Қостанай студенттері «Абай» спектаклін сахналады

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде көп жылдан бері дәстүрлі өнер мектептері жұмыс істеп келеді. Олардың жастарға тәрбиелік ықпалы зор. Мәселен, университет табалдырығын аттағанға дейін қолына домбыра ұстап көрмеген талай жастың сабақтан тыс уақытта халық ақыны Әсия Беркенованың мектебіне барып жүріп, төрт жылдан соң домбыраға кәдімгідей бауыр басып, күйшілік, әншілікті жансерік етіп алғанын көрдік.

2000 жылдардың басында білім ордасында «Шаңырақ» деп аталатын студенттер театры құрылған. Қаржылық қолдау болмағандықтан, осыдан бір жарым жыл бұрын  жабылып қалған жастар театры жұмысын қайта жандандырды. Оған өңірге белгілі режиссер Айсәуле Әбдешқызы жетекшілік  етеді. Жастар театры жуырда ғана көрермендеріне Мұхтар Әуезовтің «Абай» драмасын тарту етті. Спектаклді тамашалауға университет ректоры Алма Досжанова бастаған ғалым-ұстаздар, студенттер келді. Қойылым көпшілікке ұнады. Ректор шәкірттерге алғыс білдіріп, театрға алдағы уақытта да қаржылай қолдау көрсететінін айтты. 

Профессор Қалқаман Жақып та сахнаға көтеріліп, көпшілікпен «Абайдан» алған әсерімен бөлісті:

– Университетімізде тарихи оқиғаның куәгері болдық. Шындығында, сахнада өзіміздің студенттер екенін ұмытып кеттім. Кәдімгі бір кәсіби сахна шеберлері ойнаған сияқты, сол Абайдың дәуірінен бір-ақ шықтым. Студенттер қай рөлді де жақсы сомдады. Абайдың Әйгеріммен ізгі қарым-қатынасы, жастардың ғашықтық сезімдері де әсерлі шықты, – деді ұстаз.