Лаура ҚАДЫРОВА: ШӘКӘРІМНІҢ ҮШІНШІ ФОТОСУРЕТІ

Еліміздің мәдени-рухани, тарихи мекені болған қазақ халқының біртуар ұлдары Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар дүниеге келген қасиетті Семей  тағы да бір қуанышқа кенелген болатын. Қазақ халқының біртуар азаматы, ақын, жазушы, ойшыл композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының 3-ші фотосуреті 2009 жылы кездейсоқ табылған болатын. Фотосуреттің табылуына себепші болған 887-ші қор, 1-ші тізім, 4-ші ісінде сақталған құжаттар болатын-ды. Бұл қор –  «ҚЖХК (КНЗ) Семей мелиорациялық экспедицияның жұмысы жөніндегі жылдық есебінің қосымшасы. Экспедицияның 1924-1925 ж.ж жылдық есебінен тіркелген фотосуреттері» деп аталған еді.

Қазақтың классик ақыны, ойшыл, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында сақталып келген фотосының табылуы – бүкіл республика жұртшылығын елең еткізер жаңалық болды. Осы уақытқа дейінгі көпшілікке екі фотосурет ғана мәлім болатын. Жаңадан табылған фотосурет Қазақ автономиялық социалистік кеңестік республикасы Жер халық комиссариаты Семей губерниялық жер басқармасының 1924-1925 жылдары арнайы ұйымдастырған экспедициясының атқарылған жұмыстар жөніндегі қорытынды есебі қосымшасындағы фотосуреттері ішінен шықты. Фотосурет табылған № 887-қор, 1-тізбе, 4-істің аталуы мынандай: «ҚЖХК (КНЗ) Семей  мелиорациялық экспедициясының жұмысы жөніндегі жылдық есебінің қосымшасы. Экспедицияның 1924-1925-жж. жылдық есебінен тіркелген фотосуреттер». Осы қосымшада тіркелген фотосуреттер тізбесінде №37 ретпен Шәкәрімнің бейнесі бар фото берілген. Онда былай деп жазылған: «[Фо]т. № 37. Хребет Чингиз. Верховья речек. На переднем плане каз. поэт и писатель Шакерим Кудайбердин».

Шәкәрімнің жаңадан табылған фотосуреті не себептен Семей губерниялық жер басқармасына қатысты істер ішінен шықты деген заңды сұрақ туындары сөзсіз. Осының себебін анықтау мақсатында аталған қордағы №№1-4 және 8-11-істер толығымен қаралып, ондағы құжаттарға талдау–сараптама жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде ақынның фотосуретіне қатысты мынандай тұжырымдарға келдік.

№887-қор істері 1957 жылдың 15 наурызында тексерістен өтті, 1965 жылғы 15 желтоқсанда және 1973 жылғы 18 маусымда архив қызметкерлері тарапынан мерзімдік тексерулерден өткізілген екен. Қор құрылғаннан бері, ондағы істермен ешбір ізденуші 2009 жылға дейін жұмыс істемеген.

Фотосуреттің қысқаша табылу тарихына тоқталсам. Осы жылы қаңтар айында мелиорация саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған семейлік азамат К. Шүлембаевтың естелік жазуына байланысты материалдар жинауға орай бірнеше күн осы қор істеріне тапсырыс береді. Аталмыш істегі фотоальбомның зақымдалғанын (бірнеше фотолардың орнынан жұлып алынғанын) ескертіп, К.Шүленбаев істі маған тапсырды.

Зерттеуші істі тапсырғаннан кейін құжаттарды қарап отырып Шәкәрім бабамыздың фотосына көзім түсті, бабамызды бірден таныдым, өз көзіме өзім сенбей астындағы жазуға үңілдім. Қатты толқып және қуанып, жаңалықты архив директоры Гүлнар Төлеуқызы Қасымоваға айттым. Осыған орай құжаттандыру орталығында Шәкәрімнің жаңадан табылған үшінші фотосымен қала жұртшылығын таныстыру рәсімі өткізілді. Бұл бейнесюжеттерді бүкіл республика телекөрермендері тамашалап көрді.

Енді осы тарихи фотосуретті бізге мұра етіп қалдырған экспедиция тарихына тоқталайын.  Қазақ Жер халық комиссариаты Семей губерниялық жер басқармасы Семей өңіріндегі суландыру каналдары мен су бөгендерін салу жұмыстарын кеңес өкіметі тұрақтанғаннан кейін, 1923 жылдан бастаған. Қазақ өлкесіндегі гидро-мелиорациялық бағыттағы жұмыстар Ресей патшалығы тұсында қоныстандыру саясатымен ұштастырылып жүргізілгенін білеміз. Қазақстан мен Сібірге европалық аймақтардан жер өңдеушілерді қоныстандыру, оларға соған орай шұрайлы жерлерді бөліп беру, тіпті шеткері таулы аймақтардағы жайлаулық жерлерді алып беру мәселелері патша заманында жүзеге асырыла бастаған. Кеңес өкіметі орнаған жылдарда гидро-мелиорациялық нысандағы жұмыстарды атқаруға қаржы бөлініп, елді мекендерді техникалық жарақтандыру ісі қолға алынады. Шыңғыстау ішіндегі Сарыкөл, оның күнгейіндегі Бақанас, Байқошқар бойында да ауылдық қоныстар 1940 жылдарға дейін болған. Сол маңдағы қазақ ауылдары да өздіктерінен сұраныс жазып, жаңа өкіметтен мелиорациялық серіктестіктер құруға көмектесуді сұраған.

Қазақ жер халық комиссариатының 1924 жылғы ұйғарымына сәйкес Семей мелиорациялық экспедициясы өлкедегі кешенді суландырудың бастама жұмыстарын 1924 жылдың қазан айынан 1925 жылдың қазанына дейін атқарады. Экспедицияның көрсетілген мерзім аралығындағы жұмыс бағыты мен атқарған істері туралы нақты мәліметтер № 887-қордың №2-ісінде баяндалған. Енді экспедиция есебіне сүйене отырып, Шәкәрім қажының фотосуреті тарихын баяндайық. 

Семей мелиорациялық экспедициясы Семей уезінің Досов (бұрынғы Шыңғыстау) болысына қарасты Бақанас пен Байқошқар өзендерінің бойындағы және Шыңғыстаудың күнгей жақ беткейіндегі атқарылатын жұмыс мақсаттарын былай деп жоспарлаған: 1. Бұрынғы суландыру каналдары мен айналма су жолдарын қалпына келтіруде жергілікті тұрғындарға көмек көрсету; 2. Мелиорациялық серіктестіктер құруға көмек көрсету; 3. Болашақта салынатын суландыру құрылыстары жүргізілетін жерлерді анықтау.

Міне, осы мақсаттарды жүзеге асыруға арнайы құрылған экспедициялық жасақ құрамы: 1. Самохвалов Андрей Максимович – экспедиция бастығы, мамандығы гидротехник, 1907 жылдан бастап мелиорация жұмыстарымен шұғылданған. 2. Смысловский Николай Павлович – экспедиция жетекшісі, гидротехник. 3. Овечкин Александр Иванович – экспедиция технигі, гидротехник. 4. Бочкарев Виктор Петрович – жер өлшеуші, топограф, десятник. Экспедиция жұмысы басталмас бұрын В.П. Бочкарев жалпы жұмыстың жобалық жоспарын жасаған. Мерзімі: 6 қазан 1924 жыл – 15 қаңтар 1925 жыл.

Экспедиция жұмысының бас жоспары Семей губерниялық жер басқармасы тарапынан жасалынып, губерниялық жерге орналастыру кеңесі және губерниялық жоспарлау комиссиясы тарапынан 1925 жылдың 19 мамырында № 43-хаттамамен бекітілген. Аталған экспедиция техникалық жоспарларды сызып даярлау жұмысы сәуір айында алдын-ала басталған секілді, ал негізгі жұмыстар мамыр айының 15-нен басталып, маусым айының 20-на дейін созылған. Экспедицияның жұмыс істеген территориясы Семей уезі Досов болысына қарасты №5-ші ауыл деп көрсетілген. 5-ауыл 60-тан астам отбасы үйден тұратын Байқошқар елді мекені болатын. Экспедицияның қорытынды есебінде Байқошқар елді мекенінде құрылған «Үміт» мелиорациялық серіктестігінің құрылу тарихы және ондағы жүргізілген жұмыстар, яғни суландыру каналдарын іске қосу жоспары баяндалады. Байқошқар өңіріндегі   жер-су тарихын, халықтың тұрмысын, егіншілікке бейімделген ауылдың жағдай-жапсарын жетік білетін адамдармен экспедиция мүшелері әрдайым байланыста болған.

Ең алдымен экспедиция ақыл-кеңес сұраған адам орыс тіліне жүйрік, жаңалыққа жаны үйір Шәкәрім болғаны сөзсіз. Шәкәрім тұлғасы экспедиция мүшелерін аса ынтықтырған болу керек, Бақанас, Байқошқар өзендері бойларын және Шыңғыстаудың шығыс қабырға беткейлерін аралауда үнемі бірге ертіп жүрген. Сондықтан да, жергілікті тұрғындардың ішінен Шәкәрімнің бейнесін ғана жеке даралап, Шыңғыстаудың әсем де көрікті тау шатқалы көрінісінде фотоға түсірген. Шыңғыстаудың күнгей жағындағы тау шатқалдарын көрсету-аралату, олардағы табиғи бұлақ көздерін, сай-шатқалдарды қуалай ағатын ағысты тау өзендерін пайдалану жөнінде Шәкәрім қажы экспедицияға мол мағлұмат берген. Өйткені, Шәкәрім бейнеленген фотаға былай деп түсініктеме берілген: «В будущем 1925/26 году предположено откомандировать одного техника на 2-3 месяца в район Чингизского хребта для оказания населению технической помощи по организации здесь мелиоративных товариществ, по проведению соответствующих изысканий, составлению проектов и выполнению строительных работ. Но все это возможно при условий отпуска на строительные работы мелиоративной ссуды. Фотогр. № 37 дает понятие о верховьях речек и ключей».

Экспедицияның Шәкәріммен танысуына және олардың бірлесе қызмет қылуына себепкер болғандар Байқошқар елді мекенінің тұрғындары Кәрімқұл Иса мен Қабдыжалел Шаймардановтар болса керек. Өйткені, экспедиция есебінде осы кісілердің басшылығымен мелиорациялық жұмыстар атқарылғаны айтылған.

Оны айту себебіміз, Шәкәрімұлы Ахат ақсақал әкесі туралы естелігінде Шәкәрім қажының 1912 жылы «Кең қоныс» деген жайлауда қора салдырып, жылма-жыл қыстайтынын жазған болатын. Бұл қонысы 1924 жылы орыс шаруаларына телінген жер қорына енгізілгендіктен 1925 жылы Шақпақтың күнгей бетінен, Байқошқардан 14-15 шақырым жерден қысы-жазы отыратын жаңа қонысын салдыртқан. Бұл қоныс әйгілі –  «Саят қора». Ахат ақсақал естелігінде Шәкәрім қажының Байқошқардың тұрғыны Кәрімқұлдың үйіне тоқтап, ауыл адамдарын жинап, әңгіме айтып, өлеңдерін оқитындығын жазған. Міне, осы Ахат естелігіндегі Кәрімқұл экспедиция есебінде көрсетілетін Кәрімқұл Иса болып табылады.

Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің мүшесі, Толстойды пір тұтқан, Алашорда тұсында Земство депутаты және қазақ сотының мүшесі болған Шәкәрім қажы бұл экспедицияға дейін де және кейін де талай ғалымдармен кездескен.

Шәкәрім Құдайбердіұлы бірнеше зерттеуші, этнограф ғалымдармен таныс болған деседі. Сондықтан да Шәкәрім қажының мелиорациялық экспедиция мүшелерімен қарым-қатынаста болуы, халықтың қамын ойлаған және жарқын болашағына жол ашатын істерге бастама көрсетуі заңды құбылыс-тын.

Шәкәрім қажының үшінші фотосуретінің табылу тарихы, міне осындай.

Лаура ҚАДЫРОВА,

Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы

 КММ ҒАА және ҚП бөлімінің меңгерушісі.