АБАЙМЕН "УЛАНҒАН" АДАМ

 

(Эссе)

Бірнеше жылдың алдында қоғам қай­раткері, тіл жанашыры Оразкүл Асан­ға­зы Семейден абайтану­шы ақ­сақал Төкен Ибрагимовты ша­қы­рып, ел­орда төріндегі «Абай» қонақ үйі­нің кон­ференция залында кездесу ұй­ым­да­стырды. Бас қосуға біз де бар­дық. Ақса­қал­ды алғаш көруім. Тілге шешен, сөзге ұста екен. Қазақтың ескі­де­гі билері се­кіл­ді бөбежігі бүлкілдеп сөй­лей­ді. Ойы терең, санасы сергек. Бірді айтып, бірге кет­пейді, пайы­мы жүйелі. Әң­гі­мені түр­лендіріп, ойдан ойды тудырып қамшының өріміндей жіптіксіз жет­кізеді. Расын айтсам, сөздің берекесін бұзбай айтатын адаммен алғаш кез­десуім. Қал­тамдағы ескі диктафонымды қосып қарияның әңгімесін таспаға түсі­ріп алдым...

Содан бері жылжып жылдар өтті. Семей қаласындағы Абайдың мемле­кет­тік тарихи-мәдени және әдеби-ме­мориал­дық қорық-мұражайын ұзақ жыл басқарған Төкен Смайылұлы 2017 жылы қараша айының соңында бақиға аттанды. Атам қазақ «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, абайтанушы ақсақалдың кеңінен көсілген келелі әңгімесі біздің қолда сақталып қалды.

Кейде сары алтындай сарапталып, хатталып-шотталып, жіктеліп-жіктеліп, ғылыми дәйекке жүгіндіріліп айты­латын қасаң әңгімелерге қара­ғад­а, қа­зақтың ауызекі шұрайлы тілі­мен тө­гілдіре айтылған осындай маз­мұн­ды мақамдардың, әрине орны бөлек. Марқұмның рухани інісі ақын Ты­ныш­тық­­бек Әбдікәкім айтқандай, жұпары аңқыған жұлынды сөз тыңдар құлақтың құрышын қандырары анық.

Міне, биыл қазақтың бас ақыны (А.Байтұрсынұлы) Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Осы орайда Абай және оның айналасындағы оқиғалар жайлы Төкен ағаның айтқан әңгімесін хатқа түсіріп, газет оқырмандарына жаң­ғыр­тып ұсынуды жөн көріп отырмыз.

– Семей қаласында орналасқан Абайдың қорық-мұражайының директоры қызметін атқарғаныма дәл қазір 32 жыл 5 ай бопты. Содан бергі менің жұмысым күн сайын Абайдың бір сөзін оқып қалу. Сол жалғыз сөзге бас иіп қызмет жасау. Отыз екі жыл Абайды оқығаннан кейін маймыл болсаң да бір нәрсе ұғасың емес пе, – деп әңгімесін бастаған Төкен Смайылұлы: – Абайдың «Махаббатсыз дүние бос» деген сөзін ел көп айтады. Олай емес, дұрысы: «Махаббатсыз дүние дос». Ойлап қара­са­ңыз, қалай «махаббатсыз дүние бос» болады. Абай: «Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар!» деп айтқан. Мұнда ойы мен жүрегінде имани махаббаты жоқ адам дүниеге дос (вещизм) болатынын айтып тұр. Абайдың «махаббаты» қыз бен жігіт арасындағы сүйіспеншілік емес. Ол – басқа махаббат. Өте үлкен дүние. Осындай үлкен махаббаты болмаған адам заманды танымайды. Оған дүние жақын тұрады. Міне, «дүние дос» деген – осы. Заманды танымаған адам қайтеді? Жемқор болады, қазіргі коррупция деп ұғыңыз. Адамдарда Абай айтқан «үлкен махаббат» болғанда ғана дүние оңалады, – деп Төкен ағамыз сөзін бір қайырды.

Осы сәтте келелі әңгімені тыңдап отырған біз бейбақ «Төке, осы Абай қан­дай адам?», деп сұрап қалдық... Қыран қабағын бір қағып, қаршығадай қомдана қалған ағамыз, «Абай – сұмдық «оңбаған» адам деп бір жымиып алды да көсілді: – Абай адамды тірідей өлтіреді, жаның шықпай тұрып, жүрегіңді суы­рып алады. «Біріңді бірің ғизат етіс, тұрғандай бейне қорқып және шошып» дейді. Тыңдашы, қорқып отырғаным аз болғандай және шошуым керек. Абайда: «Аш түйенің күйсегеніндей» дейтін зәреңді ұшыратын теңеу бар. Бұл сұмдық, өзі аш түйе қайтіп күйсейді? Бұдан артық қандай қасірет болуы мүмкін. Бұдан кейін Абаймен сөйлесіп көр. Кейде осы кісіге «қатты ренжіп» қиналамын, қарап отырып адамның масқарасын шығарады. Бірдеме айтайын десең, бәрін айтып тастаған. Қалай ренжімейсің... Мен – Абайды оқи-оқи уланып қалған пендемін. У басыма шапқанда жаман саяжайыма барып жападан жалғыз жатып аламын. Қашқан түрім. Бәрі бір құтылмаймын... Бір қарасам, Абайды оқып отырғаным. Тура түн ортасы болғанда елесі келеді. Былай қабырғалай келіп, қарсы алдыма шығып: «Өй, сен бірдеме ұғып отырсың ба?» дейді ғой. Осыдан кейін қалай күйінбейсің. Менің түк түсінбей отырғанымды біліп қояды. Міне, Абай сондай адам... Абаймен «ренжісіп» қалғанда мұңымды айтып марқұм Қайым Мұхаметқанға барушы едім. Ол кісі: «И-и-и... сен неменеге бүлініп жүрсің?» дейді. Мен айтамын: «Қайым аға, Абайды ағайындары қамшының астына алып, жон арқасын тіліп сабады. Мал бар, дәулет жетеді. Алдына түсетін ақылды адам жоқ. Өлеңде несі бар. Елге ақыл айтып қажеті қанша. Барды да, таяқ жеді. Тапқан қызығы осы ма?» деймін. Қайым аға кеңкілдеп тұрып күледі. Осыны айтамын да, шай да ішпей кетіп қаламын.

 * * *

Әңгіме осы араға келгенде ағамыз бізге бір қарап алды да «Абай аз бол­ған­дай оған Мұхтар мен Шәкәрім келіп қосылады» деп кейіген түр танытты. Ерлан Күзекбай деген азамат әңгіме же­лісін жалғағысы келді ме «Бұлар да Абай сияқты «қиын» адамдар ма?» деп сұрап қалғаны.

Төкең: – Ойбай-ау, олар мен сияқты жаман адам бойлай алмайтын шексіз әлем емес пе. Мұхтар Әуезов – Абай емген уызбен ауызданған сойқан. Алғаш әріп танығанда оқығаны – Абайдың өлеңдері мен қара сөздері. Мұқаңның өз қолымен жазғаны бар: «Алғаш молдадан әріп танып үйге келсем, атам Әуез басқа балалар сияқты қозы-лақпен ойнатып қоймай, Абайдың өлеңдерін оқытып қоятын» дейді. Абаймен ауызданған Әуезов бізге қайдан күш береді. Енді оған «түрмеде» жатып-жатып жаңадан босаған Шәкәрім келіп қосылды. Бұл – үлкен аномалия. Қазақша айтқанда, ақыл-ойдың қоянжымы. Мектеп деген – осы. Шәкәрімді былай таман апарып айналдырып көрсең Абайдың жаңа түрі шығады. Яғни Шәкәрімнің ішінде тағы бір Абай жатыр. Біз осы жаңа Абайды түстеп-түгендеп, танып мына тағылым Абайдың қай ойының баламасы, қалай түрленуі, қандай қайнардан ағып шықты, осыны танымайынша, Абай толық ашылмайды.

Осы кезде жиынға қатысып отырған біреу көлденеңнен «Онда не істеуіміз керек?» деп сұрай қалғаны... Төкең жұлап алғандай: «Өстіп, өтірік таласып жүреміз. Менікі – жай бір айта салған сөз. Әйтпесе Абайды ашу қиын. Қазіргі ақындардың өле жатқанында 4-5 том, кейбіреулерінде 15-20 том өлең жинақтары бар. Абайда бар болғаны 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз, 1 мақала. Ал оқысаң таусылмайды... 1860 жылдары «Дала уәлаяты» газетіне: «Болыс болдым, мінеки», «Жаздыгүні шілде болғанда» атты екі өлеңі шыққанға дейін жазғандарына назар аудармаған. Кейін барып, «өй, мынау керек екен ғой!» деп реттей бастаған. Көрші-қолаң, сөз білетін ағайын-туғандар көшіріп алып оқитын болған. Оның сыртында тобықтылар – бөспелеу жұрт. «Бұл біздің Абайдың сөзі» деп ұзатылған қыздардың жасауына ақынның жырларын қосып жіберетін болған.

 * * *

Бір кезде әңгіме ауаны ақын за­ма­нын­да­ғы қазақ зиялыларына қарай ойысып, «Абайды алғаш та­ны­ған Алаш зиялылары емес пе?» деген сұрақ қойылды. Төкең басын бір изеп «бірақ бәрі емес» деді де, тақырыпты әріқарай сабақтасам ба, жоқ па дегендей бір қарап: «1909 жылы Абай өлеңдерінің алғашқы жинағын Петербордан шығаруға ат салысқан адам – Әлихан Бөкейхан» деді. – Әлекең ақынның шығармасын өзімен бірге алып жүріп халыққа насихаттаған. Мысалы, өткен ғасырдың басында Павлодардан 100 шақырым «Тұзқала» дейтін кентте патша шенеуніктері Бө­кей­­­ха­нды тұтқындаған. Тұтқынның дүние-мүлкін тексеріп хаттама толтыратын тәртіп болған. Қазір де бар. Сондағы тол­­ты­рыл­ған хаттамада: «Абайдың өлең­дер жинағы – 1, бағасы –100 теңге» деп жазыпты...

Осы сәтте, алаш тақырыбын қаузап жүрген бір жігіт: «1918 жылдың басында Алашорда үкіметі Семейге көшіп келді. Олар­ға Абай тұқымдарының бүйрегі бұрылды. Осы жайлы не айтасыз?» деп еді, Төкен аға: – Мынаны біліп алғын. Алашқа Абай тұқымдарының бүйрегі бұрылды ма, жоқ па білмеймін. Бірақ Алаш арыстары Абайдың атағына ықтап Семейге келді. Себебі бұл кезде Абайдың баласы Турағұлдың көзі тірі. Екіншіден, қазақ мәдениетіне қатысты алғашқы орталық Семейде құ­рыл­ды. Оны есеп комитеті деп атады. Қазіргі мәдениет министрлігі сияқты. Оны ұйымдастырушылар ішінде Абай болды. Одан кейін тұңғыш өлкетану мұражайы негізінде ғылыми-көпшілік кітап­хана ашылды. Тағы да Абай ұйым­­­­­дастырушылар қатарында болды. Пат­ша­лық Ресей географиялық қо­­ғамының бөлімшесі орнады. Оның мүшесі – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Бұ­лар­дың бәрі белгілі дәрежеде жұмыс істеп тұрды. Әрі Турағұлдың халық арасында ықпалы төтенше күшті еді. Одан кейін Семейде «Жәрдем» баспасынан «Таң» және «Сарыарқа» журналдары шығып тұрды. Бұл басылымдарды ауылдағы қазақтың қарапайым байлары қаржыландырды.

 * * *

Осылай кеңестің желісі кеңейіп, ағамыздың күн қақтаған күрең маңдайы жіпсіген тұста біз бейбақ көптен көкейде жүрген, небір алыпқашпа әңгімелерге арқау болған сұрақты бұрқ еткіздік: «Шәкәрім қажының өлімі жайында не білесіз?».

Бұндай сұрақ қойылады деп күтпесе керек, Төкең селк етіп ойлана қалды да «Әлі күні айтылмай жүрген бір ақиқат бар. 1931 жылы 5 қыркүйекте үлкен көтеріліс болған» деді.

– Қай жерде?

– Шыңғыстауда. Сонымен бірге Шұбартауда. «Осыны ұйымдастырушы Шәкәрім» деген ел арасына сөз тараған. Семейден әскер шығып көтерілісті бас­қан. Кейін көтеріліске қатысқан адам­дар топ-топ болып жансауғалап тау-тас­қа қашады. Осылай апалас-төпелес болып жатқан тұста Қарабұлақтағы шоша­ласында отырған Шәкәрімге кенже баласы Зият келеді. Қасында Әзім­байдың Бердеші бар. Олар айтады: «Жүріңіз, Қытай асамыз!». Қажы үнде­мей отыра береді. Сөзге Бердеш араласып: «Бізбен бірге жүріңіз! Ол жаққа сізді ертіп апарсақ, беделді боламыз» дейді. Бердеш – әсіре қатыгез адам ақыры қажыны көндіреді. Шәкәрім айтады: «Жарайды, айтқандарың болсын. Ботақан асуында жасырған қоймам бар. Ішінде жазған кітаптарым қалып барады. Соған барып келейін».

Қытайға қашуға сайланған топ сонда да қажыға сенбей өзінің сыралғы қоңыр атын алып қалып, сырын білмейтін торы қасқаны мінгізіп жібереді. Егер қоңыр ат тақымына тигенде ешкімге ілдірмес еді. Сонымен Шәкәрім қоймасына кетіп бара жатып, жолда көтерілісшілерді қуып жүрген қызыл әскердің көзіне түседі. Олар: «ойбай, бандылардың біреуі әне кетіп бара жатыр, ұстайық!» деп тұра ұмтылады. Шәкәрім жарықтық тұра қашады. Осылай атып жіберген.

– Әскерлер қашқан адамның Шәкәрім екенін танымаған ба?

– Әркім әртүрлі айтады. Шын мәнінде атқанға дейін танымаған. Ақыры атқан әскерлер қажының сүйегін түйеге артып Бақанасқа алып келеді. Шеттеу бір қораға түсіп мүрдені «не істейміз» деп отырғанда бір топ әскері бар Қарасартов келеді. Келе салып айғайлайды: «бәріңді құртам, жоғалтам, неге атасыңдар!» дейді. Себебі: «Шәкәрімді тірідей ұста!» деген тапсырма алып келе жатқан беті екен. Сол жерде үштіктің сотын ұйым­дас­тырып осылай да, осылай «қатты қар­сы­лық үстінде Шәкәрім оққа ұшты» деп хаттама толтырады.

Бәрі біткеннен кейін топырлап жүр­ген жұртқа: «мына мәйітті алып, өздерің жерлеңдер!» дейді. Ешкімнің батылы жетіп, мәйітті жерлеуге ала алмайды. Қызылдар өтірік «жем тастап» кім келіп сүйекті алса, соны тағы атқалы тұрғанын жұрт біледі. Осы оқиға кезінде манағы Бердеш бастаған топ ішінде қажының ұлы Зият бар бір белдің астында сайдың ішінде тығылып отырады. Бұл 1931 жылы қазан айының 2-сі күні болатын. Ертеңінде түгелдей Қытай асып кеткен.

 * * *

Әңгіме осы араға келгенде тыңдап отырған біз ауыр күрсіндік. Төкең де терең күрсініп алып әңгімесін сабақтады: – Таң атқаннан кейін әскерлер қажының мәйітін алып кетеді. Ана сайға апарады, мына сайға апарады. Олардың артынан көзге түспей Кәрімқұлдың Қабышы деген азамат еріп отырады. Әкесі Кәрімқұл Шәкәріммен замандас, әрі құда-құдандалы адамдар. Бір заматта әскерлер мәйітті Құрқұдыққа алып келеді. Бұл арада Майбасардың бәйбішесі Май апаң қайтыс болғанда зиратын тұрғызу үшін кірпіш қазған үлкен апан бар екен. Соған әкеліп қажының мәйітін тігінен тастап кетеді. Барлығын Қабыш алыстан көріп отырады. Содан 1958 жылы Ахатты ертіп келіп «Әкең мына құдықтың ішінде жатыр» деп көрсеткен осы кісі. Қабыш әкесі Кәрімқұл мен анасы Қанымгүл қайтыс болғанда өзеннің арғы жағындағы өз ауылының зиратына жерлемей адам аяғы бармайтын Құрқұдыққа әкеліп, Шәкәрім қажының қасына жерлеген. Қажының сүйегі жатқан апанды ұмытып қалмау үшін осылай жасаған. Оны ешкімге айтпаған. Ел болса: «мынаның есі дұрыс емес шығар» деген де қойған. Қабыштың осы ерлігін бағалап мына мен Құрқұдықтағы әкесі мен шешесінің басына ескерткіш тұрғыздым... Содан Ахат 1961 жылы шілде айының 27-сі күні әкесінің мүрдесін қазып, сүйегін тырнағына дейін түгендеп санап алды. Осы оқиға жайлы «Жұлдыз» журналының 1992 жылғы 11-ші санында марқұмның көзі тірісінде жазған «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім» деген көлемді мақаласы жарияланды. Осы мақалада «...әкемнің сүйегін тастаған құдықты жалғыз қазып, алғашқы күні метрден артық қаза алмадым. Жаныма адам алмай жалғыз қазған себебім: біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді» дей отырып, 28 шілде күні барлық сүйегін толық қазып алғанын, тек екі сүйегі бүлінгені жайлы айтушы еді жарықтық. Бүлінген сүйектің бірі – оң жақ тоқпас жіліктің басы екен. Дәл тоқ сүйектен оқ тиіпті. Екінші оқ төс сүйегін тесіп өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын талқандапты. Ахаң өте ұқыпты адам еді. Әкесінің бас сүйегін өлшеп шеңбері – 53, маңдайы қарақұсына дейін – 31, құлақ-шеке арасы – 30, ортан жілігі – 43, жіліншігі – 46, жамбасы – 26, басының биіктігі – 19 сантиметр екенін жазып алғанын маған көрсетті.

Тамыздың 8-і күні Ахат әкесінің қазып алған сүйегін Жидебайға апарып, Абайдың зиратынан 60 метр жерде дөңнің үстіне жерледі. Жаназаға 100-ге жуық адам қатысыпты. Ел-жұрт қажының жерлеу жабдығына 6 қой, 240 рубль ақша қосты дейтін Ахаң. 1984 жылы Ахаттың өзі дүниеден өткенде дәл осы араға әкесінің қасына апарып өз қолыммен жерледім. Жарықтық текті адам еді. 1983 жылы желтоқсанның 23-і күні Ахатқа Ресейде тұратын баласы Физули қайтыс болды деген хабар келді. Қайым Мұқаметқан екеуіміз барып естірттік. Тура бір күннен кейін желтоқсанның 24-і күні менің балам­ның үйлену тойы болатын. Содан қайтті дейсіз ғой: «Сендер ешкімге айтпаңдар, мен сенің балаңның үйлену тойына қатысайын» деді. Тойға қатысып ертеңінде өз баласын жерлеуге ұшып кетті. Ахаңның тағы бір кісілігі қашан барсаң, әкесінің қолжазбасын көшіріп отырады. Көшіргенін сенімді адамдарға таратады. Әкесін ақтау туралы Қайым екеуі бірігіп төрт патшаға хат жазды. Оның бәрін мен жіберемін. Алдымен Брежневке жазды, хабар болмады. Артынан Андроповқа, Черненкоға жазды. Біздің хат барғанша патшалар өліп тоқтамайтын бір заман өтті.

 * * *

Осылай әңгіме жалғаса берді. Кемел сұхбаттың түйіні болсын деген ниетпен «ақын Шәкір Әбенов туралы не білесіз?» деген сұрақ қойды тағы біреу: – Шәкір Әбенов әулие адам еді. Асқан білімді, орысша қандай сауатты. Әкесі Әбен Абаймен шен таластырып, бәсекелесіп өткен тұлға. Абай Семейдегі өлкетану мұражайына қырдан дүниелер жіберіп тұрған. Әбен болса одан асып түскісі келіп Омбыдағы дала музейіне экспонаттар тапсырған. Жуықта соның дерегін таптық, – деп сөзін жалғап: – Шәкір біз сияқты адамдармен талас­пайды. Ол Мағжан Жұмабаевтармен сөйлеседі. Замандасы ғой. Ол – Сәкенмен үзеңгілес жүрген, Ілияс, Бейімбет­тер­мен достас-дәмдес болған адам. 1931 жылы аштық күйіп тұрған кезде Сәкенге атқосшы болып Үржар, Мақан­шы өңірін аралауға шығады. Мен: «Сәкенге қалай еріп жүрдің?» деп сұ­рай­маймын ба. Жарықтық айтатын: «Әй, анау Сәкенің жаман жылауық екен. Ат үстінде со­­райып отырып алады да, еңкілдеп жылайды-ай келіп» дейтін. Жол бойы теңкиіп-теңкиіп өліп жат­қан қазақ. Қолдан келер қайран жоқ. Сәкен осыған күйініп зар еңірейді ғой... Сен­дерге бір қызық оқиғаны айта­йын: Шәкәрім ақталып, Семейде үлкен жиын өтті. Осыған Шәкір қеліп қатысты. Журналистер сұрап жатыр: «Шәке, сіз Шәкәрімді көрдіңіз бе?». Сонда Шәкір: «Шәкәрім мені қайтсін, ол өзі сияқты болыс Әбенмен сөйлеседі емес пе» дейді. Сонда жасы тоқсанның үстінде. Бір ауыз өтірік айта алмайтын адам еді. Басқа біреу болса қиыстырып соғып жіберсе кім біліп жатыр. Екеуміз керемет дос болдық. Мінезі қиқар. Бірақ білмейтіні жоқ. Оны тағы айта бермейді. Бірдемелерді суыртпақтап сұраймын. Отырып-отырып алады да, тура таң атар алдында ең бір жақсы әңгімені бастайды. Мен қалғып кетем. Ояна келсем жеті атамды көшіріп боқтап отырады. «Неге боқтайсыз?» десем, «Жәй, әншейін қалғып кеткен екенсің оятқаным ғой» деп жуып, шаяды.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ