ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • М. МЫРЗАХМЕТОВ: ЕЛ БАСҚАРАТЫН АДАМНЫҢ 12 ТҮРЛІ ҚАСИЕТІ БОЛУЫ КЕРЕК

М. МЫРЗАХМЕТОВ: ЕЛ БАСҚАРАТЫН АДАМНЫҢ 12 ТҮРЛІ ҚАСИЕТІ БОЛУЫ КЕРЕК

Оқылған 2261 рет

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынының жанындағы Рахманқұл Бердібай атындағы Халық университетінің кезекті лекциясы өтті. Лектор – Мекемтас Мырзахметов, модератор – Кенжехан Матыжанов. Халық университетінде айтылған сөздің ықшамдалған нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

– Осы Әуезов музейінде біраз жыл қызмет еткен, қазіргі халық рухының ақсақалдарының бірі, бәріміздің ұстазымыз Мекемтас Мырзахметов бүгін бізге әңгімесін айтады. Мекемтас аға, сізгі қайта-қайта сөз беріп отырудың қажеті болса қоймас. Әңгімені бір бастасаңыз, баяғыда дәріс берген кезіңіздей көсіліп кете бересіз. Абай мен Әуезов сіздің ғалым ретінде қалыптасуыңызға негізгі ықпал етті. Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық жылы. Бізге керегі Абайдың шығармашылығы. Биыл абайтану ғылымының қалыптасқанына 125 жыл. Осы 125жылдың соңғы елу жылын Мекемтас Мырзахметовпен байланыстыруға болады. Әуезовтің тірі кезінде батасын алған. Абайды жан-жақты зерттеу мәселесін қаузап келе жатқан ғалым. Бүгінгі біздің тақырыбымыз – Абай ілімі және рухани жаңғыру. Алғашқы сөз өзіңізде.

– Мен абайтанушы боламын деп ойлаған жоқпын. Тоғызыншы сыныпты аттап-пұттап өтіп кеттім. Ол кезде оқылмай қалды. Бірінші курсқа келгенде академик Қажым Жұмалиев халық жауы болып қамалып кетті. Біреулер келіп, бізге сабақ берді, олар сөйлемейді, жазғанын айтып, бізді жалықтырды. Біз пединститутты бітіргенде әдебиеттен ештеңе ала алмадық, қайта тілді оқып шықтық. Тілдің қалыптасқан жүйесі бар еді. Әдебиетте біз оқуға тиіс адамдардың бәрі ұлтшыл болып шықты. «Бәрі ұлтшыл болса, онда неге оқимыз?» деп бір баланың айтқаны бар еді. Сондықтан Абайға келемін деген ешқандай ойым болған жоқ. Аспирантураға түсуім керек болды. Бес балам бар, жасым 31-де. Тез оқып, кандидат болуым керек. Жеңіл тақырыпқа жүгірсем, Қажекең қайтарады. «Абайды аласың» дейді. Мен білмеймін деп айта алмаймын. Үш ай өтті. Бәрі тақырып алып қойды. Бір күні: «Есік ашық, Абайды алсаң, ал. Алмасаң, кете бер» деді. Мен аспирантураға зорға түскем, Баукең айтып, Мәлік түсірген. Сөйтіп Қажекең зорлап көндірді. Баукеңнің үйіндегі жеңгеммен ақылдасып едім: «Аспирантураның ақшасы жетеді. Ақшаң бар, оқы» деді. Көніп, Қажекеңнен тақырып алдым. Тақырыбым: «Абайтанудың тарихы». Төтеше, латынша, қадымша күніне бір әріп жаттап жүріп үйреніп, архивке отырдым. Сөйтіп жетпіс бес жылдағы абайтанудың тарихын түгендедім. Таза архивпен алып шықтым. Қажекең былай жаз деп айтқан жоқ. Таза өзімнің еркіме берді. Абайтанудың системасын жасадым. Одан бұрын Ташкентте Әуезовпен кездесіп, екі күн жанында болдым. Тақырыбымды айттым. Мен «Абай және Шығысты» алғым келген. Мұхаң: «Жолың болмайды» деді. Мен түсінген жоқпын. Соны кейін білдім. Ол кезде жолым неге болмайтынын сезе алғам жоқ. Кейін Ғұламаһи Дауаниды іздеп жүріп зорға тауып, кім екенін жазған едім. Содан кейін Шығысына құмартып едім. Кейін «Абайтанудың тарихын» алғанымды айттым. «Өңкей дөкейлер, тиіссең, пәлеге қаласың» деп қиынығын айтып едім, «Оларға тиіспе, кішкентайларын соқсаң, соларға барып тие береді» деді. Сол тақырыбымды Мұхаң мақұлдады. Біз оныншы сыныпты оқығанда, космополитизм туралы қаулы шыққан екен. Бар пәле сонда жатыр. Ол түркі халықтарын, мұсылмандарды түп-тамырымен жоюды көздеген заң. Шығысын зерттесем, соған барып тіреледі екенмін. Солай абайтанудың тарихын жазып шықтым.

– Қайым Мұхамедхановтың құлап жүргені сол кезең бе?

– Жоқ, ол менен бұрын ғой. Сонда бірінші рет шашым түсті. Сағат таңғы тоғыздан түнгі он бірге дейін отырам. Кітапханашылар қуып шығады. Абайдың библиографиясын жасадым. Әйтпесе оны аша алмайсың. Бала кезде Абайды тап жауы ретінде қарайтынбыз. Содан Абайға барғым келмеген шығар. Кандидаттығымды қорғаған кезде қиын болды. Он сегіз адам сөйледі. Он бірі қарсы болды, жетеуі жақтады. Не керек, содан өліп талып, қорғадым. Авторефераттың бірінші бетінде «Бисембиевтің Абайды атеист дегені жалған. Ол ешуақтта атеист бола алмайды» деген сөйлем болды. Содан төпеп берді. 45 минут сөйледі. Саяси қате жұмыс деп баға берді.

Архивтегі құжаттарды көрген соң Абай тарта берді. Маған дейінгі барлық жазылған дүниелерді оқыдым. Бірақ Абайды сонда да тани алмадым.

– Ол кезде Бөкейхан, Байтұрсынұлыларды оқи алдыңыз ба?

– Архивке барғанда, қадымша, төтеше, латынша білуге міндетті болдым. Әйтпесе кіре алмайсың. Сол себепті оларды оқыдым.

Абайда жәуенмәрттілік деген бар. Үш жыл жүрдім осыны таба аламадым. Өзбек, татарлардан ештеңе табылмады. Ақыры соны таптым. Жәуенмәрттіліктен бір жігіт қорғады. Бірақ маған ешқандай сілтеме бермейді. Бұл ғылымдағы жаман қасиет.

– Ғылыми мәдениетке жатпайды ғой.

– Иә. Барлық сілтемені ғалым қайдан алғанын айтуы ғылымда шарт. Тағы бір ойлағаным, Абайдың «толық адам» дегені басымда тұрып қалды. Абай өте үлкен мән береді. Бірақ ашып айтпайды. Ақыры соны ашу керек деген ойға келдім. Жәуенмәрттілікті білдім, енді мұны ашу керек. Кейін байқасам, оның мәні тереңде екен. Осы адамзат жаратылғалы бері ізгілік идеясы қайдан шықты деп ойладым. Іздедім. Қытайлар біздің дәуірімізге дейін бес мыңжылдықта «жақсы адам» деген ұғымды айтқан. Бірақ кейін Конфуций келіп, өз ілімін жайып, ол ілім тоқтап қалды. Кейін үнді, Иранды зерттеп, «Авестаны» оқыдым. Бірақ ирандықтар оны дәстүрге айналдыра алмаған. Кейін түркі халықтарын қарасам, оларды үлкен дәстүр болған екен. Олардан ахи деген ұғымды таптым. Ол жомарт деген мағына береді. Алып Ер Тұңға өзі мырза, бай, барған жерінде халыққа көмектесіп жүрген. Соған адамдар еліктеп, бизнес жасайды. Біздің бизнес өзінің қалтасына қарайды ғой. Олар өзінің отбасына жететінді алады да, қалғанын халыққа таратып береді. Бұл 7-11 ғасыр арасында түркілерде кең тараған. Бұл ахидің дәуірі. Қазақтың бір сөзі бар: «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мәңгілігін ойлаған баласының санасына ізгілік егеді» деген. Мен осыны ұстадым. Бұндай сөзді бұрын ешқандай ұлт айта алмаған. Ахиден кейін әл-Фарабидің «парасатты адам» деген идеясы шықты. Онда ел басқаратын адамның он екі түрлі қасиеті болуы керек. Бұрынғы президентімізде соның он бірі бар еді, біреуі жетпей қалды ғой. Одан кейін «Құдатғу білік» шықты. Онда төрт кейіпкер, төрт ұғым бар. Одан кейін «Кабуснама» шықты. Оның бастамасы «Құдатғу білікте» жатты. Кейін Ахмет Яссауи алып шықты. Ол Абайға жалғанды. Міне біздің ұстауымыз тиіс алтын арқау осы. Бұны ешкім бұза алмайды. Міне осы дүниелер менің толық адамды түсінуіме сеп болды. Бұл тақырыпты жиырма жыл зерттедім. Әуезов бұны білді. Бірақ дінге қатысты болған соң, айтқан жоқ. Өйткені оның жауы көп болды. Біздің кезімізде Әуезовті күнде сынайтын. «Абайдың Шығысы басым» деген сөзі үшін қанша таяқ жеді. Абайда ол айтылып қойған, оны Мұхаң өзі ойдан алған жоқ қой.

– Абайды біз де әлі түсіне алмай жүрміз ғой. Орысша қанша білсек те, Пушкинді Абайдай аудара алмаймыз...

– Оны түсіну қиын. Мен 38 қара сөзін қырық рет оқыған шығармын, түсіне алмай жүрдім. Абайда жан тану ілімі деген бар. Оған әлі ешкім барған жоқ. Шәкәрім біраз дамытты. Еуропада ол мүлде жоқ. Олар  жанды білмейді. Жан туралы біздің түсінігіміз қайшы. 

Толық адам бір жерде айтылғанымен, Абайдың бүкіл шығармаларының өне бойында жатыр. Жиырма жыл зерттегенімді биыл жазып бітірдім. Қолдарыңызға тиеді.

Қазір біз шетке кеткен қаржыларды қайтырып, халықтың рухына жұмыс істеуіміз керек. Қазақ қазір оянып келе жатыр. Қайта-қайта митингке шығып жатқаны бекер емес. Сүйегіне батқаннан кейін шығып жатыр. Капитализм де бізді бұзды. Адамды аман сақтауымыз керек. Аман сақтайтын жалғыз ілім – толық адам ілімі. Абайға сүйенсек біз аман қаламыз.  

Мен декан, проректор, ректор болдым. Вагон-вагон ақша келетін жерден аман шыққаным – Абайдың тәрбиесі. Абайды оқыған, сіңірген адам қиянатқа бармайды.

– Тоқаев сайлана сала Абайдың мерейтойын өткізу туралы жарлыққа қол қойды ғой. Ақырын-ақырын келе жатырмыз.

– Мен енді Тоқаевқа өзім барғалы жүрмін. Абайды қалай дұрыс түсіндіреміз, соны талқылайық. Ол менің мақаламды оқып, жақсы пікір білдіріпті.

– Бару керек.

– Абай – бізге Құдайдан берілген адам. Мұндай терең,  алдын көргіш, данышпан адам бұрын туған жоқ. Біз Абай жолынан айырылмауымыз керек.

– Уақыт тауып, бізге парасатты әңгіме айтқаныңызға рахмет!

Дайындаған Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.