ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Су Бихай: ҚАЗАҚТЫҢ ҮЛЫ АҚЫНЫ - АБАЙ

Оқылған 8271 рет

1. АБАЙДЫҢ ӨСКЕН ОРТАСЫ

 

Абай 1845 жылы Шыңғыс тауының бөктерінде дүниеге келген. Әкесі Құнанбай арғынның тобықты руының рубасы болатын. 1718 жылы Ресей отаршылдары Шыңғыс тауға таяу жерден Семей бекінісін салды. Содан бастап патшалық Ресей Қазақ даласын түбегейлі уысына алу үшін рубасыларын өз жағына тартып, әрі бір-біріне қайрап салып, оның есесіне қыруар шұрайлы жерлерді қымқырып алып отырды.

Абайдың көзін ашып көргені Ресей отаршылдарының қазақтарды рақымсыз езіп-қанауы, оларға қоса рубасыларының озбырлығы, толассыз ру тартысы мен халықтың шектен асқан қараңғы надандығы болды.

Осынау қараңғылық пен әділетсіздікті өз көзімен көре тұра, Абай жүрегінде күшті отансүйгіштік (патриотизм) пен ыза-кек қалыптасты, сөйтіп, ол Қазақ елін оятып, Ресей бодандығынан құтылу, елді бақытты келешекке жеткізу жолында күресуге бекіді.

Абайдың шын аты — Ибраһим Құнанбайұлы. Ол ауыл молласынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен, қағылездігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласынан 3 жылдық медресе тәрбиесін алады. Әкесі оны ел билеу ісіне араластырмақ болғандықтан, 13 жасында оқудан қол үзеді. Бірақ, ол әке-шешесінің қасында болған кезде де бәз-баяғыдай үйренуден қол үзбейді, барлық бос уақытын пайдаланып қазақтың байырғы мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули тектес ақындардың өлеңін жаттап өседі. Кейін ол орыс тілі мен әдебиетін өздігінен оқып, үйреніп, орыстың ұлы ақын-жазушылары, ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Толстой, Щедрин, Некрасов, Белинский, Черны­шевский шығармаларымен танысады. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Соның арқасында дүниетанымы кеңіп, білім деңгейі биіктей түседі. Ол кітаптан оқыған білімдері мен әлеуметтік өмірдегі көрген-білгендерін өзара ұштастыра талдау жасап отырады.

Абай ірі феодал шаңырағында туып-өскен, ішер ас, киер киімнен таршылық көрмей өссе де, былайғы жай халыққа, қалың қауымға өте етене болды, үнемі олардың дауын даулап, мұңын мұңдаумен болды. Мұны оның қараша қауымның өмірінен жазған мына бір өлеңінен де аңғаруға болады:

... Кедейдің өзі жүрер малды бағып,

Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

 

Жас балаға үйде от жоқ тұрған маздап,

Талтайып қақтана алмай, өле жаздап.

Кемпір-шалы бар болса қандай қиын.

Бір жағынан қысқанда жел де азынап.

 

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,

Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.

Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

(1888. «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай»)

Абай қараша үйдің осындай жүдеу халін айта келіп: «Жалшы үйіне жаны ашып ас бермес бай, артық қайыр — артықша қызметке орай» десе, бірде тым болмаса табиғаттың осындай қатал сәтінде оларға қол ұшын беріп, қайырым жасауды өтінгендей болып: «Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей, бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы» дейді. Абай елді кедейлік пен надандықтан, құлдық пен отарлық кебінен құтқаратын нәрсе өнер-білім екенін жақсы түсінді.

 

2. ҚАЛЫҢ ЕЛІ - ҚАЗАҒЫНЫҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН

 

Абай атаққұмар дүние қоңыз байларды қатты шенеп, бүй дейд:

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға.

Шелтірейтіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға.

 

Күнде жақсы бола ма,

Бір қылығы жаққанға.

Оқалы тон тола ма,

Ар-ұятын сатқанға?

Осы тектес «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңінде де орыс отаршылдарының айтқанына көніп, айдағанына жүретін ру басыларының жағымпаз, жалтақой сиқын былай бейнелейді:

Болыс болдым, мінеки,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта жал,

Қалмады елге тығындап.

Сүйтсе-дағы елімді,

Ұстай алмадым мығымдап.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап.

 

Сыяз бар десе жүрегім

Орнықпайды суылдап.

Сыртқыларға сыр бермей,

Құр күлемін жымыңдап.

Жай жүргенде бір күні,

Атшабар келді лепілдеп:

«Ояз шықты, сыяз бар»,

«Лау» деп,«үй» деп дікілдеп.

Сасып қалдым, күн тығыз,

Жүрек кетті лүпілдеп.

Абай өнер-білімнің туған халқын қараңғылықтан алып шығар бірден-бір шамшырақ екендігін, білімсіз еш халықтың салиқалы тіршілік құра алмайтындығын ел-жүртына ашына айтты:

Адамның бір қызығы бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.

Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

Қазаққа қара сөзге дес бермедім.

(1885 ж. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»)

 

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,

Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.

Таразы да, қазы да өз бойында,

Наданның сүйенгені көп пен дүрмек.

(1886 ж. «Қартайдық, қайғы ойладық...»)

Осы тектес ол өзінің «Жетінші қара сөзінде»: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» дейді.

Абайдың өнер-білім тақырыбына жазған өлеңдері өте көп. Соның бәрінде де халықты білімділікке қоса мәдениеттілікке үндеп отырды. Абайдың халық жүрегіне жылы тиетін төмендегідей өлең жолдары жүртқа кең тараған.

Адамзат тірілікті дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.

Екеуінің бірі жоқ ауыл кезіп,

Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?

(1886 ж. «Қартайдық, қайғы ойладық...»)

 

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Кетігін тап та, бар қалан!.

(1894 ж. «Әсемпаз болма әрнеге»)

Халқының ой-санасын байытуды мұрат тұтқан Абай өзінің идеялық өресі жоғары, иландырарлық қуаты күшті өлең жолдары арқылы қазақ халқын ұсақтап, шөжіп бара жатқан жұтаң рухани сезімінен айығып, ерінбей еңбектеніп, алал пайда тауып, салауатты ғұмыр кешуге үндейді. Жастарға таза адамшылықтың жолын былайша нұсқайды:

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол -

Адам болам десеңіз,

Тілеуің, өмірің алдыңда

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ -

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой -

Бес асыл іс көнсеңіз.

(1886 ж. «Ғылым таппай мақтанба»)

Абай біреудің жақсы-жаман екенін оның ат-атағына, мансабына қарап емес, істеген ісіне қарап ажырату керектігін, сонда ғана ат төбеліндей кереғар, азулы топтармен сәтті күресуге болатындығын алға тартады. Ондай өлеңдері философиялық ойға құрылады. Мысалы:

Бір ғалымды көрсеңіз,

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа, ғылым сүйсеңіз.

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл берсеңіз.

Білгендердің сөзіне,

Махаббатпен ерсеңіз;

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз.

Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса мейлі, сол айтты -

Ақылменен жеңсеңіз.

Надандарға бой берме,

Шын сөзбенен өлсеңіз.

 

Егер түзу көрінсе,

Ойлап-ойлап, құлаққа іл.

Ақымақ көп, ақылды аз,

Деме көптің сөзі бұл.

Жақынның сөзі тәтті деп,

Жақыным айтты дей көрме.

Надандықпен кім айтса,

Ондай түпсіз сөзге ерме,

Сізге айтамын, хаупім - бұл.

(1886 ж.«Ғылым таппай мақтанба»)

Абай әрбір адам өз басынан қолға алып еңбексүйгіштікке, қажырлылыққа, қайырымдылыққа, кешірімділікке үйренсе ғана тұтас ұлттың болашағынан үміт күтуге болатындығын алға тартады.

Тамағы тоқтық,

Жүмысы жоқтық -

Аздырар адам баласын.

Таласып босқа,

Жау болып досқа,

Қор болып қүрып барасың.

Өтірік шағым толды ғой,

Өкінер уақытың болды ғой.

 

Бір кісі мыңға,

Жүз кісі сұмға

Әлі жетер заман жоқ.

Қадірлі басым,

Қайратты жасым,

Айғаймен кетті, амал жоқ.

Болмасқа болып қара тер,

Қорлықпен өткен қу өмір, - деп күңіренеді.

Өзі жасаған тұстағы халқының бойындағы кейбір жағымсыз қылықтарды Абай көп сынады. Қазақтың кежегесін кері тартып, алға бастырмай, көсегесін көгертпей келе жатқан мұндай психологиялық ерекшеліктеріне тоқтала келіп,  Абай  өзінің  «Қара сөздерінде» бүй дейді: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтүғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Хәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі — қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз — қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір мақтаншақ — қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз — надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» («үшінші сөз»). Абай осындай көркеуделіктен туындайтын берекесіздікті қазақтың түбіне жеткен індет ретінде бағалап, қазақтың сыртқы жауынан гөрі ішкі жауының көптігіне қайран қалады.

Берекелі болса ел -

Жағасы жайлау ол бір көл.

Жапырағы жайқалып,

Бұлғақтайды соқса жел,

Жан-жағынан күркіреп,

Қүйып жатса аққан сел,

Оның малы өзгеден

Өзгеше боп өсер төл.

 

Берекесі кеткен ел -

Суы ашыған батпақ көл.

Құс қаңқылдап, жағалап,

Сулай алмас жазғы төл.

Оның суын ішкен мал,

Тышқақ тиіп, аспас бел.

Көл деп оны кім жайлар,

Суы құрсын, ол бір-шөл, - дейді.

XIX ғасырдағы қазақ қоғамының барлық трагедиясы қазақ халқының ішкі берекесіздігінен, мешеулігінен болды десек те, осынау ұлттық қасіретке бір жағынан себепші болған Ресей отаршылдары болатын. Сондықтан орыстардың әнін әндеп, ел мен жердің болашақ тағдырын ұмытып, басқаның жетегінде кеткен ат төбеліндей жандайшаптарды қатты шенейді:

Құтырды, көпті қойып, аз ғанасы,

Арызшы орыс - олардың олжаласы.

Бірде оны жарылқап, бірде - мұны

Қуды ұнатты-ау, Семейдің бұл қаласы.

Сол кезде отаршылдар қазақ жерінің ең құнарлы өңірлеріне келіп, ортасынан ойып, орнығып жатты. Бұрындары тобықты руына қыста қыстау, жазда егінжай болып келген Ертістің жайқын нулы екі жақ жағасы аппай-шаппай орыстардың қолына өтіп кетті. Ендігі жерде қазақтар ол жерлерге өз еркімен кіріп-шыға алмайтын күйге жетті. Қазақтың қыс қыстауын тартып алу — қазақтың күні не болса, ол болсын дегенмен бірдей еді. Сөйтіп, Орта жүз руларының бұрындары енбалқаштап, емін-еркін отыратын қыстаулық жерлері барған сайын тарыла түсті.

Оның арты ру-рудың жер дауына әкеп сайды. Қазақтың ендігі күн көрісінің тіптен қиындай түсетіндігін, елдің шынымен бодандық күйге кіріптар болғанын күңірене тілге тиек етеді.

 

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың

 

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың, - дейді.

 

3. ӨШПЕС ҮЛЕС

 

Туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа түбегейлі қарсы тұруды мұрат түтқан Абай қазақ халқын оятып, берекеге шақыру, елдің өмір сүру мүмкіндіктерін сақтап қалу үшін өлеңді қару етті. Туған халқы оның өлеңдерін құрандай жаттап, тұмардай сақтады. Әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай өлеңдері әр қазақтың бағдаршамы іспетті еді.

Абай өле-өлгенше өлеңді қүрал еткендіктен өлең табиғатына, ондағы образ бен ой тереңдігіне айрықша көңіл бөлді. Ақынға, өлеңге жоғары талап деңгейінен қарады. 1887 жылы жазған бір өлеңінде:

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жұрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы, -

дейді.

Өзінің не үшін ақындық өнерді пір тұтатындығы туралы айта келіп, ойын былайша түйіндейді:

Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шапшақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

(1888 ж. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол»)

Абай өлеңдері бай философиялық, күрескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей-теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті. Ол қазақтың дәстүрлі өлең формасымен шектеліп қана қалмай, өзіне тән үйлесімді өлең формасын қолдана білді. Абайдан бұрын қазақ қара өлеңінің дәстүрлі 11 буындық үлгісі және бір шумағы төрт жолдан тұратын қысқа өлеңдер мен жыр-дастандар ғана бар болатын. Ал Абай өлеңдері бұл қалыптан асып, әр шумағы 6,7,8 жолдан қайырылатын, буын саны 4-тен 13-ке дейін тұратын өлеңдер жазды. Сөйтіп, Абай қазақы өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан Абайды осы заманғы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деуге болады.

Қорытып айтқанда, Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшылы, философы. Ол таза қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар («Масғүт» «Ескендір», «Әзім әңгімесі»), сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды.

Абай өлеңдері, өзі айтқандай, ойға орамды, тілге жеңіл, қысқа да, нұсқа, өміршеңдігі жоғары.

Абай өлеңдерінің қамтылатын әлеуметтік аясы өте кең. Көбі халықты кертартпа қасиеттерінен арылып, ғылым, білім үйренуге жігерлендіретін, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталып жүр. Ал, оның өзіндік өлең үлгісі кейінгі қазақ поэзиясының дамуына зор ықпал етті.

Абай 1904 жылы дүние салды. Бүгінде жер жүзіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан танып білуде. Абай шығармалары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдік қуаты жойылмайтын мәңгілік туындылар.

Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда. Қытай Халық Республикасында Абай шығармаларының қазақша нұсқаларынан сырт оның үш бірдей дастаны және өлеңдері мен қара сөздері қытай тілінде жарық көрді.

 

Су Бихай. Қазақ мәдениетінің

тарихы / Қытай тілінен аударған

Тұрсынхан Зәкенұлы.- Алматы:

Атажұрт, 2001. – 470-479-беттер. 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.