Уәлихан Қалижанов: ӘУЕЗОВКЕ ЖОЛ

Әр ұлттың ұлы тұлғалары болады. Олар қаншама ғасырлар өтсе де сол ұлттың мөрі секілді санаға соғылып, адамзаттың ортақ құндылығына айналады. Ағылшындар үшін – Шекспир, Француздар үшін – Бальзак, орыстар үшін – Пушкин, Үндістер үшін – Тагор, өзбектер үшін – Науаи, Түркмендер үшін – Мақтумкулы, азербайжандар үшін – Низами, қазақтар үшін әрине – Абай. Сол Абайдың ұлылығы мен данагөйлігін ашқан Мұхтар Әуезов те өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыбы.

      Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ әдебиетінің алтын ғасырының бастауында тұр. Ол қазақ өркениетінің жаңа болмысын ашқын жазушы, ғалым, ұстаз, драматург, сыншы. Бір сөзбен түйіндеп айтсақ, энциклопедиялық ұшан-теңіз білім дариясының кемеңгері әрі ұлы қайраткері.

Ұлы суреткер феодалдық қоғам ыдырап, қазақ қоғамы капитализмді айналып өтіп, социалистік қоғамның орныға бастаған тұсында әдеби өмірге келді. Сондықтан да білімділердің бел ортасынан өз орнын ерте ойып алды, ерте жарқ етіп көрінді. Бірақ замана сұранысына дендеп кіріп, кеңестік әдебиеттің күрескері де, жаршысы да болып кете алмады. Қытай ойшылы Конфуцийдің «ауыспалы кезеңде өмір сүрме» деген даналығы дөп келді. Мұхтар Әуезов революцияның қызыл қыраны да, дауылпазы да бола алмады. Ол өзінің жан дүниесін баурап алған ұлы мақсаттарды бірте-бірте жүзеге асырды. Ол жазушылық һәм ғалымдық жол еді. Осы жол Мұхтар Омарханұлына азапты жолға апарды, осы жол Мұхтар Омарханұлын әлем мойындаған қаламгерлердің сапына қосты, осы жол Мұхтар Омарханұлын академиктік дәрежеге, Лениндік сыйлыққа алып келді. Осы жол Мұхтар Омарханұлын шын мәніндегі халықтық жазушы деңгейіне көтерді. Ал халық ижадына енген адамды уақыт та, заман да, қоғам да тарихтан сызып тастай алмайды. Бірақ осындай халық махаббатына жету үшін Мұхтар Әуезов «тар жол, тайғақ кешулерден», жабыла қапқан аш бөрі сыншылардан, екіжүзді саясаттың, ауыр идеологияның қанды қақпанынан өтті.

    Мұхтар Әуезов қандай адам еді! Халық махаббатына қалай жетті, оның озық ойлы дүниетанымын тану жолдары қандай? Сондықтан да жылдар жылжып өткен сайын, жаңа Қазақстанның жас ұрпақтары ұлы классик жазушы туралы көбіне интернеттік ақпаратпен ғана таныс болады да, оның өмір жолының сан соқпақ жолдарынан бейхабар қалады.

         Абай Мұхтарды әдебиеттің шыңына көтерді, Мұхтар Абайды әлемге танытты. Бұл − ақиқат.

       Абайды тану арқылы Мұхтар Әуезов қазақты, оның тарихын, ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, аңыз-әңгімелерін, фольклорын таныды. Бұл өз кезегінде Мұхтар Омарханұлының өмірлік принциптерін қалыптастырды. Ол қандай принциптер:

Өз ұлтының ұлы мұраларын тану арқылы өз халқыңа қызмет етесің.

Ұлт мұрасына адал болу арқылы халқының санасын оятасың.

Халық ұлағатын насихаттау арқылы жас ұрпақты тәрбиелейсің.

Өзің өссең − халқың да өседі.

Осылай Абайды тану арқылы Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінің классигі дәрежесіне көтерілді.

Мұхтардың көзқарасын қалыптастырған тағы бір үлкен саяси мектеп бар. Ол – Алаш идеясы. «Бұл бала Мұхтардың көзі ашық, көкірегі ояу кезіне тап келді. 20 жасар Мұхтар Әуезов «Алашорда» үкіметінің мақсат-мүддесін өмірлік мақсатым деп түсінді, әрі оның жұмысына белсене араласты» (И.Тасмағамбетов, Т.Жұртбай. Кіріспе сөз. М.Әуезов. І том. А. Ғылым. 1997,16б.).

Атақты Мұхтар Әуезовтің қолжазба қорында «Өз жайымнан мағлұмат» атты жазбасы бар. Сонда Мұқаң:

«Арасында ауырып, оқуды бірлі-жарымды тоқтатып, доғарып қойып жүріп, семинарияны 1919 жылы шала-шарпы бітірдім. Бұл кездерде февраль төңкерісі болған. 19-жылдың аяғында кеңес өзгерісі болды, әлеумет қызметіне араласып кеттік. Содан кейінгі баспа сөзіне толығырақ араласқаным 1918 жылы «Абай» журналының шығуымен байланысты. Ондағы сөздер сырлы әдебиет емес, жалпы мақалалар, балалықтың, жастықтың, әр сайға басын соққан сандалысы, далбасалығы сияқты», – деп жазыпты. (Қолжазба қоры, 382 папка).

Тағдыр Мұхтарды «Абай» журналына алып  келіпті. Абай жас Мұхтардың  алдынан қайта шықты. Атына заты келе бермеген журнал қызметі оны қызықтыра қоймады. Көзқарастағы ішкі қайшылықтар жас Мұхтарды жегідей жейді. Оны М.Әуезовтің «Оқудағы құрбыларыма» атты мақаласынан айқын аңғаруға болады.

«Ендігі халық болумызға ұйытқы болатын нәрсе – құрыш құрсаулы әділ, қатал билік. Ендігі хакімнің негізге құрылған законы болмаса, жуан атаның еркі ел ішінде жүрмеуі керек. Әлі де жуан ата билеп-төстеп, қадірлі болатын болса, автономия деген, бөлектік дегеннің бәрі де сырты бүтін, іші түтін болады. Бірақ мұндай күйді бұрынғы уақыт көтерсе де қазіргі уақыт көтермейді... . Біз әлі шикі жұртпыз, талай өзгеріске мойын ұсынамыз. Заман еріксіз мойын ұсындырады... Бұл халді әркім ескеру керек»( М.Әуезов шығ. 20т. 1984. 15т. 10б.).

Мұхтар Әуезов Ресей құрамындағы «Алашорда» үкіметінің жолы дұрыс болғанымен, дербес ұлттық мемлекет құруға жол берілмейтінін түйсінеді. Ойын ашық, бүкпесіз жариялайды.

1919 жылдың 1-желтоқсанында Семей губерниялық революциялық комитеті жанынан қазақ бөлімі ашылып, Мұхтар Әуезов соның бір бөлімін басқарды. Жоғалғаны табылып, өшкені жанғандай еді. Енді халық үшін қызмет ететін шақ туды деген ойға келді. Және бұл көзі ашық, сауатты жастардың бәріне ортақ міндет деп есептейді. Осылай М.Әуезов «Қазақ оқырмандарына ашық хат» жазды. (М.Әуезов шығармалары. 1984. 15т. 30б).

«Осы күнде не қылса да оқығандардың бәрі де барын салып еңбек қылып, осы өкіметті сендіру керек. Сонымен бүгінгі мекеме атаулыда бос қалып жүрген қазақтардың мұң-мұқтажын орындау керек. Қашып бағудың ешбір себебі жоқ. Совет өкіметі үлкен жазығы бар адамдарды да қатарына кіріп, пайдалы қызметтерді істеймін десе – қумайды. Егер қазақ оқығандары Совет өкіметінің қабағынан қорқып қашса, айтатын сөзіміз осы: Оқығанның қайсысы болса да азғантай пайда келтіре аларлығы болса, тезірек қалаға келіп қызметке кіруі керек ... Қазақтың қамын жейтін оқыған болса ...бос жүргеннің бәрі келуі керек».(сонда.)

Бұл ұлттық патриотизмнің жарқын көрінісі. Қалай болғанда да оқығандар мемлекеттік қызметте көп болса, солғұрлым қазақтың, солғұрлым халықтың көзін ашады. Ол жаңа заманда адаспай өз орнын таба білгенін қалайды. Кейін большевиктер партиясының бір мемлекет құру идеясын жүзеге асыра бастағанын көрген соң, саяси жұмыстан бір жола қол үзеді. Жан күйзелісін жазудың бір ғана жолы бар еді. Ол – қалам, ол – әдебиет. Әдебиет − үлкен әлем. Оған қаламгер бәрін де сыйғыза алады. Ақ қағаз бен сия сауыт Мұхтар Әуезовті әдебиеттің шыңына көтерді, ол өз қиял-дүниесінің билеушісі болып, сөз патшалығының хакіміне айналды...

Мұхтар Әуезов халыққа өз сөзін, өз көзқарасын жеткізудің бір ғана жолын көрді. Ол – драматургия еді. Әуелі «Ел ағасы» деген 4 көрністі драма жазады. Бірақ ол ізімғайып жоғалып кетеді. Ал, «Бәйбіше-Тоқалдың» жөні бөлек. Бұл шығарма әлі күнге театр сахналарынан орын алып жүр. Әр режиссер «Бәйбіше-Тоқалды» әртүрлі қойғанымен, пьесаның негізгі лейтмотиві сақталады. Бір-бірін көре алмайтын бәйбіше-тоқал орыс офицері келгенде жайылып төсек, иіліп жастық бола қалады. Авторлық ремерканыңның күштілігі сондай мұнда М.Әуезов қазақ болмысының трагедиясын күнделікті өмір көріністері арқылы дөп көрсетеді, іштегі қыжылын сыртқа шығарады.

1921-1922 жылдар қазақтың басына қара бұлт болып келді. Елді аштық жайлады. Бұл жас Мұхтардың көзқарасын толықтай қалыптастырды. Енді шыдау да, үнсіз қалу да мүмкін емес еді. Ол қазақ қызметкерлері Одағы кеңесінің мәжілісінде запыран сөзін айтты.

«Шындығына көшсек, ашаршылық жайлаған қырдағы елдің қырылғанының жанында, қаладағы аштықтың үрейлі көріністері ойын сияқты әсер етеді. Егерде бұл аудандарды аштықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл түрде шешуші шара қолданбаса, онда Қазақ Республикасы қазақсыз қалады».

... «Өкімет басында отырған қазақ қызметкерлері, бұл істі дәл сол күйінде қалдырып қоюға болмайтыны өз алдына, бұл сіздер үшін қылмыс, біз бұл үшін қазақ елінің алдында, өзіміздің арымыздың алдында жауаптымыз». (ҚР МОА. 82қор. 42-іс. 23-24 парақтар).

Мұхтар Әуезов халық трагедиясын өз трагедиям деп білді. Ащы шындықты ашық айтады, батыл айтады. Мұндай сөзді, әрине, жүрегінің түгі бар, ұлтжанды адам ғана айта алар еді. Міне, осындай жағдайаттар Мұхтар Омарханұлының жанын күйзелтті, мұндай қылмысты көру де, оған ортақтас болу да өліммен пара-пар еді. Сондықтанда Ташкентке барып, Орта Азия университетінің дәрісханасына отырды, бұдан кейін де пайыз таба алмай Ленинградтағы университетке ауысып кетті. Елден кеткенмен ел елесінен кете алмады. Біраз әңгімелері, атап айтқанда «Қыр суреттері», «Жас жүректер», «Заман еркесі», «Кім кінәлі», атты шағын хикаяттары бірден Мұхтар Әуезовтің атын шығарды. Топ жарып шыға келген жас дарынға біреулер қуанып, біреулер кектеніп қарады. Оның үстіне 1922 жылы «Шолпан» журналында Мұхтар Әуезовтың «Қазақтағы қалам қайраткерлеріне» атты ашық хаты жарияланды. Онда Мұхтар баспасөздің қоғамда алатын орны һәм оқырманға жазушы қандай материалдар ұсыну қажеттігі туралы бүкпесіз ойын айтады. Әрі ұлттың басындағы жағымсыз әдеттерді сынап мінейді.

... «Бұл баспасөздің басылуы, күшейген уақыты деуге болады. Бірақ, қалың қазақтың тілегіне келгенде бұл, саны бар, сапасы жоқ сөздерге ұқсайды. Өте көп, өте қиын жаңа сөздер сөйленіп жатыр. Солардың әдебиет арқылы бірде-бірі қазақтың миына кеп, рухына сіңді ме? Сіңген жоқ. Себебі, бұл сөздер суықтық қылып отыр. Елдің қышулы жерін тауып, өзінің керек боларлық орнын білмегендіктен, оқушыны таба алмай отыр.

... Біздің осы күнгі баспасөзімізден арзан сөз жоқ...

... Жазушының міндеті: ел неге қызығады, нені көксейді, қандай рухы бар, соны ұғып алу, һәм соған лайықтап сөз жазу.

... Қазіргі кейбір баспасөздерде көбіне, қазақтың мақтаншақтығы шығатын болды.

... Шығып жатқан газеттердің бұндай істерге жамандау мен мақтаудан қолы тимейтін болса, оларға бетіңнен жарылқасын дейік... Таза әдебиетке бір жол салу, бет түзеуде, бүгінгі күннің қарызы сияқты...» (Шолпан журн. 1922ж. №.2,3сан. А., «Анарыс» бас. 2010ж., 70-71б.).

Содан бері 90 жыл өтіпті. Ал қазақ баспасөзінің сол кеселі әлі күнге сол қалпында тұрған сияқты. Ойланатын, ойлантарлық мәселе. Хош делік. Мұхтар Әуезовтің бұл хаты биліктегілердің шамбайына тигені анық еді. Ашық ойдан жау іздеу қара шегіркедей қаптап, қоюланып келе жатты. Енді әдебиеттегі «жолбикелермен» күрес мемлекеттік саясаттың бір тармағына айналды. Әрине, мұндай мақала үшін өкімет Әуезовті қалай жақсы көрсін. «Жолбикелермен» күрес басталды. Өкіметтің «жолбикелері» дегендері кімдер еді? Олар – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Даниал Ысқақов, Жанша Досмұхамедов, Қошке Кемеңгерұлы сияқты Алаш ардақтылары болатын.

Осылай Мұхтар Әуезов пролетарлық әдебиеттен шошынған, ескі дәуірді аңсайтын, оның құндылықтарын жаңа заманның парасат биігінен жоғары қоятын қаламгерге айналып шыға келді. «Қарагөз» трагедиясы сол садақ қадалатын жамбыға айналды. «Қайран елім қазағым, қайран жұртым». Ақыры «Қарагөз» сахнадан алынып тасталды. «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Қарагөз», «Бәйбәше-Тоқал» сынды классикалық шығармалар арқылы Мұхтар Әуезов қоғам мен адам арасындағы тағдыр таласы туралы трагедиялық шешім арқылы, тұспалды ой айтты. Бұл ұлтты түзеу үшін қажетті дүниелер еді. Бірақ «тырнақ астынан кір іздеу» оңайдың оңайы. Бұл ретте Иманғали Тасмағамбетов пен Тұрсын Жұртпай жазған мына бір пікірге толық қосыласың.

«Әуезовтің бұл кездегі жан дүниесінің толғағын аңғартқан да, кейін сан өкіндіріп-опындырған да, ашындырып-аялаған да – осы «Қарагөз». Әлеуметшіл сыншылар әр сөз бен әр ноқаттың арасынан жасырын сыр, емеурін іздеді. Олар үшін «Қарагөз» өткенді аңсаған зар, көшпелі әлемнің жоқтауы ғана еді. Сырымның Қарагөздің қабірі басындағы монологынан құранның уағызын естігендей болады» (М.Әуезов. Шығармаларының 50т. Жинағы. А., Ғылым, 1997ж., 23б.).

Бұл дәл айтылған сөз, ащы да болса шындық.

Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Абай» эпопеясына бастаған әдеби жолдың бірі оның «Еңлік-Кебек» пьесасы болды. Бұл пьесаның тарихы, архитектоникасы, көркемділігі мен бейнелілігі туралы көп зерттеу жүргізген, драма табиғатының тамыршысы, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғали еді.

Рекең «Еңлік-Кебек» аңызының екі әңгіме, екі поэма түрінде төрт нұсқасы болғанын, және ол нұсқалардың барлығы да бір-бірімен алшақ еместігін мысалға ала отырып, Еңлік пен Кебек тағдыры найман-тобықты конфликтісінен туындаған махаббат трагедиясы екендігін дәйектейді. Нақты мысалдар келтіре отырып, Әуезов пьесасының кезінде сыншылар қаһарының ілігуінің себептерін түсіндіреді. Сөйтсек, мәселе мынада екен. М.Әуезов «Еңлік-Кебектің» алғы сөзін өзі жазыпты. Мұны бүгінгі ғалымдардың көбі біле бермейді:

«Айнымаған: кешегі күні жақынымен жатша жағаластырған алтыбақан алауыздық. Алаштың аты озғанша, ауылдасының тайы озсын деген берекесі, тыныштығы жоқ, бітімі, тынымы жоқ қазақ әлі сол қазақ. Өз қайратын өзі жойып, қасындағы туысқанын қарақтап, өз қолын өзі байлап берген қазақ әлі күнге сол қазақ, өшпеген мінезі осы. Ұмытылмаған әдет, жазылмаған дерт осы». (М.Әуезов. «Еңлік-Кебек» 4 перделі пьеса, 5 суретті трагедия. Орынбор, 1922, 2-б.)

Мұхтар Әуезов жазған сол қазақ бүгінде пәлендей өзгере қойды деу де қиын. Дегенмен, автор 1943 жылы бір рет, 1956 жылы екінші рет пьесаны қайта өңдеп жазып шығады. Егер бірінші нұсқада «Еңлік пен Кебектің» трагедиясы «алауыздық пен билердің қатігездігінде» деген ойлармен тұспалданып айтылса, соңғы екі нұсқасында М.Әуезов екі жастың өлімін  Шекспирдің Ромеосы мен Джульеттасы сияқты қатыгез заманның құрбандары болғанына ойыстыратындығын автор шеберлікпен шеше білгенін, оның Жапал мен Абыз аузынан шығатын тебіреністі монологпен бергенін және оның халықтық, елдік туралы  ғалым, бүге-шігесін қалдырмай талдайды. «Еңлік-Кебектің» үш нұсқасын салыстырып, ондағы өзгерістерді салыстыра отырып, Рымғали Нұрғали оның «образдары кесек-кесек, тартысы шыңыраудай терең, тілі жағынан шұрайлы классикалық туындыға айналды» деп бағалайды. Бұл шынында да кеңестік жүйенің социалистік реализм принциптеріне ыңғайлана түзетілген туынды болғанымен, енді ол оптимистік трагедияның биігіне көтеріледі. Тұрмыстық деңгейдегі шиеленіс әлеуметтік, халықтық сипат алды. Міне, осындай терең ойларды сыншы жымын білдірмей талдап, авторлық идеялардың ұлттық сипатына ерекше ден қояды. Драма трагедияның жеке тағдырдан туындайтын даралық сипатының халықтық қуатты күштің тууымен дәйектейді. Зерттеуші эстетикалық міндеттерді шешумен, оны санамалаумен әуестенбейді. Ол өзгертілген сөз, сөйлем, образдар арқылы М.Әуезовтың рухани тазарудан,рухани биікке көтерілгенін ұлықтайды.

Сонымен, Мұхтар Омарханұлының жағдайы 1930 жылы күрт төмендеп, тұтқында отырады. Тергеу екі жарым жылға созылады. Осы тергеу материалдарын тауып, халыққа жеткізу міндеті тұр. Бұл күнге де жетерміз. Бұл зобалаңнан Мұқаң «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттеріне өз қателігін мойындаған ашық хат жазып, әрең құтылады. Бірақ шындықты айтудан тартынып қалған жоқ. Күллі түркі әлемінің, құндылығы қырғыздың «Манасын» қорғаған ерлігі не тұрады?! Бұл, әрине, айтуға ғана жеңіл.

1947 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Қазақ ССР Ғылым академиясы тіл және әдебиет институты қызметіндегі өрескел саяси қателіктері туралы қаулысы шықты. Қазақ әдебиетіне, ауыз әдебиетіне тағы да қауіп төнді. 1953 жылдың 11 сәуірінде аталмыш қаулының орындалу барысы туралы Академияның үлкен залында Президиум мәжілісі өтті. Қазақтың батырлық жырларының халықтық сипаты туралы филология ғылымдарының кандидаты, Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин баяндама жасайды. Қанша батыр болса да Мәлік ағамыздың партиялық тапсырмаға қарсы тұрар күш-жігері жоқ еді. Партиялық аппарат адамды таптаудың, жоқ қылып жіберудің неше түрлі алғы-шарғыларын жетік меңгергенін жұрттың бәрі білетін.

Пікірталасқа шыққан Мұхтар Әуезовтің көзқарасы қандай? Әуелі Әуезов сын мен өзара сынның принциптерінен кете алмайтынын түсінді. Сондықтанда ол өзінің өткен жолындағы ұлтшылдық һәм пантюркистік пиғылда болғаны туралы баяндамашымен келісетінін жеткізеді. Бірақ бұл идеялардан өзінің баяғыды-ақ бас тартқанын жариялайды. Сондай-ақ өз кемшіліктерін тізбелеп шығады. Сонан соң баяндамашының жеке көзқарастары мен саяси ұстанымдарына ауысады.

М.Әуезов:«Талқыланып отырған  мәселелер бойынша баяндамашы Ғабдуллин қаншалықты принципшіл, қаншалықты әділ. Мұндай сұрақтарды айтпасқа болмайды. Оның баяндамасының бірінші бөлігінде Едіге, Қобыланды, Ер Сайын, Кенесары және басқа эпостар жөнінде бір-бірімен үйлеспейтін керегер пікірлер жоқ па?

...М.Ғабдуллин бар кінәні маған артқаны несі? Айта кетейін, сыналған том дайындалған кезде Ғабдуллиннің өзі әуелі институт директорының орынбасары, одан соң директоры болды емес пе? Онда Исмаиловтың, Жұмалиевтің томды дайындауға қатысуына неге мен ғана жауап беруім керек, бірінші кезекте Ғабдуллин жауап бермей ме?

...Мен партияның әділ және объективті шешіміне берік сеніммен қарап өмір сүріп жүрген адаммын.

...Мен Ғабдуллиннен маған тағылған айыпты жеңілдетуді немесе алып тастауды сұрамаймын, оны өз ұяты білсін».

Мұнан кейін М.Әуезов «Қобыланды», «Қамбар», «Алпамыс», «Ер-Тарғын», «Қыз Жібек» сияқты эпостарда хандардың жағымды бейнесі жоқ екендігіне тоқталады. Орхон жазуларындағы Білге Қаған, Күлтегін, Тоныкөк жырларының тарихылығы мен формалық ерекшеліктері бар екеніне қызығушылық таныту керектігіне назар аудартады. Әрі халық мұрасын тазалап, қолдан жасалған қоспалардан тазартып, халық қазынасын қайтару қажеттілігіне баса назар аударады.

Бұл Қазақстан қаламгерлерінің абыройлы міндеті екендігін айтып, сөзін тәмамдайды.

Мәлік Ғабдуллин  азамат, өз-өзіне сын көзімен қарай алатын бірегей тұлға екенін кейін дәлелдеді де. 1955 жылы 28 октябрде Мәлік Ғабдуллин «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мұхтар Әуезовке хат» жолдайды. Сонда мынадай жолдар бар:

«... Бір кезде сын деп, сынау деп сыңаржақ кеткен, асыра сілтеген жеріміз болды. Ондайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын».

Мұхтар Әуезов бұған қалай қарады? Кешті ме, қазақтың екі ұлы тұлғасы түсіністі ме? Түсінісіпті. Мұхтар Әуезов Мәлік Ғабдуллинге «Кірбің кеткен көңілден» деп қолтаңба қойып, «Абай жолын» сыйлайды.

Алды кең, жүрегі таза, озық ойлы Мұқаң ғана мұндай кеңшілік жасай алар еді. Ұлылық деген осы болар!

Қазір «Абай» эпопеясындағы кейбір кейіпкерлер туралы тың деректер айтыла бастады. Мәселен, Мұхтар Әуезов романындағы Шұбар ақын кім? Ондай ақын болған ба? Бұл ретте филология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаевтың «Сөз туралы сөз» деген кітабындағы Әуезов туралы естелігіне назар аударған жөн. Мұнда Сұлтанғали Садырбаев 1951 жылғы наурыз айында өткен Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен өткен кездесуде:

  • Абай да, Көкбай да бәрімізге белгілі, ал осы Шұбар деген ақын кім? Менің білуімше, Шұбар дегеніміз «Еңлік-Кебектің» уақиғасын жыр түрінде жазған Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған Құдайбердінің ұлы Шәкәрім шығар», − деді өңі суық жігіт.

  • «Ақын аға таза тарихы роман емес. Басты кейіпкері Абай тарихи тұлға болғанымен, оның айналасындағы адамдардың көпшілігі авторлық ойдан шығарылған образдар. Солардың қатарында Шұбар да бар. Шұбар Шәкәрім шығар деп, дыбыс қуалаудың қанша қажеті бар?!» − деп М.Әуезов сұраққа шамдана жауап берді.(С.Садырбайұлы. Сөз асылы сөзде. А., Қазақ университеті, 2009ж. 224-225б.)

Өңі суық жігіт кім, Мұқаң неге шамданды? Әуезовтанушылар үшін бұл қажетті дерек болар деп жазып отырмын.

Бұл кезде Мұхтар Омарханұлы Әуезов кім еді? Бұл кезде Мұқаң «Абай» романын жазған, сол үшін 1дәрежелі Сталиндік (мемлекеттік), сыйлық алған ірі жазушы еді. Бірақ атақ-даңққа Мұхтар Әуезов оңайлықпен жеткен жоқ.

«Абай жолы», «Абай» эпопеясы Мұқаңның бағын да ашты, тепірешті де көрсетті. Қоғамдық пікір сан алуан болды. «Абай» романы бірнеше мәрте талқыға түсті. Соның ең тоқетер сөзін, 1943 жылғы талқылауда қазақтың Ғабеңі, Ғабит Мүсірепов айтты. Сол сөйленген сөздердегі үзік-үзік пікірлерге ден қойып көрелікші.

«Абай» − Қазақ совет әдебиетінде, «роман» деген үлкен мағынаға толық жауап беретін бірінші роман».

«Абайдай» шығарма бұл күнге дейінгі бүгінгі қазақ әдебиетінде болған емес».

«...Қазақ деген елдің елдік дәрежесі шынында қандай еді, тарихтың қай сатысында тұрған еді, осының бәрін «Абайдан» толық көресің».

«Бұл – жазушының өз өзегін өртеп, өз жүрегін тербетіп шыққан өз еңбегі!...».

«Абай» романы бүгінгі қазақ совет әдебиетінің жаңа белі: бұл – «роман» деген үлкен ұғынысқа толық жауап беретін қазақ әдебиетіндегі бірінші роман: «Абай» шын мағынасында европалық озық әдебиеттердің піскен, саналған үлгісімен жазылған».

Қайран Ғабең! Қалай айтқан! Мұқаңды «Абай» романы үшін сынаған ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың өзін сын тезіне алады, таққан айыптарын жоққа шығарады. Ұлыны ұлының тануы деген осы емес пе? Бұл талқылаудың да стенограммасы қолда жоқ сыңайлы. Өкінішті. Бұл біреуді айыптау үшін емес, қызыл империяның әдебиеттің өзін идеологиялық құрал ретінде пайдаланып, қаламгердің тағдырымен ойнауды машық еткен, шынайы түр-тұрпатын ашу үшін қажет.

«Менің Әуезовім» деп роман – эссе жазған академик Зейнолла Қабдолов «Толстойды оқымай орысты, Бальзакты оқымай французды, Әуезовты оқымай қазақты білдім деу сондай қиын» деп жазды.

«Романда ... ең бастысы – ұлы Абай өзінің бар болмысымен, тұлғасымен көрінген. Шығарма бізді оның өмірімен қоса, бүкіл творчествосымен, әр шығармасының туу жолымен таныстырады. Абайды көп елдердің өз шығармалары арқылы емес (оларды аудармасы әлі де қанағаттандырмайтыны белгілі) Мұхтар романы арқылы тануы да осының дәлелі» деп жазған академик Серік Қирабаевтың пікірі әлі де өміршең.

Ұлы Абай шығармаларын орыс тіліне ғана емес, ағылшын, араб, француз, испан, неміс тілдеріне кемеріне келтіріп аударуымыз қажет. Өйткені Абайды таныған ел қазақты таныр еді, қазақты таныған ел Мұхтар Әуезов сынды ғұлама ғалымды, классик жазушыны тани түсер еді.

Мұхтар Омарханұлы сомдаған Абай Құнанбаев ірі тарихи тұлға ғана емес, өз өмір сүрген қоғамның шырмауын үзіп шыққан ұлы ақын да. Ол образ ерекше болуға тиіс. Бірақ тарихи шындық бар емес пе? Абайдың өзінің өлмес өлеңдері көз алдыңда тұрған жоқ па? Міне, ұлы суреткер Абай бейнесін сомдағанда оның өмірбаянын романтикалық сарыннан арылтып, тарихи шындықтың шымылдығын ашады.

«Абай образын оқығанда, бізді жалықтырмауы былай тұрсын, не нәрсе болсын, ол Абайша түсініп, Абайша сезінуге мәжбүр етеді, − деп жазыпты академик Мұхамеджан Қаратаев. – Абай образының еліктіргіш, иландырғыш күші міне осында».

Әрине, мұндай аталы сөзге иланасың, өйткені бұл көңіл күй «Абай» романы оқырманға өте түсінікті. Осылай Әуезов әлеміне өзің де бой алдырасың, оқи бергің, тоқи бергің келеді...

Академик Зәки Ахметов Мұхтар Әуезовтің романындағы әлдебір алыстағы, басқа бір күндердің елесін көргендей болады.

Бұл «Абай» эпопеясының эпилогындағы толғаныс-толғам:

«Алда – өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз. Шынға келсе, жап-жалғыз. Рас, оның бір қуаты, бір үміті бар екені рас. Қуаты – ақындық, үміті – халық. Бірақ бірі оянбаған күш болса, бірі танылмай, ұғылмай кетер ме? Жетер ме сабыр, жетер ме қайрат?»

Бұл Абай арманы еді. Мұхтар Әуезов Абайдың мұндай тебіреністі, жан күйзелісті неге салды? Соның аржағынан Мұхтар Әуезов армандаған егемендіктің ұшқынын көргендей боламын...».

Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ әдебиетін әлемге танытты. «Абай» эпопеясы эпостан – эпопеяға дейінгі қазақ әдебиетінің жүріп өткен жолының кемел кезеңін көрсетті. Үлкен әдеби мектеп қалыптасты. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов сынды қазақ әдебиетінің алыптары Әуезовтің рухани мектебінен өтті. Осылай М.Әуезов ғалым, академик, жазушы ретінде жалпы әдебиеттің өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларын, көшпенділер мәдениетін жинастырып, зерттеп, оны сахналап ұлтының ұлы тұлғасына айналды.

«Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: − бірі «Манас», бірі – «Мұхтар Әуезов», − деп еді кезінде Адамзаттың Айтматовы.

«Біздің Әуезовтен үйренеріміз көп. Әуезов Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің қалыптасу дәуірінде алғаш рет лирикалық, психологиялық биік өрелі прозаны жазуды үйретті». Бұл қазақ әдебиетінің бүгінгі абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов айтқан сөз.

Бірі Әуезовті «Манаспен» қатар қойса, екіншісі ұстаз деп бағалайды.

Әлемді аузына қаратқан Мұхтар Әуезов туралы әлем қаламгерлері қадап айтқан пікірлерді тағы бір рет жас ұрпақтың жадына жаңғыртсақ артық болмас.

Луи Арагон: «Эпикалық роман «Абай» менің ойымша ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. ...Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарманы табу қиын».

Леонид Соболев: «Мұхтар Әуезовтің «Абайы» − бұл нағыз роман, басқаша айтқанда өмірдің тұтас қыртыстарын қопарған, тұрмыстың, адамдар арасындағы құштарлықтың, махаббат пен өшпенділіктің айқын бояулы суреттерін жасаған және ең бастысы, есте қаларлық жарқын образдар арқылы халық тарихының өмірлік процестерін жинақтаған, құлашы кең кітап».

Альфред Курелла:

«Сіз әлі Абайды оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз... Сіз сол дәуірді көзіңізбен көргендей айна-қатесіз танисыз. ...Қандай тұнық поэзия! Проза формасымен басылған осынау қалың-қалың екі томның өн бойында бір жол қара сөз болсашы!».

Бенжамен Матин:

«Қазақтар туралы бұрын-соңды ештеңе естімегенмін. Шынында, бұл қазақтар – неткен ғажайып халық! Осы кереметтік «Абай» романында қандай тамаша суреттелген! Сіздің бақытты халыққа мен шынайы көңіліммен қызығамын...».

Иә, бүгінгі қазақтың өмірі де, әлем картасында алып отырған орны да бөлек. Абай армандаған, Әуезов армандаған егемен Қазақстанның жаңа тарихы жазылып жатыр. Оның ұлттық паспорты ретінде Абай сол жылнаманың басында тұр. Қазір Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұлы жазушының 50 томдық толық шығармалар жинағы мен Әуезов энциклопедиясын шығарды. Бұл ұлттық қазына, ғылыми қазына.

Абай дегенде – Әуезов, Әуезов дегенде Абай көз алдыңа келіп тұра қалатыны бүкпесіз шындық.

«Сіз Әуезовті әлі оқыған жоқсыз ба? Онда әлі ештеңе оқымаған екенсіз...»

Бүгінде әлем әдебиетінің таңдаулы қаламгері қатарынан орын алған М.Әуезовтің шығармашылығы мен өмір жолын зерттеу өзіндік қалыптасқан тарихы бар үлкен салаға айналып отыр.

Еліміз тәуелсіздік алуымен бірге жазушы шығармашылығын жаңаша пайымдап бағалау қолға алынды. Кеңестік кезеңде, өзі өмірі сүрген дәуірде оның есімі мен көркем шығармашылығы қазақ халқына кең мәлім болумен бірге сол кездегі одақтық елдер мен бірқатар шет тілдерге аударылып, кең танылып жатса да Әуезов шығармашылығы мен өмірбаянының ақтаңдақ беттері көп еді. М.Әуезовтің шығармашылығындағы тың деректер тәуелсіз ел тұрғысынан, негізінде жаңаша зерделеу алады.

Еліміздің еркіндік алып, тәуелсіз ел болуы М.Әуезов шығармашылығын зерттеу жұмысын жаңаша ұйымдастыру мен оны шет елдерге таныстыруға жол ашты. Соңғы жиырма жылда бұл салада кең көлемді ғылыми-зерттеу жұмыстарыжүргізіліп, көптеген монографиялық еңбектер, оқулықтар жазылды. Бұл зерттеулердегі негізгі ойлар мен жаңалықтар М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын бұған дейін зерттеген іргелі зерттеулерге сүйене жүргізіліп, оның мазмұнын жаңаша байытты, тың деректермен толықтырып, жаңа пайымдаулармен жаңғырта түсті.

М.Әуезовтің өмір жолындағы бұрын айтылмай келген, айтыла қалса да «ұлтшыл», «түрікшіл», «ескішіл», «алашордашыл» деген түрлі саяси айыптаулармен ақтаңдақтарға айналған тақырыптар қайта қарастырылып, бүгінгі тәуелсіз ой тұрғысынан сарапталып ұсынылды. Жазушының біраз жылдар жабық жатып кейін жарық көрген, түрлі саяси қуғын-сүргін жылдарында әр түрлі бағаланып келген туындыларын зерттеудің тарихы өткен уақытпен байланысып жатқан мәселелер еді. Осындай тоталитарлық уақытта ғұмыр кешкен қаламгердің өзінің өмір жолы да қалтарыс-бұлтарысы көп, асу-белестері мол, түрлі қиын өткелдерден өткен азапты жол болатын. Тар заманның қиын кедергілеріне тап келіп, одан аман өтудің бар амалын жасаған суреткердің азапты, бейнеті мол тағдырымен бірге шығармашылық жолы да осындай күрделі құбылыстарға толы болды.

«М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны» деп аталатын ұжымдық монографияға осындай игі ойлардан туған, тың мақсатты көздейтін көп жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижелі жемісі деп қарау керек.

Кітаптың аты айтып тұрғандай ұлы жазушының өмірі мен рухани ізденістері, әрбір шығарманы жазудағы мақсаты мен талпыныстары, олардың жарық көру тарихы мен қоғамға тигізген әсері, суреткер көзқарасының заман талабына сай түрлі сынақтардан өтуі осы зерттеулерде барынша нақты деректер арқылыекшеліп, сарапталып оқырманға ұсынылды.

М.Әуезовтің Петербург кейін Ленинградта оқыған студенттік шағы туралы деректер бірінші рет ғылыми айналымға қосылып отыр. Сол кезеңнің, сол заманның бедерін сақтау үшін ол кезең орыс тілінде жазылды.

Кітап мазмұны үш тарауға бөлініп берілді. Онда жазушының өмір жолы мен шығармашылық қызметі әр қырынан көрініп отырады.

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

М.О.Әуезоватындағы Әдебиет

және өнер институтының директоры,

Филология ғылымдарының докторы,

ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері