АБАЙ ШАҢЫРАҒЫНА ХАЛЫҚ АҒЫЛҒАН КҮН

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Halyk Bank»-тің 95 жылдығына арналған «95 игі іс» жобасы аясында музейді тегін тамашалау шарасы ұйымдастырылды.

Музейдің жұмыс уақыты басталысымен ұлы ақын шаңырағына келушілер ағыла бастады. Алғашқы келушілер қатарында Семей маңындағы Бұлақ  аулының орта мектебінің оқушылары болды. Олардың жалғасында Семей өңірі мен қала мектептері ұлы  ақын әлеміне үңіліп, музей экспозициясын тегін тамашалауға мүмкіндік алды.

Мерекелік акция аясында келушілерге арнайы мәдени бағдарлама ұсынылды. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің директоры Б.Жүнісбеков аталған жобаның Абай мұрасын насихаттаудағы маңыздылығын тілге тиек етіп, Семей қаласы бойынша «Halyk Bank» басшысы С.Мұсахановаға алғыс білдіріп, Абайдың үш тілде шыққан өлеңдер жинағын табыс етті.  

Абай бейнесін сомдаған музейдің жетекші ғылыми қызметкері Қ.Сабырбай кемеңгер ақынның өлеңін оқыды және келушілермен бірге суретке түсті.

Шара аясында қазақ қолөнерінің киіз басу, ағаш өңдеу шеберлік сағаттары өткізілді. Сонымен бірге осы орталық әншілерінің орындауында Абайдың әні «Желсіз түнде жарық ай» шырқалып, халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты Б.Ахмер оқыған Абай, Шәкәрім өлеңдері  жиылған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Шараға қатысушы бүлдіршіндерге Абайдың туған жері, шығармашылығы, өміріне қатысты викториналық сұрақтар қойылды. Мектеп оқушылары Абай өлеңдерін жатқа оқып, көпшілікті ыстық ықыласқа бөледі.

Музей қонақтары Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (ақын бейнесінде Қ.Сабырбай) бейнесімен фотосуретке түсіп, «Ұлы даланың ұлы ақыны» фильмін тамашалады.

Қазақстанның дамуында, оның рухани нығаюында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үлкен маңызға ие. Бұл ұйымдастырылып отырған шара мәдени мұрамызбен танысуға, жас ұрпақ санасына ұлттық рухты ұялатуда үлкен бастама және басқа да қаржы ұйымдарына үлгі-өнеге.

Екі күнге жалғасқан мәдени-танымдық шараға екі мыңға жуық семейліктер мен қала қонақтары қатысып, Ұлы Абай рухына тағзым етті.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі