ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

АБАЙ КЕШІ – АФИНА ТӨРІНДЕ

Оқылған 3171 рет

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына

Ежелгі өркениет орталықтарының бірі Афина қаласында «Кітапханалар: өзгерістерге арналған диалог» тақырыбында өткен  Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресс – әлемдік кітапхана қауымдастығы үшін маңызы зор оқиға. Жыл сайын оған 140-қа жуық кітапхана және ақпараттық ғылым саласындағы әртүрлі деңгейдегі 3500-ден астам маман қатысады. Конгрестің мақсаты – аймақтық және халықаралық деңгейде кітапхана ісін жаңғырту, кітапханашыларды ақпараттық және инновациялық басқару саласындағы озық тәжірбиелермен таныстырып, өзара тәжірибе алмасу мен тың ізденістер жасауға мүмкіндік туғызу. Бір сөзбен айтқанда, заман талабына сай жаңаша ойлау мен кітапхана саласының жаңа бет-келбетін қалыптастыру. Соған орай ол жеке мамандардың да, жалпы кітапхана қауымдастығының да өсуі мен дамуына жаңа, қызықты әрі пайдалы ақпараттарды ұсынады.

Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясының (ИФЛА) президенті Глория Перес-Сальмеронның айтуынша: кітапханалар қоғамдағы өзгерістердің қозғаушылары, ал Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конференция біз үшін жыл сайын бағытымызды жаңаша айқындауға жақсы мүмкіндік. Әлемнің түпкір-түпкірінен келген әріптестер озық тәжірбиелер мен идеялар алмасып, мейлінше жоғары сапалы қызмет көрсету жолдарын анықтап, кітапханалардың алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылайды және сол арқылы қоғамға соны серпін қосады.

Дүниежүзілік кітапханалық  және ақпарттық конгресс аясында Афина қаласының «Athens Avenue Hotel» қонақ үйінің конференция - залында Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – ұлы даланың ақыны» атты әдеби кеш өтті. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы ұйымдастырған салтанатты шара Қазақстан Республикасының Грециядағы елшісі А. Ю. Волковтың құттықтау сөзімен ашылды. Ақын кешін ұйымдастырушылар атынан Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Б. Қ. Оспанова сөз сөйлеп, Греция Ұлттық кітапханасының алтын қорына және Қазақстан Республикасының Грециядағы елшілігіне Абай Құнанбайұлының 1909 жылы жарыққа шыққан тұңғыш жинағының көшірмесі мен ақын шығармашылығына арналған құнды кітаптарды сыйға тартты. Афина төрінде Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының әлем тілдеріндегі  өлеңдері оқылып, «Көзімнің қарасы» және «Айттым сәлем, қалам қас» әндері шырқалды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд-шоу шетел тілдерінде көрсетілді.

Сонымен қатар конгрес ауқымында Б. Қ. Оспанова Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясының (ИФЛА) президенті Глория Перес-Сальмерон және бас хатшысы Джеральд Ляйтнермен кездесіп, әлем кітапханалары басшыларының іскерлік конференциясының жұмысына қатысты. Бұған қоса ҚР Ұлттық кітапханасы еліміздің ерікті кітапханашыларымен бірге дайындаған Арал аймағының экологиялық ортасын қайта жаңғыртуға арналған Көрнекі (стендтік) баяндама конгреске қатысушыларға ағылшын тілінда таныстырылды.     

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.