Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Абайдың шығармашылығы туралы 1945 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан Жазушылар Одағының салтанатты Пленумында жасаған баяндамасында ақын шығармашылығының үш қайнар көзін атап өткен еді.
«Бұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып сақтап, өсіріп келген өз даналығы...
Екінші бір қол артқан қазынасы – араб, парсы, түркі тіліндегі шығыстың көркем классикалық поэзиясы.
Үшінші үлкен нәр, мол азық алған зор саласы – орыс халқының мәдениеті және сол арқылы европа мәдениеті», - деген.
Мақаламызда Абай шығармашылығының үшінші қайнар көзі орыс әдебиетіне, соның ішінде орыстың ұлы ақыны, орыстың классикалық жазба әдебиетінің негізін салған, әдебиеттің сан түрлі жанрларына қалам сермеген Александр Сергеевич Пушкиннің (1799-1837) «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне аударуына және де осы романның Абайға еткен әсеріне, Пушкин өнегесі Абайдың шығармашылығында синтезделуіне тоқталмақпыз. Әр дәуірде өмір сүрген, шығармашылық қызметін әр түрлі жағдай мен әртүрлі ортада жүзеге асырған, орыс халқы мен қазақ халқының бағына туған осы екі заңғар алыптың жан-дүниесінің үндестігін айтпақпыз.
«Евгений Онегин» - Пушкиннің ең бір ішкі сыры мол ақтарылған шығармасы, оның қиялының сүйікті перзенті. Пушкиннің «Евгений Онегинде» көрінгендей ақын тұлғасы мейлінше толық, жарқын және анық көрінетін туындылар өте сирек кездеседі. Мұнда оның бар өмірі, барлық жан сыры, барлық махаббаты да, сезімдері, ұғым-түсініктері, идеалдары да айқын көрініс тапқан», - деген Белинский сөзінен асырып, пікір айта алмаймыз.
А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романы оның шығармашылық қызметінде ерекше орын алатын, шоқтығы биік туынды. Бұл көркем шығарма бүкіл орыс әдебиетінің тағдырына мейлінше қатты әсер еттті. Романды Пушкин сегіз жылдай (1823-1831) жазды. Автор романын 1831 жылы аяқтап, ол 1833 жылы жарыққа шықты. Роман Ресей өмірінің 1819-1825 жылдар аралығындағы кезеңін, яғни орыс армиясының Наполеонды талқандағаннан кейінгі шет елдердегі жорықтарынан бастап, декабристер көтерілісіне дейінгі аралықты қамтиды. Сол аралықтағы орыс өмірінің барлық жағын қамтитын энциклопедия іспетті. Романда тарих пен ақын заманындағы оқиғалар қатар өріліп отырады.
Роман сюжеті баршаға белгілі. Романның ортасында махаббат мәселесі орын алған. Мұндағы ең маңызды проблема – сезім мен парыздың тайталасы, Абайша айтқанда, майдандасуы. Романның кейіпкерлері Евгений Онегин мен Татьяна Ларина, Онегиннің досы Владимир Ленский мен Татьянаның сіңлісі Ольга Ларина ғашықтар жұптарын құрайды. Татьяна Онегинге бір көргеннен ғашық болса, Онегин өзінің суыған жан дүниесінде болып өткен өзгерістер мен сілкіністерден кейін ғана Татьянаға ғашық болады. Онегин мен Татьянаның қосыла алмауына олардың өздері жасаған қателіктері, өмірде дұрыс жол таба алмауы себепші болады. Пушкин өз оқырманын осы қателіктердің сыры туралы ойлануға жетелейді. Романның қарапайым ғана сюжеттік желісіне көптеген сипаттамалар, оқиғалар, қаншама адамдардың тағдырлары олардың мінез-құлықтарымен, сезім толқындарымен қабаттасып, ажырамастай өрілген.
«Евгений Онегиннің» ең басты идеясы, ойы бойынша, аз ойланатын, аз білетін, биік армандар мен мақсаттарға ұмтылмайтын, күйкі тіршілікті күйттейтін адамдар ғана бақытты бола алады, ал сезімтал, ой-өрісі, ұмтылысы жоғары адамдардың еншісіне тиетіні – қасірет қана дейді. Ондай адамдар Онегин сияқты, әрекетсіздіктен, шарасыздықтан қиналады, не Ленский сияқты өлім құшады, не Татьяна сияқты үнсіз қасірет шегеді.
Грубым дается радость,
Нежным дается печаль,- дейді ғой С.Есенин.
Пушкин осы көркем мінезді, ақылды, парасатты, текті, бекзат адамдардың бақытсыздығына, оларды қалыптастырған заман, помещиктік орта кінәлі екендігін анық көрсетеді. Помещиктік, крепостнойлық қоғам, помещик мырзалардың әрекетсіздігі олардың иелігіндегі басыбайлы шаруалармен қатар, сол дворяндар мен помещиктердің ең озық өкілдерін де бақытсыз етті. Осы мұңды, ауыр ойлар Пушкин романының соңғы жолдарында өрнектелген.
Пушкин мен Абайдың байланысын зерттеуші ғалымдар Абайдың «Евгений Онегиннен» аударған үзінділері мен Абайдың өзі қосқан «Онегиннің өлердегі сөзін» әбден мұқият зерттегендіктен, мен бұл мақаламды негізінен түпнұсқаны, яғни романның өзін талдап мазмұндауға арнамақпын.
Роман 10 тараудан тұрады, оның ішінде сегіз тарауы үзіліссіз, қалыпты баяндалған да, тоғызыншы тарауы «Онегин саяхатынан үзінділер» деп аталып, оныншы тарауында декабристер қозғалысынан үзік-үзік мағлұматтар беріледі.
Романның бірінші тарауында автор оқырманын сүйікті кейіпкерімен таныстырады. Оның әкесі патша қызметінде болған, жылына үш рет бал-думан жасап, жоғары қауым ақсүйектерін шақырып, қарызданып, меншігіндегі жерлерін кепілге салып, кедейленген болады. Ақсүйек помещиктердің салты бойынша, Онегин әуелі мадам тәрбиесінде болғанын, одан кейін месье оқытып-тәрбиелегенін айтады. Месьесі баланы сабақтан онша көп қинамай, Онегин білімнің әр саласынан үзіп-жұлып хабардар болып, ғылымның ешқайсысына терең бойламай, тек француз тілін ғана жетік меңгереді. Ол балалық шақтан асып, жасөспірім шаққа жеткен кезде, үйі оның ұстазы-тәрбиешісі болған месьесін қуып жібереді. Себебін Пушкиннің «Капитан қызы» шығармасы бойынша байымдауға болады. Онда Гриневтің ұстазының үстінен қызметші қыздар үй иелеріне шағымданып, жылап-еңіреп, ол өздерін алдап кеткенін айтады. Мәселенің анық-қанығын білмек болып әке-шешесі Гриневтің бөлмесіне келсе, ұстазы удай мас, ұйықтап жатады, ал оған тәрбиесі сеніп тапсырылған жаңаөспірім Гринев болса, қымбат қағазға салынған, дүние жүзінің географиялық картасынан батпырауық жасап жатады. Яғни мұндай жағдай ақсүйектер отбасының көбіне тән болатын.
Солайша Онегиннің оқуы аяқталады. Ер жеткен Онегин ақсүйектер қауымының күнделікті тіршілігін кешіп жатады.
Абай осы бірінші тараудың Х,ХІ шумақтарын түтастай, және ХІІ шумағының 6 жолын аударып, «Онегиннің сипаты» деп атаған. Онда қазақ оқырманының Онегин бейнесін терең түсінуіне мүмкіндік тудырып, романның бас кейпкерінің психологиялық портретін дәлме-дәл берген. Бұл үзінді он бір буынды өлеңмен жазылған. Онда Онегинннің өр мінезі, байсалдылығы, ғашықтық сөзге жүйріктігі, өзіне таласқан бақталас, күндес шықса, оны әжуалап, қорлаудан да тайынбайтын қылығы көрсетіліп, сол арқылы Ленскиймен ара қатынасын байымдауға да жағдай тудырылады. Бұл аударманың нақтылығы, дәлдігі сан рет зерттеліп, айтылғандықтан, оқырманды сол зерттеулерге үңілуге сілтеймін.
Автор Онегин тіршілігінің бір күнін суреттеу арқылы қалған күндері де солай жылжып жатқанын меңзейді.
Ол ұйқысынан оянғанша неше түрлі шақыртулар келеді. Оны үш үй қонаққа шақырыпты, бірінде бал болмақ, енді бірінде балалар мерекесі... Ол таңдап жатпай, бәріне бармақ болады. Онегин бульварға барып, сағат түскі ас уақытын соққанша серуендеп үйге қайтады. Қараңғы түскен соң мейрамханаға барып, достарымен бірге тамақ, шарап ішіп, көңіл көтеріп, сағат сыңғырымен театрға, жаңа балеттің тұсаукесеріне кетеді. Артистерден әбден жалыққан ол балет аяқталуын тоспай, үйіне киінуге кетеді. Онда кемінде үш сағаттай уақытын айна алдында сәнденіп-жасануға арнап, балға аттанады. Бал да басталып кеткен, мазурка ойналып-биленіп жатады, содан Онегин балда таң атқанша билеп, қала оянып, дүкендер ашыла бастаған кезде ғана үйіне қайтады. Онегин үйге келген соң ұйқыға кетіп, түс ауа ұйқысынан тұрады. Тағы да кешегідей жағдай қайталана береді. Бір сарынды өмір, күнделікті думан-сауық – осының бәрі Онегинді әбден жалықтырады. Кітап жазбақ болады, одан да жалығады. Кітап оқудан да жалығады, қайтадан әрекетсіздікке көшеді.
Пушкин өз романында Онегинмен сол шақта танысқан едім, екеуіміз де шет елдерді аралап қайтқымыз келіп еді дейді. Романда сол кездегі нақтылы өмір Онегин тағдырымен қатар жүріп отырады. Мәселен, артистер Дидло, Истомина, Семеновалар, Петербургтің Фонвизин, Княжнин, Шаховской, басқа да көрнекті адамдары, Пушкиннің өзінің дос-жарандары барлығы да кітаптан орын тауып, Онегин нақтылы өмірдің қайнаған қызу ортасында жүргендей әсер береді. Бұл шақта Онегиннің әкесі дүние салып, оған кезінде қарыз берген адамдар анталап, Онегин бұл әуре-сарсаңнан құтылу үшін әкесінің мұрасынан олардың пайдасына бас тартады.
Сол кезде оған нағашы ағасынан хабар келеді, ол өлім аузында жатқан көрінеді, жиенін өлер шағында бір көріп қалғысы келеді екен. Онегин ағасын көріп қалуға асығып, жолға шығады. Роман өзі осы оқиғадан басталған болатын.
Келсе, ағасы дүние салыпты, жерлеу рәсімі өткен соң Онегин ағасы мұраға қалдырған қыруар жер, зауыт, ормандардың иесі болып шыға келеді.
Өмірі түбегейлі өзгеріске түскен Онегин екі күннен кейін одан да жалығады.
Романның екінші тарауында Онегин өзінің иелігіндегі деревнясында жаңалықтар енгізіп, басыбайлы шаруалары өтеуге тиісті оброкты, одан гөрі жеңілдеу барщинамен алмастырады (оброк бойынша шаруалар өз құрал-саймандарымен иесінің жұмысын істеуге міндетті, ал барщина бойынша, шаруалар ақша, егін, тамақ өнімдерін ғана белгілі бір мөлшерде береді, қалған өнімдер өздерінде қалады). Бұл басқа помещиктерге ұнамай, олар Онегинді қауіпті адам деп есептейді.
Көршілері әуелде Онегинмен жақын танысып, араласқысы келіп, оған қонаққа келеді, бірақ Онегин олардың күймелерінің дыбысы естілген бойда, қызметшілеріне өзінің арғымағын әкелуге әмір етіп, тайып отырады. Бұған намыстанған көршілері надан, фармазон деп ат қойып, айдар тағып, онымен қарым-қатынасты доғарады.
Бұл арада Владимир Ленский деген помещик өз деревнясына оралады. Ол Германияда білім алған, көңілі асқақ армандарға толы, бұйра шашы иығына түсетін он сегіздегі жас жігіт болады. Сол шақтағы Европа оқу орындары студенттерінің дәстүрімен елді жаяу аралап, ақындық лирасымен жыр жырлайтын болған. Өз деревнясына келген ол байыпты көршілерінің шабындық, аңшылық, шарап, өз туыстары туралы қысыр әңгімелерінен жалығып, әрі көршілерінің өзін күйеу жігіт ретінде қабылдап, қыздарын бергісі келген ойларын таниды, әлден отбасын құруға ниеті болмағандықтан, одан да гөрі Онегинмен жақын танысқысы келеді. Сонымен олар өлең мен қарасөз, мұз бен жалын, су мен тас сияқты аралары алшақтығына қарамастан, әуелде тосырқағанмен, соңынан бірін-бірі жақын тұтып, кейіннен күн сайын салт атпен бірге серуендеп, тонның ішкі бауындай етене жақын болып кетеді. Олар бір-бірімен қолы бостықтан, еріккендіктен достасып кетеді дейді автор, ал бізде ондай да достық жоқ, - деп шегініс жасайды.
Мы почитаем всех нулями,
А единицами – себя.
Мы все глядим в Наполеоны;
Двуногих тварей миллионы
Для нас орудие одно;
Нам чувство дико и смешно,- дейді автор.
Яғни, біз өзімізді - единица деп, басқаларды нөл деп есептеп, өзінен басқаларды екі аяқты хайуанға теңеп, оларды тек өз пайдасына жаратқан Наполеон сияқтымыз деп ойын қорытады автор.
Бұл арада Абайдың «Евгений Онегинді» қандай ықыласпен және қалай терең бойлап оқығанын, романның осы жолдары оның шығармашылығында қалай синтезделгенін айқын көруімізге болады.
Абай өзінің «Сәулең болса кеудеңде» деп аталатын өлеңінде осы айтылып отырған «единица» мен «нөл» ұғымдарын басқаша жарқыратады.
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел,-
деп, әркім өз бетімен кетпей, кемел ойлы «единицаға» ергені жөн болатынын айтып, сонда ғана:
Берекелі болса ел –
Жағасы жайлау ол бір көл... – дейді.
Осылайша Абай елін береке-бірлікке бастайтын, әділетті, кемел «единицаны», яғни кемел басшыны армандайды.
Единица – жақсысы
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол,- деп қайта шегелейді.
Енді қайтадан романға оралайық. Онегин мен Ленский әр тараптан әңгімелесіп, пікір алысып отырады. Бірақ көбінесе әңгімелері ғашықтық жайында болады. Махаббат мәселесінде өзін ардагер деп санайтын Онегин өзінің ақын досының сүйгені туралы жан сырына қанады.
Ленский бала кезінен Ольга деген қызға ғашық болыпты. Бұлардың әкелері көрші тұрыпты, дос болыпты, өскен соң балаларын үйлендіруді армандайды екен.
Сол Ольганың апайының аты Татьяна екен. Автор бұдан әрі Татьяна туралы баяндайды. Ол сіңлісіндей сұлу болмапты, әрқашан мұңайып, адамдарға онша жоламайтын, еліктей үркек, өзінің туған отбасында бөтен адамдай болыпты. Балалармен бірге ойнамай, көбінесе терезенің алдында үнсіз отырады екен. Бала болып қуыршақ та ойнамайды, өзге қыздардай кесте де тікпейді. Қыста күтушілері айтатын қорқынышты ертегілерді тыңдағанды ұнатады екен. Ол бала кезінен кітапты сүйіп оқып, Ричардсон, Руссолардың шығармаларын оқыпты. Әкесі болса, ақ пейілді, кітаппен ісі жоқ, баласының қандай кітаптарды оқып жүргенімен жұмысы да болмапты.
Бұлардың ата-анасы қонақжай, мейірімді адамдар екен. Кей күндері көршілері бұлардың үйіне жиналып, бас қосып, әңгімелесіп, көңіл көтеріп, Ольгаға шай құйғызып, кешкі астарын ішкен соң дуылдап тарасады екен. Осылай бірқалыпты өмір сүріп жатыпты. Күндердің күнінде бұлардың әкесі дүние салыпты.
Владимир Ленский елге келгеннен кейін, көршісінің зиратына барып, ескерткішіне тағзым етіп, өзін қалай еркелеткенін, бұлардың бақытты болғанын көрем бе, жоқ па, деп күрсінетінін еске алып, оның рухына арнап мадригал шығарады.
Автор бұл арада өмір мен өлім туралы философиялық толғанысқа көшеді.
ХХХҮШ
...Увы! На жизненных браздах
Мгновенной жатвой поколенья,
По тайной воле провиденья,
Восходят, зреют и падут;
Другие им вослед идут...
Так наше ветреное племя
Растет, волнуется, кипит
И к гробу прадедов теснит.
Придет, придет и наше время,
И наши внуки в добрый час
Из мира вытеснят и нас!
Үзіндіден көрініп отырғандай, автор ұрпақтар буындарының өсіп-өркендеп, одан пісіп жетіліп, жеміс беріп, соңынан өлетіндігін, осылайша бірін-бірі ығыстырып, алмастырып отыратындығын, біздердің де уақытымыз жеткенде, немерелеріміз бізді дүниеден солай ығыстырып шығарып, орнымызды басатын болар деп бір түрлі күйінішпен ой толғайды.
Сондықтан да тіршілікті қастерлейік, достар, мен бұл өмірдің жалған екендігін білем, тек менің жазғандарым әлде біреудің жүрегін селт еткізіп, мен ұмыт қалмасам екен, дейді автор.
Абайдың отыз жетінгі қарасөзіндегі: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» - деген ойларында заман желімен ұрпақтар толқындары алмасып жатқанмен, дүние баяғыдай сол қалпында қалады, деп тіршілік заңдылығын тұжырымдайды. Абай ойы Пушкин ойымен үндесіп, үйлескенмен, ұрпақтар алмасуына Абай басқаша тұрғыда үңіледі. Абай ұрпақтар буындарын бір-біріне қарама-қарсы қоймайды. Осы үзіндіден Абайдың кең құлашы айқын білінеді. Мұнда ол жай үйренуші шәкірт емес, ұстазымен бой таластыра алатын, тең дәрежелі суреткер де.
Қайтадан романға оралайық. Сонымен, романның үшінші тарауында Онегин досы Ленскийдің күн сайын кешкі уақытын Лариндердің үйінде өткізетіндігін естіп, бір барғаныңда мені де ала кетші десе, Ленский оған тіпті дәл қазір бірге барайық дейді. Сонымен бұлар Лариндердің үйіне салт атпен кетеді. Қонақжай үй иелері бұларды жақсы қарсы алады. Екеуі үйлеріне қарай ең қысқа жолмен қайтып келе жатқанда Онегин Ленскийден бұлардың қайсысы Татьяна? – деп сұрайды. Ленский оған, Светлана (Жуковскийдің кейіпкері) сияқты үнсіз ғана келіп, терезенің жанына отырған қыз дейді. Онегин оған: мен сендей ақын болсам, екіншісін таңдар едім, Ольгаңның бет әлпетінде ой-сана, тіршілік нысаны білінбейді, Ван Дейктің салған Мадоннасының суреті сияқты беті дөп-дөңгелек, қып-қызыл ай сияқты ғой дейді. Бұған Владимир кәдімгідей өкпелеп қалады.
Ал бұл арада Онегиннің келуі Лариндерге қатты әсер етіп, барлық көршілер оны Татьянаның болашақ күйеу жігіті болар деп жорамалдайды. Кейбіреулер үйлену туралы мәселе әлдеқашан шешіліп қойыпты-мыс, тек сәнді жүзіктер сатып алынбағандықтан, той соған қарап кешеуілдеп тұр екен, деп өзеуреседі. Ал енді Ленскийдің үйлену тойы мәселесін бұлар баяғыдан шешіп қойған еді.
Татьяна әуелде бұл өсекті іштей ренішпен тыңдаса да, соңынан ойға түсіп, толғана бастайды. Әрі оның оқыған романдары да бұрыннан әсер етіп, жан дүниесі әлдебіреуді аңсаушы еді. Қиялындағы аңсаған арманы осы, дәл өзі, сол екен деп ойлайды. Өзі кітаптан оқыған Вольмар, Мелек-Адель, Линар, Вертер, Грандисондар бейнелері осы Онегинге ұласады. Татьяна өзінің ғашықтық сезімін Онегинге хат арқылы жеткізбек болады. Осылайша ол түні бойы хатын жазып, оны күтушісі Филипьевнаның немересінен беріп жібереді.
Абай Татьянаның «Я к вам пишу – чего же боле?» деп басталатын хатын «Татьянаның Онегинге жазған хаты» деп атап, кей жерлерін тастап кетіп еркін аударса да, хаттың мағынасын өте дәл береді. Бұл хаттағы Татьяна бейнесі шебер суреттеліп, осы орыс қызының ашық мінезі, сенгіш, сезімтал жан-дүниесі анық көрсетілген. Абай хат мазмұнын толық жеткізіп, әрі қазақ қауымының ұғым-түсінігіне сай келтірген. Татьянаның өр мінезін, шынайылығын, еркіндігін қазақ қыздарына үлгі етеді. Оқырманымызды Абай аудармасын қайта бір оқып шығуға нұсқаймыз.
Әйтсе де:
Көрген жерде-ақ мен сені.
«Осы екен ғой – сол» дедім,- немесе:
Өз хатыма өз көзім
Ұялып, қорқып баға алмас.
Кепілім менің – бір өзің,
Бөтен жан тетік таба алмас, -
деген ғажайып жолдар тек Абайдың ғана қаламынан шыға алады. Талант құдыреті деген осы ғой!
Қайтадан романға оралайық. Сонымен, бір күн өтеді, екі күн өтеді, хабар жоқ. Татьяна әбден қиналып бітеді. Қонаққа келген Ленскийден оның досы қайда екенін сұраса, оны почта кешіктіріп жатқан болар, бүгін осында келуге сөз берген, дейді. Оның жауабын өзін кінәлап тұрғандай қабылдап, Татьяна ыңғайсызданып қалады.
Күн батып, үстелге самауыр келген шақта даладан ат тұяғының дүбірі естіліп, Татьяна басқа есіктен сыртқа атып шығып, бақша ішіндегі орындыққа отыра кетеді. «Құдайым-ай, Евгений мен туралы не ойлады екен? деп ойлайды. Татьяна жүрек лүпілін басып, орнынан тұрып, аллеяға бұрыла бергенде, қарсы алдында тұрған сұсты Онегинді көреді. Татьяна шарасыз тұрып қалады. Үшінші тарау осылай аяқталады,
Романның төртінші тарауы Онегиннің бақшада Татьянаға айтқан сөзінен басталады. Бұл үзіндіні Абай екі нұсқада аударған, «Онегин сөзі» деп аталатын «Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің барын» деп басталатын, 11 буынды өлеңмен жазылған нұсқасында Онегиннің сөзі кей жерлері қалдырылып кетсе де, дәлме-дәл дерлік аударылған. Ал енді «Онегиннің Татьянаға жауабы» деп аталатын, 7-8 буынды өлшеммен жазылған нұсқасында Онегинді өзі тың теңеулер тауып сөйлеткен.
Мен жаралы жолбарыспын,
Жұрттың атқан оғы өтіп.
Сен есірке, сорлы жаспын,
Шын сөзіме рахым етіп,- дейді.
Немесе:
Әйел өлмес соқпа дерттен,
Сауыға алмас сынған ер.
Мен – көмірмін қалған өрттен,
Енді рұқсат бізге бер! – дейді.
Онегин Татьянаның таза махаббатын, адалдығын жоғары бағалағанымен, оған жүрегі елжіреп тұрған жоқ. Ол өзінің бас бостандығын бәрінен жоғары қоятын, салқын қанды, сезімге билетпейтін адам болып көрінеді.
Татьяна Онегин сөзін демін ішіне тартып, көзі жасқа толып, үнсіз тыңдап, онымен бірге үйге қайтады.
Бұл арада Ленскийдің Ольгаға ғашықтығы күн санап өсіп, екеуі жұбы жазылмай бірге жүреді. Үйіне қайтса да, ойы Ольгада болып, оның альбомына сурет салып, өлеңдер, элегиялар жазады.
Ал бұл шақта Онегин күнде сағат жетіде ұйқысынан оянып, тау етегіндегі өзенді Байрон сияқты жүзіп өтіп, одан үйге келіп, таңғы кофесін ішіп, журналдарды ақтаратынын, одан кейін киініп, атымен серуендеп, кітап оқып, түскі ас кезінде ақ шарап ішіп тыныштықта жалғыз өмір кешіп, қаланы да, достарын да, зерігуін де естен шығарады.
Бұл арада ақырындап күз келеді. Күн қысқарып, құстар оңтүстікке кетіп, егінжайдағы жұмыстар тоқтап, бойжеткен қыздар шырақ жарығымен жіп иірумен айналысады.
Біртіндеп қыс түседі, балалар мұзда коньки теуіп, асыр салып ойнайды.
Жыл мезгілдері романда сондай әдемі көрсетіліп, көз алдыға келеді. Абай өзінің жыл мезгілдері туралы өлеңдеріне осы роман әсерімен қалам тербеді ме екен деген ой айтқан ғалымдар сөзін сен де құптайсың.
Романда Онегиннің қыстағы қарекеті сөз болады. Ол ұйқысынан тұрғанда Чайльд Гарольд сияқты мұзды су толтырылған ваннаны қабылдап, одан кейін күні бойы өзімен-өзі бильярд ойнайды. Камин алдына дастархан жайылып, Онегин Ленскийді тосады. Ол келген соң тамақ ішіледі. Тамақ соңынан достар трубкаларын тартып, шараптан ұрттап, әр мәселелер туралы әңгіме-дүкен құрады.
-Немене, көршілер қалай? Сенің Ольгаң мен Татьянаның халі қалай? – деп сұраса, оған Ленский:
-Тағы бір жарты стакан құйшы... жетер... Барлығы аман-есен, саған сәлем айтып жатыр. Ех, Ольга қалай сұлуланып кеткен?!. Сол жаққа бір барайықшы, өзің ойлашы, сен ол үйге екі-ақ рет барып, одан кейін көрінбей кеттің ғой. Айтпақшы, ұмытып барады екем ғой, сені келесі аптаға қонаққа шақырып жатыр.
- Мені ме?
- Иә, сенбіде Татьянаның күні ғой. Оленька да, шешесі де сені шақырып отыр. Шақырған жерге бармаған жарамайды ғой.
- Ой, онда қаншама халық жиналатын шығар, қайдағы-жайдағылар да келетін болар.
- Ешкім де болмайды, тек өздері ғана болады. Барайықшы.
- Жарайды, келістік.
- Қандай жақсы едің! – деп риза болған Ленский Ольганың құрметіне стаканын босатып, қайтадан сұлу қызды әңгімелей бастайды.
Оның көңілі көтеріңкі, шат-шадыман еді, өйткені екі аптадан кейінге үйлену тойының мерзімі болгіленіп отыр. Әрі Ленский өзін Ольга да жанындай сүйеді деп сенетін.
Романның бесінші тарауы сол жылы күз ұзаққа созылып, қар тек қаңтардың үшіне қараған түні ғана жауғанынан басталады.
Орыс жанды Татьяна қысты өте сүйетін. Халықтың көне аңыздарын жақсы көретін, түс жоруларға, картамен бал ашу, басқа да ырым-нанымдарға сенетін. Сол жылы балауыз құйып, жүзіктерді суырып, бал ашқан кезде ең алдымен өлімді, соңынан үйлену тойын болжаған бал шығады.
Болашақ жарының есімін білу туралы бал ашу үшін Татьяна кең аулаға жалаң көйлекпен шығып, айнасын айға түсіріп, сол жерден өтіп бара жатқан біреудің атын сұраса, ол оған «Агафон» деп жауап береді. Татьяна таң-тамаша болады.
Одан Татьяна күтушісінің кеңесі бойынша түнде моншада бал ашу үшін екі адамға арнап дастархан жаюды бұйырады. Одан кейін жастығының астына қол айнасын қойып, ұйқыға кетеді. Ғажайып түс көреді. Түс арқылы бал ашу бойынша, қызды түсінде ағын судан өткізген адам оның болашақ жары болуы керек еді.
Татьянаны түсінде аю судан өткізіп, орман жолына түсіп, көтеріп әкетіп бара жатады. Одан орман ішінде қалың ағаштардың арасынан бір жаман лашықты көріп соған бұрылады. Лашықтың терезесінен жарық көрініп, ішінен айқай-шу естіліп жатады. Аю оған: мұнда менің тамырым тұрады, соның үйіне кіріп жылынып ал деп лашыққа кіріп, Татьяны табалдырыққа қоя салады.
Татьяна есін жиып, жан-жағына қараса, есіктің ар жағынан айқай-шу мен жерлеу рәсіміндегідей стакан сыңғыры естіледі, Ол ақырын ғана есік саңылауынан сығалап қараса, неше түрлі құбыжықтар үстелді айнала қоршап отыр екен, дастархан жасаулы, төрде Онегин отырады. Татьяна енді қорқынышы басылып, ақырын ғана есік ашады. Онегин үстел басынан тұрып есікке қарай беттейді. Ол есікті итеріп ашады. Құбыжықтар қарқылдасып, Татьянаны саусақтарымен нұсқап, «менікі!» деп айқайласады. Евгений қаһарланып, «менікі!» деп ақырып еді, құбыжықтар ғайып болады. Қараңғылық орнайды.
Онегин Татьянаны бұрышта тұрған ақсақ орындыққа әкеп отырғызып, өзі оның иығына басын сүйеп отыра бергені сол, кенет Ольга, оның соңынан Ленский кіріп, жарық жанады. Онегин қолын сермеп, шақырылмаған қонақтарға ұрса бастайды. Керіс қыза түседі. Кенет Евгений ұзын пышақты суырып алады, Ленский жығылады. Жан түршігерлік айқай шығып, лашық шайқалып кетеді...
Татьяна шошып оянады. Қараса, бөлме жап-жарық. Есік ашылып, Ольга кіріп келеді. Жүзі бал-бұл жайнап, қане, түсіңде кімді көрдің? – дейді.
Ал Татьяна болса сіңлісіне назар аудармай, Мартин Задеканың түс жору кітабын ақтарып отырады. Көрген түсінен шошып, мағнасын іздейді, бірақ түк өнбейді.
Солайша ол бірнеше күн бойы алаңдап жүреді.
Міне, Татьяна күні болып, Лариндердің үйіне бүкіл көрші помещиктер бала-шағаларымен, күтушілерімен қонаққа келеді.
Кеш болып, қонақтар тамақтарын ішіп жатқан кезде есік айқара ашылып, Ленский мен Онегин кіріп келеді. Қонақтар сығылысып, арасынан орын беріп, екі досты Татьянаның қарсы алдына отырғызады. Татьяна қатты толқып, көзі жасқа толып, ақырын ғана тісінің арасынан бір-екі сөз айтып, тыныш қана үстел басында отырады. Жас бойжеткеннің бұл жан дірілін байқап қалған Онегин оған жылы шырай білдіріп, елжіреп көз тастайды.
Бізден басқа бөтен ешкім болмайды деген досының сөзіне сеніп қалған Онегин ыза болып, Ленскийдің қытығына тиіп, өш алмақ болады.
Тамақ соңынан үлкендер құрулы тұрған карта үстелдеріне жайғасып, бал басталып, жастар биге кіріседі.
Онегин іштей күліп, Ольганы биге шақырады. Би аяқталған соң оны орындығына отырғызып, әңгімелесіп, одан кейін екі минут өткен соң қайтадан Ольганы вальске шақырады. Жиналған жұрт аң-таң. Ленский болса өз көзіне өзі сенбейді. Одан мазурка басталады. Би кезінде қонақ Буянов Онегинге Ольга мен Татьянаны ертіп келеді. Онегин Ольгамен билеп кетеді, оған бір мадригалды сыбырлап, қолын қысса, Ольга масаттанып, беті албырап мәз болады. Ашуға булыққан Ленский мазурканың аяқталғанын тосып, Ольганы котильонға шақырады. Ол билеуден бас тартады, себебін сұраса, Онегинмен билеуге сөз берген көрінеді. Бұл соққыға шыдай алмаған Ленский атын әкелуге бұйырып, үйіне шауып кетеді. Екі пистолет пен екі оқ салынсын деп шешеді.
Романның алтыншы тарауында Онегин досынан өш алғанына сүйсініп отырады, бірақ Ленскийдің қайтып кеткенін көріп, қайтадан іші пысып, зерігеді. Ольга да есінеп, Ленскийді көзімен іздеп отырады. Котильон біткен соң кешкі ас ішіліп, қонақтарға төсек салына бастайды. Жалғыз Онегин ғана үйіне қайтады. Үйдегі адамдар шырт ұйқыға кетеді. Тек Татьяна ғана көз ілмей, Онегиннің өзіне елжіреп қарағанын, бірақ Ольгамен түсініксіз қарым-қатынасын ойлап, дал болып, әрі көңілін қызғаныш күйініші билейді.
Ленскийдің деревнясынан бес шақырымдай жерде Зарецкий деген помещик тұратын. Ол кезінде басбұзар сотқар, карта ойыншыларының атаманы, трактирлерден шықпайтын ішкіш, жүрген жері төбелес-жанжал болған, бүгінде сабасына түсіп, адал адам атанған. Достарын шағыстырып, атысуға жеткізіп, немесе татуласуға үндеп, үшеуі бірігіп тамақтанып, одан кейін бұларды жасырын түрде өтірікті үйіп-төгіп, мазақ қылып ұятқа қалдыратын адам болатын. Онегин оны сыйламаса да, онымен әңгімелескенді ұнататын еді. Сондықтан Онегин ертеңінде Зарецкий келгенде қуанып қарсы алады. Бірақ Зарецкий сәлемдескеннен кейін, басталған әңгімені үзіп, оған ақынның хатын тапсырады. Онегин терезе алдына барып, хатты оқып шығып, дуэльге шақырту екенін көріп, артық сөзге келмей, әрқашан әзірмін деп жауап береді. Зарецкий орнынан тұрып дереу кетіп қалады.
Евгений іштей өзіне-өзі қатты наразы болады. Өзін-өзі кіналайды, Ленскийдің нәзік маххаббатын тәлкекке айналдырғанына өкінеді. Онегин бұл албырт жасты жақсы көретіндіктен, оның жас жүрегін тыныштандыруым керек еді, өзімді парасатты адам ретінде көрсете алмадым, енді бәрі кеш, іс дуэль шебері Зарецкийдей өсекші адамның қолына түсті. Кері қайтсам, ақмақтардың сыбыры мен қарқылдаған күлкісіне душар болармын деп шешеді.
Бұл арада Ленский өз үйінде ыза кернеп жауап тосып отырады. Көршісі бұл оқиғаны қалжыңға айналдырып, атыстан бас тарта ма деп қауіптеніп отырады. Бірақ күмәні сейіліп, бұлар ертең күн шыққанша диірменге келіп, жекпе-жекке шығуы керек болады.
Әуелде алдамшы ғашығын жек көріп, қаны қайнаған Ленский ақыры қолды бір сілтеп, көршілеріне кетеді. Өзінше Ольганы келісімен таңдандырып, әрі Ольганы ұялтпақ болады. Бірақ күткендей болмайды. Оны көрген Ольга баспалдақтан қарғып түсіп, сіз кеше неге ерте кетіп қалдыңыз дейді. Ольганың жарқыраған жанарын көргенде Ленскийдің қызғанышы мен реніші бірден тарап сала береді. Ол өзінің әлі де сүйікті екеніне көзі жетіп, бақытқа бөленеді. Владимир кешегі оқиғаны Ольганың есіне түсіруге бата алмайды. Ішінен мен Ольганы ондай бұзық, ысылған адамнан құтқарайын, ол Ольганың жас жүрегін жараламасын, деп ойлап, бәрібір атысуға бел байлайды.
Әрине, егер ол Татьяна жүрегіндегі жараны білсе, немесе Татьяна Онегин мен Ленскийдің жекпе-жекке шығатынан білсе, онда Татьянаның махаббаты достарды қайта қосар ма еді, кім білсін. Бірақ бұл ғашықтықты ешкім де білмейтін, өйткені Онегин ешкімге ештеңе айтқан жоқ болатын, ал Татьяна іштей жапа шегуде еді. Ал Татьянаның күтушісі дым сезбеген еді дейді автор.
Сонымен Ленский кеш бойы не ойға шомып үнсіз қалады, не қайта көңілденеді, не қабағын түйіп, клавикордтан ыңғай аккордтарды алады, не Ольгаға тесіле қарап, мен шынымен бақыттымын ба деп сыбырлайды. Ақыры қайтатын уақыт болып, бойжеткенмен қоштасқан кезде көккірегі қарс айрылып, қатты қамығады. Себебін сұраған Ольгаға ештеңе демей, үйіне қайтады. Келген соң пистолеттерді қарап, жәшікке салып, шырақ жарығымен Шиллерді оқиды, одан Ольганы ойлап, кітапты жауып, қаламын қолына алып, өлең жазады, әрі жазғанын дауыстап оқып отырады.
Романның алтыншы тарауының ХХІ, ХХП шумақтары Ленскийдің жазған өлеңіне арналған.
Абай Ленскийдің жазған өлеңінен ХХІ шумақтың бастапқы төрт жолын, сондай-ақ ХХП шумақтың да бастапқы төрт жолын, барлығы сегіз жолын аударған да, «Ленский сөзінен» деп атаған. Аударма он бір буынды өлеңмен жазылған, мағынасы дәлме-дәл берілген.
Хош, сонымен Ленский таң алдында ғана ұйқыға шомған кезде көршісі Зарецкий оятады. Сағат алтыдан кетті, Онегин бізді тосып қалған шығар дейді. Бірақ ол қателескен еді. Өйткені Онегин ол кезде шырт ұйқыда болатын. Ақыры ол ұйқысынан оянып, асығыс киіне бастайды. Француз қызметшісі Гильоға өзімен бірге еруді, қару-жарақ салған жәшікті ала шығуды тапсырады. Сонымен бұлар жүрдек шанаға отырып, диірменге жетеді. Ол қызметшісіне Лепаж пистолеттерін алып жүруді, аттарды қос еменнің жанына апаруды бұйырады. Ленскийлер бұларды көптен тосып тұрған еді. Онегин кешіккеніне ғафу өтінеді. Зарецкий одан секундантыңыз қайда деп сұрайды. Мына тұрған досым Гильо белгісіз адам болса да, жақсы кісі дейді. Аулақта Зарецкий мен «жақсы кісі» дуэль шарттарын талқылап жатқанда, қарсыластар төмен қарап күтіп тұрады. Күні кеше ғана дәм-тұзы, ойлары мен пікірлерін бөліскен дос адамдар енді бүгін атысқалы тұр. Бұл бір қорқынышты түстей оқиға болды, әлде қолдарын қандамай, күлісіп, татуласып тараса қайтер еді? Бірақ бұлар екеуі де жалған намыстың құлы болып, атыспақшы. Сонымен Зарецкий 32 қадамды дәл өлшеп, достарды екі шетіне тұрғызып, әрқайсысы өз пистолетін қолына алады. "Енді қарама-қарсы жүріңіздер» - дейді Зарецкий. Содан олар алға 4 қадам жасайды. Евгений ақырын өз пистолетін көтере бастайды, енді бұлар тағы 5 қадам жасайды. Ленский сол көзін жұмып, көздей бергенде, Онегин атады... Ақын пистолеті қолынан түсіп кетіп, үнсіз кеудесін басып құлап түседі. Онегин денесі мұздап жас жігітке ұмтылады, бірақ ол кеудесінің астынан жараланған екен, жарасынан булы қан жылжып ағып жатады. Жүрегі қайғы мен өкінішке толған Евгений Ленскийге қарайды. «Өліп қалыпты» дейді көршісі. Онегин адамдарды шақырады. Зарецкий мәйітті шанаға салып, алып кетеді.
Ленский селоның сол жағында қос қарағай бірге өскен жерге жерленеді.
Осылайша алтыншы тарау Ленскийдің өлімімен аяқталады.
Романның жетінші тарауында Ленский қазасынан кейін Ольга қайғырып, Татьяна екеуі күнде Ленскийдің басына барып жүреді. Бірақ бұл көпке созылмайды. Біраздан кейін Ольга бір уланмен (офицер) танысып, соған тұрмысқа шығады. Көп ұзамай, улан Ольганы алып, өз полкына кетеді.
Онегин дуэльде досын өлтіріп алғаннан кейін сол арадан кетеді.
Татьяна Ольга кеткен соң қатты құлазиды, әрі сүйгені Онегинді қатты сағынып жүреді. Бірде Татьяна ой үстінде жүріп, Онегиннің үйінің жанынан шығады. Онегиннің үйін аралап, Байронның ілулі тұрған портретін көреді. Онегиннің оқып жүрген кітаптарын қарайды. Кілтші әйелден осында келіп, кітаптарды оқуға рұқсат алады. Оның кітаптарын оқып, тырнағымен белгілеген жерлерін қарап, Онегинді түсінуге тырысады.
Бұл арада оның үйіне көршісі келіп, Татьяна туралы шешесімен әңгімелеседі. Анасы Татьянаға қаншама адамдар құда түскенін, бірін де ұнатпағанын айтады. Көршісі оған Татьянаны Мәскеуге, ондағы қалыңдықтар жәрмеңкесіне апаруға кеңес береді. Қажет болса, қарызға ақша берейін дейді. Анасы қыста Мәскеуге баруды ұйғарады. Мәскеуде Татьянаға бір генерал құда түсіп, ол соған тұрмысқа шығады. Тарау сонымен аяқталады.
Романның сегізінші тарауында арада қаншама уақыттан кейін Петербургке оралып, сондағы жоғарғы ортаның раутында тұрған Онегинді көреміз. Досының өлімінен кейін қаншама жерлерді аралап, одан да жалыққан Онегин енді не қызметі жоқ, не әйелі жоқ, не айналысатын ісі жоқ, не алға қойған мақсаты жоқ, жиырма алты жасқа келіпті. Раутта бөгде адам сияқты тосырқап тұрады. Кенет жиылған жұрт қозғалысқа келіп, залда сыбырласқан дыбыстар естіліп, үй иесі әйелге бір байсалды, салмақты, салқын қанды ханым асықпай ғана жақындайды. Жанына маңызданған генерал келеді. Ханымдар оған жақындай түсіп, кемпірлер күлімсіреп, ер адамдар төмен иіліп, қыздар оның жанынан ақырын басып өтіседі. Ол сұлу да емес, бірақ сұлулар одан артық көрінбейді.
Онегин өз көзіне өзі сенбей, шынымен мынау Татьяна ма деп, лорнетін оған қайта-қайта бағыттап үңілумен болады. Жанына келген князьдан, ана испан елшісімен сөйлесіп тұрған ханым кім деп сұраса, ол оған, иә, сен көптен біздің ортада болған жоқсың ғой, жүр, таныстырайын дейді. Ол кім десе, ол менің зайыбым ғой деп жауап береді. Сен үйленіп пе едің, көп болды ма, десе, екі жылға тақау болды дейді. Кімге үйлендің? – Ларинаға. – Татьянаға ма? – Сен оны танушы ма ең? – Көршім ғой менің, - дейді ол. Князь оны әйеліне ертіп әкеп, оған Онегинді туысым, әрі досым деп таныстырады.
Онегин аң-таң. Бұрынғы Татьянаның ізі де жоқ. Одан тек сіз қай жақтан келдіңіз, біздің үй жақтан келдіңіз бе, деп қана сұрайды, болды.
Шынымен мен оңашада сабақ берген Татьяна осы ма? – деп қайран қалады.
Онегин терең ойға түсіп, рауттан үйге қайтады. Ертеңінде князь N кешке қонаққа шақырыпты. Ол қуанып, күнді батыра алмай, әрең шыдап, оның үйіне келеді. Татьяна жалғыз екен. Татьянаның мысы басып, Онегин аузына сөз түспей, абдырап, оның қойған сұрақтарына әрең-әрең жауап береді. Татьяна болса, бірқалыпты, еркін отырады. Бұл арада оның күйеуі келіп, өздерінің бұрынғы шақтағы әзілдерін, тентектіктерін еске түсіріседі. Олар күлісіп көңілді отырады. Басқа қонақтар келе бастайды. Астананың бетке шығар қаймағы жиылыпты.
Бірақ Онегин кезінде өзіне ғашық болған жас қызға емес, салқын қанды, жанды менсінбейтін, тәкапбар, патшалы Неваның еркесі княгиня болған Татьянаға ғашық болып қалады. Көлеңкедей соңынан қалмайды, оның иығына боасын (мех шарф) салса, не қолына қолы тиіп кетсе, өзін бақытты сезінеді. Ал Татьяна оған назар да аудармайды. Қонақта көрсе, екі-үш ауыз тілге келеді, кейде тіпті байқамай да қалады. Онегин болса жүдеп-жадай бастайды, жұрттың бәрі оған дәрігерге қарал деп кеңес берсе, дәрігерлер оған шипалы сулы жерлерге бар деп кеңес беріседі. Ол болса өлерге қалады, ал Татьянаның тіпті шаруасы да жоқ.
Ақырында ол Татьянаға хат жолдайды.
Абай бұл хатты «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» деген атпен еркін аударған.
Құп білемін, сізге жақпас
Ескі жара білтелеу, - деп басталатын бұл хатта Пушкиннің өзінде жоқ тың ойлар қосылған. Хатты Абай мейлінше сол кездегі қазақ халқының ұғымына сәйкестендірген.
Михрабым сен, бас ұрамын,
Тіл жете алмас ғұзіріме.
Жетпедім, не жасырамын,
Гауһарымның қадіріне...
Он сегіз мың бұл ғаламның
Бар тынысы күнде тұр.
Мен сықылды сорлы адамның
Ықтияры сенде тұр.
Сен бетіңді әрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр.
Жанды аларсың разы болсаң
Біздің орын – қара жер,- деп үзіледі Абайдың Онегині. Осыдан барып Абайдың «Онегиннің өлердегі сөзі» деп аталатын ғажайып үздік тың шығармасы туады.
Романға қайта оралайық. Сонымен Онегин хатына жауап тосады, жауап жоқ. Тағы да хаттар жолдайды. Бұларға да жауап болмайды. Онегин бір жиынға барғанда, Татьянаға қарсы жолығады. Оған қарамай, ызғар есіп, ашуын әрең басып тұрған, жаны ашымайтын ғашығын көріп, еш үміт жоғын көріп, Онегин үйіне қайтып кетеді. Қайтадан жоғарғы ортадан бас тартып, үйінен ешқайда шықпай, кітаптарды таңдамай, бірінен кейін бірін оқуға кіріседі. Бірақ көзі кітапта болғанмен, көңілі басқа жақта болып, не еріген қар үстінде қимылсыз жатқан досы елестейді, не дұшпандары көз алдына келеді, не болмаса терезенің алдында отырған ғашығы елестейді, әбден есінен адаса жаздайды.
Бұл арада қыс кетіп, көктемге ауады. Онегин шанасымен Нева бойымен зымырап отырып Татьянаның үйіне келеді. Кіреберісте жан жоқ... одан залға өтеді, онда да ешкім жоқ. Тағы бір бөлменің есігін ашса, княгиня жалғыз өзі, өңі құп-қу, бетін қолымен тіреп, көзінен жасы сорғалап, бір хатты оқып отыр екен.
Бұрынғы Танясы көзіне елестеп, аса қатты күйзеліспен әрі кеудесін кернеген өкінішпен Онегин Татьянаның аяғына жығылады. Бірталай уақыт үнсіздік орнап, ақырында Татьяна оған: жетер, орныңыздан тұрыңыз, менің сізбен ашық сөйлесуім керек. Есіңізде ме, біз бақшада аллеяда жолыққан кезде сіз маған «көңліңіздегі сабағыңызды айтып тынып» едіңіз ғой. Енді бүгін маған кезек келді. Мен қаладан жырақта, шөл даладай жерде жүргенімде, бұдан жас, будан жақсы кезімде сізге ұнамап едім, ал қазір неге менің соңымнан қалмай жүрсіз, бұл әлде мен жоғары ортада жүргендіктен және күйеуім шайқастарда ерлік жасап, сол үшін патша ордасы бізді құрметтейтіндіктен және менің бүгіндегі байлығымнан әрі ақсүйектер қатарында болғандығымнан ба? Мен масқара болып, жаман атаққа ілінсем, еріккен жұрт алдында бұл сізге ұпай әпере ме деп сұрайды. Мен осы сән-салтанат, байлықты деревнядағы ескі үйіме қуана-куана айырбастар едім. Сол кезде бақытым дәл алдымда, мүмкін болып еді. Анам жалбарынып өтінді, мен тұрмысқа шықтым, бәлкім, қателескен шығармын. Бірақ та мен күйеуге ұзатылдым, оған өле-өлгенше адал боламын деп шығып кетеді.
Евгений бұл соққыдан есеңгіреп тұрып қалады, бұл арада шпордың сылдыры естіліп, Татьянаның күйеуі кіріп келеді. Автор Евгенийді осындай ауыр күйде қалдырады.
Абай Татьянаның осы жауабын «Татьяна сөзі» деген атпен еркін аударған, қазақ қауымының ұғымына лайықтаған өзгерістері көп. Және Абайдың Татьянасы кешірімді, Онегинге өкпесін айтумен қатар, оны ақтайды да.
Сен шошыдың ғашығыңнан,
Өзге жұрттан қамшы жеп.
Мен де сорлы нәсібімнен,
Жатқа тидім «алшы» деп.
Жар табылмас сен секілді,
Мен де сендей сорлы зар.
Қол-аяғым берік бекілді,
Енді ненің орны бар? - дейді сорлы сұлу.
Сонымен қатар Абай Татьяна сөзіне ән шығарып, ол бүкіл қазақ даласына кең жайылады. Осылайша Татьяна мен Онегин бүкіл қазақ даласына қазақтың өзінің Қозы-Көрпеш - Баян сұлуындай әйгілі болды.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов Абайдың орысша азанамасын (некролог) жазғанда, өзінің 1899 жылы Қоқан болысында болған кезінде, Әділхан деген әнші скрипкамен сүйемелдеп, Татьяна сөзін бұларға орындап бергенін, олардың таңқалғанын, Әділхан өзін нұсқап, орыстың мендей ақыны Пушкин Татьяна сұлудың Онегин деген жігітке ғашық болғанын жырлаған деп түсіндіргенін жазады.
Қайтадан романға оралайық. Келесі тарау «Онегиннің саяхатынан үзінділер» деп аталады. Мұнда досының қазасынан кейін Онегиннің Ресейдің қаншама жерлерін аралап шыққаны сүреттеледі.
Романның соңғы, оныншы тарауында алғашқы 16 шумағының бастапқы жолдарының мәтіні мен ХҮ-ХП шумақтардың өңделмеген шимайжазбасы келтірілген. Онда декабристердің алғашқы құпия қоғамдары туралы айтылады.
Ұмытпасам, Пушкиннің досы, ақын, декабрист Якубовичтің естелігінде Пушкиннің өздеріне айтқаны бойынша, Онегин декабристер көтерілісіне қатысып, декабрист А.А.Бестужев-Марлинский сияқты, 20 жылға каторга жазасына кесіліп, одан Кавказда, қатардағы жауынгер қызметінде, шайқаста оққа ұшып қаза болады екен.
Зәки Ахметов ағамыз Пушкиннің қолжазбаларында «Зачем я пулей в грудь не ранен?» деген өлең бар, соны Онегиннің өлердегі сөзі деп пайымдауға болады дейді. Бірақ Абай Пушкин қолжазбаларымен таныс бола қоюы мүмкін емес, ол көпшілік кітапханаларда болатын шығармаларды оқыды ғой.
Сондықтан осы екі ұлы ақынның үндестігін, Зәки Ахметовтың сөзімен айтсақ, ұлыны ұлы ғана ұғынады деп тұжырымдаймыз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
- Пушкин А.С. Сочинения в трех томах. Т.2. Москва: Художественная литература, 1986.
- Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. ІІ-том, Аудармалар мен қара сөздер. Алматы: Жазушы, 1986.
- Бөкейханов Ә. Абай (Ибрагим) Құнанбаев. // «Абай» журналы, №2. 1992, 23-27-б.
- Ахметов З. Ұлыны ұлы ұғынады. //«Абай» журналы, №3. 1999, 23-27-б.
- Мырзахметов М. Билемесе бір кемел. «Абай» журналы, №2. 1992.
Зере Оразалина
журналист