Атабай ҚУАНЫШОВ: АБАЙ ЖӘНЕ КРЫЛОВ

«Абай және классикалық әлем әдебиеті»

 

Аңдатпа. Мақалада әлем әдебиетінің ұлы классиктері Шиллер, Гете, Байрон, А.Пушкин, И.Бунин, М.Лермонтов, И.Крылов, А.Мицкеевич туындыларын қазақ тіліне аударып, ұлттық әдебиетімізде көркем аударманы қалыптастыруға үлес қосқан Абай Құнанбайұлының мысал жанрын аударудағы шеберлігі қарастырылады. Абайдың И.Крылов мысалында берілген даналық ойлардың ұғымын сезіне отырып, өзінің төл шығармасындай аударуға күш салатыны талдаулар арқылы көрсетіледі. Абай аудармаларында қолданылған трансформациялық тәсілдер: нақтылау, ұлғайту, антонимдік, тұжырымдау т.б. тәсілдер анықталынып, көркем аудармамен айналысудағы А.Құнанбайұлының мақсаты айқындалынады.

 

Кіріспе

 

ХХ ғасыр басында орыс әдебиетіндегі мысал жанрының көрнекті үлгілері қазақ тіліне аударылып, қазақ әдебиетінің дамуына ықпал етті. Әсіресе, қазақ ағартушылары  И.Крыловтың мысалдары  арқылы ұлттың сана сезіміне әсер етіп, ғибрат алуды ұсынды. И.Крыловтан  С.Көбеев 37 мысал аударып «Үлгілі тәржіме», А.Байтұрсынов 40 мысал аударып «Қырық мысал», Б.Өтетілеуов 15 мысал аударып «Жиған-терген» деп жеке кітап етіп бастыруынан мысалдардың қазақ халқы үшін маңызды болғанын пайымдаймыз. Бір қызығы И.Крыловтың бір мысалы бірнеше рет аударылғанын байқаймыз. Түпнұсқа өлең түрінде берілсе де, аудармашылар қарасөз түрінде де, өлең түрінде де әр түрлі тәсілмен беріліп отырады. Аудармашылар И.Крыловтың мысал өлеңдерінің пішінін  өзгертсе де, негізгі идеясына нұсқан келтірмейді.

Біздің қарастыратынымыз Абай Құнанбайұлының И.Крыловтан аударған мысалдарының ерекшеліктері. Абайдың қай аудармасын алып қарасақта, шығармашылық еркіндікті байқаймыз. Яғни, Абай оқырманның түсінігіне бейімдеп, өзінің айтпақ ойын қосып мысалды дамытып береді. Академик З.Ахметов: «Абай орысша мысалдың тексін дәлме-дәл аударуды мақсат етпеген, негізінен оқиға желісін сақтай отырып, мысалдағы жай-жағдайларды қазақ өміріне, ұғым-түсінігіне, ойлау, сөйлеу ерекшелігіне жанастырып, өзінше бейнелеуге ұмтылған» [1, 24] - деп талдау жасайды.

Жалпы, Абай аударма арқылы қазақ әдебиетін әлем әдебиетінің классиктері: Шиллер, Гете, Байрон, А. Мицкеевич, А.Пушкин, И.Бунин, М.Лермонтов, И.Крылов туындыларын рухани құндылықтармен толықтырды.  Қазақ әдебиетінде көркем аударманың қалыптасуына ықпал етті деуге негіз бар. Десек те, отандық ғылымда қазақ поэзиясының классигі Абайдың көркем аудармадағы ізденістері, ерекшелігі зерттеліп талданғанымен мысал жанрының аудармасы заманауи аударматану ғылымында жүйелі қарастырылмады. Мақаланың өзектілігі де осында. Абайдың аудармашылық өнері жөнінде М.Әуезов, Қ. Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев, Т.Әлімқұлов, З.Ахметов, Қ.Бекхожиннің тағы басқа да ғалымдардың еңбектері бар. Мақала жазу барысында абайтанушы ғалымдардың еңбектері басшылыққа алынып, жалпы әдеби аударма жанрын талдау ерекшеліктері жайлы ой-пікірлері назарға алынды.

 

Зерттеу әдісі

 

Ғылыми мақала жазу барысында барысында түпнұсқа мәтіндері мен көркем аударма мәтіндерін салыстыру, түсіндіру, топтау және мәтіндік талдау әдістері қолданылды. Абайдың аудармашылық өнеріне ғылыми талдау жасалынып, оның аударма арқылы орыс әдебиетінен қандай пайдалы өнеге алғандығы, оны өз шығармашылығына қолдана білгендігі айтылады. Мысал аудармасындағы Абайдың ізденісін, әр сөздің баламасын аударма тілден сәйкестігін табу шеберлігі, аударма барысында қолданған транформациялық әдістері аударма теориясының қағидалары негізінде айқындалады.

 

Бақылау мен талқылау

 

«Мысал- эпостық шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатиралық сипатты, көбіне аң, хайуанат, кейде зат түрлері жазылады да сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік, күлкіге, келекейге, мазаққа айналдырып, сықақпен саналады. Мазмұны бүкпелі болғанымен, идеясыз, астарсыз, ашық, тура, тілі мірдің оғындай өткір, шымшыма, шымыр келеді» [2, 36], - дейді академик З. Қабдолов.

Өлеңмен берілетін тағылымды ойды астарлап жеткізуді мақсат ететін мысал жанрының тақырыбы әр түрлі. Сюжеттерінің кейіпкерлері адамдар, құстар, жан-жануарлар, өсімдіктер болып келеді. Жан-жануарларға тіл бітіп, диалог тәсілімен қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайды. Әсіресе, адам мінезіндегі екіжүзділік, жалқаулық, арсыздық т.б. жаман әдеттер жануарлардың образымен беріліп, әшкереленеді.

Абай Құнанбайұлының И.Крылов мысалдарын  еркін аударып, арасына өз идеяларын, көзқарасын қосып, қазақ психологиясына, болмысына қарай бейімдеуді мақсат еткен. «Мысалдың артықшылығы, алдымен, олардың поэзиялық қуат-күшінен, тұспал бейнелер арқылы сан алуан адамдардың мінез-құлқын, әс-әрекетін аңдатып, айқын көзге елестетіп, сол арқылы қоғамдық өмірдің шындығын, қайшылықтарын терең ашып бере алатын мол мүмкіндігінен іздесе керек» [1, 48], - дейді абайтанушы, профессор З. Ахметов. Абай өзінің төл туындыларымен ғана емес, тәржіме арқылы да адамзатты адамгершілікке, еңбекқорлыққа үндейді. Мәселен, И. Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа» мысалында «қыстың қамын жаз ойла» идеясын жеткізсе, «Есек пен бұлбұл» мысалында біліксіз сыншының сынын көрсетіп, «сын - шын болсын» ұстанымын жеткізген. Байқап отырсақ Абайдың тәржімаларының астарында үлкен мән жатыр. Абай мысал жанрының шебері И. Крыловтың өлеңдерін аудара отырып, сатира тілімен негізгі ойды шебер жеткізе білген. Ақын Крыловтың «Стрекоза и муравей» тақырыбын «Инелік пен құмырқа» деп бермей, «Шегіртке мен құмырсқа» деп атауды жөн көреді. Абай өлеңнің поэтикалық мазмұнын ашу үшін,  инеліктен қарағанда ыршып жүретін шегірткенің болмысына сәйкес инелікке қарама-қарсы образды алып, антонимдік аударма жасаған. Негізінде антонимдік аударма, аударма теориясында қолданылатын ұтымды тәсіл екенін осы мысал тәржімасынан байқаймыз.

«Шегіртке мен құмырсқа» мысалында құмырсқаны шегірткемен қатар ала отырып, құмырсқаның еңбекқорлығы, шегіркенің ертеңгісін ойламайтын жалқаулығы суреттелген.

Түпнұсқасында шегірткенің секіріп жүріп, жаздың өтіп бара жатқандығын, қыстың келгенін байқамай қалғандығы айтылады. Тәржімасында Абай түпнұсқасын сөзбе-сөз бермей, шегірткені орыс тіліндегідей «секіргіш» демей, бейнелі түрде шегіртке образын ашып ыршып жүріп ән салатынын, «шырылдауық» деп бейнелейді. Сайран салып, қызық қуып жүріп жаздың қалай өтіп кеткенін байқамай қалғандығын яғни, себебін анықтап жеткізеді.

 

Помертвело чисто поле,

Нет уж дней тех светлых боле,

Как под каждым ей листком

Был готов и стол и дом - [3,12],

 

Жаз күндеріндей емес, дала өлі. Жазда әр жапырақтың асты үй болып, дастарханның да дайын болып тұратыны, енді ол күндердің жоқтығы айтылады. Бұл шумақ шекірткенің жағдайының қиындағанын білдіріп тұр. Бұл шумақты Абай нақтылап,

 

Жаздыкүні жапырақтың

Бірінде тамақ, бірінде үй,

Жапырақ кетті, жаз кетті,

Күз болған соң кетті күй  [4, 47] -

 

деп берген. Түпнұсқада күздің келгені астарлы түрде берілсе, аудармадан нақтылау әдісін байқаймыз. Абай «күз болған соң кетті күй» деп өз жанынан сөз қосып, қазақ ұғымына түсінікті етіп, еркін жеткізген. Келесі шумақтардың аудармасынан трансформация тәсіліндегі ұлғайту әдісін байқаймыз. «Абай аудармаларында жалпы мазмұнын өз сөзі, өз ұғымынша әдемілеп айтып береді. Солардың үлгісін ғана алып, өзінше жазады. Бірақ, жалпы сарыны, ізі сақталынады. Кейде өз жанынан сурет, баяндаулар қосып, кейбір жерлерін тастап кетеді» [5, 225] - деп пікір білдірген екен академик, Қ.Жұмалиев. Абай өзінше жазса да, автор идеясынан ауытқымайды. Абайдың аудармадағы ұстанымы автордың астарлы ойын жұмбақтамай  оқырманға нақтылап жеткізу. Нақты беру үшін сөз қосу, мағынаны дамыту келесі шумақтардан да байқалады.

 

Все прошло: с зимой холодной

Нужда, голод настает,

Стрекоза уж не поет,

И кому же в ум пойдет

На желудок петь голодный!

И.Крылов «все прошло...» -

 

деп бір тіркеспен ғана шегірткенің жағдайының қиындағанын білдіреді де, қарны аш болса, ән салып, сауық құруға шамасының болмайтынын бес жолға сыйғызып берген. Ал, Абай осы бес жолды он жолға айналдырады. Яғни, түпнұсқа сөздерін дәл аударып, сірестірмей шығармашылық еркіндікпен шегірткенің мүшкіл халін шеберлікпен бейнелейді.

 

Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,

Өкінгеннен не пайда?

Суыққа тоңған, қарны ашқан

Ойын қайда, ән қайда?

Оныменен тұрмады,

Қар көрінді, қыс болды.

Сауықшыл сорлы бүкшиді,

Тым-ақ қиын іс болды.

Секіру қайда, сүрініп,

Қабағын қайғы жабады.

 

Байқап отырғанымыздай, бұл шумақта түпнұсқада жоқ сөздерді кездестіреміз. Шегірткенің құмырсқаға барып жалынғаны түпнұсқада:

 

Злой тоской удручена,

К муравью ползет она –

деп екі сөйлеммен берілсе, аудармада жәй ғана «құмырсқаға барды» демей, нақтылай:

 

Саламда жатып дән жиған

Құмырсқаны іздеп табады.

Селкілдеп келіп жығылды,

Аяғына бас ұра.

 

Салам дегеніміз: «Шөп-шаламның үйіндісі, илеу» [6, 432]. Демек, Абай жаздай еңбектенген, қысқа сақадай сай болған құмырсқа екенін анықтап беруді мақсат еткен. Сондай-ақ, қарны ашқан шегірткенің аянышты бейнесін селкілдеп, аяққа жығылғанын суреттеп көрсетеді. Ары қарай шегірткенің құмырсқаға жалынғанын орыс тілінде:

 

«Не оставь меня, кум милый!

Дай ты мне собраться с силой

И до вешних только дней

Прокорми и обогрей!» 

 

Абай аудармасы:

 

Қарағым жылыт, тамақ бер,

Жаз шыққанша асыра!

 

Бұл шумақтан аударма трансформациясындағы қысқарту әдісін байқаймыз. Түпнұсқадағы шегірткенің өмір сүруге шамасының жоқтығынан, күш жинағанша құмырсқаның қасында қалуға мұрсат сұрағаны, тамақ беріп, бойын жылытып қыстан аман-есен шығуын өтініп сұрағаны айтылған. Ал, Абай төрт жолды екі жолға сыйғызып, қысқа ғана «жаз шыққанша асыра» деген жолмен-ақ, басты айтпақ ойды білдіреді. Түпнұсқада шегірткенің әннен басы айналып жүргендігі айтылса, аудармада түпнұсқаға жуықтатылып, әннен қолы тимегендігі айтылады.

 

 «А, так ты...» - «Я без души

Лето целое все пела»,-

«Ты все пела? Это дело:

Так поди же, попляши!» -

 

деп әніңді айып, сайран салып жүре бер деп аяқталса, аудармада:

 

Қайтсін қолы тимепті,

Өлеңші, әнші, есіл ер!

Ала жаздай ән салсаң,

Селкілде де, билей бер! –

 

деп жол қосу арқылы мағынаны ұлғайтып, өлеңнің концепсиясын әсерлі жеткізе білген.  

Абай кез келген шығарманы аудармай мысал жанрының атасы болып есептелетін Крыловтың өлеңдерін аудара отырып, мысқыл, әжуалардың астарын қазақ қоғамына жеткізе білген. Абайдың шығармашылық еркіндікпен жасаған аудармаларын қазіргі кезде де поэзия аудармасының классикалық үлгісіне жатқызамыз.

И.Крылов жан-жануарларға тіл бітіріп, диалог тәсілімен қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайды. Әсіресе, адам мінезіндегі екіжүзділік, жалқаулық, арсыздық т.б. жаман әдеттер жануарлардың образымен беріліп, әшкереленеді. 

Қазақ тіліне аударылған мысалдардың ерекшелігі түпнұсқа авторының айтпақ болған идеясы мысал соңында тұжырым болып берілетіндігінде. Аудармадағы тұжырым дегеніміз – аудармашы шығарманың идеясын түсініп, мысалдан ой түйдірту мақсатында ұлғайтып өз жанынан шумақ қосу. Абайдың мысал аудармасындағы тұжырымдарға назар аударайық. Мәселен, И.Крыловтың «Есек пен бұлбұл» мысалында бұлбұлды көрген есек оның таланты туралы көп естігенін айтып, ән айтуын өтінеді. Бұлбұл есектің өтінішін қабыл алады. Құстың керемет дауысын естіп, барлық тіршілік иелері бұлбұлдың әнін сүйсіне тыңдайды. Әнін айтып болған бұлбұл есекке қарап, бағасын сұрайды. Есек болса, «жаман емес, бірақ әтештен де үйренгеніңіз дұрыс-ау» дейді. Есекке ренжіген бұлбұл ұшып кетеді. Бұл мысалдың мағынасы тереңде, автор әділ бағалау, сынды дұрыс айта білу керек екенін есектің сөзі арқылы жеткізеді. Абай осы мысалдың соңына:

 

     Демеймін жұрт мақтасын,

     Я жақсын, я жақпасын.

    Сүйтсе де мұндай сыншыдан

    Құдайым бізді сақтасын – [1, 96-б.],

 

деп түйінді тұжырым жасайды.  

Абайдың И. Крыловтан аударған «Бақа мен өгіз» мысалын да өгізді көрген бақа «өгіздей дәу боламын» деп күшеніп, өзін-өзі қинап, қарнын қампитып жарылып өледі. Мысалдың мағынасы өзгеге еліктеп, «менде сондай болуым керек» деп  әліңе қарамай жанталассаң мерт болуың мүмкін деген ойды білдіреді. Яғни, «әлін білмеген әлек» осы бақаның образына келіп тұр. Түпнұсқада өгізді көрген бақа оны қызғанып айналасындағы бақаларға «менде сондай бола аламын» деп бірден күшенуге кіріседі. Ал, Абай аудармасында мысалды бастамас бұрын бір шумақ қосып, 

 

        Қарасаң, тым-ақ көп

        Көре алмас іші тар.

       Несі артық, бізден деп,

       Салыспақ жұрт та бар –

деп оқиғадан бұрын түсініктеме беріп кетеді. 

 

Бұл шумақ орыс тілінде:

 

               «Смотри-ка, квакушка, что, буду ль я с него?» -

                Подруге говорит. "Нет, кумушка, далеко!» -

                «Гляди же, как теперь раздуюсь я широко.

                 Ну, каково? Пополнилась ли я?» - «Почти что ничего». -

                 «Ну, как теперь?» - «Все то ж». Пыхтела да пыхтела

                 И кончила моя затейница на том,

                 Что, не сравнявшися с Волом,

                С натуги лопнула - и околела –

 

деп, қысқа ғана қайырса, қазақ тілінде түпнұсқадағы бір сөйлем бір шумаққа ұлғайтылады. Аудармашы  И.Крылов мысалын негізге ала отырып, адамдарда болатын іш тарлық, қызғаныш, көре алмаушылықтың соңы немен аяқталатынын мысал арқылы көрсеткісі келген.

 

         Қасындағы жолдасқа

         «Қарашы,- деді,- сен бізге!

         Қиын ба екен үлкею,

         Жеткем жоқ па өгізге?»

 

        «Ісіндің, кебіндің,

        Сонда да не пайда?

        Түрі жат өгіздің,

        Сен қайда, ол қайда?»

 

         Күшенді кеп кіжініп,

         Келгенінше шамасы,

         «Өстім ғой»- деп ісініп,

         дейді: «енді бір қарашы!»

 

         Қарады да,- «Дәнеме

         Болған жоқ қой, қой!»- деді.

         Қызып алған антұрған

         Айтқан сөзге көнбеді.

 

         Ыңқыл қағып, тыпырлап,

         Күшенді де, бөртінді.

         Іш жарылды сытырлап.

         Мақтанам деп өзі өлді

 

Байқап отырғанымыздай, мысал қазақ тілінде бақаның қылықтары жеңіл тілмен, нақты берілген. И.Крылов мысалдың соңғы жолында өз тұжырымын былай береді:

 

                                   Пример такой на свете не один:

                                   И диво ли, когда жить хочет мещанин,

                                   Как именитый гражданин,

                                   А сошка мелкая, как знатный дворянин -

 

деп атақты, белгілі дворяндардай боламын деп әліңе қарамасаң, сәтсіздікке ұшырап қаларсың деген ойды сарказммен береді. Ал, Абай тұжырымында:

 

Таласпа, жаным-ай,

  Қолыңнан келмеске.

Боларсың бақадай,

Көп түссең егеске –

 

деп берілген. Демек, Абай қолдан келмеске ұмтыламын деп, бақаның күйін кешерсің дегенді айтып, ескертеді. Сондай-ақ, осы мысал аудармасында антонимдік аударма кездеседі. Мәселен,  И.Крыловта бақа өгізді көк майса жерде кездессе, аудармада екеуі бұлақ басында кездесіп қалады. Демек, Абай түпнұсқаны жолма-жол, сөзбе-сөз аударуды мақсат етпей, негізгі ойды алып, шығармашылық еркіндікпен интерпретациялайды.

Мысал жанрының түпнұсқасында жан-жануарлар арқылы астарлап берілетін тұстар, аудармада Абай ашық түрде, тұжырыммен нақты беруді мақсат етеді.

 

Қорытынды

 

Мысал – әлем әдебиетіндегі көне жанрлардың бірі. Кез-келген мысал оқырманға ғибратты ой айтуды көздейді. Мысалдың шығуы, дамуы грек халқының ақыны Эзоп есімімен тығыз байланысты қарастырылады.  Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған Эзоп мысалдары XIII ғасырдан  бастап әлем әдебиетіне аударыла бастады. Эзоптан бастау алған мысал жанры, қазақ әдебиетіне И.Крылов арқылы тарады деуге негіз бар. Ақын, аудармашы Абай Құнанбайұлының да И.Крылов мысалдарына назар аударып, қазақ ұғымына бейімдеп беруінің де астары тереңде. Белгілі жазушы, сыншы Т.Әлімқұлов: «Көркем аудармада контекстер мен подтекстерді аса нәзік, аса терең түсінген,тілі бай, эквиваленті өте бай, өте ұтымды, ұғымды, нәрлі Абайдан үйренгеніміз жөн. Абай тәжірбиесі нағыз көркем творчествалық аударма»   [7, 98], – деп жоғары бағалаған екен.

Абайдың аудармашылығы жөнінде жазылған еңбектер қаншалықты көп десек те, оның мысал аудармалары әлі толық зерттеліп болған жоқ. Жазылған еңбектердің көпшілігі оның орыс әдебиетінен үйренуде аударманың құрал еткендігі, белгілі бір шығарманы аударуға қандай жағдайлардың себеп болғандығы, қай өлеңнің қай автордан алынғандығы жайында ғана сөз болады. Ал негізгі мәселе, - Абай аудармаларының шеберлігі аударма теориясы тұрғысынан терең қарастырылған жоқ. Бұл аударматанушылардың алдында тұрған өзекті мәселе болмақ.

Жалпы, «Крылов мысалдарын аударғанда мысал моралін өзгертіп, соңғы жолдарын және басқа сентенцияларын қайта қарап, жасап қазақтар түсінігіне ыңғайлаған» [7, 88]. Абай кез келген шығарманы аудармай мысал жанрының атасы болып есептелетін Крыловтың өлеңдерін аудара отырып, мысқыл, әжуалардың астарын қазақ қоғамына жеткізе білген. Абайдың шығармашылық еркіндікпен жасаған аудармаларын қазіргі кезде де поэзия аудармасының классикалық үлгісіне жатқызамыз.

 

Әдебиеттер:

1.Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. Алматы: Ана тілі, – 272 б.     

2. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Қазақ университеті, –  344 б.

3. Крылов И.А. 1946. Полное собрание сочинений. Т. 3. М.: ОГИЗ. – 250 стр.

4. Құнанбаев А. 1998. Шығармалар жинағы. Алматы: – Жазушы, Kazakhstan. – 254 стр.

5. Жұмалиев Ө. 1985. Әдебиеттану. Almaty: Kazakh University, Kazakhstan. – 298 стр.

6. Мұқамедханов Қ. 2005. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: – Алаш, Kazakhstan. – 352 стр.

7. Әлімқұлов Т. Жұмбақ жан. – Алматы: ҚМКӘБ, 1974 –  365 б.

 

Атабай Қуанышов

Еуразия гуманитарлық институтының 4 курс студенті