ЖАРҚЫН БЕЙНЕ: Қ. МҰХАМЕДХАНОВ

Қазақтың көрнекті ғалымы, абайтанушы, ақын, драматург, аудармашы,  ҚазССР-нің тұңғыш Гимнінің авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, алаш алыптарының соңғы тұяғы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 102 жыл.

Қазақ руханиятының қайнар көзіндей төл әдебиетіміздің аса көрнекті қайраткерлерінің бірегейі Қайым Мұхамедхановтың есімі халқына етене таныс. Тумысынан асқан дарынды, зор қабілетті, биік мәдениетті, сұңқар табиғатты текті тұлғаның соңынан қалған қазына да қомақты. 

Қайым Мұхамедханов – қазақ әдебиетінің абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы және Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушылардың бірі, әрі жарыққа шығарушы, мұхтартанушы ғалым. Сондай-ақ, Қ.Мұхамедхановтың әдебиеттану саласындағы көптеген мақалалары қазақ әдебиетіндегі жаңа белесті айқындап, қазақ әдебиеті даму бағыттарын белгіледі. Ғалымның ғылыми еңбектерімен қатар ақындық, жазушы-драматургтық, аудармашылық таланты да ерекше көзге түседі. Сонымен, ақын, аудармашы, қазақ әдебиеті тарихы мен теориясын терең білетін ғалым, Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылықтарының білгір – маманы, бір сөзбен айтсақ нағыз энциклопедист Қайым Мұхамедхановтың өз шығармашылық белестерінің бастауы Мұхтар Әуезовтің қолдауымен болғаны белгілі. 

Қайым (Ғабдулқайым) Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Ертіс өзенінің сол жақ жағалауындағы «Заречная Слободка» (қазіргі Жаңасемейде)  дүниеге келеді. Ертістің бұл жағалауы Алаш қаласы атанған.  Алашқа астана болған Семей қаласында Қ.Мұхамедхановтың балалық, жігіттік шағы өтті.

   Қайым Мұхамедханов бала кезінен қазақтың біртуар азаматтарының тәрбиесін көріп өсті. Мәдениетті, салауатты, өнегелі жанұяда тәлім алды. Әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы баласының дархан көңіл, парасатты болып өсуіне зор ықпал жасады. Бұл турасында Қ.Мұхамедханов былай дейді: «Әкем Уақ руынан, көзі ашық, көңілі ояу, мұсылманша да, орысша да сауатты, қолы ашық, кең пейілді момын адам болыпты. Ертеден ұлы Абай төңірегімен аралас, құралас болған. Алаш арыстары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Тынышпаев, М.Әуезовтермен де қоян-қолтық араласатын. Мұхамедхан Сейітқұлұлының шаңырағы алаш қайраткерлерінің жиі бас қосып, сұхбат құрып кеңесетін ордасы, елдің танымал ақын-әншілерінің сағаттап отырып ән мен жырға толтырған өнер базары болған еді. Халқымыздың зиялылары бас қосып кеңескен әңгіме-дүкен бала Қайым зердесінде жатталып, көкірегінде шежіредей қатталып, кемелдікке жетеледі. Қайым Мұхамедхановтың рухани қалыптасуына осынау зиялы ортаның, әке тәрбиесінің ықпалы орасан болды.

Алаш ардақтыларының жыр, толғаулары болашақ ақынның бесік жырына айналған. Кейінде Қазақ ССР-нің тұңғыш Гимнінің авторы атанды.

Әнұранның мазмұндық тақырыбы кеңестік идеологиямен сарындас болса да, тұтас бір ұлттың тәуелсіздікке құштар болмысын ұран етті. 

          Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,

          Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан

- деп басталатын жолдар еркіндік пен бостандық үшін жанқияр ерлікке әрқашан әзір қайсар жұрттың мінезін танытады. Кеңестік саясаттың үкімімен Әнұран мәтінінің авторлық ұжымы қатарына Ғ.Мүсірепов пен Ә.Тәжібаев есімдері енгізілді. Тек еліміз егемендігін алған  шақта Қ.Мұхамедханов тарихи әділетке қол жеткізді. Жеке мұрағатында сақтаулы қолжазбасы негізінде авторлық құқын қорғап шықты.

 Ал, қазақ халқы егемендік алып, өзінің мемлекеттік тұғырнамасын айқындаған тұста Қайым ақын былай жырлайды:

                                    Қазағым жарыста

                                    Самғаған ғарышқа

                                    Бостандық, береке ұраны

                                    Тайсалма, тартынба,

                                    Құлашта, жарқылда,

                                    Алаштың ұланы –

Бұл өлең жолдары Сұлтанмахмұттар бастаған алаш әнұраны рухымен жазылып, алаш үнін жеткізді.

 Қ.Мұхамедханов қазақ ғылымы мен өміріне қосқан айтулы үлесінің бастысы Хәкім Абай мен оның ақын шәкірттерін зерттеумен байланысты. Барлық саналы өмірін Абайды зерттеуге арнаған ғалымның опа таппаған кездері де болды. Абай үшін отқа түсті, сотталды, халық жауы атанды. Қайсар жан ұстанған жолынан қайтпады: қорлықты да, зорлықты да бастан кешірді.

Туған ел, алтын бесік, ұшқан ұям,

Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям.

Тарта гөр Семейімнің топырағы,

Төстіктей жеріңе мен еркін сыям.

Бұл – ұлтшыл деген жалған жалаға тап болып, Карлагтың қаншеңгел тырнағына ілінген, тордағы бұлбұлдай аянышты халді басынан кешірген ақын өмірінің аса бір ауыр шағын көз алдымызға елестететін шумақ.

Түрме түнегінен босай сала Қайым аға тіке туған жері – Семейіне қайта оралды. Қызу еңбекке араласты. Адалдығын, шындықтан ауытқымайтындығын дәлелдеп берді. Ұстаздық, өнімді ғылыми шығармашылық істер атқарды.  

 Ғалымның еңбек жолы Абайдың әдеби-мемориалдық музейімен тығыз байланыста дамыды. М.Әуезовтің тікелей араласуымен ашылған мұражайдың ұйымдастырылу, қалыптасу ісіне Абайдың өз тәрбиесінде болған немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов пен Қайым Мұхамедханов белсене араласады. 1947 жылы республикамыздағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музейді басқаруда Қ.Мұхамедханов шебер ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Бүгінде мемлекеттік мәртебедегі қорық-мұражайға айналған қасиетті қара шаңырақта Қ.Мұхамедханов экспонаттар мен ұлы ақын жайындағы естеліктер, қолжазбалардың жиналуына мол еңбек сіңірді.

Іргесін қалап, ісін жалғастырған, жүйелеген Абайдың әдеби- мемориалдық қорық-мұражайы республикамыздағы ең бай мұражайға айналу тарихында Қайым Мұхамедхановтың есімі мен ісі елеулі. Мұражайдағы ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды заттар, қолжазбалар мен құжаттарды жинастырудың маңызды бөлігі Қ.Мұхамедхановтың үлесіне тиесілі. Осы әдеби-мемориалдық қорық-мұражайды абайтану саласының ғылыми орталығына айналдыру Қ.Мұхамедхановтың табандылығымен жүзеге асты.

Қ.Мұхамедханов Абай музейі қорының негізін қалыптастырды. Абай Құнанбайұлына қатысты құнды жәдігерлерді іздеп, оларды музейге қабылдауда Қайым Мұхамедханов қажырлы еңбек етіп, өлшеусіз үлес қосқаны белгілі. Бүгінгі таңда ұлы ақын бейнесін сақтап, бүгінгі күнге жеткізіп отырған екі фотосурет бар екені белгілі. Сол суреттердің бірі, Семей қаласындағы М.Кузнецовтің фотоательесінде 1896 жылы ұлдары Ақылбай мен Турағұлмен түскен фотосуретті музей қорына Қ.Мұхамедханов 1941 жылы 6 ақпанда қабылдаған екен.

Сонымен бірге музейдің жәдігерлер түсімін тіркейтін кітапта 1977 жылы маусым айында жасалған жазбаға сәйкес Қ.Мұхамедханов өзінің қолында сақталған сирек кездесетін ХІХ ғасырда жарық көрген кітаптарын музей қорына тапсырған екен. «Тәржіман» газетінің түптемелері, Қазан қаласында жарық көрген «Қисса сул Әнбия» «Қисса Таһир-Зухра», Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет», «Бақырғани»  сынды бірегей басылымдарды, библиографиялық құндылықтар қатарындағы өз еңбегі «Поэты Абаевской поры» (ғылыми дәреже алу үшін диссертация авторефераты, 1959 ж.) өткізген.

 Осындай құнды жәдігерлерімен бірге Қ.Мұхамедханов өзінің мақалаларының, ғылыми еңбектерінің қолжазбаларын да музей қорына әр жылдары тапсырған. Қазіргі күні бұл жазбалар да аса қызықты дерек көзі, құнды жәдігерлер қатарынан.

Ұлы ақынның Юнеско көлемінде тойланған 150 жылдық мерейтойы қарсаңында абайтану саласында көптеген ғылыми жұмыстар атқарылды. Абай мұрасы жан-жақты кешенді түрде қарастырылды. Осындай бағытта жарық көрген еңбектердің ішіндегі маңызды басылым – Абай шығармаларының екі томдық академиялық жинағы. Аталған қос томдықты және «Абай» энциклопедиясын шығарушылар алқасына кеңес беру, редакциялық  басқару мақсатында Қ.Мұхамедханов арнайы Алматы қаласына шақырылды.

Ғалым Қ.Мұхамедхановтың ұлы ақын мұрасын жинастыру, канондық мәтінін түзу әрі Абайдың әдеби мектебін негіздеу жолында атқарған еңбектері абайтану ғылымында зор бағаға ие болды. 1995 жылы халықаралық Абай академиясы Президиумының шешімімен «Алтын медальмен» марапатталып, 1996 жылы ҚР Мемлекеттік және Қазақстан Жазушылар Одағының Абай атындағы халықаралық сыйлығы берілді.

Абайтану әлеміне ғұмырын арнаған, қандай қиындық көрсе де ұлы тұлғаға деген перзенттік, азаматтық сүйіспеншілігіне сызат түсірмей, «тәңірім» деп табынған ғұлама ғалым – Қайым Мұхамедхановтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Өмірінің соңғы сәтіне дейін әдебиеттану ғылымына шексіз адал болды. Жүздеген әдеби-ғылыми еңбек пен бірнеше кітаптың авторы «Маған ең қымбаты – Абай өлеңдерінің текстологиясы» деген өз шығармашылығы жайлы. Иә, бұл Ұстазға ғана емес, Абайдай тұлғаны тану үшін иісі қазаққа қымбат көнермейтін, мәңгілік мұра.

Г.БЕЙСЕМБИНОВА,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері