ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Жаннұр ИСИНА: АБАЙ — ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ

Жаннұр ИСИНА: АБАЙ — ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ

Оқылған 581 рет

Қосылған күні: 12.11.2020

(ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласының негізінде)

Қазақ қоғамының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің кемеңгері Абай Құнанбайұлы өз халқының реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалады. Ол — қазақ поэзиясын қоғамдық дамудың озық деңгейіне бағыттап, өз кезінің шындығын дәл бейнелеп, дұрыс қорытынды шығара білген прогресшіл ақын. Абай қалдырған әдеби еңбектер — өз дәуірінің келелі мәселелерін шынайы суреттеген, мазмұнға бай, ізгі ойға толы, шебер тілді көркем туындылар.

Абай — әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік философиялық түйіндері бар ғұлама. Ол күллі Шығыста философияның негізгі мәні болып табылатын «жетілген адамды» өзекті және басты проблема етіп қарастырып, соған айрықша көңіл бөлді. Абайды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экономикалық, саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал-жайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады. Абай — тек өз заманының ғана емес, сонымен қатар жалпы қазақ ұлтының рухани өмірінің, ақыл-ойының бағыт сілтеушісі.

Елбасы өз мақаласында алдымен Абайды тану мәселесі бойынша сөз қозғайды. Абайдың философиялық ой-байламдарын танып білу мәселесі өткен ғасырдың басында жарық көрген Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы еңбектерінен басталады. Бұл үрдіс өткен ғасырдың 20-30 жылдары тұрпайы социологиялық танымның үстемдік құрған кезде «Абайда тума ой жоқ» деген көзқарасқа қарсы Мұхтар Әуезов пен Құдайберген Жұбановтың еңбектерінде жалғасын тапты. Қоғамдық ойды жасанды түрде қалыптастыруға тырысқан бұл құрсаудың сеңі абайтанудың шығыс қақпасының ашылуымен ыдырай бастады. Абай ілімінің арқауына айналған «толық адам» ілімінің табиғаты танылып, осы ұғымға қатысы бар термин сөздер ғылыми айналымға енгізілді. Бұл Абай дүниетанымының кілті іспеттес нәрсе еді. Мұхтар Әуезов тарапынан айтылған бұл ғылыми таным абайтануда тың танымдардың тасқынының тиегін босатты.

Қазіргі таңда Абай әлемінің тылсым сырлары ашылып, Мұхтар Әуезовтен кейінгі абайтануда ұлы ойшыл дүниетанымының ішкі иірімдерін құрап жатқан ақынның этика-эстетикалық, философиялық, теологиялық танымдары мен педагогика-психологиялық көзқарастары өз алдына жеке-жеке сала болып қарастырылуда. Соңғы кезеңдегі абайтану тарихында Абай дүниетанымы шеңберінде 300-тен астам ірілі-ұсақты зерттеу еңбектері басылған. Бұл — абайтанудың соңғы дәуіріне тән ең бағалы жетістік. Дегенмен осыған байланысты қарама-қайшылықты пікірлер де туындап жатыр. Дәл қазіргі таңда абайтанудағы ғылыми негізсіздік пен идеялық ауытқушылықтарға қарсы көп ізденіс жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты абайтанудың соңғы дәуірі ерекше қарқынмен даму үстінде деп бағалаймыз.

Абайтану тарихы бүгінде арнайы курс пен арнайы семинар сабағы ретінде көптеген жоғары оқу орындарында, оның ішінде біздің Сақтаған Бәйішев университетінің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кафедрасында оқытылуда.

Алты алаштың абызы болып қа­на қоймай, адамзаттың асқа­рынан көрінген халқымыздың ең аяулы перзенті, дана ұста­зы — Абай мерекесін бүкіл­халық­тық деңгейде лайықты өткізу мем­лекет мерейі екенін ұғын­дыру керек болды.

Абай және Әуезов мерейтойлары бұрынғыдай атаулы күндер емес, қазақ елінің тәуелсіздігін алғаннан кейінгі алғашқы аталып өткен қазақ рухын көтеруге ерекше ықпал ететін мереке болды. Олай дейтініміз, бұл тойлар ЮНЕСКО-ның шешімімен бүкіл дүниежүзінде аталып өтілді. Бұл мерекеге көптеген елдердің делегациясы қатысып, оны сол мемлекеттердің бірінші басшылары басқарып келді. Абайдың 150 жылдығында оның қарсаңындағы өткізілген ғылыми жиындардың қорытындысы шығарылып, ұлы ақын мұрасын тек мерейтойлар қарсаңында ғана зерделеп қоймай, онымен үнемі айналысу керектігіне баса назар аударылды.

Мұхтар Әуезов ұлы ақын мұрасының қайнар бұлағы туралы: «… қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы — халықтың ауызша әдебиет қоры, ақын Абай осы қордан көп нәр алған, сол арқылы өз өлеңін көп көркейтті», — деп жазған болатын.

Бұл арада ерекше ескере кететін жайт — соңғы кезде Абайды жеке бір ақынның шәкірті немесе бір аймақтың ғана ақындық мектебінен нәр алды деген сөздердің шындыққа жанаспайтындығы. Ол — сонау бала кезден күллі қазақ фольклорын бойына сіңіріп, өзіне дейінгі ақын-жазушылар поэзиясын толық меңгерген, синтездеген адам.

Абайдың ұлы ақын болуына, ең алдымен, оның туа біткен дарынына байланысты болса, одан кем түспейтін оның өскен ортасына, бала кезден алған тәрбиесі (көпті көрген дана әжесі Зере мен тұқымына шешендік, ақындық, өнерпаздық дарыған шешесі Ұлжанның тәрбиесі, топ алдында жаңылмай сөйлейтін Құнанбай мен басқа да рубасшыларының даулы да билік сөздеріне ден қоюы, ауылына келген қонақтар мен жолаушылардың әңгімелерін зор ынта қойып тыңдауы, бойына сіңіруі) мен оқып-тоқығанына байланысты. Оның үстіне медреседе оқыған кезінде мұсылман дінінің қағидаларымен қатар шетелдердің көркем дүниесіне енеді, философияға толы ғақлиямен дидактика әлемінен сусындайды. Міне, осындай мол меңгерілген рухани мұра Абайдың болашақ туындыларына, бүкіл шығармашылығында көрініс тапты. Осы тұста бірінші кезекте айтылатын нәрсе — халық тілі, оның лексикалық байлығы, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, афоризмдер. Бұл, әсіресе, ақынның алғашқы өлеңдерінде көбірек кездеседі.

Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді.

Абай даналығы мен ойшылдығы адамға бағытталғаны белгілі. Адамның қоғамдағы орны, тәрбиесі, тағдыры және басқа да сан қилы көрінісі оны үнемі толғандырып отырған. Сондай ақынды мазалаған мәселелердің бірі — адам адам болып жаратылғаннан кейін оның мінез-құлқының, сезім-түйсігінің адамгершілікке, парасаттылыққа қарай бой түзеуі немесе рухани-интеллектуалдық тәрбиесі, жетілуі, кемелденуі.

Абай ойшылдығының бұл өзекті қырына «Абайдағы философиялық көзқарастың көбі адамгершілік мәселесіне тіреледі» деп, алғашқы болып көңіл аударған Мұхтар Әуезов болатын. Ол Абайдың «Ұстаздық, әлеуметтік талабының түп мақсаты жеке адамдарды жаманшылықтан арылтып, сол арқылы заманындағы қауым-қоғамын және бар халқын түзетіп өзгертпек болады», деп, не себепті адамгершілік тәрбиеге, оның негізі болатын мораль философиясына орала беретіндігін ашып айтады. Осы тұста ескерте кететін жағдай, Абай «адамгершілікке тірелетін» өлеңдерінде, қарасөздерінде сырттай қарағанда діншіл ойды әңгімелейтіндей көрінеді, оған негіз де бар, бірақ Абай ойының таратпақ болған негізгі ой желісі — мораль философиясы, ондағы негізгі тетік — «нравственная личность», яки «толық адам» жайы.

Мұхтар Әуезовтен кейін ұлы ақынның мораль философиясын, оның өзегі — толық адам мәселесі белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов еңбектерінде түбегейлі зерттеледі. Ол бұл мәселенің генезисін тарқатып, оның бастапқы төркіні «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен басталатынын, ақынның осы өлеңдегі «Адам болам десеңіз» деген тезисі негізінде әрі қарай таратылатынын, өлеңдегі басты мәселе — қазақ қауымының болашағы, жастардың бойындағы адамшылық қасиеттері, яғни толық адам туралы даналық ой толғамы тұтас көрініс тапқандығын көрсетеді.

Абайдың «адам болу» жайлы ойларының желісі өлеңдерінде айтылғанымен, оның негізгі өзекті желілері қарасөздерінде толығырақ таратылған. Оның алғышарты ретінде баланың саналы түрде махаббатпен қызығуынан туатын жан құмары арқылы ғылымды меңгеруге ұмтылған талабында жатады (38-қарасөзі).

Абай — халқына, еліне қызметі ақындығымен, ойшылдығымен шектеліп қана қоймай, «халқын, елін түземекке», «жұрт меңгермекке», яғни ел басқаруға сөзімен де, ісімен де араласқан адам. Ел басқарудың теориялық жағынан ұлы ақын алдымен сол елдің құрамына кіретін халық (көп, тобыр) пен кемелдің (единицаның) қоғамдағы орнын, рөлін көрсетіп анықтап алады. Абай шығармашылығында халық, бұқара туралы түсінік марксистік көзқарастан өзгеше екі мағынада: бірінде — тұтас халыққа арналып, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп, бірде кекті, бірде шерлі айтылса, екіншісінде, «Сәулең болса кеудеңде…» деген өлеңінде, таза отаршылдық мүдде тұрғысынан  ресейлік ел билеу жүйесіндегі болыстық сайлау тудырған елдегі анархистік бассыздықтан халықтың шырқы бұзылған, азғындаған «ерген елі бейне ноль» немесе тобыр күйінде суреттелетіндігі. Мұндай жағдай елдегі хандық билеу жүйесін жойып, елді ұлттық басқарудан айыру үшін әдейі жасалған зиянкестіктің салдары болатын. Оны Жанақ ақын екі жолға сыйғызып: «Ханнан — қайрат, байынан қайыр кетіп, Телмірген теңдігі жоқ ел болған кез» — деп, күйіне жырға қосады. «Телмірген теңдігі жоқ» күйге түскен елдің халқы  өзін-өзі басқара алмайды. Ал өзін-өзі басқара алмаған, психологиялық жаншылған жұртқа халық деген атаудан гөрі «тобыр» деген ұғым үйлесіңкірейді. Абай да сондықтан: «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел?» деген қорытындыға келеді.

Абайдың «Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек» деп басталатын өлеңінде: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», — деп өзінің әйгілі «толық адам» философиялық тұжырымын жасайды. Ал бұл — біздің қарастырып отырған мәселеге орай «тұлға» деген ұғымға түгелдей үйлесетін, мағынасын ашатын тұжырым. Сонымен, қазақ әдебиетіндегі осылай Абай, Шәкәрімдермен жалғасатын қазақ ойшылдарының көзқарасындағы едәуір ілгері жылжуды көрсете отырып, қазіргі кездегі тарих, философия, қоғамтану, саясаттану ғылымдары саласындағы жаңаша көзқарастар да келтіріледі. Сөйтіп, тарихи тұлғаның тарихтағы һәм қоғамдағы рөлінің біртіндеп ұзақ даму жолы процесіне қазақ ойшылдарының да белгілі үлесі бары көптеген мысалдармен көрсетіледі.

Абай шығармашылығындағы жалпы тұлға мен халық арасы қатынасы туралы ілкіде айтылған ойшылдық пайымдауларынан басқа өлеңдері мен поэмаларында біздің тақырыбымызға қатысты нақтырақ билік иелері — патша, хан хақында да айтылғандары бар.

Елбасы ел билеу ісінде де Абайдың өкінішін қайталамауды өмірлік ұстаным етіп алады. Абай ел басқару ісіне араласқан тұста төрт болыс Тобықты елінің әлеуметтік жағдайы басқа аймақтардағыдай болғанмен, патша үкіметінің деректері бойынша бұл елде барымта, мал ұрлығы, көрші жатқан ру-тайпаларға қысым, зорлық едәуір өршіп тұрды. Бұл, бір жағынан, Абай өлеңдері мен қарасөздерінде қатты сыналатын халықтың кейбір тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, күнкөріс кәсібі ерекшелігінен болса, екінші жағынан, біз жоғарыда ерекше атап өткен елдің қалыпты хандық билік жүйесінен айырып, тобыр күйге түсіріп, шырқын бұзған Ресей отаршылығының, билік жүйесінің тікелей әкелген зардабы болатын. Міне, елдік сиқы осындай елді басқару барысында патша үкіметінің заңында шектеулі ғана билікке ие би, болыстық лауазымның бір кісідей-ақ зардабы мен ауыртпашылығын тартқан Абай бұл қызметтерден қанша рет бас тартса да, өскен ортаның талап-тілегінен аса алмады. Ол өзінің саналы ғұмырының 18 жылын осы қызметке арнап, оның 12 жылын болыс, 6 жылын би болып алыс-жұлыс, айтыс-тартыста өткізді.

Абай әділ билік айтып, тура кесік кескендігі туралы ел аузында көптеген қызықты, мазмұнды әңгімелер сақталған. Ел басқару, ел билігіне араласу ұлы ақынды тек зарлатып, қиналтып қана қойған жоқ, сонымен бірге ұлы ақынды кемелдендірді, өсірді, жетілдірді. Ақын өзін қоршаған әлеуметтік ортаның қилы-қилы болмыс тірлігін танып білді, ой қорытты. Туған халқының мінез-құлқын, тұрмыс-тірлігін жан-жақты білуге Абайға ел басқару қызметі үлкен мектеп болды. Сондықтан да Абай өз замандастарының қайталанбас шынайы образын жасап, туған әдебиетіміз бен мәдениетімізге өлшеусіз, телегей-теңіз олжа салды.

Жаннұр ИСИНА,

С.Бәйішев  университеті

қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,

филология ғылымдарының кандидаты.