Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ: АБАЙДЫҢ РОМАНЫ

Профессор Шериаздан Елеукенов Абайдың эпистолярлық туындысын жалпы қазақ романы тарихының көшбасшысы ретінде қарастырады. Алғашқы мақала жарияланғалы арада бірсыпыра уақыт өтіп кеткендіктен, автор мақаласының бастапқы бөлімінде Абай романы аударма емес, төлтума, А.С.Пушкиннің “Егвений Онегин” романының нұсқасы (версиясы) деген пікірінің негізгі қағидаларын еске салып өтеді.

 

Қазақ әдебиетіндегі пушкиннама өзі бір жатқан шалқар дүние. ХХ ғасырдың бас шенінде Шәкәрім Құдайбердиев А.С.Пушкиннің “Дубровский” хикаяты мен “Бұрқасын” әңгімесін өлең етіп жырлады. Кеңес кезінде “Евгений Онегин” романын қазақ ақындары Ілияс Жансүгіров пен Қуандық Шаңғытбаев толық қазақшалады. Кезінде Қазақстанда ұлы орыс ақынының екі томдық өлеңдер жинағы қазақ тілінде жарық көрген.

Бұл тараптағы біздегі аудармалардың тәуір жағы, қазақ ақындары “жаман көпір – подстрочникті” (М.Әуезов) қолданбай, орыс тілін жетік біліп, бар пейіл, ықылас-ынтамен тәржімалағандығы. Асыл нұсқаның тілін терең білетін Абайдан қалған мәдениетті дәстүрге беріктігі.

Ұлы ақынымыз орыс поэзиясының елуге жуық өлеңдерін аударып, түп нұсқадан қай жағынан да кем түспейтін шеберлікпен қазақ поэзиясын жаңа түр, соны сөзбен байытты. Пушкиннен шалыс ұйқас алды, өлең жолын сегіз буыннан құрайтын өлшем енгізді. Осы және басқа жаңалықтарын алғап айта келе, Мұхтар Әуезов: “Абайдың шын қуаты – бояуы айқын. Қыры мен сыры терең тілінде, сөздігінде жатыр” (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық шы­ғар­малар жинағы. Алматы. 17-том. “Жазушы”. 1986. 67 б.). Пушкинді тәржімалағанда “Абай не Кры­ловты, не Лермонтовты аударғандағы сияқ­ты дәлшілдік әдеттерін қолданбайды”. “...Абай өз бетімен еркіндеп, Пушкиннен ойқастап кетіп оты­рады”, (Жиырма томдық. 18-том. 12 б.) – деген.

Абайдың шын қуаты жайындағы пікірді жалғай түскенімізде анық көзіміз жететіні, Александр Пушкиннің романына келгенде, “Евгений Онегинді” ықшамдап, тарауларының көбін қысқартып, эпистолярлық роман жанры күйіне түсірген. Яғни, жаңа нұсқасын жасаған. Нәтижесінде Абай нұсқасы төлтума шығармаға айналған. Ол, күні бүгінге дейін айтылып жүргеніндей, аударма емес...

Аударма дегеніміз не? Бір тілде жазылған мәтінді екінші тілде дәл, түсінікті етіп жеткізу ғой. Түсінікті етудің амалы әртүрлі. Нақпа-нақ аудар­ма дейтіні бар. Мәтінді сөзбе-сөз беремін деп отырып, тәржіманың оқылуын қиындатады. Ал, еркін аударма дейтінің бөтен тілдегі мәтіннің мағынасын бұзып беталды лағып кетеді, тәржіманың дұрыс-бұрыстығына шәк келтіреді. Ең дұрысы – аударманың балама түрі (адекватный перевод). Түпнұсқа авторының ой өрбіту, сөз сөйлеу мәнерін сақтау.

Бұл амалдың қай-қайсысы да “Евгений Онегиннің” Абай жасаған нұсқасында қолда­ныл­маған. Пушкин өлең-романының эпистолярлық сүйіспеншілік роман жанрында қайта жазылуы тәржімалық амалдың бәрінен бас тартуға мәжбүр етті. “Пушкиннің үлкен шығармасын Абай өз тұсындағы қазақ оқушысына өз елегінен өткізіп, өзінше қорытынды жасап, өзі ойлаған түрдегі бір үлгі етіп ұсынбақ болады”.  (17-том. 12, 13 бб.). Кең байтақ романның махаббат жырына айналуында, Пушкиннен өзгеше бітім алуында бірқатар сыр бүгулі.

Пушкиннің басты шығармасын қазақ жұртын таныстырмаққа бел байлағанда, Абай орыс данасының асыл қазынасын халқының санасына қалай жеткізудің жолдарын қарастырмады, көп ойланып-толғанбады дей алмайсың. Орыс пен қазақ ол кезде бір шаңырақтың астындағы ел еді десек те ментальділігі, бүткіл болмысы бөлек, ұқсастығы шамалы болатын. Орыс мәдениетімен аралас-құраластығы әлі жетімсіз көшпенділер үшін Пушкин туындысын бар қалыбында жеткізу, шығарманың тұқылын қалдырмай қотарып аудару әлі ертерек болатын.

Оны қойып, орыс тіліне жетік дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіровтің өзі 1937 жылы “Евгений Онегинді” толық аударғанда талай қиындықтарға кезікті. Ленинградтың оқуын тауысқан Әуезовтің өзі аудармаға жазған пікірінде “Евгений Онегиннің” бірінші тарауын ұғыну аса қиын”, ондағы аттары аталатын Фонвизин, Княжнин, Шаховскойлар, әртіс Семенова, биші Дюпло арқылы Пушкин өз уағындағы өнер қайраткер­лерінің суретін беріп отырғанын түсіне қою оңай ма? Альбион, О’Брента, не Петрарканың ғашық тілі деген сөздерінің арғы сырын екінің бірі түсіне қояр ма екен? – деген.

Абай Пушкин романынан өз тұсындағы қазақ оқырманының ұғымына неғұрлым етбауыр жақын жағын іздеген. Абайға бәрінен де күшті әсер еткені Татьянаның Онегинге жазған хаты еді. Қыз елден ерек әрекетке барып, сүйген жігітіне асықтығын бірінші боп білдіреді. Және бейкүнә балаң сезім махаббаттың шапағатына бөленгенде қандай сыршыл да сазды тілге ие болған. Дәл осы хат эпистолярлық формаға жүгінуге түрткі болды деп топшыласа керек.

Қазақ бұрынғы өмір салтында хатқа түскен жазуға айырықша мән берген. “...Ғалымның хаты өлмейді” деген мәтелді еске алсақ та жеткі­лік­ті. Ауыл жігіттері сүйіспеншілік сезімін хат ар­қылы жеткізуге ұмтылған. Хат жазу ұсталығы қолынан келмегені ақындық желі барға жа­лын­ған. Абай Пушкиннің романын қазақ жұртына жеткізбек талабында ауыл ғашықтарының хат ар­қылы табысатын сол ғадетін де есепке алғандай.

Пушкинде Татьяна хатына Онегин хатпен емес, ауызекі жауап береді. Байғұс қызбен дерев­ня бағында көзбе-көз тілдеседі. Сол кездесуде қыздың меселін қалай қайтарғаны Абайда “Онегиннің Татьянаға жауабы”, “Онегин сөзі” деген бөлімдерде хат түрінде беріледі. Петербург салонында Татьянамен жүздескендегі Онегиннің сүйдім-жандымы, оған Татьянаның өр жауабы, “Онегиннің Татьянаға жазған хаты”, “Татьяна сөзі” боп тағы да хат формасына түсіріледі. Хат­қа жатпайтын “Онегиннің сипаты”, “Ленский сөзінен” және “Онегиннің өлердегі сөзі” атты үзінді бөлімдер шығарманың эпистолярлық өрнегін біржолата анықтады.

Қазақ туындысының орыс түпнұсқасынан жанрлық айырмашылығын алғаш аңғарған кісі – Мұхтар Әуезов. “Көбінше, Абайдың ауда­руын­да хаттармен баян етілген роман (эписто­ляр­ный роман) қалыптанған тәрізді”. (Мұхтар Әуезов. 20 томдық шығармалар жинағы. 20 т. 199 б.) – деп жазады ол “Абай (Ибрагим) Құнан­байұлы” атты монографиясында.

Эпистолярлық жанр... Жанр дегеніміз шығар­маның белгілі бір тегі, түрі. Түрі өзгерсе туынды­ның бүкіл көркемдік болмысы өзгермек. Эпис­то­лярлық романның көп-көп тұсы Пушкиннен алыстап кеткендіктен, Абай туындысын акаде­мик-жазушы нәзира жанрына жатқызған. Абай­тануда осы көзқарас күні бүгінге дейін сақталып келеді. Бірақ Мұхтар Әуезовтің талдауларын тағы да бір сүзіп өткенде, бұл көзқарасты да қайта қарау керектігі аңғарылады.

Абайдың эпистолярлық романының түп­нұс­қадан ауытқу себебі, Мұхаң пікірінше, Абайдың аударма жөніндегі түсінігіне байланысты. Әуезов Абайды нәзира формасына жүгін­ген дегенде “Ескендір” поэмасына арқа сүйейді. Тақырып желісін Низамиден алып, көп өзгертіп жырлағаны сияқты дейді. Міне, осы жерге келгенде әлі де біраз анықтай түсетін жайлар барлығы байқалмай қалмайды.

“Ескендір” поэмасы Абайдың эпистолярлық романы секілді нәзира жанрына жатқызылса, не себепті аударма деп күні бүгінге дейін аталмай жүр? Олай аталмауының жөні бар. Абай Низа­ми­ден періштенің Ескендірді “бүкіл дүниені жауласаң да саған тойымдық жоқ екен”, “топырақтан біткен топырақтан ғана тойым табады” деген идеяны ғана алған да, оны өзінше бейнелеген. Тіпті шағын де­таль­ға дейін Абай өзінше кетеді. Таразыға тарт­қан­да не асылдың бәрін басып кететін қу сүйек Ни­за­миде – періште сый­лаған кішкене тас. Абайдың “Ескендірінде” Низамиден тіке аударылған, не оқиға желісін қайталаған бір жол кездестірмейсің. Ескен­дірден өзге кейіпкерлерінің аттары бір-біріне ұқсамайды. Оқиға өтетін жері де басқа басқа. “Ескендір” – Абайдың төлтума поэмасы. Барлық басылымдарға өз туындысы есепті енгізіліп келеді.

Шын мә­нін­де­гі – нә­зи­ра Науаидің “Ләйлі-Мәжнүні”. Ол жайынан академик Конрад былай деп жазған: “Навои внес много своего. И в то же время это, по нашим современным понятиям, и не оригинальное произведение: слишком многое у Навои идет прямо от Низами”. (Н.И.Кон­рад. Запад и Восток”. М., 1966. Гл. ред. Вос­точ­ной литеартуры. С.346.). Пушкинге жақын жерінен гөрі Пушкинше емесі әлдеқайда басым шығарманы – Абайдың эпистолярлық романын нәзираға жатпайтынын айтатын уақыт жеткен сияқты.

Мұхаң тілінің ұшында тұрған “аударма емес” деген сөзді өз уақы­тының жоқ жерден пәле жапқыш, қитұрқы, құбылмалы мінезі­мен санасып айта алмаған тәрізді. Әйтпегенде “Евгений Онегиннің” қазақ нұсқасының Пушкиннен алыс-жақындығы мәселесін көп төңіректетпес еді ғой. Маза бермеген сол ойларын “Абай жолы” атты көркем дүниесіне де сыналап енгізіп жіберген.

“...Татьянаны ақын өз елінің тілімен сөй­ле­те бастап еді. Сөйлеткен сайын Татьяна майда қоңыр үн тауып, бұл тілде де нәзік көркем күй толғап, ділмар жас шебер-шерлі боп барады. Қа­зір ұяң майда қызға Пушкин жаз­ғыз­ған хат пен өзі жаздырған хатты салыстырады. Кей жерлері Пуш­кинше емес...” (Мұхтар Әуезов. Елу томдық. 412 б.).

Абайдың “Пушкинше емес”, өзінше кетуі ағыл-тегіл зерттеу­лерін­де де ашық айтылады. Бұл та­раптағы ойларын ол эпистолярлық романдағы хаттарды негізгі үш топқа бөліп қорытқан.

Бірінші топ – “Онегиннің сипаты”, “Татья­наның Онегинге жазған хаты” (“Амал жоқ – қайт­тім білдірмей”), “Онегин сөзі” (“Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін”), “Ленский сөзінен” бөлім­дері. Аталған “бөлімдерде Пушкинге көп жерле­рін­де жақын келіп отырады”. “Кейбір жолдар мен Пушкин қолданған теңеулерді де Абай дәл шебер аударып береді. Бірақ сонда да бұл бөлімдердің өзін­де Абайдың өзінен қосылған жолдар, шумақ­тар, ой сезімдер жиі ұшырайды”. “Абайдың бұл аудар­масында Пушкиннің текстіне үнемі ұқсас келіп отырмайтын еркіндік бар”. (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы. “Жазушы” 1985. 20 том. 200 б.).

Екінші топты “Онегиннің Татьянаға жауабы” (“Таңғажайып бұл қалай хат”), “Онегиннің Татья­на­ға жазған хаты” (Құп білемін, сізге жақпас”), “Татьяна сөзі” (“Тәңірі қосқан жар едің сен”) өлең­дері құрайды. “Бұл тұстарында Абай Пуш­кин­нен аударма жасамай, оның орнына Пушкиннің ізімен жаңа жайларды жырлап кетеді”. (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық . 20 том.. 200 б.).

Үшінші топ – жалғыз өлең: “Онегиннің өлердегі сөзі”. “Абай өз жанынан Онегинге ақырғы сөз береді. Бұл – Пушкинде жоқ, еркін өзгерістің, Абайдың сөзінше дәлелденген ерекше бір түр”. (Жиырма томдық 19. том. 8 б.).

Бүл жіктеуден түйетін түйін: Мұхаң Абай еңбе­гі­нің екі топтағы өлеңдерін яки шығарманың жар­тысынан көбі аударма саласына мүлде жатпайды деп кесіп айтқан. Сонда қалып отырғаны бірінші топтағы өлеңдері болса, оның өзінде де аудармаға “үнемі ұқсамайтын көп еркіндік бар”. Абайдың өзінен қосылған “шумақтар жиі ұшырайды”. Оны да айтушы Мұхтар Әуезовтің өзі. Абай Татьянаның хатын әлденеше қайтара оқып алып, терең түйсініп ұғынып, жүрегіне жеткен күйінде берген. Әр сөзін тіс­ке басып, баламасын тура беруге тырыспаған. Осы принцип өлеңінің ақыр аяғына дейін сақталған.

Я к вам пишу – чего же боле?

Что я могу еще сказать?

Теперь, я знаю, в вашей воле

Меня презреньем наказать. (А.С.Пушкин. Сочинения. Том третий. Госиздат худежественной литературы. М:, 1954. С. 59).

Пушкин сөзіне дөп сөз табуға Абайдың қалам қуаты жетпей тұрмаған шығар. Түсінікті етіп жеткізгенмен, қыз байғұстың шер-шеменіне еркін түйсінетіндей болмайды ғой. Сол себепті хат алғашқы шумақ өлеңінен бастап Татьянаның сөзі мүлде қазақы реңк ала бастайды.

Амал жоқ – қайттім білдірмей,

Япырмау қайтіп айтамын.

Қоймады дертің күйдірмей,

Не салсаң да тартамын. (Абай. Бірінші том. Алматы, “Жазушы”. 1995. 138 б.).

Салыстырып көріңіз. Бастапқы төрт жолдың үшеуі Абайдың төл сөзі. Тек соңғы жолы ғана не­гіз­гі мәтіннің ой төркініне жақын. “Мені жек көріп кінәлап жазаласаң да төреңе құлдық” деген сөзді жып-жинақы етіп “не салсаң да тартамын” деп қай­ыр­ған. Басқасы, әрине, Пушкинше емес. Өлең­нің бүкіл өн бойы – Абайша: “Жат үн, жат тілді Татьяна” ел-жұрттың “Абайдан да естіп көрмеген зары­мен шерленеді” (Мұхтар Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 23-том. Алматы. “Жібек жолы”. 2005. 421 б.) . Сол зардың мұңды ырғағы демесең, бар соны сөз Абайдікі. Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында туған Абай өлеңінікі. “Шығыс” деген ұғым кездейсоқ келтіріліп отырған жоқ. Татьяна:

Шеш көңілімнің жұмбағын,

Әлде бары – алданыс.

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс, — дейді. (Абай. Бірінші том. 139 б.). Бұл Пушкин романы үшін өгей образ. Бояуы орыс өлеңінің өрнегіне кірікпей тұр. Сөз саптау айшығы таза қазақша.

Эпистолярлық романның түпнұсқадан алшақ­ты­ғы алғашқы бөлім – “Онегиннің сипатынан”-ақ белгі бере бастайды. Роман сюжетінінің қоз­ғау­шы күші – характер десек, хат-романнан Пушкин романындағыдан мінезі өзгеше сомдалған харак­тер­ге кезігеміз. Бас кейіп­кердің сипаты Абайша бейнеленеді. Салыстырып көрелік .

Как рано мог он лицемерить,

Таить надежду, ревновать,

Раузуверять, заставить верить,

Казаться мрачным изнывать,.. (А.С.Пушкин. Указ. Соч. Т.3. С 11.).

Абай “Евгений Онегинді” Пушкин романының бірінші тарауының осы Х шумағынан бастап аударған. Бірақ сол ең ілкі шумақ, не қалайы жоқ, аудармаға жатпайды. Жатпайтыны, Пушкин Онегині мен Абай Онегині характері, тағдырына дейін бір-біріне көп ұқсай бермейді.

Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,

Дәмеленсе, күндесе, білдірмеген.

Нанасың не айтса да амалың жоқ,

Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген. (Абай. Бірінші том. 136 б.).

Шумақтың тіпті бастапқы жолының өзі түп­нұс­қамен сәйкеспейді. Абайда Пушкиннің екіжүзді кейіп­кері атымен жоқ. Қазақ нұсқасындағы Оне­гин сырын шашпайтын, ішіне не түйгенін сыртына шығармайтын абзал да асыл азамат көрінеді. “Лицемерить” деген сөз Абай кейіпкерінің харак­тері­не, “опалы, жақсы жігіт” (М.Әуезов) мінезіне үйлеспеуі себепті эпистолярлық романнан сылы­нып тасталған. Өйткені эпистолярлық романның идеялық-көркемдік мақсаты Пушкин романымен дөп келе бермейді. Қазақ ақыны шығармасын ағартушы реализм рухында, әдебиеттің ұстаздық рөлін еске ала отырып жазған. Қазақтың жастары Онегиндей парасатты жігітті үлгі етсін деп ойлаған. Сол себепті “...Абай Онегинді айыпты адам қылып шығармайды. Оны тек жұлдызынан жаңылған, жазықсыздан жаза басқан жазықсыз жан етеді”. (Сонда. 201 б.)

Қысқасы, Абайдың Онегині мен Пушкиннің Онегині көп тұстарда ұқсамайтыны, екі ақынның шығарма жазудағы көркемдік әдістерінің әртүр­лігінен.

Мұхтар Әуезовтің “Пушкин мен Абай” мақала­сы­ның жазылғанына жарты ғасырдан асты. “Елу жылда ел жаңа” дегендей, көп қалыптасқан қағи­да­лар, түсінік, бағам өзгеріс тапты. Әдебиеттану өлшемдері де бұрынғыдай емес. Айталық, Мұхтар Әуезовті бұрын “Шығыстың Шолоховы” дегенді едәуір мақтаныш тұтсақ, қазір ол ұғым да ескір­ген­дей. Бір әдебиеттің табысын екінші әдебиетке телу оның ішкі заңдылықтарымен есептеспеуден, біздің ең бетке шығар туындыларымыздан Шоло­хов таңбасын іздеп әуре-сарсаңға түсушіліктен туған шалағайлық.

Біздіңше, ұлы жазушы бүгінгі тәуелсіздік мінберіне көтерілсе, уақыт қыспағынан күмілжіп айтуын кейінге қалдырған шындықтарды жайып салар еді. Абайдың эпистолярлық романы аударма емес, “Евгений Онегиннің” жаңа версиясы, тың­нан туған төлтума нұсқасы дер еді. Олай деп жора­мал айтуға толық негіз бар. Шынында да тақыры­бы, жанры бөлек, кейіпкерлері басқа үлгіде сом­дал­ған, сөз саптауына дейін дара туынды қалайша аударма аталмақ?

Пушкиннің Онегині – жас кезіндегі адасу, жеңіл жүріс құрбаны. Өмірінің ең қымбат жастық шағының сегіз жылын салтаң серілік, әләуләймен босқа өткізді. Абайдың Онегині – өйтпеген. Ол сұм қоғамның әділетсіздігінен жапа шегіп жүрген “опалы жігіт”. Сондықтан да “Сорлы Онегин, жол­ды өзің біл, қай тарапқа қаңғырар” (Абай. 142 б). деп қамығулы. Бұл өмірден жапа шегіп жүрген талайсыз тағдырлы кейіпкер ақыры фәни дүниемен қоштасып тынады.

Эпистолярлық романның аударма емес, Пуш­кин романының жаңа нұсқасы болатыны тіпті кейіпкердің сөйлеу мәнерінен, христиан дініндегі Оне­гиннің мұсылманша “гәпіруінен” көрінеді. Ол орыс арасында емес, бейнебір қазақ арасында өскен сияқты. Өйткені, ғашығына зарын тек дала тілімен айтады. “Сен – ағашта піскен алма”, “Гау­һарым”, “Он сегіз мың бұл ғаламның Бар тынысы күнде тұр. Мен сықылды сорлы адамның Ықтияры сенде тұр”(Сонда. 145, 146 бб), тағы осы секілді Пуш­кинде атымен жоқ қазақы тіркестер Онегин­нің машықты сөзі. Татьяна да бұл жағынан сүйген жарынан қалыспайды. “Сен жаралы жолбарыс ең, Мен киіктің лағы ем. Тірі қалдым, өлмей әрең, Қатты батты тырнағың”, т.т. Бәрі де Пушкинде кез­деспейтін, кездесуі мүмкін де емес метафоралар, ауыстырулар.

Өлеңмен жазылған эпистолярлық роман Шы­ғыс поэмаларымен жең ұшынан жалғасқан. Оны­мен типологиялық тамырластығы күшті. Онегин­нің Татьянаға жазған хатында басталған образ жасақталуында түпнұсқадан соншалық айырмасы бар шығарма қалайша балама аударма болмақ?

Абай туындысы түпнұсқадан форма жағынан да алыс жатыр. Стилінде батыс-шығыс сарыны біте қайнасқан. Лексикалық құрамын “Абайдың өзі тудыр­ған тамаша, нәзік те, терең сырлы ащы сөздер, көрікті ойлар немесе шанышпа, мысқыл, әжуа, ащы сөздер...” (Мұхтар Әуезов. Жиырма том­дық. 20 том. 198 б) құрайды.

Мазмұндық-формальдық сыпаты жағынан да түпнұсқа мен оның қазақша нұсқасы екі бөлек дүние. “Евгений Онегин” романында автордың өзінің образы үлкен рөл атқарады. Лирикалық кейіпкер кейпіндегі ақын қай тұста оқиғаға тікелей араласады. Онысы – бүкіл шығарма бойында көбіне оқиғаға баға беруінен, жеңіл я ащы мысқылмен бас кейіпкердің кей әрекетін әжуа етуінен, өзінің пушкиндік тағдырының ауырлығын шағынудан көрінеді. Ал, Абай нұсқасында мұның бірі де жоқ. Оқырман назарында – тек екі жастың бір-біріне іңкәрлігі. Сөніп жанған, ақыры баян таппаған өкінішті махаббат.

Версиялық бітім әдеби байланыстар түрінің алуан табиғатына қатысты. Әр әдеби шығарма бас­қа тілде әр түрде, әр нұсқада өмір сүре бермек. Поэ­зия қай тілде өмірге келсе, сол тілде салтанат құрмақ. Ақын айтқандай, аударма кілемнің өңінен гөрі сыртқы астарына көбірек ұқсайды. Астарда өр­нек тым көмескі көрінеді. Сондықтан эстетикалық әсері түпұсқаға бара-бар бола алмайды.

Пушкин тоқыған кілемнен қатты әсерленген Абай, өз жанының жаңғырығын ұлттық ұғымда беруге тырысты. Татьяна мен Онегиннің шерлі махаббатының бейнесі кілемнің өң жағында ұлттық өрнек қалпында тоқылған. Қазақтың кәрі-жасы бірдей оны тамашалаудан жалығып көрген емес. Романды оқығанда не еске алғанда Абай жүрегін жарып шыққан Татьяна әнін іштей ыңылдап қоса айтып отырады. Сезім әлемі махаббат тазалығының шәрбәтінен сусын­дайды.

 

*  *  *

Әдеби байланыс атаулы адамзаттың, әр ұлттың, халықтың рухани байлығын тасытпаса, жасытпайды. Абай орыс рухани әлемін ашып қана қойған жоқ. Ол өз жүрегінің мұхиттай терең сырларына, туған әдебиетінің шығармашылық кен байлығының сарқылмайтындығына, қазақ көркем сөзінің нелер құз-биіктерге самғай көтеріле алатын қуат-күшіне көз жеткізді. “Ғақлия” атты қара сөзінде ұлы Абай: “Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бір­дейлік дағуасына кі­реді” (Абай (Ибра­һим) Құнанбаев. Екі томдық. 2 т. “Ғы­лым”. 1997. 162 б.). , иықтасады, теңеседі деген. Бұл компара­тивистика ғылымында айтылмай жүрген шешуші принцип. Ол принциптің дұрыстығын Абай әлемдік әдеби аламан бәйгенің алдыңғы легіне жүйткіп шыққан тұлпар талантымен, даналық қуатымен дәлелдеді.

 

*  *  *

Абай – ұлт көркі. Адамзаттың рухани қазынасына қазақ не қосты деген сауал туа қалса, жауабын іркіліссіз Абайдай сарқылмас бай кенішімізден іздейміз. Абай қазақтың жазба әдебиетін дүниеге әкелді. Абай мұрасынан әдебиетіміздің көп жанры тарайды. Жетекші жанр – роман да. Романның эпостық оқиғашылдығы, хикаяттық (повествовательность) қасиеті фольклор мен ауызекі әдебиеттен. Жан жүрегі – Абай туғызып өркендеткен лирика жанрынан. Абай қазақ романы тарихының бастау көзін ашып, Мұхтар Омарханұлы Әуезов айтқандай, романның эпистолярлық түрін өрнектеді.

Бір өкініштісі, Абайдың эпистолярлық туынды­сы­ның қазақ романы тарихындағы орны күні бү­гін­ге дейін анықталмай келеді. Жанрлық текті­лік­тің әдеби дамуға тіке қатыстылығына жөнді мән берілмей, қазақ прозасының жетекші жанрының өсіп өркендеуіне Абай туындысының тигізген шара­паты тиісті дәрежеде сөз етілмей жүр. Мір­жақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамал”, Спандияр Көбеевтің “Қалың мал”, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлу” секілді роман бастаулары, “Шұғаның белгісі” тәрізді хикаяттар романға баратын жол есептеледі де, ол қатарға Абайдың эпистолярлық романы қосылмай қалады. Шын мәнінде, аталмыш прозалық туындылар – әдебиетіміздің былайғы дамуына ықпалы жағынан бір төбе де, Абай туындысы бір төбе. Бәрін термелеп жатпай-ақ, алғашқы кітабы 1942 жылы дүниеге келген “Абай” романының жазылуына мұрындық болған “Татьянаның қырдағы әні” әңгімесі екенін айтса да жеткілікті.

Алғаш рет 1937 жылы “Қазақ әдебиеті газеті мен “Әдебиет майданы” журналында жарияланған әңгімеде қазақ-орыс әдеби байланыстарының үлкен бір қадамы зор мәнді рәміздік суретпен аяқ­талады.

“Осылайша, 1887 жылдың қысында орыстың да­насы Пушкин өзінің сүйікті Татьянасын қолы­нан жетектеп кеп, кең қазақ сахарасына ең алғаш рет қадам басты”  (Мұхтар Әуезов. Шығарма­ларының елу томдық жинағы. 23-том. Алматы. “Жібек жолы”. 2005. 440 б.) .

Әңгімеден – роман. Ол қалай туады? Мұхтар Әуе­зовтің ұзақ жылдар бойғы ізденіс-толғаныс­тары­ның өзі бір мектеп. Абай – тарихи тұлға, оның үстіне ақын. Демек, ол жайында жазылатын шығарманың, айталық “Бірінші Петр”, “Емельян Пугачев” немесе “Степан Разин” секілді роман тип­терінен өзгешелігі болуы тиіс. Мұндай твор­чес­тво­олық тұлғаны бейнелегенде дәуірдің қоғамдық-әлеу­меттік келбетіне қоса, ұлы ақынның шығар­ма­герлік психологиясын, поэтикалық жаңашыл­ды­ғын реалистік-тарихи картиналар арқылы суреттеу керек. Осы қиямет қиын міндетті жүзеге асыру мақсатында Мұхтар Әуезов ақын, жазушылар туралы күрделі роман типінің ХХ ғасыр басында жасалған үлгілеріне үңілді. Ю.Тыняновтың “Смерть Вазир-Мухтара”, А. Моруаның “Байрон” атты шығармаларына, тағы басқаларына.

Бірақ жазушы шығармасының елден ерек сәтті тууына ең көп қаруы тигені басқа ешкім де емес, дәл Абайдың өзі еді. “Как я работал над романами “Абай” и “Путь Абая” атты мақаласында Мұхаң­ның: “мне на помощь приходит сам Абай со свои­ми произведениями” (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы. “Жазушы”. 1985. 261 б.) деп атап көрсетуінде үлкен мән бар. Еңбегінің жемісті шығуына Абай өлеңдер жинағының, қаршадайынан жаттап өскен “Евгений Онегин” нұсқасының зор ықпал еткенін арнап айтуды ол өзінің борышы санайды.

Мұхтар Әуезов Абайдың әңгімедегі психоло­гиялық суреткерлік өнерінен ғибрат алған. “В едином комплексе идет во всех четырех книгах и тема развития Абая-поэта, отражаясь в эпизодах, изображающих первые творческие побуждения, через овладение пушкинским языком...”  (Cонда. 277, 278 бб.) — деп роман-эпопеяның жанрлық табиғатын анықтауда ақынның өміртарихынан гөрі, өлең мен ән өнерінің туу, кемелдену тарихына көбірек назар аударғанын арнайы бөліп айтады.

Хат алысып, хат берісу екі жастың романына айналып кетеді. Адам жанының ең бір нәзік құбылыстары шертіледі. Сол тәсілге қызығып, оны қол­данбақ ниетте жазушы Пушкин, Абай тілі жет­кен шеберлікке проза жанрында жетігу жолдарын зерттейді. Құрғақ қағидаларды тізбектеу, өмір­баян­дық оқиғаға бірыңғай беріліп кету Абайдың ақын­дық жүрегін толық ашып бере алмайды. Негізгі салмақты ұлы ақынның жан дүниесіндегі алуан құбылыстарға, ішкі өмірі ағынына салса, прозаның да бірталай нәрсеге шамасы келіп қалар деген байламға тоқтайды.

“Татьянаның қырдағы әні” “Абай жолы” ро­ман-эпопеясының екінші кітабының (1947) соңғы тарауына “Тағы да әнде” де­ген тақырыппен енгізілді. Кейінгі басылым­дарын­да өзгеріп “Биікте” деп аталды. Татья­на­ның қазақ тілінде жазылған хаты қалай туды, әнге қалай сұранды, махаббат әуені қазақ сахарасында қалай шырқалды, – әңгіменің осы рухы ақын шабытының туу, өрістеу тарихын паш ететін роман-эпопеяның шынында да таңғажайып биік беттеріне айналды.

Қысқасы, Абайдың эпистолярлық романы жазушы қолына әлемнің 116 тіліне аударылған атақты “Абай жолының” эстетикалық кілтін ұстатты.

 

*  *  *

“Онегин – Татьяна” романы 1887-1889 жылдары дүниеге келген. Баспа жүзін көруі – 1909 жыл. Бұл жылдары – Х1Х ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында – Қазақ елі бодандық қамытын мықтап киді десек те, Ресейдей экономикасы мен мәдениеті өркен жайған империямен бір шаңырақтың астында өмір сүру патриархалды Қазақстанды дамудың жаңа белесіне шығарды. Әсіресе, Қазақ елінің Ресеймен, сол арқылы бүкіл әлеммен қоян-қолтық мәдени қатынасқа енуі, Батыс пен Шығысқа бірдей үңілуі тегін кеткен жоқ. Сол процестің басты жемісі – Абай шығармагерлігі.

Абай поэзиясы қазақ әдебиеті әлемнің өзге әдебиеттерімен иық теңестірді. “Жоқты-барды ертегіні” термектен тиылып, ел өмірінің толғақты проблемаларына бет бұрды. Абайдың “Сөз айттым “Әзірет Әлі, айдаһарсыз” дегені, Құдайға қарсылық емес, ендігі өскен биік рухани талап дәрежесінен шығу үшін қисса, ертегі-хикаядан гөрі көркем сөздің күрделірек түрі қажет екендігінен өрбіген пікір.

Абай адамның ішкі өмірінің қайнаған құбылыстарын әлеуметтік болмыспен ұштастырып суреттеуге ең ебдейлі жанр роман екендігіне анық көзі жетті. Лирикалық кейіпкердің ішкі көңіл ажарын хат түрінде берген Пушкин тәсілін қолдауды құба-құп көрді. Ерекшелігі, Шығыс әдебиетінің ежелгі дәстүріне бағып, классикалық шығармаға өз тарапынан үн қосты. Орыс данасынан алған тақырыбы мен сюжетін өзінше бағамдап, өнер жарыстыруды ұйғарды. А.С.Пушкиннің “Евгений Онегин” романын сол тәсіл беделінде қазақ қауымына жеткізуге бел байлады.

Қазақ қауымына жеткізудің мәнісі – оған ұлттық реңк беру деген сөз. Татьяна мен Онегиннің жазысқан хаттарын, жауаптасқан сөздерін түгел эпистолярлық формаға түсіргенде ойында аударма емес, “Татьянаның тілімен қазақ қызының жүрегіне қоса тіл” бітіру, “Онегиннің ойлы-сырлы өкінішімен қазақтың саналы жігіт, жас буынын үлгілі сезімдерге”  (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы”. 19 том. 10, 11 бб.) тәрбиелеу міндеті тұрды.

Эпистолярлық роман ұлттық реңк алуы барысында төлтума қасиетке ие бола бастады. Түпнұсқамен салыстырғанда шығарманың аудармаға жатпайтын тілін былай қойғанда, мазмұны да қазақ болмысына икемделді. Кейіпкерлердің характері, ойлау, сезіну жүйесіне дейін түпнұсқадан өзгеше қалыпқа енді. Абай нұсқасындағы Онегиннің аты орыс болғанымен, заты орыс емес. Діні мұсылман, басы тығырыққа ұшырағанда аузына Христос емес, Алла түседі. Ойлау, сезінуі, ділі мен тілі – бәрі мұсылманша, қазақша жүйеленген. “Он сегіз мың бұл ғаламның Бар тынысы күнде тұр” деген сияқты таза қазақы тіркеспен құйғытады. Татьянаға жазған хатында Онегин де “Тәңірі добы – бұл ғарып бас” (Абай Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 2 том. “Ғылым”. 1977. 45 б.)  — деп, “Адамның басы – Алланың добы” дейтін белгілі мәтелді өз тағдырына лайықтап тұжырымдайды.

Онегин тип ретінде қалада тәрбие алып өсіп шыныққан қазақ жастарына көбірек ұқсайды. Философиясы, уайым-қайғысы, ішкі дерті автордың өзін толғандырып жүрген жайлармен өзектес. Қаладан білім, ғылымға уызданып, орыс ойшылдарымен кеңесіп, әңгіме-дүкен құрып, он алты жыл патша әкімшілігімен тікелей араласып қызмет істеген, қала мен ауыл арасында көп қатынаған, сол қоғамның кінәрат-кесапаттарынан қиналған, жапа шеккен Абайдың өз өресімен шамалас.

“Онегиннің сипатын” оқып отырғаныңда “опалы, жақсы жігіт” бейнесі Онегиннің түпнұсқадағы жақсы жақтарынан ғана жаратылмағанына көзіміз жетеді. Кейіпкерін сыйпаттағанда қазақ ақыны айналасындағы жаңа буын жас ұлан тұрпатына да айырықша көз тоқтатқан. Өзі идеал тұтқан үлгі мінездерді дәріптегенде Онегинді Онегин сияқты Ресей болмысында тәрбиеленген қазақ жастарымен іштей салыстырып отырған. Әбдірахман туралы өлең шоғырында Онегинге ұқсас нышандардың барынша дәріптелетіні соның дәлелі.

Абай сөз қадірін бәрінен жоғары қойған. Тапқыр тілді адамды айырықша бағалаған. Дү­ние­де өлімнен күшті нәрсе жоқ, тағдырға тәбділ бола ма, сабырлық қылсақ керекті дейтін көнбіс Абай, тағы бір сәтте артына Сөз қалдыр­ған­дарды өлмейтіндер санатына жатқызады. Алғыр шешен сөз иесі ол үшін ең биік тұлға. Онегин “Кейде үндемей жүрсе де сөзге баяу, От жалындай жауапкер құрбыменен”.

Сөзден есесін жібермейтін айтқыштық қа­сиет­ке Әбдірахман да ие. Қыршынынан қиыл­ған боздағына арнаған жоқтау өлеңдерінде Әбді­рахманның “таппайтын сөзі жоқтығын” Абай күрсіне дәріптеп еске алады. Әбдірах­манның жүрегі — жылы, бойы – құрыш. Жұрт көңілін аулағыш, тындырғыш. Бірақ зәуменде оғаш тентектікке төзбейді. Осы мінез Онегиндей опалы жігітке де тән. Жол таласқан күндес біреу шықса, “ажуаға қорлауға тілі оралды, Не түрлі тұзақ құрып көңілін басқан”  бас кейіпкер мінезін автор сүйсіне үлгі етеді.

Дереккөз: Егемен Қазақстан