И.ӘЙМЕН: АБАЙДАН СОҢ… ЖАЛПЫ ҚАЗАҚҚА САУАЛДАР

…Абайдың жұмбағы. Ия, Абай – Тәкен ақлақ айтқандай «жұмбақ жан». Бірақта, «кімге – неге?..» Данышпан, һәкім атамыз айтып кетті емес пе: «Алла – шексіз, Адам – шекті; шектеулімен – шексізді қалайша өлшеп білерсіз» деп. Жарайды-ақ, басқа жұртты былай қойдық-ақ, ал, қара қазаққа (жаңа қазақ, шала қазақ, т. т. туралы айтпай-ақ та қоялық) Алла тағала алыс екен-міс; бірақ, өзінің жақыны – Абай неге «шексіз» болмақ? Адамның білгенін, істегенін, сол – адам баласы оқып та, тоқып та болса білмек, істемек емес пе? Е-е-е, міне, гәп қайда? Біздер – қара да қоңыр қазақтар – талапсыз, ниетсіз, керенау-кердең екенбіз. Тек, мақтанға, мансапқа ғана зор екенбіз! «Абай-Абай» деп құр қоқақтағанымыз болмаса, һәкім атамызды шын жүрегімізбен «түсінейікші, түйсінейікші, таниықшы», сөйтіп, анығынан жадымызға мәңгілікке «тоқылықшы» деп жүрмеген екенбіз. Ал, бұрын-соңғы, арамыздағы «болмасаң да ұқсап бағып» жүрген бейбақтарымызды тіптен де қыртымызға қыстырмас екенбіз! «Қып-қызыл қырттық!?.» Енді, өз-өзінен сұрақ та туындайды емес пе: «Солай болса, сонда, біз өзі кім болғанымыз?» деген (Негізі, бұл сұрақтың да жауабы атамызда тұрмапты ма: «Адам деген даңқым бар, адам қылмас халқым бар»). Өзін сыйлай білетін һәрбір қазақ оңаша, жеке қалып, өзімен-өзі сөйлесіп көрсінші…

Жүрек байғұс сезе-дүр. Біз, бір сөзімізде: «Абай – өз халқынан кеткен ақын. Қапалықпен. Жаны жәннат төрінде. Абайыңның қайтып оралуы, оралмауы – ел болғың келуі, келмеуі – қазағым өзіңе байланысты» деппіз-ау. Бұл сөзімізді оңайшылықпен айттық па? – «өлермендікпен, жан-шырылымызбен» айтқан едік емес пе?
Абайдың жаны (әуелі Алла біледі) мәңгілік жұмақ төрінде, – оның жаны бебеулеп, қазағының қара аспанын кезгілеп, айнала шарлап ұшып жүр. Қазағы ақыры бір (құрып бітпей тұрып) түзелер («сөз түзелді… сен де енді түзел») күн туса – бойына тұтынар ниет-пиғылы шындап оянса – атасының жаны сол сәтінде ұшып жетері һақ. Ал, әйтпесе, өйтпесек… кеткені кеткен-ау.
И-и-ия, «Абайдың жұмбағы». Деген де, шешілмейтін жұмбақ болар ма? – Бір Құдайдан өзге. Ойлану керек, егер де, «адам» атымыз – «қазақ» атымыз – мұсылмандығымыз рас болса. «Ойланған – сұрақ қояды; сұрақ қойған – іздейді; іздеген – табады».
Сонымен, сауалдарымыздың ойға оралған бір парасы ғана…

Абай көзі тірісінде неге кітабын
жарыққа шығарып кетпеді?..

«…Ілім-білім жетер-дүр, қаржы-қаражаты ешкімнен кем емес-дүр. Сөйте тұра, өзінің көрген, білген, сезген «өнерлерін» – қайталанбас қастерлі де ұлағатты сөздерін көзі тірісінде неліктен кітап етіп шығарып, можантопай қазағының қолына ұстатып кетпеді екен-ә, Абай жарықтық?» деген тұманды да түйткілді ойға батасыз (Оның үстіне, «бір сөзін ары тартып, бір сөзін бері тартып» жүрген кеше-бүгінгі пысықайлардың ісі де жаныңа батады емес пе).
Мінеки, сауал да сауалдардың бірегейі.
Жұртқа сауал тастар алдында, осы һәм кейінгі сауалдарымызды өзімізге де қойдық емес пе. Егер-яки, бар көрген-білгенімізбен, бар сезген-түйгенімізбен, бар ықылас-ниетімізбен, абайлап қана баяндап көрер болсақ, – соларымызды «Абай атамыздың аузымен айтарға» тырысып-ақ бақсақ, – онда, былайша боп та шығар ма еді-ау-ә: «Тудық, өстік, көрдік, білдік, айттық, айтыстық, тартыстық, қартайдық, қайғы ойладық, жартасқа барып та айғайладық, ақырында түңілдік, моласындай бақсының жалғыз да қалдық. Түк те таппадық… Барша адамзатқа айтылған сөздерімді, ең бірінші кезекте – кенже қалған қара қазағыма арнамап па едім. Жұрт қатарлы ел болса екен деп тілемеп пе едім. Күллі озық ойлы адамзатпен бір сапта болса екен деп армандамап па едім. Құдайды – Сөзін айттым, – зар қылдым, қан құстым. Сөйткен қазағым, түйе беріп тұрсам да – қотыр, тоқал, тырық ешкі берген сұмпайының сұлу-сиқыр сөзіне елітіп, соңынан салпақтап еріп, әп-сәтте сырт айналады. Жаңғырық шығар жартас екеш құрлы болмады-ау!.. («Болмағырға – болыспа»). Осындай – «адам қылмас халқым» кітабымның қадіріне жетер ме? – бетпе-бет отырғанның өзінде жалт беретін… Онсыз да дүние кітапқа толды, сол қатарды толтырғанда не табармын. Мақтан, мансап па? Өйткеніңе болайын! – әй, өзім де бір оңбаспын!.. Одан да, өлі де емес, тірі де емес, мына күйік халімде, қалған-құтқан есі-басымды жиыстырып, ертеңімді ойлайын. Құдай кең ғой, есіркей жатар қазағын да, қасқасын да, басқасын да, қаласа. Ал, егер-яки, қапелімде, сөзімді қажетсінер қазағым қараңдап жатса, көкіректеріне жеткілікті құйылды ғой кезінде («арғын-найман жиылса, таңырқаған сөзіме»), жазған-сызған парақтарым да сай-салада ұшып-қонып жүрген шығар, соларды жинақтап, кітап қыла ма… басқа қыла ма, байқап көре жатар. Өздері ізденсін, сөйткендері тәтті болар – өздеріне. Әйтпесе, – «шайнап берген ас болмас», – бәрі-бәрін өзім жасап, тықпыштап, зорлық қылғандайым жараспас. Артық болар, болмаса… «өз сөзім өзімдікі» ғой».
Міне, қияли да болса, сауалға біздің Абай-һәкім атаның аузымен қысқаша жауабымыз осылайша.
Ал, енді, Сіздіңше қалай – жалпы қазақ?..

Абай неліктен Меккеге – зияраттыққа сапарламады?..

…Абай жарықтық үрім-бұтағымен бай болған адам. Өзінің де, қай жағынан болмасын кенде еместігін атап өттік (Бір деректерге қарағанда 40000 жылқысы болған екен…). Халқына еткен еңбегі ұшан-теңіз; адамзатқа бергені ұлан-ғайыр. Солай бола тұра, мұсылмандықтың басты бір парызы – Меккеге неліктен сапарламады екен-ә? А-ә!?.
Біздің қияли ойымыз айтады ғой: «Қолын «мезгілінен кеш сермеп қалған» Абай һәкім атамыз былайғы бар ғұмырын ілім-білімге – тар қапастағы халқының көзін ашарға арнады. Сөйтіп жүргенде, мезгілінен ерте денсаулығын алдырды («мен ішпеген у бар ма»). Халқын тығырықтан шығарам деп жүріп, сол тар шырмауға өзі түскендей. Оның үстіне, үлкен үміт артқан ұлдары – Әбдірахман мен Мағауия бірінен кейін бірі дүние салды. Уайым-қайғысы – қапалыққа ұласты. Халқы жөнге жығылмады. Солай болған соң, («халқым надан болғасын, қайда да барып оңармын»)«Меккеге қалқиып та қылқиып қай бетіммен барамын… не жетіскеніме?» деген де шығар-ау. Енді, не қылмақ керек еді? Алланың пәрменін күту ғана. Қайтіп? Үйінде – өз Отанында, «жырақтанып» отырып. Неге? «Достан да, дұшпаннан да көңілі қалды». Адамнан жасырғанды – Құдайдан жасыра алмайсың. Қайда да болсын, бәрі-бәрін де: «ағын – ақ, қарасын – қара» деп ажырататын бір Құдай ғой. Абай – бір Жаратушының алдында өзінің ақтығын сезді. Сүйері һақ, қорынары жоқ еді».
Келесі бір ойымыз: «Әбден діңкәлап қалған» Абай ата «Меккеге жол жүрсем – қайта алмай, жарым-жолда қалуым да мүмкін-ау» деп те ойланған болар» дейді. Өз шаңырағында – туған топырағында бақилыққа аттанарға шешкен де шығар. Әлгі айтқанымыздай, қайда да болса Бір Құдіреттің өзі ғой.
Ал, ендігі, Сіз – жалпы қазақ не дерсіз бұған?..

Абай саясатқа неге араласпады?..

Осы күнгі кейбірлер: «Абай неге патшалық-орыстық озбырлыққа қарсы шықпады? – «дос» болды…» деп ыңырси білгірсінеді. Онысының астарында «саясатта шаруасы болмады-ау» дегендей пәлсапасы бұғынып жатады.
…Біздің ой-пайымымыз: «Әуелімнен, Абайдың бүкіл саналы ғұмырының өзі «саясаттың сергелдеңінің» нақ өзі емес пе еді!?. «Әдебиет – Құдайдың бір аты; философия – Әдебиеттің сіңлісі» деген де екенбіз-ау бір сөзімізде. Ал, «саясат» – «жәлеп қатын» (Жәлепсіз – сайтансыз жалған дүниеңіздің болмасы тағы белгілі ғой). Абай сол пәледен «сақтанудың» жолын мегзейді, ымдайды, демдейді… Астарлап сөйлейді. Біздер сияқты боғын езгілеп, езбелеп отырмайды. Құдайдан шығады, – Сөзін жеткізеді. Олай болса, Абайға «төмен тірліктің – төмен сөздің» не қажеті бар еді? Ал, енді не керек?!. «Болды да партия, ел іші бұзылды» немесе «Өз ырқың өз қолыңнан кеткеннен соң» дегенде, «сол озбыр күшке омырылып, күлге айналмауыңның» жолын бүге-шігесіне дейін («айтылмай сөзім қалған жоқ») жеткізіп те кетпеді ме – түсінген, ұғынған жанға!?. «Орыстың тілін біл» десе, сол «орыс озбырлығына – сол орыстың тілін білу арқылы ғана қауқар қыласың; одан ары, әлемге шығып – әлеммен бетпе-бет келесің»деп уағыздады емес пе. «Қаруың да, қауқарың – «Ілім-Білім!» – ол ілім-білімді орыс тілі, одан арғы тілдер арқылы аласың» деген жоқ па?..»
Бір білгірлердің одағай сөзі де оқта-текте бой көрсетіп қалады: «Бір жолы, Семейден келген орыс ояздары Абайдың үйіне түсіпті-міс. Ішіп-жеп болған соң, ояздар тысқа шығып, бұта-бұтаны ықтап кетіпті-міс. Осы сәтті пайдаланып, Абай ояздардың пәпкелерін ақтарыпты-мыс. Сөйтсе, «қып-қызылдың!» үстінен шығыпты-мыс: «Қазақты шоқындыруды тездету қажет!», «Қазақты жоюды жеделдету керек!» т. т. т. Содан бастап, Абай қапа болып, тілін тістепті-міс…».
Бұл (пәпке ақтарғаны) – «шалағай сөз» деп білеміз. Себебі, бүкіл дүниенің парқын білген Абай, орыстың ой-пиғылын аңғармады емес қой…
Майда сөйлеу – ұсақ тірлік – Абайдың қолы емес еді. Оның болмысы – өте-өте жоғарыда еді! «Алланың өзі де рас, сөзі де рас».
Ал, Сіздің ойыңыз қалай – жалпы қазақ?..

Махаббатсыз – дүние «дос» па… дүние «бос» па?

…Тіптен, жетпістен асып жығылып, сексеннің сеңгіріне селкеңдеп қалған кейбір ақынгөй-жазғыштарымыз һәм білгірлеріміз: «Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосыңыз» деуден әсте бір танбай-ақ келеді (Махаббаттары жылдан-жылға қозып бара жатқандай да ма…). Солай өтер де-ау, шамасы, – өтіп те жатыр ғой.
…Болмағасын, өткен жылдары, Таразға – бүгіндергі «Абайтанушы» соңғы могикан – Мекемтас Мырзахметұлы көкемізге үшбу хат жолдадық: «Көке, мыналарыңыз біз пақырды тыңдамай жатыр, өзіңіз анық-қанығын айтып, оны-мұныға нүкте қойып беріңізші» деп. Обалы не керек, өтінішіміз елең еткізіп, алаң еткізген де болар, текті де түбірлі жаратылған Мекем көкеміз «Қазақ әдебиетінің» бетінде жеделінен жауап та берді: Олай етпеңіздер, мына бір пақырдың шырылдауы да зарлауы бекер емес, – Абайдың айтқаны: Махаббатсыз – дүние дос, Хайуанға оны қосыңыз» деп нығарлап тұрып.
Бұлай болуының себебін енді езбелеңкіреп түсіндіріп өтелік. Егер де, анауларша «бос» сөзін қолданар болсақ, онда, бірінші жол мен екінші жол мүлдем де қабыспайды да қиыспайды емес пе!? Себебі, бірінші жол – «бос» сөзіне тіреліп, соны көрсетіп тұр. Екінші жолда – «хайуан» аталып тұр. Сонда, сол жансыз «босты» – тірі хайуанға (?..) теңейміз бе? Қалайша?.. «Барып тұрған абсурд!» қой бұл енді.
Негізінен, Абайша ұғынар болсақ, бірінші жол: «Махаббатсыз (Құдайсыз – иманы жоқ адам) – дүние дос» (дүние-боқтықты серік еткен адам) деп айтылып тұр ғой. Ал, екінші жол осыны тиянақтап, толықтырып, ойға нүкте қойып отыр: «Хайуанға оны қосыңыз» (әлгіндей адамды – хайуанға теңеңіз).
Ия, «махаббатсыз (кәдуілгі күнделікті өліп-өшушілік) дүние бос» деп айта беруге болады. Азаннан кешке дейін айта беріңіз, орынымен. Бірақ, оны Абай атаңызға қосақтамаңыз да телімеңіз. Абайда ондай жеке жол – ұғым – арзан сөз жоқ.
Мұндай, Абайды әлгіндей орашолақ түсінушіліктер – кітабын жаңадан әркез шығарған сайын орын алудағы ноқалайлықтар жеткілікті. Бүгінгі жалпы қазаққа бағышталған «сұрақ-сауалымызда» неғұрлым қысқа қайырарды жөн санағандықтан, бір-ақ мысалмен шектелелік. Соңғы шыққан тысы қара кітапта – Лермонтовтың «Теректің сыйы» өлеңінің аудармасында – «орыс-қазақ қатынын» (әкеліп берейін) деп басыпты… «басқыштар». «Масқара ғой!..» Не «орыс» қатынын әкеліп берерін білмейсің, не «қазақ» қатынын әкеліп берерін түсінбейсің. Бір білерің… екеуін де қосақтап әкеліп беретін сияқты көрінер ме. Ал, анығында – «орыс-казак» қатынын еді ғой…
Е-е, сонымен, Сіздің алып-қосары-ңыз қайсы – жалпы қазақ?..

«Сызықша» қай жеріне қойылуы тиіс еді?..

«Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос». Біз, әдейі, тыныс белгілерін қоймай отырмыз ғой. Ал, осының тыныс белгілері – әсіресе, «сызықша» қайда қойылуы керек еді? Біреулер, ә дегеннен-ақ, алғашқы сөз «біріңді» дегеннен кейін қойып жүр; біреулер – «қазақ» дегеннен кейін, тағы біреулер – «дос» дегеннен кейін, енді біреулер – «көрмесең» дегеннен кейін, тағысын-тағы, ендісін-енді біреу-міреулер – «істің» дегеннен соң да қойып жүр. «Жүр де жүр! – біреу-міреулер…»
Көрдіңіздер ме – Атамыздың бүтін «сөздері» ғана емес (ары-бері тартқыланған), «тыныс белгілерінің» өзінің біздерге қаншалықты қиын соғып жүргендігін? (Енді, өзіңіздің шамаңызды – орныңызды байқап-бақамдай берсеңіздер де болар-ды емес пе…)
Жалпы, Абай-һәкім ата «сызықшаға» зәру болмаған кісі болса керек. Көкірегінен сауылдата берген. Ал, біздерге, қажет сияқты – әуелгі тіркестегі айтылған оймен, оның түбірлі түйінін тап басып, түйсініп, барынша әсерленуіміз үшін, – көптеген өлеңдеріне де орнымен сызықша қойып алуымыз керек-ау…
Сонымен, сызықша қайда қойылуы тиіс еді? Семейдегі «Абай» жорналы былайша жазып-насиқаттап жүр:
«Біріңді, қазақ, бірің дос
көрмесең, істің бәрі – бос».
Дұрыс-ақ сияқты, деген де, біздің бір ойымызша:
«Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің – бәрі бос».
Ал, сіздіңше қалай, жалпы қазақ?..

«Абайды» орысшаға, одан арғы тілдерге де аудару – шындығында да мүмкін емес пе?..

…Толғамымыздың бастауында, һәкім атамыздың «шексіз» бен «шектеулі» жайындағы сөзін келтіріп өттік қой. Құдай – шексіз екен; Оны толығынан танып-білуің мүмкін емес екен. Тек, «болмасаң да ұқсап бағып», жақындай ғана алар екенсің. Ал, Адам – шектеулі. Олай болса, шектеулінің – шешімі болса керек-ті. Ол үшін, ынта, жігер, талап, ниетіңе қарай – соған сәйкес ілім-білімің болсын.
…Біздер қалай аударып я аудартып келеміз? «Тисе терекке, тимесе бұтаққа». Тіптен, бұтаққа тимесе де бопты. Аудардық па – аудардық («іс бітті – қу кетті»)… Селқостық… немқұрайлылық… марғаулық… бір сөзбен айтқанда – сол атамыздың («мыңмен жалғыз алысқан, соқтықпалы-соқпақсыз жерде өскен») сөзінше де – «қара топан надандық!»
Біз өзі, біліп тұрып, «теріс шаптыратын» қызықи халықпыз ғой. Бәрі-бәрін көріп-біле тұра, бақастыққа басып, өр (кер) көкіректікке салынып, өлгенше өзеурей береміз. «Үй артында кісі бар…» деген мақалды шығарған да өзіміз. Сөйте тұра, «иттігімізді» көпшілік жұрт біліп-көріп, сезіп тұр-ау» демейміз ғой! («Шіркінде сезед деген ес болсайшы»). Сонда, жеткен жетістігің қане? Бүгінгі – тәуелсіздігің өз қолыңа тигендегі – бейшаралық кейпің бе?.. Ал, Абай атаңды тыңдап, дүниеге танытқаныңда бар ғой-ә – «ұлық халық» атанып жүрер де ме едің-ау, қазір, шіркін!.. Жоқ, өлсек те «өйткіміз – болғымыз» келмейді екен. Алға жүр десе, көткеншектейтін; оңға бұрыл десе, солға қиқаятын; бейсауа да бейдауа екенбіз.
…Бір мысқал мысал: Сонау, 1995 жылы Абай һәкім атамыздың «150 жылдығын» әспеттедік-ау. Бүкіл елге сауын айтылып, бүкіл ел қуана-қуана, үдерісе көтерілісіп, дүниенің керек-жарағы түгелденісті. Содан… әй-бір, үш күн-үш түн ішіп-жедік, бұрқыратып тұрып бықсыттық!.. Құдай өзі кешірсін, әруақты жердің шаңын аспанға шығарып, аспанын жерге түсірдік! Ауанынан адасып та қалды-ау… «Жидебай – Шыңғыстау»!..
«Үлкен ағайыннан» әспеттеп Дудин (бүгіндері марқұм) деген дударбасты шақырып, бөктіріп, қалтасын қампитып, атамызды аударттық: «Один рот – кровь, один рот – сало!»(«Бір ұртың май, бір ұртың қан» дегенді аударғандағысы ғой). Па, шіркін!.. Міне, біздердің һәкім атамызды аудартқанымыз – орысқа, одан арғы әлемге дәріптеген түріміз! Сиқымыз!.. «Көр де тұр! Керемет-ә! – керемет!..» Жоқ, мың жерден жоқ! – мұндайы құрысын. Айдай әлемге масқара болдық қой…
Ал, енді… біздің ой-қиялымыз не дейді? Көрелік, абайлап, баяндап: «Абайдың өлеңдерін басқа тілге аудару мүмкін емес» дейді-дейді (Сөйтіп жүре бермекші ғой, ә-а?). «Мақаулық, – қысқалық, – надандық» сөз. Теріс пиғыл. Мүмкін емес нәрсе жоқ қой, Құдайдан өзге.
Абайды аудару үшін не істеу – қалай болуы керек?
«Біссміллә» деп, бастапқыдан, Абай-һәкім атаның өзі айтпақшы – «ақыл, қайрат, жүректі» жұдырықтай жұмылдырып алуымыз қажет. Сосын барып…
Ең-ең мықты-мықты деген өзіміздің үш-төрт ақынгөйімізді іріктеп таңдап алуымыз керек (Бір-екеуі орыс тілді болсын). Үлкен ауылдан ең-ең мықты-мықты деген үш-төрт көзі көк, өзі сары ақынды нан беріп, пияз иіскелетіп шақыртып алуымыз керек. Енді, осы алтау-жетеуді бір жертөлеге, «посторонний» пысықайлар кіріп-шыға бермейтін, мықтап тұрып қамауымыз керек (Бір жылға, керек болса екі, үш… жылға). Ішіп-жемінен ойыншық-сылдырмағына дейін, тіптен, өліп бара жатса, сипалап мауықтарын басып тұратын сұлу-сиқырларына шейін оқта-текте кіргізіп-шығарып – вообщем, бар жағдайларын жасап, тесіктен жіті бақылап, аңдып тұруымыз керек. Ал, барар жер – басар таулары жоқ, жатып кеп аударсын! Қалай? Тірлік: біріншіден, Абай-һәкім атаның өлеңдерінің мағынасын (философиясын) жолма-жол түсіріп алу; екіншіден, сол жолма-жолды атамыздың мақамына – нәшіне келтіру; үшіншіден, сол мақамды ұлы атамыздың ауанына, иісіне, нәріне, сөліне, тереңіне шомылдыру. Міне, сонда мәселе (алғашқы) шешіледі. Содан кейін, әлгі алтау-жетеуді жертөледен шығарып, жұртқа көрімдетіп, алғашқы шешілген мәселені жаппай талқыға салуымыз қажет. Одан барып, талқыға салынып біткен соң (бір жыл ма, екі, үш… жыл ма), білгір алтау-жетеуді жертөлеге қайтадан қамаймыз. Ал, жатып кеп салыстырсын да толықтырсын өз шешімдерін халық талқысымен.
Міне, сонда ғана барып, Абай-һәкім атамыздың Гете-Лермонтовтан аударған («творить» еткен) «Қараңғы түнде тау қалғып…» дегені сияқты ұлыәуи де дүниеәуи шедевр шығып қалуы бек мүмкін, – кәміл тиіс.
Ә-ә, жалпы қазақ – Сіз не дерсіз?..

Кеше-бүгінгі биліктегілер  Абайға неліктен құлықсыз?..

Біз, сұрақты неге бұлайша баттитып қойып отырмыз? Себебі, өткенгі де, кешегі де, бүгінгі де биліктер – Абайға тәуелді емес. Тәуелді болуы мүмкін де емес. Қай билік болмасын («ағы», «қызылы», «көгі», «сұры», «сұрқайы»…) – «өз білгенімен, өз жолымен» – өзіне ғана оңтайлы жағымен жүреді. «Абайдың һақиқи жолы» оларға тіптен де қажет емес; қайта, кедергі, қауіпті болуы да бек мүмкін. «Шындық» – ешқалайда биліктің жолы да, қолы да емес. Тек, өздеріне қажетті жағдайында ғана, қара бұқараны алдарқатып қоюлары үшін, науқани – «жас баланың қолына кәмпит-пішінә, ойыншық-сылдырмақ ұстатқандай – жалғани да жасанды, құйтырқы ұрандар тастап қояды: «Абай-Абай!!.» «Үра-а-а-а-а!!.» деген-дегендей. Аңқау да аңғал халық соған иланып, мәз болып, кетеді… лағып, ауып; ал, өздері – «билік» – олар да кетеді… қолдарын ысқыласып, миықтарынан күлісіп. Сенбесеңіздер, қараңыздар: «Қай билік – арың да, ұятың да, намысың да, ақылың да, атаң да, батаң да – Абай» деп айтты? Айтпайды! Қайта, «әкең де, шешең де, отаның да, қоқаның да… барың да (арғы – «ағы» болсын, кешегі – «қызылы» болсын, бүгінгі – «шыжығы» болсын) – «Партия!» («болды да партия, ел іші бүлінді») дейді. «Партия үшін – отқа түс («Баукең ғана ғой: «Отан үшін – отқа түс!» дейтін), жаныңды бер!» дейді. Ал, ешқашанда «Абай үшін…» демейді.
Бүгінгі «тәуелсіз» күніміздің өзінде қалай екен, қараңыздаршы: «Жасасын Кызыкстан!..» Жасасын Нұр-Атан!..» «Жасасын Нур-р-р-р!..» «Алга! Алга! Алга!..»
Енді, қазіргі «тәуелсіз де керемети» күйіңізде қалай да қандайсыз?.. Белгілі ғой: «Жесірің жылап жүр. Қыздарымыз негрге болса кетуде, балаларымыз сыртқа саудалануда…»
«Жарнама» деген – бір усойқан! Сайтан!.. Тағы да қараңыздар: көше-көшелерде ілініп, жапсырылып тасталған, сайтан жәшіктен үздіксіз көрсетіліп жатқан – жарнамалар: «Алкогольсіз, таза, мөлдір, табиғи су!» Ал, енді, көзіңізді ашыңқырап, туралап қарар болсаңыз – жарнамадағы: «Сыра… Арақ…» Қалай қарайсыз? Алғашқыда ыңғайсызданасыз әрине, кейін-кейіндері бойыңыз да көзіңіз үйреніп, кәдімгідей көріп кетесіз: «солай деген соң, сондай екен ғой» деп, сылқылдатып кеп жұта бересіз, жұта бересіз… жұтыла бересіз. Ал, Абайды сөйтіп… сөйтіп емес-ау, «шынайы қалпында» үнемі айтады да, жарнамалайды да ма екен билік? Жоқ. Болмайды… Таусылмайтын-бітпейтін шетелдік шатпақ сериалдар. «Можантопайлар ештеңеде (билікте) ісі де шатағы да болмай, ауыздарының суын ағызып-жұтып, омалып отыра берсін… отырғандарынша» дейді-дә. Сериалдардың тұла бойы ара-арасында – жиі-жиі: «Отбасыңызбен бірге – бәріңіз түгел көріңіздер!» деп те жарнамалап қоярына не деріңіз бар?.. (Отбасымен түгілі, жеке басымыз көргіміз келе ме – жоқ па, онда титімдей де шаруалары жоқ).
Әйдік астанамызда Абай атамыздың әуелгі ескерткішін тұрғыздық. Жо-жоқ, отырғызып қойдық омпитып… бұтын былғап қойған бейбақтай қып. Абырой болғанда – былайғы жұрт түгілі, сол «отырғызғандардың» өздерінің кейіннен ұяттары сәл-пәл сығырайған болса керек – көп ұзамай-ақ түбірімен сырып тастады («Ескерткіш» дегендер сан-жүздеген жылдарға арналып, есептелініп тұрғызылмаушы ма еді-ау, а-ә?!.). Содан, енді, ескі алаңда жаңадан алапат ескерткішін тұрғызып (ақша жетеді ғой… желге шашарға да), «өңкей қиқымдар» жиылып, жұртты да қаншыншы мәрте мәз етіп, атамыздың әруағын да кезекті рет қатты разы етіп тастады. Сөйтуін сөйткендерімен… бір жыл өтер-өтпесте, ескерткіш постоментінің беті-бастары сынып-жарылып (үйлердің сыртын қаптайтын қыш плиталар ғой), әпті кете бастады. Оның үстіне, «мынауымыз»… тіптен де Абай атамызға келмейтіндей-ау – келмейді!?. «Төменшіктеп, аяқ астын бағып, жүнжіп тұрған – жарлы-жақыбайлардың «ауылнай-ақылманы»… әрі кетсе. «Әй-әй-әй, әттеген-ай… халықпен ақылдасқанда, санасқанда, сосын, тірлікті қолынан іс келер нағыз шеберлерге («өздерінің жылтыңбай-жүгіртпектеріне» емес) тапсырғанда – мұншалықты масқарашылық болмас еді ғой!.. Осындайда есіңе түседі емес пе – Жидебайдағы мемориал-комплекстің төбесінен су сорғалап, жан-жағын жабайы шөп жайғап тұрғаны да… Қысқасы, базбірде айтқанымыздай, «тисе терекке, тимесе атамның да апамның арғы басына!» болды да қойды.
Сонымен бітті – тындық па?.. Қайбір жылдары, «орыс-қазақ (ұлық билік пен кішік билік) ұлы достастығының үш жылдығы» деген ойсани ойын ойда-жоқта ойластырылып табылып, «Абай атамызды» Мәскеудің бір қуысына жеделінен апарып, көзжұмбай қонжитып қойдық! Көп ұзамай-ақ, – «мұндай чабанның бізге қажеті шамалы» деп, – орекеңдер «ескерткішсымағымызға» краска шашып, тас лақтырып, былғап-бүлдіріп тастасын… Қап, Құдайым-ай! – егер де, алдымен, ескерткішімізді тұрғызбас бұрын, сол орекеңдердің санасына «атамызды жақсылап тұрып құйып, сіңіріп, танытып, мақұлдатып алғанымызда» – осылай болар ма еді-ау!?. Болмас еді ғой! Қайта, жетесіне жеткен орыстар өздері-ақ – бізсіз-ақ әйдіктеп тұрып Абай атамыздың ескерткішін алтындатып соғып тастамас па еді! – «сөз» түсінер халық қой…
Бұның бәрін тізбелеп не үшін айтудамыз? Жаныңды жүнжітіп, жүрегіңді сыздатып, тәніңді жүдеткен ең басты қаралы ой да, өксік-ті өкініш те, қара-тұман қайғы-қасірет те, бәрі де сол – Абай һәкім атаның дүниеге келген күнін былай қойғанда, дүниеден өткенінің өзіне жуықта 110 жыл толады екен; осыншама – ғасырдан астам уақытта: «Біздер – қалт-құлт еткен қазақ халқы – не ұқтық?!. Турасында, «Абайды?..» ТОЛЫҒЫНАН(«Алланы сүй, адамды сүй, әділдікті сүй, осы үш сүю болады – имани гүл! Сонда ТОЛЫҚ боларсың елден ерек») түгілі, жартылай да бойымызға сіңіре де тұтына алдық па? «Баяғы жартас – бір жартас…» күйімізде қалдық па? – әлде, одан да кері кеттік пе?.. «Неліктен? Қалайша? Қайтіп?!.»
…Жоғарыда езбелеп өткен «ертегі-лерімізден» кейін, «қай билікке де шын Абай керек екен-ау» деп қайсыңыз айта аларсыз? Қай-қай билікке де – «жалғани да жалаңқай, ұранқай Абай» арқылы – «өз дегендері» ғана керек те қажет.
Тірлік осылай болған соң, қара-жаяу қазаққа «Абайды ұқпадың» деп кінә тағудың – ұрсудың өзі де орынсыздау көрінер ме екен?..
Деген де, қайбір нәрсенің де өз орны – жөні бар емес пе. Сол сияқты, «ұрсатын» да өз реті бар болса керек-ті. Әрине, егер де, «Абайша ұрса алсақ», шіркін. Кім – кімді? Ең әуелім, һәрбір оқыған, көзі ашық азамат – өзін өзі! Сөйтіп, өзімізді өзіміз жөнге салып алғаннан соң ғана барып, қара қазаққа сөз айтсақ жарасады екен-ау.
…Біз, күннен-күнге Абайдан алшақтап барамыз ба – жоқ, әлде, Абай атамыздың өзі біздерден безілдей ұзап бара ма? Осыны қатты-қатты ойланып, дүниеәуи дабыл қағатын (өз санамызға) күніміз әлдеқашан жетіп қойған: ҺӘРҚАЙСЫМЫЗ – «САНАМЫЗҒА САЛМАҚ» САЛЫП.
Қай-қай биліктің де ауызына я қолына қарап, – «тырық текенікі қашан үзіліп түсер екен» немесе «бұқа қашан бұзаулар» деген-деген сияқты, – «салпаң құйрықты» күтіп отыра бергеніміз «адамдық» атағымызға ешқалайда келе қоймас. Қайта, керісінше, қай-қай билік те – біздердің жолымызға қарайлайтын жарқын күн туса екен…
АНЫҚ АҚИҚАТ:«Бұлақ басынан тазармайтын болса – төменнен басына қарай тазаруы керек». «Бұл не» деген сөзіміз? («Аттандап» – арандау қажет емес). Бұл: «Ей, қайбір де ағайын! Ілім-білімге ұмтыл!» деген сөз. Құдайдың өзі: «ҺӘРБІР ПӘНДАМ, НЕҒҰРЛЫМ ІЛІМ-БІЛІМДІ БОЛСАҢ – СОҒҰРЛЫМ МАҒАН ЖАҚЫНДАЙ ТҮСЕСІҢ» деді емес пе («Бес парыздың» өзі – ілім-білім жолындағы құрал емес пе). Абай һәкім атаның да айтып-зарлағаны осы…
Ілім-білімді адам – әсте де қателесе қоймайды.
Абай ата Біздерсіз де – қайда да, қалай да – «өзіндік» бола алады. Ал, Біз – Абай атасыз бола аламыз ба?.. Осының шешуін табуымыз керек.
И-и-ия, жалпы қазақ ағайын – біздің бұ өздігімізше білген-тергендерімізге не дер екенсіз ендігі?..

Сөз соңы:

…Сонау, Абайдан бұрын өткен «Пушкиндердің», одан да арыдағы «Байрондардың» балалық шағынан өлген күніне шейін – қайда оқып, қайда тоқығаны, бүкіл шығармашылық ғұмыры, жүрген-тұрғаны, ішкен-жегені, ойнасқанына дейін – бәрі-бәрі хаттаулы. Ия, оларда жазу-сызу баршылық еді; біздерде тірлік көбінесе «ауызшатын». Деген де, «ауызды қу шөппен сүртіп» отыра берген де атағымызға жараспас. Әсіресе, Абайы бар елге – сол «Пушкин-Байрондардан» бір де бір кем түспес. Бірдеңесін қылуымыз керек қой. Ел екендігіміз (бүгіндері өз билігі өзіндегі), халық екендігіміз, адамилығымыз кәміл болса. Кімдікі түгел еді дейсіз – барын базарлап, жоғын жасқап, жайнатып қойып отырған жоқ па өзге жұрт. Мал қуған халық едік (бүгінде малың да шамалы), солай боп кете береміз бе – жоқ әлде, жұрт қатарлы боламыз ба?..
Осы орайда, жалпы қазаққа – жоғарыдағы сауалдарымызбен бірге, тағы да бірқатар сауал-тақырыптар қоюдамыз: «Абайдың діні»; «Абайдың жеке кітапханасы»; «Абайдың жүрген-тұрған жерлері һәм жолығысқан жандары»; «Абайдың күнделікті тұрмыстық-пендешілік көркем келбеті»; «Абай – Шаһкәрім жалғастығының қыры-сыры»; «Абай – Әуез әулеті байланыстары»; «Абай – орыс зиялылары достастығының анық-қанығы»; «Абай және әйелдері»; «Абай және балалары»; «Қос жүректің лүпілі – Абай мен Тоғжан»; т. т. т.
«Көп түкірсе – көл» дейді емес пе дана халық. Көпшілік боп жабылсақ – алынбас қамал болмас. Сөйтіп, Абай атамыздың ақындығы һәм һәкімдігіне қоса – бүкіл тұрмыстық, азаматтық, пәндашылық, данышпандық болмыстарын бейнелеп жасап, дамытып, өрбітіп жатсақ: «Нұр үстіне нұр» – келешек ұрпаққа бағасыз байлық, теңдессіз өнеге болар еді-ау.
Абай атамызды біздер қаншалықты көтерсек – біздерді һәкім атамыз жүздеген есе артық көтерері анық та ақиқат. Олай болса, не тұрыс? Іске кіріс!..
Айтпақшы, әуелімнен, біздер істеп алар жауапты да қомақты тірлік бар екен. Ол – Абай һәкім атаның біз тұтынып жүрген бүгінгі кітабы. Осы кітап (жекелеген сөздері мен ұғымдар), жоғарыда айтып өткеніміздей, һәрбір басылымында «тартысқа» түсіп келеді екен. Осыны, біржолата бір ізге, әуелгі қалпына келтіріп алу – біздердің бүгінгі кезек күттірмес басты парызымыз да қарызымыз.

 Игілік ӘЙМЕН,
жазушы