БӨЖЕЙ АСЫНДАҒЫ АБАЙДЫҢ АЗАМАТТЫҒЫ

"Атадан ұл туса – игі, ата жолын қуса – игі",-дейді дана халқымыз. Өзінің бойға біткен дарындылығымен қоса, тектілігімен де ерекше көзге түскен халқымыздың аты аңызға айналған біртуар азаматтарының бірі – Абай Құнанбаев. Бүкіләлемдік әдеби аренаға қазақтың атын танытқан ойшылымыздың үлгілі өмірі туралы кеңінен, барынша толық мәлімет беретін көлемді туынды – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы. Осы романда сөз болатын Абайдың өнегелі өмірінен хабар беретін оқиғалардың бірі – Бөжейдің асы. Осы ас беру рәсіміне белсене қатысып, барлық жауапкершілікті өз мойнына алған, әрі оны өз деңгейінде ақтап шыққан жас Абайдың әрекетін әркім әртүрлі түсінетін болуы керек. Абайдың азаматтығы елге танылу ма, елді таныту ма, әлде есейгендік пе?

Бұл мәселені жан-жақты қарастыруға болады. Өз ұлтының қамын ойлап, әулеттің абыройын көтеруді мақсат тұтқан жас жігіттің көкейінде азаматтық борыштың жатқандығы анық. Жақындарының алдындағы жауапкершілікті сезіне біліп, әрі мойнына алған істі лайықты түрде атқара білген Абайдың ерен еңбегі – әрине, есейгендіктің белгісі еді. Есейіп, етек-жеңін жинаған жігіттің өз отбасындағы ғана емес, үлкен ауқымдағы маңызды істерге белсене араласуы – осының дәлелі.

«Ас өлік үшін ғана емес, әсіресе, тірлік үшін керек. Олар өлімді сылтау етіп өздерінің абыройын, атағын, мақтаныш, айдынын да асырады»,-деп, жазушы асты кедейлердің емес, тек дәулеттілердің беретінін айта кетеді. Бәлкім, елді таныту да Абай әрекетінің түбінде жатқан мақсат десек те болатын шығар. Бірақ, ол ақынның жан түкпірінен шыққан қалау емес, халық арасында қалыптасып қалған көзқарастан еді.

Ал елге танылу жайына келер болсақ, Абайдың ондай мүддені көздемегеніне кәміл сенімді бола аламыз. Себебі, Абай ешқашан атақ қуған емес, даңқты мақсат тұтқан жоқ. Егер абырой көздеген болса, болыстықтан өз еркімен бас тартар ма еді?! Өзінің даналығымен, ойының тереңдігімен, өнерімен көзге түсіп жүрген жас жігіттің мұндай тіршілік арқылы елге танылуды көздемесі анық.

Романды терең түсіне білген, Абайды жанымен тани білген адам оның азаматтық әрекетінің негізінде қандай ой жатқанын ұғынса керек-ті. Үлкен жауапкершілікті мүлтіксіз атқарып шыққан Абайдың жетістігі – оқырман көңіліне де үлкен мақтаныш сезімін ұялатады.

Арайлым Мелдешова