ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Болат ЖҮНІСБЕКОВ: АБАЙ СӘУЛЕСІ

Оқылған 1991 рет

                                   Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдығына           

                                                 

 

                                            АБАЙ  СӘУЛЕСІ

                                 ұлы ақынды ұғына алдық па?

 

         Сәуле... ғылым тілінде "белгілі бір жарық денеден бөлінетін жарықтың жіңішке жолағы болса, жарық - қоршаған ортаны көрінетін жасайтын, яғни көзге көрінетін сәулелі энергия". Ал, жарық дүние - ғалам, жер, тіршілік және адам екені  аян. Зере анамыздың немересі Ибраһимді "жарығым" деп те еркелеткенін білеміз. Демек, жарық - сәбидей пәк тазалықтың, қалтарысы жоқ жақсылықтың, боямасыз өмірдің және әлбетте, шуағы мол  білім мен мейірімнің қайнары. Жүзі жылы, ашық-жарқын, ақ жол... жарықтың, жарық жанның, жанашыр жүректің айналасына деген шапағаты.

         Абай сәулесі де "көзімізді ғана емес, көкірегімізді де ашатын", дүбірлі дүниеде дұрыс бағдар сілтейтін темірқазық: «Білімдіден шыққан сөз/ Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге/ Көкірегінде болсын көз...     Сәулең болса кеудеңде, / Мына сөзге көңіл бөл... Жүректің көзі ашылса, / Хақтықтың түсер сәулесі»(Абай, шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы», 2016 ж, 1-том, 86,93,126-бб). Сәулелі жыр "іштегі кірді қашырып", адам кеудесін "хикметке" бөлейді: "Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,/ Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!.. Біріңді бірің ғиззат, құрмет етіс,/ Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып" (1/54).  

            Поэзия пайғамбарына, оның қараңғылық көгінен төгілген сәулесіне алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып пен Сұлтанмахмұттан бастап, ілгерінді-кейінді барша қазақ ақындары табынды."Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін,/ Ермек үшін, немесе өлмеу үшін./ «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін"/Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін (Мұқағали Мақатаев, үш томдық шығармалар жинағы,  2- том, 145-б). Ал, бар өмірін абайтануға арнаған ғұлама Әуезов осы іргелі ілімнің негізін қалап, оның арқатірегіне айналды. Ендеше, бүгінгі әңгімеміз ұлы Абай мұрасының "ұйықтап жатқан жүректі оятар" жасампаз жарығы хақында. Біз оны "Абай сәулесі" деп атадық.

 

                         1. Алдымен "адам бақыты" жырлағаны

 

         Алты алаш аман-сау тұрғанда Абай рухы да асқақ. "Өлең - сөздің патшасы" санамызды әрдайым шайдай ашады. Хәкім талмай ізденіп, туған қазағының бай ауыз әдебиетін, шығыс пен батыстың әдебиеті мен ғылымын зердесіне тоқыды. Бірақ, "Европа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда  ол өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзін мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтады"("Абай туралы естеліктер", Алматы, "Қаламгер", Көкбай Жанатайұлы, 210-б).

         Немере ағасының "тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер" өлең сөзге келгенде өзгеден бұрын өз басына деген қатаң талапшылдығы мен "қиыннан қиыстырар" терең талғампаздығын кемеңгер Шәкәрім ерекше  үлгі тұтады. Алайда, данышпанның "сөз жақсысын" ол да әуелі өз ақылының таразысына тартады:"Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер/ Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер... У берді ме сусын деп, су берді ме,/ Көзің жұм да жұта бер деген кім бар?.. "Талас, тап" деп айтатын Абай өзі,/ Танамыз ба жоқ қой деп бүгін көзі? (Шәкәрім, "Шығармалары", "Жазушы", 1988 ж., 65,66-бб).

         Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғаларымыздың тарих қойнауына ұзаған зерлі сөзі мен зерделі ісін "іші алтын, сырты күміс" қалпында ұрпаққа аманат ету ұлт болашағы үшін аса қажет. Соған орай ғалымдар, жазушылар мен журналистер заманалар керуенімен жеткен асыл мұраны  жаңғыртуға қал-қадерінше атсалысуда. Ұлы Абай туралы да айту мен  жазуда кемшін жоқтай. Дегенмен, ақын  қазынасы сан қырынан қанша сараланып келе жатса да "жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау", оның жанының "нені сүйіп, неден күйгенін" сырт көзден жасырған сырсандықтың "ішін түгел көру" екінің бірінің маңдайына жазылмаған.

         Олай болса, ұлы ақынды қаншалықты ұғына алдық?

         Абай мұрасын зерттеу, біздіңше, Мұхтар Әуезовтен кейін өзінің түп-тамыр - арқатірегінен ажырап қалғандай. Ақынның сырлы да сәулелі сөзі жан-жақты "уәзінге салынып" жіктелгенімен, соның бәрінің сабақтастырып тұрған алтын арқауы үзіліп кеткен секілді. Байқап қарасақ, санамызды сейілтер қазынаның кілтін ақын мұрасының "судай тұнық" сәулесінің өзі-ақ мегзейді. Міне, біз іздеген жасампаз  мұра кілті де осы - Абай сәулесі. Ол - адамдық талабы,  адам бақыты үшін күрескен елжанды тұлға аманаты. Ақын мұрасының алтын өзегі де, ең алдымен, адам бақыты.

         Жалпы адамзат қоғамында "бақыт" алғашқыда "қолайлы жағдай" немесе "жолы болғыштық" деп түсінілді. Айталық, ежелгі Грецияда «бақыт» - «мейірімді тағдыр» ретінде қабылданған. Философиялық және психологиялық таным бойынша бақыт – адамның өз өмірінің қызығы мен қуанышына, яғни рахатына қанағаттану дәрежесін танытатын ең байырғы этикалық ұғымдардың бірі. Ал, діни шығармалар мен аңыздарда «бақыт» ұғымы - «эвдемония» құдайдың қамқорлығындағы "мейірімді тағдыр немесе сәтті тағдыр» дегенді білдіреді екен. Осы тұрғыдан ислам тек қана дүниетаным емес, құрандағы моральдық жазбалары қоғамдық өмірдің сан-саласын қамтитын адам тағдыры мен бақыты жайлы ғылым.

         Абайдың айтар ұлағаты да осы: "Адамды сүй, алланың хикметін сез,/ Не қызық бар өмірде онан басқа?!" Адам бақыты көп ойландырған ежелгі философтар мен саяси экономистердің адамгершіл рухы әрқашан бас игізеді. Абайдың "Ескендір" дастанындағы данышпан Аристотель "жан қызметі - бақыт қайнары» десе, Абай "Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық...  Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік" деп толғанады (Абай, жетінші сөзден).  

         Ағалы-інілі, "жүрегі қырық жамау" қос ақынның мына бір өсиеттері-ақ сол жанпида күрескерлік пен терең адамгершіліктің жарық ұшқынындай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырыңдай», "адам баласының бәрі –  бауырың" (Абай), "Адамның бәрі бір, болмайды аласы", "Ойласаң, барша адамзат туған бауыр,/ Бірін-бірі шұқылып, қылды жауыр"(Шәкәрім). Бірін-бірі шұқылап... шынында да пендеңе не жетпейді!? "Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз... Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?" (жиырма төртінші сөзден). "Жаз жалымен жібермей жалғыз тайын,/ Тыныштықпен ішпейді тақта шайын" немесе "Тыныш жатсам, тепкілеп шыдатпайды" (Шәкәрім). 

         Адам баласында, әйтеуір тыным жоқ. Байлықтың да, мансаптың да ... бәрінің де өткінші екенін түйсініп, көзді ашып жұмғандай ғана жалғанда бақытқа жету үшін іскерлікті, ілкімділік пен ізгілікті, яғни "ақыл, қайрат, жүректі бірдей" ұстай алсақ, қандай ғанибет?! Қазақ өмірдің өткіншілігін «бес күндік дүние», «қамшының сабындай»  деп бағаласа, Еуропа жұрты «жарты тыныс» деп зарлайды. Сондықтан  дана Абай қай тақырыпты жырласа да адам мінезінің әр қырына ой жүгірте саралап, тірліктің көрген түстей ғана мезетінде адам мен оның өміріне, еркіндігі мен теңдігіне, яғни адам бақытына тең келер ештеңе жоқ екенін түйсінтеді. 

         Ақын сөзіне одан әрі ден қойсақ, өмір пендең үшін ғажайып сый ғана емес: "Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық". Ендеше, дүние қызығы дегеніміз, атымызды "адам қойған соң" замандас бағасын білуге және осыны әрдайым есте ұстауға тиіс  тіршілік мәні. Сондықтан адам деген атқа лайықты өмір сүргісі келген жан үшін ақын аманаты әрдайым жарық сәуле: "Махаббатпен жаратқан адамзатты,/ Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті" немесе "Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,/ Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен. Арттағыға сөзің мен ісің қалса,/ Өлсең де, өлмегенмен боласың тең", "Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?/ Бір бес күннің орны жоқ аптығарға"(2/16, 21-бб).

         Рас, тірлікте асығып, аптығудың немесе жанталасып, жарға ұрынудың еш жөні жоқ, "адамдық парызды әрқашан есте ұста" - дейді Абай. Тіпті, бағзы замандарда-ақ небір ғұламалар адамды ерекше ардақ тұтады және оның бақыты үшін жүректері сыздайды. Соған орай, өнер атаулы, соның ішінде сөз патшасы - поэзия да бақытты өмірдің жаршысы болып табылады. Абай адамзат данышпандарының, оның ішінде шығыс ойшылдарының бірталайын оқыған: «Фзули, Шәмси, Сәйхали,/ Науаи, Сағди, Фирдауси,/ Хожа Хафиз - бу һәммәси/ Мәдәт бер я шағири фарияд" (1/36). Тумысынан таза, жаны жарық Ибраһим Құнанбайұлы үшін де адам және оның өз бақыты жолындағы қам-қарекеті ерекше қымбат. "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,/ Еңбегің мен ақылың екі жақтап... Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,/ Сонан тапқан - шын асыл, тастай көрме"(2/13).

         Ал, адамзаттық білім мен мәдениеттің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) адам бақытын "теориялық жағынан кемелдіке жету" деген тұжырым жасаған. Ол бақыт ұғымын  әрбір адамның  "өмірде алға қойған мақсаты" ретінде түсіндіреді және "адам осы дүниеге бақытты болу үшін келген" деп дәріптейді.          Абай қырықтан асар-аспас шағында ""қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек... қайрат қайтты, ұлғайды арман" деп толғанады. Бұл да, бірақ қартайған жанның емес, адам бақыты жолындағы майданға білек түре араласқан біртуар қайраткердің берік байламы еді.

         Барша ұлы тұлғалар секілді Абай Құнанбайұлы да адам бақытын ерекше ардақ тұтып, оған жетудің, яғни азамат ретінде қалыптасудың жолын талмай іздеп, тарата көрсетеді. Егер бақыт өз өміріңе қанағаттану болса, соның бірі... тірлікте «Бір тәуір дос/ Тым-ақ керек,/ Ойы мен тілі бөлінбес"(2/55). Бұдан әрі ойшыл «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды" деп өкініш білдіреді.  «Дос алады бермесең бұлт берем деп,/ Жауыңа қосылуға серт берем деп» (1/46), «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,/ Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. Мұнан менің қай жерім аяулы деп,/Бірге тұрып қалады кім майданда» (1/50).

         Басқаша болуы, бірақ мүмкін бе еді? Әттең, «Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң,/ Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?» (1/51), «Досын келіп досына жамандайды,/ Шіркінде ес болсайшы сезед деген» (1/65). Демек, «Бүгінгі дос – ертең жау,/ Мен не қылдым, япырмау?!» (1/80)- деп, сан соғып қалмауың үшін «Сөзіне қарап кісіні ал,/ Кісіге қарап сөз алма. Шын сөз қайсы біле алмай,/ Әр нәрседен құр қалма» (1/62). Нағыз дос табудың пендеңе қаншалықты сын екені ұлы ақынның да "жүрегіндегі жалынды көзден жас қып ағызады": «Сеніскен досым да жоқ, асығым да,/ Құдай берген бұл достық – кәннің бірі,/ Сол досты сая таппай іздейді жан» (1/66).

         Ақын бұдан әрі өмір шындығын ашына отырып жайып салады: «Бір сөз үшін жау болып,/ Бір күн үшін дос ,/ Жүз құбылған салт шықты (1/67), «Жау көп болса басыңда,/ Бірі қалмас қасыңда» (1/69) немесе «Әркімде-ақ бар ғой туысқан,/ Қайсысы жауды қуысқан? Күн жауғанда қойныңда,/ Күн ашықта мойныңда» (170). Өйткені, «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа,/ Аларында шара жоқ, алдамасқа... Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (2/3), «Қызығы зор қайран дос, қайран тату,/Сендер өлдің, мен дағы өлсем керек!» (2/49), «Досты қайдан табасың,/Кеңесерге адам жоқ» (2/50), «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,/ Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі» (2/59). 

         Жүрегі адамға деген сүйіспеншілікке бөленіп, оны өлең сөзбен жырлап өткен дана ақын өмір сүрудің - өнер екенін пайымдатып, оның қалтарыстарына көзіңді аша түседі: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,/ Қиыннан қиыстырар ер данасы...» (1/72), «Сылдырап өңкей келісім/ Тас бұлақтың суындай... Қуатты ойдан бас құрап,/ Еркеленіп шығар сөз". Тыңдар құлақ болса «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады, - деп ой салады хәкім. Олай болса, Абайдың ақындық асыл мұрасы адамзат ілім-білімінің сан қырын терең саралай отырып қайран қазағының өркениет көшінде өзге жұртпен терезесі тең болуына жол көрсетер Жарық сәуле.                    

 

 

 2. Жалпыға арнап жазды, жалқыға емес

 

Ұлы Абайдың өлеңдері мен ғақлия сөздері қай тақырыпқа арналса да, жаңа айтқанымыздай, олардың баршасының арқауы – Адам мен оның мұң-мұқтажы, яғни Адам бақыты. Ол жақсылыққа сүйіне, жамандыққа күйіне отырып ой толғайды. Білім мен өнерді, адал еңбек пен адамға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қараңғылық пен надандыққа найза ұшын кезейді. Бірақ, ақынның "Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой,/ Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар" деген ескертпе сөзін құлаққа ілмейтін кейбіреу Абай "қазақты өлтіре сынайды" деп ділмарсиды. Бұл да, амал қайсы, қазақты жұрттың бұ дүниедегі ең қоры етіп көрсетуге жанталасқан қызыл диктатура апиынымен уланғандардың сыбағасы еді.         

Шындығында Абай "қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы" (Қ.Ә", 30 наурыз 2018 ж.) болатын. Ол, сондай-ақ, "қайран сөзім қор болды" немесе "көп пысыққа молықты" десе, бұл жерде де ақынның нақты Тобықтының, яғни жалқының емес, жалпы жұрттың ортақ мінін көрсетіп отырғанын  түйсінеміз. Хәкім, сондай-ақ айналасындағыларға арнау өлеңдерінде де аты аталған қарындастарына ғана емес, қалың қазағына және барша адам баласына  тән кемшілікті сын тезіне алады. "Ей, жүрегімнің қуаты, перзентілерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (парсыша - ескерткіш) қалдырайын... Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен".

         Абай, тіпті басқаға қарата айтқанымен, туған жұртының тағдырына алаңдаған өз уайымын да улана жайып салады. Мысалы, "Сорлы Көкбай жылайды,/ Жылайды да жырлайды... Мынау азған қу заман/ Қалыбында тұрмайды" деген өлең туралы ақын шәкірті Көкбай: "... мен қылып қойып, (Абай) өзін айтып еді"- дейді (1/205). Сол сияқты "Ойға түстім, толғандым,/ Өз мінімді қолға алдым" деп, "ғаділетті жүректің әділетін бұзған" замандастарымен сырласа отырып-ақ барша адам санасына сәуле түсіреді: «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар./ Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар... Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,/ Cөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?/- деп іштей булығады ақын. - Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар... Бір кісі емес жазғаным жалпақ жұрт қой./ Сәулесі бар жігіттер бір ойланар»(1/58).      
         Ұлы тұлғалар адам бақытын ойлап жандары ауырса, заманынан әлдеқайда озып туған Абай да қараңғылық қапасындағы еліне сардар сөзі арқылы өсиет айтады. Хәкім, әсіресе өз тұрғыластарынан бұрын келешекпен тілдескенге көбірек бейіл. Ақынның жас ұрпаққа тағылымы өмір мен өнерді, білім мен ғылымды, еңбек пен табысты, достық пен адалдықты, жүрек билеген ақыл мен қайратты бақыт қайнарлары ретінде тануға көмектеседі. Ақын "Көкірегі сезімді, тілі орамды,/ Жаздым үлгі жастарға бермек үшін" деп, өз келешегімен сырласады, егер түйсігің болса, бақытқа кенелуің үшін "Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,/ Сонда толық боласың елден бөлек".  

         Зерттеушілер әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» және басқа трактаттарында ғұламаның бақытты кемелдікке теңей отырып, оның білім арқылы мейлінше мүмкін екенін атап көрсететініне назар аударады. Олай болса, ең алдымен, адам баласының көзін ашу, надандықтың  құрқұдығына жарық түсіріп, пендеңді қараңғылық құрсауынан құтқару керек еді. «Ержеткен соң түспеді уысыма,/ Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп қамығады ақын: "Бұл маһрұм қалмағыма кім жазалы,/ Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?» (1/45-б.) Алайда, кінәлі жалғыз өзі ғана ма еді?! Өкінішке қарай, "замандасы болмады сөзді ұғарлық" (Шәкәрім).

         Адам болған соң "өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді,- деп күрсінеді одан әрі Абай. -  Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз» (жетінші сөзінен). Алайда "Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың?.. Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік» ( бірінші сөзден).Тағы да сол надандық етектен тартып, қол байлайды «Ағайын табылмаса, ой саларлық... Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?» (54), себебі «Бір ғылымнан басқаның,/ Бәрі де кесел асқанға» (2/62). 

         Өскен ортасында жас Ибраһимге жөн-жоба сілтер жарық тым солғын: «Ойшылдың мен де санды бірімін деп,/ Талап ойсыз, мақтанды қалдым күтіп» (65-б). Мұны да ақынның өзіне деген қатаң талабы ретінде қабылдаймыз. Тегінде, данышпан көп оқып, көп ізденді: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар... Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек». Сонымен қатар ақын сөзі "ақиқат мақсатпен үйрену, көзің жеткен нәрседен айрылмау, ақылға кеселі тиетін нәрселерден аулақ болу және мінезді болу" керектігін зерделетеді (отыз екінші сөзден).   

         Абай шын мәнінде жастарға зор үміт артты: «Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,/ Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық...", ендеше "Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,/ Ең болмаса еңбекпен мал табалық... (1/53), сонда кімге қарап ой түзейміз? «Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,/ Өзі зордың болады ығы да зор (1/57). Тірлік талабына ерте бастан көңіл қойып, оның терең мәнін ертерек түйсінген абзал. Әрине, «Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен" жастыққа не жетсін! Бірақ "осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық... Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат... Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,/ Абайлар әрбір сөзді өз халынша... Керек іс бозбалаға талаптылық... Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып» (54-б).

         Әлбетте, «Иждихатсыз, михнатсыз/ Табылмас ғылым сарасы» (1/58).  Оқымаған, тоқымаған жанға бақыт жолы тым алыс: «Ғылымды іздеп,/ Дүниені көздеп,/ Екі жаққа үңілдім» (1/92), «Жастықтың оты, қайдасың,/ Жүректі түртіп қозғамай?/ Ғылымның біліп пайдасын,/ Дүниенің көркін болжамай» (1/102),  «Оқыған білер әр сөзді,/ Надандай болмас ақ көзді» (1/84), "Бір дәурен кемді күнге - бозбалалық,/ Қартаймастай көрмелік, ойланалық" (1/53). Демек, білмекке ұмтылып, ғылымға талап қылу әрбір жас үшін адамдық парыз: «Жастықтың оты жалындап,/ Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап,/ Әр қиынға салған шақ» (1/127).

         Сондықтан әрқашан «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,/ Еңбегің мен ақылың екі жақтап», «Ынталы жүрек сезген сөз/ Бар тамырды қуалар» (2/21), «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,/ Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ. Ертең өзің қайдасың, білемісің,/ Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ» (2/48). Ұлы ақын ұлағаты бұл өмірге келген соң, жатпай, тұрмай білім ізде дейді: «Ондай болмақ қайда деп,/ Айтпа ғылым сүйсеңіз... Сөз мәнісін білсеңіз,/ Ақыл – мизан, өлшеу қыл» (1/61), «Оқыған білер әр сөзді,/ Надандай болмас ақ көзді» (1/84). «Аспаса ақыл қайраттан,/ Тереңге бармас, үстірттер... Атымды адам қойған соң,/ Қайтіп надан болайын?» (2/23).

          Хәкім Абайдың өсиетін қазақ ауқымымен ғана шектеу ақын мұрасын бетінен ғана қалқу болмақ. "Өмірдің алды – ыстық, арты – суық,/ Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық. Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,/ Өмір сәуле көрсетер судай тұнық» (2/6). Бірақ, ол "адамның баласы – бауырың» дей тұрып та, ең алдымен ауызбірлікті қарындастарына аманат етеді: «Біріңді, қазақ, бірің дос/ Көрмесең, істің бәрі бос» (1/89). Өйткені, бірте-бірте орыс патшасының отарына айналған қазақтың тағдыры тал  қармағандай тым мүшкіл еді. Аласапыран заманда адамдық азайып, болашақ буылдыр тартқан: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын,/ Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың... Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,.. Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын» (1/49). 

         Дархан да еркін даланың тынысы Абай заманында барған сайын тарылып бара жатты. Орыстың заңы, әсіресе болыс сайлауы қалың қазақ ортасына оңдырмай жік салды: «Болды да партия,/ Ел іші жарылды» (2/20). Ұлттың турашыл, әділ, қайсар, мәрт әрі жомарт мінезі "құрт" түскендей іріді. Өтірік пен өсек өңмеңдеп, арызқойлық пен жалақорлық алқымнан алды:   «Барып келсе Ертістің суын татып,/ Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып,/ Елді алып, Еділді алып есіреді,/ Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып... Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,/ Әркім, бір ит сақтап жүр ырылдатып» (1/50).  

         Бас көтерер игі жақсының көбі елге теріс айналып, орыс патшасының билігіне жалтақ күй кешті: «Орыс сыяз қылдырса,/ Болыс елін қармайды... Орыссыз жерде топ болса,/ Шақырған кісі бармайды» (1/71), «Орныңнан тұра шабасың,/ Атшабар келсе қышқырып/ Ояз келсе, қайтер ең,/ Айдаһардай ысқырып» (1/79). Қарындастарының күйкі тірлігіне әбден жаны күйген ақынның тілегі біреу-ақ: «Ұрысса орыс,/ Елге болыс,/ Үйден үрген иткен ұқсап» (1/115). Алайда,  атқамінерлердің ойына шен-шекпеннен өзге ештеңе кірмей, бос мадаққа мас: «Болыс болдым мінеки,/ Бар малымды шығындап./ Күштілерім сөз айтса,/Бас изеймін шыбындап./Оңашада оязға/ Мақтамаймын елімді,/Өз еліме айтамын:/«Бергем жоқ,- деп, - белімді» (1/81), «Мәз болады болысың,/ Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың,/ Шенді шекпен жапқанға» (1/85).   

         Абайдың, өкінішке қарай, тым болмаса, кейінгі ұрпақ ойланар деген сабыры да сарқылып бара жатты: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман,/ Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» (2/12), «Заманақыр жастары,/ Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа – / Қойнына тыққан тастары» (1/126), "Пысық кім деп сұрасаң - / Қалаға шапса дем алмай,/ Өтірік арыз көп берсе,/ Көргендерден ұялмай" (1/79), «Құтырды көпті қойып аз ғанасы,/ Арызшы орыс– олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны,/ Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы» (1/103), «Қайғы шығар ілімнен,/ Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң,/Зар шығады тілімнен (1/135), «Жалын мен оттан жаралған/ Сөзді ұғатын қайсың бар?/ Партия жиып пара алған,/Пейілі кедей байсыңдар» (2/60).

         Әсілі, өнер өмірді шынайы жырлап, өмірге бақытты болу үшін келген адамға айнымас серік. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла,/ Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» (2/22), «Жүректе қайрат болмаса,/Ұйықтаған ойды кім түртпек?» (2/22). Абай ғақлиясының он жетінші сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінетіні есіңізде болар. Ғылымның осы үшеуін де тыңдап алған соң айтар тағылымы да  терең адамдық дерегіндей: «Ақыл сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді... Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді... Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет... Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды» (2/104-105).

         Міне, осылайша біз де ұрпаққа ұлағаты мол асыл мұраның сәулесін ептеп қана сезіне бастағандаймыз.Бірақ, соның өзі-ақ ерекше рахат. Абай сәулесі, тіпті  құлазыған көңілді жалғыздықтан арашалап алып, тірлік мәнін санаға құяды. Абай жалғыз болғанмен, енді Сіз жалғыз емессіз. Олай болса, Абайды оқиық, данышпан сөзі жанымызға әрқашан араша болады екен. Демек, қазақ поэзиясының, әдебиеті мен өнерінің мынау таңғажайып өмірді, адам мен оның бақытын жырлап, сол үшін күресу - ең биік мұраты: "Сонда ақын белін буынып,/ Алды-артына қаранар. Дүние кірін жуынып,/ Көрініп ойға сөз салар. Қыранша қарап қырымға,/ Мұң мен зарды қолға алар. Кектеніп надан, зұлымға,/ Шиыршық атар толғанар» (2/6-7). Бұдан асырып қалай айтарсың,  қаламгер әрқашан ел бақытына қызмет етсе, құба-құп. Абай сәулесі адам бақытын ардақтап, жалқыға емес, жалпыға ой салатын құдірет.

 

  Болат Жүнісбеков,

                                                   Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.