ДАНА ХИКАР ЖӘНЕ АБАЙ

 

Қазақ қауымы «Дана Хикар сөзімен» ең алғаш осыдан отыз жыл бұрын қауышқан болатын. Дана Хикар хикаясы – адамзаттық асыл ойдың уызындай болған әрі көне, әрі аса құнды туынды. Адамзаттың ортақ игілігі саналатын «Дана Хикар сөзі» – XVI-XVII ғасырлардан армян жазуымен жеткен қыпшақ тіліндегі мұралар ішіндегі көркем-дидактикалық жанрдағы әзірге белгілі, шоқтығы биік жалғыз шығарма. Бұл дидактикалық шығарманың сипаты мен мән-мазмұны, зерттелуі мен тілі жайлы танымдық мағлұмат қазақ қауымына С.Құдасовтың 1990 жылы жарияланған «Армян жазулы қыпшақ ескерткіші «Дана Хикар сөзінің» тілі» атты монографиясы арқылы мәлім болған еді.

«Дана Хикар хикаясы» деген атпен БҒМ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша шыққан жиырма томдық «Әдеби жәдігерлер» (2013) және «Рухани жаң­ғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылып жатқан «Ұлы дала жауһарлары» сериясының «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы. Исламға дейінгі әдеби жәдігерлер» (1 том, 2019) жинақтарына енгізілуін бұл шығарманың қазақ әдебиеті тарихында да өзіндік орны бар екендігін көрсетсе керек.

«Дана Хикар сөзі» шығармасының сюжеті, ондағы афоризмдер әлем халық­тары әдебиетіне кеңінен таралған: арамей, сирия, араб, армян, еврей, грек, бол­гар, грузин, орыс, қыпшақ, түрік тіл­де­ріндегі нұсқаларымен қатар, тіпті Эзоп пен Демокриттің афоризмдерімен, «Мың бір түн», «Калила мен Димна» шығармаларында кездесіп отырады.

Шығарманың негізгі оқиғалық желісі біздің дәуірімізге дейінгі VІІ ғасырда Ассирияда дүниеге келген. Синахериб (б.д.д. 704-680 жж.) пен Асархадон (б.д.д. 680-667 жж.) Ассирия мен Бабылды билеген атақты патшалар, ал Хикар – осы екі патшаның ақылды да дана кеңесшісі, іс жүргізуші хатшысы болған тарихи тұлға.

Шығарманың қыпшақ тіліндегі аудармасы, өзге тілдердегі нұсқаларымен салыстырғанда, Хикардың бастан кешірген оқиғаларының барлығын тізбектемей, оқиғаның негізгі желісін ғана айтып, негізінен дана Хикардың асырап алған баласы Натанға айтқан ақыл-кеңес, өсиет-нақылынан тұрады және мәтін мазмұны көбіне бірінші жақтан баяндалады.

«Дана Хикар сөзі» – адамгершілік ілімінің аясында кісілік қасиетті наси­хат­таған әрі іргелі де абсолютті ақиқатты айта алған ең көне шығарма. «Наставления и история Ахихара» атты мақаласында Р.Г.Апресян «Дана Хикар сөзін» оқу ба­рысында алдынан таныс-бейтаныс адам­гершілік әлемі ашылғанын жазады. Бұл түйіндеудің маңызы өте зор, мұның астарында «Дана Хикар сөзін» адамгершілік насихаты деп қабылдаған түйінді пайымдау жатыр. Біздіңше, «Дана Хикар сөзі» – түркі тілі­нің бір бұтағы саналатын қыпшақ тілі­не аударылған ең көне ақыл кітабы, адамгершілік әліппесі. Біршама толықтау саналатын армянша нұсқасында да дана Хикардың басынан кешірген оқиғалары түгел қамтылмаған, ал қыпшақ тілін­де­гі нұсқасы бізге тіпті шағын көлемде жеткен. Шығарма басы «Дана Хикардың сөзі, ес-ақылы. Адамзат баласы үйренсін деп айтқаны, үгіт-өсиеті. Ата баласына өсиет берсін де естеріне алсын» деп бас­талады. Байқағанымыздай, бұл туынды – «адамзат баласы үйренсін» деген мақсатпен айтылған үгіт-өсиет. Адамзат қауымының ең кішкене бөлшегі – отбасы болса, дана Хикардың өсиеті сол отбасындағы атаның баласына айтар ақыл сөздері іспетті. Шығармадағы оқиғалар мен айтылар ақыл-өсиеттер мейлінше ықшамдалған, суын ағызып, сөлін ғана қалдырған қалыпта деуге келеді. Осы ойымыздың бір ғана мысалы мынадай: «Ұлым, аса тәтті болма, сені жұтып қояр және аса ащы болма, (сені) түкіріп тастар. Одан да жақсы жаратылысыңа, жүргеніңе, барша ісіңе сай жуас та төзімді бол». Негізі, біздің эрамызға дейінгі (VII ғ.) «Дана Хикар сөзі» мен кейінгі кезеңдегі (XI ғ.) «Құтты білікке» дейінгі ғылыми, көркем және күнделікті қарапайым танымда адамгершілік – қайырымдылыққа баланады және қайырымдылықтың өзі – екі шеткі кемшіліктің орта тұсы болып саналады. Мысалы, мырзалық, жо­марттық – ас та төк ысырапқорлық немесе қайырымы кем сараңдық та емес, екеуінің қақ ортасындағы қайырымдылық қасиет. «Дана Хикар сөзіндегі» «жақсы жаратылысыңа, жүргеніңе, барша ісіңе (сай) жуас та төзімді бол» өсиеті осындай қайырымдық қасиетті танытады. Әрі әл-Фарабидің: «Бақыт дегеніміз – әр нәрсенің де өз болмысына сай болуы мен сол өзіндік төл болмысын баянды етуі» деген тапқыр түйінін де ойға оралтады. Яғни дана Хикардың да, әл-Фарабидің де айтып отырғаны бір-ақ нәрсе, екі шығармадағы ортақ ақиқат, бір мазмұн – «жақсы жаратылысы, жүргені, барша ісі» мен «өз болмысына сай» жуас та төзімді болу», абырой мен адамгершілік. «Дана Хикар сөзіндегі» ақыл-өсиеттер тоқсан ауыз сөздің бәрін айтып жатпайды, тек түйінін ғана танытқан тапқыр ойлар түрінде келеді. Адамзаттың кейінгі ұрпақтары шығармадағы бұл өрелі ойларды хал-қадерінше тарата танып, өз өміріне өнеге, өзек ете білуі тиіс. «Дана Хикар сөзі» – адамзат баласын зор кесел мен қауіптен сақтандыра отырып ойландыратын тәлімді шығарма. Ескерткіштегі дана Хикар мен Натан арасындағы қарым-қатынас оқырманын осындай өрелі ойларға жетелейді. Ақылы бар, ары бар адам­зат ұлының қалыпты әрекеті мен асыл арманы – болуы мүмкін қиянаттың алдын алып, жауыздықтың жолын кесу. «Дана Хикар сөзінде» мұндай жайсыз жағдайдың арты қайырлы болғанымен, өз кезінде өкініштілеу сипатта өріс алған. Яғни патша қара ниет Натанның өтірік, жалған, аяр сөзіне сеніп қалып, ақылды да адал уәзірі Хикардай асыл адамын өлім жазасына бұйырады. «Дана Хикар сөзіндегі» осы бір оқиға адамзат қауымында болуы мүмкін өзге қиянат пен аярлықтың қайталанбауына көмектеседі, қай кісіге де өкінішті жағдайдан сабақ алатындай ой салады.

Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұр­­­ғын­дарының көзқарастары» атты трак­­татында мемлекетті адам денесіне теңеп, екеуіндегі сәйкестікті салыстыра әңгімелейтіні бар. Яғни мемлекеттегі патша – денедегі жүрекке, ал уәзір – миға баланады. Сондай-ақ денедегі бауырдың – мемлекеттегі әскербасына теңелетіні де бар. Бұдан шығатын түйін – адам денсаулығының мықты болуы әсіресе жүрек, ми, бауырдың саулығына байланысты болса, мемлекеттің де қуатты, құтты болуы ондағы патша, уәзір және әскербасының өз міндеттерін ойдағыдай мүлтіксіз орындауына тікелей тәуелді болады. Денедегі жүрек мүшесі секілді мемлекеттегі патшаның да болмыс, мәр­тебесі аса жоғары. Сөйтсе де білу, тану құралы ретінде жүре келе ақылға айналатын мидың баламасы болып табылатын дана уәзірдің, жалпы ақылды адамның қызметі де айрықша елеулі. Абайдың да «жүректің ақыл суаты» деуі тегін емес, ар-ұятты, әділетті болып жүрек әмірімен жүру ең әуелі олар жайлы ақиқатты танып білуден бастау алады. Ақиқатты та­нымай тұрып әдепті болу, адам атану – шала тірлік. Яғни Абай айтқандай, ақыл – жүрекке ақиқатты танытуда жәрдемші болатын тірегі, «суаты» секілді. Бұрын-соңды ойшылдардың айтуынша, жүректен шығып, жүрекпен байланыстырылатын ар-ұят, мейірім, ынсап, әділеттің өзін ең әуелі ұғым, категория, ақиқат ретінде танытатын – ақыл. Міне, осындай ақыл-ой мен даналықтың иесі Хикардың патша тарапынан жазаланып, өлімге кесілуі – бір ғана билеушінің емес, пенде, келте саналатын жалпы адамзаттың да зор айыбы деуге келеді.

«Оғызнаманың» Ф.Рашид ад-Дин нұс­­­қасында жауынгер жігіттің ақыл­ды, дана әкесін патша әмірі бойынша еліне қал­дырып кетпей, жасырын түр­де жорыққа алып шығатынын баяндай­тын оқиға бар. «Оғызнамадағы» осы бір жағдай азда­ған өзгеріс, біршама түрленумен «Дана Хикар сөзінде» де ұшырайды. Көрші орналасқан беделді де даңқты патшаның әрқилы сұрақ-сауал, талаптарына жа­уап табу әрекетінде «өліп қайта тірілген» да­на Хикардың ақылы зор көмек болады. Қай заманда да «ләппайлап» тұратын орындаушы орта қол қызметшілер көп болады да, дана Хикардай сенімді серік, ақыл­ды кеңесшілер өте сирек ұшырай­ды. Отбасынан бастап қоғам мен мемлекет деңгейіне дейінгі құт-береке – дана Хикардай ақылды адамдардың еңбегімен келеді әрі солар арқылы ғана құт-бере­ке баянды болып тұрақтап қалады. Шы­ғарма өз өсиет, өнегесімен кейінгі ұрпақ пен жалпы адамзатты Натан секілді та­ным-түсінігі төмен жандардың жауыз әре­кетінен жирендіріп, қиянат пен обал жасаудан алдын ала сақтандырады. Әмір­ші, патша, жалпы билік иесі атаулыға ақылды, арлы, адал адамдарды қадір тұтып, баға­лай білуді кеңес етеді. «Дана Хикар сөзі» біздерді ақылды, арлы, асыл негіз, тегі­мізге тартып, қиянатсыз қайырымды өмір сүруге бейімдейді.

Адамгершілік ұстаным мен ілім дана Хикар заманынан араға сан ғасырды салып Абайға да желісін үзбей жүйелі қалыбымен жеткен. Абайдағы өзіндік адам­гершілік ілімді о баста Кәкітай Ыс­­қақ­­­ұлы байқап, кейіннен М.Әуезов айрық­ша мән беріп, берідегі қырық-елу жылда М.Мырзахметұлы оны толық адам, жәуанмәртлік, имани гүл танымдары арқылы негіздеп танытып келеді. Адамгершілік жайлы сөз етпейтін ақын, жазушы болмайды. Әйтсе де оны тақы­рыптық тұрғыдан ғана айтумен шектелмей, төркіні терең бастауынан тартып ілімге айналдыра жырлау кейінгі кездегі Абайдан басталады. Осы адамгершілік жайы Абай мұрасының өзегі мен мәні болып табыла­ды. Адамгершілік – адам­зат ойының алыбы Аристотель жазғандай, адамзат үшін ең әуелгі қажеттілік пен құн­дылық, бақыт пен игілік. Адамзаттың Будда, Конфуций, Сократ, Платон, Арис­­тотель, Плотин, әл-Фараби, ибн-Сина, И.Кант, Л.Толстой, М.Әуезов се­­кілді озық ойлы даналарының бәрі де өз за­манында осы адам болу мен адам­гер­ші­лікті айрықша дәріптеумен болған. Абай жырлаған адамгершілік ілімі пайда болған туған топырағы мен өзін тауып қалыптастырған иесі тұрғысынан қазақтық, ұлттық игілік болғанымен, айтар ақиқаты мен қолданбалы сипаты жағынан адамзаттық мән-мазмұнға ие. Абайдың толық адам атты адамгершілік ілімі қазақтың, түркілердің ғана емес, барша адамзаттың моральдық кодексі болуға лайық іргелі таным. М.Әуезов ақын жайлы өз зерттеулерінде «нравственная личность» деп атап, басын бас­­тап, төбесін көрсетіп кеткен бұл танымды М.Мырзахметұлы Абайдың өзі қолданған «толық адам» атауымен ғы­лыми айналымға ендіріп, жан-жақты таратып танытып келеді. Әйтсе де толық адам ілімі бүгінгі таңда қалың көпшілік түгілі, зиялымын деген қауымға да түгел танылып болған жоқ. Дін, философия, жантану ілім-ғылымдарының ақиқатын бойына бірдей жинаған толық адам ілімі терең төркінінен тартып білмесе, өзін оңай көріп, жеңіл санаған астамшыл да үстірт ізденіспен қалаулы нәтиже бере алмайды. Адам жаратылысында ақыл-ой мен жан-жүрек және тән қуаты бөлінбес бірлікте орнығып, олардың бәрі де бірдей адами болмысымыз үшін аса қажетті болғанымен, үшеуінің ішіндегі ең асылы – алдыңғы екеуі, яғни ақыл-ой мен жан-жүректен бастау алар ізгі қасиеттер. Мораль философиясы мен толық адам ілімінің мазмұнын құрайтын бұл жайлар «терең ойдың телміріп соңына ерумен» ғана танылмақ. Толық адам ілімі – жай ғана «ақылды бол», «арлы бол», «адам бол» деген жалаң насихат емес, төркін-тегі, дәстүрлі дамуы, жүйелі де қалыпты мән-мазмұны бар төркінді таным. Ақын болудың үстіне ойшыл хакім атанған Абай мұндай іргелі танымды жасауда өз тарапынан елеулі үлес қосқан. Абайдың толық адам танымы – кісі қайткен күнде аты мен затына сай қасиетті, қадірлі болады деген ой-толғаныстан туған. Толық адам ілімі – адам жаратылысы мен бол­мысының түгелдігі мен толықтығын және адамгершілік жағынан жетіле түскен ке­мел­ділігін танытады. Яғни адам жаратылысы мен болмысы – қайраты (тәні), ақыл-ойы мен жүрегі (жаны, қайырымдылығы) түгел болғанда ғана толық әрі кемел саналады.         

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі

«жақсы» демек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

Адам баласының өз болмысына сай адам бола бастауы әуелі ақылы мен қай­раты арқылы жүзеге асады да, жүректен бастау алатын ізгі қасиеттерімен одан әрі жетіліп, кемелдене түседі, толық адамға айналады:

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Әділет пен шапқат – жүректен шыға­тын әрі жүрекке қатысты ізгі қасиеттер. Негізі, адамгершілік болмыс «малда да бар жан мен тән» сипатындағы қайраттан (тән) бөлек ақыл мен жүрекке қатысты танымдық, қайырымдылық қасиеттер арқылы қалыптасып жетіледі, кемеліне келеді. Абай ойы ұлылар айтқан аталы ақиқатпен ғажап үндеседі. Бұрын-соңды ойшылдардың айтуында әрі «Дана Хикар сөзінде» де жазылғандай, адамның өз жаратылысы мен болмысына сай болып кемелденуі екі бағытта жүзеге асады. Әл-Фараби оның алғашқысын даналық пен таным, ал екіншісін ізгілік пен қайырымдылық деп атайды да, кісілік кемелдікті жанның жетілуі түрінде былайша танытады: «... дене жан үшін өмір сүреді, ал жан мінсіз жетілгендік үшін, яғни қайырымдылық болып табылатын бақыт үшін өмір сүреді, демек жан даналық пен қайырымдылық үшін өмір сүреді». Әл-Фарабидің осы ойы – оның өзінен кейінгі ізбасарларының көбіне бағыт-бағдар берер құбылнама іспетті болды. Ғұлама ойын Абайдың да ұстан­ға­нын көреміз. Әл-Фараби түйіні мен Абай ойы бір-бірінен алшақ кетпейді, қай­та екеуі де ортақ ақиқатты танытады. Әл-Фараби сөзіндегі «дене», «даналық», «қайырымдылық», «жетілу» ұғымдары­нан – Абай жырлаған «қайрат», «ақыл», «жүрек» қасиеттері арқылы жетіле келіп толық адамға айналуды ұққандай боламыз. Толық адам – Абайдың өзіне дейінгі адамгершілік іліміне сүйеніп өзі жырлап тапқан төл танымы. Абай ілімінде адам болмысына қатысты ең іргелі де абсолютті ақиқат айтылған. Өмір мен ғылымның қай саласында да әлі ақиқатқа жетпеген әрі ақиқатқа айнала қоймаған шикі пайымдау­лар мен шала шындықтар біршама мол. Абай ілімінде дін мен сопылық, философия мен ғылымның мәлімет, қағидалары кешенді түрде түгел қамтылып көрініс тапқан. Бәрінің де илегені бір терінің пұш­пағы екені Абай ілімі арқылы анық танылады. Абайдағы толық адам ілімі ең әуелі қайратты көмекші, жәрдемші етумен ақыл арқылы жетіле беруді танытады. Адамгершілік жайы Абайдағы адамгершілік ілімі толық адам арқылы құбылыс сипатында келіп, одан әрі жәуан­мәртлікті өткел, көпір етіп, ең түпкі мәні – махаббат пен әділет, ізгілік пен сүюге, яғни жүректің басты қалауы үш сүю, имани гүлге дейін дамып ұштала береді. Абайда толық адамның мәні мен негізіне бет алып, үңіле түскен осындай бір жүйе бар. Сол жүйенің жетіле келіп жеткен биігі мен шыңы – сүю, яғни имани гүл. Өмірде адам-пенденің ынтығып, ұмтылып сүйетін қызық, қуаныштартары өте көп болса да, Абай өзі түйіндеп жыр­лаған, қалыптап жасаған имани гүл, үш сүю танымы арқы­лы оқырмандарын Алла мен адамзат­ты және әділетті сүюге шақырған. Бұл – Абайдағы адамгершілік ілімнің ең биік шыңы. Абайдағы толық адам – тәнімен де, жанымен де жетілудің шыңына жетіп, кемеліне келген адам. Қоғам көркеюінің кепілі мен алғышарты – ондағы әрбір жеке адамның ақылды, арлы, әділетті, ынсапты болуымен айқын­далады. Сонда ғана қауымдасқан осындай абзал адамдардан сапалы да сара, дана мықты мамандар дайындалып, олар өз кезегінде қоғам мен мемлекет ісін қайырымды да қасиетті қалыпта жүргізеді, нәтижесінде амал мен айла бастаған алдау мен арбау, ашкөздік пен жемқорлық, жауыздық пен қиянаттың жолы пышақ кескендей үзіледі.

Егемен ел, Тәуелсіз Қазақстанның бар­­лық орта, жоғары оқу орындарында адам­гершілік пәні – толық адам, жәуан­мәртлік (түркілік адамгершілік ілімі) сабағы жүргізілер болса, оны оқыған шә­кірт­тер мен болашақ мамандардың Абай айтқандай, көкірек көзі ашыла тү­сіп, адамдық қасиеттері арта бермек. Нәти­жесінде толық адам ілімі арқылы адамдық болмысымыз бен әрекетіміз адамшылық аясында толысып жетіле түспек. Шәкәрім ақын жазғандай, «осы дүниеде көзге ілін­бейтін кішкентай жандылардан бастап адамдарға дейін бәрі өзі һәм нәсілдерінің жақсылықта болып өсіп-өнуіне қам қы­лады. Мұны – «барлық таласы» дейді. Бұл жа­ратылыстың берік жолы... Ақыл қара­уындағы адам толығы барша адамға бақ іздеген болады». Енде­ше «тіршілік» пен «барлық таласы» жо­лындағы даналық пен қайырымдылық іздеген әрекетімізді Абай насихаттаған толық адам биігіне ұмтыла жүріп жаса­ғанымыз жөн.

Абай қалыптаған толық адам ілімін жан-жақты танып, оны ел игілігіне айнал­дыру – бүгінгі қоғамымыз бен мем­ле­кетіміздің ең өзекті әлеуметтік-рухани мұқ­тажы мен міндеті деп білеміз. Әсіресе ақша мен пайда, дүние мен байлық «құн­дылықтары» арсыздана алға шыққан нарық заманында ақыл-ой мен ар-ұят, имандылықты насихаттайтын бұл ілім бағыт-бағдарымызды дұрыстап, адами асыл қалпымызды жоғалтпай сақ­тап қалуға жеткізеді. Бүгінде бай мен ке­дейдің арасы тым бадырая алыстап бара жатса да, тұрмыс, тіршілігіміз тәуба дейтіндей жағдайда, алайда аса мақтанып, марқаятын халде емеспіз. Қарын тояды, киім бүтінделеді, тұрмыс та бірте-бірте жақсарады, әйтеуір адамдар аш қалмау мен жалаңаш жүрмеудің амалын жасап бағады, тән мен тұрмыстың әл-ауқаты мен деңгейін көтерудің амалы солайша табылады, бірақ сөйтіп жүріп рухымыз жүдеп, діліміз дерттеніп, адамдық, адам­шылық болмысымыз жетілмей қалса, қоғам мен мемлекетіміздің шын мәніндегі қайырымды қалыпқа көшуі кешеуілдей бермек. Абай қалыптастырған толық адам ілімімен қаруланған ар-ұятты, әділетті, иманды әр адам сондай-ақ кәсібі мен қыз­меті арқылы ел игілігін арттырар ақыл­ды да білімді, мықты маман да бола алады. Қоғамдағы түрлі әділетсіздік пен арсыздық, күллі жамандық атаулы сонда ғана азайып, әлсіреп жойылуға бет алады. Тіпті түрлі қызмет бабындағылардың толық адам іліміне негізделген ереже, қалыппен жұмыс жасауы да жөн болады. Шындап келгенде, бұл – қоғам игілігі мен мемлекет мүддесін ойлаудан туған асыл арман. Қалай болғанда да, құтты қоғам мен өркениетті мемлекет үшін кә­сібін ғана меңгерген «орындаушы» ма­маннан гөрі ең әуелі адамшылығын ойлаумен жетілу жолында жүретін адам артық. Мемлекеттің өрге тартар тірегі мен негізі саналар мықты мамандар ең әуелі Абай жырлаған толық адам, жәуан­мәрт­лікті жан, үш сүюді ұстанған қайы­рымды кісі болып қалыптаспақ керек. Абай шығармаларындағы жаңалықты да мән-маңызы аса зор осы бір ізгілікті ілім ұлт тәрбиесі мен мемлекет идеологиясына тіктеп, нықтап негіз етіп алынар болса, іргелі де озық елдердің қатарына қосы­луымыз әлдеқайда жеделдеп, жемісті бола түсер еді. Абай дүниетанымы мен оның өзіндік толық адам ілімін танып білу, сөйтіп оны ел игілігіне айналдыру – қа­зақ руханияты мен ғылымының кезек күт­тірмейтін зор міндеті.

 

Сейсенбай ҚҰДАСОВ,

Silkway халықаралық университеті «Түркология» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,

 

Мақсат ӘЛІПХАН,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.