АҚЫННЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНА ОРАЙ 300-ДЕН АСТАМ ІС-ШАРА ӨТЕДІ

Келер жылы Абай атамыздың 175 жылдығы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес әлем деңгейінде аталып өтпек. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай мерейтойлық датаны атаудың іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітіліп отыр.

Облыста да дайындық жұмыстарын өткізу жөніндегі арнайы комиссия құрылып, оны облыс әкімі Даниал Ахметов басқарады.

Жуырда Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында осы комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында мерекелік іс-шаралардың тізімі тағы бір мәрте пысықталып, атқарылар істер айшықталды.

175 жылдық мерейтой аясында барлығы 330 іс-шара өткізу жоспарланған екен. Олар – өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейдегі айтулы шаралар. Осы жұмыстарға түрлі бюджет көздерінен барлығы 880 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқы абаттандырылады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Абай ауданына жасаған іссапарын ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлақтан бастады. Бүкіл қазақ үшін киелі саналатын бұл орынға барар жол жөнделіп, Абайдың туған жері абаттандырылмақ. Атап айтсақ, бұл жерде жоғарыдан қарағанда домбыра пішініне ұқсас мемориалдық кешен салынады. Облыс әкімі тиісті сала басшыларына жұмыстарды уақтылы әрі сапалы атқарып шығуды қатаң міндеттеді.

Бұдан бөлек облыс әкімі осы өңірдегі тағы бір тарихи орын – Құнанбай әулеті жерленген Ақшоқыға да ат басын бұрып, бұл орынды да заман ағымына сай жөндеуді, абаттандыруды тапсырды. Сонымен қатар аймақ басшысы осы жерге орташа мұражай салуды жүктеді. Шынын айту керек, кеңес кезеңі кезінде Құнанбайға деген жағымсыз пікір қалыптастырылып, бұл орын назардан тыс қалған-ды. Жаңа музейде Құнанбайға және оның әулетіне қатысты құнды жәдігерлер тұруы тиіс.

– Мұражайдың ұтымды бір жобасын дайындаңыздар. Мәдени орын ақынның тегі, өмірі мен шығармашылығы жайлы тың деректер ұсынуы керек, – деп баса айтты осы ретте аймақ басшысы.

Атап айтсақ, мерейтойлық іс-шараларға  бөлінген 880 миллион теңгенің 400 миллионы хакім Абайдың бай мұрасын, бірегей шығармашылығын әлемдік дәрежеде насихаттау бағытындағы шараларға жұмсалады. Олардың қатарына түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар, ақындар айтысы, Абай оқулары, тіпті әлеуметтік желілердегі түрлі челлендждер енеді.

Сонымен қатар өнер ұжымдарының шетелге гастрольдік сапарлары көзделіп отыр, ал өңіріміздегі іргелі оқу орны – Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ Польшаның Лингвистикалық-техникалық университетінде Абай мұрасына қатысты ғылыми конференция өткізбек.

Қарастырылып отырған қаражаттың қалған 480 миллион теңгесі негізінен абаттандыру, жарықтандыру, жол жөндеу сынды әлеуметтік іс-шараларға бағытталатын болады. Жоғарыда аталғандай, Сырт Қасқабұлақ, Ақшоқы тарихи орындарына апаратын жолдар жөнеделді.

Осы ретте атап өтерлік жайт, аймақ басшысы Даниал Ахметов жиында бұл қаржының алдағы уақытта әлі де өсетінін ескертті, өйткені атқарылар жұмыстардың ауқымы өте кең.

 

Мерейтой аясында 330 іс-шара өткізілмек

 

Келелі басқосуда баяндама жасаған мәдениет басқармасының басшысы Азамат Мұхеметчинов мерейтой аясындағы іс-шаралар жоспары бекітіліп, дайындық жұмыстарының қызу басталып кеткенін жеткізді. Жұмыс комиссиясына әдебиет пен өнер саласында жүрген белді азаматтар еніпті.

Басқарма басшысы мерейтой шеңберінде атқарылар қадау-қадау шараларға тоқталып өтті. Олардың ішінде «Абай Арена» спорт кешенінің ашылуы, Үндістан, Әзірбайжан, Польша сынды бірқатар шет мемлекеттерден өкілдер қатысатын халықаралық ғылыми конференция, Абай ауданындағы әлем суретшілерінің пленэрі, Абайға қатысты спектакльдер көрсетілімі, республикалық дәрежедегі спорттық турнирлер, негізінен жастарға баса назар аударылатын Абай оқулары, «Құлақтан кіріп бойды алар» студенттердің шығармашылық конкурсы, жаппай диктант жазу, Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты түрлі тақырыптар қаузалатын дөңгелек үстелдер сынды ірілі-ұсақты шаралар қамтылған.

Бұдан бөлек, 1995 жылғы Абайдың 150 жылдығында ұйымдастырылғандай, ақшаңқаң киіз үйлер қалашығы орын тебеді. Гала-концерт ұйымдастырылып, оған отандық эстраданың жарық жұлдыздары қатысады.

Жалпы, мәдениет басқармасы ұсынған мәліметтерге сәйкес, іс-шараларға ұзын саны 100 мыңнан астам адам қатыспақ.

 

Жол жөндеу жұмыстары ауқымды жүреді

 

Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов отырыста жөндеу жұмыстарына кеңінен тоқталды. Жалпы, Абай ауданында түрлі деңгейдегі 410 шақырым жол бар екен. Тек соңғы үш жылда Семейден Қарауылға дейінгі жолды жөндеуге 4 миллиард теңгедан астам қаржы бөлініпті. Алдағы уақытта Қарауыл – Аягөз және Қайнар – Семей трассаларының жекелеген учаскелері жөнделеді. Сонымен қатар Семей – Қарауыл тас жолынан Жидебайға және Бөріліге дейінгі жолдар да қалпына келтірілмек, қаражат жолдарға сызық салуға, белгілерді жаңалауға да қаралыпты.

– Осы киелі жерлерге келетін қонақтардың саны алдағы уақытта біршама өседі, ал Қарауылға қатынайтын тек автокөлік жолы ғана бар. Сондықтан жолдың жағдайына әркез жіті көңіл бөлінуі тиіс. Оны қысы-жазы күтіп-ұстауға да жеткілікті қаражат бөлініп отыр. Барлық жөндеу жұмыстары сапалы әрі белгіленген мерзімге дейін аяқталатын болсын, – деп қадап тапсырды осы орайда аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров Абайдың 175 жылдығына арналған аудандық іс-шаралар жоспарының әзірленіп, қолға алынғанын алға тартты.

Жергілікті әкім мерейтойға дайындық облыс басшысының тапсырмасына сай өңірде ертерек басталғанын айтты. Әзірге дейін атқарылған шаралар жетерлік. Алдымен жазғытұры Қарауылға ағаш көшеттері көптеп егіліпті, олардың басым бөлігі тамырланып үлгерген. Бұл жұмыс келер көктемде де жалғаспақ. Мұнымен қоса, Абай – Шәкәрім кесенесі биыл республикалық бюджет есебінен жарықтандырылған. Енді түнде аталмыш әсем кешен жарқырап тұрады. Сондай-ақ биылғы дәстүрлі Абай оқулары кең көлемде өтіп, алты аталым бойынша ұйымдастырылыпты.

Басты жұмыстың бірі – Қарауылдың қақ ортасындағы Абай алаңының заманға сай абаттандырылуы. Сонымен бірге, аудан орталығындағы 18 көшеге QR-коды бар мекенжай тақтайшалары орнатылған. Бұл жұмыстарға 500 мың теңге жұмсалыпты. Бұдан бөлек Жеңіс саябағы да жөнделіп, ауданнан шыққан төрт батырдың кеуде мүсіні қойылған. Сонымен қатар абайлық Ұлы Отан соғысына қатысушы 1528 адамның аттары жазылған сынтас орнатылыпты. Ал жуырда ғана Тоқтамыс батырдың еңселі секертші бой көтергенін жұртшылық жақсы біледі.

Келер жылы Семей – Қарауыл тас жолынан Жидебайға бұрылыста тұрған стела жаңартылады. Биіктігі он метрлік нысан жарықтандырылып, Абай мен Шәкәрімнің барельефтері бедерленеді. Сондай-ақ «Жидебай» сөзі латын қаріптерімен жазылмақ.

Ал Кеңгірбай би ауылының Мәдениет үйіндегі жөндеу жұмыстары алдағы қазан айында аяқталуы тиіс.

– Аудандағы абаттандыру және жол жөндеу жұмыстарына жіті көңіл бөлген жөн. Жоспар дұрыс, бірақ ондағы ипподромға, вип-трибунаға ақша бөлінбейді, бірден айтамын. Қаржыны өздеріңіз іздеңіздер. Тек Абайдың мұрасын дәріптеуге және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған пайдалы жұмыстарға ғана қаражат бөлетін боламыз. Бұл – бүкіл ұлтымыз үшін аса киелі әрі тарихи жер ғой. Барлық нысандар эстетикалық талғамға сай болуы шарт. Абайдың туған жерін көруге алыс-жақыннан жыл сайын қаншама мейман келеді, – деп түйіндеді аймақ басшысы.

 

Қарауылға жаңа мектеп салынады

 

Аудан басшысы өз сөзінде Қарауылда екі мектептің бар екені, алайда олардағы бала саны жобалық мөлшерден екі есеге артып тұрғанын жеткізді. Осыған орай ол облыс әкімінен аудан орталығына тағы бір мектеп салуға қаражат сұрады.

– Мектеп қажет, оған керекті қаражатты бөлеміз. Құрылыс жұмыстарын осы күзден бастап кету керек, келер жылдың күзінде 300 орындық мектеп ғимараты пайдалануға берілуі керек деп ойлаймын, – деп ерекше көңіл бөліп айтты облыс басшысы

Жиында сонымен 1 миллиард 300 миллион теңге мектеп құрылысына, тағы 1 миллиард 600 миллион теңге аудан орталығын ауызсумен қамту жұмыстарына бөлінетін болып шешілді.

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының директоры Жандос Әубәкір 80 жылдық тарихы бар музейдің жоспарлаған жұмыстарымен таныстырды. Олардың қатарында Абай – Жидебай кесенесіне заманауи мұражай салудан бастап, шет елдерде көшпелі көрме өткізуге дейінгі бірқыдыру шаралар бар.

Басқосуда сөйлеген абайтанушы Арап Еспенбетов ұлы тұлғаның туған күніне қатысты екіұшты пікірлердің бар екенін айтты. Ұлы ақын 1845 жылдың 10 тамызында дүниеге келген. Бірақ бұл ескі календарь бойынша. Ал 1917 жылдан Ресейде Григориан календарінің енгізілгені белгілі. Жаңа күнтізбеге сәйкес 10 тамыз 23 тамызға ауысады.

– Бірақ датада тұрған мәселе жоқ. Ақынның туған жылы мен айы анық. Ал мерейтойды тура ақынның туған күніне байламай-ақ, осы айдың ішінде атап өтуге болады. Абайдың бұрынғы мерейтойлары да түрлі күндері өткен, – деп нақтылады ғалым.

Сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Төлеубек Аманғазы Қоңыр Әулие қасиетті бастауына облыс әкімі тарапынан көңіл бөлініп, абаттанған соң, келушілердің саны жылына 10 мың адамға жеткенін атап көрсетіп, осы ретте облыс әкіміне өз атынан алғысын білдірді. Ол сонымен қатар Жидебайда дәстүрлі түрде «Абай оқулары» 20 жыл өткенін айтып, келер жылдан оны халықаралық деңгейде өткізсе деген ұсынысын білдірді. Себебі шет елдерде қаншама қандастарымыз тұрады, олар да ұлы ақынның өлеңдерін оқиды, біледі. Өзге ұлт өкілдері де Абай поэзиясымен жақсы таныс.

– Жақсы ұсыныстар жинақтап, Абайдың 175 жылдығын тиісті деңгейде өткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Қазақ халқы үшін Абайдың маңызы өте жоғары. Елдің тұтастығы, бірлікті нығайту, болашаққа үмітпен қарау тұрғысында ағартушы өзінің ерекше мағыналық түсінігін берген. Осының барлығын ұғынып, түсініп, 2020 жылдағы ауқымды шараларға лайықты дайындықпен келуіміз керек, – деп жиынды қорытындылады аймақ басшысы Даниал Ахметов.

 Ержан Әбіш