АБАЙ ТОЙЫНДА КҮРЕСКЕН БАЛУАН

Суретте: Бірінші қатарда солдан оңға қарай үшінші отыр­ған Смағұл Рахымұлы.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында тарих доңғалағын сәл-пәл кері айналдырып, 75 жылға шегініс жасап, ұлы дүбірдің елеусіз қалған бір мезетіне тоқталғымыз келіп отыр. Ақынның 1945 жылы өткен 100 жылдық тойында әдеттегідей ат бәйгесі, балуан күресі болғаны белгілі.

 Бір деректерде балуандар бәсекесінің финалында ақсуат­тық Дәулен Әбікенов пен абы­ралылық Әшкен есімді қара күш иесінің бел­д­есіп, әуел­гісінің басым түсіп, бас жүл­деге қойылған атан түйені әйгілі Қажымұқан Мұңайт­пасовқа сыйға тартқаны туралы айтылады. Ал Дәулен Әбікенов бір естелігінде сол тойда өзінің бір жыл бойы арнайы дайындалған, шынжырланған балуанмен күресіп жеңгенін тіл­ге тиек етеді, бірақ аты-жөнін көр­­сетпепті. Біздің айтпағымыз, Абай Құнанбайұлының 100 жыл­­дық тойындағы балуандар кү­ресіне Абыралы өңірінің тума­сы Смағұл Рахымұлының қа­­тыс­­қандығы жайында. Осы уақыт­қа дейін беймәлім болған бұл деректі бізге Смағұл бал­уан­ның бүгінде Алматыда тұра­тын туған қарындасы Үміт Қапал­баева жеткізді. «Әкем Рахым Мырзахметұлы Абыралы өңірін­дегі Тезекбай қыстағында бақ­ташы, анам Шарбан Әкітайқызы сауыншы болған. Мені нағашы апам, анамның сіңлісі Сәкен Әкітайқызы тәрбиелеп өсірді. Ағам Смағұл 1918 жылы Келдібай қыстағында туған. Ресейдің Ново­сібір облысының Обь ауданын­да жұмысшылар факультетін бітірген соң бұрынғы Абыралы ауданының Қайнар ауылына жақын Көкшетау стансасындағы мектепте партия ұйымының хатшысы болған әрі мектепте математика пәнінен сабақ берген. Әкемнің бойы 2 метр, 10 сантиметр, ағамның бойы 2 метр, 15 сантиметр болған» дей келе ағасының 1945 жылы Абайдың 100 жылдық тойында балуандар бәсекесіне түскенін әңгімелеп берді.

Үміт Рахымқызының ай­туын­ша, Смағұл балуандар сайысына Абыралы ауданының атынан қатысып, бірінші орынды ие­леніпті. «Жүлдеге түйе тіккен екен, ағам олжасын сол жерде күш атасы Қажымұқанға сыйлапты. Ал Қажымұқан тәбәрік ретінде бетін сүртіп отырған қол орамалын беріпті. Берген кезде: «Әй, қарғам-ай, қазақтың кере­мет баласы екенсің, маң­дайы­­мызға сыйсаң жақсы ғой», депті Қажекең. Ағам осымен тоқ­тамай сол күні тағы да күре­сіп, жүлдеге жорға алып, оны Айт­қазы ағасының жұбайы, жеңгесі Сәуле Дөнентаеваға тарту етіпті. Өкінішке қарай ағам осы күрестен кейін 7 күн тілсіз жатып, 27 жасында қыршын кетті. Шешемнің айтуынша, жауырыны қарайып кеткен екен. Көз тиген бе, сөз тиген бе, кім біледі?! Осыдан біраз жыл бұрын Қайнардың жанындағы Станса деген жерге ағамның құрметіне белгі қойдық», дейді балуанның қарындасы.

Көпшілік бейхабар болса да, Смағұл балуанның Абайдың 100 жылдығындағы тойда күрескенін Абыралы өңірінің тумалары ұмытпай айтып жүреді. «Ол кезде мен 7-8 жастағы баламын. Еміс-еміс есімде қалыпты. «Смағұл Абай тойында күресті» деп әкем ай­тып отыратын. Менің әкем Абай­­дың 100 жылдық тойын­да әй­гілі балуан Қажымұқан түскен киіз үйдің сойыс малын қарап, көмек­тесіп, күтушілік қыз­мет атқарған еді», дейді мем­ле­кет және қоғам қайраткері, ұзақ жыл Алматы облысында басшы­лық қызметтер атқарған, Абы­рарлы өңірінің тумасы Төлеужан Сәдіқұлов.

Үміт апа әңгіме соңында Абай­дың 100 жылығында күрескен ағасы Смағұлдың таққан белбеуі Семейде сақталғандығын айтты. Иә, расында, құнды жәдігер Семейде сақталған екен. Шолпан Қабдуәліқызы Қапақовамен телефон арқылы сөйлескенімізде бел­беудің бар екендігін, түсі жасыл, ұзындығы 3 метрге, ені жар­ты метрге жуықтайтындығын жет­кізді. «Бұл белдікті бізге Қаб­дуә­лі атамыз: «Ұлың Смағұл­­дай балуан болсын» деп ырым­дап беріп еді. «Смағұл атамыз белі­не екі мәрте ораушы еді» деп әкем айтып отыратын. Менің ұлым бұрындары осы белбеуді белі­н­е 5-6 рет орап жүретін. Жа­рыс­­қа қатысқанда ырымдап, бел­беуді кимано ішінен киіп шық­­қан кездері де болды» деген Шол­пан Қабдуәліқызы Смағұл мен Қабдуәлінің әкелері ағайын­ды екендігін тілге тиек етті.

Бір қызығы, Шолпан Қабду­әлиқызының ұлының есімі де Смағұл екен. 1996 жылы дүниеге келген Сма­ғұл Омар­беков Семей­дегі Шә­кәрім универ­сите­тін бітіріпті. Бесін­­ші сыныптан мек­теп бітір­генге дейін қазақ күре­сімен, самбо, дзюдомен шұғыл­данып, талай жарысқа қатысып, жүлдегер атаныпты. 

Азамат ҚАСЫМ

"Егемен Қазақстан"