«АЛАШТЫ ӘНІМЕН ТЕРБЕГЕН ӘСЕТ АҚЫН»

Әсет Найманбайұлының туғанына – 150 жыл

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

 мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбековпен сұхбат

 Болат Жүнісбекұлы, Әсет Найманбайұы мұраларына көңіл бөлу 1990-шы жылдан бастап, сол жылы ҚР Министрлер Кеңесінің Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында және туғанына 125 жыл толуына орай сол кездегі Семей облысына қарасты Мақаншы ауылында музей ашу жөнінде қабылдаған қаулысы негізінде ашылғаны есімізде. Сөйтіп ақын музейі Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің бір бөлімі ретінде ашылып еді. Енді әңгімемізді тәуелсіздігімізбен тұстас музейдегі жәдігерлердің салмағы мен маңызы, мақсат-міндеттеріңізден бастасақ...

–  Ең алдымен, Ұлы Абайды ерекше ардақ тұтып, оның ақындық дәстүрін жалғастырған Ұлы даланың саңлақ туған перзенті Әсет Найманбайұлының асыл мұрасын жіті насихаттап келе жатқан «Ертіс өңірінің» ұжымына ризашылығымызды қабыл алыңыздар. Ал, сауалыңызға жауабымды кейбір деректерді нақтылаудан бастаған жөн шығар. Тегінде, Әсеттей дарынды тұлғаның өмірге қайта келуіне ізденіс 90-жылдары емес, одан ертерек басталды. 1980 жылдардың ортасында, дәлірек айтсақ 1983  жылдан бастап Әсет Найманбайұлының әдеби мол мұрасын жинақтау туралы сол кездегі Мақаншы аудандық партия комитетінде  сөз болып, көп ұзамай осы күрделі шаруа аудандық мәдениет бөліміне тапсырылады (бөлім бастығы Ә. Разуев, қазір ол Әсет Найманбаев мұражайының жетекшісі).

1985 жылы Ұлы жеңістің 40 жылдығына дайындық барысында аудандық өлкетану мұражайы ашылып, оған Әсет жөніндегі алғашқы деректер қабылдана бастайды. Мұражайға Әсет ұрпақтарынан 62 жәдігер алынып қойылады. Содан бастап республика көлемінде Әсетке байланысты  жер-жерге іссапарларға шығып, ақынның өмірі мен шығармашылыған жинақтау жұмыстары өріс жайды. Дайындық көлемі ұлғайып, ақынның туғанына 125 жыл толуын атап өту жайында аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы О. Арғынбековтың тікелей басшылығымен өткен кеңестен кейін жоғарғы үкімет орындары мен қоғамдық ұйымдарға хат жазып, сұраныстар жасалады.  Міне, соның нәтижесінде 1989  жылы  желтоқсан айында  Қазақстан  Жазушылар  Одағы  басқармасының  хатшылығы кеңейтілген  кеңес  өткізіп,  онда  ақын, әнші, композитор   Әсет  Найманбайұлының  туғанына  125  жыл толуына арналған мерекені  салтанатты түрде өткізу  жөнінде  қаулы қабылдап, арнаулы  комиссия  құрды.  Көп ұзамай  1990 жылы  19 наурызда Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің      № 114 қаулысы шығып, халық композиторы, әнші әрі ақын  Әсет Найманбайұлын  мәңгі есте қалдыру мақсатында  мемлекет  деңгейінде   мәдени  шара  өткізу   жөнінде  шешім  қабылданды.    Осы   қаулының   негізінде  1990 жылы 19 қыркүйекте Қазақ ССР-і Мәдениет  жөніндегі  Мемлекеттік  Комитетінің  № 219  бұйрығымен Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайы ашылып, ол  Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» Мемлекеттік  тарихи-мәдени  және  әдеби-мемориалдық    қорық-музейінің    қанатының астына кіреді.    1991  жылы   қараша   айының  28  жұлдызында   Халық   депутаттары     Мақаншы   аудандық   Кеңесі   Атқару   комитетінің     №   293 / 17   шешімімен  Мақаншы  ауылында  орналасқан  бұрынғы  өлкетану   музейінің   ғимараты  қолдағы  бар    жәдігерлерімен   Әсет    Найманбайұлы    мұражайына беріледі. Келесі   жылғы көктемде,   яғни   1992   жылы  24   сәуірде   мұражай   салтанатты  түрде   ашылды.                                    

Ал, мұражайдағы жәдігерлердің  маңызы туралы сөз қозғасақ: Жоғарыдағы айтқан 62 жәдігер тек Әсет ұрпақтарының үйінен алынған мемориалдық дүниелер болса, одан басқа Әсетті зерттеушілердің 1925 жылдан бергі естеліктерінен 23 қолжазба ғана мұражайға ел ішінен жинақталып алынды. Содан бастап азды-көпті жұмыстардың арқасында  мұражай қоры толыға бастады. Бүгінде  мұражайда Әсеттің ұрпақтарының ұстаған дүние-мүліктері, әйелі Тәтежанның тұрмыстық заттары, Әсет туралы сүбелі сөз айтқан зерттеушілер мен іздеушілердің естелік қолжазбалары, Әсет туралы мағлұмат берген, оның ақын шәкірттерінің қолжазбалары,  суреттері сақталған. Бұдан басқа Әсеттің өзі, отбасы, ұрпақтары араласып, қарым-қатынас жасаған адамдардың да көп дүние-мүліктері осында  қойылған немесе мұражай қорына алынған. Бұдан басқа, Әсет өмір сүрген заманның бетке ұстар адамдары, қоғамның сол уақыттағы қозғаушы күшіне айналған Жасболат би, Қанағат болыс, Демежан батыр т.б. би-болыстар жөнінде де деректер мен суреттер  жинақталған. Бұл жинақталған жәдігерлер сол замандағы Мақаншы өңірінің тарихы үшін нақты дәлел болатын айғақтар.  Мұражайдағы  аса бір салмақты  құнды жәдігерлер санатында:  Әсеттің өзі ұстаған құран кітабының беттері, Әсетке жазып берген оқытушысы Тәнәкә Далдаоғылының дұғалығы, Әсеттің 1909 жылы Шәуешек қаласынан Жетісудың мецанаты Маман Тұрысбекұлының әулетіне жазған хаты бүгінгі мұражайдың құнды жәдігері саналады. Сонымен бірге 1918 жылы Шәуешек қаласында түскен бір топ қазақ зиялылары А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Р. Мәрсековтардың  тарихи суреті. Бұл суретте Әсеттің де бейнесі кескінделген.   Жалпы ескі жәдігерлердің үлкені-кішісі бола қоймас.  Бастысы ол тарихтың деректі куәсі, мұражай қорында  бүгінде 1700-ге тарта  жәдігер сақталған.  

 Алаштан ән оздырған біртуар ақын Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойын тойлағалы отырмыз. Ақын мерейтойы қарсаңында сіздер қандай шаралардың ұйымдастырылуына мұрындық болып жатырсыздар?

 –   Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толу  мерейтойын атап өтуге Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының әкімшілігі ерекше назар аударып отыр. Бұл үшін жергілікті атқарушы билік басшыларына рахмет. Әсеттей дара тұлғаның мұраларын насихаттап, ұрпақ жадына сіңіруге үржарлықтар үлкен еңбек сіңіруде. Өткен 2016 жылы аудан басшылары мұражайды көркейту  мақсатында 21 миллиондай теңге қаржы бөліп, оның ауласын абаттандырды. Жалпы мынау республикалық бюджетте, мынау жергілікті бюджетте деп қараған жоқ. Биыл міне, қыркүйек айында Әсет Найманбайұлы сынды біртуар өнер тарланының  туғанына 150 толуын  атап өтпек. Мәселе той тойлауда ғана емес, ұрпақ үшін қажетті рухани бастаудың ашылған көзін аршып, оның дария болып асып-тасуына жол салуында. Бұл үшін барша қауым ерекше разы.

Ашылғанына 25 жыл болған Әсет мұражайының барлық тыныс-тіршілігі Абай музейі әкімшілігінің тұрақты бақылауында. Мұражайдың қалыптасуына күш салып, оның аудан ғана емес, облыс, республика көлемінде танымал болуы үшін нақты қадамдар жасалып келеді. Мерейтойға әзірлік осыдан бір жыл бұрын қолға алынып, Әсет мұражайы реэкспозициясының, яғни оны қайта құрылымдаудың тұжырымдамасы мен тақырыптық жоспары жасалды және сол бойынша жұмыстар қолға алынған болатын. Биылғы 2017 жылы Әсет мұражайының штаттық кестесіне өзгеріс енгізіп, толықтырдық. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 2 миллион  теңгедан астам қаржы бөліп, жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Барлық жылу жүйесі  қайта жаңартылды. Еденіне жұмсақ төсеніш  төседік, ішкі әрлеу  жұмыстары аяқталды. Бұдан басқа мұражайдың ғылыми-насихат жұмыстары жандана түсті. Мұражай 1992 жылы келушілерге есігін ашқан болса, содан бергі 25 жыл мерзімде ішкі жалғыз экспозициялық залдың құрылымы  сол тұстағы тақырыптық жоспарға сай жасалған еді. Енді міне, 150 жылдық мерейтой қарсаңында  мұражай аясын кеңейтіп, экспозициялық залдың санын үшеуге жеткізіп отырмыз. Бұл – Әсеттің өмірі мен өскен ортасы, Әсеттің Қытай жеріндегі өмірі және Әсеттің шығармашылығы туралы экспозициялық залдармен толықты деген сөз.  Осы мақсатта Әсет мұражай бөлімінің қызметкерлерінен басқа  Бас мұражайдың ғылыми бөлімінің 2 маманы ішкі интерьерді әрлеу, экспозицияны ауыстыру жұмыстарымен айналысуда.

Сонымен қатар:

  • Әсет Найманбайұлының ҚХР астанасы Пекиннен шыққан 2 томдық шығармалар жинағы төте жазудан кириллицаға аударылып, оған кірген Әсет шығармалары сараптамадан өтіп, баспа арқылы 2 том болып  таяуда қолымызға тиеді;
  • Әсет  мұражайы туралы толық ақпар беретін 37 бет көлемінде иллюстративті буклет шығарылады;
  • Аудан басшылығы мерейтой бағдарламасын қыркүйек айының 7-8 жұлдыздарына қойып отыр екен. Міне, осы күнге  республикалық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыруды қолға алдық. Бағдарламасы дайын;
  • Сәтін салса тамыз айының 15-ші жұлдызына дейін мұражайдың жаңа үш залындағы витриналар мен көрмелерді толық жаңартып шығамыз деген ойымыз бар;
  • Жыл басынан бері тек Әсет мұражай бөлімінің өз күшімен ғылыми насихат бағытында кездесулер, кештер, көрмелер ұйымдастырылуда. Олар республикалық ақпарат құралдары арқылы 10-ға жуық хабарларға қатысты, 20-дай мақалалар аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрді. Мерейтой қарсаңында өзіміздің Абай мұражайының қолдауымен шығатан  «Хабаршы»  журналының бір саны түгелдей Әсеттің туғанына 150 жыл толу мерейтойына арналмақ.  

Суырыпсалма ақындығымен, сұлу сазды әндерімен ел есінде қалған әйгілі алаш ұлының шығармашылық мұралары бүгінге дейін толық зерттеліп болды ма?

 – Әсет өзінің «Ақырғы сөз» атты  өлеңінде айтады ғой:  

                                                 «Абайдай арт жағыма сөз қалдырып,

                                              Жақсы еді-ау, әттеген-ай өлу деген».  Әсет өмірінің қай кезеңін алсаңызда, оның  өмірінің  өкінішпен өткенін байқауға болады. Тағы бір өлеңі;

                                                 Гүлдерім қайта өнер ме өрімделген.

                                                 Жібегім кетті-ау талай өрілмеген.

                                                 Менен де сорлы ақын өтті ме екен,

                                                 Бір сөзім баспа орынына берілмеген» - деп  қынжылады.

Расында Әсет шығармалары  жазып қалдырылмағаннан кейін,  қолжазба нұсқалары сақталмаған. Арғы бетте, қытай елінде жүрген Әсеттің қарапайымдылығы сол, ол мал жиып, дәулетке ие болмаған. Ел кезіп, серілік құрған оның өлең-жырлары тек ел есінде ғана сақталып қалды.  Сондықтан Әсеттің бізге жеткен шығармалары ел ішінен жинақталып, құбылып, түрленіп, көп  өзгеріске ұшырап жеткен.  Жалпы Әсет  толық зерттеліп біткен жоқ. 1925 жылдан бастап жұмыс жасаған С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Ысқақов, Е. Смайылов, С. Бегалин, Б. Адамбаев, О. Орынтаев сынды қаламгерлердің  іс нәтижелері де аздық етеді. Дәлірек айтсақ, ауызекі айтылған, естіген адамдардан жазылып алынған, әңгіме аясындағы деректер ғана. Оның өмір жолы да, шығарған төл туындылары да ауыздан ауызға айту, есту арқылы жетіп жатты.  Сондықтан Әсет шығармаларының бізге жеткен  нұсқалары бүгінге дейін  толық сараптамадан өтті  деуге  келмейді.  Әсет шығармаларының хронологиясы жасалынбаған. Әр жылдардағы басылып шыққан жинақтарда да толықтырулар басым. Ел аузынан жазылып алынған  туындыларға  бүгінде  қайта  өзгертулер  жасауға  мәжбүрміз.  Өйткені, айтушылар өлең сөздерін өз жандарынан қосып, тіпті ән әуендеріне де  өзгеріс енгізген. Ертеректе шыққан  кітаптардағы өлең жолдары көп қателіктермен  басылған.  Біздің мұражайдың ғылыми бөлімі  бүгінде  осы  олқылықтардың орынын толтырумен айналысуда.  Айталық, 1968 жылғы Балтабай Адамбаев жинағында Әсеттің  34  өлеңі,  4  айтысы,  5  дастаны енгізілсе,  одан кейін, 20 жылдан соң шыққан Бексұлтан Нұржекеевтің құрастырған жинағында  71  өлең,  29  ән, 10 айтыс, 9  дастаны кітапқа енгізілген.  Ал, Пекиннің «Ұлттар» баспасынан шыққан «Әсет шығармалары» атты 2 томдық жинақта Әсетке телінген  бірқатар  туындылар  бар. Бұл өзі көп қиындық туғызып отыр.  Әсеттің өмірінің біраз жылы Қытай жерінде өткені бәрімізге мәлім.  1916 – 1920 жылдарда Қытай асқан көзі қарақты қазақ жұртының ішінде  Әсет те сол елге кете барды.  Ол біздің елдегі Абай, Шәкәрім, Ақан, Біржан, Әріп  сияқты ұлы тұлғалардың шығармаларын сол елге таратушы да болды.  Сондықтан Әсет аузынан айтылған Әндердің, қиссалардың, басқа да  шығармалардың барлығы Әсеттің туындылары болып ел ішіне таралып жатты. Кейін Әсет шығармаларын жинаған кезде, оны бізге жеткізушілер   «Әсет туындылары» деп жеткізді.  Міне, сондықтан  Әсеттің төл туындыларын ажыратып алу – бүгінгі таңның басты міндеті. Бұл салада еңбек етіп жатқан музейдің ғылыми бөлімі біраз мәселің бетін ашуда. Жалпы Әсеттің  шығармалары ғана емес, оның өмірінің де көмескі тұстары аз емес. Оның туған жері туралы деректі айтпағанның өзінде, Әсеттің немесе әкесі Найманбайдың Мақаншы өңіріне  келуі жөнінде де  жаңсақ пікірлер айтылып, талас туғызып  жүр. Әсеттің өз заманындағы қоғамдық көзқарасына да  әр түрлі  қарап отырған  зерттермендеріміз  аз емес.  Жалпы Әсет туралы қалған жазба дерек жоқ. Сондықтан оның өмірі мен шығармашылығы туралы айтылатын талас-тартыстарға жауап табу алдағы жылдардың еншісіне қалып отыр.

Ақында менен сорлы өтті ме екен,

Бір сөзі баспа орнына берілмеген, - деп өзі өкіне армандағанымен, ақынның шығармалар жинағы кейіннен жарық көрді, әндері де кітап болып шығарылды. Заман ағымына орай баспа бетіне берілмеген, жинақтарға енгізілмеген немесе кейіннен табылған шығармалары бар ма?

– Әсет  Найманбайұлының шыққан кітаптары зерттелуіне қарай әр жылдарда әртүрлі көлемде жарық көре бастады. Мәселен,  «Салиқа – Сәмен»  дастаны  жеке кітап болып ҚХР-ның Алтай аймағындағы  Сарысүмбе  қаласында   1945  жылы  45  бет шамасында жарық көрсе,  «Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп»  атты әндер жинағы   ҚХР –ның  Үрімжі  қаласынан  1989  жылы  Мәлік   Шипанұлы,  Баяқын   Әлімбекұлы  сынды зерттермендердің құрастыруымен  160 бет болып жарық көрді. «Әсет  Шығармалары», сондай-ақ   ҚХР-ның   Бежиндегі  «Ұлттар» баспасынан  2000   жылы 2 том,  600 бет болып жарыққа шықты.    Құрастырушылары:  Қалиолла  Нұртазин,  Асқар  Иген, Омарқан  Асылұлы,   Жүмәділ  Маман. Бұрын-соңды еш жерде жазылмаған «Әсет Найманбайұлының жиені Нәшен ақын» туралы Үрімжі  қаласынан  2008 жылы  Зейнолла  Сәнік,  Рамазан  Тұрсынұлының зерттеуімен 76  бет болып жарыққа шықты. Бұның өзі Әсет жөніндегі зерттеулердің жыл өткен  сайын  жанданып келе жатқандығын көрсетеді. Біздің елде де Әсеттің бұрын жария болмаған шығармаларының ел ішіндегі таралуы мұқият іздестірілуде. Мысалы, «Әсет  Шығармалары» Алматыдан 1968 жылы   Балтабай  Адамбаевтың  құрастыруымен тұңғыш рет шықса,  осыдан кейін 20 жыл өткен соң «Әсет  Шығармалары»   Алматыдан «Жазушы» баспасынан  1988  жылы    Бексұлтан  Нұржекеевтің,  Болатжан  Абылқасымовтың құрастыруларымен жарық  көрді. Ал, «Інжу - Маржан»  әндер жинағы  1992 жылы Алматы қаласындағы «Өнер» баспасынан жарық көрді. Құрастырушысы - Қайролла  Жүзбасов. «Әсет»  туралы  роман-новелла  жазған адам Құрманбай Толыбаев. «Әсет» атты кітап  1995 жылы Алматыда басылды. Бұдан кейін де  Әсет өмірі мен шығармашылығы туралы ілгерінді-кейінді кітаптар, әсіресе зерттеулер көптеп шыға бастады.  Олардың қатарына: 2003 жылы Алматыдан шыққан  талдықорғандық  Сайлау Қожағұлдың зерттеуі «Әсет   ақын» , Семейлік Жанар Айтованың  2008 жылы басылған «Алашқа атым шыққан ақын Әсет»    атты монографиялық зерттеулерін  қосуға болады. Өткен 2016 жылы жазушы, зерттеуші Асқар Иген өзінің 500 беттік «Әсет мұрасы – асыл мұра»  атты  зерттеу жинағын Алматыдан  2016 жылы басып  шығарды. 

Осы сияқты тағы  біраз шығармалар биылғы күзге дейін Әсеттің туғанына 150 жыл толу мерекесі қарсаңында  жарық көріп қалады.  Соңғы  кездегі  зерттеулердің  ішінде  Әсет шығармалары  сараланып, талданып, Әсетке телініп жүрген  кейбір ақындардың  өлең-жырлары өз авторларын тауып, Әсеттен қалыс қалған өлең-жырлар Әсетке қайтып,  нақтылануда.  Байқаймыз,  ел ішінде  әлі де  жария болмаған Әсет  туындылары табылатын сияқты.

Сондай-ақ  Шинжиаңда шығатын «Шұғыла» әдеби журналында, «Мұра» альманағында Әсет туралы әдеби зерттеулер, Әсеттің ел арасында таралып кеткен, бірақ жарық көрмеген өлең жырлары көптеп шығуда.  Солардың ішінде бұрын баспаға кірмеген «Шахиғаббас», «Мұңлы қыз» дастандарын айтуға болады.

Қазір Әсет шығармалары деген деректердің барлығы мұқият  зерттелуде. Бұл жөнінде Мақаншыдағы Әсет мұражайының еңбегі айтарлықтай қомақты. Әсеттің айтыстарының ішінде «Әріпжанмен жұмбақтасу», «Есенқұлмен жазысқан хат», «Төрт ақынға хат»   сынды шығармалар бұрынғы жинақтарда жоқ болатын.  Осы сияқты  «Қази сұлудың өлімі», «Қарлығаш қызға хат», «Әсеттің жұмбақтары», «Зейнолланы жоқтау»,  «Отыздағы ой», Әсеттің Жетісудың Ақсу жеріндегі Маманның Тұрысбегіне  арнаған хаттары  мен өлеңмен жазылған сәлемі сынды өлең толғаулары баспада жарық көрмеген. Соңғы кезде Қытайдағы зерттеушіміз Асқар Игеннің ізденуімен Әсеттің «Әризатым», «Телқоңыр», «Еллай-Меллай» әндері табылып отыр. Міне бұлар біздің Мақаншыдағы  Әсет мұражайының қорына жинақталуда. Бұл шығармалар мен табылған туындылар әлі де ой таразысынан өтіп, ғылыми талдауларға түсетін болады.

Жалпы, кез келген өнер адамы оқымай, білмей, ізденбей өз-өзінен жан-жақты талантты адам болып қалыптаса қоймайды емес пе. Әсет ән мен жырды ермек қылу үшін емес, қазақтың көкірегіне ілім мен білімнің, ақыл мен парасаттылықтың дәнін себу үшін айтып өткен ақын. Бұл жөнінен оны Абаймен үндес, мақсаттас десек те болады ғой...

           – Еңбек атаулының жемісі - біліммен, талмай ізденумен, ерінбей еңбек етумен пісетіні белгілі.  Бұған адам бойындағы туа біткен дарынды, ерекше қасиетті  қосыңыз. Меніңше, осы айтылғандар бір арнада қабысып жатса, одан нәтиже шығары даусыз.  Әсет те  білімді болған,  оның ең бірінші білім ордасы – Көктұмадағы (Бақты ) Зейноллақажының медресесі.  Ұлты араб, парсы  елінен шыққан Ғабдүшүкірдей қаридан, Самарханнан келген ғұлама Тәнәкә Далдаоғылы сияқты  білімдардан сабақ алды. 

         «Қазіреттің қасында шәкірт едім,

      Адастырды осы өлең орта жолдан», – деп, дер кезінде білімді толық ала алмағанын да өкінішпен жырлаған ғой. Өте алғыр болған Әсет, қаридың оқытқан құран сүрелерін әнге қосып айтып беретін болған. Бұдан кейінгі Әсетке ықпал еткен  ортасы  -  үш жүзге машһұр болған Сүлеймендей бидің, өзімен құрдас Қанағаттай болыстың, ауылында ат жалын бірге тартып мінген жолдасы Әлімғазыдай болыстың Әсет айналасында болуы. Көргені көп, ел сыйлайтын Жатқанбай, Омар болыстардың, Нұртаза үкірдайдың, Демежан сияқты ел сыйлаған адамдардың ықпалы Әсеттің өз ортасынан оза шауып алдыңғы қатардан көрінуіне әсер етті. Ел ағаларымен бірге жүріп халқының күйкі тірлігін көрді. Сол кездегі қоғамның болмысы  Әсеттің ой-санасына  бағыт-бағдар берді.  Әсет кешегі өз заманының озық ойлы адамдарының  ортасы-оның өмірлік  ұстанымына  бағдар көрсетті. Осы тұста Әсет нағыз кемелденген, жетілген шағы  22 жас шамасында Абайдай Ұлы адамның алдын көрді. Абайға Әсетті таныстырған адам оны тек әншілік қырынан ғана таныстырған. Ешкім бетін қақпаған, еркін өскен, ел ішінде мақтау мен мадақтауға ие Әсеттің мінезі алғашында Абайға да оғаш көрінеді. Жасыратыны жоқ Абай Әсетке сын айтады. Оны мойындауымыз керек.  1898 жылы мына бір жазған өлеңінде Абай:

«Кісімсіп  белгілі  білгіш,

Біреуге сондай-ақ  күлгіш.

Бұлықсып,  бұлданып  босқа»   -  деп Әсеттің мінезіне, оның ортадағы өзін-өзі  ұстауына  сын айтқан.  «Абайдың осы бір айтқан сыны, менің өміріме азық болды» - дейді  Әсет  Сайрамкөл жағасындағы Жатқанбай болыстың ауылында отырған бір басқосуда.

           Әсет шығармашылығына әсер еткен, оны ақын етіп тәрбиелеген негізгі күш, біріншіден, халқымыздың  бай  ауыз әдебиеті болса, ақынның одан кейін ұстазы – Абай.    Ұлы Абай – ақындық, әншілік өнер жолында Әсетке үлкен өнеге көрсеткен ұстаз. Абайдан батыстың озық ойлы ғұламалары туралы, шығыстың ғажайып даналарының еңбектерін көңіліне тоқып, олардың  философиялық ой-тұжырымдарына қанығады.  Әсеттің  Абай алдынан алған білімдері мен жинақтаған тәжірибелері, кейіннен шығарған шығыс халықтарының аңыз-ертегілерінің желісімен құрылған  барлық жыр - дастандарына  арқау  болады.  Әсет Абайды ұстаз тұтып, оның жанында болған күндерінде өзінің ғұмырына жетерлік азық алғандығын мойындайды.  Тіпті өлім аузында жатып та  Абайды аузына алуы, Абайша қызмет ете алмағанына өкінуі,  өзін Абайдан кіші ұстауы – Ұлылық алдындағы ізеттілігі,  парасаттылығы:

                        «Абайдай арт жағына сөз  қалдырып,

                Жақсы еді-ау әтеген-ай өлу деген» - деп Абайдай мол мұра жазып қалдыра алмағанын өкінішпен жырласа, Әсет өзі аударған Евгений Онегин поэмасының алғашқы жолдарын :                          

                        « Қазақтың  Абайындай  болмасам да,

             Бұл жерде өз тілімде айтып берем» -деп бастап кезінде  көп оқымағандығын, жастық шақтың буымен  білімге сусындай алмағандығын өкінішпен  жырға қосады.  Бұл жерде Әсет  өзін  қорсынып отырған жоқ, керісінше ұлы ұстаз алдында шәкірт екендігін мойындап отыр.

Алғашқы  кездесуден  кейін  бірер  жыл өткен соң,  Әсеттің  тың  әндерін  тыңдай отырып  сарапқа  салған  Абай  оның  «Інжу - Маржан»  әнін  алғаш  рет  тыңдап,  құлақ  құрышы  қанбағаннан  соң  да   бірнеше  рет  қайталап  айтқызған.  Ән әуенінің  ерекшелігіне  таң  қалған  Абай  «Міне, ән  төресі  осы  болар,  алаштың  даласы  әлі-ақ  сенің  әніңмен  тербеледі» - деп  баға берген екен. Әсеттің ақындық өнерге қосылуы - оның жаңа үлгімен дастандар жазып, қазақ поэзиясына тың жол салуы, музыка жағынан да жаңаша үлгідегі әндер тудырып, қазақтың классикалық әндерінің мазмұнын байытты, өресін биіктетті.  Әсет шығармаларының өн бойынан біз оның  Абайман үндесіп жатқан ой  өлшемін  үнемі  байқап  отырамыз.  Мысалы:

                                                  Қалдың ба қайран қазақ қамданбастан,

                                                  Барыңды қолыңдағы малданбастан.

                                                  Біріңе бірің серік  екеу  болып,

                                        Жүрсің ғой  жетпегенің  жалғанбастан – дейді. Немесе:

                                                  Дүниеге  адам болып жаралған соң,

                                                  Білімсіз  құр  жүрісің – бейне  есек.

                                                  Тірлікте  жақсы, жаман қылған істен

                                                   Періште  мақшар  күні  алады  есеп.

дейді.  Сосын тағы мына өлең жолдарына  назар аударайық:

                                                   Бірлік  жоқ, ынтымақ  жоқ, әділдік  жоқ,

                                                   Тартқызды  сазайыңды  әдет-ғұрпың.

                                                   Қазақ  қамын  ойлаған  кісің  бар ма?

                                                   Білгенің,  іздегенің – өзің  құлқың.

                                                   Ғаділет, шапағат жоқ жүрегіңде,

                                                   Адамға  ерік  бермес  өңшең  қыртың.

деп жырлайды.  Меніңше  осы  шумақтардан  Әсеттің Абай шығармашылығымен  үндестігін  байқауымызға болады.              

                                                   Басқа  елдер алға басып кетсе-дағы,

                                                   Біздің  ел шегінеді  қадам  баспай.

                                                   Жайылып  сахарада  қалдық  надан,

                                                   Өнерлі  басқалармен  араласпай.   – деп  озық елден алатын, үйренетініміз әлі көп екенін айтса,

                                                   Надандықтан  ғылымды  қиынсынып,

                                                   Ақылдан  адасып  жүр  бірқатар  ел.

                                                   Ақыл,  ғылым  болмаса,  бір  пиала,

                                                   Жанары  жоқ  дөңгелек  көзің  бір  нөл,  - деп білімсіз елдің жанарының жылтырағанымен,  жарықты  көрмейтін су қараңғы  екенін  бетке  басады.

 

                                                   Жар болмаса  жасаған,  қиын  болды.

                                                   Әлемнің  езуінен  наным  кетіп.

                                                   Сұрасаң  ақиқатшыл  атым  Әсет,

                                                   Айтып-айтып  болдырдым,  арым  кетіп,  -  деп   жартасқа  барып  күнде  салған  айғайынан  жаңғырық  естіген  Абайдай  күй  кешкеніне  налиды.

Кейде «Бізде музей мәдениеті қалыптаспаған» деген пікірді құлағымыз шалып қалады. Еліміздегі музей ісінің дамуына көңіл толмаушылық та жоқ емес. Осы саланың маманы ретінде Қазақстандағы музейлердің даму деңгейі, осының айналасындағы проблемалар, шешімін күткен мәселелер туралы не айтасыз?  

      – Тәуелсіздіктің 26 жылы егемен мемлекеттің іргесін бекітіп, шаңырағын бекітуінде қас-қағым уақыт. Өркениет жолына түскен қазақ халқы да қазір өзінің жоғалтқанын тауып, асыл дәстүрлері мен бай мұрасына ерекше көңіл бөле бастағанының куәсіміз. Сондықтан музей мәдениеті де ұлттық рух пен сана бәйтерегінің салалы бұтақтары секілді жапырақ жайып, қалыптасу үстінде. Біз шетелдің музейлерінде де болып тұрамыз және қазақ музейлері олардан кем емес. Ал, Астанадағы Ұлттық музей дүние жүзіндегі іргелі он музейдің бірі екені анық. Әрине, даму тоқтаусыз жүретін үрдіс. Сондықтан ізденіс керек-ақ. Мәселен, жақында біздің Абай шаңырағында екі ақпараттық киоскі келушілерге қызмет көрсете бастады. Түбінде экскурсияны техникалық құралдар арқылы үш тілде жүргізудің мүмкіндігі қарастырылуда. Осы сөзден шығады, музейлерде қор сақтаудан оны насихаттауға дейін техникалық жарақтандыру өзекті мәселе. Сонымен қатар білікті мамандар даярлау ісіне де біздің көңіліміз толмайды. Өзіңіз көріп отырсыз, осы айтылған екі проблема еліміз дамуының барлық саласына ортақ. Ендеше, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегін басшылыққа ала отырып, «көненің көзіндей, ескінің сөзіндей» асыл мұраны насихаттау ісі де жаңа биікке көтерілетіні даусыз. Жаңғырған сана мен жасампаз рух соған сендіреді.

-         Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Күлия РАЙЫС 

 «Ертіс өңірі» газетінен алынды