Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде қазақ елінің тарихи тамыры тереңнен бастау алатын өз рухани коды бар екенін, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» керектігін айырықша атап көрсетті.
Біздің ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үнінің биік сапалы парасы – Абай даналығы болғанда, рухани кодымыздың сол буынынан бас алатын Алаш әдебиетінің жұлдызы тәуелсіздігіміздің көк туы желбірегенде қайта жарқырады. Алаш қайраткерлері не қиындыққа төтеп беріп, патша заманында да, Кеңес кезінде де ел мәдениеті мен әдебиетін жаңаша дамытуға бар-күш-жігерін жұмсағанын бүгінгі қазақ қауымы жақсы біледі. Осы мақалада сөз етілгелі отырған Мұхтар Әуезовтің Алаш арыстары қатарында қазақ ел-жұртының ұлттық намысын оятуға, рухани жаңғыруына айырықша еңбек еткенін зор қанағат сезіммен еске алады.
Таланты оттай маздаған жас қайрат Мұхтар Әуезов Алаш қозғалысына атсалыса бастағаннан-ақ бірден ел көзіне түсті. Бұл жәйт жазықсыз талай жанның бірін атып, екіншілерін Итжеккенге айдап жатқан кісәпір қызыл терроршылардың назарынан тыс қалушы ма елі. Ендігі кезек сенікі дегендей, Ташкент Орта Азия Мемлекеттік университетінің аспиранты Мұхтар Әуезовті де 1930 жылдың 17 қыркүйегінде абақтысына жапты.
Мұхтар Әуезовтің сол тар жол, тайғақ кешуінің өзі бір үлкен психологиялық романға татырлық. Қараңғы үйден қалай құтылудың амалын ойластырған ол, пәледен машайық қашыптының керін істегенгенге ұқсайды. Большевиктік өкімет орындарына Ашық хат жазып, «Менің – әдебиет пен саясат жолында қандай адам болғандығым туралы Қазақстан партиялық кеңестік жұртшылығы өзінің қоғамдық сынын айтқан болатын. Ол сын ашық, нық айтылған дұрыс сын еді. Ондағы берілген баға бойынша мен «байшыл, алашордашы одағындағылардың салт-санасын әдебиет жүзінде іске асырушы кісі болғам», – дей келе, өзінің бұған дейін қаламынан туған «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Бәйбіше-тоқал», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек», «Қилы заман» сияқты шығармаларынан «Қазақстандағы мәдени төңкерістің жол бағытымен» үйлеспейтіні себепті түгел бас тартатынын мәлімдеді. Хат «Социалды Қазақстан» газетінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында жарияланды1.
«Ашық хатқа» бүгіндер көз жүгірткеніңде, Мұхтар Әуезов, күн жерді айналады емес, күнді жер айналады деген Коперник ілімін қолдағаны үшін инквизиция сотына түскен Галилей іспетті күн кешпеді ме екен деп те ойлайсың. Соттан басын арашалап аман шыққанында данышпан математик, астроном: «все-таки она, земля, вертится» деген ғой…
Ашық хатында ол байлардың ғана емес, қазақ жұртының бәр-бәрінің мүддесін жан-тәнімен қорғағанын, туған халқының көкейкесті мәселелерімен жатпай-тұрмай шұғылданғанын қызыл террор індетті аурудай тараған шақта қалай ашып айтсын, айта алмаған…
Мұхтар Әуезовтің өткен ХХ ғасырдың отызыншы жылдарына дейін қаламынан туған отызға жуық мақаладан, пьеса, повесть, әңгімелерінен «алаш одағындағылардың салт-санасын әдебиет жүзінде іске асырушы» болғаны айқын көрінеді. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов шығаратын «Қазақ» газетінің тікелей ықпалымен Мұхтар Әуезов Алаш қозғалысына белсене араласып, жастар бірлестіктерін ұйымдастырды. «Абай» атты ғылыми, әдеби, шаруашылық журналының жауапты шығарушысы кезінде газет, журналдарға үзбей мақалалар жариялап тұрды. Алғыр таланттың драма жанрына бет бұрғаны да осы жылдардың үлесінде.
Алаш қозғалысы идеялары, дүниетанымы замана талаптарына орай дамыса, Мұхтар Әуезов туындылары да солай өзгеріп дамып отырған. Ресейдегі Керенский бастатқан Уақытша үкімет те, өзін Ресей мемлекетінің жоғары басшысымын (Верховный правитель) деп жариялаған адмирал Колчак та Алаш көсемдері құрған Қазақ автономиясын мойындаудан бас тартты. Қай үкімет Қазақ автономиясын қолдаса, сол үкіметпен одақ құруды ұйғарған Алашорда үкіметінің тапсырмасымен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, қазақтың тұңғыш кәсіби математигі Әлімхан Ермеков Мәскеуге аттанады. Кеңес Халық Комиссарлары үкіметінің председателі В.И:Ленинмен кездеседі.
Абырой болғанда, Алаш ардақтыларының Қазақ еліне автономия әперу үміті ақтала бастады. 1919 жылы 10 шілдеде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитет құрылды. 1919 жылы 24 шілдеде В.И.Лениннің басқаруымен өткен мәжілістің қаулысы бойынша «Ахмет Байтұрсынов жолдас Қазақ өлкесін басқаратын әскери-революциялық комитеттің мүшесі» болып бекітілді. Ең кереметі – 1920 жылғы 30 тамызда РСФСР құрамында Қазақ автономиялы республикасы құрылып, патша заманында жері губернияларға жіктеліп, географиялық картадан қазақ аты өшірілеген әділетсіздік жойылды. Автономиялы Қазақ республикасына қазақтың атамзаманғы жерлері, солтүстік өңірдегі бес облыс, басқа да аймақтары түгелге дерлік қайтарылды…
Ахмет Байтұрсыновтың, басқа да Алаш басшыларының үлгісімен Мұхтар Әуезов кеңес жұмысына да білек сыбанып кірісті. 1919 жылдың желтоқсанынан бастап 1920 жылдың қарашасына дейін Семей облыстық ревкомының қазақ бөлімінің меңгерушісі болып істеп, жазу-сызуларының айнасына ел алдындағы міндет, мәселелерді бар шындығымен түсіріп отырды.
Мұхтар Әуезовтің Семей семинариясында бірге оқитын Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп «Алаш» газетінің 1917 жылғы 27 шілдедегі санында жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласының тақырыбын «Ресей отаршылдығы және Алаш қозғалысының міндеттері» деп шартты түрде атауға да болар еді. Аймауытов пен Әуезов Қазақ елінің азат кезі мен «тірлігі, мақсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына», яки Ресей бодандығына ұшыраған кезеңі бір бөлек, ал бұрынғы замандағы «ұйымшыл, әрі жауынгер, биі әділ, намыскер», досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық болған кездегі ахуалы бір бөлек болғанын жазады. Қазақ елінің ендігі міндеттеріне тоқталғанда мақала авторлары Ресей отаршылдығы салдарынан қазақтың ұлттық қалпы бұрынғыдан өзгерілгенін, партия-партияға жіктеліп, малын шашып, алтыбақандыққа ұрынғанын, тағы да басқа кеселдерге ұшырағанын сынай отырып, бұл кесапаттан құтылудың жолдарын қарастырады. Былайша толғанады:
«Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқығандар ендігі жас балаларға өздері үлгі болып, надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына сүйреуге міндетті»2.
– «Семинарист Мұхтар» деген атпен «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 5 қыркүйектегі санында жарияланған «Адамдық негізі – әйел» атты мақала осы адамшылық ұғымының мәнін ұлы Абайдың: «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген қағидасына сүйене отырып ашады. «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы». Өзіме болсынды ғана көздеу адамшылық құлықты өсірмейді, соның салдарынан жақсылықтың бәрі жамандыққа айналады дейді. Адамшылыққа үлгі болатын қылықты анамыздан аламыз. Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел. «Сол себепті, әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халын түзе! – деп үндейді.
«Мұхтар Әуезов» деп қол қойған және бір мақаласында (1917 жыл, 14 қыркүйек. «Сарыарқа» газеті) автор ұлтшылдық пен адамшылық ұғымдарын бір синонимдік қатарға қояды. Надандық ауыртпалығының зіл батпаны басқан халқымызды «өрге сүйреудің әдісін, тәсілін табуға тырысу керек»3. –дейді.
Бұдан соңғы «Ғылым» атты мақаласында («Абай» журналы. 1918 жылғы бірінші саны) қай білімдінің ғылым жолын қағас түсінетіндігі сөз етеді: тән рахаты, нәпсі құмарлық, тұрмыс керек жарағы – бұл ескілік қалпы. «Көркем ғылым, көсем ақыл… адамшылықтың иман жүзді жарық күнінің астына апарып, бар адам баласын бұрынғы қаскүнемдік, қанышерлік жауыздығын тастатып, бір сүйіспеншілік, бір туысқандық жүрекпен табыстырса керек деп білемін»4.
Мұхтар Әуезовтің орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Бұдда» атты мақаласын тәржімалағандағы мақсұты да («Абай журналы. 1918 жылғы бірінші саны) адамшылық ілімін, «тірі жанға жаманшылық жасамау» қағидасын насихаттау болған.
«Абай» журналының 1918 жылғы екінші санында басылған Абай өмірі мен творчествосы туралы тұңғыш мақаласында Мұхтар Әуезов қазақтың бас шайырының ақындық өнерін, тереңнен толғайды, философиялық қуатын, сыншылдығын, суретшілдігін, жүрек сырын тапқыш лирикалық нәзіктігін, тағы да басқа үздік сыпаттарын талдаумен қатар, бұрынғы қазақ поэзиясында «мінезді суреттеп, мінді айтып, адамшылыққа жөн сілтеген ақындар болмаған» деп, дана Абайдың «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» мақалын тағы да еске сала кетуді жөн санайды.
«Абай» журналында жарық көрген (1918 жылғы екінші саны) «Қазақ ішіндегі партия неден?» деген мақаласында Мұхтар Әуезов адамшылық, яки ұлтшылдық идеясы туралы ойларын жалғастыра түсіп: «Адам баласы, әсіресе, надан, еңбексіз болса, құлқынына құлдығы күшең болмақ. Сондықтан тамаққа адамшылығын айырбастайтындық әр кедейдің жұмысы. Егер сол кедейдің ешкімге жалынбай, өз қорегін өзі тауып отыратын өз харекеті болса, оның адамшылығы басқарақ жолда болған болар еді»5, – деп толғайды.
Мұхтар Әуезов адамшылық идеясын 1919 жылдың желтоқсанынан бастап 1920 жылдың Семей облыстық ревкомының қазақ бөлімінің меңгерушісі болып істеген кезінде әр түрлі жолмен дәріптейді. «Қазақ тілі» газетінің 1920 жылғы 5 ақпан күнгі санында жарияланған «Қазақ оқығандарына ашық хат» және 31 желтоқсанда басылған «Бүгінгі зор міндет» мақалаларында қазақ оқығандарын қазақтың мұң-мұқтажын орындау мақсатына бар күш-жігерін жұмсауға шақырады. «Совет һүкіметінің заңынша оқу жұмысы қаншалық бағалы, қадірлі екенін іске араласқан кісінің бәрі де біледі»6 дей келе, надандықты құртуға (ликвидация безграмотности) бағытталған қызметті мейлінше күшейтуге, қазақтар үшін мектеп, клубтар салуды үдетуге үгіттейді.
Мұхтар Әуезовтің аталмыш кезеңдегі көркем шығармалары да тіршілік қамы мен адамшылық, ұлтжандылық қамын бір-біріне қарама-қарсы қоюымен ерекшеленеді. «Еңлік-Кебек» пьесасының 1922 жылғы алғашқы нұсқасындағы «Сөз басы» атты кіріспеде бұл ерекшелік былайша тұжырымдалады:
«Кешегі Арқаның ескек желі желдеткен ала тудың астына жиылған жер қайысқан қол қайда? Оның орнында бұл күнде күңгірт пішінді, қоңыр момын қазақ ақсақ-тоқсағын түртпектеп жүр.
Кешегі ұраншыл ел, аламаншыл батырдың орнына қараңғы түнді жамылып, ағайынның малын жетектеуді өнер қылған қорқақ ұры жүр…»7.
Бұл тезисін Мұхтар Әуезов пьесасының жағымды кейіпкерлері Абыз, Кебек, Еңлік, жағымсыз кейіпкерлері Есен, Еспембет би, Кеңгірбай би тартыстары арқылы бейнелейді.
Сәуегей қария Абыз Есенге қаратып:
«Батыр! Қайратың адам дұшпаны арыстанға біткен қайратпен тең екен. Төңіргегіңді торып жүрген кәпірді көрмей, іздеген жауың мұсылман болса, алты алаштың баласын көрмей, тапқан жауың туысқаның болса, өрісің ұзақ болмас. Кер заманға кез болып, кері кеткен елдің кер тартқан тентегі шығарсың. Басқа айтар сөз жоқ»8, – дейді.
Кіршіксіз махаббат сезімін жырлайтын «Еңлік-Кебек» трагедиясы қазақтың ру-ру боп қырқысқан бейшаралақ күйін жеріне жеткізе сынайтын, айыптайтын жан айқайы да!
Түгелдеп қорытқанда, Мұхтар Әуезов әу бастан-ақ ұлт береке-бірлігін, тұтастығын көксеп, адамшылық, ұлтшылдық идеясымен сыйыспайтын құлқын қамы үшін ел жұртын сатқандықты аяусыз әшкерелеген. Отызыншы жылдарға дейін Мұхтар Әуезов қаламынан туған қай көркем шығарма, мақала болсын маңызы, актуальділігі әлі күнге өэ күшінде.
«Қайсысын қолданамыз» атты «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 19 қазандағы санында Мұхтар Әуезов Алаш қозғалысы көсемі Ахмет Байтұрсыновтың қазақ мектептеріне арнап қандай оқулықтар жазу керектігі жайлы пікірін қолдай отырып, «Ғылым жолында талай басқышқа мініп кеткен өзге жұрттарды алсақ, бәрі де жылдан-жылға оқу кітаптарын жаңғыртып, бір жақсыдан бір жақсысын таңдап отырады. Сөйтіп оқу кітаптары ылғи жазылып, жаңарудан бір босамайды»9 деп жазды. Бұл пікірді бүгінгі тәуелсіздік заманының халық ағартушылары бірауыздан мақұлдап, қол қоятынына өз басым кәмілмін.
* * *
Қазақ көркем әдебиетінің классигі, әлем әдебиетінің заңғар жазушысы, атақты «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің туғанына үстіміздегі жылғы қыркүйекте 120 жыл толады. Мерейтой күндері біз ұлы Мұхаңның әр сөзі, ой-пікірі бек қымбат екенін тағы да зор ілтифатпен мойындаймыз.
Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылы ішінде қазақ халқы өзінің мәдени- рухани қуатын арттыра түсті. Дегенмен, сол қуатты әлсірететін ахуал да баршылық екенін ұмытуға бола ма? Кезінде Абай, Мұхтар аяусыз сынаған жемқорлық, ру-руға бөлінушілік кінәраттарынан қазақ қоғамының әлі құлантаза арыла алмай отырғаны жасырын емес. Жазушы Мұхтар Әуезовтің әу бастағы Алаш туы астында көтерген идеяларының бірде-бірі тарих көшінде қалған жоқ. Адамшылық, яғни ұлжандылық мағынасындағы ұлтшылдық – бүгін де халқымызға ауадай қажет идеялық қару.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде «Әуезовтің ғұламалығы» рухани мәдениетіміздің қайнар көзінің бірі екендігін тегіннен-тегін айтпаған.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1 Мұхтар Әуезов. Шығармаларының елу томдық жинағы. Әуезұлы Мұхтардың хаты. 8-том. Алматы. «Ғылым» ғылыми баспа орталығы. 2002. 479-б.
2 Мұхтар Әуезов. Шығармалар өмірі 50 томдық жинағы. Алматы. «Ғылым». 1997. 43-45-б.
3 Сонда. 49-б.
4 Сонда. 283-286-б.
5 Елу томдық 1 т.. 69-б.
6 Сонда. 150-б.
7 Сонда 156-б.
8 Сонда. 167-б.
9 Сонда. 51-б.
"Қазақ Әдебиеті" газетінен