«Абай жолында» Ырғызбай табының Шыңғысқа зорлықпен қоныстанатын кезі есіңізде болар. Романның осы оқиғаға арналған «Қат-қабатта» бөлімінде Құнанбай «Ырғызбайға да Шыңғыстай арқатірек пана керек» демекші, Ұлы ақын мұрасына да тап сондай жанашыр – арқатірек қажет болатын.
М. О. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен «Абай Құнанбаев»
монографиялық зерттеуіндегі Абай рухы
Абайтанудың 128 жылдық (1889-2017жж.) даму тарихын ғалымдар үш кезеңге бөліп қарастырады: Абайтанудың М. Әуезовке дейінгі (1889-1934) кезеңі, Абайтанудың негізін салу жолындағы М. Әуезов дәуірі (1934-1961), М. Әуезовтен кейінгі кезең. Ұлы ақын мұрасын зерттеу кезеңдерінің Әуезов есімімен үкіленуі Абайтанудың арқатірегі, жанашыр панасы –ғұлама Мұхтар Омарханұлының тума таланты мен жанкешті қажыр-қайратына берілген лайықты баға. Хакім Абайдың бірегей биографы, басқа қыруар еңбегін былай қойғанда, Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу және «Абай жолы» эпопеясын жазу үшін Ұлы ақын өмірбаянын төрт рет (1933, 1940, 1945, 1950) толықтырғаны мәлім. Абай шығармаларының бірінші толық жинағы да 1933 жылы М. О. Әуезовтің басшылығымен жарыққа шығады.
Ұлы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының асыл мұрасына деген терең сүйіспеншіліктің жарқын айғағы – Ұлы даланың тағы бір ұлы перзенті Әуезов Мұхтар Омарханұлының жасампаз шығармалары екені айдан анық. «...Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп, - деп атап көрсетеді ол. - Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы; терең сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы» деп, оқырман көзін ашып, көкірегіне сәуле түсіреді .
«Суретті, сұлу сөздің атасы»
Әуезов Мұхтар «Қорғансыздың күні», «Көксерек» әңгімелері және «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» секілді алғашқы пьесаларынан бастап-ақ көркем әдебиетіміздің ізашар тұлғасының киелі сөз өнеріне деген терең талғамы мен кірпияз талабын темірқазық етіп ұстанады. Данышпан ақынның асыл мұрасын жан-тәнімен құлай сүйіп, оның ой-арманына ұлт ұстазының аманатындай ден қояды. Оқырман «Абай жолымен» ұлы ақын заманына сапар шеккенде, ал зерттеуші «Абай Құнанбаев» монографиясын зерделегенде ақынның өрнекті сөзі және өрелі ойымен Әуезов әлемінің рухани үндестік тауып, қабысып жатқанын көріп, тәнті боламыз.
Абай сөзімен Әуезов өз шығармаларының шырайын түрлеп, ұлы Хакімнің ой-толғамдарымен төл туындыларының мән-мағынасын байыта түседі. Ақын мұрасына аса сергек қарап, оны ел-жұртын өркениетке бастар шамшырақ деп біледі. Алтын тамырлы бәйтеректің мәуелей бұтақ жаюына кәнігі бағбандай қамқор болады. Абайға деген махаббаты арқылы туған елі мен жерінің болмыс-бітімі мен тыныс-тіршілігін мақтаныш сезіміммен паш етеді. Жауһар шығармалары арқылы туған елін сүйіспеншілік шуағына орап, алты алашты төл өнерінің сәулесімен нұрландыра түседі. Әуезов, тіпті, қызыл диктатураның қырағы бақылауында отырып та осынау, өмірлік басты миссиясы – Ұлы ақын мен туған қазағын әлемге таныстыру мен таныту жолында бір сөз айтса да перзенттік парызына әрқашан адал екені оқырманды разы етеді.
Әуезов әлемінің қат-қабат қиырларына ой жүгіртіп, тереңірек зерделей алсаңыз, осы айтылғандарға еш күмәніңіз қалмайды. Ал, қаламгердің дауылдарға да қарамастан мұхит түбінен маржан сүзгендей жанкешті еңбегін түйсінбей, шалқар судың күн сәулесімен жарқылдап, көз қарықтырар бетін ғана қалқыр болсаңыз, онда амал қайсы!? Суреткердің «Абай жолында» да, ғұламаның «Абай Құнанбаев» монографиясында да тоталитарлық билік талабы – тап күресінің атойлап тұратыны рас. Ләкин, бұл жаңа айтқанымыздай, қазынаға толы сандықтың сыртқы бояуы мен бедеріне алданып, оның кілтін таппаған пұшайманның хәлі.
Олай болса, Абайды және ұлы даланың ұлы мұрасы арқылы қазақты, мынау данышпан даланы дүние жүзіне мәшһүр етіп, өркениет төріне оздырған Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы хақында «заман айтқызбады» немесе «мен жазсам басқаша жазар едім» деп бөстірмелетуге үндемей қалу ұят. Данышпандық шалығы тиген «шала Шолоховтардың» мұндай сандырағы жүрек айнытады. Бұл гректің көне замандардағы – өткір тілді ойшылы Эзоптың (400-ден астам мысал жазған) хикаясындағы түлкінің ағаш басындағы етті ала алмай, «сасып кеткен екен» деп өзін-өзі алдағанындай күлкілі. Сыпайылап айтқанда ғана солай, әйтпесе ұлы суреткердің «Абай жолынан» - руханият жолынан адасып, ғұламаның басқан ізін «көмескілеу екен» деп күлбілтелеу – кешірілмес күнә. Мұндайларға біртуар Мағжан ақын «Асылды қолға түспес жасық деуші,/ Қолға түссе жасықты майдай жеуші» - деп сын садағын тартады.
Шындығында алты Алаштың ғана емес, әлемнің Әуезовінің мақсат-мұраты тайға таңба басқандай айқын: ол – Ұлы Абай тұлғасын әлемге паш ету, ұлы даланың қазыналы құпиясы мен қасиетті сыр-сымбатын жарқырата жариялау арқылы астамсыған қып-қызыл саясаттың көзін ашып, асқақтағандардың кеудесін басу. Қазір осыншалық кеңбайтақ жерді ұрпаққа жеткізген ата-бабаларымыздың дана әрі ерлік дәстүрлеріне тағзым жасап қана қою аздық етеді. Жас ұрпақтың қазағының қайсар да парасатты рухына сай болуы үшін өте көп еңбектенудің қажет екенін мойындауымыз керек. Аға буынды, әсіресе, арды емес, ақшаны әспеттеген 80-90 жылдардың «ұрланған ұрпағы» алаңдатcа керек. Кейбір жастардың киелі Абай – Шәкәрім кесенелерінің басына тағзым етуге барғандағы тасырақ мінез-құлқы жергілікті билік органдарын мықтап ойлантуы тиіс.
Ал, «толмаған Толстойларға» келсек, халқымыздың ғұлама перзенті шығармашылық еңбегінде билікпен уақытша уағдаластықты сақтай отырып, ең басты мәселе – Абай арманы мен Алаш мұратына келгенде заман ызғырынан ешқашан ыққан емес. Ол өзінің суреткерлік және зерттеушілік мақсатына жету жолында аса шебер шығармашылық амал-тәсілдерге бара отырып, утопиялық үкіметтің басын шырқ айналдырады. Соның арқасында сәулелі оқырман заман ызғарын сезіне отырып та даланың шынайы өмірінен, ондағы кейіпкерлердің болмыс-бітімінен титтей де адаспайды.
Өзіңіз қараңызшы, замандасы Қаратайдың «Мырза – Құнанбай... Шешен – Құнанбай... Жақсы – Құнанбай» деп баға бергеніне тағы бір замандасы Байсалдың «Мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше, не көкіп алысып жүрміз онымен?» деп ашынатынын білеміз. Сонда тағы да Қаратайдың «Уай, тәйірі-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе? Жалғыз-ақ, «не қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» - деген мойындауынан-ақ Құнанбайдың өз айналасынан шоқтығы әлдеқайда биік екенін көреміз. Ал, енді осыған айтылған жайға қатысты әке мен бала арасында өрбитін әңгімені қосайық: «Құнанбай... Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар!.. Адам пенде ғой! Пенденің жоқ-жітігі толған ба?» - деді. Қияласа да өз мойнына кінә алып отыр. Бұл кезде Абайға әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік Байдалы сияқты емес. Ол шешендіктен гөрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қабат-қабат шың сияқты». («Абай жолы», «Жазушы», 2002 .,1-кітап, 159, 161беттер).
Жалпы, Құнанбай тұлғасының да романда оқшау тұрғаны, дара сомдалғаны кәміл: «Құнанбай... Үй ішінің қабағын әрқашан сергек, танығыш көзбен болжай қарайтын әдеті еді...Қазіргі бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын қинап, алаң еткен кісі емес... өмір бойында сараңдықтың құлы болған кісі емес. Бірақ ашылып-шашылғыш та емес. Парықсыз болмайын дейтін. Қарқаралыда қазақ салмаған мешіт салғызу сияқты іс болса, оған ақтарылып түсетін» (сонда, 2-кітап, 7-8 беттер).
Ұлттар бостандығы мен еркіндігін қызыл диктатураның суқаны сүймейді. Тіпті, ұлттық аймақтардағы «таптық күрес» апиынымен уланған бишігештерін айтаққа қосып, еркін ой мен салауатты санаға қарсы айдап салғанына тарлан тарих куә. Өкінішке қарай, қасақана ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргін зардабы тиген ұлт жадындағы үрей синдромының әлі де ұзақ сақталатын түрі бар. Тоталитарлық билік Абай есімін ғана емес, ұлт жадын өшіріп, рухын таптап тастауға қанша жанталасса да Әуезов талантының зор әлеуеті алдында еріксіз тізе бүкті. Бұдан соң сананы тәрік етіп, тұрмысқа кіріптарлыққа түскен биліктің жазушының сәулелі ой мен кемел қисынға құрылған қанатты шығармасының тұсауын кеспеске амалы да қалмаған.
«Кең мағыналы, кестелі өлеңнің атасы»
Рас, романда тап күресі шиеленісіп-ақ тұр. Алайда, біз іздейтін, бізді іздеп, сәуле шашпақ Абай және оның айналасы, отарлық езгінің қылбұрауы әбден сығымдай түскен шақтағы ел өмірі эпопеяда барша болмыс-бітімімен, сан түрлі бояуымен көз алдымызда бейбіт жайылып сала береді:
«Жаздыгүн шілде болғанда,/ Көкорай, шалғын, бәйшешек/ Ұзарып өсіп толғанда;/ Күркіреп жатқан өзенге/ Көшіп ауыл қонғанда;/ Шұрқырап жатқан жылқының/ Шалғыннан жоны қылтылдап,/Ат, айғырлар, биелер/ Бүйірі шығып ыңқылдап,/ Суда тұрып шыбындап,/ Құйрығымен шылпылдап,/ Арасында құлын-тай/ Айнала шауып бұлтылдап,/ Жоғары-төмен үйрек-қаз/ Ұшып тұрса сымпылдап,/ Қыз-келіншек үй тігер, Бұрала басып былқылдап, Ақ білегін сыбанып, Әзілдесіп сыңқылдып./
Біз үзіндісін үкілей ұсынып отырған «Жаз» өлеңі 1889 жылғы «Дала уалаяты» газетінің 7-санында жарияланған. Өлеңнің басында: «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» - деп түсінік берілген. «1880 жылдан бастап, 1886 жылдарға шейін, - дейді Көкбай ақын,- Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ, бұл уақытта сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді... сол күні «Жаздыгүн шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғашқы рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім осы» («Абай» журналы, №2 – 2016 ж).
Сонымен қазақтың жазба әдебиетінің қарлығаштары «Жаз», бұдан сәл ертерек «Қансонарда» (1882-1883 ж) өлеңдері қанат қақты. Құнанбайдың Ибраһимі үшінші мүшелден асты. Ол шығармашылық беті айқын, ұстанымы берік, тілі халық ауыз әдебиетінің қайнарынан суғарылған сөз зергері:
«... Томағасын тартқанда бір қырымнан,/ Қыран құс көзі көріп самғағанда./ Төмен ұшсам, түлкі өрлеп құтылар деп,/ Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға,/ Кере тұра қалады қашқан түлкі,/ Құтылмасын білген соң құр қашқанға./ Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,/ О да талас қылады шыбын жанға... »(«Қансонарда»,Шығармалары,»Жазушы», 2005 ж., 1-том, 42- бет).
Осы орайда «Қансонарда» өлеңінде, - дейді Мұхтар Әуезов,- орыс халқының өмірінен, не орыстың классик поэзиясынан тұпа-тура ауысып келіп, араласып тұрған еш белгі, дерек жоқ. Бұндағы көретініміз, қазақ халқы мекен еткен қысы туралы, табиғат, бүркіт салуға салт атқа мініп шыққан анық қазақтың аңшылар тобы. Ермек үшін еңбек еткен ширақ, сергек, қажырлы әрекет үстіндегі адамдар. Көпшілік елдерде, бұл замандарда қолданбайтын бүркіт аңшылығы суреттелген. Осы адам тобының мінездері, аңшылықтағы тәсіл-тәжірибелері, әр алуан динамикалық кесек әрекеттері, толып жатқан машық-мерзімі тұтас қазақтың өзіне тән тіршілігі боп шығады... Бұнда натуралдық үлгіде екі жайды: «ананы көр де, мынаны көр» деп ұқсата салу жоқ. Табиғатты, түлкі мен бүркітті түгел қосып, бір бейне етіп, ақ етті сұлудың динамикалық әрекетіне ұқсатуда көп ассоциация туғызатын терең де кең метафора танылады. Шын шебер реалистің ғана қаламына оралатын өзгеше үлгі» (М.Әуезов. «Абай Құнанбаев», «Санат», 1995 ж, 100,103 бетттер).
Суреттеуде әлі ешкім жете алмаған аттың сыны (1886 ж.) мен өлең сөзге қояр талабы (1887 ж.) осы жылдардың еншісінде (1886-1887ж.):
«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,/ Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ,/ Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,/ Ой желке, үңірейген болса сағақ./».
Одан әрі: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,/ Қиыннан қиыстырар ер данасы./ Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,/ Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы».
«Абай жолындағы» кестелі өлеңге тамсана отырып, Ұлы ақынның сұлуды суреттеген сөздері құлағымызда жаңғырығады:
«Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,/ Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған,/ Бір жаңа ұқсатамын туған айды./
Киіз үйдің толық жабылмаған сықырлауығынан сығалағандай хәлдегі оқырман көзіне жер үстел жанындағы Абай бейнесі оттай басылады. Бұл ақынның қырықтың қырқасына енді көтерілген, отыздан астам өлең жазып, өзі «Арғын, Найман жиылса,/ Таңырқаған сөзіме» демекші, есімі алты алашқа таралған шағы. Ұлы даланың Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса секілді сал-серілерімен білісіп, олардың ақын өнерін ризашылықпен мойындаған шағы.
«Абай келгеннен бері Тоғжан үлкен ағасы Асылбектің отауынан осы үйге бірнеше рет келіп кетті... аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабар жендеттің жебесіндей» («Абай жолы», Алматы, «Жазушы», 2002 ж, 1-кітап, 141- бет). Одан әрі: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,/ Аласы аз қара көзі нұр жайнайды./ Жіңішке қара қасы сызып қойған,/ Бір жаңа ұқсатамын туған айды./Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,/ Ақша жүз алқызыл бет тіл байлайды./ Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,/Сықылды қолмен тізген іш қайнайды./ Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағыналы,/ Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды./ Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойны бар,/Үлбіреген тамағын күн шалмайды./Тақтайдай жаурыны бар, иығы тік,/Екі алма кеудесінде қисаймайды./ Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды./ Етіндей жас баланың білегі бар,/ Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы. Қолаң қара шашы бар жібек талды,/ Торғындай толқын ұрып, көз таңдайды». (Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы, 1-том, 44-бет).
Хас арудың ажары Әуезовті «Абай жолында» арбап алғандай: «Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр білегі жас баланың етіндей! Ақ торғындай мойны!.. Ақ етің аппақ екен атқан таңдай! (Сонда, 148-бет), «Абай дәл байқады ма, жоқ па? Бірақ шыға берген Тоғжанның аппақ жүзі қайтадан тағы бір рет, соңғы рет қою қызғылтпен ду ете түскендей көрінді. Және сонымен қатар жымия күлген ерні аппақ маржандай тістерін айқын көрсеткендей болды» (сонда, «Абай жолы», 149-бет).
«Сырты дүрдей, іші у мен өртке тола»
Кеңес дәуірінде Ұлы Абай мұрасы аяусыз бұрмаланды: данышпан ақынның еліне қарата айтқанымен, барша адам баласына арнаған, надандық пен қараңғылықты өткір сынаған өсиет сөздерін әспеттеген бола отырып қызыл билік қазақ ұлтын өзге жұрттан төмендетіп көрсетуге күш салды. Тіпті, қазақтан өткен қараңғы халық жоқтай, күллі адам баласына тән надандықты бетімізге басып, бізді мәдениетке бастап жеткізген, сөйтіп көсегемізді көгерткен Кеңестер Үкіметі дәріптелді. Дүние жүзіндегі ұлттар мен ұлыстардың өзара қанаттас тірлік кешіп, бірін-бірін толықтыра отырып өсіп-өркендейтіні есепке алынбады.
Ал, роман-эпопеядағы жер мен жесір дауы секілді қазақ қоғамының трагедиясы сол кезеңнің ащы шындығы. Әлеуметтік теңсіздіктердің қазақты ғана емес, барша адам баласын өкшелеп қалмай, жанға бататыны түсінікті. Жауһар романға жан жадырата ден қойып, ықылас танытсаңыз, қазақтың жерінің кәусар табиғаты, халқымыздың салт-дәстүрі мен тірлік үшін табанды күресі көз алдымызға келеді. Туған халқымыздың даналығы мен дархандығы, батырлығы мен мейірімділігі, әрине тіпті пендешілігі де таразыға салынады. Сондықтан «Абай жолы» роман-эпопеясы мен «Абай Құнанбаев» монографиясы Әуезовтің, тағы да қайталаймыз, Ұлы тұлғаға және туған елге деген ерекше махаббатының бір парасы ғана. Олар сонымен қатар қаламгердің тірлікке жат ұстаныммен жер астынан жік шығарған қияли қоғамға қарсы кемеңгер әрі қайсар күресінің айғағы.
Әуезов аталмыш монографиялық зерттеуінде қазақ әдебиетінің, тіпті өзіне найза кезеген белді өкілдерінің Ұлы ақын хақындағы әр жылдардағы шалыс-қалыс пікірлерін қайта қопсытпай, олардың сіңірген азды-көпті еңбектерін әділ бағалайды. Мәселен, ол Сәбит Мұқановтың «Абай Құнанбаев» монографиясы туралы «Бірінші – Сәбит бұл кітаптың көп жерінде Абайды тану мәселесіне көп елеулі, күрделі еңбек еткен... көп құнарлы деректер беріп отырған. Онысы еңбегін құнды етеді, кең тынысты, шалымды етіп көрсетеді. Және, әсіресе, тағы айтамыз (орынды пайдаланған жерлерінде) Абай туралы қазақ оқушысына білім нәрін береді. Екінші – бұл еңбек өз ішіндегі кемшілік, қаталық, керексіз артық жерлерінен (оның бәрі төменде нақтылы көрсетілген), зерттеу олқылықтарынан арылғаннан кейін, татымды бөлімдерінің негізінде құрылып, басылып шығуы керек». Бұдан әрі автор монографияға жан-жақты талдау жасап, оның кемшіліктерін санамалай жазып, өзі айтқандай «нақтылы көрсетеді» (М. Әуезов. «Абай Құнанбаев», монографиялық зерттеу, «Санат», 1995 ж., 297-298 беттер).
Ал, Абайдың қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы екені кәміл. Ұлы ақын туған халқының тұлпар уақыт тұяғының астында шаң қауып, өзге жұрттан көз жазып қалмауын «сырты дүрдей, іші у мен өртке тола» отырып толғанады:
«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,/ Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын./ Ақылдылар арланып ұялған соң,/ Ойланып, түзеле ме деп айтқанмын./
Надандық пен отарлық бұғауындағы Ұлы дала перзентіне туған елінің тағдыры жүрегіне шаншудай қадалады. Сосын, өзі жырлағандай, «Сырты дүрдей, іші у мен өртке толы»:
«Ашуың ашыған у, ойың – кермек», «Бал сұрасаң, береді у», «Ойлай берсең, у екен», «Тұла бойды улатты», «Улы сусын төгілсін», «Улы сия, ащы тіл», «Өткен күннің уларын», «Мен ішпеген у бар ма», «Ішім толған у мен өрт», «Өңкей уды жиып ап» (Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы, Алматы, 2005 ж, 1-том: 46, 108, 135, 144,145; 2-том: 7,16,22,51 беттер); Бұл аз десеңіз «Уайым – ер қорғаны...», «Уайымнан озбайды», «Уайым жеуліміз», «Бізге уайым жегені» (сонда, 1-том: 53,142,152,165).
Хәкім Абайдың ұйтқысын қашырып, жүрегін сыздатқан ұлы уайымының ащы дәмі Әуезовтің әйгілі романы мен монографиясында да тайға таңба басқандай.
«Абай жолындағы» - «У»: «Ішінде удай қайнаған ыза мен ашу бар» (35-бет, 1-том). «... осы ауылдың бар жасырын сырын, ішкі қыбыр-жыбырын, у мен зәрін жақсы бағатын кексе абысын» (85-бет, 2-том). «Кітап шындығы өмір уымен тең сыбаға» (138-бет, 2-том). «У жесең – руыңмен» (148-бет, 2- том), «... қай ел осыған «удай ащы сөз айт» деп тапсырды» (743-бет, 2-том), «...удай ащы ой кейін пайда болды» (378-бет, 2-том), «Өз ішінен үндемей тынып, уланып ойланды» (20-бет, 3-том), «Мынау өнер емес, у ғой» (312-бет, 3-том), «...Тәкежен айтқан сөздің бәрі де жылан зәріндей, ысқырынып у төгіп тұр» (329-бет, 3-том), «...ауыр қайғы, улы жас көріп тұрса да» (171-бет, 4-том).
«Абай Құнанбаев» монографиясындағы – «У». Әуезовтің «Абай жолындағы» жазықсыз жалаға қарсы күресінің іздері ғұламаның зерттеу еңбегінде де сайрап жатыр: «...Лермонтовты сүйіп: «Бұл махаббатқа уланған шын ақын, махаббатын улаған ашу» деген сияқты сөздері оның әр алуан кең түсініктерге ие бола бастағанын көрсетеді» (53- бет), «... ойына жиылған улы зар, үлкен мұң, қалың арман бар» (53-бет), «1892 жылы өлеңдерінің көбінде Абай Оспанның өлімінен уланып, дерттенген жайын көп жерде сездіреді... тіршіліктің бұл сыбағасын ас орнына у тартқандай көреді» (61-бет), «Әбіштің (Әбдірахман) өліміне арнап айтқан өлеңдері Оспанның өліміне айтылғаннан да зарлы, ауыр қайғылы сөздер болады. Бұл аза ақынның сол кездегі басқа өлеңдеріне де өкініштің уытын жайғандай болады» (66-бет), «Сыртқы өмірдің у қосып, тартып жатқан сыбағасы бар» (66-бет), «... өз ішіндегі ой толқыны – у толқыны екенін танытады» (138-бет), «Бұнда көп надан ортасындағы бір жалғыздың мұңды, улы ойлары айтылады» (138-бет).
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында» осылайша Ұлы ақын қараңғылық қапасындағы, отарлық қыспақтағы елінің бейғам халінен У ішкендей қапалы, қараңғылыққа қапалы болса, «Абай Құнанбаев» монографиялық зерттеу еңбегінде тарихи шындықты қалпына келтіру жолында ғұламаның өзі де У ішкендей хәлде. Бұлай болуы да, өкішінішке қарай, диктатура қыспағының салдары еді. Әуезовтің монографиясын да, басқа ғылыми еңбектерін де қарай отырып, Абайтану жолындағы үлкен майданның куәсіне айналамыз.
«1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде Сәбит Мұқановтың? «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» деген мақаласы жарық көрді. Осы мақаладан кейін-ақ ұлы ақын мұрасын танып бағалау, таныту жолындағы ой-пікірлер бір-біріне қарама-қарсы бағытта дами бастады... Үлкен айтыс туындап, «Абайтану» екіге жарылды. Ілияс Қабылов деген кісі «Абайды қазақ қоғамына танытуға болмайды, ол кертартпа, көзқарасы дұрыс емес. Абаизммен бүкіл Қазақстанның барлық ұйымдары күресу керек» деген ұран тастады. Екі жақты үлкен айтыс орын алды. 1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толғаннан кейін құрметті қаулы шығып, Абайдың кітабы басылып шықты. Сол жылы Мұхтар Әуезов Абайдың толық шығармалар жинағын шығарды. Бір журнал түгелдей Абайға арналды. Ондағы дені сау мақала Мұхтар Әуезов пен Құдайберген Жұбановтың мақаласы болатын. Басқа мақалалардың барлығы «Абай – феодал, буржуазияшыл» деген мағынада болған екен» («Абай әлемі» сайты, 2017 ж).
Жалпы У сөзін Абай ізімен оның немере інісі, кемеңгер Шәкәрім қажы (14 рет) мен ұлы ақын Мағжан Жұмабаев та кең қолданады. Мәселен, Мағжан ақын бір ғана «Орамал» өлеңінде «У» сөзіне үш мәрте жүгінеді. Отарлық, оның үстіне тоталитарлық жүйеде еркін ойлы, азат жанның, ұлжанды тұлғалардың өмір сүруі шынында да нағыз азап болатын. Ал, бұл енді өз алдына жеке әңгіме.
Болат Жүнісбеков,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
мемлекеттік қорық-музейінің директоры