Құнанбайдың Кеңгірбай биден бата алуы

Құнанбайдың өмір жолдары, қалыптасу кезеңі сөз болғанда Кеңгірбай биден теріс бата алуы еске түседі. Бұл туралы Кеңгірбай би жайлы естеліктерде, Т.Жұртбай, М.Жанболатов, Б.Исабаев, Б.Сапаралы, шығармаларында нақты айтылады.

"...Құнанбайды шешесі қолынан жетелеп, бір тоқтысын сойып, Кеңгірбай биден бата алуға барады. Бірінші жолы бермейді. Келесі жылы тағы да барады. Би ата батасын бермей қояды. Үшінші жылы келеді. Бермейді.

- Үш келдім, батасын бермеді, - деп Зере жылайды. Сонда Көкі бəйбіше биге:

- Үш келді, басыңды көтер, батаңды бер! - дейді.

Би басын көтеріп, Көкіге:

- Сыртқа шығып, жан-жақты қара, ешкім көріне ме екен? - дейді.

Көкі шығып кеп:

- Ешкім көрінбейді, - дейді.

Сонда би:

- Пай-пай, болмас...- депті де:

- Тоғыз ата толғанша, түңлігіңді ешікім ашпасын! - деп қолын теріс жайып, теріс батасын беріпті. Келіні Зере:

- Атам теріс батасын берді, - деп жылап қайтады. Көкі:

- Келінің жылап кетті, теріс бата бергенің не? - дейді.

Сонда қасиеті күшті Кеңгірбай би:

- Үш жылдан бері батамды алар деп тосқаным балаларым еді. Олардың бірі де келмеді. Ал, келінім мен немере балама оң бата берсем, онда менің артымда ұрпақ қалмайды. Өзің шығып қарашы, əлгілердің артында не кетіп барады екен? - депті.

Көкі сыртқа шығып кеп:

- Артында ит пе, қасқыр ма, екі көк бірдеңе кетіп барады, - депті. Сонда би:

- Менің төрт көк бөрім бар еді, екеуі сол, - деп жауабын тұйықтапты.

Теріс бата естіп қайтқан Зере келгенде Өскенбай:

- Батасын берді ме? - деп алдынан шығыпты.

- Теріс батасын берді, - депті Зере ренжіп.

- Қалай?

- "Тоғыз ата толғанша түңлігіңді ешкім ашпасын" деп қолын теріс жайды, - дейді. Сонда Өскенбай қуанып:

- Жарап жатыр! - деп, ат шаптырып, той жасапты.

Кейін Құнанбай мырза Би ата дүние салған соң, "Қарызы бар" деп малын шығындап, зират салдырады. Зират күмбезінің қабырғасын қырық жылқының қылы мен қырық ешкінің майын, қанын араластырып көтерген екен. (Б.Сапаралы. «Құанбай қажы» Алматы. 1995 ж. 108 б.)

Кəзір Кеңгірбай бидің кесенесі əлі сол қалпында сақтаулы. Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеуден өткізіліп, сырты ақ мəрмəрмен қапталды.

Жинақтаған: Алмахан Мұхаметқалиқызы