Данышпан айтқан бес асыл іс

Абай Құнанбайұлы терең сырлы ғұлама ақын. Өзі ғұмыр кешкен он тоғызыншы ғасырда үлкеннің батасын алып, кішіге үлгі болып халқының құрметтісіне айнала білді. Ғұлама данышпан адамзат баласының бойына сүйкімділік ұялатар бес асыл істің маңызын насихаттап, ақыл-ой әрекеті ғана кісіні алға бастайтынын айтып өсиет етіп кеткен.

«Ғылым таппай, мақтанба». Бұл дана Абайдың ұрпақ тәрбиесіне арналған алғашқы өлеңдерінің бірі. Өлеңнің өзегі теңіздей терең. Абай тән мен жанның таласы және жарық пен қараңғыны зерттеп, күрделі мәселені көтерген, пәлсапалық ой-танымды екшелеген. Сірә, оның түбін көпшілік түсіне бермес. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» дегені – осы дүниеде жақсы ғұмыр кешу шарттары іспетті. Бұл жалған жарқылына алданбау, нәпсіге ермеу. Бұл әлі де өзекті мәселенің бірі.

Бес асыл әрекеттің иесін рухани бай адам десек жаңылыспаймыз. Себебі, өмірдің мәні осы асыл істермен тығыз байланысты. Мәселен, қазір елімізде қанағатты қақпайлап, көз тоймаушылыққа салынып, кішіпейілдік пен ізеттіліктен жұрдай болып бара жатқандар қаншама?! Заман кінәлі ме, әлде адам ба? Жақсыдан қашып, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге не себеп? Әлемнің шектен тыс дамуы адамзат баласын талаптан, еңбектен, рақымшылдықтан, қанағатсыздықтан қол үздіріп барады-ау.

Бәлкім байырғы асыл сөз, кемел ойлы, кемеңгер бабаларымыздың лебі жетіспейтін де шығар. Ұлы Абайдың қай сөзі болмасын, жас буынның дұрыс тәрбие алуына үлкен мектеп. Қай-қайсысы да мәңгіге ескірмейтін шынайы өнегелер. Ұлағатты ұлы Абайдың бейнесі қазақ елі үшін ешқашан да ұмыт болмақ емес. Қазақ ұлты бар кезде Абай мұрасы мәңгілік.

Ж. АСИПОВА,
№ 88 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы