«КИЕЛІ ШЫҢҒЫСТАУ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени әдеби-мемориалдық қорық-музейінде «Киелі Шыңғыстау» көрмесі ашылды.

Бұл көрмеде М.О.Әуезовтің 120 жылдығына орай ұйымдастырылған симпозиум барысында жасалған туындылар орын алды. Бір апта бойы Қазақстанның әр өңірінен келген суретшілер Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды халқының ұлы перзенттерінің іздері қалған жерлермен жүріп, ауасын жұтып, көрікті де шежірелі Шыңғыстау өңірінде: Бөрілі, Күшікбай асуы, Тұма көлі, Жидебай, Үйтас, Кіші Орда, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, Абай аналары — Ұлжан мен Зере зираты, Кеңгірбай би мазары, Шыңғыстау, Архат тауларының әсем жерлерінде, табиғат аясында плэнер өткізіп, 110-нан аса өнер туындысы салынды.

Шараны Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Б.Жүнісбеков алғы сөзімен бастап, симпозиумға қатысқан барлық суретшілерге ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Астана қаласының Суретшілер Одағының төрағасы, мәдениет қайраткері Т.Ермеков, ҚР Суретшілер Академиясының толық мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, академик М.Байтенов, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, академик М.Туксаитов, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, кескіндемеші және график, педагог Т.Байғалиевке «Абай» медалін табыстады. Аталмыш шарада Астана қаласының Суретшілер Одағының төрағасы Т.Ермеков өз алғысын білдіріп, Абай музейінің бір топ қызметкерлерін Астана суретшілер Одағының «Құрмет» мәртебелі төсбелгісімен марапаттады. Атырау қаласынан келген Ж.Әділқайыр да Абай музейінің әкімшілігіне ризашылығын білдірді.

Көрменің ашылу салтанатына республикалық, облыстық, жергілікті БАҚ құралдары өкілдері, мәдени мекемелер қызметкерлері, әріптестер қатысты. Симпозиумға қатысқан суретшілер Абайдың қара шаңырағына 50-ден астам туындыларын тарту етті.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-мұражайының баспасөз қызметі