АБАЙ АРМАНДАҒАН ҰЛТТЫҚ САНА: ТАПҚАНЫМЫЗ БЕН ЖОҒАЛТҚАНЫМЫЗ

Қазақ елі Абай Құнанбаевтың 175 жылдық тойын лайықты атап өтуге кірісіп кетті. Оны тәуелсіздік мүддесіне сай деңгейде өткізу міндеті ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылы 2 қыркүйекте жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында айрықша тиянақталды. Абай тойы – әлемдік ақыл-ойдың, түркі-ислам өркениетінің интеллектуалды салтанаты, қазақ руханиятының жұлдызды сәті. Абайды жаһандық және ұлттық тұлға ретінде таныған һәм тануға олжа салған ой иелері жер-жаһанның барлық құрлықтарынан табылады. Дегенмен, сөздің патшасын, ойдың сарасын Абай айтқанын тұңғыш рет қазақ зиялылары паш етті. Тарихты ізі суымай жатып жазу – қиын. Соған қарамастан, Абайдың өркениеттегі орны мен маңызын бәрінен бұрын Әлихан Бөкейхан ашты. «Абай, – деп жазыпты ол 1905 жылы, – асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы… Абай сияқты халықтың рухани шығармашылығын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ».

Абайдың өлеңдерімен А.Байтұрсынұлы алғаш рет 1903 жылы танысады. Арада 10 жыл өткенде, 1913 жылы «Қазақ» газеті бетінде «Қазақтың бас ақыны» мақаласын жариялайды.Бұл 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан Абай жинағына жазған пікірі еді. «Сөздің, – делінген мақалада, – шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған».

Ақынның дүниеден озғанына 10 жыл толғанда М.Дулатұлы «Абай» атты мақаласын жазды. Абай есімі мен мұрасын ұлықтаудың халық үшін, болашақ үшін керек екенін еңбегіне дің етіп алды. «Қайдан өрбігенін, – дейді автор, – қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан, Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуымен, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей».

Кеңестік жылдардағы абайтанудың көшін М.Әуезов бастады. Оның 1933 жылы Қызылордада шыққан Абайдың шығармалар жинағындағы «Абайдың туысы мен өмірі» мақаласы болашақ «Абай жолы» роман-эпопеясының ғылыми тұжырымдамасы болып табылады. Алаш көсемдерінен Мұхтардың айырмашылығы – ол Абайды, Абай ортасы мен дәстүрін көріп өскен адам. Орасан зор талантымен әрленген осы артықшылығы тұлғаның бейнесін әлем әдебиеті биігі деңгейінде сомдауға алып келді. Сондықтан да, мақаланың мазмұны терең, баяндалуы өте тартымды шыққан. «Абайдың өмірінің, – дейді М.Әуезов, – әрбір үлкен дәуірлері мен ой-сезімінен үлкен әсер етіп, бет бағытын билеген, асу-асу белдеріне көбірек көз салып, көп уақыт бөлуді қажет деп білдік».

Университеті, ғылым академиясы, тіпті, ұлттық газет-журналы жоқ ортада өскенімен Абай қу тақырда пайда бола қалған жоқ. Оның ұлы ойшыл, мыңмен жалғыз алысқан қайраткер биігіне көтерілуіне әрісі Шығыс өркениетінің, берісі халқының санғасырлық интеллектуалды табыстары мен барша болмыс-бітімі іргетас болып қаланды. Әкесі Құнанбай, шешесі Ұлжан да текті тұқымнан еді.

Абайдың ұлылығы – отарлаудың зорлығымен табиғи-ырғақты дамуынан айырылған, жақсы мен жаманды айырудан қалған Жидебай мен Шыңғыстаудағы жерлестеріне, барша халқына жоғалып кетуден сақтайтын дұрыс бағытты, ішінара – дұрыс жолды көрсете алғаны. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» мен «Көк тұман – алдағы келер заманды» жазған Абайды интеллектуалды өрі мен ылдиы туғаннан бірдей жан деу мүмкін емес. Өзі жазғандай, бала болды, тайға мінді, жазу жазды, хат таныды. Жастыққа қуанды, кәрілікке көнді. Қырық жастан асқан соң ғана шығармаларына өз атын қоюы бекер емес. Кейбір суретшілер бала Абайдың бейнесін сомдаймын деп, қолына кітап ұстатып, көзіне қалың ой тұндырады. Балалықты аттап, даналыққа бірден көшкен жанды көз алдыңызға әкеледі. Реализмі жоқ. Абайдың өсу, толысу, кемелдену кезеңдері бар емес пе? Мәселенің байыбына бару үшін «Шығысым Батыс болды», «менің қағбам енді Батысқа ауысты» деген пайым-тұжырымын кемел шағында айтқанына аса зор мән беруіміз керек. Әрине, ол шығыстық ұстанымы мен құндылықтардан ешқашан бас тартқан емес. Алайда, алдымен Шығыс әдебиетін, кейінде әлем әдебиетін, сол арқылы адамзаттың өткені мен бүгінін, интеллектуалды есеюін терең игеру барысында дамудың батыстық моделіне басымдық бергені ақиқат.Гете, Байрон, Мицкевич шығармаларын қазақшалағанына, идеяларын жоғары бағалағанына, Дреперді Сахарада насихаттағанына қарап, санасы мен сананы түсінуі батысшыл деуге негіз жоқ. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор… Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деген сөздерінен славянофилдікті іздесек, бір-біріне қарсы қойсақ, оңбай қателесеміз.

Абай өзінің де, халқының да ілгері озып кеткендер қатарында болғанын қалады. Ал, бұл арманның үдесінен шығу үшін не қажет екенін күнделікті қарапайым тіршіліктен – еңбек ету, егін салу, сауда жасау, кәсіппен айналысудан таба алды. Ақыл-ойдың табыстарын, рухани-имани тазалықты жоғары бағалады. Адам баласын адам баласынан оздыратын құдірет – ақыл, ғылым, ар, мінезден деп білді. Осы орайда, санаға қандай реңк бере қолданғанына тоқтала кетейік. Бірде сананы кәдімгі «ақыл, ес» түсінігінде кәдеге жаратса, екінші ретте абстрактылы ойлау функциясына жатқызады. Ұлттық менталитетпен де байланыстыратыны бар. Ал, «санасыз» дегені нақты адамның жарым есті жаратылысын куәлендіретін үкіммен пара-пар.Ұлы далада сананы айрықша қастерлеу дәстүрі сақтар заманында көзге түскен еді. Ол әл-Фараби заманында танымның маңызды санатында тұрды.

Өкініштісі – Абай өмір сүрген ғасырлар тоғысында қазақ қоғамының табиғи-ырғақты даму диалектикасы мен эволюциясы аяусыз бұрмаланғандықтан, күшпен тапталғандықтан санаға серпін беретін еңбек бөлінісі қарабайыр күйінде тұншығып, болашағы бұлыңғыр арнаға түскен еді. «Жұт жеті ағайынды». Әлеуметтік негізін де осалдық пен қайшылық шарпыды. Ел мен жерді аздырмаған бұрынғы елбасы, топбасы қауымының орнын басқан өңкей қиқымның өзі де, сөзі де түкке тұрғысыз екенін білгендіктен һакім Абай халқының санасы мен жүрегіне қозғау салу үшін түпжаратушыны ауызға ала сөйлейді: «Құдай саған еңбек етуге жеткілікті күш берді. Бірақ, сен еңбек етпейсің. Құдай саған ғылым берді. Бірақ, сен оқымайсың. Құдай саған сана берді, сен оны жоғалттың».

Қалыптасқан күрделі ахуалды оңалтудың шартын өркениеттен, формациядан, ұлт-азаттық қозғалысынан іздемейді. Шығыс отар елінде мәселенің бұлайша қойылуы қоғамдық-саяси ой тұрғысынан келгенде әзірге мүмкін емес еді. Кейбір сәттерде базистен бұрын қондырғыларға – оқу мен тәрбиеге, саяси қатысуға, саяси мәдениетке, құқыққа, әділ билікке үміт артқаны рас. Соның өзінде ұлы Абайдың саналы ғұмыры мен барша интеллектуалды ізденісі бірінші кезекте қазақ халқының санасын жаңғыртуға, заманның сын-қатерінен сақтандыруға бағышталды.
Сонда, Абай қандай ұлттық сананы армандады?

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі ұлттық сананы жаңғыртудың алты қыры қадап-қадап көрсетілген. Олар: 1. Бәсекелік қабілет. 2. Прагматизм. 3. Ұлттық бірегейлікті сақтау. 4. Білімнің салтанат құруы. 5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы. 6. Сананың ашықтығы. Осы тізімдегілердің бәрі дерлік Абай мұрасында тұр. Біреуі кең көлемде сипатталған, екіншісі туралы қысқа ғана айтылған. Енді бірі, ауызға алынбаса да, басқа ой, байлам, тұжырым шегінде көрініс беретінін байқау қиын емес. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ұлы тұлғаның 150 жылдығына арналған салтанатты жиналыста дөп басып айтқандай, «Жерінен, суынан, тәуелсіздігінен, билігінен айрылған қазақты құтқарудың жалғыз амалы – оның рухани әлемін, елдік, адами ізгі қасиеттерін сақтап қалу екенін, сонда ғана оның ұлттық сипатын аман алып қалуға болатынын ақын жақсы түсінді. Сол үшін жан аямай күресті». Түптеп келгенде, бұл ұлттық сана үшін күрес болатын.

Иә, Абай тілінде «бәсеке», «қабілет» деген сөздер жоқ. Бірақ, олардың мән-мағынасы «талап», «талас», «таластыру», «таласу» ұғым-түсініктерін қолдануымен ашылған. Әсіресе, «Қырық төртінші сөзі» бәсеке мен бәсекелік қабілеттің көздегенін, экономикалық, мәдени-имандық пайдасы мен зиянын, адамдық пен ақылға, сараңдық пен арамдыққа сынақ екенін жан-жақты ашқан. «Талап қылушылар да неше түрлі болады, – делінген мұнда. – Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі… Біреу мал қуып жатыр… Біреу ер атанамын, біреу қажеке атанамын, біреу молдеке атанамын, біреулер білгіш қу, сұм атанамын деп, сол харекетте жүр». Осы талап пен таластың тағдырын шешетін құдіретті адамның болмысынан және таңдауынан тапты. Олар – қайрат, ақыл, жүрек. Бұлар «Бес дұшпанның» жағына шықса, жаманшылыққа жол басталады, «Бес асыл іске» бұрылса, жамандықтан жирену орнығып, адамның адамшылығы, жасампаз санасы салтанат құрады. «Қарасөзінде» адамзаттың санасы мен өнеріне кесапат әкелетін үш дұшпанды – надандықты, залымдықты, еріншектікті сынайды.

Абай ұғымында талап пен талас, яғни, бәсекелік қабілет пен прагматизм – бір-бірінен ажырағысыз құбылыстар. Қазақ қоғамында талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым өзгелерден ұтымды дүние ұсынуға, мүмкіндіктерді нәтижелі пайдалануға іргетас әрі қозғаушы күш болуға жарайды, есесіне өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ елді құрдымға бастайды.
Абай заманында ұлттық сананың өміршеңдігін айқындаған бәсекелік пен прагматизм мейлінше әлсіреп кеткендігі ақиқат. Өйткені, бұларды биік деңгейде ұстап тұратын саяси факторлар – қазақ мемлекеті мен билігі тарих сахнасынан түсіп қалған еді. Олардың материалдық және рухани тіректері – жер мен тілдің бірі жат қолына көшсе, екіншісі ауыл арасы деңгейінде ғана жұмыс істей алды.

Міне, осындай ортада ұлы ойшылдың халқын білім мен ғылымға шақыруы, тілі мен тарихын қорғауы, әсем ән мен тәтті күйдің талғампаз жанашыры, бірегей туындатушысы болуы ұлттық қауіпсіздікті күзеткені, рухани өмірдегі, салт-дәстүрдегі жаңашылдығы, сананы жаңғыртқаны еді.

Рас, Абай тілінде «ұлт» сөзі кездеспейді. Халқым, қазағым, елім, жұртым дегенінен бүгінгі ұлт ұғым-түсінігінің дәлме-дәл баламасын көрсек қателеспейміз. Ол осындай шуақты, жылы сөздерімен қазақтың тұтастығын, бірлігін армандады. Жақсылығын асырды, көңілден шықпағанын жасырған жоқ. Осы орайда жер жүзінде 2 млн қазақ бар екенін алға тартуы ұлттық демографияға ден қойғанын білдірсе керек. XIX ғасырдың аяғы үшін 2 млн адам аз сан емес. Ендеше ақынның: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деуіне толық негіз бар.

Мұндағы «қайран» сөзінің көзге көрінбейтін мазмұнында, астарында, біздің ойымызша, жанын қинаған мына жолдар жатыр:

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.

Демек, ұлттық береке-бірлікке сызат түсудің себеп-салдарын алдымен күнделікті кикілжіңнен, барымта, жер дауы, жесір дауы сынды этносішілік жағымсыз қарым-қатынастан іздейді. Бір қызығы – бұған рушылдықты, жершілдікті араластырмайды. Осыған қарап, трайбализмнің асқынған тұсы кеңестік жылдар ма деп ойлаймын. Оның салқыны әлі де санамызда өше қойған жоқ.

Екінші басты себеп – болар-болмас билік үшін талас еді. Мәселен, болыстыққа, старшындыққа бола қырқысудың әкелген нәтижелері – парақорлық, партия болып жікке, топқа бөліну. Абайша айтқанда: «Болды да партия. Ел іші жарылды. Әуремін мен тыя. Дауың мен шарыңды».

Абайдың дүниеден озғанына ғасырдан астам уақыт өтті. Бірақ, қазақтың жік-жікке бөлінуі күнделікті кикілжің, саяси қатысу шеңберінен асып кетті. Оған тілдік, діни, жаһандық, т.б. себептер қосылды. Ең ауыры – бүгiнгi қазақ өзiн-өзi iздеген, қилы тағдырмен этникалық сәйкестігі шайқалған халық. Аты да, заты да бiр қазақ өркениеттік, тілдік, рухани, т.б. ұстанымдары тұрғысынан қаншаға бөлiнiп кеткенiн көзбен көрiп, жүрекпен сезiнiп отырмыз. Ал, ендi, соларды санап көрейiкшi: 1. Бар болмыс-бiтiмiмен нағыз қазақ қалпындағы қазақтар бар. Сақтардан жеткен мұра, атқа міну мәдениеті, байырғы түркiлердiң нақыл сөздерi, Қорқыттың күйлерi, Ақан, Бiржан, Шәмшiнiң әндерi бұларға асылдың сынығындай. 2. Кешегi өктем империяның, яғни, Ресейдің сойылын соғып жүрген қазақтар аз емес. Мемлекеттік тілде сөйлегенімізді, ата салтымызды, қазақы құндылықтармен суғарылған санамызды ұнатпайды, жатырқайды. Мұндайларды Шер-ағаң: «Ұлы империяның улы жемiсi» деген едi. 3. Тiлi, дiлi орыстанып кеткенмен халқына бүйрегi бұратын қазақтарды қаперден шығармағанымыз жөн. Бұлардың бiр бөлiгiне ұлтжанды сана тән. Қазақша сыңар жол өлең жазбаса да О.Сүлейменовты кiм орыс ақыны дей алады? 4. Жаhанданудың салмағына жаншылып, Америкаға, Батысқа шыбындап бас изейтiн, өзiнiкiне мұрнын шүйiретiн қазақтар шықты. 5. Басқа дiннiң ықпалына түсiп, не ол емес, не бұл емес қазақтар саны өсiп келедi. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұлардың қарасы жарты миллионнан асып түсіпті. Діни адасу сананы ғана сансыратып қоймайтыны, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіні мыңдаған қандастарымыздың ДАИШ құрамында Сирия мен Ирактағы ұрыстарға қатысқанымен әлемге аян болды. 6. Тарихи Отанына сағынышпен жеткенде бауырларының өзiн де, сөзiн де түсiнбей, айран-асыр күйге түскен оралмандар үлкен қауым. 7. Жүзге, руға, жерге бөлiну сияқты дерттен айықпаған «ортағасырлық» қазақтар арамызда жүр. 8. Жекешелендiру мен нарықтан қарық болған «жаңа қазақтар» да этникалық сәйкестігімізді әрлендіре бермейді.

Алдағы уақытта басқа этнос өкілдерінің қазақтануы негізінде байырғы халықтың тоғызыншы тобы қалыптасатын тәрізді. Мұның демографиялық себебі бар. Мәселен, 1989-2019 жылдар аясында Қазақстан халықтары ішіндегі кәрістер үлесі 0,63%-дан 0,60%-ға түсті, немістер – 5,82%-дан 0,99%-ға, украиндар – 5.44%-дан 1,53%, татарлар – 1,99%-дан 1,11%-ға құлдырапты. Дүңгендер саны 30,2 мыңнан 72,4 мыңға, курдтар 25,4 мыңнан 46,3 мыңға, тәжіктер 25,5 мыңнан 48,7 мыңға дейін ғана өскен екен, яғни, 1,0%-ға да жетпейді. Бұлардың бәрі 67,5% болып отырған қазаққа қосылмағанда 20%-ға да жетпейтін орыстың қатарын көбейте қоймас. Түптің-түбінде тоғыз топтың бірлігі мен бірегейлігіне ортақ сана, ортақ тіл, ортақ тағдыр арқылы қол жеткізетін боламыз. Осылардың өзегінде қазақ халқы тұратыны күмәнсіз. Қазақстанда өмір сүріп, өзін қазақтан тыс немесе жоғары санайтын индивидтің де, топтың да бағы ашылмайды. Бұларға ешкім тіліңнен, діліңнен, дініңнен бас тарт демейді. Бірақ демографияның заңына бағынуға тура келеді.
Тап осы жерде Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың рухани жаңғыру бағытының бірі ұлттық бірегейлікті сақтау жайлы мына сөздерінің танымдық-практикалық маңызы ерекше әрі ұлттық санаға қатысты Абай ілімінің имандай ғәдәләттілігін бекемдей түседі: «Мен, – дейді Елбасы, – қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек».

Ұлттық санаға жаңаша реңк беру мен жаңғыртудағы Абайдың ұлы жаңашылдығы әлденеше ғасырлар барысында қалыптасқан, XX ғасырға қарай дағдарысқа ұшыраған өмір салтындағы, дүниетанымындағы мәңгіліктей көрінген құндылықтардың әскери-қорғаныстық, жаугершілік сипатын екінші қатарға ысырып, ұлт мүддесіне келісіммен, ынтымақпен қызмет етуге бағыштағаны. Мәселенің мәні мынада: Қазақ хандығы құрылар қарсаңында, оған дейінгі ғасырларды айтпай-ақ қоялық, Қазақ хандығы құрылғаннан Кенесары хан опат болғанға дейінгі аралықта Ұлы дала соғыстардан, ұлт-азаттық көтерілістерінен көз ашпады. Қанды майдан жорықтар көрші елдерге сенімсіздікпен қарауға, жау санауға, қауіптенуге үйретті. Мұны фольклорымыздан, жыраулар мұрасынан, батырлар жырынан көруге болады. Еңку-еңку жер шалған, егеулі найза қолға алған заманда ол ұлттық намысты қайрады, отансүйгіштікті нығайтты, ономастикамызды әрлендірді.

Абай осы сірескен сеңді бұзды. Ноғайдың, сарттың, орыстың қазақтан артық болмаса, бір мысқал кемшілігі жоқ екенін айтты, жазды, дәлелдеді. Іргедегі қытай мен қырғызды, алыстағы арабты дұшпан санамайды. «Дін исламға кіре алмай қалған, осы күнде Күншығыс Сібірінде қазақтың ағайындары бар» деуімен түркі-ислам әлемінің бірлігін қуаттаса, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» өрнектеген өлең жолдарымен ұлттық сананың миссиясы мен міндеттері жаһанмен жауласумен емес, елдесумен, үндесумен атқарылатынын паш етеді. Бұл пацифизм емес. Тіршіліктің бастау-бұлағына оралу. Тәуелсіз Қазақстанды әлемдік биікке көтерген факторлардың маңдайалдысы – ұлтаралық, дінаралық бейбітшілік пен келісімге берілген идеологемасы. Қазақтың қасиеті мен тарихы ежелден гуманизмге толы екенін дәйектейтін әлеуеті зор теориялық-методологиялық пайым-тұжырым. Бұл – бір.

Екіншіден, ақпараттық кеңістігі шектеулі ортада өмір сүрсе де, бүкіл әлемді көкірек көзімен шола білгені, оны шығармашылық ізденісіне арқау еткені сананың ашықтығын ұлықтағаны емес деп ешкім айта алмас. Бұған дәлелге «әлем», «жер-дүние», «жер-жиһан», «жиһан» сөздерін кең қолданғанын жатқызуға болады. Араб, неміс, қытай, моңғол, грузин, т.б этностарды әртүрлі қырынан суреттегені де осы ойымыздың бір парасы. Абай тілінде 30-дан астам орыс сөзі мен сөзтіркесі, 350-ге жуық араб-парсы сөзі мен сөзтіркесі қолданылған екен.

Үшіншіден, барша адамзатты бауыр санаған Абай «мен – қазақпын» деп те айта алды. Бұл Абайға тән ұлттық сананың аса биік деңгейге көтерілгенінің көрінісі. Сол себепті халқының барын бағалады, жоғын түгендеді, кемшілігін сынады. Ендеше, сананың ашықтығын ғана қуаттап қойған жоқ, оның сындарлы мазмұнмен де халқына серік болуын армандады. Қазақты сынауы Абайдың күйректігі, түңілуі емес, халқын, оның рухын, санасын жаңғыртуға қайрат қылғаны. Демек, бүгін жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Абай арманының орындалуы деуге толық құқымыз бар.

Абай мұрасында уақыт пен кеңістік, қоғам мен өркениет, мемлекет пен мемлекеттік құрылыс, идеология мен саясат жайлы құнды-құнды ойтолғау баршылық. Бірақ, бірде-біреуін арнайы тақырып ретінде қарастырған емес. Әлгінде айтылғандардың «уақыттан» басқасы Абай тілінде кездеспейді. Әйтсе де, олардың парқы мен нарқын білмеді деген қорытынды шықпауы керек. Мәселен, «мемлекет» сөзін қолданбағанмен «хан», «патша», «шах», «халифа», «уәзір», «губернатор» ұғым-түсініктерін орын-орнымен жұмсайды. Ең бастысы – Үкіметті өтірікпен, ұрлықпен, зорлықпен бір қатарға қояды. Қайта ұят пен ардың оянғанын сананың оянғанына, көздің ашылғанына, ойлау үдерісінің басталғанына балады. Танымды тереңдетудің түпкі нәтижесінде ұлттық сананың объектісі мен субъектісі, яғни, туындатушысы мен тасушысы, тұтынушысы мен насихаттаушысы, қолданыс айлағы мен нәтижесі мәртебесімен адамды алады. Абайдың армандағаны, идеалы – «толық адам», «кемел», «единица» – жақсылар. Ойшылдың нақтылауы бойынша, қазақтан шыққан «толық адамның» құрамы мен мәнді белгілері – ғылым жолын қуғандар (нихаят), ақылмен ізденетіндер (иждихад), адамгершіліктен айнымайтындар (инсаният), ислам дінін ұстанатындар (таза мұсылмандар). Кемел адамның, единица-жақсының билік тұтқасын ұстағанын қалады (Билемесе бір кемел. Единица кеткенде, не болады өңкей нөл?). Осылардың нұрлы ақылымен, ыстық жүрегімен, қайтпас қайратымен алыс пен жақынды, жақсы мен жаманды, біз бен оларды, дос пен дұшпанды, қатер мен сынақты ажырата алатын ұлттық сана қалыптасады.

Бұларға қарсы тұрған кереғар әлеу-меттік қауым мен кедергілер осал емес еді. Олардың бірнеше тобын «Сегізінші сөзінде» әшкерелеген. Ақыл үйренгісі, насихатты тыңдағысы келмейтін би-болыстардың санасының сиқы мынадай еді: «ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба яки, өзіміз шығындалып, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? – деген ебіне қарай біреуді жетілтейін деп, біреуді құтылайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді».

Бар білгені малының жай-күйінен аспайтын, сөзді ұққысы келмейтін байлар, жоқшылықтан титықтаған кедейлер ұлттық сананы қайтсін: «…ұры-залым, сұм-сұрқия өздері де тыңдамайды. Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ: «Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!» дейді.

Абайдың ұлттық сананы адам факторымен ажырағысыз байланыста қараған ұстанымында мін жоқ. Бірақ, мемлекеттік биліктің басқаруынсыз, қаржылық-экономикалық бекемдеуінсіз, ықпалды саясатсыз, идеологиялық рәсімдеуінсіз армандаған ұлттық сана даланың жүйеленбеген ауызша тарихы деңгейінде, ресми танылмаған әдебиет пен өнер түрінде өмір сүретінін, озығы мен тозығы бірге өрілген әдет-ғұрып, салт-дәстүр мидай араласатынын Абайдың көзі көрді, көңілі қалды. «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді, – дейді Абай. – Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық… Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз». Болу мен бордай тозудың алдында тұрғанда да қазақты жақсы көру мен жек көрудің шешімін іздейді, аражігін ажыратады. Жақсы көрсе де, жек көрсе де жөндеуге, үйретуге мүмкіндігі шектеулі екенін мойындайды. Мыңмен жалғыз алысқанының бір парасы – осы. Әлемді оймен игерген һәкім жеке басының шығармашылық драмасын өліммен қатар қояды. «Сол себептен, – дейді «Тоғызыншы сөзінде», – бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұл да жақсы, өлер кезде «әттеген-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге». Бірақ, халқының болашағына сенді. Өйткені, жат қолына қараса да ұлттық санасында пессимизмнен оптимизм үстем екенін, хаостан хауас (сипат, сана) биік тұрғанын, ұяты мен иманы адам қалпынан шығармайтынын жазбай таныды.
Абай армандаған ұлттық сананы, оның қасиеті мен киесін жүрегіне, ақылына қондырған, қуатына айналдырған заманауи толық адамды қалыптастырудың алғышарты, жағдаяты, болжамды болашағы тәуелсіздігімізбен бірге дүниеге келді.

 

Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық
зерттеулер орталығының жетекшісі,ҰҒА академигі