, үндемей қала алмаймын, рұқсат етсеңіздер дегенде, төмендегі жұрт әрине, рұқсат, рұқсат десті. Ұстазымыз Абай:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі! -
деген, келесі сөзі деп мына шумақпен жалғастырдым:
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.
Әр қазақтың жанын жылы, ақылын нұрлы, қайратын ыстық қылатын құдірет – осындай асыл сөздер, ағайындар. Сондықтан рухани жаңғырудың атасы Абай болды және бола да бермек. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» демекші, мұндағы елдің елдігін, береке-бірлігін Семей жұртшылығына жеткізуді мойныма аламын. Кешегі От-Алау қазақ даласына шамшырақ болсын, алға Адай елі! Өрле, Қазақстан! деген пафоспен шабытқа өзім де аң-таңмын. Күшейткіш арқылы дауыс мүлгіген тауларға да жетіп, айнала жаңғырып жатты, мұндай сәтті қайтіп ұмытарсың.
Абай сөзінің құдіреті ме, білмеймін, жаңағы бата рәсімі жайына қалып, сахнада шешендер жарысы қайта жандансын. Біз сахнадан түсіп, үш джип машинеге беттедік. Сценарий бойынша «Аялы ағаш – саялы» деген тал отырғызу шарасы өтуі керек екен.Арғы беттегі қия жолмен таудың басы, Адай Ата кесенесіне жеттік. Даярланған он бес талды отырғыздық. Кесене шырақшысы Жомарт сәулетші әрі ақын Сайын Назарбектің інісі, 1993-95 жылдар Абай-Шәкәрім кесенесін, Бөрілідегі Омархан-Нұржамал мазарын тұрғызған азаматтың бірі екен. Шүйіркелесе кеттік, бәрі есімде деп, Бекен Исабаевты, басқа да ақсақалдарды сұрастырып жатты.
Осымен, киелі Отпан тауымен, тік тұрып қызмет еткен қонақжай ағайындармен қоштасатын уақыт та жетті. Ертерек жетсек жақсы десіп, етектегі көлігімізге мініп, еңіске Ақтауға қарай бет алдық.
Әбіш – аңыз елдің абыз ұлы
Қалаға асыққанымыздың бір себебі, кеше дөңгелек үстелде мәжілістес болған Маңқыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жұмалиева Тамара Қалмырзақызына музейді көріп тамашалауға уәде еткенбіз. Сағат 16-00 Ақтауға жетіп, бірден музей табалдырығын аттадық.
Музейді көп жерде көріп жүрміз, бірақ мына музей ішкі мәнімен де, сыртқы сәнімен де таң қалдырды. Сенсеңіз, Еуропа я Мәскеу, Петербор музейлерінен асып түспесе, кем емес. Аз уақытта Маңқыстау түбегінің ландшафты, флорасы мен фаунасы, табиғаты жайлы толық мағлұмат алып шығуға бар мүмкіндік жасалған екен. Зал көп. Соның бірі – аңыз өлкенің абыз перзенті, заңғар жазушы әрі мемлекет қайраткері болған Әбіш Кекілбаевқа арналған екен. Мен, адай ішіндегі жаңай руына, яғни Әбіш ағаға да келін болам деп әзілдеген Тамара Қалмырзақызы Әбеңнің Маңқыстауда өткен бала, бозбала шағын көзге елестете, көптеген қызықты жайларды баяндап берді. Талантты тұлғаны туған жері қадірлесе, осылай қадірлесін деген ой түйдік.
Директор, мәдениет саласының үздігі Тамара Қалмырзақызы ортамызда |
«Бетерден де бетер бар» болған ойпыл-тойпыл жылдарда «Әке отырып, бала сөйлемей, іні отырып, аға жүгірмей басы бүтінделіп келе жатқан халқымыздың ұлы үрдісін жоғалтып алмайық» немесе «Ұлан-ғайыржер бергенмен басы өспей келе жатқан жұртымызды ырзық-берекеге ұйытып, есе түгендейік, еңсе тіктейік», - деген сияқты аталы сөздерін айтқан Әбішті алты алаштың абызы, қазақтың осы заманғы төбе биі деп мойындасақ, аруағына солай тағзым етсек – әділеттілік!
Экскурсиядан соң Тамара Қалмырзақызының жұмыс кабинетіне жайғастық. Шұбат пен дәмнен ауыз тидік. Мен Семейден ұлы ақынның бюстін және бірер кітаптарды ала келгенмін. Абай музейінің директоры Болат Жүнісбекұлы атынан сол сыйлықты Тамара ханымға тапсырудың реті келді. Өз кезегінде музей иесі әрқайсымызға «Маңқыстау» атты құнды кітапты және «Әбіш әлемі» деген әдеби журналдың бірнеше сандарын тәбәрік деп табыс етті.
Қош, қасиетті Каспий, ақшулан Ақтау!
Міне, Маңқыстауды ашқан екі күн де өте шықты. Алғаш көргенде қыр адамын Каспий өзгеше әсерге бөлейді, бір жағынан, орасан көк толқынды құдірет жалмап қоятындай үрей сезімін туғызса, екінші жағынан, өзіне магнитше тартып, көз тоймай сүйсініп, қарай бергің келеді. Алғаш көруім түс әлеті болған соң ба, көкшіл түске боялғантеңіз айдыны ақшыл жар қабақпен шағылса астасқан суреттен «ақшулан» деген сөз тіліме орала берді.
Жерлесім Б.Жүнісжановпен бірге |
Бізге, шырақшы топқа арналған қоштасу дастарханы өзімізге таныс «Айдын» дәмханасында жайылған. Теңізге көз тастай отырып, мұсылман қауымы шииттер мен сүнниттер болып неге екіге бөлінді деген нәзік мәселені Иранда ислам дінінен дәріс оқыған Ислам Жеменейдің аузынан тыңдау неткен ғанибет еді. Ғұлама Шәкәрімнің: «Ноқтасыз оймен тексердім, Бояма діннен сескендім» деген ойына таратқан пайымы сәйкес келгені үшін құрдасым Исламның білігіне разы болдым. Өзге де жігіттер ой бөлісті. Қазақ – құрама халық емес, тілі, ділі, салты бір сайын даланың иесі дестік. Бірақ асыл қасиеттер (меймандостық, қайырымдылық, жан жомарттығы, жүрек тазалығы) мен қазақы өмір өзге өңірлерден гөрі Маңқыстауда молырақ сақталғаны хақ. Сенсеңіз, «потому что», «все-таки», «как так» деп шұбарлап сөйлеген халықты көре алмадық. Көшедегі тіл жалғыз һәм қатесіз. Бізге екі күн қызмет еткен микроавтобус рөліндегі жігіттің ән қоры - кілең дәстүрлі әндер, термелер, арасында ғибратты уағыздар бар. Қазіргі хит әннің бірі де жоқ.Ақтауда семейлік жерлесіміз полковник Бақытқазы Жүнісжановты кездестіріп, хал-жайын сұрағанымда: «Әуелде бірер жылға деп келіп едім, жеті жыл өте шықты», - деп бөтен елге бауыр басқан көңілін жеткізді.
Сөйтіп, әр жағдайдан байқалғаны – табиғаты қатаң елде көлгірсу мен жасандылық аз, шынайылық басым. Сонысымен де жанды баурады.
Қоштасу дастарханына Мәшһүр-Жүсіптің немересі Әсет Пазылов батасын берді. Бірімізді теміржол вокзалына, енді біріміз әуежайға жеткізіп жатқан Нұрдәулет бастатқан қыз-жігіттермен қимай қоштастық, әрине.
Қош бол, қарт Каспий, қанатыңды жая бер, жас қала Ақтау!
Түйін сөз
Өздеріңіз де куәсіздер, көргендерім мен білген-естігендерімді хал-қадірімше жеткізуге тырыстым. Бір жағынан, шығыс жұртына беймәлім Маңғыстауды ашуды көздедім, екінші жағынан, Ертіс пен Каспий арасын жалғаған киелі көпір көптігін көрсеткім келді. Осы мақсатым қаншалықты орындалды, оған оқырманның өзі төреші.
Асан Омаров – абайтанушы,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық музейінің
шырақшысы, қоғамдық кеңесші.
Семей-Ақтау-Семей.