Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі 2017 жылдың 4 тамызында ұлы ақынның туғанына 172 толуына арналған бірінші Алматы қалалық «Абай оқулары» фестиваліне қатысты.
Шараны ұйымдастырушылар - Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана мен «Көмектес» көз мүгедектері қоғамдық қайырымдылық қоры.
Мақсаты - Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттау және сол арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау.
Фестивальға Алматы қаласы мен Алматы облысындағы зағиптар ұйымдары мен республикалық кітапхананың мүмкіндігі шектеулі оқырмандары қатысты.
Фестиваль 5 номинация бойынша өткізілді:
- Абай шығармаларын жатқа айту;
- Абайдың қара сөздерінен үзіндіні жатқа оқу;
- Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзіндіні жатқа оқу;
- Әлем халықтары тіліне аударылған Абай шығармаларын жатқа оқу;
- Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған авторлық шығармаларын жатқа оқу.
Жеңімпаздар Алматы қалалық «Абай оқуларына» жолдама, сондай-ақ, алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар және түрлі ұйымдардың арнаулы жүлделерімен марапатталды.
Фестивальда бірінші орынды иеленген кітапхананың тұрақты оқырманы, Лондонның Реддинг университетінің түлегі Кенжеғұл Сейтжан Абайдың қорық-музейінің арнайы жүлдесі – «Mikrolab M105» акустикалық-дыбыстық жүйесімен марапатталды. Шара қонақтары С.Кенжеғұлдың орындауында Иран-Ғайып шығармашылығынан «Мен ішпеген у бар ма?» атты Абай спектаклінен үзінді тыңдады.
Фестиваль аясында «Абай айнасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Мәдени шараға Алматы қалалық тілдер басқармасының бөлім бастығы, ақын Б.Қалымбет, жазушы, публицист, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі С.Парманқұлов, «Көмектес» қайырымдылық қорының президенті А.Сапелкин, Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми хатшысы Ш.Садықова, «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі, ақын Ш.Мұратхан, актер, әнші Ғ.Әділханов қатысты.
Дереккөз: abay-museum.kz