Назлы Аскарзаде: Абай – қазақ халқының бағына туған тұлға

Назлы Асқарзаде – парсы аудармашысы. Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай 1997 жылы «Абай жолы» роман-эпопеясын орыс тілінен парсышаға аударған. 1942 жылы Иранның Астара шаһарында туған Н.Асқарзаденің 4 жасында отбасы тағдырдың айдауымен Әзірбайжанның Гәнжә қаласына қоныс аударған. КСРО аумағында өскендіктен, орыс тілін жетік меңгерген. Отаны Иранға қоныс аударған соң, 45 жылдан бері аудармамен айналысып келеді. 40-тан астам кітапты орысшадан парсышаға тәржімалаған.

АБАЙ ЖАН ДҮНИЕСІНІҢ КІРШІКСІЗ ТАЗАЛЫҒЫ ОҚЫРМАНДЫ ТЕБІРЕНТПЕЙ ҚОЙМАЙДЫ

 – Назлы ханым, қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын парсышаға аудардыңыз. Алыстағы Иранда жүріп, бұл істі қолға алуыңызға не түрткі болды?

– Мұхтар Әуезовтің аталған шығармасын осыдан 23 жыл бұрын тәржімаладым. Иранды Сейіт Мұхаммед Хатами басқарған тұста (1997-2005 жылдар аралығында) «Өркениеттер диалогы» деген саяси-дипломатиялық доктрина қабылданып, өзге елдермен халықаралық қатынастар нығая түсті. Каспий теңізі арқылы шекаралас бол­ғандықтан, мемлекетіміз Қазақстанмен де жан-жақты байланысқа айрықша көңіл бөле бастады. Мен ол кезде Иран­ның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінде жұмыс істейтін едім. Басшылық Иран-Қазақстан арасындағы әдеби-мәдени әріптестікті күшейту үшін маған М.Әуезовтің «Абай жолын» аударуға тапсырма берді. Мен орысша нұсқасынан парсышаға бір жылдан астам уақыт ішінде аудардым.

– Қазақтың бас ақыны жөніндегі ірі әдеби туынды сізге қалай әсер етті?

– «Абай жолы» маған қатты ұнады. Осы романды аудару арқылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының әрі өнегелі, әрі қасіретті ғұмырын кеңірек танып-білгеніме қуаныштымын. Ол бозбала кезінен-ақ қазақ ішіндегі түрлі тартыстар мен халқының мәдени-әлеуметтік қиындықтарына куә болды. Мұндай жәйттер Абайдың ерте ақыл тоқтатуымен бірге, бойында адамгершілік қасиеттердің терең тамыр жаюына ықпал етті. Туралық пен жақ­сылықты ту еткен ол руаралық кикілжіңдерде әрдайым әділдік жағында бол­ды. Жапа шеккендерге, жәбір көргендерге қолынан келгенше пана болып, зорлықшыл, өктем күштерге қарсы аянбай күресті. Халқының қуанышын да, қайғысын да жүрегінен өткерген Абайдың жан дүниесінің кір­шіксіз тазалығы оқырманды тебірентпей қоймайды. Абайдың ізгі болмысын, дарынын дамытуда парасатты да мейірімді әжесі Зеренің рөлі зор еді. Ақынның алғашқы махаббаты Тоғжан екеуінің арасындағы хикая әсерлі суреттелгені сондай – сол ғашық жү­рек­термен бірге өзің де қайғы-мұңға батып, күрсінесің, «аһ!» ұрасың. Өкінішке қарай, сезімдері осындай мөлдір болған жастар руаралық қақтығыстар кесірінен қосылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, да­на­гөй, әділетсүйгіш, адал болған қазақ ақынының ізгі бейнесі кім-кімнің де жан дүниесін нұрға бөлейді. Абай – қазақ халқының бағына туған тұлға. Тағы бір қосарым, «Абай жолының» авторы Мұхтар Әуезов туындыдағы оқиғаларды шынайы, әсерлі, жан-жақты суреттегенінен оның халық арасында ұзақ өмір сү­ріп, өз ұлтының салт-санасын, тыныстіршілігін, дүниетанымы мен мә­­дениетін толық сіңіргенін түсінесің. Осы орайда, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен қазақ жұр­тын және әлемнің барлық елін құттықтаймын!

– 23 жыл бұрын «Абай жолы» парсы оқырмандарына парсы тілінде 2000 данамен жол тартыпты. 83 миллион бұ­қа­расы бар мемлекет үшін тым аз емес пе? «Абай жолын» Иранда қайтадан басып шығару керек пе?

– Мұхтар Әуезовтің роман-эпо­пея­сын ұнатып, парсы тілінде бірнеше қайтара оқыған адамдарды білемін. «Абай жолы» – Лев Толстойдың, Федор Достоевскийдің шығармалары сияқты мәңгі өлмейтін туынды деп ойлаймын. Сондықтан романды анағұрлым көп таралыммен шығарып, тарату қажет. Әйтсе де, әзірше қаржылай қолдау бол­май тұр.

«АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАНЫН ҚЫЗЫҒЫП ТӘРЖІМАЛАДЫМ


– Жоғарыда «Абай жолын» бір жылдан астам уақытта аударғаныңызды айттыңыз. Күніне неше сағаттан жұмыс істедіңіз?

– Жазу үстелімде күніне 5-6 сағат, кейде одан да көп отыратынмын. Бірақ роман қызықтырып әкеткендіктен, аса шаршай қойған жоқ­пын.

– Қазақстанда бол­ды­ңыз ба?

– Өкінішке қа­рай, Қазақ еліне жолым түскен жоқ. Қазақ халқымен «Абай жолы» арқылы таныстым.

– Өмірбаяныңызды ай­тып берсеңіз…

– 1942 жылы Иранның Астара шаһарында тудым. 4 жасымда отбасым тағдырдың айдауымен Әзірбайжандағы Гәнжә қаласына қоныс аударған. Сонда өстім. Ол заман Совет Одағының дәуірі болғандықтан, Әзірбайжанда орыс тілін еркін меңгердім. Отаным Иранға оралған соң, алдымен Исфаханның «Зубаһан» темір балқыту зауытында, кейін Иран Ислам республикасының Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің баспасөз және шетелдік ақпарат құралдары департаментінде орыс тілінен аудармашы болып жұмыс істедім. Әртүрлі ұлт ав­тор­ларының әрқилы салада жаз­ған 40-тан астам кітабын тәр­жімаладым. Аудармамен ай­налысып келе жатқаныма 45 жыл болды. Бұл іс мен үшін жан рахаты.

– Нақ­ты кімдердің қандай еңбектерін аудардыңыз?

– Әртүрлі бағыттағы кітаптарды тәржімаладым: бастапқыда психоло­гия, бала тәрбиесі; кейін өнер (Ван Гог нақыштары, бейнелеу өнеріндегі ком­позицияның тарихы, сурет салуға үйрету, ойып өрнек салу және т.б.); әдеби зерттеулер (Фирдоуси шығармашылығы Ресей шығыстанушылары көзімен);  проза (қазақ жазушысы М.Әуезовтің «Абай жолы», пәкістандық қаламгер Шоукат Седдиқидің «Разия бегім» романы, әзірбайжан жазушысы Қа­лам Мұхаммедовтың «Бардия» кі­та­бы, орыстың сөз зергері Федор Дос­тоевскийдің «Ойыншы» романы, Варлам Шаламовтың «Колыма қиссалары» атты 4 томдық кітабы, Ольга Петрочуктың «Ван Гог нақыштары», Светлана Алексиевичтың «Чернобыль дауысы», Андрей Белыйдың «Петербург» романы және т.б.). Бұл туындылардың кейбірін баспагер ұсынса, өзгелерін өз қалауыммен аудардым.

– Газетіміздің оқырмандарына қан­дай тілек айтасыз?

– Баршаңызға амандық, саулық тілеймін!

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан Алпамыс ФАЙЗОЛЛА