Болат ЖҮНІСБЕКОВ: ҚҰНАНБАЙ ЖӘНЕ ҚАЛАМГЕР ҚҰПИЯСЫ

Ұлы даланы дана ой, дара өнерімен оятқан және адамды, әсіресе туған қазағын ерекше сүйіп, оның бақыты жолында арпалысқан тағдыр иесін жаратушының елшісі – Пайғамбарға теңесе лайық! Сондықтан, жүрегіне Алланы қондырып, жаратқанның пендесі – «Адамды сүю... жүрек ісі!» деп өткен халқымыздың ғұлама ақынын әрі парасатты перзентін тек поэзия аспанында ғана тану мен табыну мүлде аз.

Ибраһим Құнанбаев!

Ол – өмірге деген сүйіспеншілік пен адамгершіліктің мәңгілік Темірқазығы.Тірлікті талай жыр сүлейі тамсана жырласа да қазақ өлеңінің кәусар қайнары –  Абай поэзиясы.

 Біртуар!        

Қазіргі көптуарлар осы сөздің де қадірін қашырды-ау! Абай шын мәнінде заманынан оза туып, «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» данышпан. Оның өмірі мен өнерінің, әлбетте бір немесе бірнеше зерттеушінің, яки суреткердің, тіпті қанша ғұлама десек те, меншікті «өрісі» емесі түсінікті. Ұлы ақын мен оның ақындық мектебі туралы талай жазылды және алты алаш аман болса, бұл талап пен талғамның алтын желісі үзілмек емес. Алайда, соның ең озық дегенінің өзі Әуезовтің Абайының «шапанына астар» болмайды. Нашарлығынан емес,  жаңаның бір-ақ  рет жария болатын қасиетінен, сірә. Кейінгі небір терең ізденістердің кемеңгер ғалым еңбегі мен оның  жауһар романын  елге  сан қырынан түсіндіру міндетінен аса алмайтыны да содан. Ал, сол асыл мұраның бір арнасы – Құнанбай тақырыбы. Осы орайда  кейбіреудің «Абай жолында» адасып, романда бардың өзін аңдамай, жаңалық ашқысы келуі – жаңағы шапанға көрсеқызардың салған ою-өрнегіндей олақ талап, оғаш қылық.

 

«Әуезов айта алмай кеткен…»

«Абай жолы».

Ол санасы сәулелі жан үшін қай заманда да төл әдебиетіміз бен өнеріміздің асыл қазынасы. Әрине, кезіндегі «Көзге сеніп, ойға сенбей; Жанды жоқ деп қаңғырған» (Шәкәрім) кеңестік «жаңа адамдар» үшін Құнанбай «қатыгез әрі әділетсіз алпауыт, кедей-кепшіктің тап жауы». Атақты эпопеядағы  жағымсыз тұлғалардың басы да, әрине мәңгүрттер үшін, Құнанбай.  Ендеше, өзіңіз күні кеше, кеңестер тұсында табысқан «Абай жолын» егемен елдің азаматы ретінде тағы бір оқып көріңізші... еркін сана енді оны мүлде басқа көзбен танып, жаңашы зерделейді. Еріксіз таң қаласыз... кітап баяғы сол кітап, сонда өзгергені не? Дұрысы кім?.. адам, әрине. «Абай жолы сол еркін адамға, көкірегі ояу оқырманға арналған болатын. Әуезов қаламының құпиясы да, міне осында! Шынында да тәуелсіз заманда тамаша шығарманы қолымызға қайта алып, «Абай жолымен» тағы бір жүріп өтпесек, коммунистік насихатпен уланған қалпымызда қала бермекпіз. Бірақ, сол бір «мылқау» қоғамда да «қызыл қыспақтағы» суреткер трагедиясы мен оның шығармашылық құпиясын ұққан еркін санаға Әуезов ақиқаты қапастағы шамшырақтай еді. 

Еркін сана.

Егемендік ел санасын тұманнан сейілтіп, көзін шырадай жақты. «Абай жолына» тағы бір мұқият  зер салсаңыз, «коммунистік цензураға» оның қалаған көзілдірігін кигізе отырып, Құнанбай бейнесінің хас шеберлікпен сомдалғанына қайран қаласыз. Үмітті перзенті Абай  әкесіне «жұмбақ жан» деп таңданып, оны  «қабат-қабат шыңға» теңесе, ел жақсысының «мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше, не көкіп алысып жүрміз онымен?» деген мойындауының өзі неге тұрады!

Құнанбай.

Жұртшылық, әсіресе қаламгер қауым оның тұлғасына соншалықты неге құмар!? «Көркем образ тарихи шындықтан алшақ... Әуезов айта алмай кеткен...» деген сөздерді еш түсінбейміз.  Роман кейіпкеріне құлдың мүләйім көзімен қарамай, немесе  «ата намысын» жыртқан «әке ұлдарының» дабырасын құлаққа ілмей, исі қазақтың біртуар ұлымен «Абай жолында» шын серіктес боп, сұхбат құрсаңыз, ондай алыпқашты сөздің жаңсақ екеніне күмәніңіз қалмайды.

Әуезовке, асылы адвокаттың қажет емесі секілді, оның Құнанбайы да ешқандай қорғаушыға  кіріптар емес. Айталық, кезінде зұлымдық пен залымдықтың дәлеліндей дабырайтқан Қодар мен Қамқаға қатысты байлаудың жалғыз Құнанбайдың емес, Тобықтының игі жақсысының, оның ішінде Бөкенші мен Борсақтың ел ағаларының шешімі екенін романнан жақсы білеміз. Тіпті, жазушының аталмыш оқиғаның болған-болмағанын  ашып айтпай, екіұшты қалдырып, әділетке  қиянат жасамайтыны мәлім. Сол сияқты немересі Әмірдің ел арасын бұзып, дұшпандық өртін өршітетін «мәжнүн» әрекетіне Құнанбай қажының қатал жазасын да түсінуге әбден болады.

Амал қайсы?!

«Қызыл» империя қолжаулықтарының «жұмбақ кітаптан» өздеріне керек «қатыгездік дерегін» дереу сүзіп алып, тап күресінің тамаша мысалы ретінде желпілдетіп ала жөнелгені де шындық. Эпопеядағы бір немесе бірнеше эпизодты баяғы «соцреализм» немесе «таптық көзқарас» тұрғысынан қабылдап, дұрыс түйсінбеудің салдарынан қайраткер келбетінің кейбіреуге «тарихи шындықтан алшақ» көрінуі де мүмкін. Олар, тіпті өздері мойындаған көркем бейнемен де белдесуден дәмелі. Алайда, Әуезов «шындықты айта алмай кетті» деген пікірдің ағаттық екені анық. Туған елінің бодандағы бейшара хәліне «алдыңғы ата бізден бақытты да» деп күйзелетін Құнанбай романда қатыгез емес – қатал, жалтақ емес – әділ, жалаң жанашыр емес, шапағаты бір басына жетерлік Елағасы ретінде танылады.

«Айтылмаған ақиқат».

 Туған еліміз бостандыққа жеткелі Құнанбай туралы аз жазылып жатқан жоқ. Бірақ, кейбіреудің «Абай жолында» айтылмаған-мыс ақиқаттың орнын толтыруға талпынуы – бос әурешілік. Әуезовтің Құнанбайы, тағы да қайталаймыз, ешқандай қорғауды қажетсінбейтін, қанша заман өтсе де оқырманын тәнті ететін қайталанбас тұлға. Өйткені, Әуезов әлемінің бір шыңы – Құнанбай бейнесі. Алайда, жалаң ұран  жалаңдаған кеңестік  кезеңде  қаламгер құпиясын түсінбеудің салдарынан аға сұлтанның тұлғасына қатысты қайшылықты пікірлер қалыптасты. Тіпті,  баяғыда өткен оқиғаны өздері тап бір басы-қасында  болғандай куәлік ететіндер табылуда. Шындығында, Әуезовке дейін Құнанбай туралы білетініміз ескі көздерден жеткендер немесе  Янушкевич секілді саяхатшы-ғалымдар жазып қалдырғандар  ғана болатын.  

Бір ғасыр бұрын.

Осыдан жүз жылға жуық уақыт бұрын  Мұхтар Омарханұлының төл туындысына материал жинауда «қажетті уақытты өткізіп алып, бармағын шайнағандай хәлі» баршаға белгілі. Абайдың көзін көрген замандастары бұл кезде дүниеден өтіп кеткен, немесе қартайыңқырап қалған, ал кейінгі ұрпақ ақынның жастық шағына куәлік ете алмайтын. Ендеше, сол Көкбай мен Тұрағұлдар заманынан  әлдеқайда қалыс өзгемізге «тарихи шындық» деп, жар салудың қисыны қайсы?!

Ой таластырмас шың!

Ұлы суреткердің жауһар шығармасындағы Құнанбай бейнесі тәуелсіздік санамызды жаңғыртқан  заманда табиғи болмысымен танылуда... «Абай жолы» да тәуелсіздікке бізбен бірге зарыққандай. Кешегі «қызыл» диктатура тұсында романдағы Құнанбайға теріс айналған, ал енді тәуелсіз сана ашқан қаламгер құпиясының  үстінен түсіп, суреткер шеберлігіне жүрегі лүпілдеген оқырман үшін бұл бір ерекше хәл! Олай болса,  «Абай жолына» тағы бір зер сала үңіліп, бодандықтан бұлдыраған зердемізді қайта жаңғыртып көрелік.

 

Құнанбай: «...не күтсеңдер де осы жаман қарадан

күтсеңдерші»

 Әуезов сомдаған Құнанбай  дала дәстүрін берік ұстанып, өз қоластындағы ел қамын  «қалт етпей күзеткен» қайраткер. Өзге балаларынан артық санаған перзенті  Ибраһимге деген оның әкелік сүйіспеншілігін романнан көрмеу, міне тарихи шындыққа осы қиянат. Кітаптың өзіне жүгінейік: «Абай жалт қарап барып жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар –  әкесі Құнанбай тұр екен... Бірақ өңі сұп-сұр, зор денелі, бурыл сақалды Құнанбайдың жалғыз көзі бұларда емес. Батыс жақтан 4-5 атты жолаушы келеді екен... Үшеуі бірдей жамырай сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:

- Балам, бойың өсіп, ер жетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп білімің де өсті ме? – деді...

Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын баққан кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баласының сондай сезгіштігін өзге балаларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен:

- Шүкірлік, әке, - деп біраз тұрды да, - ат барған соң, дәріс тәмам болмаса да, қазіреттің рұқсатын, фатихасын алып қайттым, - деді...

 Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Абайдың әкесіндегі тартымды салқындық шешесіне де көптен бергі мінез болған (М. Әуезов, «Абай жолы», «Жазушы» баспасы, 2013, 1- кітап, 9,10,11-беттер).

«...Мұның бәрі қиялап айтқан Құнанбайдың қошеметі.

Үндемей түйіліп, сұп-сұр боп отырған Құнанбай ол сөздерге көп шіміркенген жоқ. Қайта, теріс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап:

 - Одан да, не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші! – деді...» (сонда, 1-кітап, 15-бет).

«... Абай енді байқады, әкесі сөзін аяқтап келеді екен.

- Қодар сұмның қылығы сырт елдің алдында менің бетіме салық болса, осы елге, өз келеңе келгенде, осы отырған бәрімізге салық. Мынау отырған сендерге салық!.. Ендеше, өлімнен ұят күшті. Ел көрмеген сұмдыққа, ел көрмеген жаза керек! – деп Құнанбай байлауын айтты. Қайта босар түрі жоқ. Тас түйін боп бекініп, түйіліп алған көрінді.

Отырғандар осы күйді танып қалды. Құнанбайдың бұлай беттеп алғанда қайта оралар қайырымы жоқ, оны бәрі біледі...

  Бәрі де тіреліп қалды. Ат тұмсығы бір бітеу, меңіреу қабырғаға тірелген сияқты. Жалтара  алмады да, үндеспеді... Тағы да шапшаң Қаратай:

- Ал шариғат бұл Қодар қылығына не бұйырады екен, - деді.

Құнанбай бағанадан төмен отырған жорға Жұмабайды енді ғана еске алғандай бұрыла қарады.

- Мына Жұмабай қалаға барып, Ахмет Риза хазіреттен , фатуа сұрап келді. Жазасы дарға асу депті.

- Дарға? – деп Қаратай үркіп қалды...

  «Тергеп алып, білгеніңді қыл» дегенді, аяқтап келгенде әрқайсысы да бір-бір қайырған-ды...

Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерінің қатарынан озғындап кетті. Онда әкімдік бар. Сыртқа  да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрі қолы ұзын, малды. Сөзге жүйрік, мінез бенен іске де алғыр. Осының бәрі, өз ортасын бойымен басып, жыға беруге себеп болатын (сонда, 1-кітап, 19,21,22 беттер).

«...Жүрісте, отырыста Құнанбай әлі тіп-тік. Қазіргі бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын қинап, алаң еткен кісі емес... Құнанбай олардың жүздерін шолып өткенде, тағы да Мәкіш жүзіндей жасыған уайым көрді, түсінді. Бірақ әншейіндегі дағдысынан өз бойын тежеп, жиып алды, ашуланған жоқ. Бір Тобықты емес, бір ғана қала адамдары емес, тіпті барлық өр мен ылди дейтін сыбайлас елдердің бәрінің де басты адамдары кеп, бір жұмадан бері Құнанбаймен қоштасып, оң сапар тілеп, қамалып жүрген. Шендес, сырлас жақындардың, қарт замандас достардың бір алуаны «жарықтығым, асылым, құт берекем» деп кеп арыздасып, қоштаса да сөйлеген-ді.

Бұл жолға Құнанбай бір жыл бұрын бекінген болатын... Жолына қаншалық пұл керегін білсе де, Құнанбай сол керек деген мөлшерден төрт-бес еседей артық пұл алып барады. Барған соң, тәуір ниетпен татымды боп бармақ... Құнанбай өмір бойы сараңдықтың құлы болған кісі емес. Бірақ ашылып-шашылғыш та емес. Парықсыз болмайын дейтін. Қарқаралыда қазақ салмаған мешіт салғызу сияқты іс болса, оған ақтарылып түсетін. Мына сапарда да сондай бір нәрсеге бекінген сияқты. Бірақ не істемегін, тіпті қатын-балаға да айтқан жоқ. Барып орындап қайтса, сонда білдіреді (сонда, 2- кітап, 8-бет).

« ...Құнанбай кеудесін көтеріңкіреп, қарсы алдына жалғыз көзін салмақпен қадай отырып, сөйлеп кетті: -  Сендер мені осы сапарға қимайтын сияқтанасыңдар. «Қартайған шағында қайда шырқап барады, қайта оралып көрмейміз-ау, кеткені-ау» деп есіркеп қарайсыңдар...  Осыларың мынау жолға мені қимау емес,  маған осы жолды қимау болады. Бір шақтар болмап па еді, мен онда да қылшылдаған жас емес ем, осы отырған бәрлерің мені тағы бір бұдан жат зорлық сапарға да ұзатарман болып еңдер. Ол қорлық, намыс болатын өктем күштің айдауы еді... Тірлік табыспен ғана тәтті ме? Табысқа жетпей тұрғандағы талап пен мұрат одан да тәтті деп білем. Ендеше, бұл сапар менің ендігі қалған тірлігімнің мұраты...  

Жігіт көңілінде (Абай-Б.Ж.) әкесінің жаңағы үлкен сөзіне, өмірде көптен бері терең ашылып айтқан сырына лайық бұндағы өрен-жаран көңілінен біраз сөз айтсам деген ойы бар еді.

- Әке, бауырыңызда өсіп, бірге жасасып келгенмен, жақынға жақынның қасиет, сипаты бірден танылмайды. Біртін-біртін ашылады ғой... Жаңағы айтқан сөзіңіз сол әсер дүниеге берген батаңыз ғой. Алғыс айтып, қабыл тұттық. Аталық еңбегіңізді ақтай өсу біздің де мұратымыз болар,- деді...

Талай уақыттар ұғыспай, көңіл қырбайлығымен тоң-торыстау жүрсе де, осы шақта бір үлкен жұбаныш тапқандай боп бара жатыр. Бұны Ұлжанға айтқан бір сөзінде:

- Артымда кім қалды дер болсам, тиянақ-сүйенішім жоқ емес. Жолы менің жолымнан басқа болса да, сенің балаң тірегім! Алдынан жарылғасын. Енді өз дегенін етіп-ақ көрсін. Тарпаң ақыл айтып, шаужайламаңдар! – деген болатын» (сонда, 2-кітап, 9,10,11 беттер).

«Абай мен Құнанбай ең соңғы сәтте үнсіз қоштасты. Әкесі ұзақ құшып, әлі аса қайратты қолымен қысып тұрып, Абайдың бетінен иіскеп, демін ұзақ тартып алғандай болды...» (сонда, 2-кітап, 26-бет).

 

Абай: «Қабат-қабат шың сияқты»

«...Қырын отырған әкесінің үлкен, кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді.

Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зіл бар. Кейде Абайға қызық көрінетін бір мақалдар, мәтелдер айтылып кетеді.

Абай әкесінің сөз желісін, түп мәнісін түсінген жоқ. Кейбір мақалдарын ғана таңдана шешіп отыр. Осы бар үлкеннің мұндай жердегі салты бойынша әкесі де тұспалдып, орағытып, ұқтырмай сөйлейді. Бір сөзімен бір сөзін жалғастыруға Абай үлгермей, адасып қап отыр... Кейбір өзі білмейтін қиын, жаңа сөздерін ұстап қалады...

 Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жоқ сергек, қатал күзетші» (сонда, 1-кітап, 17,18-беттер).

«Шынында Қодар мен Қамқаның осы сорына себепкер болған да дәл осы Жетпіс пен соның ағасы даукес, бәлеқор Жексен...

Қодар қайғыдан сандалып, жаны күйіп отырып:

- Маңымда тұлдыр жоқ. Құдай маған қылды ғой. Кәпір өтсем де енді кәрінен аянарым жоқ. Құдай маған қылса, менің құдайға қыларым сол... – деген.

Осыны Жексен өз бетімен топшылап, «бұл Құдайға не қылады?» деп жүріп-жүріп кеп, ақыры: «Мұнысы келіні болды!» деп байлаған-ды...

  Құнанбай жағынан ықтап қайтқан Сүйіндік, көзі жетпесе де байлау етті. Сонымен ақыры, Қодар күйі кеп бұған соқты... Қодар құласымен Құнанбай:

- Әлі жаны шыққан жоқ. Енді анау кәпірден өз жанымызды ақтап, аулақ әкету үшін қырық рудың қырық кісісі кесек атсын. Ал осы жиындағы әр атаның баласынан бір-бір кісі кесек алыңдар қолдарыңа! – деген.

Өзі алдымен алды да, Бөжей мен Байсалға қарап жердегі тасты нұсқап: «Алыңдар» деді. Бұйыра айтты. Аналар бағынды да тас алды» (сонда, 1-кітап, 33,34,38 беттер).

  «... Қала ішіндегі молда, қалпе атаулы, ел ішіндегі атқамінер қарт-қария атаулы мешіт салғызғаны үшін Құнанбайды шынымен дәріптейтін...

Абай өз әкесінің өзге атқамінер атаулыдан мықты, қайратты екенін сезеді. Қазір көп-көп ойлап, көп бағып, танып көргісі келетіні дәл осы өз қасындағы өз әкесі. Жақын жерден, қасынан қарағалы әкесі бұған үлкен жұмбақ боп тұр...»     (сонда, 1-кітап, 98, 99-беттер).

«Абай Бөжейдің не дегенін естуге ынтық болатын... Құнанбай қайсар жауапты есітті де, басын жоғары алып, қарсы терезеге жалғыз көзімен қадалып қарап, үндемей отырып қалды. Сұрғылт жүзі түнеріп, қатты ашумен қарайып бара жатқан тәрізді. Бетінде түк атаулысы бозғылданып, біліне бастады.

Осыдан басқа не бір дыбыс, не қозғалыс, не бір сөзбен сыр берген жоқ. Барды ішіне жиып, буылып, құрсауланып қалды. Мұның бетіне екі рет көлденеңнен қарап өткен Алшынбай, таңдана түсіп, сүйсініп қалды.

«Берік, берік! Бүйрегі без емес, тас болар!..» деп ойлады. Құнанбайды өзі көріп жүрген атқамінер ішінде бөлекше бағалайтын бір себебі: осындай жердегі ерекше  ұстамдылығынан, бойын бермес тұйықтығынан болатын...   ( сонда, 1-кітап, 103, 104 беттер).

 «... Құнанбай ауылдан қашаң отырса да, бұлардың қатты жүріп келгенін аттарының сонау алыстағы ажарынан байқап еді... Бірақ ол жайға Құнанбай онша шіміркенген жоқ-ты. Тегінде, балаға «ат қинайсың, шаруа күйзелтесің» деп ұсақ мазасыздық жасамайтын...

Баласы тақап келгенде Құнанбай:

 - Немене, балам? Неден ширықтың, жөніңді айтшы! – деді.

Абай әкесінің төменгі жағына отыра беріп, өз ішіндегі көңіл күйін дәл тапқанына таң қалды...  Бұл Абайдың, әсіресе «жауап айтар, не айтар екен?» деп асығып күткен жайы еді.

Құнанбай баласының осы көңілін анық таныды, білем. Қаратай мен Байдалы үшін болмаса да, өз баласы мен өз туысы үшін бір жауап керек. Ол, тіпті аналардың орайын беру үшін, әсіресе керек.

- Қаратай жүйрік қой. Жер таниды. Айтқаны шын болса керек. Бірақ өз топшылауым бойынша адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірімде ұстанған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар! – деп, үндемей түнеріп отырып қалды. Дау айтқан кісі жоқ.

Абай әкесінің жауабын ғана білмек еді. Ойландыратын жауап естіді.

Құнанбай аздан соң барып, әлгіден де жуасыңқырай түсіп:

- Адам пенде ғой! Пенденің жоқ-жітігі толған ба? – деді.

Қияласа да өз  мойнына кінә алып отыр.

Бұл кезде Абайға әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік Байдалы сияқты емес. Ол шешендіктен гөрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қабат-қабат шың сияқты... (сонда, 1-кітап, 159, 160, 161).

«... Түні бойы кітаптан жазып шыққан қағазын қайта алып, соған қарап отырып, шешесі мен Мәкіштің сұраған сөзіне енді жауап айтты. Мәкішке қарап отырып айтты.

 - Әкең оңай сапарға бара жатқан жоқ. Жасы жетпістен асқанда ұзақ бейнет, ауыр михнат жолына барады... өзі бұның бәрін білмей отырған жоқ. Бірақ туыстан осы шаққа шейін тәуекелі таудай біткен бөлек жан еді. Біз білген бұл Арқаның қазағында осы сапарға ең алғаш қадам қойып отырған осы кісі...   - деді» (сонда, 2-кітап, 6-бет).

 

Ел жақсысы: « ...не көкіп, алысып жүрміз онымен» 

 «Ырғызбайдың мына тобы Құнанбайды қоршап келе жатқанымен: «Қайда көшіп барамыз? Неге көштік дегенді сұраған емес-ті. Дағды бойынша «жаманға, залалға бастап бара жатқан жоқ! Күн ілгері көреміз» дескен... Жүріп келе жатқан топ намаздағы имамдай қып, аяңшыл торыны, зор денелі  Құнанбайды алға салып келеді. Бірен-саран жастардың аттарының басы оқыс ілгерілеп кетсе, қасындағы үлкендері зекіп, күбір етіп: «Тарт! Шегін!» деп тойтарып тастайды...

 Қасында он шақты ғана үлкен кісілер қалған еді. Сүйіндіктерге осы тобымен кеп кездесті. Пішіні суық, ызғарлы екен. Жандық ызғары «қайте қоясыңның» ажары. Жота жүнін үрпитіп, үдірейтіп тұр. Ірге бермек емес. Атқамінер атаулының, әсіресе Құнанбайдың сырт айдыны осылай келетін. Соның домбытпа екенін білсе де, Сүйіндіктер әрқашан мұндай түстен ығыса жүретін. Бөкенші тобы бұрын сәлем берді. Құнанбай ернін қыбыр еткізіп қана, үнсіз сәлем алды...

- Бір Шыңғыс демесең, осы өңірде қыстаулық жерің аз да емес, олқы да емес еді ғой, мырза! – деп Сүйіндік енді араласып еді. Құнанбай іле сөйледі:

- Ей, Кішекең, Бөбең, - деп бастады. Жігітек пен Бөкеншіні сыпайы айтқанда осылайша: «Кішекең, Бөбең» десетін. Құнанбай қазір солардың бар руын бір араға жиып ап, соның бар қауымымен бетпе-бет кінәласып, жүгінісіп тұрған кісі тәрізді. – Аға болдың, бұрын жеттің. Көлденең созылған Шыңғысқа көлбей орнадың. Ырғызбай аз еді. Сенен кіші еді. Ен Шыңғыстан бірде-бір құйқалы қыстау бермепсің. «Өзге қыстау» дейсің... Шыңғыс тұрғанда өзге жер қыстау ма? Мен болсам, енді қашанғы көне берейін. Қашанғы құр қалайын. Ырғызбайға да Шыңғыстай арқа тірек пана керек... Ырғызбай да етек алған ел болды. Жатың емес, туысқаның. Есе бермей құмадан туып па? – деді. Дауын да, байлауын да өзі айтты…

Жұрт еріксіз басылып қалды...» (сонда, 1-кітап, 63, 66, 67 -  беттер).

«Жаңағы ашумен күйген Байдалы енді майда қоңыр үнге түсіп: - ... Тақауда, әнебір күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар – барлығымыз Қаумен үйінде түстеніп отыр едік. Жиын бір сөзден бір сөзге түсіп, шалқып отырып, ақыр аяғы: «Жә, өзіміз көргенде мырза кім?» дегенге келді. Жұрт ойланып қалды. Байсал күншуақта жатқан тағыдай көзін бір ашып, бір жұмып, бүк түсіп сырт қарап жатқан. Жаңағы сөзге ол қатысқан жоқ-ты. «Мырза кім?» дегенге Қаратай  жауап беріп, «Мырза – Құнанбай» - деді. Тағы біраздан соң ол жиын: «Шешен кім?» деді. Тағы Қаратай жауап беріп, «Шешен – Құнанбай» - деді. Екі бел асты. Аздан соң және бір оралып кеп: «Жақсы кім?» десті. Әлгі Қаратай және жауап беріп: «Жақсы – Құнанбай» - деді. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып алып, саңқ етіп:  - «Уай, Көкше, не оттап отырсың өзі?» - деп, Қаратайға қадала түсіп, - Мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше, не көкіп алысып жүрміз онымен?»  - деді. Соған Қаратай іле жауап беріп: - «Уай, тәйір-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе? Жалғыз-ақ, «не қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» - деді. Сөз ұғатын бала сияқтысың ғой! – деп, Байдалы осы тұста Абайға сығырая қарап отырып, - Дәл осы сөзді сенің әкең естімеген болар. Осыны да айта баршы...» - деді... (сонда, 1-кітап, 158-159 беттер).

 «Өзі күйіп келген Абай әке жүзінен қаймыға алмады.

- Көріп, біліп келдік. Кәмшат ауру... Рақым, мейірбандық жоқ, не деген жаны ашымас, қатыбас байлау – сол байлаудың өзі? Тату етер байлау да емес...

Әкесіне Абай сөзі ұтықты көрінді. Өзі, тіпті ойға келмеген соны сөз. Бірақ бұл баласы бірбеткей кетіп отыр. Қазақ жолы, ел салты емес, өзге бір сүрлеуге түсіп кетті.

- Әй, шалағай балам-ай, көңілің түзу болғанмен, жолдан тыс жайылып отырсың ғой!

... Тағы біраз үндемей отырып барып:

- Ағайын жолы бұлай ма? Араз елді жамастырам деп, қалыңға қыз да беріседі. Күң есепті, қатын есепті береді. Біз берсек, етбауыр бала қыл деп беріппіз. Қорлыққа бердік пе? Тек сын Бөжей басында ғой. Біле білсе, менің балам оның баласы болмайтын несі бар еді? Жат деп, жау ұрпағы деп, дұшпан көріп кірпідей жиырылса, қарыз оның мойнында емес пе? Тіпті, жазықты болсам, мен жазықты шығармын. Бесіктен шығарып, адам ұлы деп, соның бауырына берген балам жазықты ма еді? Қатын-қалаш, ауыл-аймағына, тым құрыса, соны ұғындыра алмаса, Бөжейдің аяқтағы суға ағып өлгені ғой! – деді.

Бұл сөзінде Бөжейді жеңер дәлелі бар еді (сонда, 1-кітап, 167, 169, 171).

 «Базаралы шығып кетті, Құнанбай жалғыз көзін жұмды да, қабағын түйіп, ойланып қалды...

- Өзгелер бір төбе, Базаралы бір төбе емес пе еді? Аянышты білсе, нетті шіркіндер? – деп күрсініп қалды» (сонда, 1-кіиап, 353, 354 беттер).                             

  «Құнанбай осы өткен қыс аяғында, төрт жылға тақау үрдіс, ұзақ жол жүріп, Меке сапарынан қайтқан еді. Бұл күнде ол қатты ағарып, үлкен кәрілікке жеткен. Сүйекті денесі әлі де қапсағай, зор болғанмен, бет әжімі мол...  Даусы қай сөзді, қай жайды сөйлесе де, бұл күнде бұрынғыдай қатқыл, қою үнмен білінбейді. Ақырын, баяу ғана сөйлейді. Қасындағы Қаратайға, Ұлжандарға қарағанда, қазіргі Құнанбай бөлекше ортадан, өзгеше ұстаз көріп өскен жан тәрізді.

Осы қалпы Құнанбайдың сырты ғана емес, үш жылдық өкініш мінәжат сапарынан Құнанбай, шынында, іштей, мінездей қатты өзгеріп қайтты. Сағынған ел Семейдің ар жағынан, алдынан шығып, ой мен қырдың барлық тілеулес дос-жараны шұбыра оралғанда да, Құнанбай «елге жеттім-ау» деп бір сәт те болса өзгерген жоқ-ты, тек ұзақ жолдың көп бекетінің біріне келгендей ғана салқын, көбінше аз сөзді, өз ішіне үңілген кісідей келген-ді. «Шаһарда, сахарада болсын той етеміз, аман келісін қуаныш етіп, мереке етеміз» деген дос-жаран, бала-бауырдың барлығына тартымды салқын сөзбен тыйым салған...» (сонда, 2-кітап, 128, 129 бет).

 ...ЗАМАН АЙТҚЫЗБАДЫ-МЫС 

Рас, тарихи шындықты «социалистік реализм тұрғысынан, тап күресінің тайталасы үстінде» көрсету жазушы үшін нағыз азап болатын. Диктатураның ондай зорлық-зомбылығының ызғарын жан-тәніңмен сезінесіз. Бірақ, егемендік көзімізді ашқанда жазушының талғаммен жапқан «таптық  шекпенінің» Құнанбайдың сом әрі шынайы тұлғасына қонбай тұрғаны көзге оттай басылады. Қаламгердің  өз шығармасын кеңес сұранымына қарай әдіптей отырып та қайраткер келбетіне көлеңке түсірмей, көркем шындықты шебер кестелегенін көреміз. Қатал да әділ, қайырымдылығы да бір басына жетерлік біртуар тұлға қарама-қайшылықтар үстінде шынығып, шыңдалады. Ал, «көктем туғанда» кейіпкердің «соцреализм шекпені жыланның қыстық  жабынындай» сыпырылып түсіп, табиғи болмысымен жарқ етеді.

Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайының қолжазбалар қорында сақталған естелігінде Ахат Шәкәрімұлы «Құнанбайды өз тұсындағы адамдармен, мысалы, Тобықтыда Бөжей, Байсал, Қаратай сияқты тұрғыластары мен басқа елдің Найман, Барақтан басқа, Алшынбай, Тезек, Құсбек сияқты төре тұқымдарымен салыстырсақ, олардан қай жағынан болса да Құнанбайдың асқар таудай биік, олардан көш ілгері, парасатты адам екенін байқайсың...  Янушкевич былай дейді: «Құнанбай қара халықтан шыққан, жаратылыстан ақыл-парасат дарыған, керемет зерек,қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі. Халқының қамын ойлайды, оған жақсылық қылсам дейді. Елінің ежелгі жол-жобасына, әлқұранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік, Россия өкіметінің заң ережесіне жетік. Қара қылды қақ жаратын әділ, адал азамат. Құнанбай халқының қамқоры, оны жұрт пайғамарындай көреді» деп жазады.   

Құнанбай заманы...  шырғалаң заман еді ол.

         «Казмедиа» орталығының кино залында тұсаукесері болған «Құнанбай» көркем фильмінің сценарийін Таласбек Әсемқұлов пен Досхан Жолжақсынов  жазып, соңғысы оның әрі қоюшы режисері екен.    Демек, өнердің қос тарланынан кезіндегі дәстүрлі қазақ сахарасының заңғар тұлғасы  туралы бірегей өнер туындысын  күтуге өнерсүйер қауым әбден хақылы еді. Заманында туған ұлтының салт-дәстүрі мен мұсылман парызын берік ұстанып, ел-жұртына мығым билік құрған  аға сұлтанның бейнесі экраннан көрінгеннен бастап, оған көрерменнің тебіренбегені кемде-кем. Асқар таудай Әбіш аға Кекілбаев сахнадан жүрекжарды лебізін білдіргенде дауысы толқып шыққан еді...  біз расында да бір-бірімізді түсінбей жүретін, қадірімізді білмей өтетін қазақпыз... шырғалаң заман еді ол. Халқымыздың қатарынан қара үзген   саңлақтарын, тіпті қалам ұстаған әріптестері түсінбей жатса, «көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» (Абай) демеске не шара!?

...Міне, Құнанбайдың ойлы да сұсты жүзі перзенттік жүрегімізді дір еткізіп, тұлпар тұяғының дабысы туған жерімізді баса көктеген отарлық тозағының дүбірлі хабаршысындай көңіл толқытады. Көрермен экранға телміріп, тарих қойнауына сүңгіп  жүре бергендей. Актерлер де өз образдарына нанымды кірігіп, кейіпкерлерді жарасымды бейнелейді.   Тұсаукесердің бір тілектесі ретінде фильм авторларының табыстарына қуана қол соғуға дайын-ақ отырмыз.

         Шапалақ соғуда, әлбетте кемшін болмады... өткенімен қауышқан көрермен сүйініші еді бұл. Бірақ, сол бір қапаста қалған кешегіміздің шындығын  қаншалықты лайықты кестелей алдық?..  

Күмәндіміз. Неге?..

Біздіңше, оның себебі, тағы да жауһар романдағы Құнанбай тұлғасы тұрғысында  «Әуезов айта алмаған, заман айтқызбаған әділетсіздікті қалпына келтіру» деген лақапта жатыр. Мұндай байбалам «қызыл» қоғамның жемісі еді және оның себебін, тағы да қайталаймыз, сан қырлы қалам құпиясын көрмеуден іздеген жөн. Турасын айтқанда, кемеңгер жазушы компартия құлқынын  «соцреализм мәзірімен» жұтынта жалаңдатып-ақ Құнанбай келбетін жан-жақты сомдап, санасы сәулелі оқырманға құпия сырдың «кілтін» ұстатып кетті.

 «Абай жолымен» қайта жүріп өтіп, жазушының  заман «коньюктурасына» жасаған қыры мен қолданған көркем тәсілдерін түсінгенде «қапаста» тірлік кеше жүріп те ғажайып шығарма тудырған қаламгер құпиясына бас иесің. Автордың қалам ұшына еріксіз ілінген «советшілдіктің» көлеңкесі «қилы кезең»» елесіндей түршіктіреді. Алайда, қазір, егемен елде, еркін оймен «Абай жолына» үңілсек, саф алтындай таза өнер өзіне тәнті етеді... бүгінгі оқырман автордың ойын тап басып, «Абай жолында» адаспақ емес. Құнанбайдың тұлғасы романға дендеп енген сайын айқын бедерленіп, шоқтықтана береді.

Өкінішке қарай, аталмыш фильмдегі бірқатар нақты деректер жұртшылыққа  Әуезов танытқан Құнанбай бейнесіне жаңа ештеңе қоса алмағандай. Заман айтқызбаған-мыс ақиқатты шұқшия іздеп, талған жанардың тұмандануының  салдары да. Бұл  оғаттықтың сырын тағы да ұлы Абайдан табамыз: « ... Әрбір құмарлық  өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен. Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен...» (Абай, он бесінші сөз, шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы», 2-том, 103-бет).

Түсінбедік.

Шындығында, «Құнанбай» фильміндегі  Қодар мен Қамқа оқиғасы тұп- тура «Абай жолы» роман-эпопеясындағы эпизодтарды еске салады. Авторлардың бұл тұстағы бар қосқан жаңалығы: халықтың бетіне таңба, кинодағы  билер әділін айтқандай, «мұсылман қауымында болмаған масқараны» күнәһар екеудің ашық мойындаулары. Соны экранға алып шығып, көптің көз алдында бетке басу немесе сондай дәстүр болған екен деп, әйел тәнін жалаңаштадың жөні қайсы?.. шетелдің бейәдеп жұртына арналғандай.   

Әрине, «біткен іске, сыншы көп», бірақ, жаңағы екі жайдың өзі-ақ фильмдегі тың шешімдердің бағасын түсіретіндей.   Жалпы, Қодар мен Қамқа жайы әлеуметтік «дерт» емес, медициналық сырқат. Оған насихат, тіпті қандай өнер тілімен айтсаң да, құрғақ ақылдан дауа болмайды. Тегінде, шайтан иектеген сырқат, мүнәфық жандар қай заманда да болған, қазір де бар, кейінгіге де кепіл жоқ. Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, экранға шығарып, «сүйіншілейтіндей» де мақтаныш емес. Сондықтан авторлардың қазымырлық жасап, билер сотында дәлелдемей-ақ, сол оқиғаны  асыл мұрада «болды, немесе болмады» деп  кесіп айтылмағанындай, екіұшты қалпында қалдырған дұрыс еді.  

  «Фильмде жалпы Құнанбайдың өзге   де қырларын ашқымыз келді, - дейді Д. Жолжақсынов газетке берген сұхбатында. - Құнанбай – аса күрделі тұлға. Билік тізгінін ұстаған кезіндегі қайраткерлігі қарама-қайшылықтарға толы... Әрине, Құнанбайды ауызымызға алғанда, алдымызда жартастай Мұқаң тұратыны хақ. Дейтұрғанмен, тұғырымыз Мұқаң болғанымен, біз өз жолымызды іздедік» («Түркістан», 21.05.2015ж ).

Құнанбай да пенде, әлбетте.

Кез-келген қайраткердің бойы, тегінде тұнып тұрған қарама-қайшылық емес пе?! Мәселен, романдағы Қодар мен Қамқа оқиғасы да Құнанбайдың қайшылықты тұлғасының бір ғана қыры. Советтік насихат «жауыздық» деп жаны кіре тамсанды, шындығында бұдан өткен ғазауат жоқ болатын. Әңгіме, тіпті оқиғаның болған немесе болмағанында,  ал  жазаның әділетті немесе әділетсіз екенінде емес-ті. Құнанбайдың шешімі мыңдарға, тұтас бір іргелі елге жабылған жаладан кінәсіз қарындастарын қорғаудың амалы еді.  Әрине, артық кететін кездері де жоқ емес: Мұсақұл соғысында Бөжейді сабатуы ашутас әрі азапты шешім еді. Оның зардабы да аз емес... Құнанбайдың перзенті, жазықсыз Кәмшат нәрестенің тартқан қасіреті  Бөжейдің  шын бейнесін жайып салады. Тап осындай қатыгездікке Құнанбайдың отбасында, Зере мен Ұлжан аналардың көз алдында жол берілмесін романнан анық ұғасыз. Ендеше, тым құрыса кінәсіз сәбиді аямаған бәтуасыз ортада Құнанбай арыстан болмаса, көрінген шибөрінің «көкпарына» түсіп, тоз-тозы шықпас па?!  

Рас,  «Құнанбай» фильмі авторларының «өз жолдарын» іздегені құптарлық, бірақ оның тұсаукесеріндегі  «Әуезов айта алмай кеткен, айтар еді, заман айтқызбады» деген сөздер тағы да көңілге еш қонбайды. Ұлы Абайды және  оның заманын  кең ауқымда әрі терең  жырлаған Әуезов қаламынан Құнанбай тұлғасының, жоғарыда айтқанымыздай, титтей де «жапа шекпегені» айқын. Осы орайда теледидардан сөйлеген белгілі абайтанушылар Төкен Ибрагимов, Бекен Исабаев, Тұрсын Жұртбай мен Бейбіт Сапаралының сабырлы ұстанымдары мынаған келіп сайды:  әдеби шығармадағы көркем образ тарихи тұлға Құнанбай қажының көшірмесі емес. Ендеше, көркем шындықпен таласудың жөні қайсы?! Бәрінен бұрын романдағы Құнанбай келбетінен мін табу мүмкін бе, өзі!?

Сондықтан Әуезов мұрасына жаңалық қосамын дегендердің мықтап ойланулары және қоғам да ондай ізденістерге аса қатаң талап қоюы тиіс деп білеміз. Жаңалыққа құмар зерттеушілерге қазақтың ашылмаған тұлғалары, шүкір  баршылық. Олай болса, кешегі көшіміздің «құм басқан ізі аршылып, жоғалған жүгі табылып» жатқанда барымыздың қадір-қасиетін бағалай алып отырмыз ба?! Өткеннің айтылмаған немесе «қызыл» диктатура айтқызбаған ақтаңдақтарын айқындауға жан сала жүріп, асылын арзандатып алмасақ жарады. Шындықты, әрине, тіпті қаншалықты жағымсыз болса да,  білу керек. «Абай жолының» бізге мәлім ақиқаты Құнанбай тұлғасын өз заманының біртуар қайраткері ретінде мәшһүр етеді.  

Болат Жүнісбеков,

 Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің директоры.