ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • «АБАЙ ӘЛЕМІ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

«АБАЙ ӘЛЕМІ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Оқылған 3401 рет

Қосылған күні: 31.10.2020

 

          Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған студенттер мен магистранттар арасында ұйымдастырылған «Абай әлемі» үздік ғылыми жұмыс байқауының қорытындысы жарияланды.

          Байқау ұйымдастырушылары - Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстанның әр өңірінен келіп түскен 100-ден астам ғылыми жұмысты іріктеп алды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан: «Байқауды ұйымдастыру арқылы қазақтың ұлы ойшылы Абайдың мұрасын насихаттауға, дарынды жас ғалымдарды анықтауға және қолдауға, олардың жұмысын насихаттауға көмек көрсетеміз. Осылайша, біз қоғамда халық дәстүрлерін, адамгершілік құндылықтарын, ұлылардың бірегей шығармашылығын танытуға ықпал етеміз», - деп атап өтті.

Құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар енген қазылар алқасының мүшелеріне байқау жеңімпаздарын анықтау оңай болған жоқ. Қатысушылардың жұмыстары идеялардың ерекшелігімен, дәйектілігімен нақтылығымен ерекшеленді.

          Қазылар алқасының құрамында филология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы  «Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының» директоры Жабал Шойынбет, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Abaialemi.kz» онлайн энциклопедиясының шеф-редакторы Қайсар Қауымбек сынды белгілі қоғам қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар бар.  

          Студенттер арасында байқау жеңімпазы, арнайы диплом мен 300 000 теңге көлеміндегі сыйлықтың иегері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ІІ курс студенті Әзімбек Қойлыбай болды. Екінші орын үшін арнайы диплом мен 200 000 теңгелік сыйақы Еуразия гуманитарлық институтының IV курс студенті Атабай Қуанышов пен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетінің  ІІ курс студенті Ғазизов Нұрайға берілді. Үшінші орынға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің IV курс студенті Назгуль Айсенова, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетінің ІІІ курс студенті Гүлсімай Сайрамбек, Назарбаев Университетінің ІІ курс студенті Мөлдір Бижанова ие болды.

          Магистранттар арасында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің І курс магистрі Мустафа Шохаев жеңімпаз атанып, 400 000 тг жүлдеге ие болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ІІ курс магистрі Абай Мырзағали мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ІІ курс магистранты Шерхан Мухамбетжанов екінші орынды иеленіп, әрқайсысы 300 000 теңгеден сыйақы алды. Үшінші орын иегерлері «Тұран-Астана» университетінің І курс магистрі Калиакбар Үсемханға, І.Жансүгіров атындағы  Жетісу мемлекеттік университетінің ІІ курс магистрі Ақбота Қажыбекова мен І курс магистрі Зейнегуль Жумабековаға 200 000 теңгеден берілді.

Үздік ғылыми жұмыстар «Abaialemi.kz» порталында жарияланады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының баспасөз қызметі