ҚҰНАНБАЙ

Ел арасында «Абайдың шыққан биігі – Құнанбайдың иығы» деген сөз бар. Кеңес уақытында Құнанбай бейнесі бұрмаланып, оның ұрпақтарының да қаншама азап шеккені белгілі. «Абай жолы» романында Құнанбай бейнесі біржақты баяндалып, қатал кейіпте бейнеленді. Халық санасына Құнанбай қатыгез адам боп сіңді. Тәуелсіздік алғаннан кейін шындыққа объективті қарауға мүмкіндік туып, тарихи құнды деректердің беті ашыла бастады.

Мәскеудегі атақты «ЖЗЛ» серия­сымен шыққан, академик, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» кітабы Абай мен Құнанбайдың қарым-қатынасына шынайы тоқтала отырып, айтылмай ­келген, «Абай жолына» енбей қалған бірталай дүниені жариялауымен құнды.
Аталған кітаптың Алматы қаласындағы таныстырылымы «Мұхтар Әуезов музей-үйінде» өтті. Құнанбайдың көркем бейнесі алғаш осы қасиетті қара шаңырақта ­жасалып, дәл осы ­жерде әйгілі ­Ха­лық уни­верситетінде ­80-жылдары Құнанбай­дың шын тари­хи тұлғасы туралы алғаш мәселе кө­терілген болатын. Автордың өтініші бойын­ша орыс тілінде жарық көрген ­тарихи ­дерек­тік негізге сүйенген аталмыш кітап­тың да тұсауы осы киелі шаңырақта кесілді. Жақында осы толымды зерттеу еңбектің Елор­дадағы Ұлттық академиялық кітап­ханада да тұсауы кесілген болатын.

ҚР Ұлттық ғылым академиясы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Қазақстан Жазушылар одағы бірігіп өткізген осы тарихи-ғұмырбаяндық кітаптың таныстырылымына мемлекет және қоғам қайрат­керлері, ғылыми қауым, білім, ақпарат және мәдениет саласының өкілдері, қаламгерлер, жастар келіп қатысты.
Ерлан Сыдықов – тарих ғылымы мен рухани мұралардың зерттелуіне зор үлес қосып жүрген көрнекті ғалым әрі зерделі өлкетанушы. Оның Абайдың айналасы мен Семей қаласының арғы-бергі тарихы, ұлт тарихындағы хандар мен тұлғалар туралы таңдаулы еңбектері ғылыми қауымға жақсы таныс. Басқасын айтпағанда, «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен шыққан «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық еңбегі әлемнің алты тіліне ­аударылып, Абай шәкіртінің тұғырын одан әрі биіктете түсті. «ЖЗЛ» серия­сымен шыққан «Құнанбай» кітабы да еліміздің рухани қазынасына қосылған құнды үлес деп айтуға болады.
Төменде тұсаукесерге келген зиялы қауым өкілдерінің сөздері ұсынылып отыр:

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутының директоры:

– Биыл ұлы Абайдың 175 жылдық ­мерейтойы. Осы мерейтойдың қарсаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге барған ­сапарында: «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет» деген еді. Жалпы Құнанбай есімі қазақ халқы үшін ерекше қадірлі есімдердің бірі. Ел арасында өз кезінде Абайдан даңқы артық ­болмаса, кем болмаған. Біздің мемлекеттік ­тарихымыздан ойып тұрып орын ­алатын үлкен тұлға. Сондықтан қазақ халқы оны бір-ақ ауыз сөзбен «Қарадан шығып хан болған Құнанбай» деген. Осы бір ауыз сөздің ішіне Құнанбайдың бүкіл бейнесі сыйып тұр. Құнанбайдың әдебиеттегі алғашқы бейнесі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында жазылғаны белгілі. Содан бері Құнанбай тақырыбына бірнеше еңбектер арналды. Бірақ соның барлығы да Құнанбайдың толық бейнесін әлі ашып көрсете алған жоқ. Міне, бүгін Мәскеуде сонау XIX ғасырдың аяғынан келе жатқан атақты «Жизнь замечательных людей» деп аталатын сериямен бірінші рет Құнанбайдың орыс тіліндегі тарихи-ғұмырбаяндық кітабы жарық көріп отыр. Бұл біздің жалпы қоғамдық өміріміздегі тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы аса үлкен құбылыс. Әрине, бұнымен Құнанбай тақырыбы бітпейді. Бұл тақырып әлі де зерттеуді, қайта қарауды қажет ететін дүние. Құнанбайдың тұлғасы ­ашыла береді. Келген жаңа ұрпақ оны әр қырынан жаңаша таниды. Сондықтан бұл Құнанбай жөніндегі кезеңдік үлкен бір тарихи оқиғалық кітап қой деп ­ойлаймын.
Кітапта Құнанбайдың негізгі ­тарихы, ел алдындағы қызметі архив материалдарымен өрнектеліп отырып ашылған. Ал, енді әдеби бейне деген бар да, тарихи бейне деген бар. М.Әуезовтің «Абай жолындағы» Құнанбайдың бейнесі – ол әдеби бейне. Ал осы әдеби бейненің астындағы тарих қандай ­болды? Қандай кезеңдерден өтті? Осыны құжаттамалық материалдармен дәлелдей отырып көрсету осы кітаптың артықшылық тұсы деп есептеймін. Аталмыш серия бойынша бұл кітап орыстілді ортаға кеңінен танылды. Былайша айтқанда, әлемдік кеңістікке Құнанбай бейнесі жаңаша өріс ашты деп айтуға ­болады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қарамағындағы М.Әуезовтің музей-үйінде, киелі шаңырақта тұсаукесердің өтіп отыруының да өзіндік бір символдық мәні бар. Өйткені Құнанбайдың бейнесін Абайдан бөліп қарауға болмайды. Ал Абай мен Құнанбайды Әуезовтен бөліп қарауға болмайды. Сондықтан осы ұлы тұлғалардың барлығы да бір-бірімен ­тарихи жағынан да, әдеби жағынан да, мәдени жағынан да біртұтас құбылыс. Құнанбай кітабының алғашқы таныс­тырылымын кітап авторы ­Ерлан Сыдықов өткен жолы осы қара шаңырақта өткізейік деп өтініш жасаған еді. Шаңырағымыз тар болғанымен, киесі кең ордалы орта. Осында ­тарихшы, әдебиетші, мәдениеттанушы зиялы қауымды жинап, кітаптың алғашқы ­таныстырылымын М.Әуезов музей-үйінен бастауды жөн көрдік. Құнанбайдың бейнесіне ­тарихи архив материалдары тұрғысынан келіп, жалпы қоғамдағы кейінгі кеңестік кезеңде бұрмаланған, ­айтылмай кеткен дүниелердің ашылуының жөні бөлек. Сондықтан осы кітап өміршең болсын дегім келеді.
Ерлан СЫДЫҚОВ, кітап авторы:
– Абайды бүгінгі дәрежеге жеткізген Мұхтар Әуезов екені белгілі. Оның ғұламалығы – осындай суреткерлік қасиеті. Абай арқылы Мұхтар Әуезовтің өзі де үлкен классикалық жазу шыңына жетті. Олай болса, біз биылғы Абайдың 175 жылдық мерейтойын тойлаған кезде, Абайға бой бұрған кезде Мұхтар Әуезовті ұмытпауымыз керек.
Әрине, Абай әлеміне менің ­бойлауым кездейсоқ болған дүние емес. Өзім Абайдың ауылынанмын. Көзім ­ашыла, ­санам кіре естіген әңгімелерімнің барлығы осы төңіректе өрбіді. Өйткені маған сабақ бергендердің ішінде Әлхамның қызы болды. Кәмен ­Оразалин сабақ берді. Барлығы сол Абайдың төңірегін көрген, білген, араласқан, жазған адамдар еді. Оның үстіне менің әкем де сол жерде идеологиялық қызмет істеді, мектепте әдебиет пәні мұғалімі болғаннан кейін үйіміздегі әңгіме де осы төңіректе болды. Сондықтан да менің Абай тақырыбына келуім, зерттеуім және өзімнің тарихшы ­болуым кездейсоқ емес. Оның үстіне себеп болған тағы бір нәрсе бар. Осыдан жиырма жыл бұрын Семейдегі университетке ректор боп тағайындалған кезде ең бірінші қадамым сол университетке Шәкәрімнің атын беру болатын. Ол қазір белгілі университет болып отыр. Одан кейін ескерткішін қойып, шәкәрімтану мәселелері ­бойынша ғылыми-зерттеу орталығын аштық. Өйткені Шәкәрім ақталғанымен, әрі қарай оны халыққа жеткізе алмай жатқан кездер болды. Соны пайдалана отырып, Шәкәрімнің энциклопедиясын жасадық. Шәкәрім журналын шығардық. Ғылыми бағыт қалыптастырдық. Осының төңірегінде Шәкәрімге қызығушылар, зерттеушілер көбейді. Содан біз Абай төңірегіндегі басқа бағыттарды да зерттеуге кірістік. Сол кезде маған бір ой келді. Шәкәрімді орыстілді әлемге жеткізу мақсатын ­алдыма қойған едім. 2012 жылы Шәкәрім кітабын «ЖЗЛ» сериясымен орыс тілінде Мәскеуден шығарған болатынбыз. Ол кітап жылы қабылданды. Жақсы ­тарады. Орыс тілінде шыққанның әсері ­болар, қытай, түрік тілдеріне аударыла ­бастады. Осылайша, Шәкәрім кітабы бес тілге ­аударылды. Кеше ғана Украинадан «кітапты украин тілінде шығардық» деген хабар келді. Осылардың барлығы, қалай десек те, орыс тіліне аударылғаннан кейін әрі қарай таралымының жақсаруының көрінісі. Міне, осыдан кейін енді 175 жылдық таяп қалған кезде Абайдың ортасын зерттей бастадық. Абайдың қалыптасуына кім себеп болды? Абайдың Абай болуына қандай жағдай, қандай орта және кімдер әсер етті?Қалай десеңіздер де, қазақтың дәстүрінде қоршаған орта дегеніміз – ол ата-ана. Адамның қалыптасуы сол жерде болады. Сондықтан да Абайдың Абай болуына ең бірінші ата-анасының әсері зор. Олай болса, ата-анасын неге зерттемеске? Оның әкесі атақты Құнанбай тарихи тұлға, аға сұлтан, үлкен би болған. Елді тату-тәтті қып ұйытып ұстаған. Абай, Шәкәрім, басқа да ұрпағының білім ­алуына жағдай жасаған. Біз, қазіргі ұрпақ, егерде осы кітап жазылмаса, ­келер ұрпақ та Құнанбайды ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің кереметтей құрған, жасаған образы арқылды ғана миымызға сіңіріп, көз алдымызға елестетіп кете берер едік.
«ЖЗЛ» сериясының кітаптарға қоятын өз талабы бар. Бұл кітап тарихи-биографиялық нақты деректерге сүйенуі керек. Болмаса қабылдамайды. Өзінің стилі болуы керек. Сол тұлға осы серияға сәйкес болса ғана шығарады. Яғни Құнанбай барлық талаптарға сай болып отыр. Әзірге кітап үш мың дана боп шықты. Қызығушылық артар болса олар бұл тиражды көбейтеді. Орыс тілінде шығар-шықпастан қытай, түрік, араб баспалары осыны аударсақ қалай болады деп отыр.
Кітаптағы материалдарды архивтерден алдық. Семей архивін, Омбы архиві мен Алматыдағы орталық архивті пайдаландық. Еуразия ұлттық университетінің жанынан ел президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен «Абай әлемі» атты ғылыми-зерттеу орталығын аштық. Осы жерде де зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Соның бірі – мәжіліс депутаты, тарихшы, заңгер Нұрлан Дулатбековтің жинаған құжаттары.Ғалымның «Құнанбайдың ісі» атты Омбы архивінен жинаған ­материалдары бар. Соны біз таяу арада шығарамыз. Ғылымда бір нәрсеге нүкте қоюға ­болмайтыны белгілі. Ізденіс болғаннан кейін әрі қарай жүре береді.
Болат КӨМЕКОВ, академик, ­тарихшы:
– Кітаппен танысып шықтым. Құнанбай – аса мәртебелі тұлға. Кейіп­керді бейнелеуде үш жағдай тоғыс­қан. Бірінші– дала өркениеті, яғни Құнанбай дала өркениетінің өкілі. Дала өркениетінің құндылығын бойына сіңдірген. Екінші– орыс патшасының әсері, зардабы. Қалайда қазақтың мемлекеттілігін жою, қалайда қазақтың жерін тартып алу, рухани сағын ­сындыру. Үшінші– мұсылман мәдениеті. Осы үш жағдай тоғысқан мезгілде ғана Құнанбай бейнесі ­ашылады. ­Ерлан осы үш ­линияны берік ұстаған. Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде қаншама кітаптар шығып жатыр. Көбі бүгін шығып, ертең ұмытылады. Неге? Өйткені дәлдік жоқ, тарихи деректер көмескі. Көркем әдебиет пен тарихи жанр ­Еуропада бұрыннан бар, қазір де қалыптасқан дәстүр. ­Тарихи роман жазу үшін бір жағынан ­жазушы, екінші жағынан ғалым болу керек. Ғалым өзінің тарихи арнасын жазып береді. ­Жазушы соған сүйене отырып көркем ­туынды ­жазады, сонда барып бәрі үйлеседі. Мұхаң «Абай жолы» алғаш шыққан кезде қалай қиналды? Алғашқы нұсқа мүлде өзгеше болған. Талай нәрсені өзгертуге тура келді. Сондықтан Құнанбай мен Абай – бір-біріне қайшылықты кейіпкер, бірі қара, бірі ақ болды. ­Осыны қайтадан объективті түрде көрсету үшін дәлел қажет. Архивтік материалдар, Құнанбайды көрген азаматтардың, орыстардың құжаттары, Янушкевичтің хатының тарихи деректі негізі өте зор. Күрделі бір жағдай бар. Батыс «көшпелі қоғам төмен болды, мемлекеттігі болған жоқ» деп келді. Бүгінге дейін сол ұстаным. Өйткені олар көшпелі қоғамның деректілігін түсінбейді. Отырықшы қоғам мен көшпелі қоғамның арасы жер мен көктей. Отырықшы қоғамда мемлекет болсын, қоғам болсын негізгі ­принцип – аймақтық принцип. Көшпелі қоғамда – ру-тайпалық принцип. ­Ру-тайпалық жүйе – туыстықтың желісінде қалыптасқан жағдай. Ру-тайпалық жүйенің құндылығы – онда адами фактор бірінші орында. Осының бәрін бойына сіңірген Құнанбай орыстардың ықпалы үдеп тұрған мезгілде елді, жерді сақтау үшін қарсы күрескен.
Көшпелі шаруашылықты өсірудің үш факторы болуы керек. Дала, тау, су. Соның біреуі жоқ болса, онда көшпелі қоғам болмайды. Оның үстіне көшпелі қоғамда табиғатпен үйлесім болу ­керек. Егерде көшпелі қоғамның қолына ­берсе, бүгін экология тап-таза болар еді. Көшпелілер табиғаттың тазалығын сақтаған. Сол табиғаттың тазалығы адамның бойына сіңген. Осыны автор жақсы көтерген. ­Ерлан біздің қазақтың руханиятын Құнанбай арқылы биіктетіп отыр.
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, академик:
– Құнанбайдың қазақ тарихындағы орны ерекше. Тарих ғылымы біздің әдебиетті, мәдениетті зерттеуге енді кірісе бастады. Құнанбай болыс болды, аға сұлтан болды. Сонда не бітірді? Құжаттық дерегі бар ма? Міне, сондай дүниелерді біз көре алмай отырмыз. Ал, шындап келгенде Абай да болыс болған. Қанша жыл жұмыс істеді? Қанша бұйрықтар шығарды? Соның біреуі жоқ.
Құнанбай қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрін, тұрмыс-салтын, қоғамдық мәнін сақтап қалуға күш ­салды. Ақтабан шұбырындыдан ­бастап, тобықтының қайда барып, қайда тоқтағанына дейін Құнанбай жақсы білді. Соны Ерлан кітабында аша білген. Құнанбайды Мұхаң айтқаннан кейін көпшілігіміз соған қарап Абайдың әкесі деп білгеміз. Құнанбай Абайдың әкесі ғана емес, қазақтың философы, ­саясаткер. Мұсылман шариғатын білуімен бірге, орыстың заңдарынжатқа білген және сол екеуін ұштастырып қараған. Осының бәрі Құнанбай тұлғасының өте күрделі ­фигура екенін көрсетеді. Әуезовтің міндеті «әке мен бала» проблемасын ашу болды. Яғни әдебиет тұрғысынан. Мұхаң кейде Құнанбайды қатал ғып та көрсеткен. Көркем дүниеге бұл жарасады, ал Ерлан нақты деректерге сүйенген. Мысалы, Әмір деген немересіне қатысты кезінде Мұхаң оны өте трагедиялы ғып көрсетті. Ал, шындап келгенде олай болмаған. Әмір де Құнанбайдың жақсы көрген сүйікті немересі. Бір жерде ғана ренжіген тұсы бар. Көркем әдебиетте осындайлар жүреді. Бірақ ол Абай мен Құнанбайды қарсы қойғаны емес. Мұнда қоғамдағы әке мен бала, ескі мен жаңаның күресі. Ал, енді соның себебі қайдан шықты дегенде, бұны Ерлан кітапта жақсы көрсеткен. Құнанбай – ет пен сүйектен жаралған адам. Қуана да білген, күйіне де білген, керек жерінде көзіне жас алып жылай да білген. Кітапта осының бәрі бар. Әсіресе, қажылық сапар әсерлі жазылған. Соған дайындығы қалай болды? Кімдермен жүрді? Құнанбайдың өз балалары, болмаса Шәкәрімнің әкесі Құдайберді қалай қайтыс болғаны, сол ­кезде Құнанбайдың қаншалықты қиналғаны айтылады. Құнанбай келініне де қатты сөйлемеген адам.
Ерланның жазуында Құнанбай – ­гуманист. Осы тұрғыдан келгенде бұл кітап Мұхаңның кітабын толықтырып тұр. Кейбіреулер мұнда Мұхаңды әшкерелеу бар деп ойлауы мүмкін. Мұхаң айтпай кеткен, әдейі айналып өткен мәселелерді қамтыған. Кітапты тарихшыларға үлкен үлгі ретінде айтар едім. Автор Мұхаңның кітабында қандай оқиғалар қалып қалды және қалай суреттелді дегенді келтірген. Мұхаңның дұрыс суреттеген жерлерін жақсы көрсеткен. Көркемдік шарттыққа барған тұстарын ашық айтқан. Меніңше, кітаптың ең құнды жағы да сол. Көпшілік Абайдың өмірін «Абай ­жолымен» бағалайды. Шындап ­келгенде, ол көркем әдебиет. Ондағы мұрат – ­эстетика. ­«Проблема отцов и детей» ­деген тұр. Кітапта соның ішкі табиғаты ашылған. Абай мен Құнанбайдың ­арасы Мұхаң айтқандай тым алшақ емес, тату болған. Демек, Құнанбай тірі адам, үлкен тұлға, қайраткер, саясаткер екенін көрсеткен. Авторға, Құнанбай әулетін бастаған екен, арғы жағындағы ­Алшынбай, Кеңгірбайларды, берідегі тұлғаларды да жазып шық дегім келеді.

Ғалымқайыр МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры:

– Кітаптың маңызы ерекше ­болатыны – кітап кейіпкерінің ерекше тұлға екендігі. Өйткені кеңес кезінде біржақты қарады. Нағыз шындық ашып ­жазылмады, пролетариаттың рөлі, феодалдарды ­жамандау басым болды. Сондай шарттардан кейін, әрине, ұлы тұлғаның бейнесі ашылмағандықтан халықтың ­арасында да сөз болды. Қазір заман өзгерді, тәуелсіз елміз. Мұхаңның ұлы кітабына бір анықтама беретін осы кітап өз уақытында шықты деп ойлаймын. Осындай ­тарихи материалдармен таныса отырып, біз өзіміздің нағыз тарихымызды анықтай аламыз.
Құнанбай Абайдай ұл өсірді, Меккеге барып үй салды, қанша жайылымдық жерді сақтап қалды. Бабамыз өз міндетін жан-жақты атқарып кеткен. Неге қазір көп кітаптарды біз ұмыта бастадық? Өйткені онда жасандылық көп. Жасандылықтар қай жақтан келді? Бұл идеологиядан келді. Қазір, енді басқа заман. Шындық ашылып жатыр. Шындықты білген ­сайын біздің де көзіміз ашылып, ұлттық ­санамыз көтерілуде. Менің әріптесім ­Ерлан Бәтташұлы үлкен еңбек жазып, ұлы Абайдың 175 жылдығына сый ретінде ұсынып отыр. Тарихи тұрғыдан бұл үлкен үлес.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, академик, тарихшы:
– Орысшалап айтсам, «Все возвращается на круги своя» деген сөз бар. Бүгінгі шараның символдық мәні үлкен. Мәскеуден шыққан Құнанбай жайлы еңбекті талқылап отырмыз. Мәселе Құнанбай туралы. Бірақ Құнанбайдың артында тұрған одан да үлкен мәселе бар. Хайек деген батыстық философ қандай қоғам жақсы дами алады деген сауалға жауап іздеген. Қандай қоғамның болашағы бар? Ол қоғам ғасырлар бойы сыннан өткен дәстүріне, қоғамдық қатынастарына, өзінің басқару жүйесіне сүйенсе, соны жаңа сұраныстарға бейімдей білсе – ол қоғамның болашағы бар. Құнанбай ­туралы архивтен бір материал кездестірдім. Орыс билігі келген уақытта бізде екі жүйе қарсы келді. Өкінішке қарай, орыстық жүйе жеңді. Омыртқамызды омырмаса да, соған жеткізді. Құнанбайдың әулеті – трагедиялық әулет. Даниял Ысқақов – репрессия құрбаны, Шәкәрім – атылған, Тұрағұл Құнанбаев – репрессия құрбаны. Біз қазір оларға ескерткіш қойып жатырмыз. Ол Америкадағы үнділерге қойылған ескерткіш сияқты. Соны еске түсіреді. Үнділерді жойып, орнына ескерткіш қойды. Құнанбай әулеті түгел репрессия құрбаны болған. Неге олай болды? Себебі орыстық жүйеге қарсы шықты. Құнанбай туралы айтады. 1869 жылы бізде орыстық жүйе орнады дейді. Сонда заңдық ережені енгізді. Уақытша ереже. Екі жыл өткеннен кейін орыс билігі біздің жүйе істеп ­жатыр ма деп, тексеруге ревизияға адамдар шығарады. Сонда Жетісудан подполковник Рейнтонды жіберген. Подполковник Рейнтон Жетісуда ­Сергиополь, Қапал уездерін аралап шығып, есеп ­жазады. Есебінде былай дейді: «Мен бір ауылға барсам, бір болыс қызметінен бас тартыпты. Орыстық жүйе орнағанына екі жыл болды. Болыс басқа адамды сайлаңдар деп, қызметінен бас ­тартыпты. Ал орыстық жүйе бойынша сайлауда қара шар тастайды ғой. Солар кеп, шар тастаймыз деген. Сөйтсе, Рейнтонға «біз ешқандай шар тастаған жоқпыз. ­Болысты сайлап қойдық» деп айтады. «Қалай сайлап қойдыңдар?» десе, «Құнанбай деген қазақ бар. «Әй, шар тастағанды қойыңдар. Бәленше болыс болады» деп айтты. «Соны бекіттік…» дейді. Бұның ар жағында тұрған не? Біздің қоғамға басқару келген уақытта орыстардың ­сайлау жүйесі бірге келді. Жергілікті басқару, болыс, би сайланды. Ал бізде ешуақытта жергілікті басқару сайланбайтын. Қазақ қоғамында сайланатын бір-ақ билік бар – ол хан билігі. Ханды да халық сайламайды. Халықтың өкілдері сайлайды. Ал жергілікті басқару тек ­мойындалатын. Халық мойындаған кісі би, ру басы болатын. Таланты, қабілетіне қатысты мойындалатын. Кейін Шоқан Уәлиханов орыс жүйесіне осыны айтты. Қазақтың өзінің басқару жүйесі бар, соны қалпына келтіріңдер деді. Құнанбайдың да айтқаны сол.
Құнанбайдың жақтаған қоғамы қандай қоғам? Бұл – қазақтың ғасырлар бойы сыннан өткен өзін-өзі басқару жүйесі. Ал орыс қоғамы осы жүйені қиратты. Патша өкіметі сондай болды, совет өкіметі одан асып кетті. Қазақтың өзін-өзі басқару жүйесін құртты. Хайек марксизмді сынағанда осы тұрғыдан сынайды. Марксизм неге жеңіліс тапты? Өйткені марксизм қоғамдық қатынастарды басқару жүйесін сырттан күшпен таңады. Біздің қазақ қоғамында патша өкіметі де, совет өкіметі де ­солай істеді. Ал біз соның нәтижесінде қаңғырып далада қалдық.
Қазақтың дәстүрлі басқару жүйесін сақтау, міне, Құнанбайдың ірілігі ­осында. Соны жаңа сұраныстарға бейімдеу, ­дамыту. «Все возвращается на круги своя» деп мен неге айтып отырмын? Бізде қазіргі уақытта бұрынғы негізге оралу әрекеті бар. Бірақ ол кейде сауатсыз жүреді. Біздің жаман әдетіміз де сол. Жақсы идея бастап, артын сұйылтып жібереміз. Сондықтан бұрынғы негізге оралсақ, біз ұлт боламыз. Оралмасақ, қаңғырып далада қаламыз. Бізді бұрынғы негізге қайтаратын осындай кітаптар көп болуы керек. Тәуелсіз философия, ұлттық негізі бар философия болмай біз ешуақытта дамымаймыз.
Оразалы СӘБДЕН, академик:
– Құнанбай – экономист. Экономи­калық базис біздің материалдық бүгінгі құндылығымыз. Базис болмаса, қалғаны қалай болады? Құнанбай бірінші сол базистің негізін жасады. Он шақты жыл аға сұлтан болды деген сөз – бүкіл экономиканы басқарды деген сөз.
Тарих деген құдірет қой. Янушкевич «Қазақтың байларының бәрі ­жиылып Құнанбайдың кебісін киюге ­жарамайды» деген. Яғни қандай тұлғалар ­болды ­деген сөз. Міне, осы Құнанбайдан біз әрқайсымыз бабаларымызды көріп ­отырмыз. Аймақ-аймақта небір тұлғалар болған. Құнанбай солардың бір образы.
Талас ОМАРБЕКОВ, профессор:
– Автор тақырыпқа үлкен дайын­дықпен келді. Кезінде «Алаш қаласының тарихы» деген орысша-қазақша монографиясы шықты. Одан кейін біздің қолымыз жете бермейтін ашаршылық кезіндегі солтүстіктегі архивтерді ақтарып, үлкен жинақ шығарды. Кейінгі дәуірлерде көп энциклопедиялық ­басылымдарды жарыққа шығарды. Осындай үлкен дайындықтан кейін ірі тақырыптарға келіп отыр. Янушкевич «отырған бәрің Құнанбайдың ұлтанына татымайсыңдар» дегенді ­айтты. Сондай сөз хатында бар. Сол кітапта келтіріліпті. Ол хатта тағы бір сөз бар. «Құнанбай пайғамбар сияқты» дейді. Біз қиын кезеңнен өттік. Құнанбайдан құтылуға тырыстық. Оған Абайды қарсы қойдық. Мұхаң амал жоқ соған барды. Құнанбай тұрмақ, Абайдан құтылуа тырыстық. Ғаббас Тоғжанов кезінде газетте «Абайды білмеймін» деп жазған. Абайдан айырылып қала жаздадық. Тұрағұлдың жеке қылмыс ісі бар. 1928 жылы Тұрағұлды кәмпескелеген. Сонда Тұрағұл көп азап шеккен. Алғашқы кезде Кәрім Тоқтыбаевты жібереді. Ол Алашордаға қатысқан ғой. Малының саны 50-ге жетпейді деп Тұрағұлды кәмпескелемей, Голощекинге қайтып келеді. Абайдың рухын сыйлағаны. Одан соң Нығмет Сырғабековті жібереді. ­Сонда ол Тұрағұлды кәмпескелеп, Шымкентке жер аударған. Бұл тарих өте қасіретті тарих. Құнанбай орыс билігіне амал жоқ көнді.
Кітапта «Абай жолы» романындағы мәселелер салыстырыла отырып, ­Құнан­бай образындағы тарихи шындық айқындалыпты. Әсіресе, үш адамның қатынасына қатты назар аударған екен. Біреуі Құнанбай мен Кенесарының, бұл өте үлкен мәселе. Кенесарыны Құнанбай неге қолдамағанына жауап береді. Құнанбай қолдамай отырған жоқ. Жалпы сол кездегі қазақ қоғамының ішінде Құнанбай сияқты ірі тұлғалардың бірталайы қолдамағанын білесіздер. Оның себебі – орыс әкімшілігінің ­саясаты. Янушкевичтің хаты бойынша Лепсідегі үлкен конгресті тәптіштеп жазған. Янушкевич тарихи шындықты жазған адам, өзі поляк. Орысқа да, қазаққа да бұрмаған. Екінші мәселе, Құнанбай сияқты тұлғалар Кенесарыны қолдамаймыз деп уәде берсе де, оған қарсы шығамыз деп тағы уәде бермеген. Қолдамаған, қарсы да шықпаған. Қазақ қоғамының сол кездегі бірлігі бұл. Іштей қолдап отыр. Сосын, Құнанбай мен Бөжейдің қарым-қатынасы. Бөжей «Абай жолы» романының кейіпкерлерінің бірі. Мұхаң Бөжейді Құнанбайға қарсы қойып, Бөжейді жағымды кейіпкер қылды да, Құнанбайды жағымсыз кейіпкерге айналдыруға тырысты. Оның себебі Құнанбайдың беделін түсіру керек ­болды. Мұхаң соған амал жоқ барды. Міне, осы жерде шындықты айтқан. Бөжейді Құнанбай тәрбиелеген. 1846 жылғы орыс реформасынан кейін ғана жерге таласып, екеуінің арасы ажыраған. Осы тарихи шындықты Ерлан қалпына келтірді. Үшінші, Абай мен Құнанбайдың қарым-қатынасы жан-жақты ашылған.

Дайындаған
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ