Таласбектің «Құнанбайы» – театр төрінде

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры репертуарына «Абай» трагедиясы мен «Зере» драмасының енгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Өнер ошағының қоржыны енді «Құнанбай» спектаклімен толығып отыр. Белгілі жазушы, кинодраматург Таласбек Әсемқұловтың қаламынан туған туындыны сахнаға театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ­Болат Ұзақов лайықтады. Осылайша бір әулеттен шыққан үш бейне астаналық театр төрінде тоғысып отыр.

Құнанбай бейнесін көпшілігіміз заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан таныдық. Кеңес заманының идеологиясынан шыға алмаған қаламгер кейіпкерін жағымсыз жағынан көрсетуге мәжбүр болып, Абайды алып шығу үшін Құнанбайды құрбандыққа шалды.
Тәуелсіздік қолымызға тиген уақыттан елдің қамын жеген кемеңгер, көреген, әділдігімен қара қылды қақ жаратын Құнанбай образы насихаттала бастады. Таласбек Әсемқұлов сценарийін жазған Досхан Жолжақсыновтың кинотуындысында дәл сондай тұлғаны көреміз. Бұл фильмнен бұрынғы көркем туындыларда Абай алдыңғы орыннан көрінсе, аталмыш кинода Құнанбай бірінші планға шығарылған. Қаллеки театрының жаңа қойылымынан да бас кейіпкер ретінде Абайдың әкесін көрсек те, бұл Құнанбай кинодағыдай емес – сәл басқаша Құнанбай.
Премьера үш күн бойы жүрді. Құнанбай бейнесіне де үш актер бекітілді. Оның біріншісі – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, екіншісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаев, ал үшіншісі – Нартай Сауданбекұлы.
Біз Ерлан сомдаған Құнанбайды тамашаладық. Шыны керек, бұдан бұрын бұл әртісті басты рөлден көрмеген едік. Қойылымдарда, ол негізінен, жанама кейіпкерлерді кейіптейді. Таяуда елу жасқа толған оған қоюшы режиссер осы рөльді беріп, мерейтойына сый жасаған сияқты. Құнанбай – актердің бенефисіне лайық келетін кейіпкер.
Шымылдық ашылғанда қол-аяғы кісендеулі Құнанбайды көреміз. Абақтыда ол өзімен-өзі арпалысқа түседі. Көз алдына жастық шақтағы махаббаты, сауық-сайран құрған кездері елестейді. Осы көріністің арғы жағынан жүрегі жұмсақ, лирик кейіпкер менмұндалайды. Осыдан қоюшы режиссер еш мінсіз адамды емес, бәріміз сияқты ет пен сүйектен жаралған, өзіне тән кемшіліктері бар кейіпкерді көрсеткісі келгені андалады. Бұл ойымызды қу тілді Тонтайдан (Аманжол Молдахмет) сөзбен жеңілгені де бекіте түседі.
– Құнанбайдың портреттік образын жасау мақсатын қойған жоқпыз. Адам ретіндегі болмысын, іштегі арпалысын, қайшылықтарын беруге тырыстық. Құнанбай қатардағы адам емес, биліктің басындағы тұлға еді. Ондай адам не жасаса да, жақсылығы да, жамандығы да көзге көрінеді. Құнанбай – жалпы трагедиялы образ. Осы күндерге дейінгі ол туралы туындылар тұлғаның басынан кешкен оқиғаларға негізделген. Ал біз ішкі жан дүниесіне үңілуге талпындық, – дейді Болат Ұзақов.
Әрине, осындай ірі тұлғаны сомдау кез келген актерге зор жауапкершілік жүктейді. Өнер иесінде қобалжу болады. Осыны Ерлан Малаевтың ойынынан байқадық. Кейіпкерді сәтті сомдап шығу үшін сахнаға кемінде бес-алты рет шығу керек шығар. Сонда бекітілген рөл әртістің бойына сіңетін сияқты.
Әр көркем туындыдан көшіп жүретін Қодар мен Қамқа оқиғасы спектакльде де көрініс табады. Қоюшы режиссер мұны ұлттың тәрбиесі үшін, ар, ұят деген ұғымдар бар екенін еске салу мақсатында енгізді деп пайымдадық. Әсіресе, Құнанбай мен тергеушінің (Олжас Жақыпбек) әңгімесінен жат мәдениеттің қазақ даласына теріс ықпалы байқалады. Екі оттың ортасында қалған бас кейіпкердің қиналатын сәттері де аз емес.
Бізге өзіне бекітілген бейнені Олжас Жақыпбектің шынайы алып шығуы, Барақ сұлтанды сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаевтың ойыны, Жөгі деген барымташыны кейіптеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрлановтың рөлге кіруі ұнады.
Біздіңше, бір «әттеген-айы» драмада Зере бейнесі жоқ. Кинода оны актриса Нұрсифат Салықова тамаша көрсеткен еді. Спектакльде де осы кейіпкердің енгізілуі артық болмас еді деп ойлаймыз.
Ал Құнанбай мен Абайдың диалогы бір ғана көріністе, спектакльдің соңында берілген. «Біз өмірімізді ат үстінде алысумен өткіздік. Мен алаштың атын жетектеп әкеліп кермеге байладым… Шешілместей етіп. Мен алаштың найзасын белдеуге қыстырдым… Алынбастай етіп. Содан соң… Құздың шетіне құжыраны салдым» дейді онда Құнанбай. Сонда Абай «Құжыраны неге құздың шетіне салдың?» деп сұрап, «Бұл жұмбақты сендер шешу керексіңдер» деген жауапты естиді. Осының сырын әлі аша алмай жүрміз…